• Тарих толқынында
  • 26 Қаңтар, 2022

ҚЫЗЫЛ БИЛІК ҚУҒЫН-СҮРГІНДІ АСА ҚИТҰРҚЫЛЫҚПЕН ЖҮРГІЗДІ

Бүркітбай АЯҒАН, 
Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымының докторы, профессор:

Алтай мен Атырау, Арқа мен Алатаудың ортасындағы иен даланы мекен етіп, еркін өмір сүрген қазақ халқы өз тарихында небір зұлматтарды бастан өткізді. Соның ішінде ХХ ғасырдың 20-30, одан 40-60-шы жылдарындағы ашаршылықтар мен саяси қуғын-сүргін зобалаңы ең қасіретті кезең.  Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ, елімізде бұл нәубеттің жазықсыз жазаланған құрбандарын ақтап, есімдерін мәңгі есте қалдыру мақсатында мемлекеттік деңгейде түрлі шаралар қолға алынды. 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданса, араға төрт жыл салып, 1997 жылы Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» ретінде белгіленді. Тағы 23 жылдан соң Президентіміз Қ.Тоқаевтың  2020 жылғы 24 қарашадағы № 456 Жарлығымен «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия»  құрылды.

Біз осы комиссияның мүшесі, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымының докторы, профессор Бүркітбай АЯҒАН мырзаға хабарласып,  зұлмат қасіреті құрбандар санын анықтау мен оларды ақтаудың маңыздылығы жөнінде сұхбаттасқан едік.

 Бүркітбай Ғылманұлы, қазақ ұлты өз тарихында әртүрлі қиыншылықтарды көп көрген халық. Әсіресе, ХХ ғасырдың 20-30 жылдары бастан кешкені ұлтымызға орны толмас залал келтірді. Мұның басты себептері қандай, неліктен табиғатында ешкімге жамандық тілемейтін қазақ халқы мұндай қуғын-сүргінге ұшырады?

– Сіздің бұл сұрағыңыз өте ауқымды, оған толыққанды жауап беру де оңай емес. Бірақ бір нәрсені ескерте кетейін, ашаршылық, зорлық-зомбылық, қуғын-сүргін жөнінде әңгіме бола қалса, өкінішке қарай, біздің ғалымдарымыз «сонша адам аштан қырылды, атылды, асылды, репрессияға ұшырады, тіліміз, діліміз, салт-дәстүрімізге қысым жасалды» деген сияқты, негізінен тек салдарын  ғана айтады. Оның барлығы дұрыс. Бірақ сол қайта-қайта қайталанып отырған зұлматтардың – ашаршылық, зорлық-зомбылық, қуғын-сүргіннің, террорлық жүйенің пайда болу себептері, орынсыз айыптаудың, жаппай жазалаудың  қалай және қандай құжаттардың, мақсат-мұраттардың негізінде жүргізілгені және оның себептері жөнінде айтылмай қалады.

Сондықтан ең алдымен, халықты қырып-жою – Ресей империясы саясатына, Кеңес үкіметіне, ол басшылыққа  алған коммунистік идеологияға тән, ал сталинизм, большевиктер орнатқан экономикалық қондырғы – қазаққа жат нәрсе екенін атап айтуымыз керек. Көп адам білмеуі мүмкін, Кеңес үкіметінің басшылары да өте сауатсыз, соғысқұмар адамдар болды. Мейлі Ленинді, Сталинді, тіпті кейінгі Хрущевті алсаңыз да, мен енді ғалым ретінде айтайын, бәрі қанқұмар, адамгершілігі төмен  жандар болатын. Себебі, большевиктер ә дегеннен «Біз Маркстің ізімен жүреміз, соның ілімін жалғастырамыз» деді де, ХІХ ғасырдың ортасында, «ақылды ұлттың» ортасынан шыққан Карл Маркс, Фридрих Энгельс 1850 жылдары жазған Коммунистік партияның манифесін идеологиялық бағдар ретінде ұстанып, әлгі «ақылды ұлттың» мақсат-мұраттарынан туындайтын бағдарлама, жоба-жоспарларды ХХ ғасырда жүзеге асырғысы келді.

Сол манифестің экономикаға арналған бөлімінде жеке меншікті жою жөнінде айтылады. Сөйтіп, адам түсінбейтін «жалпыхалықтық меншік» дегенді алға тартады. Кеңес үкіметі кезіндегі колхоз, совхоз дегеніміз содан шығып отыр. Осылай адамның санасын, қоғамды шатастырып жіберді. Негізінде жеке меншік болуы керек. Көп адам білмейді, кеңестік кезеңде адамдар өздерінің тұрған үйлерін жеке меншігі деп санады. Ал шындығында  жеке меншігі болған жоқ, ол уақытша меншік болды. Оны үкімет кез келген уақытта тартып алуы мүмкін еді. Егер орысша түсіндіретін болсақ, «частная собственность» емес, «личная собственность» болды. Ал жеке меншік деген өте терең, мүлде басқа түсінік. Адамның жеке меншігін ешкім, тіпті үкімет те тартып алмауы керек. Егер үкімет адамдардың жеке меншігіндегі мал-мүлікті тартып ала берсе, онда қоғам дамымайды.

Ал саяси тұрғыда олар бір партия – Коммунистік партияның, пролетариаттың үстемдігі орнауы тиіс дейді.  Сосын ана - халық жауы, таптық күрес, коммунистік қоғам дейтін сөздер бар ғой, осылардың бәрі де сол манифестен алынған. Большевиктердің көсемдері ымырасыз, билікке ұмтылған сауатсыз жандар болды. Лениннің өзі университетті сырттай бітірген, біразы церковно-приходская школада оқыған, Сталин тіпті мектепті тастап кеткен. Көбі түрмеден шыққан, шетелде эмиграцияда жүрген адамдар. Ленин де 1917 жылы сәуір айында, Уақытша үкімет кезінде эмиграциядан оралып, большевиктер сол жылы қараша айында үкімет басына келді. Бір қызығы, олар он жыл бойы  «біз төңкеріс жасадық» деп жүрді. Тек 1927 жылдан бастап «социалистік революция» деген  термин қолданыла бастады.

Сол  идеология, сол экономикалық саясаттың жетегінде, адам құқығы тапталып жатса да, «коммунистік қоғам құрамыз» деген желеумен мыңдаған емес, миллиондаған адамды құрбан етті. Большевиктер билік басына келуден бірден репрессияға көшті. Репрессия дегеніміз – революциялық қажеттілік, контрреволюциялық әрекет, қоғамға жат элемент деген желеулермен ешқандай сотсыз, тергеп-тексерусіз, үкімсіз айыптап – ату, асу, лагерлерге қудалау. Жалпы 30 жылдары лагерьлерде 17 миллиондай адам отырған. Ал қанша адам қайтыс болғаны әлі күнге дейін белгісіз. Себебі, ОГПУ, НКВД дегендерің атылған адамдардың санын жасырып, құжаттарды, тізімдерді жойып жіберді. Кімнің қайда атылғанын да жасырды.

Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтердің сүйегі қайда жатқанын тек тәуелсіздік жылдары ғана таба бастадық. Көптеген адамдардың қай жерде, қашан қаза болғанын ешкім білмейді. Малдың өзін іздейді, ал олар адамды шыбын құрлы көрмеген. Бұл деген сұмдық емес пе?!

– Сұмдық, сұмдық! Сонда аға, құрбан болған адамдар ресми айтылып жүрген сандардан бірнеше есе көп болуы да мүмкін ғой?! Әйтсе де шүкір, тәуба дейік, тәуелсіз ел атанғалы қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз жазаланған жандарды ақтау жұмыстары жүргізіліп келеді. Бір жыл бұрын Президент Жарлығымен  «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия»  құрылды.  Оған қандай міндет жүктелді және ол қалай орындалып жатыр?

– Көп, өте көп болуы мүмкін! Олар бұл істердің бәрін аса бір қу, қитұрқы саясатпен жүргізді. Істеген істерінің ізін үнемі жасырып отырды. Мен архивте көп жылдар жұмыс істеген адаммын ғой, бұған әбден көзім жетті. Сондықтан осылай деп нық сеніммен айта аламын.

Ал Комиссияға келсек, бір топ тарихшылар, ішінде мен де бармын. 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атына хат жаздық.  Оған бастамашы болған заңгер, экссенатор Сабыр Қасымов еді. Онда 1992 жылы академик Қозыбаев басқарған топ қуғын-сүргін құрбандарын анықтау жөнінде жақсы жұмыс істегенін,    өкінішке қарай, әртүрлі жағдайға байланысты көптеген мәселелер ашылмай қалғанын, сол істі жалғастыру қажеттігін айттық.  Өтінішіміз қолдау тауып, Президент Жарлығымен осы Комиссия құрылды. Жарлықта көрсетілгендей, оның негізгі міндеті – саяси қуғын-сүргін құрбандарын заңдық және саяси тұрғыдан ақтау. Бір сөзбен айтсақ, 1917 жыл мен 1991 жыл аралығында, яғни кеңес дәуірінде болған барлық қылмыстардың ақиқатын айту. Мысалы, қанша адам қаза тапты, неден, қалай қаза тапты, қандай топтар кетті, оған кім кінәлі, олар қай жерде жатыр, лагерьлер қай жерде болды, соның бәрі анықталуы керек. Өйткені, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында прокуратура тек қана іс қозғалған адамдарды ғана ақтады. Ал біздің байқауымызша, іс қозғалмай-ақ қудаланған, қаза тапқан адамдар өте көп екен. Мысалы, соғысқа кетіп қайтпаған, тұтқынға түскен адамдар, шекарада қырылған қандастар қаншама! Лагерьлерде жатқан адамдар, олардың қаншасы қаза тапқаны да қазірге дейін белгісіз.

Ең бір маңызды мәселе, көп адам ойлайды, бұлар сотталып кетті деп, негізінде олардың арасында сотталған адамдар өте аз. Көбі «тройка», «двойка» дегендер болды ғой, солардың көрсетуімен соттың үкімінсіз, тек ОГПУ-дің шешімімен қудалауға ұшырағандар. ОГПУ дегеніміз қазіргі полиция. Мысалы, халық жауы деп атылып кеткен Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлиннің әйелдері, Әлімхан Ермековтің  қарындасы, Темірбек Жүргеновтің әйелі Дәмеш апай – бұлардың барлығы  ОГПУ-дің шешімімен қудаланған. Тіпті көптеген балалар қудаланған, 7 жастан 14 жасқа дейінгілер детдомдарға жіберілсе, одан үлкендері түрмеге жабылған, атылған. Осындай анықталуы қажет категориялар көп. 

Сондықтан Комиссия құрамында жалпы 11 топ жұмыс істеп жатыр. Олардың біреуі қылмыстардың методологиясын зерттесе, екіншісі күштеп коллективтендіру кезінде қаза тапқандарды, тағы біреуі әскери тұтқындарды, тағы бірі Қазақстан бойынша лагерлердің санын анықтайды. Мен осы топтамын. Бұрын 26 лагерь болған деп айтылатын, менің зерттеуім бойынша қазір 57 лагерь табылып тұр. Шындығында одан да көп болуы мүмкін. Өйткені, ол кезде әр ауданда, облыста, әсіресе темір жол салғанда, Екібастұз сияқты ірі құрылыстардың маңайында 58, 59, 60 статья (бап) деген болған, солар бойынша қамауға алған, қудалаған. Сол жерлерде де көп адам қаза тапқан.

Осы мақсаттар тұрғысынан комиссия: саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру, қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарын ақтау;  саяси қуғын-сүргін құрбандарын заңдық және саяси тұрғыдан толық ақтау үшін нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу; саяси қуғын-сүргін құрбандарының іс жүзінде ақталмаған санаттарының, оның ішінде қолданыстағы заңнамада қамтылмаған құрбандар санаттарының, заңнамада аталған, бірақ іс жүзінде ақталмаған құрбандар санаттарының тізбесін қалыптастыру; қуғын-сүргін құрбандарының құқықтық жағынан ғана емес, саяси тұрғыдан да ақталуға жататын санаттарының тізбесін қалыптастыру; мемлекеттік органдардың саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау, ақталмаған адамдардың құқықтарын қалпына келтіру мәселелері жөніндегі арыздар мен шағымдарды қарау мәселелері бойынша қызметін үйлестіру; саяси қуғын-сүргін құрбандарын, оның ішінде Қазақстанның азаттығы, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін күресте ерлік көрсеткендерді мәңгі есте қалдыру бойынша мемлекеттік бағдарламаның әзірленуі мен қабылдануын қамтамасыз ету бойынша ұсыныстарды тұжырымдау және енгізу жұмыстарын жүзеге асыруы тиіс.

– Өткен ғасырлардағы әртүрлі соғыстарға қарағанда дәл осы ХХ ғасырда қазақ ұлты көп қуғынға ұшырады. Ең қорқыныштысы, бұл нәубет мақсатты, жоспарлы түрде жүргізілгенге ұқсайды. Мұның себебі неде және мұнда өзіміздің де кінәміз жоқ па? Өйткені, біз ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түскен 1981 жылы, ұмытпасам қырқүйек айының 17 күні болуы керек, Әуезов атындағы театрда өткен Қасым Аманжоловтың 70 жылдығына арналған кеште әйгілі режиссер Асқар Тоқпанов атамыз: «Сіздер 30 жылдары қазақтың қаймағы қуғынға ұшырап, атылып кетті дейсіңдер. Сонда атқан кім, аттырған кім?» – деп сұрақ қойды да, аз ғана кідірістен соң өз сұрағына өзі: «Атқан – Иванов, аттырған – Қаратаев!» – деп жауап беріп еді...

– Бұл сұрақ жиі қойылады және мені қатты қинайды. Мәселе мынада, адамның ағзасында әртүрлі вирустар болады. Ол вирустар суық тимесе немесе басқа бір қоздыратын жағдай туындамаса ағзада ешқандай зиянсыз жүре береді. Сол сияқты әр қоғамда әртүрлі адамдар болады. Қазақ халқы табиғатында мәрт, жомарт, бауырмал болып келеді. Әрине, мал аласы – сыртында, адам аласы – ішінде дегендей, біреу-жарым болған шығар, бірақ бәрін «қазақтар бірін-бірі сатты, ұстап берді» дегенге әкеліп тіреу қисынсыз! Өйткені, ОГПУ, НКВД көп нәрсені өтірік жазып отырған. Адамдарды алдап, арбап, мәжбүрлеп, күштеп, әртүрлі қитұрқылықпен куәлік алған. Мысалы, жасы келген қарт кісі: «Мына үкімет халыққа тыныштық бермеді ғой» деген бір-ақ ауыз сөзі үшін сотталады. Сонда ОГПУ көршілерін куәлікке тартып, қорқытып қол қойдыртады. Бұған негізінде о баста адам құқықтарын құрметтеу емес, керісінше «керемет әділетті коммунистік қоғам құрамыз» деген қияли желеудің жетегінде оны ойыншыққа айналдырып, аяқасты етуді көздейтін идеологияны басшылыққа алған қанқұмар большевиктік жүйе, соны құрып, қалыптастырған адамдар, Мәскеуден жіберілген  қызыл коммунистер кінәлі екенін ақыл-парасат, терең ой, сергек санамен түсіну керек! Лениннің оң қолы болған Бухарин, Зиновьев, Каменев, Троцкий, Сталин дегендер болған. Солар жиналып алып осындай жүйе құрды. Сол жүйені пайдаланып, Сталин бәрінің түбіне жетті. Оның айналасынан аман қалғандар шамалы...

Ал неге қазақ халқы көп қуғынға ұшырады деген сұраққа келсек, кезінде Ресей мемлекеттік думасының депутаты Марков: «Бұлар Шыңғыс ханның, Әмір Темірдің ұрпақтары, оларды қыру керек» деген. Сөйтіп, большевиктер қазақты қырып-жоюды асқан қатыгездікпен жоспарлы түрде жүргізген. Араларында бірен-саран әділ жандар болмаса, көбісінің көзі қанталаған, басқа ұлттарды жек көретіндер көп еді. Билікте өздері надан бола тұра, өзгелерді надан санайтын өзімшіл, өркөкірек шовинистер көп болды. Айтпақшы, НКВД-ның тұтқындарды ұрып, сабаған офицерлерінің арасында Катков, Сакенов деген қазақ та болған.

Жалпы, менің ойымша, қазақтың трагедиясы – біз надан халықтың астында қалдық! Бұлар өмірде өте шамшыл, ұрысқақ, тырысқақ, ішімдікке жақын келеді. Үлкенді, әке-шешені сыйламайды. Өздері асқан ұлтшыл бола тұра, өзгелерді ұлтшылдықпен айыптап, бет қаратпайды. Ол 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін де анық байқалды. Кеңес билігі басшылығының бізге деген теріс көзқарасы СОКП Орталық Комитеті 1987 жылы мамыр айында қабылдаған «Интернационалдық және патриоттық тәрбие туралы» қаулысында айтылған «қазақ ұлтшылдығы», мән беріп қараңыз, Қазақстандағы ұлтшылдық емес,  қазақ ұлтшылдығы деген әділетсіз тұжырымнан да анық көрінеді. Ал әділетсіз қоғамның келешегі жоқ, ол қашан болмасын күйрейді. КСРО-ның ыдырауы соның бір дәлелі. Жалпы біздің кеңестік жүйе кезінде билік басында болған негізгі ұлт өкілдерінен үйренген жақсы әдетіміз шамалы... 

– Бұл пікіріңіз 30 жасында жұлдыздай ағып түскен әйгілі ақын Төлеген Айбергеновтің 60-шы жылдардың ортасында айтқан: «Чему вы нас научили, разве что пить, курить, развратить?!» – деген мірдің оғындай сөздерімен үндеседі екен. Біздің  ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық әдет-ғұрып, ана тіліміз, ата салтымыз, рухани құндылықтарымызды ұмыта бастауымыздың да бір себебі соларға еліктеуден, үш жүз жылға жуық бодандық кезінде қалыптасқан құлдық сананың кесірі-ау, шамасы? Ал Лениннің өзі айтқан «Ұлыорыстық шовинизмнің» көрінісі бүгінгі Дума депутаттары Никонов, Федоров, Жириновскийлердің бейнесінде жалғасып келеді. Не басшы болып, не қосшы болып оларға ешкім «Мыналарың дұрыс емес» демейді. Сонда іштей қолдап отырғаны деп түсінуге болады ғой мұны?

– Сіз білесіз бе, ағылшын, француз, немістермен әңгімелесу оңай. Олар сіздің құқығыңызды құрметтейді, есіміңізді жаттап алады да дұрыс айтады және сізді өзімен тең санайды. Ал бұлар сізге Бүркітбай болсаңыз – Боря, Құтмағамбет болсаңыз – Коля,  Жетпісбай болсаңыз – Женя, Ғабиден болсаңыз – Гена деп өздерінше ат қойып алады. Ондағы мақсат – өздеріне тарту, сіңіру. Ең бөліп айтатын жайт, қай кезде де олардың сізден өзін жоғары, ақылды, білімді санайтыны, астамшылдығы айқын көрініп тұрады. 

– Әңгімеміздің негізгі тақырыбы халқымыз бастан кешкен қуғын-сүргін жөнінде ғой, егер ХХ ғасырдағы зұлматтар болмағанда, еліміздің қазіргі кездегі демографиялық, әлеуметтік, экономикалық жағдайы айтарлықтай жоғары болар ма еді, деген ой келеді кейде. Сіз қалай ойлайсыз?

– Білесіз бе, тарих ғылымында «олай болар еді, былай болар еді» деп айту қиын деген қағида бар. Дегенмен 1926 жылғы санақ бойынша халықтың саны 3 миллион 968289 болса, 1939 жылғы санақтың қорытындысында 3 миллион 100949 адам есепке алынады. Сонда көбеюдің орнына кемиді. Көбейген бір-ақ ұлт бар, ол – орыс ұлты. Ал Ұлт ұстазы атанған Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Әлһамдулла 6 миллион халықпыз» деп қазақтың саны аз еместігін айтқанын көзі қарақты жанның бәрі біледі. Сонда 1917 жылдан кейін қазақтың саны өсудің орнына 3,5-4 миллионға кеміген. Егер біздің өз билігіміз өзімізде болғанда, қуғын-сүргін болмағанда қазір ол кемінде 50 миллионға жетуі мүмкін еді.  Қазақстанда болған аштық туралы бірінші болып өзіміздің зиялы қауым айтқан болатын. Олар жазды да. Ал шет ел ғалымдары арасынан ең көлемді еңбек жазған американдық ғалым Роберт Конквест екенін айтуымыз керек.

Менің Роберт Киндлер дейтін неміс әріптесім бар. Ол демографияны терең зерттеп жүрген ғалым.  Оның «Сталинские кочевники: власть и голод в Казахстане» деген көлемді зерттеу еңбегі бар. Сонда ол: «аштық, жұт деген қазақта бұрын да болған, бірақ дәл кеңес үкіметі кезіндегідей халық жаппай қырылмаған. Себебі, ағайын-туыс, құда-жекжат болып бір-біріне қолдау көрсетіп, көмектескен. Ал кеңестік билік бұл көмекті бергізбеді, керісінше бай, кулак деп, мал-мүлкін тартып алып, өздерін қуғынға ұшыратты. Сөйтіп, табиғи көмек жолдары жабылып қалды да халық тым көп қырылды» дейді.   1920 жылдары Помгол – Помошь голодающим деген болған. Сол арқылы Америка, Европа елдері көп көмек көрсеткен. Ал 30-шы жылдардағы аштық кезінде кеңестік билік мұны жасырды. Оның «біздің саясат дұрыс», «капиталистік елдерден көмек алмаймыз» деген сияқты бірнеше себептері бар. Жалпы кеңестік билік өтірік пен алдауға негізделген идеологияға әбден  үйреніп алған еді.

Қазақта 20-30 жылдардағы көбінесе қолдан ұйымдастырылған  аштықтың зардабын тартпаған отбасы жоқ шығар. Өйткені, балалар өлімі көп болған. Аштықтан, әлсіздіктен, қаны аздықтан аналар өлімі де аз болмаған. Студент кезімізде достарыммен қыдырып, оңтүстік өңірлерде көп болдым. Сонда қайсы үйге барсақ та әже-апаларымыздың: «он үш, он бес құрсақ көтердім, аман қалғаны осы екеуі немесе біреуі» деп отырғанын талай естідім. Ойлап көрсеңіз, қаншама адам тек аштықтың құрбаны болған! Оның үстіне қуғын-сүргінді қосыңыз. Өзге бірде-бір ұлт мұндай асқан қатыгездікпен жүргізілген зұлматқа тап болған жоқ. Қазақ көтерілісшілеріне қарсы арнайы әскер, тіпті авиация қолданылған. Бізде ондай деректер көп.  Тіпті «кемелденген социализм» деп аталатын тұстағы Желтоқсан көтерілісі кезінде қаншама өрімдей жастарымыз жазықсыз жапа шекті!

– Мені  «неге осы қазақ қана көп қуғынға ұшыраған» деген ой қатты мазалайды. «Мүмкін, Орталық Азиядағы жері кең, дарынды, жауынгер, ұлт болғандықтан да бізден қаймығып, қалай да құртуды көздеген шығар» дейтін ішкі ойым Сіз айтқан Марковтің пікірімен ұштасады. Шыңғыс хан мен Әмір Темірдің ұрпағы болғандығымыз – біздің айыбымыз екен. Басқа да қандай себептер болуы мүмкін?

– Ойың орынды. Екінші жағынан мұның экономикалық себептері де бар. Қазақ елі бүкіл Қытай мен Үндістанға апаратын жолдың бойында тұр. Оның үстіне жері кең және әртүрлі кенге бай екенін олар баяғыдан-ақ байқаған. Неге мысалы Қарағандыға қаптап келді? Себебі мұнда көмірдің үлкен қоры бар екенін білді. Сол сияқты, Солтүстікте, Шығыста, Батыста, жалпы еліміздің қай түкпірінде болсын, қойнауы толы қазба байлықтар  екенін анықтады. Сондықтан халқымыздың санын мейлінше азайтып, турасын айту керек, жерімізді толық иемденгісі келді. Әйел теңдігі деген ұранның өзі халықтың санын азайту үшін жасалған нәрсе. Ресей империясы, большевиктер – бұлар миф, аңыздар таратудың, адамды алдаудың шебері. Олардың түпкі ойы – адамның отбасын бұзу. 1928 жылға дейін олар әйелдер ортақ болады деген ұстанымда болды. Әлгі Троцкий, басқа да большевик дегендерің, оның маңайындағылар  әйелдерін айырбастап жүрген адамдар. Өйткені, Коммунистік партияның манифесінде коммунистердің негізгі міндеті отбасыны құрту деген қағида болатын. Кейін мұның азғындық екенін түсінді ме, әлде ақылды біреу айтты ма, бұл сөздерді алып тастады.

Менің ойымша Маркстің өзі ауру адам болған. Оған шиқан  шыға береді екен. Бір дәрігердің айуынша, қан ауруына ұшыраған. Ойлап отырсаң, коммунистер сол қаны бұзық адамның жазғандарын басшылыққа алған. Мұстафа Шоқайдың Перовск большевиктерін көргенде айтқан бір сөзі бар ғой: «Айтатыны боқтық, ішетіні арақ, қолдарында мылтық. Бұларға бірдеңені түсіндіру мүмкін емес» деген. Осы үш ауыз сөз-ақ большевиктердің болмыс-бітімінің қандай болғанын көрсетіп тұрған жоқ па?!.

– Ғылымда тарихи жад деген түсінік бар.  Кеңестік билік кезіндегі қуғын-сүргін құрбандарын ақтау, олардың есімдерін мәңгілестіру арқылы біз белгілі бір деңгейде осы тарихи жадымызды жаңғыртып жатқандаймыз. Мұның ұлттық сананың оянуына, мемлекеттің өсіп-өркендеуіне, тәуелсіздікті нығайтуға тигізер қандай пайдасы бар?

– Бір нәрсені ашып айтайын, біз тек қуғын-сүргін құрбандарын ақтау арқылы ғана тарихи жадымызды жаңғырта алмаймыз. Бұл бір жағы ғана.  Ол үшін үлкен іргелі жұмыстар жүргізілуі керек. Айталық, отарсыздану-деколонизация саясатын батыл жүргізіп, халқымыздың бүкіл тарихын Тәуелсіз ел тұрғысынан қайта зерделеп, анық айтуымыз тиіс. Себебі біздің тарихымызды басқалар жазды, жазғанда да өте бұрмалап қасақана қате жазды. Сондықтан халқымыздың ең қасиетті, ең қастерлі құндылығы – Тәуелсіздік екенін әрбір азамат жете түсініп, оны сақтауға, нығайтуға саналы түрде ұмтылатындай жағдайға жетуіміз керек. Мен әлі күнге «Тәуелсіздік маған не берді? Кеңестік кезеңде бәрі дұрыс болды. Тәртіп бар еді, әлеуметтік әділдік болды. Ел бай, кедей деп бөлінбеді» деп, кеңес дәуірін сағынатын, 23 ақпанда Қызыл армия құрылған күнімен бірін-бірі құттықтап жататын адамдарды түсінбеймін. Әділеттілік болса сол Қызыл армия сонша халықты қырар ма еді, әлемнің алтыдан бірін иелеген алып империя құлар ма еді?!

Тәуелсіздік бізге еркіндік берді. Халықтың басым бөлігінің тұрмысы, әлеуметтік жағдайы жақсарды. Қазір еңбек етіп талаптанғандар зәулім үйлер салып, қос-қостан көлік мініп шалқып жүр. Тіпті біраз азаматтардың шетелдерде әртүрлі мүліктері бар.  Кеңестік дәуірде сол болды ма? Соған  қарамастан сол дәуірді аңсайтындар аз емес. Оларға аса сақтықпен қарауымыз керек.

Тарихқа көз жіберсек, қаншама ұлт, қанша мемлекет жер бетінен жойылып кетті. Алысқа бармай-ақ, бізбен қатар өмір сүрген кешегі Ноғай хандығы, Жоңғар хандығы қайда?! Егер бабаларымыз күш қосып күреспегенде, ағайынның арасында ауызбірлік, ынтымақ болмағанда, беті аулақ, сол күн қазақтың басына тууы да мүмкін еді ғой! Аллаға шүкір, олай болмады. Қазақ халқы талай рет тағдыр талқысына түссе де елін, жерін, тілін, ділін сақтап қалды, Тәуелсіз мемлекетін құрды. Ата-бабаларымыз осыны қанша ғасыр армандады? Біз сол арманға жеттік, сонымен мақтануымыз керек, ендігі міндет сол қастерлі тәуелсіздігімізді тұғырлы, елдігімізді ғұмырлы ету екенін әр қазақ жан-тәнімен сезініп, ұрпақ болашағы, ұлт болашағы үшін еселі еңбек етуі керек!

– Демек, халықтың, сол халықты құрайтын әрбір жеке азаматтың бойында шынайы отаншылдық, мемлекеттік патриотизм сезімдері қалыптасуы керек. Ол үшін не істелінуі қажет?

– Екі мәселе, бірінші қоғамдық сана дамуының локомотиві ретінде біздің   интеллигенция, зиялы қауым өздеріне жүктелетін жауапкершілікке сәйкес белсенді, батыл, ұйымшыл болып, үлкен жұмыстар тындыруы тиіс. Екінші, мемлекет тарапынан шығармашыл жандарға, жазушы-журналистерге, мәдениет пен өнер адамдарына деген қамқорлық пен қолдау мықты болуы керек. Баспасөз, радио-телеарналар, кинофильмдер арқылы ұлттық сананы оятатын, халқымызды ұлттық құндылықтарды құрметтеу, салт-дәстүрімізді сақтап, дамытуға бағытталған рухани-адамгершілік бағыттағы үгіт-насихат жұмыстары пәрменді жүргізілгені дұрыс. Әйтпесе білесіз ғой, ұлттық мәселелерді көтеріп жүрген көптеген ағаларымыздың үйіндегі балалары мен немерелері ана тілін білмейді, ал өзге тілде бұлбұлдай сайрайды. Аналарымыз, әйелдеріміз балаларымен өзге тілде сөйлеседі. Биліктегілердің көбі туған тілінде дұрыс сөйлей алмайды. Соның салдарынан қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде өз міндетін толық атқара алмай отыр. Заңдардың өзі алдымен өзге тілде жазылып, кейін қазақшаға аударылады. Ал кез келген аударма төлмәтіннің мәнін толық жеткізе бермейді. 

Демек, ұрпақ бойына ұлттық қасиеттерді сіңіру ақсап жатыр деген сөз. Бұл дегеніңіз тамырыңнан ажырау, қазақтың бойындағы барлық асыл қасиеттерді бірте-бірте жоғалтуға алып келуі мүмкін.  Сондықтан, бұл жайттардың бәріне бей-жай қарауға болмайды. Ал қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау өзгелердің озбыр саясатынан зардап шеккен ұлттық сананы жаңғыртуға тың серпін беріп, құлдық санадан арылуға септігін тигізері анық. Өйткені, коммунистер басқарған қызыл билік қуғын-сүргінді аса қитұрқылықпен жүргізді. Сөйтіп ұлттық санамызды әбден улады.

– Әсерлі әңгімеңіз үшін көп-көп рахмет. Ұлт тарихын зерделеудегі еңбектеріңіз жемісті болғай!

Сұхбаттасқан

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

991 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз