• Ел мұраты
  • 26 Қаңтар, 2022

БАСШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕГІ ӘЙЕЛДЕР РӨЛІ

ХХІ ғасыр – жаһандану мен ұлттық тенденциялардың тайталасы, үйлесімі мен текетіресінің кезеңі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауында «Сайлау тізіміндегі әйелдер мен жастар үшін отыз пайыздық квота туралы норманың енгізілуі партияларды белсенді жұмыс істеуге, өз қатарларын жасартуға, жаңа тұлғаларды іздеуге итермеледі. Сондықтан толыққанды нәтиже алу үшін депутаттық мандаттарды бөлу кезінде осы квотаны міндетті түрде есепке алу туралы норманы заңнамалық тұрғыдан бекіту қажет... Біз инклюзивті қоғам құрып жатырмыз. Әзірше біздің елімізде ерекше қажеттіліктері бар адамдар қоғамдық-саяси өмірде әлсіз көрінеді» деп атап көрсеткен болатын /1/. Кез-келген халық үшін биік мұрат – тәуелсіз елде өмір сүру. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері, әлемдік өркениетке тиімді интеграциялануы арқылы экономикалық-әлеуметтік қатынастарда дамыды және ол өркениеттің тәжірбиелерін алды. Бұл жылдары жаңа ұрпақ қалыптасты, тіпті цифрлық ұрпақты әлеуметтік ортамызға кейде өзіміз байқамай, кейде мақсатты түрде орнықтырып алдық.Аталған мәселе бүгінгі таңда өзінің өміршеңдігін дәлелдеп отыр. Осыған орай, әйелдердің билік пен қазақстандық қоғамның саяси өміріне қатысуы өзекті мәселе және тәуелсіздік алған сәттен бастап, барлық деңгейдегі әйелдерді қолдау мәселелері мемлекеттік саясаттың күн тәртібінде болды. Қазақстан Орталық Азия елдерінің ішінде бірінші болып, қоғам өмірінің барлық салаларында гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге арналған ұлттық орган – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияны құрды.

Гендерлік саясат саласындағы негізгі заңнамалық акт 2009 жылы қабылданған «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» Заң саясатта, экономикада, білім беруде, отбасында, денсаулық сақтау және әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықты болдырмау мәселелерінде гендерлік теңдікке қол жеткізу бойынша бірқатар нақты индикаторлар болып табылады. 2016 жылы Президент Назарбаев 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын бекітті /2/, оны іске асыру жынысына қарамастан, барлық құқықтарды тең пайдалануды қамтамасыз етуге және кемсітушілік пен гендерлік ассиметрияға жол бермеуге арналған.

Қазақстан БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы Конвенциясын (КДЖ), Пекин декларациясы мен Бейжің іс-қимыл платформасын, әйелдің саяси құқықтары туралы Конвенцияны, тұрмыстағы әйелдің азаматтығы туралы Конвенцияны, Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) алты конвенциясын және 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған Орнықты даму саласындағы күн тәртібін қоса алғанда, бірқатар негізгі халықаралық актілерді ратификациялады.

Казіргі қоғамдағы мәдени дамудың ауқымындағы құндылықтықтар және әлемге ғылыми сараптамалар жасау – заман талабы. Әрине, мәдениет өзінің тарихи терең тамырларымен, мол рухани нәрімен өзіне әрдайым назар аудартады. Қазіргі уақыттағы өзгерістер тұрғысынан алғанда, К.Маркстің адам қоғамдық қатынастардың жиынтығы және мәні, қоғамданған адам, сезімдік іс-әрекеттілік субъектісі деген ойлары өзінің өзектілігін жойған жоқ. Ал, сол К.Маркс өмір сүрген уақыттан қоғамдық қатынастарға үңілетін болсақ, шынында да, ол заманның адамы капитал иелері тарапынан әбден езілген, жаншылған топ еді. К.Маркстің адамның өз еңбегінен жатсынуы салдарынан адамның өзін қоршаған ортаға теріс көзқараста болуы, түптің түбінде оның рухани болмысына, ата-бабасының мұрасына деген қарсылығының орын алуы мүмкін деген ойлары адамның заттық болмысын күшейтуге алып келді. Адамдар саяси идеологиялар арқылы өз еркіндігін жүзеге асырады, шынайылықты бағалайды. Ұрпақтың уақытын қоғамдық өмірдегі белсенділік құрайды. Сократ заманынан келе жатқан дельфилік ереженің мәні де осы – өз-өзіңді таны және өз-өзіңе қамқор бол. Өз-өзіңе қамқорлық бұл өзіңнің тәніңді сүюді білдірмейді, керісінше өз жан-дүниеңді тануға әкеледі. Сократтың Аликивиадпен сұқбатында: «Өзінің қасиетін білмейтін адам, тиісінше, басқа адамдардың да қасиетін біле алмайды. Сонымен бірге, ақылды, өз-өзіне қамқор, бақытты бола алмайды. Сондықтан бай адам бақытсыздықтан қаша алмайды; оны тек ойлаушы адам ғана айналып өте алады. Мемлекет те өз адамдарына ізгілікті қасиеттерді орнықтыруы қажет», – деген пікірін білдіреді. Ұрпақ уақыты әрі әлеуметтік саяси қатынастар арқылы, әрі адам болмысының бір толғанысы, мұңы ретінде қарастырылады. Сондықтан, бір жағынан, мемлекеттік идеология, екінші жағынан, халықтың өзі «бір күндік мүддеге» түзілген әрекеттерді біртіндеп мемлекет құраушы ұлттың жауапкершілігіне байлауы қажет. Сонда ғана ұрпақ мәдени контексте өзінің мақсатын түсініп, іс әрекеттілігін дұрыс ұйымдастырады. Бұл мұң адам болмысы деңгейінде де, ұйымдық формада да мемлекеттілікке салмақ түсіріп тұр.

Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, елде жұмыспен қамтуды, мансаптық мүмкіндіктерді және еңбекке ақы төлеуді қамтамасыз етуде гендерлік теңсіздік әлі де сақталуда. Еңбекақы төлеудегі айырмашылық жаппай белең алып келеді: 2016 жылы Қазақстанда әйелдер ерлерге қарағанда, орташа есеппен 31,4%-ға аз табыс тапты. 2016 жылы әйелдер әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің жалпы санының 56%-ын құрады, бірақ, мемлекеттік қызметтегі саяси лауазымдардың тек 10%-ын, Парламенттегі орындардың 22%-ын және банк секторындағы басшылық лауазымдардың 24%-ын ғана иеленді /3/.

Қазіргі қоғамды демократияландыру заманында әйелдер билік пен әкімшілік саласында да көптеп қызмет етуде. Біздің қоғамымыздағы әйелдер ахуалы туралы есепте жарияланған мәліметтерге сәйкес, бүгінде Қазақстан Парламентінде 33 әйел бар, бұл депутаттардың жалпы санының 22 пайызын құрайды. Бұл өткен шақырылымға қарағанда, екі есе көп /4/.

Қазіргі кезде Қазақстанда әйелдердің қоғамның саяси өміріне қатысуына тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету үшін біраз жағдайлар жасалған. Бірақ, елдегі билік құрылымдарында гендерлік теңдікті қамтамасыз ету үшін көптеген бейресми кедергілер де бар екендігін, бұл әйелдің билікке енуін қиындататынын атап өткен жөн (рас, осыған үйлес, әйелдердің саяси іс-қайраткерлік саласына енуі процесін тежейтін объективті кедергілер де бар). Бұл – негізінде жеке бастық өзара қатынастар жатқан ерлердің корпоративтік мәдениеті де, бұл әйел-саясаткерлерге қатысты жаңсақ пікірлер де.

Республикамыздағы айқындалған ірі конституциялық реформаларға сәйкес, республикада пропорциялық партиялық жүйе енгізу туралы, Парламент өкілдігін күшейту туралы, өлім жазасын алып тастау туралы мәселелер және Қазақстанның саяси жүйесіне басқа да маңызды өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылуда, сол реформалар аясында әйелдердің қоғамымыздың саяси саласына қатысуын күшейту мәселесі көтерілді. Бүгінде мемлекеттік саясат әйелдердің саясатқа араласуын дәуіріміздің ажырамас сипаты ретінде қарасыратынын атап өтуге болады. Жалпы алғанда, жиі жыныстық ерекшелігінен басқа, еш негізсіз әйелдерді қабылдаушылық әйел үлесіне бағынышты роль тиетін әлеуметтік рольдерді бөлудің ескі, иерархиялық салтынан бастау алады. Қазіргі таңда, тіпті, демократиялық ел болу бағытын ұстанған Батыс елдерінің саяси партияларында әйелдерге, көбіне-көп ескілікті, техникалық жұмыс ұсынылады, олардың пікірі шешім қабылдауда ескеріле бермейді. Әйелдің саяси мансап жолында әйелдер мен ерлерге қатысты түрлі бағалау критерийлері, әйелдер ынтымақтастығының жоқтығы, олардың саяси қызмет-қайраткерлікке қажетті дағдыларын дамытуға уақыттары мен мүмкіндіктерін шектейтін отбасылық міндеттер, отбасы тарапынан сәйкес психологиялық қолдаушылықтың болмауы сияқты факторлар да белгілі бір роль атқарады. Әйелдер ерлерге қарағанда, көп дәрежеде еркін талдау негізінде емес, қажеттілік пен ұсынылатын жағдайлар заңымен өмір сүруге мәжбүр, бұл да, сондай-ақ, олардың саяси белсенділігіне ықпал етеді. Бірақ, әйелдер ортасында саясат – тек қана ерлерге сеніп тапсыратындай емес, ортақ және жауапты іс екенін, әйелдің саясатқа араласуы саясат билігін күш тұрғысынан қарастырушылықты шектеуге көмектесетінін зерделеушілік арта түсті. Жолдаудағы талаптар көптеген міндеттерге жетелейді. Біз әлі де көптеген жағдайларды сараптауымыз қажет. Әлбетте, Қазақстандағы әйелдер ахуалы өзгеруінің басты шарты демократия жолын ұстанушылық, ірі саяси және экономикалық қайта құрулар жүргізушілік болып табылады. Алайда, әйелдер ахуалын жақсарту мүддесімен мақсаттар мен іс-әрекеттерді айқындау орын алған жағдайда ілгерілеудің қарқын алуына септігін тигізе алады. Ал, саяси салада әйелдер санын арттыру, әлемдік тәжірибе көрсеткеніндей, қоғам құрылымында, салтында, үлгілік-өнегелік аясында игі өзгерістер әкеліп, басқа деңгейдегі және мейлінше ізгі қарым-қатынас стилін талап етеді, бұл – Қазақстан үшін өте өзекті мәселе. Әйелдердің басым көпшілігі, баяғыша саясаттан гөрі, іспен шұғылдануды артық көреді, ал, билікке таласса да, олар өздері жиі оны білім беру, ал, денсаулық сақтау, т.с.с. дәстүрлі «әйелдік» салалармен шектеуге ұмтылады.

Тұтастай алғанда, әйелдердің билік өкілеттігін жүзеге асыру, әдетте, «өктем әйел», «қатал басшы әйел», т.б. терминдерді әдеттен тыс құбылыс ретінде қарастырылып, әйел бейнесіне сәйкес емес сипат ретінде сынға ұшырайтын әлеуметтік-мәдени факторлармен байланысты көптеген кедергілерге кезігеді. Сонымен бір мезгілде, саясаткер әйелдер, әдетте, өздері әйел затына жататындығын «ұмытуға» тырысады. Отбасы ошағын сақтаушы әйел бейнесі үстемдік ететін ортада «жыныссыз» саясаткер әйел бейнесі таралған, өздерінің сөйлеген сөздерінде, мәнерлерінде, мінез-құлық дағдыларында әйел өзін-өзі қалағандай емес, өзінен басқалар күтетіндей етіп ұстауға мәжбүр. Көшбасшы әйелдерге өзінің феминистік болмысын жиі таныту қолайсыз, тіпті, ұят саналады, шын мәнінде, ол өзін неғұрлым өктем, ерлерше ұстаған сайын, соғұрлым ол ресми жария етілмейтін, бірақ, орын алған ерлерше ойын ережелеріне сәйкес болады. Сол себепті, қазақтың көшбасшы, жетекші әйелдері – бейне, бұл ортада бөтендей бейне, өздерін жайсыз сезінетіндей, осы саяси ортада болудан ыңғайсызданушылықты жеңуі маңызды. Осы идеяларды қабылдап алатын көшбасшы әйелдер жалпы қабылданған бейнелерге үнемі сәйкес бола алмайтындығынан, өздерін кінәлі де сезіне бастайды. Бұл сезім өзінің әйел затына жататындығын мақтан тұтудың орнына, әйелдің осы үшін және өз болмысын «өзгертуге» тура келетіндігі үшін өзін аса жайсыз сезінуіне алып келеді. Көшбасшы әйелге көбіне-көп, «ер адам ақылы» тән делінеді, себебі, «әйел ақылы», әдетте, белгілі бір шектелгендік, ой-зерделік жағынан соқырлық, ой-қисынның жоқтығы, ең жақсы дегенде, айлакерлікпен байланыстырылады.

Бұл ретте, оңай байланыстырушылық ер адамдар арасында ғана емес, сонымен қатар, бірін-біріне байланыстырып, іс-әрекеттерді кең тұрғыда қарастыруға, заттар мен құбылыстардың өзара әрекеттестігін себеп-салдарлық байланыс заңы бойынша көруге қабілеттілігін мойындамайтын және салмақты да дұрыс шешім қабылдауды қиындатады дегендей шектен тыс әйелдік эмоцияшылдық туралы мифті белсенді түрде жақтайтын әйелдер қауымы арасында да таралған. Сондай-ақ, Жолдауда көтерілген мәселеге байланысты айтар болсақ, еліміз үшін жоғарыда атап өтілген жетекші басшы әйелдердің, тіпті, ең дана, әрі тиімді шешімдері бағынышты еркектердің сол бойынша жүруге ықылассыздығы кесірінен тежелуі мүмкін болатын ер адамдардың әйелдерге қызмет бабымен бағынуы мәселесі аса өзекті. Бұл ретте, әр түрлі деңгейде билік позициясын  ұстанатын әйелдер, әдетте, өзіне орынбасарлыққа, көмекшілікке ер адамдарды алуға бейімдірек келеді, бұл олардың (ер адамдардың) үздік кәсіби даярлығымен түсіндіріледі, әйтсе де, сәйкес жағдай болғанда, әйелдердің де, ерлердің де қабілеттері бірдей бола алады, ал, көбіне, бұл бірдей болып табылады да, тек әйелдердің өзін көрсетуге мүмкіндіктері кемшіндеу. Көп жағдайда әйелдердің өздері билік нысаны тұрғысында дәл сол ер адамдардың болуын артық көреді. Тұтастай алғанда, саяси қызмет, әсіресе, саяси басшы мансабындағы әйелдердің өздерінің басты міндеті – отбасылық міндетін атқаруына кесірін тигізуі мүмкін деген сенім модернизация процестерінің нәтижесінде соңғы уақытта барған сайын маңызын жоғалта бастағанымен, ол толықтай жоғалып кеткен жоқ.

Кейбір бұқаралық ақпарат құрал-дарында әлі де қоғамдық санада, әсіресе, әйелдер қауымы санасында басшы әйел бейнесінің тартымсыздығы ұғымын сіңіруге бағытталған «дәйектер» насихатталады. Көптеген елдерге тән ерекшелік әйелдерді билікке тарту мәселелерінде неғұрлым озық ойлы болып қала халқы табылатындығында, алайда, Қазақстанға тән ерекшелік қала мен ауылдың арасында бұндай озық ойлылық деңгейіндегі алшақтықтың тым үлкен болып табылатындығында. Тұтас алғанда, қоғамдық санадағы, үлгілік-өнегелік құндылықтардағы, діл тұрғысындағы өзгерістер әлі де өте-мөте баяу жүруде. Сондықтан, бүгінгі таңда Қазақстанда баяғыша әйел затының «әлсіздігі» туралы ұғым басым екендігін айтуға болады, бұл ретте, әйелдердің көтеруіне тура келетін дене жұмысы ауыртпалығы, психологиялық салмақ, аса ауыр тұрмыс жүгі осы айтылған табиғи әлсіздікке кереғар екендігі ескерілмейді, мәселе әлсіздіктің ер адамның билігіне жаппай тәуелділік ретінде қабылданатындығында болып тұр.

Дамыған елдерде әйелдердің әлеуметтік-экономикалық ахуалының жақсаруы әйелдерді саясат пен билікке тарту үшін қажетті жағдай ретінде қарастырылады. Әйелдердің басым көпшілігінде отбасын асырау сияқты үйреншікті мәселе неғұрлым өзекті болып табылады, сол себепті де, олар бұндай ахуалды жақсарту әрекеті ретіндегі саяси мансап жолын бастау мақсатын орындалмас бос қиял деп санайды, оның үстіне, олар патриархаттық қатынастар жағдайында тәрбиеленсе, мәселе тіптен күрделенеді. «Сана төңкерісі» тек қалалық жас әйелдер қауымы бөлігіне ғана тән, бірақ, олар да әдетте, билікке, саясатқа баруды мақсат етпейді, қайта негізінен материалдық тәуелсіздікке ұмтылады, көбіне шетелдік компанияларда жақсы қызмет-мақсатқа қол жеткізіп, жақсы ақша тауып, сәтті тұрмысқа шығуды армандайды. Саяси билікке жету келешегі тек санаулы ғана қыздарды тартады, себебі олардың көзінде саясат тым күрделі, әрі лайықсыз іс болып табылады. Мейлінше көп әйелдердің билікке енуі мәселесі көптеген елдер, соның ішінде, Қазақстан үшін де өзекті болып отыр.

Сонымен, әйелдер билікке қажет. Өйткені, олар өзгерістердің катализаторы бола алады, олардың билік құрылымдарына келуі – тұтастай алғандағы қоғамдағы әйелдер қауымының, демек, әрбір жеке алғандағы әйелдің мәртебесін арттырудың әділ де қажетті шарты. Бұған қоса, әйелдер тұрғысындағы мемлекет саясаты дербес бағыт ретінде қажет, өйткені, әйелдер ахуалымен байланысты айрықша ерекшелікті мәселелер тобы бар және де, әдетте, дәл осы әйелдер ол мәселелерді басқалардан гөрі, артық түйсініп, зерделейді және оларды шешу жолдарын ұсына алады. Сонымен бір мезгілде билікке келген әйелдер бөле-жара әйелдер мәселелерін шешуі тиіс деп айту да дұрыс емес. Көшбасшы әйел қоғам үшін барынша өмірлік маңызды мәселелерді шешуі тиіс, ол мәселелер ерлерге де, балаларға да, қарттарға да қатысты болуы мүмкін. Әлемдік тәжірибе көрсеткеніндей, саясатта (басқа да салалардағыдай) әйелдер немесе ер адамдар неғұрлым білікті болатын салалар бар, бірақ, бұл, мысалы, денсаулық сақтау немесе білім беру саласында ер адамға басқарушы қызметтерге жол жабық болуы тиіс немесе әйел ішкі істер министрі қызметін атқара алмайды дегенді де білдірмейді; бәрі нақты жағдайға, ортаға байланысты, бірақ, кез-келген жағдайда билік орындарына таңдау немесе тағайындау барысында гендерлік сипаттарды емес, кәсіби сапаларды басшылыққа алу қажет болады. Біздің Парламентімізде небәрі бірнеше әйелдің өкіл болуы, тіптен депутат әйелдеріміздің «әйелдік сипаттағы» мәселелерді шешуге белсенді қатысуын діттемейді.

З.С.АЙДАРБЕКОВ,

Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетінің профессоры, философия ғылымының докторы

И.С.ӨСІМБАЕВА,

Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университеті, кәсіптік аймақтану кафедрасының аға оқытушысы

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

https://primeminister.kz/kz/addresses/01092021.

http://egov.kz/cms/ru/law/list/U1600000384

Министерство национальной экономики Казахстана. Комитет по статистике. «Женщины и мужчины Казахстана в 2012-2016гг.», г. Астана, 2017 г.

В Женеве обсудили отчет Казахстана о положении женщин https://news.un.org

1.Раев Д. Әл Фараби іліміндегі антропологиялық этикасофия. //Әл-Фараби әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер журналы. № 1 (73). –Алматы, 2021. -148б.

2.Маркс К. Избранные произведения в трех томах. Том-1.  Фейербах. Противоположность материалистического и идеалистического воозрения.-Москва: Издательство политической литературы, 1970. -639 с.

1894 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз