• Тарих толқынында
  • 26 Қаңтар, 2022

ҚОШКЕ КЕМЕҢГЕРҰЛЫНЫҢ ТІЛТАНЫМДЫҚ МҰРАСЫ

Қазақ тіл білімінің ғылым ретінде қалыптасып‚ дамып келе жатқанына бір ғасырдан астам уақыт өтті. Осы кезең ішінде қазақ тіл білімі түрлі бағыттар мен көзқарастардың куәсі болды. Бұл орайда ұлттық тіл білімінің бастау көзінде тұрған ғалымдардың орны ерекше. Тіл білімінің қалыптасып‚ дамуына өзіндік үлес қосқан ғалымдардың бірі – Қ.Кемеңгерұлы. Дарынды жазушы, ақын, драматург, дәрігер, химия, ауыл шаруашылығы, қазақ тілі оқулықтарының авторы, аудармашы, қазақ халқының бірегей ұлдарының бірі – Қошмұхаммед Кемеңгерұлы 1896 жылы 15 шілдеде Омбы облысында туған. Ауылдағы Белгібай молдадан оқып, арабшаны меңгергеннен кейін ол Омбы приход школында дәріс алады. Оны бітірген соң Омбы ветеринарлық-фельдшерлік мектебінде оқиды.

1913 жылы Омбы ауыл шаруашылық училищесінің ауыл шаруашылық бөлімінде дәріс алады. Училище қабырғасында жүргенде, 1915 жылы «Айқап» журналында бірнеше өлеңдері мен аудармалары басылып шығады. 1918 жылы Кемеңгерұлы ауыл шаруашылығы училищесін бітіріп, 1919 жылы Омбы политехника институтына оқуға түседі. Бұл оқуын бітірместен, 1920 жылы Қызылжардағы «Қызыл мұғалімдер» курсында химия, биология пәндерінен сабақ береді. 1921-24 жылдары Омбының дәрігерлік институтында оқиды. 1924-28 жылдары Ташкентте  Орта Азия Мемлекеттік университетінде, Түркістан әскери училищесінде қазақ тілінен дәріс  оқиды. Осы кезден бастап ғалымның қазақ тіліне ерекше ден қойғаны байқалады. Қ.Кемеңгерұлының редакторлығымен «Қазақша-орысша тілмаш» (1925)‚ Г.В. Архангельскийдің құрастыруымен «Грамматика казахского языка» (1927) сияқты еңбектер жарық көреді, сонымен қатар ғалымның авторлығымен екі кітаптан тұратын «Оқу құралы» шыққан.

Мұрағат деректерінен осы «Оқу құралына» байланысты мынадай мәліметтер табылды. 1927 жылы Әулиеатадағы мектептің мұғалімі Петр Романович Косивцов сол уақытқа дейін оқулық ретінде пайдаланылып келген М.Жұмабайұлының «Сауатты бол», Т.Шонановтың «Самоучитель казахского языка для русских» тәрізді кітаптарының еуропалықтарға оқуға жарамайтынын ескертіп, сынай келіп, өзінің «Учебник казахского языка для европейцев» деген кітап жазғанын айтады [1, 106]. Кітапқа А.Байтұрсынұлы бірқатар кемшіліктерін көрсете отырып, «олқылықтарды жөндеген жағдайда осындай кітаптардың зәрулігіне байланысты еңбекті баспаға ұсынуға болады», – деп пікір жазады [2, 6]. Кітап кемшіліктерін түзеу үшін авторына қайтарылады. Осы кезде Қ.Кемеңгерұлының «Жауропалықтар үшін оқу құралы» А.Байтұрсынұлы, Т.Шонанов, М. Жолдыбаев т.б. қатысқан ғылыми-әдістемелік кеңес мәжілісінде (17.03.1928) өте жоғары баға алады да [3, 97], көп ұзамай кітап болып басылып шығады. Кітаптың зәрулігіне байланысты І бөлімі 1928 жылы Ташкентте, ІІ бөлімі 1929 жылы Қызылорда мен Алматыда бірнеше рет басылған.

Ал П.Р.Косивцовтың кітабын шығару туралы қайта-қайта жазған хаттарына Т.Шонанов: «…В случае включения в план будущего года рукопись Косивцова требует большой переделки, тем более‚ что в портфеле НМС за последнее время имеется более лучшая рукопись Кеменгерова. Но учебник Косивцова, насколько мне известно, является букварной, по чему его можно было бы пройти до учебника Кеменгерова, но для этого он должен быть сильно переработан», – деп жазады [4, 108]. Алайда П.Р.Косивцовтың оқулығы мүлде жарық көрмейді де, оның орнына сол уақытқа дейін негізгі оқулық болып келген Т.Шонановтың «Самоучитель казахского языка для русских» деген еңбегі түзетіліп, басылып шығады. Осы кітаптан кейін Қ.Кемеңгерұлының «Оқу құралын» оқуды ұсынады. Бұл, бір жағынан, Қ.Кемеңгерұлының «Оқу құралының» құндылығын, маңызын танытса, екінші жағынан, ірі тіл білімпаздарынан қолдау тауып, жоғары бағаланғанын көрсетеді.

Осы орайда 1927 жылы Ташкентте Г.В.Архангельскийдің құрастыруымен жарық көрген «Грамматика казахского языка» атты еңбекті де Қ.Кемеңгерұлы тілтанымдық мұрасының қатарына жатқызамыз. Кітаптың алғысөзінде құрастырушы: «Настоящий труд представляет записки лекций по казахскому языку, читанные тов. Кеменгеровым – преподавателем казахского языка на б. Туркестанских Курсах востоковедения Р.К.К.А в 1924-25г.г.», – дейді [5, 4].

Мұрағат деректері Қ.Кемеңгерұлы мен Бектасовтың құрастыруымен жарық көрген «Русско-казахский словарь» атты еңбектің болғаны туралы мәлімет береді. Алайда Алматыдағы кітапхана қорларынан бұл кітапты таба алмадық.

Осы жылдарда басылым беттерінде де тілге қатысты бірқатар мақалалары жарияланады. Олар: «Қотыр сөздер» («Жаңа мектеп», 1926, №14-15); «Қазақша-орысша тілмаш туралы түсініс»(«Еңбекші қазақ», 1926, 24 қараша); «Дұрыс па? Бұрыс па?» («Еңбекші қазақ»,1926, 10 қараша); «Жат тіл оқыту әдісі» («Жаңа мектеп», 1927‚ №3-4) т.с.с. Мұнда терминология‚ жергілікті сөз, тіл тарихы, этимология, тіл тазалығы мәселелері сөз болады.

Сол кезге дейін ақын, драматург, аудармашы, дәрігер болумен қатар ауыл шаруашылығы, химия оқулықтарының авторы ретінде танылған Қ.Кемеңгерұлының тіл біліміне ерекше ықыласы ауып, шығыстану факультетінің түріктану кафедрасына аспирант болып қабылданады. М.Мырзахметов Қ.Кемеңгерұлы қазақ тілі бойынша алғашқы аспирант болғанын айтады [6]. Онда ғалым М.Әуезовпен бірге оқып, А.Э.Шмидт, М.Ф.Гаврилов, А.Б.Дубсон сияқты ориенталистерден тәлім алады. Қ.Кемеңгерұлының шөбересі Қайырбек Кемеңгеровтің айтуы бойынша‚ Қошке Кемеңгерұлының диссертациялық жұмысының тақырыбы түркі тілдерінің жалғамалылық    қасиетіне байланысты болған.

Алайда ғалымның ғылымға бой ұрып, толыққанды араласуына саясат кедергі болып, 1930 жылы М.Әуезов екеуі «Кеңес өкіметіне қарсы әрекет жасаушы» деген жаламен абақтыға жабылады. Алматы түрмесінде екі жыл отырғаннан кейін «Отанын сатты» деген айыппен Украинаның Валуйки қаласына жер аударылады. 1935 жылы Омбының Шарбақкөліне оралып, 1937 жылы 7 тамызда екінші рет тұтқынға алынады да, 1937 жылғы 21 қарашада «Сібірде кеңес өкіметіне қарсы диверсиялық бас көтерулерді ұйымдастырмақ болған ұлтшыл ұйымға жетекшілік етті» деген жаламен, тағылған кінәларды мойындамағанына қарамастан, ату жазасына кесіледі.

«Соқыр саясаттың» салдарынан Қошке Кемеңгерұлы  1920 жылдан 1930 жылға дейін ғана өнімді еңбек ете алды. Алайда осы аз ғана уақыт ішінде Қ.Кемеңгерұлы дарында жазушы, білгір сыншы, зерделі тарихшы, шебер драматург, аудармашы, журналист, ғұлама ғалым ретінде көрініп, ғылым мен оқу-ағарту саласында, қазақ тілін танып-танытуда өлшеусіз еңбек етті.

Ғалымның көзі тірісінде С.Сәдуақасұлы, М.Әуезов, т.б. ғалымдар әдеби мұрасын, тарихи шығармаларын талдап, жоғары бағалаған болатын. Қ.Кемеңгерұлының лингвистикалық мұрасы да ірі тіл білімпаздарынан кең қолдау тауып, лайықты бағасын алып отырған. Мәселен, 1927 жылы Г.В.Архангельскийдің құрастырумен жарық көрген «Грамматика казакского языка» атты оқулығы М.Жолдыбаев, А.Байтұрсынұлы, Т.Шонанов, Нұрымов, Х.Досмұхамедұлы, Құдайбергенов т.б. қатысқан Халық Ағарту Комиссариатының ғылыми-әдістемелік комиссиясында мақұлданып, оған А.Байтұрсынұлы: «Ценное пособие для русских, задавшихся целью серьезно изучить казахский язык»,  – деп жоғары баға беріп, пікір жазған.

Сол сияқты «Жауропалықтар үшін оқу құралына» Омаров, Қасымов, Ғалымжанов, Шонановтар пікір жазып, өте жоғары бағалайды. «Қазақ тілінің фонетикасы» деген еңбегінің беташарында Қ.Жұбанов қазақтың өз ішінен шығып, қазақ тілін зерттеген ғалымдар қатарында А.Байтұрсынұлынан кейін Қ.Кемеңгерұлын атайды. Жазықсыз жала жабылып, өмірден ерте кеткен Қ.Кемеңгерұлы 1957 жылы 17 тамызда ғана саяси жағынан ақталды. Қаламгердің жұбайы Гүлсім Кемеңгерованың талмас еңбегінің нәтижесінде 1965 жылы Қ.Кемеңгерұлының екі-үш әңгіме, пьесалары «Алтын сақина» деген шағын жинақ ретінде жарық көрді. Кітаптың алғысөзін ғалымның замандасы, белгілі жазушы М.Әуезов жазды. Қ.Кемеңгерұлының мұраларын танып-талдау осы кезден бастап қалыптасты. Осыдан кейін өнертанушы, әдебиеттанушы ғалымдар қаламгердің мұрасы туралы пікірлерін білдіре бастады. Қ.Кемеңгерұлының пьесаларын, драматургтік шеберлігін, аудармашылығын, ақындығын сөз еткен еңбектер қатарында С.Ордалиевтің «Драматургия деңгейі», Р.Нұрғалиевтің «Трагедия табиғаты», Б.Құндақбаевтың «Қазақ театрының тарихы», С.Сейітовтің «Пушкин лирикасын қазақ тіліне аудару дәстүрі», т.б. зерттеулерді жатқызуға болады.

Кемеңгерұлының өмірі, әдеби мұрасы туралы тұңғыш рет көлемді мақала жазған ғалым – Р.Рүстембекова. Ғалым 1988 жылы 22 шілдеде «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған мақаласында Қ.Кемеңгерұлының өмір жолына, еңбек-теріне талдау жасайды. Содан бері қарай Р.Рүстембекова қаламгердің мұрасын үнемі зерттеп, бірнеше мақала жариялады, ғалымның әдеби мұрасын жинастырып, 1995 жылы кітап етіп шығарды [7].

Қ.Кемеңгерұлының әдеби мұрасын зерттеуде соңғы жылдары М.Мұсағитов, Т.Қожакеев, Т.Кәкішев, Д.Ысқақов, Д.Қамзабекұлы, Г.Ордаева, Б.Бекімов, Ә.Меңдеке, Қ.Омар, З.Нұрмағамбетова сияқты ғалымдардың үлесі зор.

Қошкетануда аянбай еңбек етіп жүрген ғалымдардың ішінде Диқан Қамзабекұлын ерекше атауға болады. Ол Қ.Кемеңгерұлының туған, еңбек еткен Омбы, Ташкент т.б. қалаларындағы мұрағаттардан көптеген деректер тауып, бірнеше мақала жариялады, ғалым өмірі туралы «Жұлдыз боп аққан бір бейне» атты деректі фильм дайындады. Д.Қамзабекұлының құрастыруымен Қ.Кемеңгерұлының таңдамалы шығармалар жинағы бірнеше рет басылып шықты. Сонымен қатар «Қошке Кемеңгерұлының әдеби мұрасы» деген тақырыпта Гүлжаһан Ордаева 1996 жылы кандидаттық диссертация қорғады. Г.Ордаева – Қ.Кемеңгерұлының өмірі, әдеби мұрасы туралы «Алаштың бір ардағы» атты деректі-ғылыми хикаяның да авторы.

Байқап отырғанымыздай, Қ.Кемең-герұлының әдеби мұрасын талдап, зерттеуде біраз жұмыстар істелген. Алайда бұл – ғалымның бір қыры ғана. Д.Қамзабекұлы «Қ.Кемеңгерұлы» деген мақаласында ғалымның мұрасын бес сала бойынша, яғни: а) жазушы ретінде; ә) драматург; б) тілші ғалым, әдіскер ретінде; в) тарихшы ғалым; г) қазақтың ұлттық баспасөзін қалыптастыруға үлес қосқан журналист ретінде зерттеу қажеттігін ескертеді. Бұл – орынды да. Себебі Қ.Кемеңгерұлы – қысқа ғұмырында артына мол мұра қалдырған әмбебап ғалым. Алайда қаламгердің әдеби мұрасы ғана арнайы сөз етілген, ал басқа қыры мүлде қарастырылмаған деген ойдан аулақпыз.

Қ.Кемеңгерұлының тілтанымдық мұрасына әділ баға беріп, таныстырған ғалым – филология ғылымының докторы Қ.Есенов. Ғалымның Қ.Кемеңгерұлының тілтанымдық мұрасын талдауға арналған «Еленбей келген оқулық» атты мақаласы 1981 жылы «Қазақстан мұғалімі» газетінде жарық көрді. Бұл мақаласында автор Қ.Кемеңгерұлының әдебиетші, жазушы, тарихшы болғандығын сипаттай келіп, тіл білімі саласындағы зерттеулерінің әлі де жинақталмай жатқанын айтады. Қ.Есеновтің аталған мақаласы Қ.Кемеңгерұлы ақтал-ғаннан кейінгі ғалымның тілтанымдық мұрасын алғаш ескеріп, сөз етуімен ғана емес, сонымен қатар ғалым еңбегінің мақсатын, әдістемелік принциптерін дұрыс талдап, әділ баға беруімен де құнды.

Қ.Кемеңгерұлының тілтанымдық мұрасы туралы Б.Хасанов,  Г.Тоғжанова, Б.Әбілқасымов, Ш.Сарыбаев‚ Р.Сыздық, Ш.Мәжітаева, т.б. тілші ғалымдардың еңбектерінде де аталып өтеді.

Қазақ терминологиясының дамуын-дағы ХХ ғасырдың басындағы кезеңді талдауға арналған «Алаш және терминтану» атты монографиясында Шерубай Құрманбайұлы ХХ ғасыр қазақ халқының қоғамдық-саяси, рухани, мәдени өмірі елеулі өзгерістерге толы болғанын, өзгерістер терминологияның, ғылым тілінің дамуына да ерекше әсер еткенін айта келіп, бүгінгі таңда терминтанудағы жаңа міндеттерді абыройлы түрде жүзеге асыру үшін өткенімізді саралап, қазақ терминологиясының дамуында ерекше орын алатын ХХ ғасырдың 20-жылдарын арнайы қарастырудың өзектілігі дау туғызбайтынын ескертеді. Ғалым аталған еңбегінде осы кезеңдегі қазақ тілінің қоғамдық-әлеуметтік қызметі артуына, қоғамдағы түрлі өзгерістерге, экстралингвистикалық және лингвистикалық факторларға байланысты алаш зиялыларының қазақ тілін ағарту, білім беру саласында толыққанды іске асыру мақсатымен жүргізген шараларына, игі бастамаларына талдау жасап, ұлттық ғылым тілін, ұлттық терминологияны қалыптастыру жолында аянбай еңбек еткен А.Байтұрсынұлы, Е.Омаров, М.Әуезов, Х.Досмұхамедұлы, Ж.Күдеріұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұма-баев, Н.Төреқұлов, М.Дулатов, Қ.Кемең-герұлы сынды алаш зияларының мұраларын арнайы сөз етеді. Ғалым Қ.Кемеңгерұлының  редакторлығымен жарық көрген «Қазақша-орысша тілмаштың» жалпыға арналған екі тілді аударма сөздік болғанын айтады.

Қ.Кемеңгерұлының қысқа ғұмырында соңына қалдырған мұрасы бүгінде де өзектілігін жойған жоқ. Олай дейтін себебіміз – еліміз егемендік алған уақыттан бері ұлттық дүниетанымға қайта үңіліп, қай салада да үстемдік алып келген еуропоцентризмнен арылу, тіліміздің өзіндік болмысын таныту, жаңа ұлттық негіздегі терминдерді жасап‚ қалыптастыру‚ өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін іздестіру міндеті – бүгінгі таңдағы ең көкейтесті мәселелердің бірі. Ендеше‚ бұл орайда Қ.Кемеңгерұлының «Қазақша-орысша тілмаш», «Оқу құралы», «Грамматика казахского языка» сияқты еңбектері мен тілге қатысты мақалаларының берері мол. Қ.Кемеңгерұлының тілтанымдық мұрасын зерттеу, ғалымның тіл білімінің дамуына қосқан үлесін зерделеу, бір жағынан, тіл біліміндегі қалыптасқан тұжырымдарға жаңа қырынан үңілуге, өзіндік ерекшеліктерін тани түсуге көмектессе, екінші жағынан, А.Байтұрсынұлы ізбасарларының ұстанған бағытын түсінуге, жалпы ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы қазақ тіл білімінің даму деңгейін айқындауға жол ашады.        Ғалым мұрасын жинастыра келіп, Қ.Кемеңгерұлының қазақ тіл білімінің төмендегідей салаларын қамтығанын көреміз: лексикография‚ этимология‚ диалектология‚ терминология, фонетика‚ морфология‚ қазақ тілінің әдістемесі‚ емле мен жазу‚ тіл тарихы‚ оқулықтар мен көмекші құралдар жазу т.с.с. Соның ішінде етістік, көмекші етістік және жұрнақтардың табиғатына  ерекше  көңіл  аударған.

Ғасыр басында қоғамда болып жатқан түрлі өзгерістер мен жаңалықтарға сәйкес жаңа ұғымдар, түсініктер қалыптасты. Ғылым, өнер-білім салаларында қазақ ұғымына жат жаңа сөздер пайда болды. Осыған байланысты жаңа ұғымдардың мәнін ашып, түсіндіру, қазақ тілінен сол ұғымға сәйкес балама табу, қазақ сөздерін жинақтап, саралау, яғни сөздік түзу қажеттігі туындады. Күннен күнге көбейіп, тасқындап еніп жатқан термин сөздерді жүйелеп, оларға қазақ тілінен балама табу, саралап, сұрыптау ісінің жеңіл еместігі түсінікті. Ол туралы 1931 жылы оқу комиссариатының білім кеңесі былай деген еді: «… Жұрттың көбіне мәлім, ой еңбегіндегі ең қиын істің бірі – сөздік түзу, оның ішінде әсіресе кітап жазушыларға дайын сөз тауып беру – өте қиын іс. Бұл айтқан ғылым тарауын көңілдегідей шығару үшін оның соңында бірнеше жыл отырып, бір пән сөзінің өзін бірнеше сүзгіден өткізу керек» [8, 3].

Осындай күрделі еңбектің нәтижесінде жарық көрген сөздіктердің бірі – «Қазақша-орысша тілмаш». Кітап 1925 жылы Мәскеуде 10000 дана болып басылып шығады. Сөздік жұмысын басқарған – Кемеңгерұлы Қошке‚ түзгендер – Кемеңгерұлы Қошке, Байтасұлы Абдолла, Бұралқыұлы Мұстапа, Байғаскин Есім, Дәулетбекұлы Ғаббас, Баймақанұлы Шәкір, Темірбекұлы Сұлтан, Сәрсенбайұлы Төлеутай болды. Құрастырушылардың ешқайсысы да тіл маманы емес. Қ.Кемеңгерұлы бұл кезде тарихшы, әдебиетші ретінде танылған. Ғалым Пушкиннен «Пайғамбар», Никитиннен «Сәскелік көлдің жағасында» сияқты өлеңдерді тәржімалаған, П.Лебедевтің «Химия» оқулығын аударған. Сол сияқты «Құлақ шаруаларындағы батырақ пен батырақ әйелдерді заң қалай қорғайды», «Ақы, кәсіп, дау айыратын комиссия» деген Қ.Кемеңгерұлының аудармалары Орталық ғылыми кітапхана қорында сақтаулы. Мұрағат деректері Бектасов пен Кемеңгерұлының «Орысша-қазақша сөздігінің» («Русско-казахский словарь») орыс топтарына қазақ тілін үйретуде жетекші құралдардың бірі болғанын көрсетеді. Алайда бұл кітапты кітапхана қорларынан кездестіре алмадық. Бұл деректер Қ.Кемеңгерұлының сөздік түзу жұмысына тегіннен-тегін араласпағанын, оған үлкен дайындықпен келгенін танытады.

Сонымен қатар А.Байтасұлы да «Қазақша-орысша тілмаш» жұмысына араласқанға дейін-ақ аудармашылық шеберлігі ұшталған қайраткер ретінде танылған. Ол Уагнерден «Жануарлар туралы әңгімелер» (Ташкент, 1924, 126 бет), профессор Гейкіден «Физикалық география» (Ташкент, 1924, 204 бет) т.б. аударған. Осы кітаптарға жазған сынында «Қыр баласы» (Ә.Бөкейханов) аударма тілін сөз ете келіп: «Абдолла жолдас орыс кітабын қазақшалауға шебер. Кітаптың сөзі хат білетін қазаққа түсінікті», – деп жоғары бағалайды [9]. Сөздік жұмысына аудармамен ертеден айналысып жүрген Қ.Кемеңгерұлы, А.Байтасұлдарының араласуы «Тілмаштың» дұрыс та сәтті болып шығуына әсер еткені даусыз.

«Қазақша-орысша тілмашты» түзушілер екі түрлі қызмет атқарған. Яғни, бір жағынан, қазақ сөздерін саралап, сұрыптап, олардың баламасын дәл тауып, дұрыс түсіндіруді, сол арқылы қазақ халқының болмысын,  тұрмысын, рухын басқа халыққа таныстыруды мақсат етсе (бұл этнографизмдер мен фразеологизмдердің т.б. мәнін түсіндіруде ерекше байқалады), екінші жағынан, ғылым мен техника, мәдениет  т.б. саладағы жаңалықтар мен өзгерістерге байланысты жаңа сөздер орыс тілінің әсерімен еніп жатқандықтан әрі ондай ұғымдар мен түсініктерге балама ретінде қазақтың төл сөздері қалыптаса қоймағандықтан, құрастырушылар орысша-қазақша сөздіктің міндетін де атқарған. Сол себепті «Қазақша-орысша тілмашты» түзушілер жеке реестрге қазақ тілінің дайын сөздерін ғана беріп қоймай, орыс сөздерінің (немесе орыс тілі арқылы басқа тілден енген сөздердің) қазақ тіліндегі баламасын ұсынып, шығармашылық та қызмет атқарған (бұл, негізінен, термин сөздерге байланысты). Мәселен, ғасыр басында аэроплан, акционерное общество, кинематограф, резолюция, инструкция, прогресс т.б. сөздердің қазақ тілінде дайын баламасы болмады. Әрине, бұл орайда баспасөз бетінде бұл атаулардың түрліше қолданылып жүргенін ескеру керек. Әйтсе де ол атаулар әдеби тілде қалыптасып үлгермеген еді. «Қазақша-орысша тілмашта» осындай сөздердің қазақ тіліндегі баламасы беріледі де, оның орысша аудармасы көрсетіліп отырады. Мәселен, сатсиалдық – социальный, социалистический; сома – сумма (капитал); қорытынды – 1) резолюция‚ 2) вывод; қосымша құн – прибавочная стоимость; нұсқа – 1) инструкция‚ 2) экземпляр‚ 3) копия; үдеу – прогресс; ұшқыш мәшине – аэроплан; жарналы серіктік – акционерное общество т.с.с. Яғни сөздік құрастырушылар қазақ тілінің сөздік құрамын молынан қамтуға тырысқанын байқаймыз.

Сөздердің берілуі, сөз мағынасын түсіндіру, еуропа сөздерінің дәл баламасын табу, сөздердің жинақталуы, сұрыпталуы тұрғысынан алғанда, «Қазақша-орысша тілмаш» өзіне дейін шыққан сөздіктерден әлдеқайда озық. «Қазақша-орысша тілмаштың» алғысөзінде құрастырушылар сөздік түзу – өте күрделі де қиын міндет екенін, тіл білімі саласында еңбек ететін бірнеше автордың көп жылғы еңбегінің нәтижесі болуы керектігін айта келіп: «К сожалению, такой точки зрения мы не придерживались по следующим причинам: во-первых, с целью удовлетворить сильную потребность в казахско-русском словаре слушателей-европейцев, изучающих казахский язык на Высших Военных Курсах Востоковедения, мы приложили все усилия к его ускоренному выпуску; во-вторых, мы не имели на руках соответствующих полных руководств для исчерпания из них необходимых материалов. Однако, выражаем надежду, что данный словарь может послужить пособием не только слушателей Военных школ, но и для европейцев, служащих в Казреспублике, а также для лиц, изучающих непосредственно казахский быт», – дейді.

ХХ ғасыр басында өзге тілдік сөздерді қабылдауда мына принциптер көзделгені белгілі:

а) жат атаулардың мағынасын түсін-діргендей қазақ сөзін алу;

ә) оған қолайлы қазақ сөзі болмаса, түркі сөзін алу;

б) түркі сөзі де тура келмесе, қазақ тілінің заңына үйлестіріп еуропа сөзін алу [10].

 «Қазақша-орысша тілмашты» құрас-тырушылардың да осы принциптерді ұстанғаны байқалады. Сондықтан «Тілмашта» төбелік шеңберполярный круг; тетік – 1) механизм‚ 2) прием; беделавторитет сияқты сөздермен қатар нөмір, көлексие, атлас, білиәрт сияқты атаулар да кездеседі. Қазақ тілінің өз мүмкіндігін пайдалана отырып, термин жасау үлгісі ХІХ ғасырда да көрініс тапқан. Белгілі ғалым Р.Сыздықова төңкеріске дейінгі сөздіктердің ерекшелігіне тоқтала келіп, былай дейді: «Қазақ қоғамы өміріне жаңадан еніп жатқан құбылыстар мен ұғымдардың атауын жасауда өткен ғасырдың өзінде-ақ қазақ тілі өз мүмкіндігіне иек артқаны осы сөздіктерден білінеді. Мысалы, арендаөсім; банкирсүтхор, өсімші; работникжұмыскер, малай; слугатөлеңгіт; станция –  қызыл үй, бекет; темницақараңғы үй; хирургсынықшы; художникұста, жамаушы; будка полицейскогоқарауылшы үй; компанияортақ; железная дорога, вагон, локомотивот арба; пароходот қайық; столетиежүз жыл; подорожнаябедерлі қағаз; баллотировкатас салу т.б.». Бұдан жоғарыда келтірілген принциптердің негізі ХІХ ғасырда қалана бастағанын байқаймыз. Сондықтан ХХ ғасыр басындағы сөздік түзушілер барлық сөзге жаңа атау беруге тырыспаған. Құрастырушылар өздеріне дейінгі, өз тұсындағы сөздіктерді байыпты зерделеп, сөздерді саралап сұрыптаған. Мұндай үрдісті «Қазақша-орысша тілмаштан» да байқауға болады.

«Еңбекші қазақ»  газетінің 1926 жылғы 16 қазанындағы №662 санында «Оқушы» деген псевдоним иесінің «Қазақша-орысша тілмашты» өте жоғары бағалап, алайда кейбір сөздердің түсініксіз екенін айтқан сын-ескертпесіне [11] жауап ретінде Қ.Кемеңгерұлы осы басылымның 24 қарашасында жарияланған «Қазақша-орысша тілмаш» туралы түсініс» деген мақаласында [12]: «Тілмашқа кірген сөздердің бірсыпырасы Радловтан, Будаговтан алынған. Қазақ тіліндегі ескі-жаңалы кітаптардан алынған», – дейді.  «Қазақша-орысша тілмашта» 10 мыңдай қазақ сөзінің мағынасы түсіндірілген. Ғалым мақаласында Қ.Кемеңгерұлы Мәскеудегі «Кіндік баспасөз» Мағжанға қаратып, біреуге көшіруге бергенде, сол көшірушінің біраз шатастырғанын‚ оның үстіне 400-дей сөз баспадан қате кеткенін, яғни кейбір сөздердің мағынасын жойып не ауыстырып жібергенін қынжыла айтады. «Оқушы»: «Кей сөздерге берген мағаналары қазақша да емес, жатық та емес, түсінікті де емес, керексіз сөздер кездеседі», – деп тауқымет, ғадауат, саранжам, шапағатшы, соламай, тоңғармақ, тазданбақ, ақыланбақ сияқты сөздерді көрсетеді. Оған жауап ретінде Қ.Кемеңгерұлы: «Қазақша дегенде қазақтың төл сөзін іздейсіз ғой. Олай болғанда, қазақтың сөйлеп жүрген сөздерінің жартысы араб пен парсынікі деушілер бар. Оларға не дейсіз? Орамалды сіз қазақтың төл сөзі деп ойлайсыз ба? Қазақша емес деп дауласқаннан кейін, әрине, сізге түсінікті де, жатық та болмайды. Қазақ арасында айтылатын сөз бе? Сөз емес пе? Қазақ кітаптарында кездесе ме? – әңгіме сонда болу керек», – дей келіп, тауқымет сөзінің Жүсіпбек пен Мұхтардың жазғандарында, ғадауат сөзі Абайда, саранжам сөзі Наурызбай батырдың қызбен айтысатын қиссасында кездесетінін, жас бала қайтыс болса, қазақ шапағатшы болсын деп көңіл айтатынын т.с.с. деректерді келтіре отырып, жеке адамның білмеген сөзінің бәрін керексіз қылуға, қазақша емес, түсінікті емес деуге болмайтынын ескертеді. Ендеше‚ «Қазақша-орысша тілмашты» құрастырушылар кез келген сөздің мәнін түсіндіруді мақсат етпей, оның қазақ арасында немесе ақын-жазушылар тілінде кездесуіне қарай сұрыптап, екшегені байқалады.

Оның үстіне басқарушы «Тілмаштың» еуропалықтарға арналуына байланысты‚ қазақ сөздерінің бас-басына мағына беріп, түсіндіруге тырысқанын айтады. Қ.Кемеңгерұлы егер сөздік қазақтарға арналса, утонуть сөзін – батпақ, кетпек, ғарық болмақ деп аударуға, яғни синонимдес сөздерді қолдануға болатынын, ал қазақша-орысша сөздікте әр сөздің жеке нысанға алынуы қажеттігін ескертеді. Бұдан Қ.Кемеңгерұлының сөздік түзу ісінің қыр-сырын толық меңгергені әрі оған үлкен жауапкершілікпен қарағаны байқалады.

Ғалым А.Байтұрсынұлының термин жасаудағы принциптерін толық қуаттап, рухани ұстазының жолымен жүрген. Оны Қ.Кемеңгерұлының мына сөздерінен де байқауға болады: «… Терминдерді алу туралы кейбіреу: «Басқа елдер қалай атаса, қазақшаға айналдырмай-ақ, біз де солай атайық», – десті. Бұл – тіпті адасқан пікір. Күйіміз жетсе, шамамыз жетсе, қазақшаландырып алуымыз керек. Мәселен, геометрияны қазаққа геуметрие десең, көзіне түк елестемейді. Ал пішіндеме десең, қазаққа таныс, көзіне елестейді. Сондықтан терминдерді қазақша алуға дауласуға мән жоқ [13].

«Тілмаш» түзу барысында да құрастырушылар осы тұжырымды басшылыққа алған. Оған сөздіктегі терминдердің берілуі дәлел бола алады. Мысалы: әдіс ғылымытехнология; ақының сапасыреальная плата; әлем ғылымыкосмография; әлеумет ғылымысоциология; айқасымреакция (психологическая); білдіргішсправочник; бекетпочтовая станция; тәжірибеқаналаборатория; тән тіршілігіфизиология; тасу құралы (көлік) – транспорт; тетік ілімімеханика; тетік күшмеханическая сила т.б.

«Қазақша-орысша тілмашта» сол кездегі қоғамдағы өзгерістер мен жаңалықтарға сәйкес жаңа ұғымдар мен атаулар да көптеп кездеседі. Осы тұрғыдан алғанда, сөздік түзушілер шығармашылық та қызмет атқарған сияқты. Ондағы терминдердің қазақ тіліндегі баламасы бүгінгі таңдағы қолданысымен салыстырғанда, мағынасы әлдеқайда дәл де түсінікті болып келеді:

 Сөздік түзушілер аударуға көнбеген сөздерді қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне сәйкестендіріп алып отырған. Бұл орайда тілмашты құрастырушылар Х.Досмұхамедұлы, А.Байтұрсынұлы еңбектерін басшылыққа алғаны байқалады. Жат сөздерді «өзге жұрт тілдерінде айтылуынша ешбір бұзбастан, айнытпастан алу керек. Кәзір Қырым, Әзербайжан сықылды өзге ұлт респөбликелері де солай алып жүр. Біз неге сүйтпейміз?», – деушілерге Х.Досмұхамедұлы «Жат сөздерді қолданғанда, тілімізге ылайықтап алу керек. Жат сөздерді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады… Жат сөздерді өзгертпестен алып, бастапқы жат қалыбымен тілге сіңіреміз дегендік – шатасқандық. Бұ жолда жүрген адамдар тілімізге орасан зиян келтіреді», деп жауап берсе, А.Байтұрсынұлы «Сәбитке жауап» деген мақаласында: «Жат сөздерді басқалар, мәселен, орыстар өз тілінің заңына үйлестіріп алғанда, солай алуға біздің де қақымыз бар», – деген еді. Бұдан сөздік түзушілер мен А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы сияқты тіл білімпаздарының ойлары, тұжырымдары үндес, сабақтас болғанын көреміз.

 «Қазақша-орысша тілмаш» қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрінен мол дерек берумен қатар көптеген сөздердің этимологиясын түсінуге де көмектеседі. Көпшілікке мәні түсініксіз, тұрақты тіркес құрамында немесе ауыз әдебиеті нұсқаларында ғана кездесетін, белгілі бір грамматикалық тұлғада немесе белгілі бір тіркесте ғана келетін сөздер сөздікте молынан кезігеді. Мәселен: жым – запутанные следы зайца, следы дичи; сілікпе – мясо до того разваренное, что отваливается от костей; құса – тяжелая тоска т.б. Мұндай сөздердің сөздікте көптеп берілуі тегіннен тегін болмаса керек. Себебі Қ.Кемеңгерұлы ертеден-ақ жеке тұрғанда мағынасы беймәлім сөздерді теріп, жинастырып, оның қай тілден енуі мүмкін екені туралы ойланып, осы мәселеге ерекше назар аударғаны байқалады. «Дұрыс па? Бұрыс па?» деген мақаласында ғалым «бойы еңгезердей», «құс баласы қырымға қарайды», «дардай болып балаға неге тиесің?», «Су ма, кереңді іш!», «мама бие», «мәрфе-сәре болдық», «шоқ-шоқ, саған аз!», «толағайланып қалды», «ұлан жаздай ән салсаң, «шаңқа боз», «шаңқай түс», «қазақ көксілдері», «қай заман мына заман, бағы заман», «сүмбіл шаш», «астан күпті болды», «мұнтаздай болып отыр», «жұрдай болып жүр», «төрт байыстың баласы» сияқты тіркес құрамында ғана кездесетін сөздерді әңгіме етеді.Қ.Кемеңгерұлы түркі, монғол (мағыл – Қ.К.) тілдерінің тектес екенін, кейбір сөздердің ортақ екенін айта келіп, жоғарыда келтірілген сөздердің бірқатары монғол тілінен кіруі мүмкін екенін ескертеді. Ғалым Потаниннің еңбегіне сүйене отырып, сөздердің қазақша, монғолша, орысша баламасын ұсынады:

Сол сияқты бағы (самозванец), сүмбіл (колос), мұнтаз (отличный) сөздерін әзірбайжан тілімен байланыстырып, шоқ-шоқ (много-много) сөзін түрік тілінен енуі мүмкін деген жорамал айтады. «Бұлай шендестіру дұрыс па, бұрыс па?»  деп ой сала отырып, Қ.Кемеңгерұлы еңгезер, кере, мама, жұр, көксіл, күпті деген сөздердің түпкі мағынасын білетіндер болса, ойын жария етуді өтініп, бұдан былай осындай сөздерді баспа бетінде жариялап, жинастыру мәселесін көтереді. Бұл – ғасыр басында қазақ білім-паздарының оқулық жазу, алфавит, емле, жазу мәселелерін сөз етумен қатар тіл білімінің өте күрделі де қиын, таласы мол саласы – этимологиямен де айналысып, осы салада батыл да дәлелді тұжырымдар жасап отырғанын танытса керек. «Қазақша-орысша тілмашта» сөздердің ең түпкі негізгі мағынасын беруге тырысқан. Осыған байланысты сөздік бүгінде мағынасы күңгірттеніп, түсініксіз бола бастаған көптеген сөздердің мәнін ашып, этимологиясын түсінуде бірден-бір құрал бола алады. «Қазақша-орысша тілмаш» сөз мағынасын нақтылауда‚ мәдени лексика атаулары мен этнографизмдердің‚ фразеологизмдердің сыр-сипатын айқын-дай түсуде бірден-бір құрал болып табылады. Ондағы терминдердің берілуі ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы терминжасам үрдісінен хабардар етеді. Сол сияқты сөздік этимологиялық талдауларға‚ жергілікті сөздердің мәнін ашуға көмектесумен қатар сол кездегі диалектология‚ этимология сияқты ғылым салаларының даму деңгейін де көрсетеді.

Орынай ЖҰБАЙ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры міндетін атқарушы,

филология ғылымының докторы

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Орталық Мемлекеттік мұрағат. 81-қор‚ 1-тізім‚ 1313-іс‚ 106-б.

       2. Орталық Мемлекеттік мұрағат. 81-қор‚ 1-тізім‚ 1314-іс‚ 6-б.

       3.Орталық Мемлекеттік мұрағат. 81-қор‚ 1-тізім‚ 1313-іс‚ 91-б.

       4.Орталық Мемлекеттік мұрағат. 81-қор‚ 1-тізім‚ 1313-іс‚ 108-б.

     5. Грамматика казакского языка. Составил Г.В.Архангельский. Под редакцией Кеменгерова. - Ташкент‚ 1927. - 62с.

      6.Мырзахметов М. М.Әуезовтың аспиранттық өмірінен деректер // Қазақстан мұғалімі. 14.10.77.

      7.Қошке (Қошмұхаммед) Кемеңгерұлы. Шығармалар. – Алматы‚ 1995. -184 б.

      8.Атаулар сөздігі. - Алматы: Қазақстан‚ 1931. -116 б.

      9.Кітап сыны. Қыр баласы // Еңбекші қазақ. N320. 22.04.1925.; N325. 7.05.1925.

     10.Жолдыбаев М. Қазақ тілін байытамыз // Еңбекші қазақ. 12.VІІІ.1926.

     11.Кітап сыны. Оқушы // Еңбекші қазақ. N225(662). 12.10.1926.

     12.Кемеңгерұлы Қ. Қазақша-орысша тілмаш туралы түсініс // Еңбекші қазақ. 24.11.1926.

13. Әріп мәселесі туралы айтыстағы Кемеңгерұлы Қошкенің сөзі // Еңбекші қазақ. 17‚19.06.27.

1673 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз