• Ел мұраты
  • 26 Қаңтар, 2022

СУ МӘСЕЛЕЛЕРІНЕ ҒЫЛЫМИ ТҰРҒЫДАН НАЗАР АУДАРУЫМЫЗ КЕРЕК

Елімізде қуаңшылық, су тапшылығы жөнінде мәселелер өзекті болып отырғаны белгілі. Климатологтардың болжамы бойынша Қазақстанның аридтік аумағы үшін қолайсыз гидрологиялық жағдай қалыптасады, ағындының қалыптасу жағдайы өзгереді, ағынды төмендейді және жыл ішіндегі ағынды үлестірімі өзгеріске ұшырайды. Ғалымдар су басу және қуаңшылықтың қайталану жиілігі артады деген болжамдар жасап отыр.Су шаруашылығы саласының маманы және ҚазМУ мен География институтында жүргізілген іргелі ғылыми-зерттеу жұмыстарының орындаушысы ретінде Қазақстанның су ресурсы жөнінде мәлімет беруді жөн көрдік. Мақалада еліміздегі су қоры, уақыт және кеңістік бойынша таралу заңдылықтары жөнінде сөз қозғалды. Сондай-ақ А.Тұрсынов, Ж.Достай, Ж.Мұстафаев, Р.Гальперин,  И.Мальковский және А.Медеу сынды ғалымдардың деректері қолданылды. Қазақстан Евразия континентінің аридті, суы тапшы ауданына жатады. Қазақстанға ылғал Атлант мұхиты жағынан батыс және солтүстік батыс желдері арқылы келеді. Тянь-Шань мен Алтайдың биік таулары Үнді және Тынық мұхитынан келетін ылғалға кедергі келтіреді, есесіне Қазақстан Солтүстік мұзды мұхитынан келетін солтүстік және солтүстік-шығыс суық желдерінің өтінде тұр. Еліміздің біраз бөлігін шөлейтті жерлер: Мойынқұм, Бетпақдала, Қызылқұм, Каспий маңы ойпаты, Үстірт, Сарыесік-Атырау аридті аудандары алып жатыр. Бұл жерлерге түсетін жылдық жауын-шашын мөлшері 100-150 мм, ал топырақтың буландыру мүмкіндігі жылына 1000-1500 мм-ге жетеді.

Ұлытау, Көкшетау, Баянауыл және Қарқаралыға түсетін жылдық жауын-шашын мөлшері 300 ден 500 мм-ге дейінгі мөлшерді  құрайды, ал буланғыштық жылына 600-800 мм. төмендейді. Жауын-шашынның басым бөлігі қыста түседі. Сондықтан Сарыарқада Қазақстандық типке жататын, суы көктемде тасығанда жылдық ағындысының 90%-ы бір-екі апта ішінде өтіп кететін, қалған жаз айларында құрғап кететін немесе арнаның ұзына бойында үзік-үзік салыстырмалы суы терең шұңқырға айналатын өзендер ағады.

Еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысын Тянь-Шань таулары көмкеріп тұр. Тарбағатай, Жоңғар, Іле Алатауы, Талас, Қаратау, Шу-Іле тау жоталары жазықтыққа терең кірігіп жатыр. Жауын-шашын мөлшері 1000 мм дейін артады, ал буланғыштық 500 мм дейін төмендейді.  Сондықтан негізгі суы мол өзендер – Іле, Қаратау, Лепсі, Сырдария, Шу мен Талас қар және мұздықтар суымен қоректенеді де, жаз айларында ағынның басым бөлігі қалыптасатындықтан суармалы жерлерді дамытуға өте қолайлы.

Шығыста Алтай тауы өңірінде Ертіс өзені ақса, Батыста Орал тауларынан бастау алатын Жайық, Еділ өзенімен бірге Каспий теңізіне құяды. Еділдің бір тармағы Қиғашта батысты кесіп өтеді.

Қазақстанның суы мол басты өзендері – Ертіс пен Жайық, салыстырмалы суы мол өзендер – Іле, Сырдария, Шу, Тобыл өзендері ағындысының негізгі бөлігі республика аумағынан транзитпен өтеді, себебі олар трансшекаралық өзендерге жатады. Байқап отырғанымыздай, жер беті суларының едәуір бөлігі республикамыздан тыс жерлерде қалыптасады немесе транзит түрінде өтеді. 

Қазақстан Республикасы өзендер ағындысының қалыптасу жағдайына байланысты шартты түрде 8 су шаруашылығы алабына бөлінген. Атап айтқанда, Шығыста Ертіс су шаруашылығы алабы, Солтүстікте Есіл және Тобыл-Торғай, Орталықта Нұра-Сарысу алабы, оңтүстікте Сырдария және Шу-Талас алабы, оңтүстік шығыста Балқаш-Алакөл алабы, батыста Жайық-Каспий су шаруашылығы алабы.

Қазақстан табиғи-климаттық және географиялық жағдайлардың алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Бірақ оның аумағының оннан бір бөлігі ылғалдылығы төмен құрғақ аймақта орналасқан. Су ресурсы біркелкі бөлінбеген және өте шектеулі: солтүстік-шығыста су ресурсы жеткілікті, бірақ елдің оңтүстік-батысында және орталығында су ресурсы өте шектеулі.

Ертіс және Балқаш-Алакөл су шаруашылығы алаптары жер беті және жер асты суларымен айтарлықтай жақсы қамтамасыз етілген. Жер асты сулары тапшы алаптарға Нұра-Сарысу, Есіл және Тобыл-Торғай алаптары жатады. Есіл, Жайық-Каспий, Арал-Сырдария, Тобыл-Торғай және Нұра-Сарысу алаптарында жер беті суларының да, жер асты суларының да тапшылығы байқалады. Оның үстіне, жер үсті ағындысының жартысына жуығы Қазақстаннан тыс жерлерде қалыптасады. Қазақстан өзендері мен уақытша ағынсуларының көпжылдық орташа жиынтық ағындысы гидрологтардың соңғы жылдардағы есебі бойынша 100,5 км3 деп бағаланады, оның 56,5 км3-і ғана республика аумағында қалыптасады. Қалған көлемі 44,0 км3 көршілес мемлекеттерден келеді: Қытай – 18,9 км3; Өзбекстан – 14,6 км3; Қырғызстан – 3,0 км3; Ресей – 7,5 км3.

Соңғы жылдары бағаланған Қазақстанның өзен ағындысы ресурсы бұрынғы бағаланған су ресурстары көлемінен айтарлықтай аз. Осыдан отыз жыл бұрынғы Ресей гидрологиялық институтының бағалауы бойынша, Қазақстан өзендеріндегі су қоры – 126 км3. Оның 66,8 км3 жергілікті ағынды құраса, 59,8 трансшекаралық. Сонымен, өзен ағындысы ресурсы Қазақстанда соңғы отыз жылда 25 км3 кеміді, оның ішінде жергілікті ағынды 10,3 км3, ал трансшекаралық ағынды 15,2 км3 кеміді.

Өзен ағындысы өзгерісінің себептері: климаттың ғаламдық және аймақтық өзгерісі, сондай-ақ еліміздің және көршілес елдердің аумағында өзен алаптары мен аңғарларында жүргізілетін адамның шаруашылық іс-әрекеті. Еліміздің өзен ағындысы уақыт бойынша айтарлықтай өзгергіштігімен сипатталады. Байқалған жылдық ағындының ең жоғары мәндері қалыпты шамадан 3 есе жоғары болса, төменгі мәндері қалыпты шамадан екі есе төмен. Еліміздің өзендеріне суы аз жылдардың топтасуы (5-7 жыл) мен суы мол кезеңдердің (1-3 жыл) топтасуы тән.

Республикамыздың климаттық ерекшеліктеріне қарай, жазықтық өзен-дердің жылдық ағындысының 90%-ы көктемде қалыптасса, таулы өзендер ағындысының 70%-ы жазда өтеді. Сулылығы әртүрлі жылдардың су ресурсын Қазақстан экономикасының су тұтыну көлемімен салыстыру жекелеген аудандар бойынша да, тұтас республика бойынша да өте үлкен көлемде су тапшылығының бар екендігін көрсетеді. Сулылығы орташа жылдары Қазақстан Республикасы бойынша су тапшылығы 6,6 км3 құрайды. Қуаңшылық байқалған жылдары сумен қамтамасыз ету деңгейі небары 60%-ды құрайды, ал жекелеген аймақтар бойынша (мысалы Орталық Қазақстан) 5-10%. Оның үстіне су тапшылығы негізінен суармалы жерлерде қатты сезіледі. Су ресурсы тапшылығының негізгі себептері табиғи факторлар: республика аумағы бойынша су ресурсының біркелкі таралмауы, өзен ағындысының жылдар және маусым бойынша айтарлықтай құбылмалылығы, трансшекаралық өзендер ағындысының едәуір бөлігін көршілес елдердің пайдалануы, суармалы жерлерде шамадан тыс қайтымсыз су тұтыну, республикадағы су шығыны. Су сапасының төмендеуі де қолда бар су ресурстарының тек бір бөлігін ғана пайдалануға мүмкіндік береді. 

Іс жүзінде елдің барлық аумағында су ресурсы тапшылығы және су көздерінің ластануы салдарынан су шаруашылығының шиеленісуі орын алып отыр. Өнеркәсіп дамыған сайын, экономиканың өсуі, суармалы жерлердің көбейюі су тапшылығы мен судың ластануын одан сайын ушықтырып жіберді. Табиғи ортаның қалпына келу қабілеті мен антропогендік жүктеме арасындағы үйлесімнің болмауы еліміздің барлық өңірінде экологиялық қолайсыздықтың туындауына алып келді. Экологиясы бұзылмаған өзен алабы қалған жоқ.

Суармалы жерлерді қарқынды және тиімсіз пайдалану және аридтік климат жағдайында өзен ағындысын бөгендермен реттеу ірі және кіші өзендер алабында су тапшылығына алып келді. 2000 жылдары 1990 жылмен салыстырғанда табиғи су объектілерінен су алу көлемі едәуір қысқарып 20 км3 құрады.  1980 жылы су объектілерінен 38 км3 су алынған.

Су тұтыну көлемінің қысқаруы ауылшаруашылығында суармалы жерлер көлемінің қысқаруымен байланысты. Суармалауға бүгінгі таңда шамамен 15 км3 су жұмсалады. Сондай-ақ, суармалы егіншілік жақсы дамыған Қызылорда, Түркістан, Алматы облыстарында,  соның ішінде ылғалды көп қажет ететін күріш егілетін аудандарда шиеленіскен су шаруашылығы теңдестігі сақталады.

Ауыл шаруашылығы – елімізде су ресурсының негізгі бөлігін тұтынатын экономика секторы. Ауыл шаруашылығының қажетін өтеу үшін тұтынылатын судың 70-90%-ы жұмсалады. Мұның ішінде су тұтынудың ең үлкен үлес салмағы суармалы егіншілікке тиесілі, онан кейін жем-шөп өндіру үшін көлтабандап суаруға, жайылымды суландыруға және ауыл халқы мен малды сумен жабдықтауға тиесілі. Тұрақты суару жер беті суына негізделген және еліміздің оңтүстік және оңтүстік шығысында Сырдария, Іле, Шу, Талас өзені алаптарында жақсы дамыған.Көлтабандап суаруға көктемгі қар суы пайдаланылады. Республиканың солтүстік және батыс өңірінде Есіл, Тобыл, Торғай, Жайық өзендері алабында таралған.

Су ресурсының тапшылығы, елімізде қалыптасқан экономикалық жағдай республикада  су  тұтынудың  қысқаруына  алып келді. 1990 жылдары ауыл шаруашылығы мақсатында 26 км3 су тұтынылса, 2000 жылдары ол 15 км3 қысқарды. Тұрақты суару учаскелерінің көлемі екі есеге дейін қысқарды. Жетілдірілген агротехниканың нашар енгізілуі, ирригациялық және су тарату жүйелерінің қанағаттанарлықсыз техникалық жай-күйі, жабдықтардың тозуы, су үнемдеу технологияларының болмауы су сапасының нашарлауына, суармалы жерлердің сортаңдануына, шөлейттену процестерінің қарқынды жүруіне әкелді. Су тұтыну көлемінің қысқаруы өнеркәсіп салаларына да тән. 1990 жылдары өнеркәсіп мақсатында 5 км3 су тұтынылса, 2000 жылдары ол 2,2 км3 қысқарды. Су тұтыну көлемінің бұлай қысқаруы Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін өнеркәсіптік белсенділік деңгейінің төмендеуімен түсіндіріледі. Судың көп мөлшері жылу энергетикасына, түсті металлургия, мұнай өнеркәсібі кәсіпорындарында пайдаланылады. Жер асты сулары негізінен коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерді өтеу үшін, ауыз суға пайдаланылады және жалпы су тұтыну көлемінің небары 3-5 % құрайды.

Қазақстан Республикасы климатының құрғақтығын және аумағының қуаңдығын мынадан байқауға болады. Ғылымда ағынды қабаты деген термин бар. Ол белгілі бір уақыт аралығында алапқа келіп түскен су мөлшерін аудан кеңістігі бойынша біркелкі етіп жайғанда пайда болатын ағынды қабаты.  Алапқа түскен жауын-шашынның буланудан, жерге сіңгеннен кейін және өсімдік жамылғысымен буланғаннан кейін жер беті және жер астымен өзен аңғарына түсіп ағынды қалыптастыратын су мөлшері. Қазақстан аумағы үшін есептелген бұл көрсеткіш небәрі 42 мм. Тіпті Түркіменстанның өзінде Қарақұм каналы салынғаннан кейін бұл көрсеткіш 139 мм, көршілес Өзбекстанда 250 мм-ден жоғары, ал Қырғызстан мен Тәжікстан үшін 600 мм.

Жоғарыда берілген 42 мм ағынды қабаты ағынды режимі бұзылмаған су ресурсының пайдалануға болатын мөлшерін есепке ала отырып есептелген шама. Ағынды режимі бұзылмаған кезеңдегі Қазақстанның су ресурсы жылына 115 км3 бағаланып, оның 70 км3 Қазақстан аумағында, ал 45 км3 көршілес елдерде қалыптасады деп есептелді. Оның үстіне Қазақстан қалыптасқан норма бойынша төменде орналасқан мемлекеттерге жылына орта есеппен 60 км3 су жіберетін. Сонымен Қазақстанның қолда бар, пайдалануға болатын су ресурсы 55 км3 құрайтын, жоғарыдағы 42 мм шамасы осыдан шыққан. Ал қазіргі бағаланған су ресурсы небары жуықтап 100,5 км3 құрайды. Енді су шаруашылығы алаптары бойынша 1960 жылы бағаланған су ресурсының 2010 жылы бағаланған су ресурсы бойынша қалай өзгергеніне зер салайық. Арал-Сырдария алабы бойынша 1960 жылдары 25,8 км3 ағынды қалыптасса 2010 жылы 17,9 км3, яғни 7,9 км3 азайған. Балқаш-Алакөл су шаруашылығы алабында су ресурсы керісінше едәуір ұлғайған: 1960 жылы – 25 км3 болса, 2010 жылы – 27,8 км3, жуықтап 2,8 км3 өскен. Ертісте 1960 жылы су ресурсы 36,3 км3, ал 2010 жылы – 33,5 км3, демек 2,8 км3 азайған, Есіл су шаруашылығы алабында 1960 жылдары 2,9 км3 ағынды қалыптасса, 2010 жылы 0,3 км3 азайып, нәтижесінде 2,6 км3 құраған. Нұра-Сарысу алабында 1960 жылы 1,65 км3 су ресурсы қалыптасқан, 2010 жылы – 1,30 км3, Тобыл-Торғай су шаруашылығы алабында су ресурсы көлемі өзгеріссіз қалған – 2,0 км3, Жайық-Каспий алабында 1960 жылы 15,7 км3 құраса, 2010 жылғы есеп бойынша 11,2 км3, яғни 4,5 км3 азайған. Шу-Талас су шаруашылығы алабында да су ресурсы көлемі азайған 1960 жылы 5,61 км3 құраса, 2010 жылы 4,20 км3 құраған. Жалпы республика бойынша алаптар бойынша 1960 жылмен салыстырғанда су ресурсы 17,26 км3 азайған, оның 45,8,% - Арал-Сырдария алабына, 25,8 % - Жайық-Каспий алабына, 16,4% - Ертіске, 8,2% - Шу-Талас алабына тиесілі. Есіл мен Нұра-Сарысу алабын қоса алғанда су ресурсы 3,7% төмендеген.

Бұл сандар жиынтық ағындының көпжылдық орташа мәндері бойынша келтірілген. Ал суы өте аз жылдары (қамтамасыздығы 95 %) Қазақстан Республикасы бойынша су ресурсы жылына небары 58,2 км3, оның ішінде 30,1 км3 сырттан келсе, ел аумағында 28,1 км3 қалыптасады.

Республика бойынша жиынтық су тұтыну жылына 90 км3 деп, бағаланып жүр. Оның ішінде, экономика салаларының су тұтынуы – 35,5 км3/жыл, табиғи нысандар – 28,6 км3, көршілес елдерге су босату – 9,0 км3, зая кеткен шығындар – 16,9 км3. Экономика салаларының ішінен ауыл шаруашылығына – 78%, өнеркәсіпке – 18 %, коммуналдық-тұрмыстық шаруашылыққа – 4% су тұтыну мөлшері тиесілі. Сулылығы орташа жылдары республика бойынша су қоры жеткілікті деп санауға болады. Бірақ, Есіл, Нұра-Сарысу, Тобыл-Торғай, Шу-Талас және Жайық-Каспий су шаруашылығы алаптарында елеусіз су тапшылығы байқалуы мүмкін. Ал сулылығы өте аз жылдары География институтының дерегі бойынша республика бойынша жиынтық су тапшылығы (31,8 км3) берілуі тиіс су мөлшерінің 35% құрауы мүмкін. Ал Жайық-Каспий су шаруашылығы алабы бойынша тіпті ағынды тапшылығы – 95% құрайды. Су ресурсының мұндай тапшылығы экономиканың дамуын шектейді, өңірлердің тұрақты дамуына, халықтың әл-ауқатына кері әсер етеді, табиғи жүйенің бұзылуына әкеледі.

Ғалымдар су ресурсы тапшылығы ғаламдық жылынудың салдарынан бұдан әрі ушығады деп болжам жасап отыр. Климатологтардың болжамы бойынша Қазақстанның аридтік аумағы үшін қолайсыз гидрологиялық жағдай қалыптасады, ағындының қалыптасу жағдайы өзгереді, ағынды төмендейді және жыл ішіндегі ағынды үлестірімі өзгеріске ұшырайды. Қатты су тасқыны кезеңі, су тапшылығы байқалатын ұзақ сабалық кезеңмен алмасады. Су басу және қуаңшылықтың қайталану жиілігі артады деген болжамдар жасап отыр.

Еліміздің түрлі экономика салаларын, табиғи нысандарды (Арал теңізі, Балқаш көлі, Каспий теңізі, мемлекеттің қорғауындағы қорықтар, көлдер жүйесі және т.б.) сумен тұрақты қамтамасыз ету үшін қолдануға болатын бар су ресурсын ұлғайту, су ресурсын үнемді пайдалану шараларын іске асыру қажет. Суармалау, сумен қамту жүйелерінде озық технологияларды пайдалану, су үнемдеуді ынталандыру шараларын практикаға енгізуді жеделдету кезек күттірмейтін мәселе. Бұдан басқа, өзен ағындысын бөгендер арқылы көпжылдық терең реттеу, алапаралық және аймақ аралық ағынды үлестіру шараларын іске асыру арқылы су тапшылығы салдарын азайтуға болады. Су ресурсын кешенді пайдалану және қорғау сұлбаларын жетілдіру, трансшекаралық өзендер ағындысын бөлудің барлық тарапқа тиімді әдіснамасын жасау, жүзеге асырылатын су шаруашылығы шараларының әлеуметтік-экономикалық тиімділігін ғылыми тұрғыдан негіздеуге баса назар аудару керек.

Марат Молдахметов,

Халықаралық Тараз

инновациялық институты

Агробиологиялық ғылыми зерттеу орталығының директоры,

 география ғылымдарының

кандидаты, доцент

1077 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз