• Ұлттану
  • 20 Желтоқсан, 2021

АЛТЫНСАРИН ТАҒЫЛЫМЫ

Біз бұл жазбамызда Ыбырай Алтынсарин мен Алашорда қозғалысының көрнекті өкілдерінің ағартушылық бағыттағы ұстанымдары, ұлт мүддесі жолындағы ой-пікір үндестігін сөз етпектіз. Нақтылай айтқанда, қазақ балаларын сауаттандырып, халқымызды алдыңғы қатарлы елдер санатына қосу сынды арман-аңсарларын іске асыру тұрғысындағы әрекеттері, заманауи мектептер ашып, көбейту, сөйтіп ұлттық идеяның ұрығын сеуіп, тәуелсіздікке ұласты қажырлы еңбектері тізбектелді. Мәселен, қазақтың тұңғыш педагог-жазушысының қазақ даласында алғаш мектеп ашып, халық ағарту ісімен айналысуы Алаш зиялыларын ұлы мақсат-міндеттер жолына итермеледі әрі ұлтшыл-елшіл көзқарастарының қалыптасуына игі әсерін де тигізді десек болады. Сондай-ақ жазылымда Ыбырай мұрасын насихаттау, оның ел үшін еткен еңбегін жоғары бағалау бүгінгі күннің үлесіне ғана емес, келешектің де еншісінде болуға тиіс екендігі қозғалып, ұлт ұстазының руханият өрісіндегі рөлін айқындау ісі, болашақта датталу мәселесі де тілге тиек етілді.

Ыбырай Алтынсарин – қазақтың әдеби-мәдени дүниесін жаңғыртып, жаңа сатыға көтерген алыптардың бірі. Тұңғыш педагог-жазушының қазақ даласында алғаш мектеп ашып, халық ағарту ісімен айналысуы Алаш зиялыларын ұлы мақсат-міндеттер жолына итермеледі әрі ұлтшыл-елшіл көзқарастарының қалыптасуына игі әсерін тигізді.

Осы тарапта біз Ыбырай Алтынсаринді алғашқы ағартушы-педагог әрі Алаш қайраткерлерінің ұстазы ретінде танимыз. Бұл ретте оның мектебінен білім алып, тәлім-тәрбие көрген тұлғалардың қандай бағытта өсіп-жетілгені туралы айтсақ болады. Нақтылай айтқанда, С.Көбеев, А.Байтұрсынов, М. Дулатов сынды  арыстар Ыбырай негізін қалаған мектептің түлектері еді. Олар қазақ руханиятын жаңа қалыпқа салып, көш ілгері сүйреген үш алып бәйтерегіміз – Шоқан, Ыбырай, Абайларды өздеріне ұстаз тұтты. Ұлт келешегі үшін аса қажетті оқу-ағарту мәселелері зиялы қауым өкілдерін түгел толғандырды. Ұлты үшін ұлардай шулаған ұландар өздері  шығарған газет-жорнал беттері мен кітаптарда бұл мәселені бірінші кезекке қойды. Олар «алдыңғы соқпақ ағалар» жолын жалғастырып, бәрі дерлік замана сазы, уақыт тезіне орай үн қатты. Сол тұстағы жаңа оқу үлгісі саналған «жәдитті» жақтап, халқын өнер-ғылымға, іргелі ел болуға үндеді.

Ұлт ұстазы – Ыбырай жасөспірімдерді «оқысаңдар, балалар, шамнан шырақ жағылар, іздегенің алдыңнан тілемей-ақ табылар» деп, «өнер-білім бар жұрттар, тастан сарай салғызды» деп озық елдерді  жастарға үлгі тұтты. Өз кезегінде қазақ оқығандары да осы тарапта ел арасында оқу-білім бағытында үгіт-насихат жүргізіп, халқына қалам қарымымен ғана емес, зайырлы қылығымен де қызмет қылуға тырысты.

Міне, сол Ыбырай салдырған мектеп-медреселерде оқып, сауаттанған, ұлттық мақсат жолындағы Алаштың арда ұлдары басылым беттерінде бұл мәселені көтеруден жалықпады. Мәселен, «ұлт ұраншысы» атанған М.Дулатұлы: «Оқушыларға жәрдем жамиғаты» атты «Қазақ» газетіндегі мақаласында: «Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт оқуда. Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақтасақ та, дүниеден сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарық жұлдыз – оқу. Надан жұрттың күні қараң, келешегі тұман» [1] – деп, кемел келешектің сырын ашады, болашақтың барысын болжайды.

Әрине, бұл мәселелер жөнін сөз еткен бір М.Дулатұлы ғана емес. Ана тіліміз бен әдебиетіміздің реформаторы Ахмет Байтұрсынов қазақ балаларының сауатын ашатын «Әліпби» («Төте жазу») мен тіл үйрететін «Тіл құралы» еңбектерін жазды. Қазаққа қандай мектеп керектігі жайын өзекті мәселе ретінде көтеріп, жұртшылықтың назарын үнемі соған аударуға тырысты. Мәселен: Ахмет «Қазақ» газетіндегі «Жазу жөндеу» («Қазақ», 1913, №43), «Мектеп керектері» («Қазақ», 1914, №52) т.б. мақалаларында сол кезеңнің көкейкесті проблемаларын көтеруді алға қойды [2].

Сөйтіп, қазақ оқымыстылары «заманына  қарай амалын» жасап, ұлттың ұлы арманын ұлықтап, қалың елдің халін қамдап, азаттық-ағартушылық бағыт ұстанды.Расында, Ыбырай атамызды отарлаушы елдің миссиясын жүзеге асырушы ретінде танитындар бар. Бұл оның ұрпақты қазақыландыру және ұлттық мектеп қалыптастыру жолындағы еңбегін елемей, тұлғасын тұтас танып, бағаламаудан туған тұжырым екені анық. Осы тарапта ой сараласақ, Ыбырай атамыздың тікелей қарым-қатынас жасаған ортасы мен қызметіне байланысты әр жылдары әртүрлі ой-пікірлер айтылып, жазылғаны белгілі. Біріншіден, мұндай жаңсақ пікірлердің пайда болуына ұлт ұстазының достары саналған Ресей империясының отарлау саясатын іске асырушы миссионер-педагогтар В.В.Григорьев пен Н.И.Ильминский сынды орыс оқымыстылары мен лауазымды адамдармен тікелей қарым-қатынас жасауы басты себеп болғанға ұқсайды. Сол тұстағы танымал әрі оқымысты олар Ыбырай Алтынсариннің ғылыми-педагогикалық өрісінің кеңеюіне, игі істерінің алға басуына белгілі бір дәрежеде ықпал етті. Ал, тұңғыш ағартушының мұндай байланысқа баруы – өзі алға қойған мақсат-міндеттерге жету жолындағы әрекеті десек болады. Сондай-ақ, ұлт ұстазы туралы мұндай көзқарастың қалыптасуына белгілі бір дәрежеде оның атасы Балғожа бидің Ресей патшалығының саясатын қолдауы, соған орай билікке және марапатқа ие болуы да әсер етті демекпіз. Өйткені, өз өңірінде беделді Балғожа Жаңбыршыұлы отарлаушы Ресей империясына қарсы күрес басшысы Кенесары Қасымұлын жақтамай, сәлемдемесін қабылдамайды. Сөйтіп екі рет жасақшылардың шабылуына ұшырайды. Сол шайқастың бірінде Балғожаның  баласы Алтынсары мерт болады. Төрт жасында әкеден айрылған Ыбырай тікелей атасының тәрбиесінде өседі. Бұл жағдай да өз тұрғысында біржақты пікірдің тууына себепші болды деп білеміз.

Әрине, олардың бірі – бұрыс, бірі – дұрыс екенін екшеу бүгінгі біздердің ғана емес, ертеңгі келер ұрпақтың еншісінде екені рас. Асылы, Ыбырай  Алтынсарин  бар  күш-қуатын  халықты  ағарту,  жастарды тəрбиелеу  ісіне  жұмсады.  Ыбырайдың  жазушылық  қызметінің  сол  оқу-өнер,  білім  мəселесімен сабақтастығы  да осында болса керек.  Оның  ақындық  шабытына  дем беріп,  жазушылық  қиялына  қанат  бітірген  зор  нысана  –  қараңғы  қазақ  халқының  көзін  ашу,  көңілін  ояту, оны  озық  мəдениетті  елдердің  қатарына  қосу  болды. Осы  жолда  ол  бойындағы  бар  күш-қуатын,  қабілеті мен  білімін  сарқа жұмсады.  Бұл бағытта тың  бастамалар жасап, соған бүкіл саналы ғұмырын арнады.

Ыбырай  халық  ағарту  ісінде  қандай  елеулі  орын алса,  əдебиет  пен  мəдениетіміздің  тарихынан  да сондай  екшеулі  орын  алады.  Ол  –  қазақтың  жазба  əдебиеті  мен  тілінің  негізін  қалаушылардың  бірі. Əдебиетке тың тақырыптар əкеліп, озық ойлар енгізді. Жаңа жанрлар арқылы əдебиетті мазмұны жағынан ғана емес, түр жағынан да дамытты. Оның мағынасы терең тағлымды өлеңдері, қысқа да əсерлі əңгімелері төл сөз өнеріміздің тарихында  айрықша  орынға ие.

Әрине, бұл айтылған әрі жазылған жайттарды жайына қойып,  қазіргі кезде Ы.Алтынсарин тұлғасы жоғары оқу орындарында және мектептерде қалай оқытылып жатқанына тоқталсақ еді. Ы.Алтынсариннің «Бір Құдайға сиынып, Кел, балалар, оқылық» деген атақты өлеңінен бастап, оның танымдық-тәрбиелік маңызы зор әңгімелері мен аударма шығармалары мектеп оқулықтарынан ойып тұрып, орын алары сөзсіз. Ал, жоғары оқу орындарында, өте-мөте «Қазақ әдебиетінің тарихы» пәнінде Ы.Алтынсарин шығармашылығына арнайы сағат бөлініп, дәріс пен тәжірибе сабақтары белгіленген. Мәселен, «ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» пәнінде Ы.Алтынсарин шығармашылығына толыққанды тоқталып, оның «Қазақ хрестоматиясы» мен оқу-әдістемелік негізде жазған туындыларымен таныстырып, пайымдаймыз. Ыбырай мұрасын насихаттау, ел ертеңі үшін еткен еңбегін, асыл сөздерін саралау бүгінгі күннің үлесіне ғана емес, келешектің де еншісінде болуға тиіс. Сондай-ақ, оның руханият өрісіндегі рөлін айқындау да бізге тиесілі міндет, ал болашақ ұрпаққа борыш саналмақ.

Осы тұрғыдан келгенде, өз кезегінде біздің Павлодар педагогикалық  университетінде бұрын ректор, қазіргі сенатор Алтынбек Нұхұлының қолдауымен  ашылған «Ұлағат» атты орталықта Ыбырай  Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығына және қоғамдық қызметіне қатысты материалдар негізінде көптомдық кітап құрастыру көзделген болатын. Әрине бірінші кезекте алғашқы қазақ ағартушысының туып-өскен өңіріне, ондағы мұражайларға бару жоспарланды. Қостанай, Арқалық қалаларына іссапармен барып, мұражайлардан мол мағлұматтар мен дереккөздерін, суреттер галереясын кездестіріп, ғылыми танымдық мақалалар мен естеліктер тізімін алғанымызды айту лазым. Өйткені, Қостанай, Арқалық мұражайлары мен Алматы ғылыми кітапхана қорынан жинастырып алынған материалдардың пайдасы зор болды. Осы тарапта біздердің мол мағлұмат, деректер жинап, материалдар қарастыру негізінде том-том шығаруымызға көмек қолын ұсынған мұражайлар мен кітапхана қызметкерлеріне деген алғысымыз шексіз!

Ыбырай Алтынсариннің əдеби-педа-гогикалық мұрасы туралы қаншама дүние жазылса да, аздық етері анық. Олай дейтініміз, уақыт озған сайын, замана сазына орай ұлы ағартушы, көрнекті ақын əрі жазушы мұрасына деген ұрпақ көзқарасы да өзгермек. Бұл – өмір талабы əрі бұлтартпас заңдылық.

 Осы тұрғыдан келгенде, Ыбырайдың шыққан тегі, қоршаған ортасы мен   шы-ғармашылық өмірбаянына қатысты бұрынғы-соңды жазылып, жарияланған еңбектерді саралап-салмақтау бүгінгі күннің талабы десек болады. Осы жайттарды ескере келіп жəне қолда бар материалдарды пайдаланып, шама-шарқымызша педагог-жазушы туралы жазылған осы тараптағы еңбектер іріктеліп, жинақ тақырыбына сəйкестендіріп, жарияланды.

Көптомдықты құрастыруда мына тө-мендегідей ұстанымдар басшылыққа алынды. Біріншіден, Ы.Алтынсариннің ғұмырнамасы мен мұрасына қатысты əр кезеңде жазылған естеліктер, жария-ланған еңбектер көтерген мəселесі мен тақырыбына орай бес томдық болып топтастырылды.

Екіншіден, жоғарыда атап өткеніміздей, көп-томдық құрастырып, шығару барысында бірізділік берік сақталып, яғни ыбырайтанушылардың кеңестік кезеңнің салқыны сезілетін жарияланымдары мен тəуелсіздік тұстағы таралымдары сол қалпында еш өзгеріссіз берілді. Бұл – осы тақырыпқа қызығушылық танытушы оқырман мен ізденушілерге салыстырмалы түрде зерттеу жүргізу үшін арналған ұстаным.

Үшіншіден, осы тұрғыдағы жарияланымдарды шыққан мезгіл-мерзімі бойынша түзіп, əуелі кеңестік, сосын тəуелсіздік кезеңге сəйкестендіріп беру мəселесі ойластырылды.

Сөйтіп, көптомдықтың бірінші томы «Ыбырай Алтынсарин: ғұмырнама» деген атпен құрастырылды. Жинаққа Ыбырайдың шыққан тегі, өскен, тәлім алған ортасы және қызметтік жолы туралы жазылған естеліктер мен мақалалар топтастырылды.

Екінші томда ұлы ағартушының қалыптасу жолындағы саяси қызметтері жөніндегі жазбалары мен педагогтік, шығармашылық еңбектері туралы жазылған мақалалар жинақталды.

Ал, үшінші том «Ыбырай Алтынсарин және қазақ жазба әдеби тілі» деп аталынды. Бұл  үшінші  том  жинағына Ыбырай  Алтынсариннің  қазақ  жазба  əдебиеті  мен тілінің  негізін  қалаушы  ретіндегі  шығармаларына  талдау  жасаған,  заманның ағымына орай ілгерілі-соңғы кезеңде әр қалай ой-пікірлер қозғаған тілші, әдебиетші ғалымдардың әдеби-сын мақалалары мен зерттеу еңбектері енгізілді.

Бес томдықтың төртінші  томында ағартушы, педагогтің  əлеуметтік, қоғамдық, діни-философиялық, саяси-құқықтық, т.б. көзқарастарына қатысты түрлі зерттеулер  мен  мақалалар  жинақталып  берілді. Ал соңғы томда дарынды ағартушы, ұлағатты ұстаздың дара тұлғасы сомдалған әртүрлі жанрдағы көркем шығармалар топтастырылды. Аталмыш көптомдық еңбек Ы. Алтын-сариннің  мұрасына  қызығушылық  танытушы  жалпы  оқырман қауым мен  ізденушілердің кəдесіне  жарайды деген ойдамыз. Осы тұрғыда айтамыз, бұл бес томдық кітап университет тарапынан шыққандықтан таралымы аз болды. Сондықтан аталмыш көптомдықтың көп данамен қайта шығуына жоғарғы жақтан, өкімет тарапынан қолдау білдірілсе деген ұсыныс бар.

Биылғы 180 жылдығының құрметіне орай Ыбырай Алтынсаринді еске қалдырар нақты қандай шаралар өткізу керек деген негізде мыналарды айтсақ болады.

Алдымен айтарымыз, Ы. Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойы науқандық деңгейде ғана өткізілмей, республикалық мектептерде жаппай жыл сайын «Ыбырай оқулары» өткізілсе, игі іске тірек болары сөзсіз. Және де ЖОО-ларда халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен дөңгелек үстелдер өткізілсе құба-құп болар еді.   

Бүгінгі күндері аталмыш мерей тойға сәйкес респуб-лика орталығы мен өңірлерде өткізіліп жатқан игілікті іс-шаралар мен түрлі деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік конференциялар өз жалғасын тапса дейміз.

Сейфитден Сүтжанов,

ППУ профессоры, филология

ғылымдарының докторы

2103 рет

көрсетілді

90

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз