• Ел мұраты
  • 21 Желтоқсан, 2021

Мемлекетіміздің  алтын діңгегі

Түйсінгенге, қазақы ұғымдағы нағыз адами құндылықтар ұлылыққа иен тіреп жатыр. Ақиқатында ол – дүние салқар көшінің мәңгілік жиһангері, тірліктің сарқылмайтын қуаты. Тұрманы – теңдік, қазыналы асылы – еркіндік пен бостандықтың өшпейтін шырағданы. «Түркі жұрты жер болмасын дедім, – ел болсын дедім!» – деген шырайлы сертті  Орхон-Енисей тастарында таңбаланған Ештеми бабамыз, кәрі құрлықта сермеген қылышын сақ пен ғұн мұратына бағыштаған Еділ-Атилла, киіз үйде келбетін күн сүйіп туған қазақ текті сұлтан Бейбарыс этникалық қазақ хандығының жолашар-сайыпқырандары болды. Ұлт мұратын тақтан биік қойған Абылай хан парасаты – ғасырлар легінде қазақты адастырмады, алға сүйреді. Патшалық отарлау саясатына қарсы күресте тарыдай шашылған қазақтың басын біріктірген Кенесары Қасымұлы батырлықтың үлгісі бола білді. Абай ілімінен сусындап мүлгіген ұйқыда жатқан қазақты еңбекшілдікке, оқу-ағарту ісіне бастаған Алаш зиялылары азаттық жолындағы күресте қарудың күшіне ғана емес, білімге сүйенуге болатынын дәлелдеді. Ұлтымыздың рухани ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Басқадан кем болмау үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу, бай болуға кәсіп, күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деп бекер айтпаған.

Түндігі түріліп, күн нұрынан бойына шексіз қуат дарытқан ата дәстүрде перзент болмысына қайсар рухты қондыру құндақталған шақалақ кезінен басталған екен-ді. Оған дәлел көп үнінен көмкерілген тілеулер. Қос қолын көкке созып: «Жаратқан Жаббар ием жебеушің болып, күллі түркі дүниесі тіреу етсін, абыройың асқақ, ғұмырың жарқын болғай» деген бата-тілектер. Осылайша ақ арманын ұрпағына аманаттаған азаматтар ұлт мінберінде қазаққа қызмет етуді басты бағдар еткен. Тарихи жалғастықта Кеңес кезеңі салған бұғауды үзіп, желтоқсанда бой көтерген қазақ жастары ұлт тағдырына келгенде үнсіз, қапыда қала алмады. Жігерлі жүректерін азаттықтың айбарлы қаруымен жони түсті. Қыстың қара суығы, ұлпа қары еркіндіктің шұғылалы нұрына ұласты. Сол еркіндіктің шұғыласында Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев бабамыздан тәлім алып, саналы түрде «Мәңгілік елдің мұратын» ұғынған Елбасы – Нұрсұлтан Әбішұлы дәстүрлі түрде қазақ қағандары мен хандарының, алашшыл ұлт зиялылары мен абыз-жырауларының арман-мұратын арқалап ел билігін қолға алды. Өндіріс ошағының ыстығында ысылған кен байытушының тұтас бір мемлекеттің қолбасшысына айналуы есіл еңбектің, салиқалы саясаттың, прагматикалық ой-өрісінің жемісі. Ел ішінен шыққан ер –  ұлтына болысады, мемлекетінің әлем тарихындағы абыройын айшықтайды,  дамуы мен ілгерлеуінің бастамашысы болады. Жер асты кені, жұмақтай жері, қазақ дейтін ұрпағы бар мемлекеттің дәуір ырғағымен бірге дамуы – парыз. Көреген саясаттың ықпалында көршілерімізбен шекарамыз шегенделіп, әлемдік кеңістікте көпке танылдық, ядролық қарудан түбегейлі бас тартып, бейбітшіліктің жаршысы атандық. Иә, қарап тұрсақ, қол жеткізген табыстарымыз аз емес.

Қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы көреген саясаттың шеңберінде ұлттық интеллектуалды элитаны қалыптастырудың нақты тұжырымдамалары мен ережелерін айқындай білді.Қазақстан халқына жолдауында экономикалық әлеуетті жақсарту, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру, сапалы білім беру, өңірлік саясатты жетілдіру, еңбек нарығында тиімді экожүйені қалыптастыру, адам құқығын қорғау, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, цифрландыру, ғылыми инновациялық жетістіктер, ұлттық ұйымшылдық мәселелеріне басты назар аударып отыр. Тәуелсіздік жылнамасының төртінші онжылдығына қадам басқалы тұрған Қазақстан үшін дін мен тіл, жер мен дәстүр, халық амандығы мен заң орнықтылығы, тәуелсіздік пен тұрақтылық басты құндылық. «Өткен әрбір он жылдық атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр. Алғашқы он жылдық егемен Қазақстанның өз дербестігін қалыптастыру кезеңі болды. Екінші он жылдықта еліміз тұғырын нықтап, керегесін кеңейтіп, іргесін бекітті. Үшінші он жылдықта мемлекетіміз шын мәнінде, кемеліне келіп, әлемдік саясаттың төріне озды. Алдағы төртінші он жылдықта бізді жаңа міндеттер күтіп тұр.Елімізді ілгері дамытып, әрбір азаматтың лайықты тұрмысын қамтамасыз етуіміз керек» дейді өз сөзінде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Ағымдағы жыл тәуелсіздігіміздің тұғырлылығын тағы бір мәрте түйіндейтін атаулы даталарға толы жыл болды. Атап айтар болсақ, Қазақ хандығына 556 жыл, Тәуелсіздігімізге 30 жыл, «Созақ» көтерілісіне 90 жыл, Желтоқсан оқиғасына 35 жыл, Жәңгір Ханның бастауымен Орда қаласында орын тепкен Бөкей Ордасы мектебіне және ағартушы-педагог  Ы.Алтынсариннің туғанына180 жыл, А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына дайындық шаралары, Ә.Бөкейханұлының туғанына 135 жыл, «Әліппе» оқу құралының Уфадан алғаш басылып шығуына 110 жыл, қазақтың үн дариясы «Қазақ радиосы» мен «Қызыл Қазақстан» басылымының ізбасары көнекөз «Ақиқат» журналының 100 жылдығы, т.б. 

Ел тарихындағы  қаһарман батырлар, жыраулар, ел басшылары, билер, ағартушылар, шешендер мен әулие-әнбиелер күллісі бүгінгі тәуелсіздігіміздің кірпішін қаласқан майталман кейіпкерлер. Тәңірдің өзі тарту еткен еліміздің тәуелсіздігі тұсында туған ұрпақ өткеннен тағылым алып, келешекке кемел қадам басуы тиіс. Ендеше бұл ұлы мұрат өміршеңдігін жоғалтпай, мәңгілікке ұлассын!

Назым Самет

1325 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз