• Ел мұраты
  • 26 Қаңтар, 2022

СӨЗСІЗ, ҚОҒАМ ЖАҢА КЕЗЕҢГЕ ҚАДАМ БАСТЫ...

Қаңтар айының басында елімізде орын алған жағдайлар баршамызды ойландырғаны сөзсіз. Бейбіт митингілерден басталған әлеуметтік наразылықтардың көрінісі бірте-бірте күш алып, республиканың бірқатар қалаларында жаппай тәртіпсіздіктердің орын алуына әкеліп соқты. Әсіресе, Алматы қаласындағы қақтығыстар, мемлекеттік ғимараттарға жасалған шабуылдар, әскери және полиция қызметкерлерінің, солардың ішінде бейбіт азаматтардың да қаза табуы, сауда-саттық нысандарының тоналуы оңтүстік шаһарды бірнеше күн үрей құшағында ұстады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай жариялап, шұғыл іс-қимылдарды кешенді түрде қабылдап, ахуалды тұрақтандыруға күш салды. Қазір, құдайға шүкір, ел өмірі қалыпты күйге келіп, өз арнасына түсті...

Жалпы, ел басынан өткен осы жағдайлардан біз нені түйіп, неден сабақ алуымыз керек? Біріншіден, біздің қоғам үшін «тұрақтылық», «береке-бірлік», «бейбіт өмір» деген ұғымдардың қаншалықты қымбат екенін байқадық. Қарулы қақтығыстар, атыс-шабыс басқа мемлекетте емес, өз қалаңызда, өз үйіңіздің маңында орын алып жатқан кезде «Жау қайда деме, жар астында» деген сөзге еріксіз иланасың. Екіншіден, біздің ел қауіпсіздік тұрғысынан алғанда әлі де тастай берік, мық шегедей мығым емес екенін аңғардық. Қамсыз болмауымыз керек екенін түйсіндік. Иә, қауіп-қатер дейтін ұғым кез келген қоғамның, мемлекеттің, жекелеген адамдардың алдынан туындайтын құбылыс екенін жақсы білеміз. Десек те, осындай төбемізге қара бұлт үйірілген тұста бейбіт өмірге әбден үйреніп алған психологиямыз үшін дұрыс шешімдер қабылдау, тұтқиылдан келген жаудан қорғану оңайға соқпады. Қорғанысқа, қауіпсіздікке жауап беретін әскерилердің, полиция қызметкерлерінің өзі қапелімде не істерлерін білмей қалғандай көрінгендей болды. Мұның себебі бұрын-соңды мұндай масштабтағы жаумен арпалысып, қауіп-қатермен бетпе-бет келіп көрмегендіктен.

Иә, қазір бұл турасында көп айтылып жатыр. Кінәні, айыпты біреулерге арта салып, қарап отырудан жеңіл іс жоқ. Басымыздан өткен үш-төрт күн ішіндегі ауыр жағдайлар бейбіт өмірдің, қауіпсіздіктің тек қана арнайы сала мамандарының ғана емес, тұтас елге де қатысты мәселе екенін пайымдай алдық деп ойлаймын. Демек, алдағы уақытта санамыз сергек болып, әртүрлі жағдай-жағдаяттарға іштей де, моральдық-психологиялық тұрғыдан да дайын болып жүруіміз керек екені айдан анық. Қыл аяғы әр отбасы, әр адам азық-түлік қауіпсіздігін де алдын ала қамтамасыз етуге де қамданып жүруі қажеттігі де сезілді. Қолма-қол ақшасы болмай, әжептәуір қиналып, сансырап қалған жандар қаншама. Міне, осы мәселелердің барлығы көп сауалды сана сарабына салып, ой безбенінен өткізуге түрткі болды.

Үшіншіден, ел ішінде Үкіметтің жұмысына көңілі толмайтын азаматтардың талап-тілегіне қатысты жедел шешімдер шығарылып, нақты істер жүйелі түрде орындала бермегендіктен туындаған наразылықтар іс басындағы адамдардың алдағы уақытта бұрғынғыдан да әбжіл, ұтқыр да ұтымды қимылдауын қажет етіп отыр. Президенттің Үкіметті доғарысқа жіберіп, министрлердің жаңа кабинетін жасақтауы жайдан жай емес. Ендігі кезекте мүлдем басқа сапа, басқа стратегиялық шешімдер керек. Көп сөзден, құрғақ уәдеден халық шаршады. Халықтың көңіл-күйі әлеуметтік жағдайына тікелей байланысты. Әлеуметтік ахуал дұрыс болмаса, айлығы шайлығына жетпесе, қымбатшылық күннен күнге қыса берсе, мұның арты осындай наразылықтарға ұласпағанда қайтпек!?

Төртіншіден, Үкімет қоғамның әр мүшесі, аға буын, орта буын, жастардың көзқарасымен санасып, жұмыс істей білуі керек. Мемлекет басшысының «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы осыны меңзейді. Бүгінгі қабылданып жатқан шешімдердің алдағы уақытта нәтижесі қандай болатынын уақыт көрсетер. Әзірге, сөзімізді осы жерден түйіндеп, ел аман, жұрт тыныш болсын, артта қалған ауыр, қаралы күндер келмеске кетсін деп тілейік. Бейбіт өмірді сақтау жолында өмірлерін қиған азаматтардың жандары жәннатта болсын!

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

888 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз