• Ұлттану
  • 21 Желтоқсан, 2021

ӨРЛЕУДІҢ ТҰТАС ДӘУІРІ

Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының саяси институт ретінде таратылып, Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеніне бүгінде 30 жыл толуда. Аталмыш кезеңде,  Қазақстан, Еуропа мен Азия арасындағы өркениеттер тоғысқан аймақ қана емес, тұрақты экономикалық өсім мен қалыптасқан мемлекеттік саяси институттарға ие біртұтас мемлекетке айналды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік жылдарында Елбасы Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев көшбасшылығымен күрделі саяси қиындықтарды артта қалдырып, қуатты мемлекеттің іргесін қалап, егемендіктің төртінші онжылдығына қадам басуда. Осы уақыт ішінде ел халықаралық аренадағы өзіндік имиджін қалыптастырып, аймақтағы экономикалық және саяси көшбасшыға айналды. Президент Қ.-Ж.Тоқаевтың Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысында атап өткеніндей, тәуелсіздік мерейтойына тарихи оқиға деп баға беріп қана қоймай, идеологиялық тұрғыдан қарап, отандық интеллектуалды-ғылыми қауымдастық аясында талқыға салу өте маңызды. Себебі, тәуелсіздік ұғымы ұлтты біртұтас етуші, бірегейлікті қалыптастырушы қасиетті ұғым. Әлемдік саяси тәжірибе көрсеткендей, әрбір мемлекет үшін тәуелсіздік мерекесі ұлттық мерекелер арасында аса жоғары маңыздылыққа ие, тек қана тарихи фактілерді еске алу күні емес, ұлт болып ұйысатын,  әрбір азаматқа ортақ қадірлі мереке ретінде атап өтіледі. Мысалы, Америка Құрама Штаттарында тәуелсіздік мерекесін (4 шілде) мемлекеттік бірегейлік пен әлеуметтік, нәсіларалық мәселелерді шешуде  жалпы ортақ құндылықтар қалыптастыруда саяси идеологиялық дата ретінде атап өтеді. Түркия Республикасында  (29 қазан) республика күні барлық қоғамдық орындарға мемлекет туы ілініп, қоғамдық шерулер ұйымдастырылып,  ұлттық бірлік күні ретінде аталып өтеді. Еліміз,  Қазақстан жағдайын да, әрбір азамат үшін 16 желтоқсан қастерлі датаға айналып келеді.

Фридрих Эберт қорының 2018 жылы жастар арасында жүргізген сауалнамасы бойынша, жастар арасында тәуелсіздік мерекесі ең жоғары құндылыққа ие мереке ретінде көрсетілген.

Себебі, 16 желтоқсан қазақ халқының танымында тек 1991 жылы тәуелсіздік  декларациясы қабылданған күн ғана емес, тәуелсіздікке алғышарт болған 1986 ж. алғашқы қазақ жастарының тәуелсіздікке жасаған саяси қадамымен де байланысты. Тәуелсіздік жариялап, әлемге «Қазақстан Республикасы» атауымен халықаралық қауымдастыққа танылғанымызға 30 жыл толғанымен, мемлекеттік бірегейлігіміз, ұлттық қалыптасуымыздың тарихы тереңде екендігі баршамызға айқын. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында, мемлекеттілігіміздің тарихи қалыптасуын, қазақ даласындағы алғашқы мемлекеттік құрылымдардың қалыптасу кезеңінен бастап қазіргі кезеңге дейінгі қалыптасу эволюциясын насихаттау мемлекеттік идеологиялық тұрғыдан аса маңызды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміз үшін саяси, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қиын кезең болды. КСРО кезеңінде өзге кеңестік республикалармен тығыз байланысты кеңестік Қазақстанның экономикалық жүйесі, КСРО ыдыраған тұста толықтай қайта құрылымдануды талап етті.  1991 жылы елдің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 11 пайызға төмендеді, инфляция деңгейі ай сайынғы бағаның 57-58 пайызға өсуімен 147,12 пайызды құрады. Инфляциялық жағдай 1993 жылдың аяғында теңестіріліп, орташа мөлшерлеме шамамен 2169,8 пайыз деңгейінде белгіленді. Осы кезеңде жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызға жетті. 1995 жылы ол 3,2 пайызға дейін төмендеді. 1992-1994 жылдар аралығында халық арасында жұмыссыздық артып,  бюджет тапшылығы 1994 жылы 20,6 млрд теңгені (47,8 млн АҚШ доллары) құрады. Алайда, үкімет тарапынан 1993 жылы 2005 жылға дейінгі саяси-экономикалық дамуының стратегиясын жариялап, үкімет жекешелендіру бағдарламасын, экономикалық реформаларды жүргізіп, кеңестік жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшуді бастады. Нәтижесінде, тәуелсіздіктің алғашқы декадасында жекешелендіру реформасы арқасында Қазақстанда шағын және орта бизнестің тұтас табы қалыптасты. Азия даму банкінің мәліметі бойынша, Қазақстанның прагматикалық экономикалық саясаты елдің табысы төмен деңгейден  орташа деңгейге көтерілуі тіимді экономикалық реформалар нәтижесінде мүмкін болды. Қазақстан кедейшілікті төмендетіп, халықтың бастауыш білімге қолжетімділігін арттырып, гендерлік теңдік пен балалар мен аналарды әлеуметтік қамсыздандыруға қол жеткізе алды. Халықаралық еңбек ұйымының мәліметі бойынша, Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі тұрақты түрде төмендеп,  2011 жылдан бері бұл көрсеткіш үнемі 5 пайыздан төмен болып келуде. Десе де, тәуелсіздік жылдары тек жетістіктер мен құлдыраудан тұрмады. 70 жылға жуық тоталитарлы, жоспарлы экономикалық жүйеде өмір сүріп келген ел халқына қысқа мерзімде жүйелі түрде нарықтық либералдық құндылықтарға көшу оңайға түспеді. Сәйкесінше, транзиттік кезеңде Қазақстан халықаралық ұйымдар мен әлемдік елдер тәжірибесін ескере отырып қиындықты еңсеріп шықты. Қазақстан бұрынғы Кеңес Одағының 70 жылға жуық коммунистік режимінің көлеңкесінен шығып, аймақтағы ең қуатты экономика мен саяси біртұтас мемлекет құра алды. Соңғы отыз жылда, Қазақстан  мол табиғи ресурстарын игерудің қалыптасқан формасын қалыптастырып, мемлекеттің жаңа астанасын сала білді. Ядролық қаруға қарсы қозғалыстың әлемдік көшбасшысына айналып, әлемдік діни көшбасшыларды диалогқа шақыра алатын, Украина, Қиыр Шығыстағы саяси тұрақсыздықтар барысында барлық тараптың сенімі мен құрметіне ие медиатор статусына ие болды. Бүгінде, тәуелсіздіктің отыз жылдық мерейтойы қарсаңында Қазақстан әлем елдеріне өз тәжірибесінен қажетті кеңестерді бере алатын жағдайда. Сол себепті, біздің пікірімізше, Қазақстанның тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктерінің ішінде универсалды стратегия ретінде өз тиімділігін дәлелдеген келесідей саяси белестер әрбір қалыптасып келе жатқан мемлекеттер үшін даму жолындағы бағдары болады деп сенеміз.        

Біріншіден, еліміздің ең елеулі жетістіктерінің бірі – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев негізін қалаған этносаралық қатынастар саласындағы саясаты. Қазақстанның этносаралық саясаты ХХІ ғасырда бірден бір сәтті жүргізілген, инновациялық модель болып саналады. Еліміздің этноконфессиялық саясаты қазақ қоғамының полиэтникалық және конфессиялық саналуандығы жағдайында ерекше маңызға ие. ҚР Статистика комитетінің мәліметі бойынша, 2020 жылдың қаңтар айының басында елімізде титулды ұлт қазақтар үлесі 68,5 пайызды, ал басқа этностар 31,5 пайызды құрады. 1989 жылы КСРО халық санағы мәліметінше Қазақстандағы  қазақ халқы үлесі 39,6%, орыс халқы - 37,8%, және өзге де жүздеген этнос өкілдері болды. Этносаясаттың түйінді идеяларын 1993 жылы мамырда Қазақстан тәуелсіздік алған тұста Назарбаев тұжырымдаған болатын. Олар ұлтаралық келісімді, этникалық саналуандылықты, этностық шығу тегіне қарамастан азаматтардың теңдігін сақтауға, сондай-ақ дұрыс патриотизмге тәрбиелеуге негізделген еді. Патриоттық тәрбие әрбір азаматтың өзін-өзі анықтауын қалыптастыруды көздейтіні баса айтылды. Назарбаев 2016 жылы жарияланған «Ұлт жоспары – қазақ арманына бастайтын жол» атты мақаласында біздің жолымыз – азаматтық бірегейлікке негізделген ұлтты дәйектілік пен бірлікке бастайтын жол екенін атап өтті. Н.Ә.Назарбаев: «Біздің мақсатымыз – Қазақстан қоғамын біртұтас азаматтық қағидаттар мен Мәңгілік Елге енген ұлттық құндылықтар негізінде дамыту арқылы еліміздің ортақ бірегейлігі мен бірлігін нығайту» екендігіне баса тоқталып өтті. Сонымен, Қазақстанның этносаралық қатынастар саласындағы саясатының ең маңызды элементі – саналуандылық арқылы бірлікке жету. Н.Ә.Назарбаев «100 қазақ этносының біртұтас ұлтымызға бірегей артықшылық беретін кем дегенде 100 ерекше және қайталанбас белгілері бар» деп атап көрсетті. Бірегей мемлекеттік институт болып – Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) да ұлтаралық келісімді қалыптастыруда құрылымдық маңызды рөл атқарды. Бүгінгі ҚХА қызметінің маңыздылығы қазіргі әлемде этносаралық және конфессияаралық қатынастарды реттеудің маңыздылығының артуына байланысты  артып отыр.  Ұлтаралық татулық пен этностар арасындағы бірлікті қалыптастыру тәуелсіздік жылдары ұлттық тұрақтылықты қалыптастыруда бірден бір институционалды жетістік болды. Полиэтностылық пен поликонфессионализмді қазақстандық қоғам кемшілік емес, артықшылық ретінде қабылдады. Сондықтан, көпұлтты алыс және жақын шетелдік әрбір мемлекет үшін қазақстандық модельдегі ұлтаралық татулық пен бірлік саясаты үлгі әрі сабақ болуға тұрарлық қадам деп білеміз.

Екіншіден,  Қазақстанның өркениеттер тоғысында орналасуы, саяси дербес актор ретінде қалыптасуда мемлекеттік геосаяси  бағытын айшықты түрде айқындауды талап етті. ТМД-ның басқа мемлекеттерінен айырмашылығы Қазақстан Республикасы ірі ұлтаралық және конфессияаралық қақтығыстардан аулақ бола білді (1990 жылдары көршілес Тәжікстан, Қырғызстан елдеріндегі азаматтық сипаттағы қақтығыстарды есепке алғанда). Орталық Азия аймағы халықаралық саясатта дербес аймақ ретінде жарияланғаннан кейін, аймақ тек өркениеттер тоғысы ғана емес, халықаралық саяси қатысушылардың мүдделері тоғысқан аймағына айналды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан сыртқы саясатын теңгерімді және балансқа негізделген көпвекторлы сыртқы саясат негізінде қалыптасты. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде Қазақстан сыртқы саясатта көптеген маңызды мәселелерге тап болды. Мысалы, мыңнан астам кеңестік ядролық оқтұмсықтар, шырт үзілген сауда жүйесі, әр текті көп ұлтты халық және экономикалық құлдырау. Мұның барлығын, статус квоны сақтай отырып қайта құру оңайға соқпайтын еді. Қос көрші елдер Ресей мен Қытай арасындағы кеңестік кезеңнен келе жатқан шекаралық даулы аймақтар, трансшекаралық өзендер мәселесі, теңіз жолына тікелей мүмкіндіктің болмауы, сыртқы елдермен сауда айналымының дұрыс жолға қойылмауы елдің саяси номенклатура үшін «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» өтетін кезең болды. Аталмыш мәселелерді елдің артықшылығына айналдыру жолында Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясатын қалыптастырды. Көпвекторлы сыртқы саясаттың мәні – ұлттық мүддені негізгі орынға қойып, ұлы державалардың күштер балансына сүйену болатын. Көпвекторлы сыртқы саясатты тәуелсіздік жылдарындағы қазақстандық инновация дей алмаймыз. Себебі, халықаралық қатынастар тарихында қос держава арасында маңызды рөлге ие орташа күшті мемлекеттер әрқашанда ірі саяси қатысушылар арасында баланс сақтау арқылы бейбітшілікті қамтамасыз етіп отырған. Мысалы, АҚШ пен ҚХР арасындағы Сингапур, ХІХ ғасырдағы Пруссия мен Франция арасындағы Лихтенштейн және т.б. Қазақстан Республикасының егеменді дамуының барлық жылдарындағы сыртқы саясаты Н.Назарбаев 1991 жылы 1 желтоқсанда ел Президенті болып сайланғаннан кейін бірден жариялаған көпвекторлы тұжырымдамаға негізделген. Президенттің айтуынша Қазақстан Республикасының көпвекторлық сыртқы саясаты «...әлемдік саяси процестерде маңызды рөл атқаратын және біздің еліміз үшін практикалық қызығушылық тудыратын барлық мемлекеттермен достық және өзара құрметке негізделген қарым-қатынастарды дамыту».

Қазақстан өзінің геосаяси жағдайы мен экономикалық әлеуетіне байланысты  аймақтық проблемалармен шектеліп қалуға құқығы жоқ. Қазақстанның болашағы Азияда, Еуропада, Шығыста және Батыста. Дәл осындай саясатты жүргізу арқылы біз Қазақстанның қауіпсіздігіне қауіп төндіретін кез келген қауіптің алдын ала аламыз. Қазақстанның көпвекторлы саясаты негізінен еліміздің геосаяси жағдайымен, халықтың көпұлтты және көпконфессиялық құрамымен, жалпы экономиканың даму деңгейімен айқындалып келуде. Ағымдағы халықаралық саясаттағы тенденцияларды ескерсек, Қазақстанның сыртқы саяси стратегиясында дәстүрлі және дәстүрлі  емес қауіп-қатерлердің (халықаралық терроризм, діни экстремизм, есірткі бизнесі, заңсыз көші-қон) алдын алуға бағытталған Орталық Азиядағы тиімді қауіпсіздік жүйесін қамтамасыз етуге басты назар аударып келуде. Ауғанстаннан АҚШ әскерінің шығуы Қазақстанның өңірлік қауіпсіздік бойынша ұстанымын кеңейтіп, жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруда. Көпвекторлы сыртқы саясаттың тағы бір маңызды бағыты бұл өңірлік және халықаралық саясатта халықаралық ұйымдардың рөліне баса назар аудару. Аталмыш бағыт бойынша, Қазақстан инициативасы бойынша   құрылған, «Азиядағы ЕЫҚҰ» саналатын - Азиядағы сенім шараларын дамыту жөніндегі кеңес, ҚХР мен РФ бір үстелге алып келіп отырған, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құрылған - Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, институционалдық тұрғыда Қазақстан сыртқы саясатының ең маңызды бағытын құрап келді. Сонымен қатар, көп векторлы сыртқы саясат Ресей және Қытаймен стратегиялық ынтымақтастықта, көршілес Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан елдерімен  достық қарым-қатынаста, АҚШ-пен, Еуропалық Одақ елдерімен, сондай-ақ ЕҚЫҰ және Солтүстік Атлантикалық Шарт Ұйымы (НАТО) сияқты ұйымдармен сындарлы өзара іс-қимыл саясаты жалғасын тауып келуде. Ислам әлемі мемлекеттерімен, Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерімен серіктестік, саяси байланыс өзара сенім мен құрметке негізделіп жалғасып келуде. Қазақстан Республикасы өзін жаһандық  ірі саяси ойыншы ретінде көрсетпегенімен, Қазақстанның негізгі мүдделері аймақты тұрақтылық пен бейтараптыққа бағытталуда. Қазақстан Республикасы өзінің географиялық орналасуы мен стратегиялық мүдделерін ескере отырып, аймақтағы тұрақтылық, ашық диалог пен өзара іс-қимыл үшін берік негіз жасап, қалыптасқан таңдалған сыртқы саяси бағыттар бойынша экономикалық және саяси ынтымақтастықты дамытудың озық үлгісін көрсетіп, одан әрі нығайтуға ниетті. Сонымен, сыртқы саясат саласындағы басты жетістіктердің бірі Қазақстанның халықаралық үдерістерге тез әрі тиімді интеграциялануы, еліміздің ірі халықаралық бірлестіктерге енуі, сонымен қатар Қазақстанның қазіргі таңда Еуразия кеңістігіндегі аймақтық интеграцияның мойындалған локомотиві болуы болып табылады.  Көпвекторлы сыртқы саясат – бұл тәуелсіз Қазақстанның өмір сүру кезеңінде әлемдік қауымдастыққа лайықты ену жолында жүйелі түрде ойластырылған, әрі тәуелсіздіктің алғашқы отыз жылдығында өз тиімділігін көрсеткен тәуелсіз сыртқы саясат моделі. Сыртқы саясат саласында да Қазақстан тамаша табыстарға қол жеткізді.Үшінші маңызды «қазақстандық даму моделінің» ерекшелігі бұл білімге салған мемлекеттік инвестиция. Бүгінгі таңда әлемнің барлық дамыған елдерінде білімге басымдық беріліп, білім саласы стратегиялық әлеуетке ие сала ретінде қаралып келуде. Білім берудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету әрқашан Қазақстанның стратегиялық міндеттерінің бірі болып келді. Қазіргі таңда, қазақстандық білім беру орталықтары халықаралық рейтингтерде жоғары орындардан көрініп, отандық ғылым халықаралық ғылыми қауымдастықта маңызды құрметке бөленіп келуде.  Ғаламдық пандемия кезінде (2020 ж.) Қазақстанның өзіндік вирусқа қарсы вакцина жасай алуы, тәуелсіздік кезеңінен бастап  ғылымға жасалған инвестиция өтемі болды дей аламыз. Елбасы, Н.Ә.Назарбаевтың 1993 жылы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары негізін қалаған «Болашақ» халықаралық білім беру бағдарламасы білім саласындағы елеулі жетістіктердің бірі. Бағдарлама жарияланғаннан бері 15 мыңға жуық қазақстандық жас әлемнің жетекші университеттерінде білім алды.  Болашақ бағдарламасы еліміздің жас азаматтарына өз әлеуетін іске асыруға мүмкіндік беретін нақты және тиімді әлеуметтік лифт ретінде қалыптасты. Осылайша, 2018 жылы Н.Ә.Назарбаев үкіметке білім, ғылым және денсаулық сақтау салаларына жұмсалатын қаржыны ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына жеткізгенше ұлғайтуды тапсырды. Елдің білім саласындағы жетістіктеріне жаңа, озық технологияларды, оның ішінде жалпы әлемдік трендке сай цифрлық мемлекеттік реформаларды дамыту жолындағы қадамдарды атап өтуге болады. Елімізде адам капиталының қалыптасуында «Болашақ» бағдарламасы маңызды рөл атқарды. Бұл ең алдымен экономика, білім, ғылым, денсаулық сақтау, ұлттық мәдениет пен өнер үшін жаңа кадрлар еді. 1993 жылы 11 қарашада Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен құрылған «Болашақ» Мемлекеттік бағдарламасының кадрларды даярлауда және жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен білім беру байланыстарын дамытуда маңызы зор болды. 1994 жылы алғашқы қазақстандық студенттер АҚШ, Ұлыбритания, Германия және Францияның жоғары оқу орындарына оқуға жіберілді. Посткеңестік елдердің тарихында тұңғыш рет мемлекет есебінен дарынды жастарды шетелде оқыту мүмкіндігі туды. Бүгінгі таңда «Болашақ» бағдарламасы бойынша екі мыңға жуық инженерлік-техникалық мамандар дайындалды, олар бүгінде біз үшін өте маңызды. Бұл инновациялық технологиялар, металлургия, байланыс саласының қызметкерлері. Индустриалды-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыру – Қазақстанды минералдық ресурстар – мұнай, газ, металл және т.б. тәуелділіктен шығару үшін бізде болмаған мүлде жаңа кәсіпорындарды құру. Болашақ бағдарламасының мемлекеттік стратегиялық жоба ретінде елдің дамуына бергенінен әлі берері алда. Алайда, тәуелсіздіктің отыз жылдығында елде адам капиталының негізін қалаған, жастар арасында ғылым мен білімнің қарыштауына себеп болған жоба, әлем елдері үшін «қазақстандық даму жолынан» алатын сабақ болады деп сеніммен айта аламыз.           

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы – бұл ата-бабаларымыз  ғасырлар бойы армандаған қазақ мемлекеттілігі мен азаттығын, біртұтастығын қалыптастыруда мәні жоғары мереке. Тарих үшін 30 жыл көзді ашып-жұмғанша зымырап өтетін сәт болғанымен, тұтас ұрпақ  үшін бұл қиындықтар мен қуаныштардың, дағдарыстар мен өрлеулердің тұтас дәуірі.

Нұрболат НЫШАНБАЕВ,

Тұран университеті

2441 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз