• Ел мұраты
  • 20 Желтоқсан, 2021

ҰЛТТЫҚ ДАМУДЫҢ ҰТЫМДЫ ЖОЛЫ

 Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты биылғы Жолдауында Қазақстан орнықты урбанизация үрдісімен келе жатқандығын, тұрғын саны миллионнан асатын қалалар еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің тірегі, ал облыс орталықтары өз өңірлері өсімінің өзегі болуы тиіс екенін атап көрсетті. Мемлекет басшысы сондай-ақ, болашағы бар ауылдарды дамытуға баса назар аудару керектігін, еңбек нарығына көші-қон үдерісі де зор ықпал ететіндігін айтып, бұл саладағы проблемаларды дұрыс шешу тұрғысынан Үкіметке Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын  әзірлеуді тапсырды. «Ақиқат» журналының редакциясы осыған орай,  урбанизация, көші-қон саясаты және еңбек мигранттары мәселелері жөнінде дөңгелек үстел ұйымдастырып, тәуелсіздік жылдарында жүргізілген көші-қон саясатының бергені мен берері, ауылды дамытудың маңыздылығы жөнінде бірнеше белсенді азаматтың ой-пікірлері мен ұсыныс, кеңестерін тыңдаған еді.  

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ, Мәдениет  қайраткері, «Ақиқат» журналының бөлім редакторы:

– Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған азаттық таңы атып, осыдан 30 жыл бұрын, 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақ елі өзін Тәуелсіз мемлекет деп жариялағанда, тағдыр тәлкегімен қысылтаяң қиын сәттерде төрткүл әлемге тарыдай шашырап, жер жүзінің 40-тан аса елінде өмір сүріп жатқан барша қазақ баласы көздеріне жас алып, балаша қуанғаны сөзбен айтып жеткізуге келмейтін, жұдырықтай жүрегінде Атажұртқа деген сағыныш сазы жаңғырып, санасында «Атамекенге ат басын бұрар күн туды» деген асқақ арманнан туған асыл ой жылт еткен ең бақытты, ең тарихи сәт екені даусыз!

Оның үстіне арадан екі апта өтпей жатып, Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 31 желтоқсан күні Қазақ радиосынан «Алыстағы ағайынға ақ тілек» деп жар салған сәлемін жолдады. Арадан жыл өтпей, алып империя кезінде қалыптасқан алыс-беріс, барыс-келіс қиындап, экономикалық байланыстар үзілген үлкен ауыртпалықтарға қарамастан, 1992 жылдың 28 қыркүйегі мен 5 қазан аралығында Тәуелсіздіктің Алтын бесігі, барша қазақтың асқақ мәртебесі іспетті ақ басты Алатау баурайындағы әсем Алматыда Дүниежүзі қазақтарының І Құрылтайы өтті. Бұл – алты құрлықтағы ағайынның өкілдері түгел бас қосқан Ұлттың үлкен жиыны еді. Осы Құрылтайда Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев бір ауыздан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төрағасы болып сайланды. Төрағаның бірінші орынбасары болып, сол кездегі Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, белгілі қаламгер Қалдарбек Найманбаев сайланды.Көп ұзамай Президентке тікелей бағынатын Қазақстан Республикасының Көші-қон агенттігі құрылып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ егемен еліміз алыстағы ағайынды Атажұртқа оралту саясатын мемлекеттік деңгейде жүргізе бастады. Ол өзінің өлшеусіз нәтижесін де берді. 

Бәріңіз білесіздер, тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде 1 миллионнан аса қандасымыз Атажұртқа оралып, туған жерге қайтадан туын тікті. Статистика агенттігінің ресми мәліметтеріне сүйенсек, сол қандастарымыздың 61,5 пайызы – Өзбекстаннан, 14 пайызы – Қытайдан, 12 пайызы – Моңғолиядан, 7 пайыздайы – Түрікменстаннан, басқалары Ресей, Ауғанстан, Иран, Түркия және басқа елдерден екен. Қандастарымыз негізінен Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Жамбыл және Маңғыстау облыстарына көбірек қоныстанса, бұл тек келетін елінің жақындығы, жер жағдайының, тіршілігінің ұқсастығы ғана емес, бәрінен бұрын «табағыңды берме, қабағыңды бер» дегендей, осы облыстардың халқы мен басшылығының жылы қабақ танытып, Елбасының көші-қон саясатына, ағайынның Атажұртқа оралуына кең қолдау көрсеткенінің арқасы екенін де ерекше есте ұстау керек. Олардың барлығы дерлік Қазақстан азаматтығын қабылдап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық өміріне белсене араласып кеткені қуанышты.

Жалпы, қазақтың бүгінгі ұрпағы ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған ең ұлы арман – Тәуелсіздікке қол жеткізді. Қысылтаң қиын сәттерде төрткүл дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашырап кеткен 1 миллионнан аса қандастарымыз сол ел тәуелсіздігінің, Тұңғыш Президентіміз, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан  Назарбаевтың ел бірлігін, ұлт тұтастығын ойлаған көреген саясатының арқасында атамекеніне оралды. Осылай сырттағы ағайынның да «туған жерге туым тіксем, Ата жұртымда өмір сүрсем, ұрпағымды сол атамекенге жеткізіп кетсем» деген арманы орындалды. Әйтпесе, ел тұрғындарының саны бүгінгі 19 миллионға жету былай тұрсын, тіпті тым азайып кетуі де мүмкін еді. Оған мына деректер айқын дәлел:  Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында республика халқының саны 16 793,1 мыңнан 14 886,8 мыңға немесе дерлік 2 миллион адамға кеміді. Сыртқы көші-қонның ең жоғары шегі 1994 жылға сәйкес келеді. Сол жылы Қазақстаннан 811,3 мың адам басқа елдерге көшіп кетті. Жалпы, 1991–2008 жылдары республикада 3,5 млн адам көші-қон қозғалысына түсті. Олардың басым көпшілігі Ресейге – 1, 550 мың, Украинаға – 52,6 мың, Белоруссияға – 39,7 мың адам көшіп кетті. Қазақстаннан тұрғындардың көшу үрдістерінің негізгі себебі ретінде 90-жылдардың ортасында орын алған экономикадағы дағдарысты, сонымен қатар азаматтардың атамекенімен қайта қауышу мақсатын айтуға болады. Қалай десек те бұл қиындықтардың бәрі артта қалды. Бірақ, біздің еліміз үшін аса маңызды мәселе – этникалық көші-қон тоқтауға қарады. Алғашқы кезде ол қалай жүргізілді, бүгін неге мардымсыз? Жалпы біздің еліміз үшін көші-қон қай жағынан маңызды?

Ғазиз ЕСМҰХАНОВ, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Көші-қон және демография агентігінің бірінші төрағасы:

    – Ең алдымен көші-қон үдерісі мемлекет халқының санына, ұлттық құрамы мен қоныстануына, халықтың табиғи қозғалысына айтарлықтай әсер ететін маңызды факторлардың бірі екенін айта кеткен жөн. Сонымен қатар, көші-қон қай елдегі болмасын, ауыл мен қала тұрғындарының өзара үлес салмағының өзгерістерінде, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуде және ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан да маңызды рөл атқаратынын есте сақтауымыз керек. Кеңестік кезеңнің соңғы жылдарында республиканың ұлттық құрамында қазақтардың үлес салмағы айтарлықтай төмен, 40 пайыздан аз болды. Сондықтан, Қазақстан тәуелсіз ел атанған алғашқы жылдардан бастап, әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайдың ерекшелігіне сәйкес, көші-қон саясатын жүргізуге белсенді кірісті. Ең алдымен, шетелде тұратын этникалық қазақтардың ұлттық бірігуі және тарихи отанына оралуы үшін көші-қон саясатының басқару жүйесін жетілдіру қарастырылды. 1992 жылы 26 маусымда отандастарымыздың тәуелсіз елімізге көшуінің құқықтық негіздері реттелген «Көшіп келу туралы» Заң қабылданды. 1993 жылы 15 сәуірде Республика Президенті «Көші-қон квотасы және Иран Ислам Республикасынан және басқа мемлекеттерден отандастарымыздың көшіп келуін ұйымдастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл шараларды мемлекет тарапынан бақылау үшін 1997 жылы Көші-қон және демография жөніндегі агенттік құрылды. Сөз жоқ, Ұлы көштің «алғашқы қарлы-ғаштары» деп 1991 жылы 17 наурызда Монғолиядан пойызбен Сарыөзек бекетіне еңбек шартымен келген 96 адамды атауға болады. Оған ұйтқы болған, ұйымдастырған, басшылық еткен сол елдегі қандастарымыз – Сағат Заханқызы, Аятқан Тұрысбекұлы және Саит Заханұлы еді. Бұл көштің белгілі бір арнада, заңды жүруіне сол кездегі Моңғолиядағы демократиялық қозғалыс бастаушыларының бірі, қоғам қайраткері, Кіші құрылтай төрағасының орынбасары Зардыхан Қинаятұлы да зор ықпал етті. Алғашқы кезде жеке азаматтардың бір жылдық еңбек шартынан басталған қозғалыс, енді отбасыларымен бірге бес жылдық мерзімге жасалатын үкіметаралық келісім шарттың негізінде жүргізілді. Екі ел үкіметтерінің келісімімен Өскеменнен Баян Өлгийге АН-24 ұшағы 5-6, кейде тіпті 8 ретке дейін қатынап, күніне 300-350 адамға дейін қандастарымыз келіп жатты. Айтуға оңай болғанымен, бұл үлкен тәртіпті, ұйымшылдықты, жанашырлықты, тіпті шыдамдылықты талап ететін. Осылай, көш қарқынды басталып, 1991-93 жылдары Моңғолиядан 60 мыңнан астам қандастарымыз Атажұртқа келіп қоныстанды. Бірақ, 1994 жылдан бастап әртүрлі себептермен көш саябырси бастады. Ең басты себеп – тұрғын үй және жұмыспен қамту қиындап кетті. Мен Департаментке төраға болып келген 1993 жылы Иранда тұратын қандастарымызға көбірек көңіл бөлуге тура келді. Оларды көшірудің үш түрлі тиімді жолы болды. Біріншісі – ұшақтармен әкету, екіншісі – Өзбекстан, Түрікменстан арқылы өз пойызымызбен темір жолмен әкелу және үшіншісі – Энзели портынан Каспий теңізі арқылы Ақтауға әкелу. Ақылдаса келе пойызбен әкелуді жөн көрдік. Бұл ойымызды Сыртқы істер министрлігінде талқылып, Министрлер кабинетінің арнайы қаулысын даярлап, тиісті мекемелерге жібердік. Сол қаулы негізінде тиісті министрліктердің басшыларын жинап, кімнің не істейтіндігін нақты айқындап, білікті мамандардан жұмыс тобын құрдық. Бұл топта мен бастаған үш кісіден басқа әр саладан бір-бір адамнан, барлығы 9 адам болдық. Сөйтіп, Ашхабадқа келіп, Түрікменстанның сыртқы істер министрі Халықберді Атаевпен кездесіп, үш күн жұмыс істедік. Сол жылы барлығы бес пойыз керуенімен 3661 қандасымызды Атажұртпен қауыштырдық. 1994 жылы тағы біраз отбасы келді. 1995 жылы Энзели портынан Каспий теңізі арқылы Иранның «Көшім хан» деген кемесін жалдап, екі рет қатынап 684 бауырымызды Ақтау қаласына алып келдік.

Түркиядағы бауырларымызды көшіру онша қиынға түскен жоқ. Құжаттарын даярлауды елшілікке, өзімізге тапсырып, жергілікті өкімет жай ғана бақылап отырды. Қазақтардың көбі Ыстанбұл жанында тұрғандықтан, әуежайға жүктерімен келулері де оңай болды. Бірінші көшті қала басшылары, қоғамдық-саяси ұйымдардың өкілдері әуежай басында үлкен митинг ашып, салтанатты жағдайда шығарып салды. Бұл жиынға сол кездегі Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Қанат Саудабаев Анкарадан арнайы келіп қатысты. Ағайындарды өз тілектері бойынша ұшақпен тура Ақтау, Алматы, Қызылорда, Шымкент қалаларына жеткіздік. Ал, көршілес Ресей, Өзбекстан, Түрікменстан мен Қырғызстаннан көшіп келем дейтін бауырлар еш қиындықсыз емін-еркін көшіп келіп жатты. Соның арқасында 1991-2000 жылдары Тәуелсіз Қазақстанымызға 183642, жалпы 30 жыл ішінде 1 миллион 80 мыңнан аса қандасымыз келіп қоныстанды. Соның арқасында ел тұрғындарының үлес салмағында мемлекет құрушы қазақ ұлтының саны тәуелсіздік қарсаңындағы 40 пайыздан кем мөлшерден бүгін 70 пайыздан асып отыр. Бұған жыл сайын Президент Жарлығымен белгіленетін көшіп келу квотасының бірте-бірте ұлғайып, жылына 20 мың отбасыға дейін көбейгені, Тәуелсіз еліміздің аяғына тұрып, қарқынды даму жолына түскені зор ықпал етті.

Осы 1993-1995 жылдардағы, одан кейінгі экономикалық күйзелістер кезінде де тоқтаусыз жүргізілген Ұлы көштің бүгінде, ел жағдайы түзелген, кей салаларда бөлінген қаржы игерілмей жатқан шақта тығырыққа тіреліп, тіпті тоқырап қалуы, басқарусыз, елеусіз күйі – алпыс екі тамырында қазақи қаны, ұлтым деп соққан жұдырықтай жүрегі бар қай азаматты болса да толғандыратыны, толқытатыны, керек десеңіз үкіметтің көші-қон үдерісіне байланысты істеріне наразылық отын тұтататыны да кәдік емес. Амал қанша, үкімет басында осыны ойлайтын ұлтжанды, халықшыл, мемлекетшіл азаматтардың аздығы өте өкінішті! Келешек ұрпақ ол туралы сұрар-ау, бірақ көп уақытымыз текке өтіп жатыр. Туған топыраққа қашан жетем деген мыңдаған бауырларымыздың үмітін әлі ақтамадық, қол ұшын бере алмай отырмыз! Қазір, көршілеріміз жерімізге, байлығымызға көз салып, егемендігімізге нұқсан келтіретін әрекеттерге барып жатқанда, тіліміз өз дәрежесіне жете алмай тұрғанда – қазақ көшінің мәні мен маңызы, атқарар қызметі мен рөлі асқақтай беруі керек. Бірақ, биліктегі көп шенділер мұны жете түсінгілері келмейтін сияқты. Әртүрлі себептермен көш тоқырап қалды. Ал Қытай мен Ауғанстандағы, тіпті Ресейдегі қандастарымыздың жағдайы өте-мөте мүшкіл! Соңғы уақытта шет елдердегі ағайындармен байланыстың  да бұрынғыдан әлдеқайда әлсіреп, төмендегені анық. Бұған шетел қазақтарының атажұртқа келуінің азайып, сыртқа  кетушілердің көбейгені дәлел. Ресми деректерге сүйенсек, 2017 жылы Қазақстанға 16,1 мың адам келген, ал кетушілер одан әлдеқайда көп, яғни 37,7 мың адам. 2018 жылы Қазақстанға 12,8 мың адам келсе, шетелдерге одан үш еседен артық, яғни, 41,9 мың адам кеткен. Ал  2019 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанға келушілер 5 мыңнан сәл ғана асса, кеткендер төрт есе көп, яғни, 20 мың  болған. Биылғы жылдың он айы ішінде 25 мың адам көшіп кеткен. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Үкімет Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын әзір-леуге тиіс. Онда шетелдерде жұмыс істеп жүрген өз азаматтарымыздың құқықтарын қорғау тәсілдері де көрініс тапқаны жөн.  Ел ішіндегі еңбек күшінің ұтқырлығы мәселесіне қатысты да жаңа ұстанымдар қажет. Үкімет оңтүстіктен солтүстікке көшіп жатқан азаматтарға жәрдемақы бөлудің қолданыстағы тәсілдерін қайта қарауы керек. Атап айтқанда, оны әкімдіктер арқылы ғана емес, оңтүстік өңірлерден адамдарды өз бетімен жалдайтын жұмыс берушілердің шығынын өтеу арқылы да беруге болады.  Өз бетінше бизнеспен айналысқысы келетіндердің де көшуіне жағдай жасаған жөн. Көшіп келген азаматтарға үй салу ғана емес, ауыл шаруашылығымен айналысу үшін де жер телімдерін беру мүмкіндігін пысықтау керек. Сондай-ақ, оларға мемлекеттік қолдау шаралары қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет» – деп дұрыс міндет жүктеп отыр.

Құрметбек САНСЫЗБАЙҰЛЫ, Алматы облысы бойынша «Қандастар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

– 15 жылдан бері білікті мамандар, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым, ақын-жазушы, Сенат, Мәжіліс депутаттары, журналистер, ұлт жанашырлары  күн тәртібінен түсірмей айтып, жазып келе жатқан Қазақстан Республикасының Көші-қон және Демография жөніндегі Агенттігін қайта құрып, жүйелі жұмыс жүргізу мәселесі шешімін  табуы тиіс. Көші-қон мәселелерін Қазақстан Республикасы  Президентінің халыққа Жолдауынан кейін Тұңғыш Президент – Елбасы, Нұр Отан партиясының төрағасы Н.Назарбаев пен Президент Қ.Тоқаевтардың жеке өз аттарына нақты дәлелдермен қайталап, электронды пошта және хат арқылы да жолдадым, әлеуметтік желіге де салдым. Жолдауда Президент Қ.Тоқаев жеке қожалықтарға жер телімін беру мә-селесі өте күрделі екенін ерекше атап өтті. Үкіметке бұл жайында тапсырма беріп, жеке заң қабылдануын талап етті. Мұндай заң қабылданса, елге оралып ата кәсіпті дөңгелетіп мал өсіріп, ақ тамақ айран-сүт, ірімшік, құрт-маймен халықты, әсіресе өздері тұрып жатқан елдімекендегі жұртшылықты қамтамасыз етіп отырған қандас бауырлар үшін өте игі іс болар еді. Өйткені, қаншама жүз бас мал өсіріп, сол малдарын жайылымға шығаратын, қора салып бағатын, жем шөбін дайындап алатын жер телімін ала алмай, зар еңіреп жүрген ағайын қандастар Алматы облысында да, басқа облыстарда да аз емес.

 Шындығына келгенде, ішкі көші-қон болсын, шеттен келетін қандастар көші-қоны болсын, тоқырауға ұшырағанына он жылдан асты. Оған негізгі себеп – өз ұлтымызға сенім мен құрмет көрсететін ұлылық қасиетіміз көп жерлерде көрінбейді. Билік тізгінін ұстап отырған кейбір шенеунік, мемлекеттік қызметкерлер мен қолынан іс келетін жаңадан байыған жандар шет елден келген қандастарды былай қойғанда, жергілікті байырғы қазақтардың өзіне менмендік танытып, көзге ілмейтіні де жасырын емес. Олар өз бизнесі мен кәсіптерін бөгде ұлт өкілдеріне сеніп тапсыруға бейім тұрады. Оған дәлел – ақша айналымы мол немесе пайдасы ұлан-асыр бизнес пен кәсіптерді басқарып та, атқарып та жүрген жандардың бәрі дерлік басқа ұлт өкілдері. Яғни, қаншама қаражат, теңгеміз – долларға, евроға, рубльге, юаньға айналып шетел асып жатыр! Республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражат, субcидиялар да осы байлардың үлесінде. Бұл жайында Президентіміз осы жолғы Жолдауында өзі ашық баяндап берді. Үкіметке қаншама жаңа заң қабылдауды тапсырды. Мемлекет басшысы келеңсіздіктерді қайталамауды, әділдік болуын, Халық үніне құлақ асатын мемлекет екенімізді еске салудай-ақ салып келеді. Отыз жылдық тарихы бар көші-қон да осы үрдістердің бір бөлігі.

Азаматтардың еңбегін қорғап-қолдайтын Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігінің өзі заңнамаларды жиі бұзады. Мысалы, шетелден көшіп келген, жиырма жыл бұрын ҚР азаматтығын алып, енді зейнеткерлік жасқа толған қазақ ұлты өкілдерінің шетелдегі еңбек өтілін есепке алады да ол адамның шетелде оқыған жылы мен әскерде болған жылдарын есепке алмайды. Бұларды есепке алуға болмайды деген еш заң талаптары жоқ. Олардың уәжі – диплом мен әскери билеттегі жылдары есепке алынсын деген заң жоқ дейді. Сондай-ақ тарихи Отанына келіп, әлдеқашан азаматтық алып алған қазақтарды шетелден еңбек күшімен келетін басқа ұлт, ұлыс өкілдерімен шатастыра береді. Қазақ елінде қазақтардың саны 40-50 миллионнан аспайынша, ұлтымыздың ұлы құндылықтары өз-өздігінен жолға қойылуы екіталай дүние!Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында бір мәселеге арнайы тоқталды. «Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан, қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі. Алайда, қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алуда.  Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес.  Мұндай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек. Осындай жағдайлар «мемлекеттен ала берсем» деген көзқарас қалыптастырды.  Ал, көмекке шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр. Әрине, біздің еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар.  Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады.     Сондықтан, бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруге тиіс. Дайындалып жатқан Әлеуметтік кодексте осындай мәселелерге барынша назар аудару керек», – деді Мемлекет басшысы.

Өте орынды талап! Бұл тұрғыда Атажұртқа әлдеқашан оралған, Қазақстанның азаматтығын алып, экономиканың түрлі салаларында еңбек етіп жүрген қандастарымыздың да, елге енді келіп, оралман мәртебесін жаңа ғана алған ағайындардың да, қиырда қалып, Атамекенді аңсап көздері мөлдіреп жүрген этникалық қазақтардың да қосатын үлестері мен атқарар міндеттері әсіресе қазіргі таңда орасан! Менің ойымша, Қазақстан шетелдегі қандастарды атажұртқа әкелуді тоқтатпауы керек. Бұл – ең алдымен  еліміздің өсіп-өркендеуі үшін қажет. Себебі, біздің жер көлеміміз үлкен, халық саны керісінше оған салыстырғанда тым аз. Біз сонша жерді жиырма миллионға да жетпейтін халықпен еркін игеріп, биік дәрежеге көтеріле алмаймыз. Бұл неден байқалады? Мысалы, мал өсіретін, көкөніс егетін осынша кең жеріміз бола тұрып, жейтін етіміздің, ішетін тамағымыздың басым бөлігін Өзбекстаннан бастап, алыс-жақын шетелдерден тасимыз. Киетін киімімізді Қытай мен Қырғызстаннан әкелеміз. Сәл бірдеңе болса, ауылдық жерлерде жұмыс жоқ дейміз, бірақ сол ауылдарға әлемнің әр түкпірінен сан мыңдаған еңбек мигранттары яғни гастарбайтерлар келіп, үй салып, құрылыспен айналысып, егін егіп, мал өсіріп, пайда тауып жатқаны қаперімізге кірмейді. Ал сырттан келетін қандастар еңбек етуге барынша бейім. Ешкімге алақан жайып отырмайды. Тірліктің қай саласында болсын, жанын салып жұмыс істейді. Егін де егеді, мал да өсіреді. Шағын кәсіпкерлікпен де айналысады. Сырттан келген ағайындардың жеткен жетістіктері осыған айқын дәлел.

Қандастар көшін көбейту демография, мемлекеттік тілді дамыту, ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан да өте маңызды. Бәріңіз білесіз, кейінгі кездері еліміздің әр өңірінде бос қалған елді мекендер, иесіз қалған жерлер көбейіп барады. Осылай жалғаса берсе жиырма-отыз жылдан кейін не болады? Халқы барынша көбейіп, өз жеріне сыймай жатқан кейбір елдердің тұрғындары әлгі бос жерлерге қарай ағылмай ма?! Біріншіден, қандастарымыздың тарихи отанына көшіп келуі демографиялық үдерістерді шешудің тиімді жолдарының бірі саналады. Өйткені, оларда көпбалалы отбасын қалыптастыру ұстанымы берік сақталған. Екіншіден, Қазақстандағы жұмыс күшінің жетіспеушілігін жоюға жәрдемдеседі. Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Тәжікстан елдерінен арзан жұмыс күшінің үнемі және жаппай ағылуы экономикалық жағынан өте тиімсіз. Сондықтан, олардың орнына этникалық қазақтардың келуі, тапқан табысты өз елімізде жарату мен салық төлеу республика бюджет қорын толықтырады. Үшіншіден, шетелдердегі қазақтардың туған Отанына қайта оралуы қазақ тілі мәртебесін көтереді. Өзбекстан, Қытай, Моңғолия қазақтары мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Ресей қазақтары да ана тілін меңгеруге аса ниетті. Төртіншіден, белсенді көші-қон ағымы арқылы тарихи әділдікті орнатуға мүмкіндік аламыз. Бесіншіден, экономикалық, мәдени, спорт табыстарына қол жеткіземіз.Қазақстанға оралған қандастарымыздың еліміздің әлеуметтік-экономикалық, ғылыми, мәдени, саяси өмірінде елеулі өзіндік үлес қосып жүргені мәлім. Мысалы, Өзбекстаннан елге оралғандардың бірі – сәулетші, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков. Түркиялық Халифа Алтай Құранды араб тілінен қазақ тіліне алғаш рет аударды.    Моңғолиядан шыққан ғалым-түрколог Қаржаубай Сартқожаұлы – көне түркі жазбаларын еркін оқитын санаулы зерттеушілердің бірі. Мұстафа Өзтүрік – таэквондо спортынан әлемге әйгілі шебер. Қытайдан атажұртқа оралған Нәбижан Мұхамедханұлы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында қы-тай жазба деректерінен ежелгі, орта ғасырлар және жаңа заман тарихына қатысты құнды мәліметтерді қазақ тіліне аударды. Өзбекстаннан көшіп келген Бақыт Сәрсекбаев бокстан 2008 жылы Пекин олимпиадасында жеңімпаз жалғыз қазақ болды. Қытайдан көшіп келген Майра Мұхамедқызы «Ла Скала», «Гранд Опера» сынды әлемдегі әйгілі опера театрларында ән шырқады.

Оразалы СӘБДЕН, «Ғалымдар үйі» қоғамдық бірлестігінің президенті, экономика ғылымдарының докторы, академик:

 – Кеңес Одағы кезінде ауыл жақсы дамыды. Мыңдаған адам еңбекпен қамтылған небір колхоз, совхоздар, ауыл орталықтары, т.б. жұмыс істеп тұрды. Жол, байланыс, мәдениет ошақтары: кітапхана, мәдениет үйі, спорт кешендері, моншасына дейін бар болатын. Жалпы ауыл жақсы дамып, оның әл-ауқаты, тыныс-тіршілігі, тұрмысы айтарлықтай деңгейде болғандығын өз көзімізбен көрдік. Талай тұлғалар ауылда өсіп, тәлім-тәрбие алды. Ауыл – шын мәнінде қазақ халқының алтын бесігі, өзегі болды. Ал қазіргі жағдай жаныңды ауыртады...  Осындайда белгілі жазушы Дулат Исабековтың «Аул уходит в небо» деген шынайы, ашық жазған мақаласы еске түседі. «Оптимизация» деген әдемі сөзбен ауылда сол уақытта балабақшалар, кіші кешенді мектептер, аурухана, емхана, фельдшерлік пункттер, спорт кешендері жабылып, талан-таражға түсті. 10-15 мың мал басына лайықталған комплекстер болатын. Бүгін олардың орны опырылып, соғыстан қирап қалғандай тек дуалдары тұр. Кейінгі жылдары ауылдың жағдайы жөнделе бастады, қаржы бөлініп инфрақұрылымдар салынды. Бірақ әлі де ауыл бұрынғы, 90-жылдардың басындағы деңгейге жете қойған жоқ. Қазіргі ауылдың жағдайын қысқаша айтсақ, жұмыссыздық орташа есеппен алғанда 75-80 пайызды, кей жерлерінде 85 пайызды құрайды. Статистика жүргізу үшін мен аудандарды, оңтүстік облыстарды аралап, бұған көз жеткіздім. Егер ауылда жұмыспен қамтылған мұғалімдер мен дәрігерлер, әкімшілік және шаруа қожалықтары қызметкерлерін алып тастасақ, жұмыссыздық саны шыға келеді. Көбінесе ауыл жастары жұмыссыз. Жазда екі-үш ай қалаға барып, әр жерде істейді, күзде қайтып келіп жұмыссыз отырады. Олардың бұдан соң жаман жолға түспейтініне кім кепіл?! Бізде Үкімет жұмыссыздық деңгейі 5-6 пайыз дегенді айтады, бұл статистикалық жағынан дұрыс есептелмеген. Еуропаның кейбір елдерінде жұмыссыздық 15-25 пайыз, орта есеппен 10 пайыздан асады. Бізде 2,7 млн. адам өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етеді дейді, негізінде олар – жұмыссыз. Себебі, зейнетақы, медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалып, бірнеше жылдар бойы құқықтары тапталып отыр. Яғни, халқымыздың 20 пайызына жағдай жасалмай, жұмыссыз отыр. Олардың басым көпшілігі ауылда.

Ауылда ел халқының 45 пайызы немесе 8 млн-нан астам адам тұрады. Оның көбі өзіміздің қаракөздер. Ауылға бара қалсақ, ұяламыз. Ұсақ шаруа қожалықтарына қолдағы жеке жер телімдерін игеруге жаңа техника, технология жетіспейді. Олар ірі шаруашылықтармен бәсекеге түсе алмайды, өнімдері өтпейді, өтсе де арзан бағаға сұрайды. Сондықтан, ұсақ шаруа қожалықтарын біріктіріп, ауыл шаруашылығын кооперациялау қажет және ол үшін «Кооперация туралы» заңды тезірек іске асыру керек. Әр ауданда бір немесе екі техникалық сервис орталықтарын құру және ауыл шаруашылығын жаңаша ұжымдастыру қажеттілігі туындауда. Ал оның негізі – кооперация! Бұл жерде тікелей мемлекеттік қолдау қажет. Сол құрған кооперативтерде, орталықтарда Үкіметтің үлесі 20-30 пайызға дейін болуы мүмкін. Ең бастысы, ауыл шаруашылығы өндірісіне субсидиялар мен арзан несиелердің көптеп бөлінуін, олардың жергілікті жерге жетуін қадағалау керек. Сонда ғана инвестиция тиісті жерге салынады, жұмыс орны көбейіп, ауыл серпіліс алатын болады. Ауылдық жерлерде тұтыну кооперативтерін көптеп құра отырып, қосымша инвестиция тарту, тауар өндіру, өңдеу жұмыстарын жандандыру қажет. Егер қазіргідей есепсіз пайдалана берсек, 40-50 жылдан кейін елімізде мұнай, газ қорлары бітеді. Сонда біз ұрпаққа не қалдырамыз? АҚШ мұнай, газ, т.б қазба-байлықтарын зерттей отырып, болашағын ойлағандықтан оларды шетелден сатып алуда. Ал біздің Үкімет неге осы жағын ойламайды? Сонда біздің немерелеріміз: «Сіздер өркениетке не жасадыңыздар?» деген сұрақ қоймай ма? Жалпы біздің негізгі «брендіміз» мұнай-газ емес (мүмкін олар шенеуніктердікі шығар), ол – сан ғасырлардан бері келе жатқан ата кәсіп – мал мен егін өнімдері! Қалай айтсаңыз да бізді шетелде аграрлы мемлекет деп санайды. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында республикамызда ауыл шаруашылығы табысының көлемі, жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) шаққанда – 27-29 пайызға дейін баратын, ал қазір бар болғаны 5-ақ пайыз. Оны 20 пайызға дейін өсіргеннің өзі әлдеқайда тиімді болар еді. Қазір бізде  азық-түлік, ет пен сүттің шамамен 40 пайызы шеттен келеді. Керісінше, біз сатуымыз керек емес пе? Қазақстан осынша байлығымен ата кәсібіміз – малмен елімізді қамтамасыз ете алмаса, болашағымыз қандай болмақ? Сол себептен Қазақстанда «Мал өнімдері» және «Астық» холдингтерін құруды мемлекет қолға алуы керек. Тез арада дүниежүзінде алдыңғы орын алуға бар күшті жұмсап, ауылды да жоғалтып алмаудың амалдарын іздеген жөн. Біздің ел мал өнімдерін дамытудың жолын біледі.

Кезінде Тұрар Рысқұлов РСФСР Совнаркомы төрағасының 11 жыл бойы орынбасары болып тұрғанында, Сталинге: «Жолдас Сталин, ет – валюта. Мал өнімдерін дайындап, Еуропаға ет сатып, одан түскен қаражатқа өндірісте істейтін маман-инженерлер даярлайық» деген. Осы сөздің мәні қазір де маңызды. Кеңестер Одағы тұсында Қазақстан сыртқа 300 мың тоннадан астам жоғары сапалы мал өнімдерін шығарғанын ескерсек, бүгіннен бастап мал шаруашылығын жандандыруды жолға қою қажет, ертең кеш болады. Әлі де болса біз дүниежүзілік нарықта ауыл шаруашылық өнімдері арқылы бәсекеге түсе аламыз. Себебі, әлемде алдағы 30 жылда ауыл шаруашылық өнімдеріне деген сұраныс 2 еседен артады, ал су тапшылығы 50-60 пайызға дейін өседі. Осы мүмкіндікті мүлт жібермей, ұтымды пайдаланған дұрыс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Қазақстанның ауыл шаруашылығының әлеуеті орасан зор екені көп айтылатынын, бірақ, агроөнеркәсіп кешені саласында қордаланған проблемалар да аз еместігін атап айтты. Оның ойынша, ең алдымен, бұл – азық-түлік тауарларының бағасын белгілеудің және оны бөліп-таратудың тиімсіз жүргізілуі, үкіметтік мекемелердің арасында жауапкершіліктің ара-жігінің ажыратылмауы. Ол сондай-ақ жайылымдық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды екенін ескертті.  «Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені, мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті, оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған. Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауға тиіс.  Жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аудару қажет» – деді. Әсіресе біздің аграрлық саясатымызда сабақтастықтың жоқтығын да баса айтты. «Министр ауысса, саланың саясаты да өзгереді. Мұндай жағдайда шаруаларға алдағы жұмысты жоспарлау қиынға түседі. Бірыңғай негізгі бағыт болуы қажет. Соған сәйкес субсидиялау тәсілдерін қайта қарап, тұрақтандыру керек. Соңғы бес жылдың өзінде субсидиялауға екі триллион теңгеден астам қаржы бөлінді.  Өкінішке қарай, агроөнеркәсіп кешеніне қатысты қозғалған қылмыстық істердің жартысынан астамы субсидияны талан-таражға салуға байланысты болып отыр.   Бұған жол беруге болмайды. Нормативтік негізін нығайтып, тиімді жоспарлау және мониторинг жүргізу жүйесін енгізу қажет.  Субсидияны рәсімдеу тәртібі түсінікті әрі толығымен ашық болуға тиіс.  Шағын және орта шаруашылықтар үшін субсидия толығымен қолжетімді болуы керек.  Ауыл шаруашылығын технологиялық  тұрғыдан қайта жабдықтауды қолдау тәсілдерін мұқият қарауымыз қажет. Агроөнеркәсіп кешені қолданатын технологияның шамамен 90 пайызы әбден ескірді. Оны жаңарту керек. Ауыл шаруашылығын субсидиялау саясатын өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік саясатпен ұштастырған жөн. Үкімет пен «Бәйтерек» холдингі осы мәселе бойынша ұсыныстар әзірлеуі қажет.   Жалпы, ауыл шаруашылығы саласының басты міндеті – елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету» – деді. Әрине, қазіргі заманда әлемнің барлық елдерінде урбанизация үдерісі – қалалардың дамуы жедел жүруде. Біздің елімізде де солай. Отандық өндірістік өнеркәсіптің 40 пайызы 27 моноқаланың еншісінде екені айтылады. Оларда 1,5 миллионға жуық халық тұрады. Президент моноқалалардағы тыныс-тіршілікті одан әрі жандандыруға қатысты жан-жақты ойластырылған шешімдер қажет екенін де ескертті. Бірақ, дәл біздің жағдайымызда «Тауларды аласартпай, даланы асқақтатайық» демекші, қалалардан гөрі азық-түлік өнімдерін өңдеу өндірісін өрістету арқылы ауылдарды, агроқалашықтарды дамытуға ерекше көңіл бөлген дұрыс дер едім. Өйткені, халықты 80-85 пайыз отандық өнімдермен қамтамасыз етпейінше, біз азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмаймыз. Ол – ұлттық қауіпсіздіктің де ажырамас бөлігі! Қазақстанның көптеген елдерден ерекшелігі – ұлттық табыс көзі қазірше еңбек пен капитал емес, ол рента, яғни, жер байлығын пайдаланудан түсетін табыс. Ресейдің ірі ғалым-экономисі, академик Д. Львовтың пікірінше, рента бұл елдің жалпы табысының 75 пайызын құрайды екен. Бізде де осы шамада болуы мүмкін. Тек экономиканы әртараптандыру арқылы ғана шикізат экономикасынан құтыламыз. Әсіресе алынған шикізатты өзімізде өндіріп, қайта өңдеген, отандық тауарларды көптеп шығарған жағдайда, еліміз өркендеп, экономикамыз тұрақталып, біршама жетістіктерге жетер едік. Өзіміз өндіріп, өңдемесек – экономикамыз өспейді, халқымыздың күнкөріс жағдайы жақсармайды. Осыны ешқашан естен шығармауымыз керек!

Түйін

Ел алдында жүрген ағаларымыз осындай ойларын ортаға салды. Тоқсан сөзден ұққан тобықтай түйінді айтар болсақ, қазақ көші – қай жағынан алып қарасақ та, мейлі ұлттық-демографиялық, мейлі әлеуметтік-экономикалық, мейлі қоғамдық-саяси жағынан болсын, өте-мөте маңызды! Ал, қалалар мен ауылдарды дамыту тұрғысынан қарасақ, бізге тізгінді тең ұстамай, біреуіне басымдық беруге әсте болмайды. Өйткені, ауыл – шын мәнінде қазақ халқының алтын бесігі, өзегі болды және солай болып қала беретіні де сөзсіз. Себебі, ас – адамның арқауы демекші, ел тұрғындарын асырауға қажетті азық-түлік атаулының барлығы дерлік ауылдарда өндіріледі. Ауыл дамымай қала да, ел де дамымайды. Оның үстіне қазақи болмыс, ұлттық ерекшеліктерді сақтап қалу да қиындайды. Демек, ауыл шаруашылығында өндірілетін шикі өнімді өңдеу, одан қосымша құн өндіру де негізінен сол  жердің өзінде ұйымдастырылатын болса, ауылдағы көптеген мәселелер, атап айтқанда жұмыссыздық, жастардың қалаға ағылуы, жерлердің азып-тозуы, ұлтсыздану – бәрі-бәрі өз-өзінен оң шешілетін болады. Бәлкім, бұл – ұлттық дамудың нағыз ұтымды жолы болар!

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

1276 рет

көрсетілді

94

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз