• Ел мұраты
  • 20 Желтоқсан, 2021

АБАЙ ӨЛЕҢДЕРІНІҢ ФИЛОСОФИЯЛЫҚ АСТАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ЗАҢНАМАСЫНЫҢ ҚАҒИДАТТАРЫ

«Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей» атты өлеңінде Абай ХІХ ғасырдағы қазақтың жай-күйінен мол мағлұмат береді:

Еңбек жоқ, харекет жоқ қазақ кедей,

Тамақ аңдып қайтеді тентіремей?

Өйткені:

Өз пұлыңмен халің жоқ күнде тояр,

Құлдық ұрып асайсың асы бардан, – дегендей, харакет етпеген үйдің қазаны төңкеріліп, бала-шағасы аш отыратыны мәлім. Сондықтан асы бар үйді жағалап, ұятты жиып қойып, қайыр тілеп, әйтеуір қазақтың А. Әшімов жазатындай: «Ал қанына сіңген қонақжайлық қасиеті, қолының ашықтығы, астындағы жалғыз атын түсіп беретін қайырымды мінезі ешбір ұлтта жоқ шығар» дейтініндей, барын келген адамнан жымқырмайтын, ата-бабамыздан келе жатқан салт, қатал заңды бетке ұстап еркінсіген қуаяқтар да кездеспей қоймайды. Олар «бір тойғанын шала баюға» санап, тілемсектіктен жүзі жанбасы әдді. Әйтсе де үйіне қонақ келуін аңдып жүріп, әбден мезі еткен, үй иелерін жиренішті қылығымен тойдырған арамтамаққа қашанғы жайылып төсек, еңкейіп жастық бола берсін, ол да сықсима қонақтан өз есебін түгендеп қалуға тырыспақ:

Бір жілік пен бір аяқ қымыз берген

Дереу сені жұмсайды бір жұмысқа, – деп «сорпа-су, бір жілік, бір аяқ қымызбен» аш қарнын жұбатқан тепсе темір үзетін жігіт асы бардың бітпей жатқан ісіне жегілмек. Онсыз оған бұл үйдің есігі тарс жабылмақ. «Өзі шошқа өзгені ит деп ойлар, Сорпа-сумен, сүйекпен сүйдірмекке» тәрізді бейшаралық, бұралқы күйден тепсе темір үзетін, қуат-күші мығым азаматтарды арашалап, адамдық кейпіне түсірудің ақ жолын Абай оларға ұсынудай-ақ ұсынады:

Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел,

Малың болса, сыйламай тұра алмас ел.

Қаруыңның барында қайрат қылмай,

Қаңғып өткен өмірдің бәрі де — жел.

Тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас,

Еңбек қылмас еріншек адам болмас.

Есек к...н жусаң да, мал тауып кел,

Қолға жұқпас, еш адам кеміте алмас, – деп қазақылықтың иісі аңқып тұрған тіркестерге бай, метафоралы, образды сөздердің, мақал-мәтелдердің қуатымен кержалқау, ұят-ары оянбаған бозөкпелерді еңбекке қалай кірісуге кеңес беріп, оның аяғынан тұрып кетуіне септігін тигізетін әрекеттерді түсіндіріп, сөз арқылы ұйытып, миына қондырып, көңіліне ар, намыс шоғымен сіңіреді. Жалқаулық, еріншектік, салғырттық жеткізген азғындықтың салдарын өрнекті тілмен сипаттап, дәлелдеп, мәністеп болған соң, сол тығырықтан шығар соқпақты нұсқаған. «Қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиылмас, Сұм нәпсің үйір болса, тез тиылмас» деп қылмыстың арты басын жұтатынына көз жеткізеді. Қазіргі тілмен айтқанда, «Өз үйінен жиреніп, қашып жүрген, Антұрғанға қосылма қапылыста» деуі қазіргі бомжға – кезбеге айналудан сақтандырады. Тіршіліктің талабын, табиғаттың заңын жете білетін ғұлама Абай, қол-аяғы балғадай, буыршындай бұлықсығандарды, нанын тауып жеуге шамасы жетпей жүргендерді мінеп-сынап, тіршілік өткелінен өтуге жол сілтеумен тынбаған. Әсілі, Абай – оқимын, көрдей қараңғы көңілімнің көзін ашып, халық қатарына қосыламын дегенге таусылмас байлық, түпсіз қазына, әр өлең жолы адам құқығына байланысты проблемаларды да ғибратты деңгейге көтеріп, уылжыған жемісін жегізумен марқасқа шайыр. «Абай ғасырлардың ғасырында бір туатын феномен, тар маңдайға сыймайтын, тек етек-жеңі шексіз далаңғайыр кең далаға ғана лайық ғажап та ғаламат құбылыс» (Аян Нысаналин, ақын).

Абай «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» өлеңінде адамның күрескерлігі, іскерлігі, білімі, өнері, талант-қабілеттілігінен ұлы, мықты жоқ екеніне философиялық тұрғыдан үңіледі:

Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,

Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес.

«Мені» мен «менікінің» айрылғанын

«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес.

Көп адам дүниеге бой алдырған,

Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.

Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?

Иә, Абайдың тіл құнарына, образды, сурет-керлік көркемдік болмысына, сөз тіркестері, ойларына терең үңілмей кодын, қазынасының кілтін таппайсыз. Айталық, «Өлсе өлер табиғат, адам өлмесі» қалай? Ақиқатында, табиғат көктемде құлпырады; жазда өсіп-өнеді, күзде жемісін беріп, сарғаяды, солады, қыста өледі. Ал адам табиғаттың төрт мезгілінде еш өзгеріске түспейді. Қартайып, қажып, тозып барып фәниден өтеді де, табиғат секілді қайта оралмай, бақиға оралып, мәңгі ұйқыға шомады. Тарихат жолы – Алла тағалаға қайту жолы кейін шегіндірмейді. Бірақ адам мәңгі өмір сүруіне де Жаратушы мүмкіндік жасаған. «Дүниеге бой алдырғандар» фәни жалғанда ішіп-жегеніне кекірігі азып, өлгенде бес метр бөз ғана бұйырып, жиған-тергені өзімен бірге сарқылады. Ал Абай тәрізді «сөз құдайы, жыр пырағы» (Ғали Қалибекұлы) келер ұрпақтармен де қол ұстасып, «мені» бақидан орнын сайлағанымен, «менікісі» қазақпен мәңгі бірге жасасып, Хачатур Абовян мен Ованес Туманян, А.Пушкин мен Ф.Достоевский, Мақтымқұлы Фраги, т.б. сынды алыптармен бірге алғы ғасырларда да халқына қалтқысыз қызметін жалғастыра бермек.

Абай: «Өмірдің алды – ыстық, арты – суық. Алды ойын, артқы жағы мұңға жуық», – демекші, бір кем дүние, осы ауыр тағдыр оның маңдайына жазылыпты. Өмірінің «алды – ыстық», білім-ғылым қуып, ел басқарып, ұлттық рухтың ұраншысы, елдегі намыстың ту ұстары атанып, дау-жанжалдар мен саяси маңызы бар мәселелерді ушықтырмай шешетін әділ би, төбе би міндеттерін менталды бейне деңгейінде орындап, «ойнап», халыққа адал қызмет етсем деген арманына жетіп, жайлауы жарасқанымен, ешкім маңдайдағы жазудан аса алмайды екен. Ұлы ақынға «арты – суық», қасіретті мұң тұншықтырған тағдыр бұйырыпты. Кімде-кім қиянат, қылмыс жасаса, түптің түбінде зауалын тартары ақылға сыяды, ал Абай тәрізді Күн, Ай, Шолпанға баланған, Пайғамбарға теңелген ұлы тұлғаға бұл – садизм, Помпей оғы, алапат жер сілкінісімен пара-пар. «Жығылсаң, сиыр мүйізін төсейді, жылқы жалын төсейді» деген нақылдағыдай Абай тәрізді әулиелерге «жылқы жалын төсемей», «сиыр мүйізін төсеп» халықты қан жылатқаны мәлім. ХІХ ғасырдың тоқсаныншы жылдары інісі, өмірдегі тірегі саналған Оспан; білім мен ғылымның соңына түсіп, енді халқына қызмет етуге сыбана кіріскен, болашағына даңғыл жол ашылған баласы Әбдрахман ауыр сырқаттан; жолын қуып, аузындағы сөзін, қолындағы ісін жалғастырып, жұртқа жақсы қырларымен танылған ұлы Мағауия да бірінен соң бірі өмірден өтеді. Абай Мағауия өлімінен бұрын да өмірден қажып, талып, ендігі тіршілігін артық нәрседей санай бастаған еді, ажарсыз, мағынасыз өткен дәурені жалғыздық дертімен құлазып, жүдетіп, тоздыруға айналған. Мағауия өлімінен кейін 40 күн отырып, 23 маусым 1904 жылы 60 жасында өзі де қайтыс болады.

Герольд Бельгер: «Абай өз дәуірінің перзенті болды. Сол тұстағы феодальдық-патриархалдық жікшілдікке бөлінген даланың барлық қам-қаракеті, уайым-қапасы оның кеудесін жайлап алды. Абай – даланың көкірек көзіне айналды. Абай даланың лүпілдеп соққан жүрегі еді. Абай – халық даналығының таразысы бола білді» («Абай тағылымы», «Жазушы», 1986 ж., 191-б.), – деп өткен дәурені жалғыздық дертімен құлазытып, жүдетіп, тоздыруының кілтипанын, өмірден өткен асыл азаматтардың өздері кеткенімен, артында өзгеге үлгі, ғибрат бо-лар үлгі-өнегесі қалғанын, оларға арналған өлеңдерінде таразыға тартып, даналығынан жас ұрпақ, жалпы оқырман нағыз азамат боп қалыптасудың заңдылығын нақты деректер арқылы бойына сіңіретінін байыптаған.

Айталық, «Абдрахман өлгенде» өлеңінде осы бір білімқұмар, ғылымқұмар, халықшыл, бекзат жастың мезгілінен ерте өмірден өтуі әкесі Абайды қан құстырып, өлтіріп-тірілтіп есеңгіретіп өткенімен, оның жақсы боп, бітімі ерекше тұлғалануы тегіне қатыстылығын туындыда нақты бұлтартпас дәлелдермен өрнектелген:

Арғы атасы қажы еді,

Бейістен татқан шәрбәтті.

Жарықтықтың өнері

Айтуға тілді тербетті.

Адалдық, ақыл жасынан

Қозғапты, тыныштық бермепті,

Мал түгіл жанға мырза еді,

Әр қиынға сермепті.

Мұңды, шерлі, жоқ-жітік

Аңсап алдын кернепті.

Бәрінің көңілін тындырып,

Біреуін ала көрмепті.

Әділ, мырза, ер болып,

Әлемге жайған өрнекті.

Тәубесін еске түсіріп,

Тентекті тыйып, жерлепті.

... Ол сыпатты қазақтан

Дүниеге ешкім келмепті.

Өлмейтін атақ қалдырып,

Дүниеге көңілін бөлмепті...

Бұл кімнің портреті? Ол, әрине, атасы – Құнанбай. Кедей тобының жыртысын жыртқан кешегі Кеңес империясы бай-бағландарды, ақсүйектер, молда, қожа, қажыларды, билерді басты ата жауы санап, оларды тігерге тұяқ қалдырмай қаралап, езуші, қанаушы, қатыгез, зұлым, мейірімсіз, дөрекі, жемқор, парақор, қорқау санап, атын өшіріп, тарихтан сызып тастағаны мәлім. Солардың қатарында Абайдың әкесі аға сұлтан, қажы, бай Құнанбай да қатты әшкереленіп, қанішер, жауыз, халықтың қанын сорған қанаушылар харизмасы басында тұрғаны аян. Абай өз уақытында-ақ бұл нонсенсті жауларының құсығына балап, «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген ұстанымды берік негіз еткен. Тарихтағы Құнанбай әділ, мырза, өнерлі, жоқ-жітіктің қорғаны, ел басқаруда Ата Заңды құрметтеп, талабына бас ұрған әділетті, жеке бас мүддесінен ұлт мүддесін жоғары қойған текті билеуші ретінде өмірден өткен. Абайға әкесі «қат-қабат шың сияқты» әсер қалдырған. Тек Құнанбай ғана емес, арғы аталары Өскенбай, Кеңгірбай, Ырғызбайлар да «мырза, шешен, жақсы», «қат-қабат шыңдарға баланған» атақты би, ел ынтымағы, бірлігі, біртұтастығы жолында саналы ғұмырын бағыштаған күрескер тұлғалар ретінде дәріптелген. Абдрахман сондай имандылық нұрына бөленген отбасында өмірге келген. Имандылық – адамның қоғамдағы, күнделік өмірдегі іс-әрекеттерін белгілі бір қалыпқа түсіретін ішкі рухани реттеуші қадір-қасиет, адам бойындағы адамгершілік, ізгілік, кісілік, бейнесі. Дарын бабаның қанымен, ананың сүтімен даритыны әрі білімі, білігі, мәрттігі, азаматтығы өз қоғамынан жоғары тұрған Абай тәрбиесінен өткен туысы бөлек баласы. Абдрахманның болмысын «Абдрахман өлімінде» атты циклді өлеңдерінде өзі қазақты құрып кетуден сақтайтын «білім, ғылымды меңгеруге шақырып өтсе, сол әке арманын жүзеге асырған ақылды, сүйікті ұлын:

Кешегі өткен ер Әбіш

Елден бір асқан ерек-ті.

Жүрегі жылы, бойы құрыш,

Туысы жаннан бөлек-ті.

... Төре болдың, бас болдың –

Көкірегіңді кермедің.

... Көргені мен білгені

Жүзге келген шалдан көп.

Абдрахманға Абай арнаған циклді өлеңдерден үзінді келтіріп отырғанымыз: құнарлы топырақтан өніп шыққан, әлемдік озық мәдениеттің нәрін бойына сіңірген, ұлы ақын, философ, психолог, ұлы ұстаз, қоғам-мемлекет қайраткері, ойшыл, дана әкенің түсінігі тұңғиық, тәлім-тәрбиелік өнегесінің өрісін еркін жайлап, суын ішіп, шүйгініне сүңгіп, құнарын бойына жиған перзенттің болмысына қатысты заңдылықтарды көзбен көріп, көңілге бекем түюге мүмкіндік тудыру. Оның «ер Әбіштігі»: жүрегі жылы, бойы құрыш, өнері жұрттан асқан, ғылымға барынша зерек, қолы ашық, әсіресе кедей-кепшікке барын бөліп беруге жомарт; өз еңбегімен биікке көтеріліп, нанын тауып жеп, басқаға сідетін жүктеуге баспайтын арлы; біреуге берешегін артығымен қайтарып беруге дағдыланған зиялы; боямасыз ақкөңіл, тұла-бойында ұят-ары тұнып тұратын, таудай талаппен нар тәуекелге бел бууға қашанда әзір; барына көңілі қашанда тоқ, қанағатшыл; тәкәппарлық, жалған сөйлеп, өтірік күлу оған жат қылық; айнымас жүрек, күлкісі – бал, талаптың тұлпарын мініп тас қияға өрлеп жүрген дарынды, күрескер; бірге оқып, білім жарысына түскен әріптестеріне бас бәйгені бермеген білімпаз; демек, білекпен де, білік, білім, ғылымымен де алдына жан салмаған туысы бөлек, сегіз қырлы, бір сырлы жігіт боп қалыптасқаны. Әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» демекші, оның білімі адамзаттың ырысы, айнымас досы, уылжыған жемісі, өйткені, ол – әкесі ұлы ақын Абайдың, текті ата-бабаларының дәстүрлі тәрбиесінің уызын бойына дарытқан, рухани кемелденуді адал еңбекпен, ізденіспен, біліммен, ғылыммен толықтырған періште пейіл азамат.

Мұхтар Мағауин: «Қандай да жас талап-кердің ойлаған мұратына жету үшін: әуелі дарын, содан соң оқу-білім, оңды көзқарас, ең ақыры – табанды мінез керек», – демекші, Абдрахман оқуын бітіріп, мамандығы бойынша жауапты қызметті атқару үстінде дарын, білімімен қоса, қарауындағыларға оңды көзқарас қылмыстық теріс қылықтан ада, әділдігімен, табанды мінезімен, сабырлылығымен жұрттың құрметіне бөленген. Төре болдым деп көкірегін кермеген, көргені мен білгені «жүзге келген шалдан да асып түскен» кемеңгерлігімен айналасын аң-таң қалдырып жүргенде, айналдырған ауру алып тынып, жұмбақ жаратылысты, болмысы өзгеге ұқсамайтын, аз жасағанмен жүз жасағанның атқара алмайтын істерін тындырып кеткенін Абай еске алып, көз жасын төккенімен, ғибратты ғұмырға бойлап, өзі жазбақшы, «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» екенін мойындатып кеткеніне, Алланың құдіретіне бас иеді. «Торғайды қанша жерден консерваторияда оқытсаң да, ол бұлбұл болып сайрай алмайды» деген тәмсілге бас шұлғығанымызбен, біртуар феномен, қазақ сахарасының ғажап та ғаламат құбылысы торғайды бұлбұлша сайратып, тұғырды тұлпарға айналдырудың құқықтық негіздеріне сұңғылалығы мифологияны реалистік шындыққа айналдыра алатынына еш күмәнданбайсыз. Оның өлеңдерінде ұстанатын басты принципі: «Адамды Адам ету». Онда да ол оқырманын алуан сезімнің толқынына салмас үшін поэтикалық қиялдың эспрессиясынан бойын аулақ ұстап, салмақты, салиқалы, философиялық, диалектикалық, реалистік ойдың бағына енгізуін бақылап ішінде цензор отырады.

«Абдрахман өлімінде» атты циклді өлеңдерін қорытындылай келіп ұлы ақын, қоғам қайраткері, хакім Абай тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Әбіш «Жаңа жылдың басшысы – ол» да, өзін «Мен ескінің арты едім» деген философиялық, кемеңгерлік пікірін қалдырған. Асылы, Абай өлеңдері еңбектеген жастан еңкейген қарияның рухани азығы, тәлім-тәрбие мектебі саналатындықтан, жас буын, әсіресе, Абдрахман өлімінде «циклді өлеңдерін байыптап оқып, жаттап алғанының артықтығы жоқ. Онда бала, жасөспірім, жігіттік, жігіт ағасына дейінгі шақта, «Жаңа жылдың басшысы» деңгейіне көтерілген Абдрахманның тәрбие алу, білімге құмарту, білім, ғылымының шыңына көтерілу заңдылықтары жете ашылып, даңғыл жолды алдыңа тосады. Жастардың патриоттық, азаматтық, ұлттық сезімдерін оттай жандыруға қуат-күші мығым.  

«Тектіден текті туар мүйізі қарағайдай, тек-сізден тексіз туар адам жылағандай» демекші, Алашқа алғаусыз сіңірген ерлікке тән ерен еңбегі, дос, дұшпаны да «жақсы, мырза, шешен» ретінде мойындауға мәжбүр болған Құнанбайдай алып әкесі, шашасына шаң жұқтырмас тұлпар, сауырынан су төгілмес жорға, ғұлама, терең ойшыл, үлкен философ, ұлы ақын, өз басы күнделікті кикілжің өмірден жоғары тұратын ірі тұлға Абайдай бір құрсақтан өрген ағасы бар, солардың өрісін жайлап, бойларындағы қайталанбас асыл қасиеттері мен мінез-құлқын бойына сіңіріп өскен Оспанға баға берудің басты квинтэссенциясы, нағыз объективті вердикті – Абайдың «Абдрахман өліміне» атты циклді өлеңдеріне енген «Кешегі Оспан ағасы» жыры. Онда ол қоғам алдында, халық алдында, ар алдында адалдығына қылау түсірмегендіктен, әкесі Құнанбай, ағасы Абайдың озық қасиеттерін басты ұстанымына айналдырған биік тұғырлы, терең пайым иесі, аса салмақты, салихалы саясаткер, білгір де білікті, болмысы ерекше басшы ретінде, жаны таза, парасатты тұлғаның ел билеудегі ерек үлгісіне тәнті болып, оны пір тұтқан. Кезінде пір – бүкіл елдің рухани басшысы болғандықтан, пірдің рұхсатынсыз батыр жауға аттанбаған, би дауға түспеген, хан іс бастамайтын болған. Саяси экспансия үдеп тұрған шақта билеп отырған халқын саяси қуғын-сүргінге, геноцидке душар қылып, өзегін өкініш кернеп, өкпесін өксік ісіндіріп, көкірегін күйікті күрсініске ұрындырмау үшін тайсалмай күресті, боркеміктік танытпады, майыспады, атқа мінсе анасын, нанға тойса намысын сатып жіберетін азбанқұлдардай азғындыққа бармай, шыдап бақты. «Адам боп кел, Адам боп кет өмірден!» (Т. Айбергенов) принципін берік ұстанған тірлігінен жаңылмады.

Енді Абайдың «Кешегі Оспан ағасы» өлеңіне оралсақ, мұнда ұлы ақын «Болыс болдым мінеки бар малымды шығындап» деп шен-шекпенге қолын жеткізу үшін барын салған дүниеқоңыз, жебір, өлермен болыс емес, халық өздері қолдап, ұсынған билікті оның өзіне қызмет еткізген текті азаматтың образын жасап, Оспанша билік жүргізуде заң талабынан ауытқымай, беделіне нұқсан келтірмесе, бұлжытпай орындаса, «құда да, құдағи да тыныш», қоғамда етек алған арсыздық, көзбояушылық, өтірік-жалғандық, келеңсіздік, имансыздықтың аяғына кісен салынбақ. Оның ел басқарудағы ұстанымы да, табысқа жетуінің кілті сол заңның құзіретінде. Абай Абдрахманның үлгі тұтқан ағасы, болыс Оспан жайлы:

Кешегі Оспан ағасы,

Кісінің малын жемепті.

Мал сұраған кісіге

Жоқ, қайтемін демепті.

Қуаты артық, ойы кең,

Жұрттың бәрін шенепті.

Досына дәл жаз, жауға аяз,

Алысқанды денепті.

Адалдық үшін алысып,

Жегішке ақы төлетті.

Бас шайқаймын дегеннің

Басына салды әлекті.

Қадірі қалың, малы көп,

Қылмаған кімге себепті?

Алақолсыз мырза еді,

Кем-кетікті елепті, – деп мұнда нағыз ел басқаруға лайық, ар-намысын «бес күндік» пәндәуи тірліктің пендешілігіне бой алдырмаған, жаны таза, парасатты тұлғаның кіршіксіз үлгісімен табысамыз. Үлгі аларлығы жетіп-артылатын, мәрт мінезді, ірі қылық-амалға, ақылға, парасатқа сүйенетін көпшіл; бар малын шығындап шен-шекпенге өліп-тірілмейтін ірі мінезді; жоқ-жітікке, жағдайы қыл үстіндегілерге болыс бола жүріп мал сұраса, қолын қақпаған дарқан; ниеті таза, ары кіршіксіз, көпшіл, жаны жайсаң, қарапайым да адал, талантты, қан-дай істі де ұйымдастырғыш бөлекше жан. Іскерлігі басым болғандықтан, тәлім-тәрбиелік мұраттары, гуманистік қасиеттерімен біте қайнасқандықтан, қоғамдағы қанағатсыз сараң байлар, қарауындағылардың жілік майын сүлікше сорған жыртқыш, елдің сорына біткен қу мен сұмның неше алуан жексұрын, жиренішті әрекеттерімен кескілесе алысқан. Жырда күнделікті қызмет бабында болыстың қазақ заңнамасының қағидаттарына арқа сүйеп, мәрт мінезділік танытып, ірі, өркениетті, демократиялық амалға, ақыл-парасатқа сүйенетін халықшыл, ұлтжанды, кісілігі мығым, ержүрек, адал, ісі ақ әлеуметтік-саяси тұлғасы, атқарып отырған қызметіне қатысты заңға қатал қарайтын принципіне бекем іс-әрекетімен жан-жақты ашылған.

Философия ғылымдарының докторы, про-фессор Тілежан Рысқалиев: «Абай ілімінде бүгінгі қазақтарға, қазақстандықтарға қажет нәрсенің бәрі бар: нарық та, демократия да, бәсекелестік те, ғылым мен білім де, намыс та, рух та бар. Тек Абайдың ілімін игере білу керек. Абайды оқып түсіну керек» («Ақиқат», №9, 2020 ж. 47-б.), – деп Абай поэзиясының мәңгілігі оның ішкі қатпарының қалыңдығы, төл әдебиетіміздегі тамыры жеті қат жер астында жатқан бейнелі сөздер, әрқайсысы терең кестелі ойлардан, халық даналығынан тұратын метафоралар, түрлі теңеулер, адамзат ақыл-ойының маржандарын бойына сіңірген детальдар, философиялық мәні бар фразеологиялық тіркестер ақынсымақтардың өлеңсымақтарындай «былғанбай», «теп-тегіс жұмыр» жаратылысымен елді елжіретіп, емі-рендіріп, сан тарау ойлардың сілеміне қанат қақтыруы оның көркемдік құдіреті ғана емес, солар насихаттайтын ілімінің кең өрістілігі мен қуаттылығына меңзейді. Сөз патшасы деңгейіне көтерілген Абай поэзиясы ұлттық намыс, ұлттық рух, ұлттық мәдениет, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы драйверіне айналып, елдің ішкі қуатын, ұлттық сананың кемелдену трансформациясына ықпалын тигізген қоғамдық сананың жеке дара қозғаушы күші саналды. Халықтың, қоғамның шынайы сеніміне ие болып, нәтижесінде халық оянды, ал Абай жаны, ұстанымы жаңарған қазақтардың рухани көсемі атанды. Оның шығармаларындағы ілімнің ықпалы Абай уақытын ғана қанағаттандырып қоймай, бүгінгі жаһандану заманына да нарыққа, демократияға, бәсекелестік, ғылым мен білімнің кемелденуіне шарапатын тигізіп жатқанын профессор Рысқалиев тілге тиек етсе, ол – аксиома. Абай – поэзияны адамдардың ауа, су, өзек жалғайтын тамақтай қасиет тұтатын деңгейге көтерген, өлеңнің қадір-қасиетін терең түсінген алып ақын. Өйткені, оның сондай деңгейге жетуіне шарапаты тиген мектебі осал емес. Аса көрнекті қазақ сыншысы М.Қаратаев: «Абай поэзиясын тұтас алғанда да Лермонтов поэзиясы сынды пікірге толы, сезімге бай, кернеген азалы және Пушкин поэзиясы сықылды мүсіндей мөлдір таза, ашық жарқын, музыкалы екенін көреміз» («Абай тағлымы», «Жазушы», 1986 ж., 154-б.), – деп Абай поэзиясы пікірге толы, сезімге бай, күрескерлік рухқа баса мән берген мөлдір таза, ашық жарқын, барынша музыкалы, табиғаты қайталанбас жаратылысты әлем екеніне назар аудартады.

Қазақ руханиятының пірі – Абай. Қазақ руханияты құр әдебиет қана емес, оның бойында тарихи сана, тарих, Ата Заң, тіл білімі мен діл, дін мен дәстүр, өнер, білім, мәдениетті де тұтастай қамтиды. Әрбір адамның рухани индивидтік болмысы солардың біреуінен кенде қалса, төрт мүшесінің бірі кем. Жұмыр басты пенденің бәрі де тағдырға бойсынады. Абай өлеңдерінде плюрализмді кеңінен пайдаланып, замандастарының ішкі рухани өміріне терең бойлап, ішкі дүниесіне, рухани байлығына, әділеттілігіне, адами қасиеттерінің қайнар көзіне, қоғамға және онда орын алған ірілі-уақты құбылыстарға философиялық көзқарасын тағдырдың маңдайға жазған жазуы санап, қиындықтардан қиналмай өтудің заңдылықтарын өлеңдерінде кеңінен насихаттайды. Айталық, махаббат лирикасы, табиғат лирикасы, саяси лирика, философиялық лирика, әдет-ғұрып, салт-сана, қазақы дәстүр, отбасы, ошақ қасы, ел билеу тақырыбын, т.б. көтерген поэзиясының кемелділігі демо-кратиялық негізге ат басын тіреуінен. Онда әрбір қазағы қылша мойыннан бас кеткенше адамгершілік, әділеттілік жолынан таймау, Отаншылдық рух, патриотизм, ұлтшылдық сезімдері суалмауының бастау бұлағы мемлекет заңын бұлжытпай орындауы және өзінің, азаматтардың құқығын қорғауды қапысыз жүзеге асырғанда ғана мұратқа жететіндерін естеріне салады. Азаматтардың құқықтық мәдениеті мен сауатын көтеруге енжарлық танытқан мемлекет іріп-шіріп құрдымға кетеріне тарих куә. Қанын ішіне тартқан зымиян қоғамда өмір сүре отырып, өзекті өртеген өкініші, жүректі сыздатқан опынысы шегіне жетіп жүрсе де, халықпен бірге болып, ұлттың қамын жеп, қоғам болашағын ойлаудан, халқының мойнынан тоталитарлық жүйенің бодандық қамытын сыпыратын күн тууын күтуден шаршамаған. Керек десеңіз, шовинистік империяның ұсақ елдерді тұралатқан геноцидтік саясатын да заң күшімен жеңілдетуге аз тер төкпеген.

Қорыта келе айтарымыз, ұлы ақын, биіктік пен тереңдік бұйырған Абайдың халқына, ұрпаққа өлеңдеріндегі айтар ақылы, уағызы, ғибраты аз емес. Онда еңбектеген жас, еңкейген қарияға шейін тіршіліктің бар саласы бойынша мәнді де мазмұнды, адамша, әділетті өмір сүрудің бұлжымас принциптері жырларының философиялық астарындағы Қазақ Заңнамасының қағидаттарының уызына жарытуды көздеген. Өмір талабын поэзия құдіретімен мұратына жеткізу тек Абай тәрізді ұлылардың маңдайына жазылған бақыт. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз Абай арқылы елімізді әлемге паш етеміз. Ақынның тұлғасы Қазақстанның ұлттық руханиятын әлемдік деңгейде насихаттауға зор үлес қосады. Абай мұрасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды бағытына айналуы қажет. Шынтуайтына келсек, Абай – қазақ болмысының айнасы», – деп оның ұлттық руханияттың космонавты ретінде қол жеткізген ірі табыстарын өлең, шығармаларын жеке-жеке жеріне жеткізе талдап, оның көтерген мәселелерін ғылыммен, өмірмен салыстыра отырып әлем оқырманы оның «қазақ болмысының айнасы» екенін қызыл сөзбен емес, нақты зерттеулерден оқып, табыстыруға шақырады. «Қазақ болмысының айнасы» екені онан кейінгі Алашшыл әдебиет өзінің қайнар көзін Абайдан алып, «Оян, қазақ!», «Жатпа қазақ!», «Тұр, қазақ!» деп жыр жинақтарын шығарып, орыс отаршылдығына қарсы күреске, бодандық езгіден құтылудың заңдылығын талап етудің күні туғанын ескертеді. Өйткені, Абайдың кредосы: поэзиясындағы сөзінің шымырлылығы, қуаттылығы, бейнелілігі, көп мағыналылығы арқылы халық даналығының таразысы бола білу; ұлттық дәстүр, ұлттық сипат, ұлттық бояу, ұлттық психология, ұлттық мінез, ұлттық характерді, табиғи қалпында бауырмалдықты, қайырымдылықты, мейірімділікті ту ете отырып, жеріне жеткізе жырлап беру; әрбір қазақ мақсатына, мұратына жетуі үшін өзін және қоршаған ортаны кеңірек танып, оның нәтижесін шындықты өтіріктен, әділдікті әділетсіздіктен, қайырымдылықты қатыгездіктен айыра білуі олардың сана, тарихи тәжірибе, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, бесігінде тәрбиеленсе ғана нәтижесін беретіндігін жетесіне жеткізу. Абай қазақ халқының бойындағы ең асыл, озық қасиеттер, ата-бабаларымыздан бізге сүзіліп жеткен ұлттық құндылықтарды насихаттап, қанына дарытып, жүрегіне берік орнықтыру мақсатымен интеллектуалды және қуатты Қазақ Заңнамасының генезисіне жырларында кеңінен шұрайлы өріс ашуы осы ұлы мұраттардың талабынан туған. Асылы, «Абай десек, біздің есімізге қазақ халқының бойындағы ең асыл, ең озық қасиеттер елестейді», «Абай даналығы – ұлттық рухтың негізі» дейтін ел аузынан кең тараған афористік пікірлер сол поэзиясындағы түбірлі революцияға қатысты дер едік. Ол да – жанкешті еңбек, білім мен ғылыми ізденістердің нәтижесі. Осип Мандельштам: «Өнердегі революция сөзсіз классицизмге алып келеді», – деуі орынды. Абай – классик шыңына шыққан тұңыш қазақ ақыны, бәлкім онан кейін де классиктер шығар, ал олар адамзат Абайы шыңының төңірегіндегі сілемдер болып қалмақ.

(Соңы. Басы өткен санда)

Тұрсын   Сыдықов,

филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі,

Заңнама және құқықтық ақпарат институтының бас ғылыми қызметкері

1087 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз