• Ұлттану
  • 26 Қаңтар, 2022

ТӘРБИЕ МАРШАЛЫ

Махамбет атындағы Батыс Қазақстан университетінің қауымдастырылған профессоры, айтыскер ақын, VII Алтын домбыра иегері Жансая Мусина мақала кейіпкерінің мерейтойына  орай: «Жат көріп, жатырқамас жан баласын, Кеңпейіл көңіліне таң қаласың, Әділдік, адалдығы сынға түссе, Имейтін еш уақытта ханға басын, Қадірі аспандап тұр ұлт алдында, Ғұмырын ұрпақ үшін арнағасын; Ойламай артық мансап, пайда күшті, Сүйікті кәсібімен айналысты. Малбағарқызы жүрген ізбен келед(і), Арулар жиған бойға сай намысты. Ғалымның бар өмірі берекелі, Махамбет ордасымен байланысты; Қанықпыз еңбек сүйген атына біз, Әр асқан асуында жатыр аңыз. Қашанда студенттерге Түймеш апай, Бір өзі қамқоршы ана, батыр, абыз», – деп жырға қосқанды.

Біз Тәрбие Тайбурылы Түймеш Малбағарқызымен 1981-1985 жылдары бірге оқыдық. Осы кезеңде атағы аспандап тұрған Орал педагогикалық институтын тәмамдадық. Рас, Тәкең бізден бір курс бұрын бастады. Ай-қай, студенттік кезеңде біздің Таня қыз қызғалдақтары басым филология факультетінің хор қызындай бірінен бірі өтетін тұтас аруларынан жасақталған «Ассоль» атты студенттік құрылыс отрядының комиссары, облыстық штаб командирі болса, мен филология факультетінің қыран мінезді  өңкей сұңқарларынан құралған ер жігіттерден жасақталған «Данько» құрылыс отрядының командирі болып, еңбек майданында аянбастай тер төктік.  Терлеп көрмеген тердің қадірін қайдан білсін!.. Сөйтіп, студенттік кезеңде Альма-матеріміз – туған институтымыздың имиджін еселей арттыруға оқуымызбен де, еңбегімізбен де зор үлес қостық. Қазір таң қаламыз, жазғы демалыс кезінде жастық жалынмен еңбек майданына араласып, қосымша қаржы көзін тауып, ата-анамызға, бауырларымызға көмектесіп, қысқасы, бір тыным таппаушы едік-ау! Еңбек  біздің екінші анамыз болды. Сол тұстағы филология факультетінің деканы – бүгінгі ардагер ұстаз, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Жұмағали Серіков...

«Жақсы кісі: ақылымен тәуір болады, мінезі  қорғасындай ауыр болады, құлағы  өсек естіместей сауыр болады, кедейдің жалғыз керіндей – құйрығы шолақ,  арқасы жауыр болады» дегендей, бүгінде Тәкең жақсы кісілердің сапынан. Біз білетін Түймеш Малбағарқызы – көкірек көзі, пейілі таза кісі. «Көкірек таза болмаса, көз тазасы не керек. Пейілің таза болмаса, сөз тазасы не керек» демей ме ауызы дуалы би-шешендеріміз. Бүгінгі Тәрбие маршалы Түймеш Малбағарқызы – турап айтар турашыл, кесіп айтар кесімшіл, кісілігі мол, әділ жан. Ал кімде-кім тура һәм әділ болса, соның жүзі сәулелі күншуаққа ұқсар деген бар емес пе?

Құдай сақтасын, Түймештің біреуге ор қазғанын, өтірік айтып, жалған сөйлегенін естіген де, көрген де емеспіз. Асылы, біздің кейіпкеріміз әкесі Малбағардан, анасы Дімкәдан қалған «Біреуге ор қазған өзі түсер», «Өтірік айтпа: бір рет жалған сөйлер болсаң, жалғаншы деген аттан қашып құтыла алмай қаларсың» деген тәрбиелік тәмсілді  ұғып өскен.  Түймеш үш сөзді ешқашан естен шығармауды жөн санайды. Олар – ұят, борыш, обал. Әр кез «Ұят болар! », «Борышымыз ғой!», «Парызымыз емес пе!» , «Обал болар!» деп жүргені. Бір ғажабы, Тәкең – тәрбие ісіне бел шеше араласқан ғалымдардан хат қаларын, ұста ұстаздардан рухани мол мұра қаларын анық аңғарған жан. Біледі де, ортақ істе кедергі болмай, қайта зор қолдау үлгісін көрсетеді. Тәрбие ісінде жаңа ұрпақтың рухани жаңғыру бағдарламасы аясында баулынуына баса мән беруі қуантады...

Біздің Тәкеңнің ғылым жолында да өзіндік ізі бар. 1989 жылы Түймеш Малбағарқызы бүгінгі Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінің (Алматы) аспирантурасына оқуға түсіп, 1994 жылы «Принцип преемственности в обучении синтаксису сложного предложения» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, диссертациялық кеңес мүшелерінің бірауыздан қолдауына ие болып, педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін үлкен абыроймен иемденді. Елуден астам ғылыми-әдістемелік мақаланың, екі оқу құралының авторы. Түймеш Малбағарқызы «Ақжайықтың асыл арулары» – «Заслуженные женщины Приуралья» атты энцклопедиясының бірінші басылымына алғашқылардың бірі ретінде енгізілген (Сонда, 34; 166-б.б.). Түймеш Малбағарқызы Дәрішева – «Халықтың сүйіктісі» Ұлттық сыйлығының лауреаты (2020, қаңтар).

Иә, көкті бу көтереді, жерді су көтереді, жүйрікті ду көтереді, жүкті нар көтереді, өлімді бар көтереді дегендей, біздің Тәкеңді – Түймеш Малбағарқызын университетіне шексіз махаббаты, іске адалдығы, мұқалмас ерік-жігері, аса жауаптылығы, пайымды патриоттылығы көтереді. «Арыстанның белгісі – артына қарап ақырмайды, нар түйенің белгісі – қабырғасын сөксе де бақырмайды, нағыз туған асыл ер, қанша қасірет шексе де, қайғыланып «аһ» ұрмайды» десе-ді. Іске келгенде аузымен құс тістейтін біздің ер мінезді Тәкең – жайдарлы да жігерлі, қарымды елдік істе ілгері, мойымас маңдайлы, еш нәрсеге де таңғалмас таңдайлы, кеудесі алтын, ағайын-бауырға  жақын, азаншыл да қазаншыл, қайратты да батыл қазақтың бірегей патриот қызы.

 Түймеш – адал сөзді жан. Адал сөз – екі дүниеде бірдей  жанның шырағы, арам сөздің екі дүниеде де сұрауы бар емес пе? Түймеш -  айтқан сөзге, уәдеге берік жан. «Бұзады уәдені осал адам» демей ме. Жаманның мыңы тұрмайды қара пұлға, жақсының бірі болады елге тұлға дегендей, Түймеш – университет тұтқасы. Түймеш –  теңіздің мұзы емес, елінің тұзы. Бұл ретте «алыс болса – теңіздің мұзы дағы, жақын болса – елінің тұзы дағы» дер едік. Біздің Тәкең жөніндегі бірер пікір алуаны төмендегіше өрілмек:

Серікқали Шарабасов (марқұм), әдебиеттанушы ғалым, ұстазы: Сту-денттік қиындығы мен қызығы мол жылдар Түймешке от берді. Ол  институт өмірінің ханбазарын қызықтаушы, жай аралаушы емес, студент-лидер ретінде танылды. Пушкин балы, Пушкин поэзия кеші, түрлі ерікті-еріксіз сенбіліктерде, қаланың салтанатты жиындарында арынды,  дарынды Түймеш жүретін. Осы әрекеттер институт ректоры, партия ұйымы, комсомол назарынан қалыс қалмады. Институтты бітірісімен, профессор Разак Абузяров кафедрасына жұмысқа қалдырылады... Университеттегі тәрбие жұмысының жүйесі білімді, жоғары мәдениетті тұлғаны қалыптастыруға бағытталған. Студенттермен жүргізілетін тәрбие жұмысы білім алушылардың жас ерекшелігіне сай құрылған. Атап өтер болсақ, «Ақиқат» пікірталас орталығы, БҚМУ студенттер кәсіподағы, «Студенттік кіші ассамблея» сынды жастар қоғамдық бірлестіктері гранттық жобаларға қатысып, облыстық, аймақтық, республикалық деңгейде іс-шаралар ұйымдастыруға мүмкіндік алды... Түймешті кейбіреулер «орыс мінезді», жазалау иесі, кекшіл деп кінә тағады. Ал Түймеш Дәрішеваның дәрісін тыңдаған, шаруасы түскен, тәрбиесін алған, жұмыстас болған ұстаздар бұл пікірден ада. Еңбек кітапшасында бір-ақ жұмыс орны көрсетілген. Еңбек бақытын биліктен,  Алматы, Астанадан іздемеген. Төккен терінің, бейнетінің зейнетін  студенттерден  көретін ақ адал, ақ еділ жанкешті тәрбиеші қарындасымыз Түймеш Малбағарқызы Дәрішеваға сұлу ғұмыр, биік шығармашылық бақыт тілеймін. Бұл тілегіме көп ұлтты әр тарапта қызмет етіп жүрген ұстаздар және барлық студенттер қосылады деп ойлаймын (2011 жыл, 27 қыркүйек).

Жаңабек Жақсығалиев, тарихшы ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, БҚО Маслихат депутаты: Бүгінгі кейіпкеріміз жаратылысы нәзік жанды болғанымен, «еркекке бергісіз» ер мінезді жандардың сапындағы тек өзіне ғана тән өмірлік дара жолы бар нағыз саңылақтың өзі... Бүгінде атағы алысқа жеткен М.Өтемісов атындағы БҚУ-да үзіліссіз жиырма үш жылға жуық тәрбие ісінің проректоры қызметін атқарып келе жатқан Дәрішева Түймеш Малбағарқызы – Батыс Қазақстан облысының оқу-ағарту және рухани өмірінде айшықты қолтаңбасы бар, есімі өңірге танымал қайраткер қыздарымыздың бірі. Мамандығымызға сәйкес салтанатты жиындардың басы-қасында жүріп байқағаным, ол кісінің сыртқы бейнесі тартымды, жүріс-тұрысы ширақ, қолға алған шаруасына бар ынта-шынтасымен білек сыбана кірісетін жігерлі, өз ісінің кәсіби шебері, тура жолмен жүретін адал да алғыр, табанды және жұмыс бабында жұрттың көп көңіліне қарай бермейтін, тиген жерін тіліп түсетін өткір тілді жан екендігі «соқырға таяқ ұстатқандай» көрініп тұратын. Болон декларациясы бойынша енгізілген оқытудың кредиттік технологиясына сәйкес, ол М.Өтемісов атындағы БҚМУ-да тәрбие жұмысының жаңа бағыттарын дамытып, студенттердің өзін-өзі басқару тетігін алғаш іске қосқан басшы ретінде өзіне тән шапшаңдықпен дер кезінде жалынды жастардан тұратын «команда» жасақтап үлгерді. Қай уақытта да өзін айналасына ерекше сыйлата білетін, айтқан сөзін қоршаған қауымға мұқият тыңдата алатын харизматикалық қасиетке ие жан оларды жаңа заман талабына сай икемдеп, шабыттандыра «жегіп» ширата білді. Шәкірттері бұл кісіге қарап бой түзеді, өнеге алды, қанаттары қатайды. Қазір олар еліміздің түкпір-түкпірінде, сан-салада мемлекеттік-әкімшілік қызметтерде адал еңбек етіп жүрген майталман мамандар, өз ісінің шеберлері.

Рита Сұлтанғалиева, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты: Апайдың «Түймеш» атымен бірге темірдей тәртіп бар, талап бар, талантқа құрмет бар, тәрбие бар, тәлім бар, тағылым бар. Ұзақ жылдар басшылық қызметте бір орында отыруының өзі Түймеш Малбағарқызының бойындағы басшыға лайық барлық  абзал қасиеттердің табылуынан деп айтуға толық негіз бар. Іскер басшы, ұлағатты ұстаз, шебер ұйымдастырушы, дайындықсыз модератор болып кете беретін біліктілік қасиеттерінің тізімін тоқтаусыз айта беруге болар.  Адами болмысы мен келбетін танытатын адамдық қасиеті, адамгершілігі бәрінен де бағалы мен үшін. 

Әлібек Байнешов, университетің 2007 жылғы түлегі, студенттік өзін-өзі басқару бөлімінің алғашқы студенттік ректоры: Студенттік шақ – балалықтың ауылы алыстап, бой түзейтін, ішкі әлеуетіңді ашып, қарым-қабілетіңді шыңдап тұлға ретінде қалыптасатын кезең. Жүрек өрекпіп, көңіл алып-ұшып, арманымды жалау етіп  БҚМУ табалдырығын аттаған күн әлі есімде. Содан не керек, ең жарқын қызу өмір басталды да кетті. «Студенттер қатарына қабылданудан» бастап, түрлі мерекелік шаралардың тізгінін ұстап, ән де айтып, КВН де ойнап, дебатқа да қатысып, «қыздардың арманы», «жігіттің сұлтаны» атанып едік. Біздің болашаққа  бағдарымыз дұрыс, мақсатымыз айқын болатын. Себебі талапшыл, ұстамды, ұстанымынан айнымайтын ұстаздар қатайтты қанатымызды. Осындай ерекше ұстаз-анамыз – Дәрішева Түймеш Малбағарқызы. Асып-тасып асқақтаған сәтте бір ауыз сөзбен орныңа қоятын, сағың сынғанда қанаттандыратын парасат-пайымы мол жан. Ішкі мәдениеті жоғары, бос сөзді суқаны сүймейтін, қабағымен жасқайтын қатаң әрі қамқор ұстаз...

Қысқасы, Түймеш Малбағарқызы – бүгінде бір текті әулеттің парасатты келіні, арда азаматтың асыл жары. Жездеміз Қалиолла Төлегенұлы Мұқановтың бір өзі неге тұрады. Қазақ елінің Батыс өлкесінің Сәбит Мұқановы сынды пошымды, көргенді ғашық етер тұлға. Аузын ашса көмейі көрінген ақ пейілді жан. Құдай қосқан Қалиолла жездеміздің шиге кіріп сыбырламай, ат үстінде дүбірлеп жүруінің жөні бар-ау! «Алған жарың жақсы болса, ат үстінен дүбір ет, алған жарың жаман болса, шиге кіріп сыбыр ет»  деген бар емес пе? Сөз соңында ағайын-бауырға айта-рымыз, амандықта қадір жоқ, алдырған күні білерсің, денсаулықта қадір жоқ, ауырған күні білерсің, қолда бар жақсының қадірі жоқ, айырылған күні білерсің дегендей, аман-саулықта Түймеш сынды жақсымыздың қадірін біле жүрелік! Ал қадірлі Тәкеңе – Түймеш Малбағарқызына талтүсің құтты болғай! Жорға жетпіске, сыйлы сексенге, тойлы да ойлы тоқсанға толғайсыз! Арғы жағын өзіңіз білерсіз. Сізге ақыл берген Алламыз, ризық бергей! Дене берген Алламыз, денсаулық бергей!  Жан жаратқан Алламыз, рух бергей демекпіз!

Абат Қыдыршаев,

Махамбет атындағы Батыс Қазақстан университетінің «Рухани жаңғыру» институтының директоры,  педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі

1438 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз