• Ел мұраты
  • 26 Қаңтар, 2022

ҚЫЗАЙДАН ШЫҚҚАН БІТІМГЕРЛЕР

Андас ОМАРАҚЫН

 

Қазақтың ішкі-сыртқы дипломатиялық саясатының өте ұзақ тарихы бар. Кезіндегі сақ пен сарматтар дәуіріндегі, одан қала берді ғұн мен үйсін, қаңлы мен қыпшақ, түркі мен түркеш, найман мен керей хандықтары тұсында да қан төгіліп, елге зобалаң әкелетін талай қиюы қашқан тірлікті тезге салған бітімгерлер болды. Солардың білімі мен біліктілігінің арқасында жұрттың құты қашып, талай бас шабылмай, бала жетім, әйел жесір қалудан аулақ болды. Ең бастысы, елдің елдігі мен жердің бүтіндігі сақталды. Мұндай бітімгерлер қызай елінің арасынан да көптеп шықты. Оның көбін бұлаң дүние ұмыттырып жіберді. Бірақ елдің жадында сақталған есімдерді қайта жаңғыртып,  тарих толқынына қосу бүгінгі ұрпақтың міндеті саналмақ.  

 

ЕЛДЕСТІРМЕК ЕЛШІДЕН

І

Жоңғарлар бір жола жойылып, шаңырағы ортасына түскеннен кейін Цинь империясы Абылайхан басшылығындағы қазақтармен есептесе бастады. Жоңғардың соңғы ханы Дауачы қазақ жасақтары жағынан жеңіліп, қытайлардың қолына түскен соң қазақтар мен Цинь жасақтары арасында текетірес жағдай қалыптасты. Бірақ Цинь империясы қазақтармен соқтығысуды қаламағаны белгілі. Оған «Жоңғарды тыныштандыру жобасы» атты еңбектегі Чиян Лұн (Қазақтар Ежен Боғда хан деп атаған) патшаның жоңғар бүлігін тыныштандыруға аттанған әскерлеріне түсірген бұйрығы дәлел бола алады. Онда: «Егер қазақтар өздері ғана келіп бағынса, олардың басшыларын астанаға (Ханбалық) әкеліп, ханмен жолықтырып, оларды марапаттау және мәнсап беру керек. Оларға қарасты бұқара өз қоныстарында отыра берсін, оларды қонысынан көшірудің қажеті жоқ. Тіпті олар елдескісі келмеген күннің өзінде де әскер күші арқылы жаулап алуға болмайды» делінсе, тағы бір бұйрықта: «Сендер адам жіберіп қазақтарға хабарлаңдар... Бағыну, бағынбау қазақтардың өз еркінде, әскери бөлімдер тек шекараны ғана күзетсін, шекарадан өтіп, оларға соқтығысуға рұқсат етілмейді» делінеді. Бұл патшаның бұйрығы болса, тағы бір патша Жарлығында: «Сендер оларға (қазақтарға) орынсыз килікпей, алыс жүріңдер. Оларға қалқа моңғолдары қатарында қарауға болмайды. Олар өз алдына хан болып келген екен. Хандығын мойындауымыз керек», – деп қол қойылған. Бұл бұйрық, жарлықтар моңғол тіліне аударылып, Абылайханға жеткізіліп отырған.

 Екі алып империяның ортасында отырған Абылайхан «Ұзын арқан, кең тұсау» стратегиясын байыппен қолдана білді. Цинь империясының ханы өздеріне ілтипат көрсетіп отырған соң, Абылайхан да Чиян Лұң ханға аса бір кішіпейілділікпен жауап хат жазып отырды. Осындай достық қарым-қатынастың нәтижесінде 1757 жылы 20 маусымда Балқаш көлінің Шығысындағы Аягөз өзенінің жағасында Цинь империясының арнайы елшілері Абылайханмен кездесті. Бұл тарихта «Мамырсу келісімі» деген атпен қалды. Бұл келісімнің үлкен тарихи себептері бар. Қазақ пен жоңғардың ең соңғы соғысы 1756 жылы Үржар мен Емілде болды. Бұл соғыста жоңғарлар (қазақ тарихында қалмақ деген атпен де аталады)  ауыр жеңіліске ұшырап, Қандыжап деген батырынан айырылды. Келісімге қазақ-қалмақ өкілдері түгелімен шақырылады. Мың қаралы қолымен Абылайхан да келеді. Кеңесте көк қасқа айғыр, қарабас қошқар сойып, қолдарын қанға батырып: «Өткен іске кешірім, төгілген қан, бұланған мал төлеусіз болады, жоғарғыны елге, төменгіні селге жіберейік» деп келіседі. Қарсы жақ бұл бітімді «Қандыжап бітімі» деп атаса, қазақтар бітім Аягөз өзеніне құятын Лайсу өзенінің бойында өткендігін ескеріп, Лайсудың атын Мамырсу деп өзгертіп, бітімді «Мамырсу келісімі» деп атайды. Қызайлардың ел ісіне араласуы (қазақ жерін жоңғардан азат ету соғыстары туралы алдағы уақытта жазамыз) осы «Мамырсу келісімімен» тұспа-тұс келді. Өйткені осы тұста, Аягөз өңіріне қызайлар ғана қоныстанған.  Ел аузында «Қызайдан бұрын Аягөз бойына іргесі тиген ел жоқ» деген сөз бар деп жазды  «Тауарих хамсаның» авторы Құрбанғали Халиди.

 «Есенгелді» дастанындағы:

Осылай Аякөзге келді қызай, 

Қалдырып кіндік кескен жерді қызай. 

Суы бал, желі жұпар, шөбі дәрі, 

Қызығын Аягөздің көрді қызай. 

Кешегі Абылайдың заманында, 

Көксала, Аягөз боп орны қызай, – деген өлең жолдары да Аягөздің құйқалы кезінде қызайлар елден бұрын келіп тіршілік еткенін деректейді. 

Осы келісімде қызайлар екі жақтың елшілерін күтіп алу, олардың аман-саулығын қадағалау, ат-көлік, қонақасы қатарлы түрлі дипломатиялық жұмыстың атқарылуына қажетті міндеттерді үстіне алған. Демек, бұл қызайлардың сол кездегі іргелі ел болып, еларалық мәселелерге араласа бастағанын білдіреді. Осы келісімде қызай жағының барлық жұмысын Есенгелді би ұйымдастырып отырды. Есенгелді Құдайназарұлы (тарихи тұлғаның өмір дерегі, еңбегі туралы алдағы уақытта «Қызайдың отыз би, қырық батыры» атты жазбамыздан оқисыздар) Қазақ хандығын Абылайхан басқарып тұрған тұстағы қазақтан шыққан еларалық мәселелерді шешуге атсалысқан алғашқы дипломат деп атауға болады. Сонымен бірге, қызайлардан шыққан алғашқы елші ретінде де белгілі. «Мамырсу келісімінде» Абылайхан Цинь империясымен елдескені (бағынғаны деп түсінбеу керек) туралы хат тапсырып, төрт сәйгүлік ат тарту етіп, Ханжығар бастаған елшілер тобын Ханбалыққа жіберетін болып келіседі. Сонымен 1757 жылы қыркүйекте Абылайханның алғашқы елшілері Ханжығар, Өміртай, Долан, Аранжы, Танаш, Бекенай қатарлы елшілері Цинь империясының астанасы Бей Жіңге  (Ханбалық) барып, Чиян Лұң ханның қабылдауында болып қайтады. Міне, осылай Қазақ хандығы мен Цинь империясы арасында бірінші рет дипломатиялық қарым-қатынас қалыптасты. Осы тұста айта кетер жайт, сол кезде басқа елден келген елшілер Чиян Лұң ханның қабылдауында болуы үшін жылдап күтеді екен. Тіпті, кейбірі кездесе алмай еліне кері қайтып отырған. Ал Қазақ хандығынан келген елшілерді Чиян Лұң хан кезексіз қабылдап, жылы шырай танытып отырған. Мүмкін, бұған сан түрлі жорамал жасауға болатын шығар. Бастысы, Цинь императоры Қазақ хандығына барынша сақтықпен қарап, жақын ұстап, Батыстан төнетін қауіптің бетін қайтармақшы болғаны анық. Тағы да қазақтардың Ресейдің айдап салуымен айналасына бүйідей тиген, көзге тікендей қадалған жоңғарды жоюдағы ерен ерлігіне ризашылығы да болар. Қалай болса да, Чиян Лұң ханның қазаққа көзі түзу болғаны анық. 1757 жылы 22 шілдеде Абылайхан Цинь империясының әскербасы Жау Хуймен кездесіп, келісім нәтижесінде, 1758 жылы Тарбағатай (Шәуешек), 1761 жылы Іле (Құлжа), 1764 жылы Үрімжі қалаларында еларалық сауда жәрмеңкелері өткізіле бастады. Осы 1757 жылдан 1830 жылға дейін Қазақ хандығының елшілері жыл сайын, кейде жыл аралатып Чиян Лұң ханмен жолығып, ел ісін шешіп отырған. Қазақ хандығынан Ежен ханға барған елшілері туралы жапониялық тарихшы-ғалым Зокутоның 1984 жылы «Шыңжаң халық баспасында» шыққан «ХVIII-XIX ғасырлардағы Шыңжаңның қоғамдық, тарихы жайында зерттеулер» атты шығармасында көрсетеді. Бұл «Қазақтың қысқаша тарихы» атты кітапқа да көшіріліп басылған. Кейінгі зерттеушілер де осы деректі шынайы деп санайды. Сол тізім бойынша Қазақ хандығының хан, билеушілері Абылай, Әбілмәмбет, Әбілпейіз, Аблас, Ханбаба, Санияз төре, Болат хан, Уәли сұлтан, Ханқожа, Жанқожа, Жолшы, Салат, Байдолла, Тоғым хан, Алтынсарылардың бұйрығымен Цин императорына 33 рет елшілер тобын аттандырып, үш жүзге жуық елші барып қайтқан. Екі рет елші жіберуге уәде еткенімен ел ішіндегі аумалы-төкпелі жағдай, сыртқы шапқыншылықтың салдарынан бұл жоспар орындалмай қалған. Осы елшілер тобының қатарында оң қанаттан (Ұлы жүзден) 11 адам, сол қанаттан (Орта жүзден) 20 адам Чиян Лұң патшаның тікелей қабылдауында болған.. 1760 жылдардағы бір жолғы елшілер тобының қатарында қызайдың Есенгелді биі де астана Бей Жіңге барып, Ежен ханның (Чиян Лұң)  қабылдауында болып, ханның ерекше мәртебелі елшілерге ғана беретін көктасын алып, жібек шапанын киіп қайтады...

Содан көп өтпей елшілер тобы Рыхыдағы жаздық ордада Чин Лұң ханның қабылдауында болады. Сөз бітіп, келісім аяқталып, елшілерге ханның үлкен қонақасысы беріледі. Бұл қонақасыға Чиян Лұң ханның өзі де қатысады. Үстелге қаз-қатар тізілген алтын ыдыстарға қарап отырып Есенгелді би мырс етіп күліп жіберіпті. Мұны хан да, айналасындағы қарашалар да байқап қалады. Әрине, бұл оқыс әрекет мұндай ортада ерсі қимыл болып көрінетіні анық.

Сонда хан Есенгелді биден мұның себебін сұрайды.

– Әкеміз Құдайназар батыр бір реткі жойқын ұрыста жоңғарлар жағынан ерлікпен қайтыс болып,  біздің елдегі әменгерліктен әбден запы болған Тойын шешеміз ағам Жолымбет, інім Солтангелді үшеуімізді ертіп, түнделетіп нағашыларымыз Сары үйсін еліне жолға шығып едік. Түн суық, жол қажытып, қарнымыз ашып,  наразылық білдіре бастағанымызда анамыз: «Өлмеген құл алтын аяқпен ас ішеді», – деп бізді жігерлендіріп еді. Сол анамның айтқаны ойыма оралып, еріксіз күліп жібердім, – деп түсіндіреді Есенгелді би.Әрине, Чиян Лұң ханға да тақ таласында анасының көмегі көп тигені тарихтан белгілі. Есенгелдінің анасына деген құрметі оның жүрегін жібітіп, ашуын тарқатады. Қазақ елшілері қайтарында Есенгелді биге тек хан әулеті ғана киюге рұқсат етілетін жібекпен әдіптелген шапан, жоғары лауазымды адам екенін білдіретін көк тас, анасына зерлі шәлі беріп қайтарады. Есенгелді бабамыз Чиян Лұң ханнан киіп қайтқан жібек шапан ұқыпты сақталып, бүгінге жетті.

Есенгелдіге Ежен хан жапқан шапан, сыйға берген көк тасы және қылышы. ХVIII ғасыр

 

  Есенгелді бидің дипломатиядағы жетістіктері мен елшілік қызметіндегі тапқырлықтары бұл ғана емес. Жоңғар нояндарымен, қырғыздың Әтекеке жырығымен, Қалба тауында Абақ-Керей елімен болған береке-бітім кезіндегі елге аңыз боп жеткен бітімгерлігі көп. Оны арнайы айта жатармыз. Осы ретте Есенгелді бидің қызайлар арасынан шыққан ең бірінші дипломат екенін ғана оқырманға алғашқы адымда жеткізуді мақсат еттік.

Есенгелді артында көптеген қанатты сөз, нақыл өлеңдер қалды.

Соның біразын келтіре кетсек:

Үркер үйден көрінсе,

Үш ай тоқсан жазың бар.

Үркер іңірде жамбасқа келсе,

Жаз шықпағанда несі бар.

***

Жеті қарақшыны аңғарсаң,

Жеті түнде адаспайсың.

***

Сәуір болмай жауын болмас,

Жауын болмай қауын болмас.

***

Бұлт көп болса, жұт болады,

Ауыру көп болса, құрт болады.

***

Тышқан көп жылы,

Тоқшылық болады.

Қоян көп жылы,

Жоқшылық болады.

ІІ

Тарихи деректерге жүгінсек, 1864 жылы «Ресей-Қытай батыс солтүстік шекараны өлшеп айыру тоқтамы» жасалады. Осы тоқтамның V тармағында: «Қазақ халқы бұрын қай жерге қоныстанып келген болса, мұнан былай да сол жерді қоныстанып, байырғы мекендерінде отырып, бұрынғы кәсіптерін істеп, бейбіт өмір өткізе береді. Шекара бөлінгеннен кейін бұл жерлер қайсы мемлекетке қараса, сол жерді мекендеген адамдар жермен бірге сол мемлекетке қарайды» деп белгіленді. Міне, осылай қазақтың ежелгі атақонысы екі империяның кесірінен екіге бөлініп, ел мен елдің арасындағы енжарлықты туындатты. Өкініштісі, ондағы қазақтардың жағдайы ескерілмеді, тіпті, тарихтан бергі бүтіндігі бөлінбеген табиғи ресурстар да талан-таражға түсті. Осы келісім бойынша қызайлардың, қаракерейлердің басым бөлігі, Абақ-керей тұтасымен, Ұлы жүз қазақтарының бір бөлігі Қытай тарапында қалды. Сонымен кезіндегі жоңғарға тізе қосып шапқан, бауырлас елдің де мүдде таласы орын ала бастады. Осы тұста қызайлар арасынан Құдайменде тәйжі, Сасан, Бұқаш, Байеке сияқты дипломаттар шығып, көші түзелмеген елдің тұрақты қоныс табуы үшін көрші елдермен келісімдер жасай бастады. Сол тұстағы қызай дипломаттары ең алдымен тұрақты қонысы жоқ аз ауыл қызайға тұрақты қоныс табу үшін барын салды. Сол барыста Құдайменде тәйжі бастаған қызайдың атқамінерлері Іле генералымен сәтті келісімдер жасай отырып, Тарбағатай, Алтай, Бұратала өңірінде шашырап жүрген ауылдарды жинап, қызайлардың Іле өңіріне қоныстану мүмкіндігін тапты.

Жазба және ел аузындағы аңыз деректерге қарағанда, қызайлар 1865-1871 жылдары Іленің бұрынғы Құлжа, Сүйдін және көне Қорғас өңірлеріне дейін қоныстана бастаған. «Шыңжаңның қысқаша тарихы» деген еңбекте: «1869 жылы қыс басында Ресей армиясы Қорғас өңіріне басып кіріп, сол жердегі қазақтың Қызай руының 25 мың тұяқтан астам малын айдап әкетті. Осыған байланысты Іленің жергілікті үкіметі Верныйге (Алматы қаласы) адам жіберіп, Ресей жағының төлем беруін талап етті» делінсе, 1871 жылы маусым айында Ресей армиясы Сүйдіннен өтіп, Құлжа қаласына басып кіргенде: «Қазақтың қызай руы қалаға басып кірген орыс жасақтарымен ерлікпен ұрыс салып, Көгершін тауынан асып өтіп, Бұраталаға шегініп кетті», – деп көрсетіледі. Бұл деректердің дұрыстығын тарихшы-ғалым Жақып Мырзағанұлы: «Қызай Іле, Бұратала өңіріне келіп қоныстанғаннан кейін 1767 жылдан бастап, осы өңірде отырған Ұлы жүз Албан, Суан тайпаларымен бірге 1865-1866 жылғы Іле шаруалар көтерілісіне қатысады. Осы кезде құрылған Іле сұлтандығына қарасты болады» деп деректейді. Бірақ бұл кезде қызайлар жер иеленбеген, тек көшіп-қонып жүрген.

Ол кездегі Іленің негізгі тұрғындары Ұлы жүз Үйсіннің Албан, Суан рулары, аздаған ұйғыр, дүңген, сібе-солаңдар еді. 1871-1881 жылдар аралығында Ресей Ілені он жыл жаулап жатып, 1881 жылғы «Ресей-Қытай Іле келісімі» бойынша Цинь империясына қайтарып береді. Есесіне, Қиыр шығыстағы Ресей-Цинь империясы арасындағы ұлан-байтақ даулы аймақ Ресейдің құрамына берілді. Осыған орай, 1882 жылы тамыз айында қызай рубасылары Көкқамыр жайлауының Майтөбе деген жерінде съез ашып, Ілеге көшіп, қоныстанудың ұйғарымын жасайды. Майтөбе ол кезде Байеке бидің жайлауы болып, суынан май ағып жататындықтан «Майтөбе» атанып кеткен. Съез жердің атымен «Майтөбе» съезі атанады. «Майтөбе съезінің» бекімі бойынша қызайлар Ілеге көшу ісі мақұлданады. Сонымен қызайдың рубасылары Іле генералымен жолығып, өздерінің өтінішін білдіреді. Іле генаралымен кездесуде Байеке болыстың:

– Қазақ көшпелі халық, жайлы жерді мекендейді, жайсыз жерден кетем дейді. Атып жесең бір күндікпіз, сатып жесең мың күндікпіз. Хан Абылай, би Есенгелдінің өсиетін есте берік сақтап, біз сізге адал қызмет етеміз, – деген сөзі Іле генералының ойынан шықса керек. Байеке болыстың бұл сөзін Іле генаралы қолма-қол қытай тіліне аударып, архивке сақтауға берген.

Қызайлардың Іле өңіріне көшіп, қоныстануға қатысты ұсынысын Іле генаралы мақұлдап, арнаулы қазақ басқармасын құрады. Қызайлардың болыстық басқару түзімін өзгертіп, ақалақшылық басқару түзімін енгізеді. Бұл ақалақшылар Күредегі Іле генералына тікелей қарайтын болады. Осы жолы құрылған қазақ басқармасына Тумашы деген жауапты болып, төрт қызайға өріс, қоныстық жер бөліп беріледі. Ол заңды түрде тұрақтандырылады.

Өкініштісі, қазір Байболат болыс, Қылыш батыр, Құдайменде тәйжі, Сасан, Бұқаш, Байеке болыстар, Сіләмжан ақалақшы, Шіде батырлардың Әлахан сұлтан, Іле генерал мекемесінмен (Цинь империясы құрған) жасаған келісімдері қолымызға түспей тұр. Бірақ шаң басқан архивтерде әлі сақталып келе жатқанын жасыра алмаймыз. Бір күні ашылар. Бірақ жоғарыдағы аталған адамдардың қызайлардың Ілеге қоныстанғаннан кейінгі дипломатиялық жұмыстың қыры мен сырын терең меңгерген бітімгерлер екенін ұялмай айта аламыз.

Осы тұста тағы бір жайдың басын аша кету керек. Негізінен қызайлар Іле өңіріне 1865 жылдан бастап қоныстана бастаған. Елді алғаш қоныстандыру жұмысын бастаған Қылыш батыр мен Байболат болыс. Сол жылы Байболат болыс, Қылыш батыр, Құтыбай мерген Іленің сол тұстағы «Қара сұлтан» атанған Әлахан сұлтанмен жолығып, Ілеге қызайларды қоныстандыру тілегін айтады. Әлахан олардың ұсынысын қабыл алып, болыстық шен беріп, құрметтейді. Қасына 25 әскер қосып, жолға салады. Бұл кезде қызайлар Бұратал, Манас, Үрімжі маңын шашырай қоныстанған мезгіл. 1871 жылы Іле сұлтандығы жойылған соң қызайлардың Ілеге көшу ісі бір мезгіл аяқсыз қалады. Ал 1880 жылы Құдайменде тәйжі, Сасан, Бұқаш, Байеке болыстар Іле генаралының рұхсатын алған тұста, кезінде Қара сұлтанмен қатынасы болған Байболатты болыстықтан алып тастайды да Құдаймендені қызайдың тәйжісі етіп сайлайды. Бұған наразы болған Байболат өзіне қарасты елін бастап, Ресей тарапына көшуді ұйғарады. Оған орыс үкіметінің «Бүкіл қызай елі келсе де жер-су береміз» деген уәдесі мен «Үш жыл шекара ашық болады. Елдің қалаған жағына көшіп баруына болады» деген белгілемесі себеп болады. Сонымен Байболат 100 үйді бастап, бүгінгі Қапал өңіріне көшіп келіп, қаптағай руымен іргелесе қоныс алады. Ресей жақ Байболаттың болыстығын сақтап, қаптағайдан біраз үйді қосып, бір болыс ел етіп құрады. Болыстықтың мампаңы қаптағай руынан сайланады. Арада біраз жыл өтіп, Байболат қайтыс болғаннан кейін болыстыққа қаптағай руының адамы сайланып, Байболаттың ұлы Әбілхан мампаң болады. Бірақ ел өсіп, жер тарылып, қызайларға қысым көбейе түскен соң 1892 жылы Әбілхан өзіне қарасты Қызай ауылдарын бастап, шығысқа қарай көшкенде Қорғас шекарасында орыс солдаттарының қоршауына түсіп, Патшаның Жарлығы бойынша қырғыз Шәбден сұлтанның еліне жер аударылады. Енді қырғыздар қызайларға тізе батыра бастайды. Оған төзбеген Байболат болыстың ұлы, 24 жастағы Күнболат жүз үйден жүз бие жинап, көріністе сауда жасауды сылтауратып, Петерборға барып, айлап жатып, амалын тауып, патшаға: «Біз Жетісудың елі едік. Әкеміз Байболаттың сүйегі Жетісуда. Белгілі себептермен қырғыздарға бодан болдық. Енді Жетісуға қайта көшкіміз келеді» деген арызын жеткізеді. Патша ордасы Күнболаттың өзіне қарасты елді бастап, Жетісуға көшіп, қоныстануына рұқсат етеді.

Күнболат қайтып келгеннен кейін біраз уақыт патша бұйрығын жасырын сақтайды. Олар сол аралықта Шәбденнің жылқыларына жасырын түрде қызайлардың ен-таңбасын салып қояды. Ал патша бұйрығында: «Қызай ен-таңбасы басылған төрт түлік мал қызайларға тән болсын» деген тармақтары болыпты. Дайындық әбден біткеннен кейін, патша бұйрығын Шәбденге тапсырып, елін бастап, өздеріне тиесі мал-жанмен қоса, қырғыздың 700 бас жылқысын қосып айдап, қазіргі Баянжүрекке келіп орнығады. Елді көшіріп болған соң тағы да жүз үйден жүз бие жинап, оған Шәбденнен келген 700 жылқыны қосып, екінші рет Петерборға аттанады. Бұл жолы: «Біз әсілі Іле өңірінің тұрғындарымыз, Туыс-туған, құда-жұрат, ел-жұртымыз түгел сонда. Әкеміз Байболат белгілі себептермен Жетісуға көшіп келген. 1892 жылғы көшуіміздің, қырғызға жер аударуымыздың түпкілікті себебі осында. Сондықтан біздің атақонысымызға қайта көшуімізге рұхсат етіңіз» деген өтінішін кіргізеді. Бұл өтініш патша тарапынан бекітілгенше бірнеше жыл өтеді. Ақыры 1899 жылы патшаның жарлығына сай Күнболат елін бастап, Қапалдан қозғалып, 1901 жылы Іле өңіріне көшіп барады. Қызай елінің ақалақшысы Сіләмжан бастап, қарсы алып, жер-шекара кесіп береді. (Қырғыздағы Шәбден сұлтанға қатысты деректерден осыған қатысты біраз құжат табылды. Ал Петерборға жол түспей тұр. Бірақ тарихтың тасасында қалған бұл ақиқатты бір күні ашатын боламыз Қажет Андас).

Қызайлар Ілеге орныққан соң да жаңа дау-шарлар, көрші қазақ ауылдары, шекараның арғы-бергі жағындағы қандас жұрттармен араз-аштықтар туындай бастайды. Әсіресе, Ресей жерімен мал барымтасы, құн дауы жиі орын алады. Осыны ескерген арғы бет пен бергі беттегі қызай, қаракерей, албан, суандар арасында екі жылда бір съез ашылып, барлық дауды шешіп отыру қолға алынады. Сол съездер «Көктума съезі», «Кеген съезі», «Шыбар тобылғы съезі», «Көк жайдақ съезі», «Семей съезі», «Қарқаралы съезі», «Майтөбе съезі», «Нарынқол съезі» деген аттармен тарихта қалды. Бұндай съездерге екі елдің генерал-губернаторлары, жандаралдары сырттай бақылаушылық етеді. Съезде төбе би сайлап, шешім жасау, билік айту сынды істер тапсырылған.

Сол съездердің бірі «Кеген съезі». Ел арасындағы әңгімеге қарағанда, Кеген съезі үлкен даумен басталған көрінеді. Қарқаралы (Ресей тарабы) албандарының биі Әлмамбет, Текестегі (қытай тарабы) албан руының биі Жанарды боқтап: «Жанар қақбас, сен де алты адамының құны бар. 22 жыл болды әлі бітірмей келесің. Осы жолы шаңырағыңды ортаңа түсіріп, дауды бітірмей қайтпаймын», – дейді.

Істің мән-жайы былай болған екен. 1860 жылдары Әлмамбеттің жортуылшылары Текестегі ауылдарды  шауып, 4 айғыр үйір жылқыны қуып әкетеді. Олардың іргесі берік, жұрты көп болғандықтан текестегілер жылы жауып қояды. Содан екі жыл өткенде Әлмамбеттің жортуылышылары тағы да 11 адаммен келіп, барымта-сырымтаға кіріскенде, текестегілер тосқауыл құрып, шырғамен шырмап, олардың 3 адамы мерт болып, қалғаны қашып құтылады. Съезде екі жақтың билері мен Ресей губернаторы және қытай генаралдары араласып:

1) Бұл даудың уақыты өте ұзарып кеткен.

2) Ол тұста тек қазақ, қалмақ ортасындағы жылқы ұрлағандар ауыр жазаланып, қазақ арасындағы жылқы ұрлығы көп құзастырылмайтын.

3) Әр екі жақтың есесі бірі-біріне кете қоймаған. Бірі жылқыны барымталап, екіншісі адам өлтірген.

4) Бұл съезде тек 20 жылдың бергі жағындағы дау қаралады. Одан бұрынғы дау сұралмайды, – деп шешім шығарады.

«Кеген съезінде» төбе би Байеке болады.

Съезде Байеке  барымта, ұрлық, жесір дауы, жер дауы, құн дауы болып 25 түрлі дауды дәлел-сипатымен көрсетіп, Қарқарал албандарын көп жылқы төлемге жығады. Бұл Жәменке болысқа ауыр тиеді. Сонда Жәменке:

– Осы айтқаным рас деп өзеннен қырық рет аттап өтіп серт берсең, дауыңның төлемін толық беремін, – деп Байекені сертке ұстайды.

Байеке:

– Елім үшін туылдым, жұртым үшін күйіндім. Айтқанымның ақиқат екендігі үшін серт беремін, – деп өзеннен қырық рет аттап өтіп, даулы малды алып қайтады. «Қысқа күнде қырық рет жан берген Байеке» деген тәмсіл осыдан қалған екен.

Осы съезден көп өтпей Байеке болыс Тарбағатайдағы Іле генералы іс басқармасының жауапты адамы жағынан қуғындалып, биліктен қалып, абақтыға қамалады. Мұны: «Байекенің Жәменке болысқа берген сертінен болды» деп топшылағандар да болыпты.

«Кеген съезінде» суан елінің болысы Мұқа Қызай елінен қоныс сұрағалы келіп, Қызай болыстарын:

– Белгілеріңіз шашақ екен,

Төбесіндегі тас-ақ екен.

Оны көтеріп тұрған,

Бастарыңыз бас-ақ екен, – деп әзілдейді.

Басқалар бұған жауап таба алмай қалғанда Сарайт батыр:

– Е, болыс белгінің тас екенін білгеніңіз                                                                    қалай,

Біле тұрып күлгеніңіз қалай.

Еркектікі өзіне жарасады,

Қатындікін мойныңызға ілгеніңіз қалай, – депті.

 Ол кезде суан жақтың мансаптылары мансап белгісі ретінде алқа тағады екен де, қызайлар бас киімінің төбесіне тас қадап, үстін шашақтап қояды екен. Бұл «Қызай қалпақ» деген атымен де белгілі. Сол мансап белгісі бүгінгі күнге осы бір қағытпа әзіл, сын-сықақпен бізге жетіп отыр.

Қызай қалпақ

«Кеген съезінде» ел көзіне ерекше түскеннің бірі Дәрубай Сүртіұлы. Осы жолы ол албандарға барымтаға кеткен 200 жылқыны шешендігімен, шеберлігімен түгел қайтарып алады. Осы еңбегі үшін қайтар жолында Қалқамбай, Шанту ауылы Дәрубайға сый-құрмет көрсетіп, Шантудың бойжеткен қызы Нұржанды тоқалдыққа береді. Содан бастап Дәрубай бүкіл албан, қызайларға аты жайылып, даңқы артады. Кейін ел-жұртты жаңалыққа бастап, оқу білімге үйретуге жетелейді.

 Енді бірі әйгілі «Шыбар тобылғы» съезі. Бұл съезге Ресейдің бір губернаторы мен қарт би Саршуаш, Жәменке болыс, Нұреке болыс қатарлы кісілер қатысады. Ал қызайлар жағынан Құдайменде тәйжі, Байеке, Сасан, Бұқаш болыстар мен Бердіке қатарлы ел ағалары және Сарайт батыр да келеді. Іле генералы мекемесінен басқарма дәрежелі тағы бір мансапты болады.

Ол кезде съез басталмас бұрын екі жақтың би-шешендері алдымен бірін-бірі сөзбен қағытып, мұқатып алудың амалын қарастырады екен. Осы арқылы өздерін ырықты орынға шығарып, қарсы жағынан басып кетуді көздейтін сыңайлы. Съезде Ресей тараптың билері Байеке бидің келе жатқанын естіп, тілді-жақты адамдарына: «Алдымен Байекені мұқатсаңдар исі қызай түк істей алмайды», – деп тапсырады.

Съез өтетін алаңның дәл ортасына тігілген 12 қанат ақбоз үйге Байеке кіріп келе жатқанда тосыннан біреуі қалжыңға сүйеп:

– Қызайдың Байекесін бір көрмекке асығып жүрсем, басы бармақтай, құлағы жарғақтай, тұрқы қолтоқпақтай адам екен ғой, – депті.

Сонда Байеке:

– Е, жүйрік болсаң тазы шығарсың,

Әділ болсаң қазы шығарсың.

Өркешті болсаң түйе шығарсың,

Емшекті болсаң бие шығарсың.

«Әйелдің семізі төсек,

Еркектің семізі есек», – деген сөз бар. Әй, батырым, «Семіздікті қой көтереді» деген бар. Болысыңның семіздігін мақтан көріп тұрсың ба. Қаптағай ұранды найманда: «Басы бармақтай болса, топтан озған тұлпар дейді. Басы балпиған, қарны салпиған жуанды көрсе, қаратөбет жұлқар дейді», – депті. Осылай қарсы жағын бір ойсыратып тастайды.

Осы сөз қағыстан екі күн өткен соң съез басталып, көне даулар қозғалып, екі жақ ырғасып отырғанда күміс ер-тоқым ерттеген торы жорғалы жігіт көптің алдын кес-кестейді. Сол кезде топ ішінде отырған Шанту (Бәйеке оны әдейі ертіп алған екен. Ол көзі шалып қалғанын ұмытпайтын көреген адам екен):

– Ой, тоқта, торы жорға менікі, – деп жабыса түседі. Тосын болған бұл іске съездегілер таңғалады.

Сонда Шанту съездегі ел ақсақалдарына:

– Торы жоға менікі 3 жылдың алдында қызайдың 180 жылқысы жоғалғанда торы жорға сол кезде 5-ке шығар ат еді, – дейді.

– Мал сенікі болса, қандай дәлелің бар, көрсет, – дейді көпшілік.

– Сонда Шанту:

– Мен тай кезінде үйретіп жүргенде тілінің астында сөлкебайдай қалы барын көрген едім, – дейді.

 Аттың тілін ашып қалса, Шанту айтқан белгі жарық ете қалады. Екі күннен бері ырықсыз күйде отырған қызай жақтың адамдары енді 3 жыл бұрын жоғалған 180 жылқының дауын қозғап, ақыры ұрысы табылып, ұрлық мал, ат шапан айыбымен қайтарылып, қызайлар үлкен олжамен еліне қайтады.

1890 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысына қарасты Көктұма деген жерде үлкен съезд өтеді. Ол тарихта «Көктұма съезі» деген аптен қалды. Оған арғын, найман, керей, уақ және қызай руларының атқамінерлері қатысып, қордаланып қалған жер дауы, жесір дауы сияқты  істерді қарайды. Съезбен қатар бәйге, балуан күрес, көкпар, қыз қуу, тағы да басқа ұлттық ойындар, ақындар айтысы, күй жарыстары ұйымдастырылады. Съезге Байеке домбырашы Қоңқайды,  Қарайт пен Сарайт батырларды, Сасан мен Бұқашты, мәмбет Тәнеке мен Базарды ертіп барады. Орыс жағынан бірнеше орыс мәнсаптысы мен бірнеше тілге жетік Саршуаш би де келеді.

Съез үстінде Саршуаш би:

– Шақырылмаған қонақтай Байеке саған мұнда не бар, – деп кекетеді.

Сонда Байеке:

– Сен орыстың сөзін сөйлегелі келдің. Мен елімнің сөзін сөйлесем несі айып, – деп оны тоқтатады.

 Осы жолғы съезде мәмбет Тәнеке би көп рөл ойнайды. Тәнеке қызайларға бүйрегі бұрып тұратын адам болған екен. Сондықтан басқалар Байеке мен Тәнекені «Найманның қос шыбары» деп атап кеткен.

Осы съезде қызай елінен барған кісілерді күтуге жауапты етіп Ақбалық деген тіл-жақты әрі сұлу әйелді қояды. Оған қызыққандар әзіл араластырып, жөн сұраған екен.

Сонда Ақбалық:

– Менің атым Ақбалық,

Бір кесіп отқа қақталық.

Келгендерің ауыз ти,

 Қалғанын келмегендерге сақталық, – дегенде үйге кіріп үлгермеген Байеке:

– Иә, Ақбалық құдағи, өзіңізді өлеңіңізден таныдым:

Түлкі жүйрік болғанмен аяңы жоқ,

Қоян жүйрік болғанмен баяны жоқ.

Ерге көзі түскенмен әйел заттың,

 Жатпай берер төсекке даяры жоқ, – деп өлеңдете жөнеліпті. Ақбалық сөз жүйесіне жығылып, қонақтар кеткенше бар ықыласымен күтіпті.

Осы съезде Қарайт пен Сарайт және Тәнеке би ортасындағы араздық көпшіліктің талқысына түседі. Оның төрелігін айту Саршуаш биге тапсырылады. Бірақ Саршуаш шешім жасай алмай билік Байекеге беріледі. Байеке шешімді Тәнекенің пайдасына шешіп, Қарайт пен Сарайтты топ ортадан қуып шығады. Сонда Саршуаш би: «Алдымен пышақты өз денеңе салып көр, ауырмаса өзгеге сал», – деген екі елдің ынтымағы үшін өз бауырын жығынды етті», – деп Байекеге қатты риза боп қайтыпты. Бұл сөз кейін ел арасына тәмсіл болып тарап кетеді.

– Сол заманда қазақтар арасындағы дау-дамайды бітіру үшін мұндай съездер қажетке қарай мезгілді, мезгілсіз ашылып отырады екен. Сол тұстағы екі елге бөлініп қалған қазақтар арасындағы қайшылықты, үкімет заңына іліндірмей-ақ, қазақ билерінің шешімімен тергеуге алып, тезге салып, бітіріп отырған. Онда дәлел-сыпатқа мән беретін, дәлелге қарайтын, шындықты мойындайтын керемет дағды болған.

Съез арасында қаракерейдің төресі Бексұлтан Сасан болысты қонаққа шақырып, қызына қонақтарға қымыз құюды тапсырады. Қыздың тұлыптағы қымызды теуіп қалғанын байқап қалған Сасан:

– Қызым, сабаны теппей піс, – депті.

– Сонда қыз:

– Қызай ырым етеді, ырымы қырын кетеді. Етін жеп, сүйегін тастамаса, мал шіркін қайда кетеді, – деп қағытады.

Сонда Бексұлтан төре:

– Қызайға тіл тигізбе, қызай деген әулие ана. Онда төрт әулиенің түбірігі бар. Қызай анаға тіл тигізбей, айтыссаң Сасанның өзімен айтыс, – деп ақыл айтыпты. Кейін сол қыздың бағы ашылмай, өмірден өкінішпен өтіпті. Жылқының аласы да,  қарасы да болатыны сияқты. Адамның да саналысы, санасызы болады. Осы күні де бір рудың ішінен шыққан басбұзарлардың оғаш қылығын сынағанда, оны емес, ол үшін руын «қызайлар», «керейлер», «албандар», «суандар» дегендей, қасиетті адамдардың есімін қаралап жататындар бар. Демек, олар әулие болмаса, тарихта аты қалмас еді. Ендеше, кінәлі адам болса, соның өз атымен кінәлап, рулы елдің атына айналған ардақты есімдерге құрмет етсек ұтыла қоймаспыз.

Сасан болыс Киікбайұлының  мөрі мен таңбасы

Осы съезде күйшілер төрт күн бойы күй сайысына түсіп, бақ сынайды. Күй сайысына Абай, Шәкәрім бастаған қасқа-жайсаңдар төрелік етеді. Сайыстың төртінші күні Қоңқай күйші бас бармағы буынынан үзіліп кеткеніне қарамастан Абайдың бір рет шертіп көрсеткен күйін басқа күйшілер нақышына келтіре алмағанда төрт саусағымен тартып, елді таңғалдырып, нәтижесінде, бас бәйгені ұтып алады. Күйдің «Ақтолқын» деген атауы сол жолы қойылады.

Кейін бұл күйді Қоңқайдың шәкірті, қызайдан шыққан тағы бір дәулескер күйші Әшім Дөңшеұлы үйреніп, кейінге жалғастырады. Әшім Дөңшеұлы өткен ғасырдың 40-шы жылдары Қытайдың Құлжа қаласында құрылған қазақ-қырғыз ансамблінің домбырашылар сыныбына сабақ беріп жүріп,  әлгі күйді шәкірттеріне үйретеді. Әшім шерткен күйдің аудио нұсқасы Қытайдың орталық радиосының архивінде сақтаулы деген дерек бар. Ал Әшімнің шәкірті Кәмал Мақайұлы ұстазынан үйренгені бойынша бұл күйді 1995 жылы Абайдың 150 жылдығына орай нотаға түсіріп, ел назарына ұсынады. Нота  домбыраның оң бұрауына (суретте) ыңғайластырып жазылған.

«Абайдың ақтолқыны» күйін Кәмал Мақай нотаға түсірген нұсқасы.

 Қызайлардан шыққан тағы бір тағдырлы тұлға Оразәлі Жанпейісұлы. Оразәлінің ел арасындағы береке-бірлікті сақтап, арты қақтығысқа апаратын дауларды ақылмен шешкен ізгілікті бітімгерлігі өте көп. Оны алдағы уақытта кеңінен тарқата жатармыз. Бұл ретте, соның бір-екеуіне ғана арнайы тоқтала кеткенді жөн көрдік. Оның даңқын шығарғаны «500 құнажын бітімі» болса, 1895 – 1903 жылдар аралығындағы албан, қызай арасындағы «Нарынқол бітімі» қазақ тарихындағы айтыспен дауды шешкен алғашқы бітім ретінде тарихқа таңбаланып қалды. Бұл съезге қызай жағынан Сасан болыс бастап, кәдірсіз, Тергеусіз, Оразәлі, он шақты би, болыс қатысады. Съезде жер, жесір дауы, барымта-сырымта ісі ұзаққа созылып, екі жағы да жеңістік бермейді. Осы тұста орыстық ояздары мен қытай тараптың мансаптылары дауды ақындар айтысы арқылы шешуді ұйғарады. Қай жақтың ақыны жеңсе, сол жаққа жеңістікті бермек болады. Албан жағы әйгілі Одаман ақынды алдырады. Одаман екі аяқты адамның сөзгері, асқан ақын, «алысқанын алмай қоймайтын арыстан» деген дақпырты бар, тек үйсін еліне ғана емес, арғын, найман, меркіт, қоңырат, қыпшақ, тобықты елдеріне аты кең таралған ақын. Қызайлардың арасында «Одаман мен Әйнек қыздың айтысы» деген айтыс сақталған. Бірақ Одаманның атақ-даңқынан хабардар қызайдың атқа мінерлері Оразәліге сенбей, шешімге келіспейді. Сонда съезге арнайы шақырылған матай елінің болысы, әйгілі Шиырбай шешеннің ұлы Есімбек: «Оразәлі жеңілсе барлық шығынды, алынған мал, кеткен жесірдің бодауын мен төлеп беремін», – деп уәде етіп, әкесі Шиырбайды сертке байлап, бір қасқа тайды сойғызып, екі ақынды айтыстыру үшін әкесі Шиырбайдан бата сұрайды. Сонда Шиырбай шешен:

Аз ауыл едің қызай,

Көшіп кеттің ұзай.

Жалындаған жас екен,

Медет бер өзің құдай, – деп бата береді. Ақыры айтыс болады. Бұл айтыста Оразәлі Одаманды жеңіп шығады. (Бұл айтыстың біраз бөлігі сақталған. Ол туралы «қызай елінде өткен айтыстар» деген бөлімде оқисыздар). Бұл қазақтың тарихында ақындар айтысы арқылы елдің дауын шешкен бірінші жағдай еді. Осыдан кейін де қайталанған жоқ.

1906 жылы Күредегі (қазіргі ҚХР Қорғас ауданы) Іле генералы мекемесінің басшысы Мәте амбы (Манжүр қытай) Шәуешекке ауысып барады. Бірақ Мәте амбы мен сол тұстағы қаракерейдің тағы бір мықтысы Демежан ақалақшы шығыса алмайды. Оразәлі бала кезінде Мәте амбының қоластында қызмет етіп, заң-жарлыққа өте жетік болған еді. Сондықтан Мәте амбы Оразәліге кісі жіберіп, Демежанмен татуластыруды сұрайды. 1909 жылы Оразәлі Моңғолдық деген жолдасын ертіп, Шәуешекке барады. Ақыры білім, білігінің арқасында Оразәлі Мате амбы мен Демежан ақалақшыны татуластырады. Оның бітімгерлігіне тәнті болған Демежан ақалақшы өз ауылының Қалима деген қызын Оразәліге некелеп қосады. Сонымен сол жылы Оразәлі Ілеге қайтпай, Демежан ақалақшының ауылында ерулеп қалады. Келесі жылы Оразәлі Қалиманы алып, ауылына қайтуға қамданып жатқанда Мәте амбы қонаққа шақырады. Қызай мен қаракерей бірігіп кетсе, өзіне ырық бермейтінін білген Мәте амбы сол жолы Оразәлінің үзеңгісіне у жағып, қастық сайлайды. Оразәлі осы қастықтан 44 жасында қайтыс болады. Мәте амбы 1912 жылы Демежан ақалақшыны да жаламен ұстап, дарға асып өлтіреді. Оразәлі тағы біраз жыл өмір сүргенде әлі талай үлкен істерді атқарар еді алғасы келесі санда).

***

P.S.Бұл мақаланы Андас Омарақынұлының түрлі басылымда жарық көрген дүниелері мен қолжазба естеліктері негізінде реттеп ұсынған белгілі журналист Қажет Андас
 

1709 рет

көрсетілді

91

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз