• Ел мұраты
  • 26 Қаңтар, 2022

ЕЛБАСЫ ЖӘНЕ БІЛІМДІ ҰЛТ

Отыз жыл. Тәуелсіз мемлекет – Қазақстан Республикасы әлемнің саяси картасынан орын алғалы сындарлы жылдар өтті. Тәуелсіздікпен бірге тарих толқынында елдің дәстүрі мен мемлекеттің мәдениеті, дүниетанымы, білімдік және кәсіби тәжірибесі жаңғырды. Тәуелсіздікпен бірге тілімізді түлетіп, дінімізді өркендетіп, тамырымызды сабақтастықпен өрбітіп, салт-дәстүрімізді жаңғырта бастадық. Тәуелсіздікті құрметтеу, мемлекетті қастерлеу, өз Отанын қалтқысыз сүю еліміздің ірі, табанды тұғырлы тұлғалары салған сара жолдарында атқарған тарихи істер тұр. Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін заманға сай амалдар ел бірлігін басты байлыққа балап, саяси тұрақтылықты экономикалық жетістіктермен ұштастыра білген, білімді ұлтты орнықтыруда үлесі Халықтар достастығы идеясында атқарған ізгілікті іскерлігі, еліміздің ішкі және сыртқы саясатын жүргізудегі ізгі жолы Ұлт Көшбасшысы – еліміздің Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан Республикасын айбынды мемлекетке жетелеген, бейбітшілігі мен бірлігін нығайтуда жоғары патриоттық рухын көрсеткен зор үлесі өнегелі із қалдырғаны айқын.
Білім туралы Заңның баптарында «Білім беру – имандылық, зияткерлік, мәдени, тәндік жағынан дамыту және кәсіби құзыреттілікті қалыптастыру мақсаттарында жүзеге асырылатын тәрбиелеу мен оқытудың үзіліссіз процесі»; Ғылым туралы Заңда: «...ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясат ‒ мемлекеттің ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметке қатынасын білдіретін, ғылым мен техника саласындағы әртүрлі ұйымдар қызметінің, ғылыми-техникалық жетістіктерді іске асырудың, жаңа технологиялар жасаудың, оның ішінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатындағы негізгі басымдықтарын, мақсаттарын, бағыттарын, қағидаттарын, нысандары мен әдістерін айқындайтын әлеуметтік-экономикалық саясаттың құрамдас бөлігі», ‒ деп белгіленгендей, Елбасының – ғаламдық тұлға, өз заманының, қоғамдық ортасын, ірі тұлғалардың озық тәжірибесіне сүйене отырып, келешек ұрпаққа білім беру, тәрбие беру және ғылымға тарту мәселелерін алдымызға қойған басты міндеті болды.

Мәңгілік ел болу үшін жеке тұлға мемлекеттік тілді, халқымыздың тарихын, мәдениетін, өнерін білетін, қазақтың жанын ұға алатын, елінің саясатынан хабардар, өз саласының бәсекеге төтеп бере алатын нағыз Азаматын дайындау ‒ Елбасының алдымызға қойған басты міндеті.Елбасының өмірі, тыныс-тіршілігі, арман-мұраты, бұған дейін өркениеттік бірлестікте өз дәрежесінде кемеңгерлігімен және даналығымен көріне алмаған қазақ елін бүкіл әлемге таныту деген үлкен жауапкершілікті өз мойынына алумен расталады.

Елбасы мемлекетті, ұлтты сақтау мен күшейтуге, бүгінгі күні әлем таныған Тәуелсіз Қазақстанның абыройын асыруға күш салды.

Болашақ ұрпақ үшін жаңа табысты қоғам бағытындағы еңбек етушілер нағыз кәсіби мамандар, жаңашылдар, Қазақстанның заманауи білім беруінің жүйесін құру, креативтілікке және реформалауға белсене кірісті. Олар енгізген инновациялар аздаған ғана түзетулермен шектелді: Болашақ бағдарламасы арқылы шет елде маман даярлау, тестілеу, үштілділік, бакалавр, магистр, доктор дәрежелерін алу жүйесін, өңірлік университеттерді құру, жекеменшік жоғары оқу орындарын ашу.

Білім берудегі инновациялар Қазақстанның жоғары мектебінің дамуына күшті серпін берді. Университет басшылары құзыреттілігі жоғары, ұстанымдары берік, уақыттан озған, ойлы, білімді, өз бағдарларын қорғай алатын азаматтар болды. «Білім беруді әлемдік білім кеңістігімен үйлестіру ісі өрістеп, мамандандырылған білім беретін мектептер көш басынан көрінді. Мұғалімдер жаңа талаптарға сай жүйелі түрде қайта даярлықтан өтіп, «Білім беру туралы» Заңға тиісті инновациялар енгізілді. Н.Ә. Назарбаев жаңашыл, әлеуеті жоғары, жас Тәуелсіз республикаға қызмет ету басты мақсатымыз деп таныған. Қазақстан әлемдік кеңістікке енген кезде жаңа форматты ағылшын тіліндегі прогрессивті технологияларды меңгеретін азаматтарды қалыптастыру міндеті тұрды. Бұл міндеттің әлемдік маңызы жоғары болды, себебі, қазіргі уақыттың көшбасшылары адамзаттың дамуына бағыт бере отырып, өркениетті сақтап қалуына әсер етіп келеді. Бұл үшін бізге батылдық, өткір сұхбатқа дайын болу, тыңдай білу, тыңдата білу және сендіре білуіміз керек. Оның ішінде кәсіби жауапкершілік жоғары болуы тиіс. Бұнда инновацияларды жиі кіргізіп, өзгерте беруге болмайды. Біз асықпауымыз да және кешікпеуіміз де керек болды.

Қазақ халқы өмір салтына, шаруашылық жайына қарай – руға бірігу, жер ыңғайына қарай – тайпаға бірігу, шетсіз-шексіз дала жағдайына қарай, әкімшіліктің басқару қажеттілігіне қарай бірігу үдерісін бастан кешірді.

Мемлекеттік мүдде тұрғысынан, ұлтқа бірігу үдерісі, кезең кезеңмен, эволюциялық жолмен, әлеуметтік сілкініссіз, қақтығыссыз өтті.

Рухани тәуелсіздікке ұмтылған ел – тәуелсіз мемлекет ретінде ұзақ өмір сүре алады. Біз ұлттық ойлау жүйемізді, көркемдік танымымызды, ұлттық мәдениетімізді барынша терең дамыта отырып, барлық салада рухани тәуелсіздікке қол жеткізуіміз керек.

Елбасының өнегелік ұстанымдары борыш, парыз, қарыз, адамгершілік, адалдық сияқты даңқты бабаларымыздың ұстанған ақиқаттарынан бастау алған. Оның жазған еңбектері мен бағдарламалық мақалалары көне қазақ даналығынан сусындаған. Ал, Ұлы дала ойшылдарының, би-шешендерінің, ақын-жырауларының, сұлтандары мен хандарының, батырлары мен серілерінің мұраларын бүгінгі күнде рухани жаңғырудың, тәуелсіздіктің, мәдени гүлденудің түпқазығы мен шамшырағы десе де болады.

Елбасының салиқалы саясаты ‒ ұлттық білім беру жүйесіндегі стратегиялық бағыты, қағидалары мен тұжырымдары, кешегісі, бүгінгісі және ертеңгі ұрпақ үшін қасиетті қазына.Президенттің саясаты Қазақстан Республикасы Конституциясында, Жолдауларда, Мақалаларда, Кітаптарда, Стратегияларда, Білім беру туралы, Ғылым туралы, Тіл туралы, Мәдениет туралы заңдарда, Тұжырымдамаларда, Бағдараламаларда көрініс тапқан .

Біз бүгін жаңа дәуірде, жаңа қоғамда өмір сүріп отырмыз. Біз үшін Тәуелсіздік – ұлттың басты құндылығы. Еркіндік пен азаттықтың беріктігін нығайту, ұлтымыздың санасы мен сапасын жақсарту, ұлттың кәсіби тәжірибесі мен біліктілігін, тәрбие-өнегесін дәріптеу – ұлттың ең негізгі байлығы.

Елбасы – Қазақстан Республикасының білім берудегі басты стратегі, оның даналығы, парасаты, көшбасшылығы, саясаткерлігі, көрегендігі, тапқырлығы сынды қасиеттерін аса құрметпен атаймыз. Елбасы жастардың болмысына биік рухты, өршіл, намысшыл, жас отаншыл, патриот, денсаулығы мықты, бәсекеге қабілетті, көшбасшы, ақылды, ұтқыр, жаңашыл, білімді, еңбексүйгіш, іскер кәсіпкер, жасампаз деп сипаттама береді. Енді еліміздің болашағы, жастар қандай болу керек, қандай жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды қастерлеу – негізгі өмірлік ұстанымына айналу қажет деген сұрақтарға жауап ізделік. Сонда жалпыадамзаттық құндылықтар рухани-адамгершілік білім беру бағдар-ламасында былайша тізбектеледі: ақиқат, сүйіспеншілік, ішкі тыныштық, дұрыс әрекет, қиянат жасамау. Ал ұлттық құндылықтарға еліміздің зиялы қауымы тәуелсіздік пен тарихи танымды, ел мен жерді, тіл мен әдебиетті, имандылықты, ұлттық дәстүр және отбасын, білім мен біліктілікті жатқызады.

Қазақстан Республикасы – прогрессивті идеалдар қоғамы, тәуелсіз Қазақ елі, Қазақ мемлекеті. Мәңгілік ел – жалпыұлттық идея. Ұлттық идея құндылық бағдарлардың әлемдік сипатын, халықтың топтасуын, қоғамның әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуын, мемлекеттің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.

Елбасы қазақстандық қоғам адам-дарының сапаларын еркін және бақытты адам бейнесінде береді. Қоғам адамын адал, шынайы, мақсат қоя білетін, қамқоршыл, қайырымды, сыйласа алатын, батыл, ержүрек, уәдеге берік, татулық пен бірлікті ұстанатын, төзімді, толерантты, еңбекқор, кәсіби біліктілігі, жауапкершілігі жоғары, ұлттық бірегейлікті сақтай алатын, ұлтаралық келісім жасай алатын тұлға деп бейнелейді.

Осылайша қалыптасқан тұлға әділ заңды оқып үйренеді, ұлттық парасаттылыққа толы, қуатты еңбекке араласады, бақуатты мемлекетте өмір сүруге үйренеді, тәуелсіз мемлекет талаптарын орындайды, өз жетістіктеріне ризашылық білдіре алады.

Елбасының «Білімді ұлт» жобасы –   Елбасының білім беру идеалын төмендегі сызба негізінде мазмұндадық (сурет 1).

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Мемлекет дүние жүзіне танылып, озық отыз елдің қатарына енуді көздеп, қол жеткізді. Ол үшін көптеген тактикалық, стратегиялық жоспарлар жүзеге асырылды. Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұлт көшбасшысы ретінде данышпандықтың үлгісін бағдарлап, Қазақстан халқына жолдаулары мен бағдарламалары, тұжырымдамалары мен әлеуметтік жобалары негізінде бірегейліктің сақталуы мен қоғамдық сананы жаңғырту идеясын жүзеге асырып келе жатқаны бәрімізге мәлім.

Даналықты үйретуші Елбасының «Қазақ тілі, тілдердің үштұғырлығы», «Интеллектуалды ұлт ‒ 2020», «Мәдени мұра», «100 кітап», «Ұлттың 100 қадамы», «Балапан», «Болашақ» бағдарламалары, «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы, «Ұлы даланың жеті қыры», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақалаларында ұлттық кодымызды сақтау, яғни тіл, ұлттық дәстүр, әдет-ғұрып, мәдениет, музыка, әдебиет, өнер деп атап көрсеткен. Бүгінгі таңда мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты – интеллектуалдық ұлт қалыптастыру, бұл білім беру үдерісін зияткерлендіру, ұлттандыру мен цифрландыруды алға шығарды. Интеллектуалды ресурстың бірі – ұлттық тіл. Қазақстан Респуликасының ел басқару ісінен бастап, қоғамдық өмірдің барлық салаларында мемлекеттік тілге деген сұраныс күннен күнге артып отыр. Бұл тұрғыда халқымыз өркениетті елдердің қатарында жаһандану кеңістігінде өзінің ұлттық сапалары мен этномәдени құндылықтарын сақтауы арқылы мәңгілік ел ретінде көрініс табуы да қазақ тіліне тікелей байланысты.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұлттық рухтың оянуына, халықтың тілін, ділін сақтап қалуына ықпал ететін тіл – әдебиетті, ал әдебиет мәдениетті қалыптастырады. Әдебиетпен адамды ойландыруға болады. Қазақ болмысы оның фольклорында. Әдебиет – рухани азық, ой-өрісті кеңейтуші, сөздік қорды байытушы, санаға серпіліс беруші тарихи жадымыз. Тіл, ойлау, ойлану бағдары қазақша қалыптасуы керек. Оқушының ойланатын тілінің өкілі болғаны дұрыс.

Би-шешендер мен жыршы-жырау дәстүрі ‒ қазақ тілінің шұрайлылығы мен көркемділігінің дәлелі. Ана тілі – ұлттың басты байлығы, баға жетпес қазынасы. Себебі тіл – ұлт болмысын ұғындырып, жан дүниесін сезіндіретін рухани негіз. Жастар өзінің кім екенін ұғынып, болмысынан, түп-тамырынан ажырамау үшін, ұлт адамы ретінде басқалардан ерекшеленуі үшін өз тілін жетік білу шарт. Ана тілі қазақша өмір сүруге, қазақша жұмыс істеуге, қазақша демалуға, қазақша дамуға мүмкіндік тудырады.Қазір жаһанданумен қатар ұлттану да жүріп жатыр. Жаһандану күшейген сайын ұлттану да күшейіп келеді. Онсыз ешкім өз ұлттық бірегейлігін сақтап қала алмайды. Тіл мәселесі – өмірлік мәселе. Біртұтас ұлт болу үшін де қазақ тілі қажет-ақ. Бір тілде сөйлемеген қоғамда бірлік пен ынтымақтың, ұлттық бірегейліктің болуы мүмкін емес. Тілдің мәртебесі – әлемдік деңгейде мойындалатын дүние жасау кепілі. Тілді білу – адами капитал. Қазақ тілінде капитал табатын әлеует көп

Қазақ тілі ғылым тіліне айналуы керек. Тіл – ұлттық сананың жаңғыруының белгісі. Ұлттық код – ұлттық сана. Жаңа әліпби ‒ ұлттық сананың қайнар көзі. Тіл – мемлекет саясатының басты өзегі. Тілтанушы ғалым пікірінше, тіл туралы ең мықты заң – Франциянікі, ал посткеңестік кеңістікте – Грузиянікі. Әлеуметтік және ақпараттық сала, экономика, білім беру, ғылым ‒ мемлекеттік тілді дамытатын кең өріс. Әлеуметтік және мәдени үдерістердің жаһандануы жетекші әлемдік үрдіске айналуда. Сол сынды білім беруге де жаһандану тән. Үшінші мыңжылдық – жаһандық жаңалықтар мен білім берудің дәуірлеу ғасыры. Жаһандану еңбек әрекетін интеллектуалды етуде жоғары білім берудің кәсіптік қызметінің даму факторына айналдырды. Еліміздегі саяси-әлеуметтік жағдай білім беру үдерісіне жаңа талаптар қойып отыр. Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы жүйелі өзге-рістер әлемдік деңгейдегі жаңашыл бастамалармен үндесіп жатыр. Білім беру мемлекеттің интеллектуалдық және рухани ресурстарының қайнар көзі ретінде адами капиталдың сапасын арттыруда басты рөл атқаруда. Мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік жетістіктері, ең алдымен, оның білім беру жүйесімен, азаматтарының білім деңгейімен анықталады.

ЕЛБАСЫ Н.Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ

«БІЛІМДІ ҰЛТ» ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

Тәуелсіздік алған уақыттан бастап, Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан халқына Жолдауларында, дәрістерінде идеологияның маңызды үлгілерін жүйелі түрде ұсынып отырды. Мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты – интеллектуалдық ұлт қалыптастыру. Білім беруде қабылданған «Интеллектуалдық ұлт ‒ 2020» ұлттық жобасында мемлекет жаңа қазақстандықтарды тәрбиелеу мақсатында білім беру үдерісін зияткерлендіру қажеттігі идеясын алға тартты. Сол интеллектуалды ресурстың бірі – бүгінгі жоғары мектеп педагогы. Қойылған мақсаттар ЖОО-ның оқытушы-профессорлық құрамының кәсіби әрекетіндегі, біліктілігін арттырудағы және қайта даярлаудағы жүйелі өзгерістерге, оқу пәндерінің мазмұнын жаңартуға, дидактикалық инновациялардың кең өрісін қарастыруға, әдістемелік нұсқаулармен қамтамасыз етуге, инновацияны тез меңгеруге бағытталған.

Елімізде қазақтың ұлттық мектебін орнықты дамытудың стратегиялық бағыттарын шынайы анықтауда басшылыққа алынатын іргелі ғылыми тұғырлар бар. «...Отандық біртұтас ұлттық мектепті дамытудың стратегиялық жолдарын анықтағанда негізінен мынадай екі бағыт зерттеулерге жүгінеді:

‒  бірінші бағыт – білім беру жүйесін жалпы ғылыми-әдіснамалық тұрғыдан,

– екінші бағыт – оқытудың біртұтас ғылыми әдістемелік жүйесін талдамалап жасау арқылы қамтамасыз ету».

Қазақстанның өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында, жаңа заман талаптарына сәйкес педагогтың ғылыми-зерттеушілік даярлығын қалыптастыру моделін жасауда ең алдымен ғылымның заманауи әдіснамасына, педагогиканың әдіснамасына, әдіснамалық негіздемесіне сүйену қажет. Сондықтан да, жетекші идея ‒ педагогиканың әдіснамасын оқытушының ғылыми-зерттеушілік құзіреттілігінің негізі ретіндегі мазмұнының әлеуетін пайымдау. Бүгінгі күні зияткерлік мектептің дамуының басты бағыттарының бірі – мұғалім мен оқушының зерттеушілік құзыреттілігінің басты назарда болуы кездейсоқ емес.

Қазіргі таңда педагогикалық үдерісті ұйымдастырудағы әлемдік педагогикалық мәдениеттің гуманистік құндылықтары мен дәстүрлеріне бағытталу қажеттілігі айқын көрініс табуда. Оқытушы шеберлігі оқыту үдерісін үлгілей отырып, оның мазмұнына инновациялық астарын қоса білуінде және білім алушылар бойында этикалық мінез-құлық, адамгершілік сипаттарды қалыптастыру үшін жағымды жағдай жасауында.Қашан да әрбір азамат ұлттық дүние-танымы төңірегінде ойланып, өз жобасын құрастырып, оның қисынды іске асуын ойша пайымдап жүреді. Ұлттық даму тұжырымдамасы ұлттық идеядан бастау алады деп тұжырымдалады. Ұлттық идея жайлы саясаткерлер, тарихшылар, психологтар, мәдениеттанушылар салиқалы пікірлер айтуда. Бұл орайда ұлттық өркениет Батыс пен Шығыстың өркениетінен нәр алатыны тілге тиек етіледі. Мақсатымыз – ұлттық сананы, психологияны, ойлау жүйесін, дүниетанымын, парасатын, рухын, бейнесін, сондай-ақ ұлттың инновациялық қабілетін дамыту. Бұл дегеніміз – ұлттың генеалогиялық құрылымы мен генетикалық қорын белгілі бір тұжырымдама негізінде пайымдау. Осының бәрі – ұлттық қауіпсіздігімізге, өркениетке алдыңғы қатарда кіре алуымызға себеп болмақшы.

Қазақстан жаһанданушы әлемге енуде, болашаққа мақсатты ұмтылуда. Осы үдерісте ол өз тарихына ерекше ден қойып, тәуелсіздік жағдайында тарихты жаңадан пайымдауда, өйткені тарихсыз халық және оның мәдениеті жоқ. Мәдениеттің рухани құндылықтарсыз өмір сүре алмайтыны ақиқат.

Заманауи қазақ жастарының, Ұлы дала ұрпақтарының санасын рухани жаңғыртуда тарихи тұлғалардың әлемнің және өз Отанының біліміне, ғылымына, мәдениетіне қосқан үлесі, өмірлік қағидалары мен әділеттік жолындағы күресі, адамзатқа жасаған игілік істері сияқты құндылықтардың маңызы арта түсуде. Сондай тұлғалардың бірі – Әбу Насыр әл-Фараби.

Қазақстандағы педагогика ғылымы қазақтың ұлттық рухы, тілі, тарихы, мәдениеті, менталитеті мен тәрбие жүйесінің қалыптасуы мен даму тарихын, әлемдік мәдениеттің жетістіктерін, жалпыадамзаттық тәрбие тарихын тұжырымдау негізінде қазақтың тәрбие тәжірибесін әлемдік педагогикаға танытатын ғылым болуы тиіс. Бұл мақсат заманауи тәуелсіз Қазақстан жағдайында халықтың рухани ахуалына, ұлттық болмысына сай қазақ педагогикасының әдіснамасын жасауды қажет етеді.Білім беру бүкіл әлемде базалық жалпы мәдени құндылықтар ретінде қарастырылады. Демек, білім берудің мәдени-шығармашылық миссиясы «мәдениетті адамды» қалыптастыруды қамтамасыз етеді деп айтуға болады. Жалпы алғанда, бұл адам санасында, мінез-құлқында, әрекетінде, әлеуметтік әрекеттесуінде қоғамның мәдени-әлеуметтік дамуының нормаларына сәйкес өмір сүреді деген сөз. Білім беру оқыту мен тәрбиенің бірлігінің көрінісі ретінде білім алушыға тұлғалық мәнді білімді алуын қамтамасыз етуге тиісті.

Ғалымдар адамзат энергетикалық және экологиялық дағдарысқа ұшырап, климаттың жаһандық өзгерісін, күйзелістік факторлардың күшеюін, жер шарында адам санының екі есе көбеюін бастан кешіріп отырғанын атап көрсетуде. Бұл аталған жаһандық өзгерістер жеке тұлға мен оның санасы арасындағы қайшылықтарды күшейткендіктен білім берудің мақсаты мен мазмұны өзгеріске ұшырауға мәжбүр болуда. Қазіргі әлемдік қауымдастықтың ең күрделі дағдарысы – адамның бүгінгі өркениеттегі орны, жай-күйі (қоғамда, отбасында, тұрмыста), оның бір факторы – тұтынудың еселеп артуы адамды жасампаздықтан тұтынушыға айналдыруда. Бұл, әрине адамзатқа, жас ұрпаққа жаңа қауіп. Жаппай нерв жүйесінің бұзылуы адамдардың рухани күштерін өзінен артылдырмай, тек өзіне ғана шоғырлануын туындатуда.

Ғылым философиясы тұрғысынан білім берудің мақсаттарының және оның субъектілерінің дамуына көзқарас, білім беру бүкіл әлемде базалық жалпы мәдени құндылықтар ретінде қарастырылады.

Заманауи білім беру жүйесінің қызмет етуінің базасы ретінде жаңа педагогикалық білімнің пайда болу мәселесі оның өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен оқыту саласындағы жаңғыртудың мағыналық-құндылық сипаттамасын бейнелейтін философиялық негіздерін қарастыруды талап етеді.

Білім берудің стратегиялық бағдарламаларын анықтауға жаһандық деңгейде әсер ететін жаңа дәуір философиясының әдіснамалық негізі мен жетістіктеріне мыналар жатады:

ақпаратты қазіргі әлемнің маңызды бөлшегі деп мойындалады, оны жеткізу мен өңдеудің жылдамдығы прогресс түсінігімен сәйкестендіріледі;

жылдам дамуға қабілетті адам интеллектісін құрастыру мен жалғастырудың құралы компьютерлердің әсері анықталды;

адамның ішкі ресурстар мен гипермәтінге деген белсенді қөзқарасы көрініс берді;

күрделі жүйелердің өзін-өзі ұйымдастыру теориясы тұрақты құрылымдардың хаосы мен құрылуы туралы ғылым ретінде синергетиканың әлеуеті анықталды;

өркениеттің қазіргі даму үдерісіндегі адамның табиғатпен әрекеттесуінің ерекше сипатына назар аударылды;

техногендік өркениеттен антропогендікке көшу міндеті қойылды, адамзаттың мәдени-этикалық дамуының қажет екені негізделді;

жеке адам мен өркениеттің дамуының инновациялық сипатына көңіл бөлінді.

Білім беру мен педагогикалық жүйелер негізінде толыққанды философиялық жүйелер, яғни ағымдар мен мектептер пайда болды.

ХХІ ғасыр қоғамның даму векторы ‒ ақпараттық үдерістің маңыздылығының арта түсуі, сервис экономикасының дамуы, адами факторлардың белсендірілуі, әртүрлі мәдениет субъектілерінің тиімді қызметтері, күрделі жүйелердің дамуы туралы теорияны – синергетиканы негізге алды.

Ақпарат өркениеттің маңызды ресурсына айналды, оның дамуы инновациялық сипат алуда. Сондықтан оқытудың, білім берудің осы үдерістерге сай, яғни инновациялық өзгерістерге даярлықты, жаңа технологияларды одан да жоғары жаңаша технологияларға айырбастауды қамтамасыз ететін стратегияны қажет етеді. Осындай стратегияны іске асыратын нәтижеге бағытталған құзыреттілікті білім беруді жүзеге асыратын білім беру саясаты болмақ.

Құзыреттілікке бағдарланған білім берудің философиялық негіздеріне жататындар:

1.XXI ғасырдың өркениетін қалып-тастыруда адами фактордың әсерінің өсуі.

2.Өркениетті дамудың қарқынының кенет жылдамдауы.

3.Нысандар әлемінің үдерістер әлеміне ауысуы.

4.Адамдардың өмір сүруінің техно-гендік, әлеуметтік, ғылыми, рухани құрауыштарының өзара байланысы мен өзара бағыттылығы.

5.Заманауи әлем бейнесінің синер-гетикалық сипатын мойындау.

6.Рухани әлемнің көрінбейтін ма-териалдық сипаты, рухани сапалық жетілдірілуі.

7. Ақпарат – әлемді пайымдаудың іргелі категориясы.

8.Мәдени мұра қызметінің маңыз-дылығының артуы.

Білім берудің құзыреттілікке бағытталған типі оқу орындарында келесі әлеуметтік және білім берушінің біліктіліктері мен дағдыларын талап етеді:

1.Бастама. Ойлау мен әрекеттің шығармашылығы, өз бетінше орындалуы.

2. Ынтымақтастық.

3. Ұжымдағы жұмыс.

4. Өзара оқыту.

5. Бағалау.

6. Коммуникация.

7. Логикалық ойлау.

8. Мәселелерді шешу.

9. Шешімдер қабылдау.

10.Ақпаратты жинау және пайдалану.

11.Жоспарлау.

12.Білім алу, оқи алу.

13.Көп мәдениеттілік дағдылар.

Синергетикалық жүйе түріндегі инновациялық білім беру мақсаты: білім беруде инновациялық даму миссиясын анықтайтын жаңа педагогикалық пара-дигмаларды басшылыққа алу.

Бұл ‒ жеке тұлғалық деңгейде ‒ тұлғаның икемділігі, ұтқырлығы, жаңаға ашықтығы. Әлеуметтік деңгейде – инновациялық қауымдастық құру.

Әрекеттік деңгейде – жаңартудың тиімді және этникалық құралдарын қолдау.

Үздік педагогикалық жетістіктердің қорытпасы – «ұжымдық парасат» мәні артады.

Білім берудің инновациялық дамуының мазмұны – «ойлауға» үйрету.

Нәтижелері – базалық құзыреттердің жобалық-жобалаушылық деңгейіне жету, ұмтылу. Келешегі – әлеуметтің өмірлік әрекетін жаңарту күшінің арта түсуі. Демек, білім берудің мәдени-шығармашылық миссиясы ‒ «мәдениетті адамды» қалыптастыруды қамтамасыз ету. Қазіргі білім беру әлемдік дағдарыстан шығу үдерісінің ең белсенді қатысушысы екен. Осыдан білім берудің ең басты міндеті туындайды: әрбір адамның генетикалық негіздегі қабілеттерін дамытуды барынша қамтамасыз ету, адамдарда сыни ойлауды дамыту, оларды заманауи ғылым, техника, технологиядағы нақты білімдермен қаруландыру, өзгермелі табиғи жағдайда осы білімдерді тиімді пайдалануды ұйымдастыру. ЮНЕСКО-ның құжаттарына сәйкес заманауи білім берудің мақсаттары: оқушыға танымға үйренуге, жұмыс жасауға үйренуге, адамдармен бірге өмір сүруге үйренуге, өзімен-өзі келісімді болуға үйренуге көмектесу.

Білім берудің мақсаттарын нақтылап, құрамдас бөліктерін ашып көрсетейік: оқушыға қоршаған дүниені тануға үйренуге көмектесу қажет. Оқушы – адам, оқушы – тұлға. Ұлттық мәдениеттің тарихи аясының кеңейіп, қоғамның рухани жаңғырып түлеуі, халықтың материалдық және рухани мұрасын осы заманның игілігіне жарату оның әлемдік өркениеттер арасындағы өзіндік орнын айқындайды.

Көшпелі өркениеттің тіршілігін байытып, сапалы дамытатын болмыс – Адам. Дәл сол адамды, яғни оқушыны таным үдерісіне үйренуге көмектесу үшін заманауи білім беру ұйымдарының міндеттері жүзеге асырылып келеді. Бүгінде білім беру үдерісінде оқушылардың жалпы оқу жетістіктері, іскерліктері мен дағдыларын қалыптастыру арқылы жоғары нәтижеге бағыттап келеді. Білім берудің бірінші мақсатын орындау үшін оқушылардың ақпарат жинау, зерттеу әрекетіне және зерттеу біліктіліктерін меңгеруге қызығушылығын дамытуға жағдай жасалуы тиіс. Айталық, білім алуға үйрену үшін оның зияткерлік мәдениеті, ақпараттық мәдениеті, өзін-өзі ұйымдастыру мәдениеті, зерттеу мәдениеті дамытылады. Бұл мәдениет түрлері оқушыға өмір бойы оқып үйренуге мүмкіндік тудырады. Сонымен, «өмір бойы білім алу» шындық болмысқа айналады.

Білім берудің екінші мақсаты – оқушыға еңбек етуге, жұмыс жасауға үйренуге көмектесу. Әл-Фарабидің, «мүлікті жасайтын еңбек, еңбектің ‒ өзі өнер, еңбек ету дағдысы мен шеберлігі ‒ өмір сүру негізі, таза еңбек, адал еңбек – адамзат тіршілігінің тарихи шарттары» деген постулаттары дәл бүгінгі жастарға айтылғандай. Қазіргі таңда зияткер қауым Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласындағы идеяларды республикамыздың әлеуметтік саясаты доктринасы деңгейінде қолдап, жүзеге асыруға мүдделі түрде атсалысуда. Өйткені «шындықты мойындайық: болашақта XXI ғасырда тек ЕҢБЕК қана барлық қазақстандықтардың ӘЛ-АУҚАТҚА және жаңа ӨМІР  САПАСЫНА қол жеткізуін қамтамасыз ете алады» дегені ғұламаның ойларымен үндесіп те, сабақтасып та жатыр.

Ең әуелі, білімдерін практикада пайдалануды үйрету үшін оқушыларда жүйелі сыни ойлауды дамытуға әсер етіледі. Еңбек етуге үйрену өзінің кәсіби әрекет саласында өзін өзі жетілдіру қажеттілігімен байланысты. Ең алдымен, білімдерін практикада қолдануға және теориялық мәселелерді шешуге үйретіледі. Бұл оқушыда жүйелі ойлауды қалыптастырады. Сондай-ақ, өзі таңдаған салада кәсіби маман болуы үшін оқушыларда көш-басшылық сапаны тәрбиелеу қажеттігі де туындайды. Көшбасшы – нақты саланың мәселелерін талдауға, сыни ойлауға, өзінің айналасындағы мәселені шешу үшін адамдарды топтастыруға қабілетті маман. Көшбасшыны тәрбиелеу – білім беру мақсаттарының бірі.

Білім берудің келесі мақсаты – оқушыға адамдармен бірге өмір сүруді үйренуге көмектесу. Адамдармен өмір сүру үшін басқаны қабылдау мен түсінуге, оған құндылық ретінде қарауға, топта, сыныпта, отбасында, әлеуметте, әлемде өмір сүру дағдыларын меңгеруге үйренеді. Осыған байланысты білім алушылардың әлемдегі өзара бағыныштылықты түсіну сезімін ояту және қолдау, оларды қарым-қатынаста кикілжіңнің алдын алуға үйрету аса маңызды. Коммуникацияда ең негізгісі – басқа адамды құндылық ретінде сезіну. Әл-Фараби адам баласын жаратылыстың ең ұлы құндылығы деп есептеді. Басқаны қабылдау, түсіну, оған көмектесу сияқты адами сапалар коммуникативті мәдениетке тән.

Білім берудің тағы бір мақсаты – оқушыны өзімен өзі татулық сезімде болуға үйрету. Әрбір жаңа ұрпақты мәдениетке баулу қызметін білім беру атқарады. Білім беру адамзат жинақтаған әлеуметтік тұрғыдан мәнді білімдер мен тәжірибені кең ауқымда таратуға, мәдени-тарихи сабақтастықты сақтауға мүмкіндік жасайды. Бұл күрделі міндеттерді шешу үшін педагогиканың қисынды ғылыми аппараты, ғылыми әдістері, дамыған әдіснамасы болуы шарт. Оның ғылыми білімі пәндік, қайталанушылық, объективтік, эмпирикалық және теориялық тұрғыдан негізделгендіктен, логикалық дәлелділік сияқты сапаларға ие болып отыр.

Білім берудің аталмыш мақсаттарының табысты орындалуы білім сапасын көтеруге тікелей әсер етеді. Сондықтан да, барлық елдер үшін, соның ішінде Қазақстан үшін де, салыстырмалы халықаралық зерттеулердегі жүлдегер-елдердің ұлттық білім беру жүйесінің тиімділігінен туындайтын тәжірибенің маңызы зор.

Тәуелсіздік тұғырын – биікке сам-ғайтын ұлттық құндылықтарымызды, тарихымызды, бірегей ұлтымызды, ана тіліміз бен әдебиетімізді, ділімізді, дәстүрлі төл мәдениетімізді дамытуды жетілдіре беруге тиіспіз.

Ой мен сана бәсекесі кезінде ұлттық құндылықтарымызды сақтайтын іргелі міндеттерді жүзеге асыру – әрбір адамның, қоғамның, мемлекеттің ең жоғары міндеті.

Бірінші құндылық – тәуелсіздік және тарихи таным. Тәуелсіздіктің символы – мемлекеттік Туымыз, Әнұранымыз, Елтаңбамыз. Ту – ұлттың бағдары, бірлігі мен санасының биіктігін көрсетеді. Тарихи таным арқылы ұлттың болмысы мен санасын, салт-дәстүрін, кәсібі мен ұста- нымын, тәрбиесін тануға болады.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіздігіміздің негізгі белгісі «Тәуелсіз мемлекет, егеменді ел болудың қыруар қиындығы, ерекше жауапкершілігімен қатар, бірқатар шарттары, басты-басты белгілері бар екені мәлім. Солардың арасында елдің елдігін танытып тұратын айрықша мәнділері – Ту, Елтаңба және Әнұран. …Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз бүкіл халқымызды, көп ұлтты Қазақстан жұртшылығын ортақ мақсатқа жұмыл-дырып, қасиетті істерге шақырып, жігерлендіріп, рухтандырып тұрса екен деймін» – деуі Қазақстанды мекендейтін әрбір азамат ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіздік туын желбірету арқылы елі мен жерін, Елтаңбасын, Әнұранын мақтаныш сезіммен қадірлеуі керек.

Екінші құндылық – ел мен жер ұлттың байлығы. Ұлан ғайыр дала ‒ бабалар көзінің қарашығы. Ел мен жер – мәңгілік мемлекеттің белгісі, ұлттың бірегейлік символы.

Үшінші құндылық – тіл, әдебиет және имандылық. Тіл мен әдебиет – ұлттың жаны, рухы, оның бет-бейнесі, өткені, бүгіні мен болашағы. Ана тілі – ұлттың жүрегі, ұлт тілегі, ұлттың өзгешелігі мен өркеншілігі, ұлттың болашағы. Қазақ әдебиеті – әлемдік өркениетті дамытудағы ұлттар мен ұлыстардың тілдерін танытатын, көркем тілде жазылған классикалық шығармалар жиынтығы. Имандылық – білім мен ғылымды дамытып, елге адал қызмет ету, әділдік білдіру жолындағы бейбітшілікті сақтау, адами құндылықтарды дәріптеу.

Төртінші құндылық – ұлттық дәстүр және отбасы. Отбасы мен қоғам бірлікте жұмыс істегенде ғана ұлтжанды, өз халқын сүйетін ұрпақ тәрбиелей аламыз. Ұлттық құндылық – ата-ананы қастерлеу, өз ортасын құрметтеуден басталады. Отбасы тәрбиесіне ерекше мән беру түсінігі жеке адам мен мемлекет мүддесі бір арнада тоғысады.

Бесінші құндылық – білім мен біліктілік. Елімізде білім мен ғылым саласына үлкен қамқорлық жасалуда. Ұлттық құндылықтарды қалыптастыратын да, дамытатын да білімді, білікті кәсіби мамандар.

Отандық білім, ғылым саласын дамыту бағытындағы реформалар да қалыпты жүргізіліп келеді.

Жеке тұлғаны ұлттық құндылықтар арқылы тәрбиелеу мақсаттары:

– өз халқының мәдениеті мен дәстүрлерін мақтан тұтатын Қазақстан азаматын тәрбиелеу;

– жалпы адамзаттық негіздер мен құндылықтарды құрайтын саналы көзқарастары мен қағида ұстанымдарын тәрбиелеу;

– Қазақстан Республикасының аза-матын тәрбиелеудің үлгісіне сәйкес этнопедагогика, этнопсихология, этномәдениет негізінде тәрбие үдерісін ұйымдастыру;

– білім алушыларды табысты әрекеттерге және жеке жетістіктерін бағалауға, шығармашылық пен білімқұмарлыққа бағыттау.

Бүгінгі күні адамтануда адамның адамзаттың тарихты меңгерген ақыл-парасатын, мәдениет әлемін құруға, өмір тәжірибесін мұра етуге қабілетін атап көрсетуде. Ғалымдар адамның биологиялық табиғаты көп өзгеріске ұшырамағанын алға тартады. Әрине, қазіргі адам мен оның ерте замандағы ата-бабалары арасында үлкен айырмашылық-арақашықтық бар. Бұл өзгеріске мәдени даму әсер еткен. Мәдениет – әрқашан тарихи категория. Адамның мәдени даму салдары оны үш өлшемде: өткенге, қазіргіге және болашаққа көз сала отырып өмір сүруге итермелейді. Адамның жеке өмірінде өткеннің мәдени тәжірибесін, оның қазіргі уақытта толықтырылуын және болашақта өрлеуін қайта қарастыруды талап етеді. Мәдени әлемді жасаушы адам – өзін де жасаушы. Адамның ерекше табиғаты және оның әлеуметтілігі күрделі түрде шиеленісіп қиылысқан.

Білім беру жүйесінің әрекетінің тиімділігі педагогика ғылымының жетістіктеріне тікелей байланысты. Әрбір келесі ұрпақты қалайша оқыту және тәрбиелеу керектігін білім беру саласына жеткізу туралы күмән жайттарды азайту үшін педагогика ұзақ тарихи кезеңді басынан кешірді. Әйтсе де, педагогика бірден өзін қалыптасқан ғылым деп атай алмады. Педагогиканың ғылымилық мәртебесін алуының ұзақ жолы көп рет тексерілген теориялық негіздер, бұл қағидаларды тексеру және қайта тексерулер, адамзаттың мәдени және өркениеттік жетістіктерін сақтау және көбейтуге жауапты әлеуметтік институтқа қызмет ететіндей, оның шындық болмыста қайта құруға қабілетті болуын қажет еді.

Қазіргі кезде педагог мамандар даярлауда әл-Фарабидің философиялық трактаттары мен білім беру туралы идеялары магистранттар мен докторанттарға ғылыми жұмыстың философиялық әдіснамасын қолдануды үйрету барысында кеңінен нақты тұжырымдары арқылы жүзеге асырылуда. Батыс философиясының таңдаулы шығармалары, антиктік және ортағасырлық философия, философияның қысқаша тарихы, әлеуметтану, оқыту теориясы, педагогиканың цифрлық дәуірдегі даму логикасы, стратегиялық менеджмент, кәсіпкерлік, мәдениетаралық коммуникация, әлеуметтік психология, оқыту теориясы, білім берудегі зерттеулер сынды қазақ тілінде жарыққа шығарылып жатқан тұста білім алушылардың философиялық және әдіснамалық мәде-ниетін қалыптастыру мақсатында әл-Фарабидің философиялық-педагогикалық жүйесін терең пайымдау қажеттігі өзектендіріле түсуде.

Білім мен ғылым саласындағы соң-ғы жылдары жарық көрген белгілі ғалымдардың еңбектері – еліміздің ертеңгі күнгі өшпейтін ұлы байлығы – адами капиталды дамытуға қосқан үлесі, білім мен ғылым кеңістігін асқақтататын мол рухани қор. Адами капиталы мол ел – ол мың жылдан астам уақыт бұрын әл-Фараби аңсаған қайырлы қоғам елі, ол Абай армандаған толық адамдар елі. Адами капиталды өндіретін де, сомдайтын да, дамытатын да қуатты күш – ол, Л.Толстой айтып кеткен кемел мұғалімдер. Қоғамдағы мұғалімнің орнын Елбасының «Бүгінгі заман білектің емес, білімнің заманы дегенді ескерсек, заман талабына сай дайындалған мұғалімнің шеберлігі мен жетістігі сапалы білім мен саналы тәрбие алған шәкірттерінде болмақ» деген тұжырымы оның заманауи келбетін нақтылап белгілеуінде.

Біздің халқымыз өз тарихында жеңім-паздығын, қуаттылығын, тектілігін, ғажайып істерімен, өшпес ерлігімен төрткүл дүниеге паш еткен халық. Елбасы тамыры терең тектілікті руханилық, іскерлік, талап қоюшылық, табандылық, қамқорлық, сындарлы ой, сабырлылық, қайраттылық сынды қасиеттерімен аңғартып келеді. Елбасының «Маған тіл, діл, өмір, тіршілік сыйлаған туған халқыма қашанда қарыздар болып өтемін», деп ұрпақтық сезімін ашық айтқан ойлары мен кемеңгерлігі ел азаматының саяси санасы мен қазақи болмысына жол сілтеп тұр десе болады. Адамзатты бақытқа апарар жол іздеген ұлы әл-Фараби мен Ж. Баласағұн, толық адам туралы ілімін ұсынған Абай мен ар ілімінің негізін салушы Шәкәрім қайтсек ұрпақ азбайды деп кемел келешекті ойлап, халқының қамын жеді. Сан ғасырды артқа тастап, бүгінге дейін өз мәнін жоғалтпай ұрпақтан ұрпаққа жетіп отырған осы ойшылдардың да арман-мұраты ұлтты рухани кемелдендіру, ұрпақты ізгілендіру еді. Адам капиталы, оның қоғамдағы маңызы, жарқын болашақты жасаудағы жастардың орны, ұлт санасын рухани жаңғырту, сол арқылы әлемдік өркениеттің бетке ұстар тұсына қол жеткізу мәселесі мемлекетіміздің, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарынан тыс қалған емес.

Қасым-Жомарт Кемелұлы «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Жаңғыру – өткеннен қол үзіп, тек жаңа құндылықтарға жол ашу деген сөз емес. Шын мәнінде, бұл – ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үрдістермен үйлестіре дамытуды көздейтін құбылыс. Бұл ретте, біз Абайды айналып өте алмаймыз. Себебі, ұлы ойшыл осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға ша-қырған», ‒ деп терең тамырымыздан қол үзбеу арқылы ғана жарқын болашақты жасай алатынымызды айта келіп, өзінің гуманистік ұстанымын танытты. Интеллектуалды ұлт қалыптастырудың бастауы Абай ілімінде жатқандығын негіздеді.

Қазіргі зиялы қауымды ойландыратыны да ел болашағы, ұрпақтан ұрпаққа жеткен ата-бабаларымыздың ғибратты өсиеті, мынау жаһандану заманында ұлт болып ұйысып, тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп, келер ұрпаққа аманаттау болса керек.

Сондықтан да, елімізде білім беру жүйесіне сәйкес заманауи Ұстаз болудың бүгінгі күні алға тартып отырған талап-дағдылары мыналар:

1.Бейімділік/икемділік: цифрлық дәуірде мұғалімдер икемді болып, өзгерістер мен жаңартуларға тез бейімделе алады.

2.Сенімділік: әр мұғалім өзіне ғана емес, оқушыларына, әріптестеріне сенімді болу керек. Өзіне сенімді адам басқаларды сенімді болуға ықпал етеді.

3.Коммуникативтілік немесе кері байланыс: оқушылармен, ата-аналармен, әріптестермен сөйлесе білу, ортақ тіл табыса алу өте маңызды.

4.Академиялық белсенділік. Ака-демиялық және ғылыми қоғамда- стықпен әрқашан араласу, біліктілікті арттыру, кәсіби шеберлікті дамыту, мүмкіндігінше мұғалімдерге арналған конференция, семинарлар мен вебинарларға қатысады..

5.Ұйымдастырушылық: өз жұмысын, сабағын, сынып сағаттарын ұйымдастыра білу, өйткені ұйымдасқан мұғалімдер оқытудың тиімді ортасын қалыптастыруға ықпал етеді.

6.Интернет сауаттылық: қашықтан оқыту кезеңінде мұғалімдер онлайн түрде жұмыс атқарады. Оқытудың жаңа технологияларын меңгеріп, веб-парақшалар ұйымдастыру, байланыс орнату арқылы әлеуметтік желілерді қолдануға болатындығын айғақтайды.

7.Шығармашылық. Ұстаз қолдана алатын ең тиімді құрал – қиял. Мұғалім шығармашылықпен айналысып, оқушыларды оқуға тартудың ерекше әрі қызықты тәсілдерін ойластырып, құлшыныстарын оята білу керек. Оқушылардың белсенді түрде қоғамдық іс-шаралар мен байқауға, жарыстар мен олимпиадаға қатысуын қамтамасыз етеді.

8.Тайм-менеджмент: өз уақытыңды тиімді ұйымдастыра білу өте маңызды. Оқушыларыңыз бен өзіңіздің жұмысыңыз үшін уақытты басқара білу жоспарын құрады.

9.Көшбасшылық: шебер мұғалім тәлімгер ретінде өз оқушыларына білім мен тәрбие беру арқылы олардың жетістікке жету бағыттарын нақтылайды.

10.Ережеге бағынушылық: Қазақстан Республикасының заңдары мен негізгі нормативті құжаттарды саралай біледі.

Расында да, мұғалімдердің білімі мен біліктілігінің биік сапалық деңгейін көтеруде ең басты көрсеткіш, білімді де білікті мұғалімдерді даярлау қоғам өмірінің барлық саласын орнықты дамытуға әкелетіні айғақ.Білім беру мен ғылым саласында ұлттық мектептердің орнықты дамуының басым бағыттары ‒ бұл төрт тұғыры түгел, өз ұлтының білім беру саясатын жүзеге асыратын, ұлттық мемлекеттің байтағында салтанат құратын, адамзат өркениетінің құндылықтарын туған халқының рухани және мәдени мұраларымен жарасымды жалғастыратын, ана тілінде тәлім-тәрбие мен білім беретін оқу орны.

Елбасының дүниетанымын, кәсіби және білімділік тәжірибесін мемлекеттік қайраткер, дипломат-гуманист, экономист-ғалым, руханилық идеалын ұсынушы, ҰЛТ КӨШБАСШЫСЫ, Халықтар достығы идеясының жақтаушысы, еліміздің ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, комсомол, партия қызметкері, металлург бейнесін ашып көрсеттік. Оның 30 жыл Тәуелсіз мемлекетімізді алға қарай ілгерілендіруші жобалары, бағдарламалары, халқына Жолдаулары мен барлық салаларды дамытуға арналған Заңнамалары, тұжырымдамалары аясында өзінің тәжірибелік көзқарасын, ғылыми еңбектерін, сындарлы мақалаларын қазақ Азаматының білімі мен тәлім-тәрбиесіне бағыт-бағдар бергені жүйеленді. Бұл тұжырымдама мазмұнын төмендегі модель арқылы бейнеледік (сурет 2).

Мемлекеттік тілде балабақшадан бастап университепен аяқталатын сан-саналы бағытта үздіксіз білім беретін біртұтас жүйе – Қазақстанның ұлттық мектебін қадірлейтін мол арна.

Тәуелсіз мемлекет саясатының басым бағыты ‒ ұлттық мектептің орнықты дамуын қамтамасыз ететін әдістемелік жүйесі және оның құрауыштарын ғылыми негізде жасалу міндеттерін орындау ғалымдар мен білікті мамандар үлесінде. Бұл бағытта оқытудың отандық біртұтас әдістемелік жүйесінің құрамдас бөліктерінің бірі – оқулықтар мен оқу құралдары, мемлекеттің білім беру саясатын жүзеге асыруда Қазақстанның төл оқулықтарын шығару тәжірибесін тарату.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыру, дамыту және сапалы кәсіптік білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау; жеке адамның шығармашылық, рухани және күш-қуат мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, даралықты дамыту үшін жағдай жасау арқылы ой-өрісін байыту»,‒ деп көрсетілген.

Қазақстан Республикасында белсенді түрде болып жатқан қоғамдық-саяси үдерістердің қарқындылығы, тілдік жағдайдың әлеуметтік-лингвистикалық факторларға байланысты қызметі және дамуы, әдіснамалық негізіндегі тіл білімінің жаңа бағыттары; қоғамдық-саяси жағдайдағы өзгерістер тілдік жағдай мен тілдік саясатқа әсері үнемі назарда болғаны жөн.«Үш тұғырлы тіл саясатының» негізгі талабы – ел азаматтарының қазақ тілін меңгеруі. Тіл саясаты орыс тіліне ерекше мән береді, ағылшын тілі қазақстандықтарға жаһандану әлеміне жол ашады.

Қазақстан Республикасының мем-лекеттік білім беру саясатының стра-тегиялық бағыты – еліміздің ата Заңын басшылыққа алып, қазақ тілін – мемлекеттік «жалпы» құндылық, орыс тілін – «ерекше» құндылық, ал өзге этностардың тілдерін – «жекеше» құндылық ретінде олардың біртұтастығы мен өзара байланысын сақтап, қазақ ұлт мектебінің аясын кеңейтіп, оны бүкіл Қазақстан Республикасының ұлттық мектебін биік жетістіктерге жетелеу үлгісін көрсетеді (Жалғасы келесі санда).

Шаркүл Таубаева,

педагогика ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының профессоры

Гүлнар Мұратбаева,

педагогика ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының профессоры

1253 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз