• Ұлттану
  • 26 Қаңтар, 2022

ДІНИ ФАНАТИЗМ НЕСІМЕН ҚАУІПТІ?

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор,

 Жамбыл облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі.

 

Таяуда Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында «Облыс аумағындағы балалар мен жас өспірімдер арасындағы қылмыстық тәртіп бұзушылықтың алдын алу шаралары» мәселесі қаралды. Әрине бұл мәселе кімді болсын толғандырады. 

Балалар мен жастар тәрбиесі күн тәртібінен ешқашан түспеу керек. Өйткені, жастар біздің болашағымыз, еліміздің келешегі. Қазақ атамыз «Не ексең соны орасың» деп бекер айтпаған. Жергілікті полиция қызметкерлерінің мәлімдемесіне сенсек, бір қуаныштысы, облыс көлемінде балалар мен жасөспірімдер арасында қылмыс көлемі жыл өткен сайын төмендеп келеді. Бірақ, байқап жүргеніміздей, жастар арасында діни ағымға бет бұрғандар аз емес. Жұма күндері мешітке қарай ағылған топ-топ жастарды көріп, кейде еріксіз ойға кетесің. Базбір мәліметтер бойынша, бүгіндері мешітке келетін жамағаттың 60-70%-ы жастар екен. Олардың арасында әлі кәмелет жасына жетпегендері де бар. Ой таразысына салсақ, бұл – Ресей империясынан, коммунистік державадан егемендік алып, тәуелсіздікке қол жеткізіп, өз тілімізді, өз дінімізді, өз ділімізді қайта қалыптастыра бастағанымыздың нәтижесі. Халқымыздың басым көпшілігі имандылық жолына түсіп, ауылдар мен қалаларда сандаған мешіттер бой көтеріп, діни білімдікті көтеру мақсатында діни университет пен колледждер, медреселер ашылды. Діни жоғары білім алам деген жастар Түркия, Арабия, Египет және де басқа мемлекеттердің діни ЖОО-на барып, сауаттарын жетілдіріп қайтты. Егемендіктің алғашқы жылдарында абайсызда діннің басқа ағымдарына ілесіп кеткен жастар, әртүрлі радикалды діни секталарға еніп кетіп, ел ішіне іріткі салғандары да есімізде. Тіпті, әр өңірде бірнеше террорлық ұйымдар ұйымдастырып, елімізді дүрбелеңге салғаны да белгілі. Теріс пиғылды біреулердің арбауына түскен, өзге жұрттан «бақыттарын» іздеген, қияли рахат дүниеге сенген біраз жастарымыз қан төгіске бөгіп жатқан Сирия, Ауғанстан сияқты елдерге қоныс аударып, бала-шағасын, отбасы мен жақындарын қиын жағдайға ұрындырып, өздерін «Құдай жолында» шейіт еткендер жайлы мәліметтер аз емес. Әлі де сол үрдіс, өкінішке қарай, бірен-саран болса да орын алуда. Сол ойсыз, пәтуәсіз фанат жандарды, олардың берекесіздікке, қиындыққа ұрынған отбасын көз алдыңа келтіріп, жаның ашиды, жүрегің сыздайды. Әрине, еліміздің басшылары өз азаматтарын әркез қорғап, қамқорлық көрсетуде. Сол үшін өткен жылдары арнайы «Жусан» операциясын ұйымдастырып, Сирияға діни радикалдық уағыздаушылардың «қармағына» ілініп, қиындықтарға тап болған, босқынға айналған бірнеше жүздеген жас балалар мен әйелдерді елімізге ұшақтармен кері жеткізді. Біразы сол  бөтен елде «пейішке барамыз» деген ниетпен көзсіз өлімге барып, мүлдем жат, басқа елдің топырағы бұйырғаны өкінішті.

Толқынды толқын қуады, ойдан ой туады. Әлгі мешітке барып жүрген жастардың ой-өрісі, түйсігі, сана-сезімі қандай? Ол діннің қандай ағымында жүр? Жан-жағындағылар қандай уағыз айтып жүр? Шындығында көпшілік оған онша мән бере бермейді. Әке-шешесі «менің ұлым (немесе қызым) имандылық жолына түсті, ораза ұстап, мешітке барып жүр» деп балаларына сырттай риза болып жүргендерді жиі кездестіруге болады. Базы бір кезде дін жолында жүрген баласы мен әке-шешесі арасында қайшылықтар пайда болатынын көріп жүрміз. Кейде, тіпті, «дастархандарың харам, дайындаған асың халал емес, сіздермен тамақ ішуге бірге отыруға болмайды», деп теріс мінез көрсететін, отбасылық өмірден түңіліп, қара басып, үйлерінен безіп кететін ұл-қыздарды естіп жүрміз. Ондай оқиға, әрине, қандай ата-анаға болмасын ауыр соққы болып тиеді.

Ислам дiнi – әлемдегi ең таза дiн екенi жайлы аз жазылып жүрген жоқ. Басқа дiндермен салыстырғанда, адам бойына рухани нәр құятын, тәрбие беретiн, тазалыққа, имандылыққа, жақсылыққа, игi iске жетелейтiн ислам дiнi екен. Сондықтан болар жаһанда ислам дiнiн мойындап, оған бас иетiн, мойынсұнатын жандар саны басқаларға қарағанда неғұрлым басым көрiнедi.

Дiн дегенiмiз – адамды имандылыққа баулу, жақсылыққа шақыру, өмiрдi жақсы көру, сүйiспеншiлiкке, бауырмалдыққа тәрбиелеу. Қазiр елiмiздiң дiни қызметкерлерi арасында медреседен дәрiс алып, дiни орта бiлiм оқу орындары мен ислам-дiни университеттерiн тәмамдаған, терең, жан-жақты бiлiмдi, сауатты имамдар баршылық. Бiрақ дiн жолына «жолдан қосылған» кейбiр шала, сауатсыз жандар бiлiмi мен ой-санасы, қарымы мен түйсiгi жетпей жатып, арасына түсiнбеушiлiк пен iрiткi салып, миын улап, тiптi терiс жолға түсiрiп жүргендерi де өмiрдегi шындық.

Өткен жүзжылдықтың 90-жылдары Кеңес заманы ыдырап, тәуелсiздiктiң қоңыр самалы ескен шақта, қазақтың белгiлi азаматы академик-жазушы Қалтай Мұхамеджанов: «Бұрынғы кезде барлығымыздың жауымыз Қызыл империя едi. Бәрi содан қорқатын. Ал, келешектегi қауiп ендi дiн жағынан болады. Дiннiң әртүрлi бағыттары iшiмiзге дендеп ене беретiн болса, түбiнде қазақ бiр-бiрiмен жауласады» деген екен. Ия, қазiргi қауiп – дiни экстремизм, дiни фанатизм екенiн өмiрден көрiп, жүрекпен сезiнiп жүрмiз.

Фанатизм деген өте қауіпті жазылмас дерт екендігін өткен ғасырдағы ұлттық фанатизм дертімен ауырған фашистік Германияның тағдыры анық көрсетіп берген еді. Жалпы, нәсілдік, ұлттық немесе діни фанатизм бола ма, қайсысы да оңып тұрған жоқ. Олардың бәріне ортақ қасиет – бізден артық ешкім жоқ, басқаларын таптап езу, құрту керек деген астамшылық пиғылдың болуы. Діни фанатизмге еліккен жандардың бойында психологиялық жағынан өзгешіліктер болады. Мысал үшiн алысқа бармай-ақ, әр елде кездесіп жатқан террорлық қайғылы оқиғаларды еске алайық. Осыдан оншақты жыл бұрын Тараз қаласында діни-фанатизммен уланған жігіт, террорлық әрекет жасап, біраз күнәсіз адамдардың өмірін қиып, оның бұл әрекетін тоқтатпақ болған  полиция капитаны Ғазиз Байтасов ерлікпен қаза тапқаны есімізде. Осындай қайғылы оқиғалар әр өңірде етек алып, елдің берекесін алды.

Арнайы дайындалған, санасы дiни фанатизммен уланған жап-жас әйелдер, жасөспірімдер денелерiне жарылғыштар таңып алып, оларды көпшiлiк арасында тал-түсте жарып, еш күнәсiз көптеген адамдардың асыл өмiрiн қиды. Өздерi де «Аллаһ жолында» мерт болды. Араб мемлекеттерiнде арагiдiк қарапайым халықты дүр сiлкiндiретiн террористiк акт болып тұрады. Ирак пен Пәкiстанда, Индия мен Ауғанстанда да терроризм көп жылдардан берi айылын жимай отыр. Солардың барлығына басты себеп – дiни фанатизм. Өз өмiрлерiн қолдан қиюуға, бiреудiң айдауымен басы тұманданып жан тапсыруға солардың дәтi қалай баратыны жұмбақ, денi сау адам түсiнбейтiн ерекше құбылыс. Тiптi, кейде “әлгiлер терең гипнозға түскен, миы уланған бейшара пенделер ме екен?” деген ойға кетесiң.

Дiни секталардың кейбiр жандардың санасына қатты әсер етiп, ойын улайтыны, тiптi психикасы мен мiнезiн адам танымастай өзгертiп, «миын» терiс айналдырып жiберетiнiн өмiрден көрiп жүрмiз. Мысалы, дiни секталардың шырмауына iлiккен бiр танысымның әйелi бала-шағадан, үйiнен безiп, әлгi, дiни топқа қосылып, жүгенсiз қала-қаланы аралап кеткенiн бiлемiн. Сөйтiп, әп-әдемi отбасы нiлдей бұзылып, шаңырағы ортасына күл болып түстi. Тал түсте үкiдей жас балалар көздерi жәудiреп анасыз, тепсе темiр үзетiн әке жарсыз қалды.

Осындай оқиғалар бұл күндерi әр аймақтан кездесетiнiне күмән жоқ. Имандылық жолынан тайып, басқа дiндi қабылдап, қаптаған сансыз секталарға (вахабтар, иогов куәгерi, баптистер, кришнаиттер т.с.с.) кiрiп алып, солардың қолшоқпары, орындаушысы болып жүргендерi қаншама? Жаның түршiгедi емес пе…

Шетелде бiлiм алып жүрген жастарымыздың арасында да қате дiннiң құрсауына түсiп, елi мен жерiн, дiлiн ұмытып, жеке бiр дiни секталарға мүше болып, бүкiл болысымен соларға қызмет етiп, қауiптi террористiк топтарға iлесiп, өмiрлерiн «Аллаһ» үшiн қиюға дайын ессiз зомбиге айналғандар да баршылық. Сол өрiмдей жастардың жанкештi қылықтарына жаның күйзелiп, жүрегiң сыздайды. Оларды сол қауiптi жолға алып барған қандай күш болды екен деп ойға кетесiң.

Соңғы кезде орта мектеп бағдар-ламасына «Дiнтану» пәнi енгiзiлгенi, базбiр мектептерде оны бастап кеткенi жайлы хабардармыз. Айтушылардың сөзiне сенсек, бiр-екi «Дiнтану» оқулықтары баспадан шығыпты. Олардың авторлары белгiлi ғалымдар мен дiни қызметкерлер көрiнедi. Әлгi оқулықтармен танысқандар, оқулықтардың төмен деңгейде жазыл-ғанын айтып жүр. Не дегенмен кiтап авторлары бұрын-соңды дiни оқулықтар жазбаған, бұл iсте тәжiрибесi жоқ мамандар. Сондықтан да олар дайындаған оқулықтарда «әттеген-айлар» кездесiп жатуы заңдылық. Тiптi, пайдасынан зияны басымырақ болуы да ықтимал. Нашар оқулықпен дiни танымдылықты дұрыс ұқпаған, сауатын шала ашқан жеткiншек ертең өмiрде тегiс жерде сүрiнiп, кiбiртiктеп, қателiк жiберерi де түсiнiктi. Сондықтан «Дiнтану» оқулығын сауатты, дiни бiлiмi мен танымы мол, тәжiрибелi ғалымдар мен дiни қызметкерлер бiрiгiп жазғандары орынды.

Дiнге соқыр мәулендей (мысықтың баласын қазақ мәулен дейтiнiн есiңiзге салғымыз келедi – С.О.) сенiп, «бұл шариғатқа жат» деп пәленбай заманнан қанымызға сiңген ұлттық дәтстүрден, қасиетiмiзден, ата-баба салтынан безіну дұрыс бола ма екен? Қазiр кез келген қалада (Астанада болсын, Алматыда болсын, Таразда болсын) шiлденiң ыстық күнiнде хиджапқа тұмшаланып, беттерiн көлеңкелеп қаратерге малынып жүрген жап-жас, көздерi мөлдiреген қандас қарындастарымызды көру таңсық болмай қалды. Әлгiлерге қарағанда: «Имандылық жолына түсу деген мiндеттi түрде хиджапқа орану емес шығар. Имандылық – мiнезден, қылығыңнан, атқарған iсiңнен, таза ойыңнан байқалу керек!» дегiң келедi. Әттең-ай, қазiр қазақ қыздары арасында хиджап модаға айналып бара ма деген күдiк басым, жап-жас бүлдіршін қыздарды көріп жүрегің сыздайды.  «Әр елдiң салты басқа» дегендей, елiмiздiң бұрыннан келе жатқан салт-дәстүрiн, ұлтымыздың киiм тiгу өнерiн жиып тастап, неге жерді сыпырар қараға оранып, хиджап киген араб әйелдерiне елiктеуiмiз керек? Кигiң келсе қазақтың ұлттық бүрмебел әсем көйлектерi, жиегi оюланған көз тартатын камзолдары, әдемi бешпеттерiн неге кимеймiз? Олардың басқа халықтардың ұлттық киiмдерiнен несi кем? Мерекелерде, концерттерде, спектакльдерде сахнаға шыққан әншiлер мен бишiлердiң қазiргi заманның талабына сай киген көз тартар әдемi ұлттық киiмдерiмiздi көргенде жаның жадырап, «Бiз тек қана мал айдап, мал жайған халық емеспiз! Бiздiң қазақ ұлтымызда да көзге iлiнер, әлемге танытар алдыңғы мәдениет болған, көптi тамсантар өнер болған. Оны айтасыз, тiптi, қол шеберлiгi кереметтей жақсы дамыған!» деп басқа елдердiң алдында масайрағың, мақтанғың келедi. Жастардың бойына әлгi ұлттық киiмдер қандай жарасымды, әдемi де тартымды болар едi. Ресми ақпараттардың мәлiмдеуiнше, Қазақстан бұл күндерi дiни экспансия алаңына айналған секiлдi. Бiзде қазiр қандай дiни ағымдар жоқ? Олардан аяқ алып жүре алмайсыз. Христиан миссионерлерi, шоқындырушы-үгiтшiлер ортамызға батыл енiп, ел арасына рухани ыдырау туғызып, миссионерлiк әрекет жасауда. Олар арнайы психологиялық дайындықтан өтiп, тиiстi ақпаратпен, мәлiметтермен жарақтандырылғандар (осындай миссионерлiк шiркеулердiң саны елiмiзде 20-дан асып жығылады екен). Көпшiлiк ортаға енiп, олар жергiлiктi халықты (қазақтарды) христиандыққа кiргiзу бағытында аянбай тер төгуде. Кейде олар ризашылықпен жеке адамдардың басындағы проблемаларын шешiп те бередi. Тiптi, қажет болса материалдық көмек беруге дайын. Мысалы, қаржыдан қиналып жүрген студенттерге қосымша шәкiртақы, жұмыссыз жүргендерге жәрдемақы төлейдi. Христиан (әсiресе иогова куәгерлерi) дiнiн уағыздаушылар түрлi-түстi кiтаптар мен кiтапшаларды халық арасында көптеп таратып, көшеде тоқтатып, мүмкiншiлiгiнше әңгiмеге тартып, сiздi өздерiнiң дiни қоғамына тартуға тырысып бағады. Базбiр аңқау, босбелбеулер олардың насихатына иланып, сол бөтен дiнге енiп жатқаны да қазiр өмiр шындығы. Осындай әрекеттердiң арқасында миссионерлер ой-санамызды улап, өз iс-әрекеттерiне қол жеткiзуде. Ия, бүгiнде өз дiнiнен безiп, басқа дiннiң құрсауына түсiп жатқандар аз емес. Бүкiл отбасы болып басқа дiнге кiрiп, солардың сойылын соғып, көрiгiн басып жүргендер ортамызда қазiр аз ба? Жүректе үрей туғызған бүгiнгi күннiң ащы шындығы осы. «Оның несi бар екен. Әйтеуiр бiр дiнге сенсе болды емес пе?» деп топшалайтындар бар. Бұл  мүлдем қате түсiнiк. Басқа дiнге енген адамның өмiр салты, ойлау қабiлетi, өмiрге деген көзқарасы, менталитетi өзгередi. Ұлттық салт-дәстүрден, мәдениеттен алшақтайды, ұлтынан безедi.

 Өткен жүзжылдықтың 90-шы жылдары АКШ-тан бір топ шетелдіктер біздің өңірге аяқ тіреп, «экология мәселесімен айналысуға арнайы келдік» деп Байзақ және Жуалы аудандарына орналасты. Ұзақ уақыт өтпей, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арқасында, олардың біразы тыңшылар, яғни «жансыздар» екені, енді біразы өз діндерін енгізуге, сөйтіп ел арасына іріткі салуға, ыдыратуға  ұмтылатын, жауластыруды мақсат еткен топ екені белгілі болды. Осындай қауiп барда елiмiздiң дiни экспансия алаңына айналмауына көпшiлiк болып атсалысуымыз керек. Қазақ ислам дiнiн қабылдағанына 1250 жыл болыпты. Сол дiнге берiктiлiгi соншама, қазақ халқы моңғол шапқыншылығы кезiнде қанша қысым болса да олардың дiнiн қабылдамады. Қайта олар керiсiнше қазақтың салт-дәстүрiн қабылдап, түркiлендi. Жоңғарлар, тiптi, қаһарлы Кеңес үкiметi де бiзге өз дiнiн енгiзе алмады. Сөйтiп қазақ халқы дiнге берiктiгiн, қайсарлығын, табандылығын көрсеттi. Бірақ, соңғы кезде Европаны қойып, біздің жастар арабтанып бара жатқан секілді. Арабтардың «иншалла», «машалла», «амин» және де басқа сөздері күнделікті айналымға тым еніп бара жатқаны қобалжытады. Қазақ тілінің өзі, орынды пайдалансақ, керемет бай, әдемі, жағымды тіл емес пе? Неге біреудің, өзге бөгде жұрттың тілі, салт-дәстүрі бізге таңсық болу керек? Бұл мысалдарды қазiргi жастарға, ой-санасы толқып жүрген замандастарымызға сабақ болсын деген оймен келтiрiп отырмыз.

Тағы бір көкейде қыжылдап жүрген мәселе, расын айтқанымыз жөн, көптеген имамдар көпшілік бас қосқан сәттерде (жаназада, астарда, Құдайы тамақтарда) жұмақ пен тозақ, о дүние, кәпірлік жайлы сөз қозғайды. Оларды тыңдап отырсаңыз барлық қиындық, ауыртпалық, бақытсыздық мына дүниеде, о дүние жайнап тұрған жұмақ ретінде суреттелінеді. Оларды тыңдаған толқып жүрген жастар, жасөспірімдер мына  ауыртпалығы мол беймаза өмірден түңіліп, тезірек о дүниеге, яғни жұмаққа аттанып кеткенді жөн санайды. Сөйтеді де өздеріне қол жұмсап, еш қиналмай, ойланбай өмірмен қоштасып кете барады. Ортамызда суициттің азаймай тұрғанының (әлем елдері арасында үшінші орын алып отырмыз) бір себебі осы емес пе екен? Ойланатын жай...

«Жақсылық та, жамандық та – Құдайдан. Бiрақ, жақсы болу, жаман болу – адамның өзiнен» дейдi данышпан Абай. Ал ендi бiр сөзiнде «Көп айтса болды, жұрт айтса көндi. Әдетi жаман адамның» деп налиды ол. Бұл сөз дiни фанатизмге шалдыққан, қате ағымдардың жетегiмен құрбандық болуға дайын ойсыз жандарға айтылған сөз сияқты. Дiни нанымның байыбына бармай, оны өзiне қарсы қою барып тұрған қатiгездiк емес пе? Сөз соңында айтарымыз, имандылықтан қашпайық, оны орынды, ақылмен қабылдап, соқыр дiни фанатизмнен iргемiздi аулақ ұстайық, ағайын!

                Тараз қаласы

1914 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз