• Еркін ой мінбері
  • 26 Қаңтар, 2022

КІСІ ИЕСІ

Ардақ ҮСЕЙІНОВА

Кісінің кім екенін түсінбейтін, алдыңғы толқынның бәрін Аға дейтін, адамның да адамы болатынын білмейтін балаң шағым ғой. 6-ны бітіріп, 7-шіге көшкенмін. Жазғы демалыста қолыма «Әнім сен едің» дейтін бір кітап түсе кеткені. Талғамай оқитын кезім. Жазудың машақаты да қатар жүретіні санама кіріп шықпаған соң, жазушының шеберлігі дейтінді қайдан ұғайын?! Повесть, әңгіме, романдағы образ дейтін ұғым ойыма ұялап та үлгермеген, стильді саралай да алмаймын. Жалпы соның бәрі проза аталатынына да назар аудармаған қайран балалық-ай десеңізші... Сюреализм, мистика, реализм дейтінді ажырата бастағаным да күні кеше. Бірақ оқып, тауысқанымда қатты таңырқағанымды білемін. Сонда ғана кітапты жауып жатып, авторы кім екен деп назар салыппын. Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ. Ұмытып қалмайын деп бірнеше рет қайталағам сол жолы.

Арада талай жыл өтіп, аудандық газетте еңбек етуге мүмкіндік туған. Талай жыл деген жүйрік көңіл үшін айтыла салатын өлшем ғой. Ал уақыт еншісіндегі – 7-8 жыл. Бұл жолы «Құдірет пен Қасірет» деген романды авторы Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ болған соң ғана қолыма алдым. Тағы біраз айлардан кейін Тараздан шығатын республикалық «Жамбыл» журналы қолыма түсті. Ойпырм-а-й редакторы жазуы мені таң-тамаша еткен сол бір мықты жазушы екен. Сонда барып... Дәутайдың ұлы мына тұрған Таразда тұратынын түсіндім.

Әдебиет дегенде шекара болмайды. Шындығы сол. Басқаны қайдам, мен үшін мықтылардың қайда туып, қайда өскені маңызды емес еді. Сол көзқарастан әлі күнге айнығам жоқ. Әлі күнге Әбдіжәміл Нұрпейісовтың, Тынымбай Нұрмағанбеттің, Төлен Әбдіктің, Жүсіпбек Қорғасбектің қай жақтың тумасы екенін «Google»-дан бір қарап алмайынша, жатқа айта алмаймын. Бәрі қазаққа ортақ. Осылай санама мықтап сіңіріппін. Ал оған ықпал еткен адам – өзі де ешкімді Жер мен Жүзге бөлмеген жазушы Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ.

Талантына таңдай қақтырып, талайларды таң-тамаша еткен жазушы жазудағы өзіндік қайталанбас қолтаңбасымен қайран қалдырып, өзі басқарған «Жамбыл» журналы арқылы мықтыларды дәріптей жүріп, мені әдебиет әлеміне жетелеп әкелді. Тамсанып оқып отырып, «шіркін осы журналға менің де жазған-сызғаным жарияланар ма екен» деп талай арман еткенмін. Іштей өз-өзімді қайрағанмен, біразға дейін жазбаларымды жіберуге батылым жетпеді. Жеткен күні оның жарияланатына сенген жоқпын. 

Сол сенімді санама Несаға сіңірді. Сендіріп қана қойған жоқ, алғашқы әңгімелерімді «Жамбыл» журналына жарияламай жатып, «Әдебиет» номинациясы бойынша облыс әкімінің шығармашыл жастарға беретін сыйлығына ұсынды. Сол жылдары талантты жастарға өңір басшысының қаржылай сыйақысы берілетін. Ұсынып қана қойған жоқ, осы іс-шараға жауапты басқарманың басшыларына батырып айтып жүріп, сол сыйлықты алып та берген.

Әлі есімде, қолымда бір шоқ гүл, марапат қағазы. Конвертті ашпастан, екі бүктеп әмияныма салып алғанмын. Есім-сойы бала күннен таныс, ал жүзі бейтаныс жазушының кабинетіне имене кірдім. Ағамыз есікке бір қарады да, «Ә, Ардақсың ғой, кел, әкем!» – деді. Іштей «сөзді неден бастасам, өзімді қалай таныстырамын», – деп абыржып тұрғанмын. Қуанып кеттім. «Иә, аға, Ардақпын. Марапатымды алдым, сізге амандасайын деп, рахметімді айтайын деп келдім», – дедім іле-шала. «Өмірде өзі солай болуы тиіс, біз жастарға болсын деуіміз керек», – деді. Әлдекімдерге ұқсап, «Менің арқамда, мен ұсындым», деп бәлсінген жоқ. Арқамнан қағып, шығарып салды.

Несағаның әлдебіреулерге еш ұқсамайтынын кейін білдім. Жазуы қандай ерекше болса, болмысы да дара екен. Адамдардың бойынан кісілікті іздейтін. Ешқашан кеуде кермейтін кішілікті көргісі келетін. Талантын таныса, кім-кімді болсын, әсіресе, талапшыл жастарды іздеп, таппай қоймайтын. Сол жастар жанына жиылса, еш кісімсінбейтін. Бәрімізді өтеусіз жасалған жақсылық қайтадан иесін таппай қоймайтынына сендіретін. Бірақ соған өзі сенді ме?..

Сенетіндей еді... Алайда кісілікті ту еткен жазушы «Кісі иесі» әңгімесінде...

«Ей, мынау… Мынау… О, құдай… Қозыбас… Ия, сол ғой… Өзі…

Лезде біртүрлі қуанып та қалғандай болды.

– Оу, сіз… Қозыбас аға…»

 Әрі қарайғы диалог жаныңды түршіктіреді. Кенжеғазының алдында күні кеше әкесі өз басын қауіп-қатерге тігіп, аман алып қалған адам бейнесіндегі азғын тұр. Азыққа «балаңды тастап кет» дейді. Жазушы пәлсапа соғып жатпай-ақ, жақсылыққа – жақсылық әрқашан бола бермейтінін тар жолдағы талайлы тағдыр арқылы неге көрсетті?

Қазір ғой, жатып келіп ойланамын, Несаға кісілікті айналасындағылардан көп іздеді ме екен деп. Жұртым деп жақсысы бар, жаманы бар, алғаусыз жақсы көргендері ол кісінің кісілігін тани алды ма деп... Мұны өткенде жазушы Жүсіпбек Қорғасбек те айтты. Жамбылдықтар маңдайға біткен мықты жазушысының қадіріне жете алды ма дегенді. Жете алмағаннан кейін шығар, талай да, талай таланттарды қаламымен, қағазымен бірге оқшау қалдырып, шетқақпайлағандай болғаннан соң ғой, кісілікті әңгімелеріндегі символдық образдарға сіңіргісі келгені...

«Қайсыбір күні, тарс-гүрс етілген мылтық даусына елеңдеп диірменнің қасында қалқайып тұр еді, қарсы қапталдың қалың қарын қақ жарып өзіне қарай тұра салып келе жатқан қасқырды көрді. Тайыншадай көкбөрі со бойы мұның дәл жанынан ағып өтіп, есігі ашық тұрған қораға қойып кеткен. Бауырына түгел мұз қатқан қасқыр қораның қараңғы түкпірінде екі бүйірін соғып тұрды. Қанды көзі боп-боз. Ырылдай ма, қыңсылай ма үні біртүрлі аянышты. «Жансауғалап келдім» дейтін сияқты. Бұл есін жиып болғанша, үш-төрт әскер де келіп қалған, дүние көшіріп. Қандай құдіреті сөйткізді ме, «Былай қарай ағып өтті» деп қуғыншыларды басқа жаққа сілтеп жіберген»... «Кісі иесіндегі» кісілік дейтін адамға тән қасиет көкшулан бөріге қалай ауғанын бір деммен оқып, соңына жеткенде бір-ақ түсінесіз. ...«Әйел не ойлап, не қоярын білмей, аң-таң қалды: Бұл не?.. Қоржынды кім әкелді. Тастап кетіп еді ғой. Сонда жаңағы бөрі… Қасқыр емес шығар ол. Солай болып жүрген баласының періштесі шығар. Періштесі болады дейтін еді ғой, үлкендер. Періштесі…»

Оу, сонда көкбөрідегі кісілік қайтып өз иесін – кісіні қашан табады?! Былайғы жұрт біле бермейді ғой, сол кісілік жазушының ең мықты қасиеті еді. Кісі иесі де өзі еді.

Иә, Кісі еді. Көрсеткен кісілігі – кейінгіге аңыз. Айтып тауыса алмайтындай. Тауы шағылып, тауаны қайтқандар Несағаны іздейтін. Алдына келгеннің меселін қайтарған кезін көрмедік. Ақылын айтып, жол сілтеп, қолтығынан демеп те жіберетін. Қияға салса да, қиыннан жол тауып, көмегін аямайтын. Сөз демеуінің өзі қандай?! Бірақ сондай қолдау-қошеметті өзі сезіне алды ма?

Бесінші жылға да аяқ басып қалды ғой. Жазушының 70 жас мерейтойын өтер сәтті мына жағы атыраулықтар, мына жағы Арқа, мына жағы Алатаудың бөктеріндегілер асыға күтті. Тіпті, Атырау өңірінің сол кездегі басшысы «Аға, бізге келіңіз, мерейтойыңызды дүркіретіп тұрып өткізейік», деп шақырту да айтқан. Сонда Несаға: «Жоқ, осында да өтеді ғой» - дан арыға аспады. Сөз қадірін түсінетіндігі шығар, той иесі сөйдеді екен демей, орынбасарына бастатып, оншақты адам арнайы делегацияны жіберді. Алматы жақтан да, басқа өңірлердегі қаламгердің қадір-қасиетін шын түсінетіндер де қарап қалмады. Ал біздің жақта сол кездегі елдің иесі – өңір басшысы қабылдауына шақырып, театрда өткен салтанатты іс-шараға бірінші орынбасарынан бір шапанды арқалатып жібергенін – сый-құрметтің лайықтысы санады. Сонда ғой, әнеугүні ақын Светқали Нұржанов айтқандай, біздің жақта әлдеқандай «алдатөмпектерді» де әжептәуір көріп жүргендер көп екен ғой деп, іштей төменшік тартқанымыз.

Тағы да, Светқалиша айтсақ, қазағын құшағына сыйғызып қамтып сүйген жазушыға деген бар қазақтың құрмет-қошеметін өзіміз көрсете алмаған соң, іш қазандай қайнаған қайран көңіл ғой, біздікі. Бір таңғалатыны, анау өйтті, мынау бүйтті дегенді Несаға аузына да алған жоқ. Қаперіне де ілген жоқ. Тұлпар мінгізіп, сарай салып бер деген жоқ. Тарту еткендерінің өзі әлдеқандай себептермен құжаты реттелмегенін де басқаға айтып, басқалай іс қылған жоқ.

Соңғы үш-төрт жылда ғой, облыста өткен үлкен жиындарға жазушыны қоярда-қоймай қолқалап, қалдырмай шақыра бастады. «Асқардың бойында тектілік бар ғой, мені төрге оздырмай, ешуақытта столға отырған емес», дейтін. Сөз тыңдай білетініне қарап, кейінгі басшыға деген көңіл-қошы да түзу болды. Онша-мұншаны елең санамаса да, көңіл бөлгенге еңсесі биік жүрді. Бірақ ешкімнен өзіне ерек көңіл бөлуді сұраған жоқ. Сонысымен асқақ еді. Сонысымен паң еді! Қазір ойлап отырсам, адамның да Адамы – Несаға болыпты! Кісінің де – Кісісі өзі екен. Ал шынайы, нағыз Аға болудың үлгісі, басқа жақты қайдам, біздің жақта Несағамен бірге үзілгендей көрінеді.

Биыл қазақтың қаламына ерекше қуат дарыған жазушысы Несіпбек Дәутайұлының – 75 жылдығы! Осы жылдың аясында қаламгердің еңбектері ел арасында өз деңгейінде дәріптеліп, қазақ әдебиетін жаңа деңгейге көтерген жазушының есімі ел есінде қалатындай өнегелі бастамалар қолға алынады деп сенемін!

Тараз қаласы

5294 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз