• Ел мұраты
  • 27 Ақпан, 2022

ҚАМЫСЫ ӘУПІЛДЕКТІҢ ИРЕК-ИРЕК

Сол жолы да солай болды. Халықтық әндерді шырқауға кластағылардың ешқайсысының да батылы жетпеді. Ұстаз да әлгі жерде олай-бұлай деп, артық-ауыс тағы көп ештеңе дей алмай, бірден өзінің ернін ғана жымқырып, үн-түнсіз отырып қалды, алайда, бұл кезде бұлардың мектебінде халық әндерін осыншама әуелетіп шырқаудан, оны әр жолы барын салып, жоғары деңгейде шырқаған кездегі әншіге тән барлық қиындықтардан да еш жүрексінбейтін бір ғана әнші бар еді. Сол дара әнші де бұлар әлі күнге дейін таңырқап, өзінің әншілік талантына ылғи да тек бірыңғай сүйсінумен ғана келе жатқан Мәрленнің өзі ғана болатын! Соның бір де оның өзінің жастайынан-ақ қазақтың халықтық әндеріне деген шексіз әуестігі мен өзінің де тамыры тереңде жатқан әндерге деген ерекше бір құрмет-сезімінің арқасында ғана болып жатпады ма?! Жо-жоқ, Арғымақов енді арада осыншама ұзақ жылдар өткенде, сәтін салып, кеше ғана осындағы өз туған ауылына дейін келіп, осындағы байырғы өзіне таныс ауыл көшелерімен аяқтарын алшаңдай басып жүріп, жолай тағы талайғы таныс адамдармен осыншама сағыныса көрісіп, шүйіркелесе жөнелсе де, бұл қапелімде өзінің сабасына түсіп, әлі де өз көзіне өзі сене алар емес қой.

Бұл ұзақ жылдардан бері сонау бір тау бөктеріндегі үлкен қалада тұрып, ауыл жаққа қарай келмегелі бері де арада тым көп уақыт өткен еді, сірә, сондықтан-ау, шамасы, Арғымақов өзінің осынау шалғайдағы өз туған ауылын бүгінде әбден-ақ қатты сағынып қалыпты; дегенмен, Арғымақовтың бұл жолғы толғанысы тіптен-ақ та ерекше еді. Енді осындағының бәрін де тым жақын жерден бір көргісі, ауылдағылардың бәрінің де әңгімелеріне осыншама құлақ асып, оларды тек бірыңғай үнсіз ғана тыңдай бергісі келеді. Осындағы өз туған ауылы, осынау қастерлі туған жердегі өзіне сонау баяғы бала кез бен бертіндегі бозбала шақтағы небір қызық, думанды күндерінен есінде мәңгіге сақталып қалған ауыл іші, осынау көзге ыстық үйлер, көшелер, әлдебір қалтарыс-бұлтарыс, өзінің он жыл бойына оқыған алтын ұя мектебі, тұңғыш рет сахнасынан балаларға арналған көркем фильм тамашалап, содан былай, қашан арман қуып, ауылдан әріге ұзаңқырап кеткенше, бірде концерт, бірде кино көріп, ең бір ыстық ұясына айналып кеткен ауыл клубы, әрі-беріден соң, осындағы байырғы ауыл тұрғындары бұны қаншама жерден сағынып, бейнебір жылап көріскендей болса да, кейде өзін біртүрлі тосырқағандай да бола ма, қалай, жоқ, әлде әлгінде оларды көргенде, бұның өзі-ақ та сондай бір «бәлесін» байқатып қалып, олардың көңілдеріне сәл кірбің де түсіргендей ме, аһ, енді онысын да бұл әлгі жерде тағы анық түсіне алмады ғой.

***

Алматыда күн бұлтты еді. Көптен бері тау бөктерінде жауын болмай, ауа райы тым қапырықтанып, қалалықтарды әбден-ақ осындай бір мазасыз күйге салып қойғандығын қайтерсің?! Мезгіл шілде айының да орталанып қалған кезі еді. Бұл өзі алматылықтардың кезіндегі кезекті еңбек демалыстарына сұранып, өз отбасы, бала-шағасымен бірге жанға сая іздеп, тынығып, демалудың қамын күйттейтін мезгілдері болатын. Алматы, қайран Алматы! Осынау алып тау бөктерінде, жасыл желектің іргесіндегі алма бақтары, аһ, әсіресе, осынау алқызыл, қанқызыл, қызылсары, қызылкүрең, шымқызыл, тағы басқалай сан құбылған апорттардың бейнебір сенің кеудеңді керіп, мұрын жарғандай болған иістері аңқыған қаланың өзі де кең даланың нағыз бір теңдесі жоқ демалыс аймағындай-ақ емес пе?! Осыдан көп жылдар бұрын, байырғы алматылықтар үшін жазғы ыстық аспап басталып, күндіз көшеде серуендеп жүрудің өзі де мүмкін еместей-ақ болған сәттердегі көңілге осыншама медеу тұтып, жанға сая табатын жерлері іргедегі тау бөктеріндегі үлкенді-кішілі саяжайлары еді ғой. Ол да кәдімгідей өзінше бір үй, үй болғанда да, дәл бір ауылдағыдай-ақ жер үй! Біреулері қос қабат, ендігі біреулері бір қабатты (көбісі солай еді, әсіресе, танымал зиялы тұлғалардың үйлерінің бөлмелері көп, тіпті, қонақ қабылдайтын кең залдарына дейін жасақталған) болып келгенмен, өздері тым қарапайым, әрі бұл шағын ауылдардың өздеріне тән тірліктері де ерекше еді. Аулалары толы алма және басқа да көкөніс ағаштары мен жеміс-жидектерге толы болғандықтан, бұндағы демалыс әдетте сол бау-бақшаларды күтіп-баптап, саясында рахат күй кешумен де тығыз байланысты болып келетін.

Алматыдағы саяжайлардың көбісі тау бөктеріне шоғырланған, қайсыбір саяжайлардың ауласынан таудың суық бұлақтары мен олардың сылдыры әсем шағындау бір арналары да жарып өтетін. Еһ, сен, бәрінен бұрын, бұндағы таудың тек бір саялы бөктерінде ғана мекендейтін, түр-түстері тұрмақ, дауыстарына дейін әдемі құстардың сайраулары мен тау сарқырамаларының бұндайда сенің көңіліңді сергітіп, көңіліңді тіптен-ақ жайнатып жіберетіндігі сондай, сол тұрғанда, дәл сенің бейнебір алыстан талып жеткендей болған әлдебір ән әуеніне еліткендей, ұзақ үнсіз тұрып қалатындығыңды-ай десеңші?! Бұрын алматылықтар жаз кездерінде біраз күнге Түркия, Араб Әмірлігі, іргедегі Қытай мен тау бөктерінің арғы жағындағы Ыстықкөл мен өзге елдердегі тағы өзгеше бір өзен, көл, теңіздердің жағалауларындағыдан еш кемдігі жоқ Қапшағай, Алакөл, Көкше, Балқаш, Шалқар көлдеріне дейін барып, өздерінің жазғы демалыстарын тым көңілді өткізіп келіп жүргенмен, негізінен өздерінің қашан қоңыр күз келіп жеткенге дейінгі көп күндерін әлі күнге дейін де тау бөктеріндегі әзірге өзге ештеңеге теңеуге келмейтін саяжайларында ғана өткізіп келе жатыр еді.

Тау бөктеріндегі тыныштық – нағыз бір шығармашылық адамы үшін тіптен де таптырмайтын жер. Жазушы Сақабаевтың шығармашылықтағы ең бір танымал деген іргелі дүниелері осынау саялы бөктердегі әртүрлі алма ағаштары мен жеміс-жидектерге толы, әр таңда таудағы үйден шыға келгенде, бейнебір іргедегі алып таудың шың-құздары саған өзінің құшағын кең ашып тұрғандай-ақ болатын саяжайдағы әу бастан-ақ өзіне ыңғайлы етіліп жасақталған, терезелерінің желдеткіштері ашылып қойылғанда, тым әріден тау бөктеріндегі суық бұлақтардың сылқым сылдыры еміс-еміс құлаққа жетіп, көңілдегі талайғы көрікті ойларыңды одан әрі де құлпырта түсердей тыныш кабинетінде жазылды.

Прозадағы танымалдылығы арта түсіп, өз шығармашылық ортасында сөз зергері, талайларға үлгі-өнеге боларлықтай қадір-қасиеті арта түскесін бе, жоқ, әлде шығармашылықтағы өзге де бір жол-соқпақтарды байқап көргісі келді ме, Сақабаев соңғы жылдары өзінің Ресей мен Түркиядағы жазушы-достарымен жиі-жиі араласып, шығармашылық тәжірибесін байыған үстіне байытып келген соң, елде өз шығармалары үнемі үлкен сұранысқа ие болып, газет-журнал, баспалардан үздіксіз шығып жатқандығына қарамастан, алдағы уақытта өз алдына бір әдеби-көркем журнал ашып, өзін редактор-баспагер ретінде де көрсетуге тіптен-ақ қатты құштарлана бастады. Өзін бұл реттегі қолдаушылар, тіпті, алдағы жаңа әдеби басылымды қай бағытта өрістетіп, өзге әріптес басылымдарға еш қақтығыспай, тек бір өзіне ғана тән дара жол салуына септесетіндей кеңес берушілердің де қатары тағы көп-ақ. Ал, өзінің тұтастай шығармашылығы негізінен ел-жұртының рухани-мәдени өмірімен өте тығыз байланыста болғандықтан, Сақабаев бірден-ақ әріні ойлады. Сондықтан, ол алдағы өз журналының маңайына елге танымал, өзінің қай-қай шығармасында да алдағы атақ-даңқтан бұрын, өз туған жері мен туған халқының тағдыр талайын жоғары қоятын, әрі ел ішіндегі оқырмандары арасындағы абырой-беделі зор, қандай да бір қиын шақтарда да өзі тұрақты шығармашылық байланыста келе жатқан басылымды табан тіреп, қорғай алатындай қаламгерлерді ғана топтастырғанды мақсат етті.

Осы кезге дейінгі өзі жақсы білетін, өзіне біршама жақындығы бар, әрі қай кезде де өздерімен үнемі ақылдасып, сыр бөлісуге ерекше құштарлық танытатын қаламдас-достары да аз емес-ті. Сақабаевтың алғаш осы журналды қолға алып, оның алғашқы нөмірін жоспарлап, кемел келешегін айқындау тұрғысындағы толғаныстары кезіндегі бір ойға алғандығы және алда да өзіне тұрақты автор еткісі келген жазушысы да дәл өзі сынды елге танымал жазушы, соңғы жылдары шығармашылықта өте өнімді шаруалар атқарып жүрген Арғымақов еді. Онда да, оның талай рет өздерімен кездесіп, әңгіме-дүкен құрысқан шақтарында, өзінің осы кезге дейін-ақ талайғы танымал туындыларын өмірге әкеліп, бірқатар басты деген әдеби сыйлықтарды алып үлгерсе де, әлі күнге дейін бір кездегі әнші-ауылдасы, өзінің сонау бала кезінде-ақ естіген талайғы тамаша әндерін әлі күнге дейін есінен шығара алмай жүрген талантты Мәрлен туралы жарытып ештеңе жаза алмай жүргендігін үнемі алға тартып, соның бәрінде де әрдайым өзінің іштегі бір өкінішінің шетін шығарып: «Аһ, достар! Сендер менің бұл сөзіме сенбейсіңдер ғой, әйтпесе... әйтпесе... біздің сол талантты Мәрленнің әншілігі, оның баяғыда біздің оқушылық өміріміздегі шырқаған қаншама ғажайып халықтық әндері... Сондағы әннің шексіз әсер, сиқырлы сырына қапелімде сөз жетер ме?!.» - дегені, жо-жоқ, әсіресе, сондағы оның: «Аһ, сендер оның қайсыбір өз туған халқымыздың небір тағдырлы кезеңдерін еске түсіре отырып, сол әндердің сондағы өз бойындағы ғана емес, бүтіндей халықтың үнін, рухын сездіргендей-ақ болатын әндерін өз құлақтарыңмен естіген болсаңыздар бар ғой!..» - деп, өзі де қатты толқи отырып, кейде тағы: «Мен, жоқ, тек осы отырған мына мен ғана емес, менің кезіндегі талайғы мектептестерім мен бүтіндей ауылдастырым оған дейін де жергілікті сахналардан талайғы халықтық әндерді қаншама рет қызыға тыңдап, талай рет өзімізше рахаттансақ та, тап бұндай өзгеше болмыс, өзгеше кейіпті дауыстағы әнді ешқашан да естіп көрмеген едік қой!» - деп, қаралай көзіне ыстық жас алғандығын бұл енді қалайша ұмытсын?! Жоқ, тек сондағы бұл ғана емес, Арғымақовтың қолайы келген жерлердің (әсіресе, көбінесе осылайша оңаша, өздері тек бір қатарлас-замандастар болып, бірде бұлардың, тағы бірде олардың саяжайларында өздерінің кезекті бір көңілді демалыстарын өткізіскен сәттерде) бәрінде де сөзден сөз шығарып отырып, бір кездегі өз ауылдас және тұтастай сол өңірдегі жергілікті жас әншілердің арасындағы аты аңызға айналған Мәрленді және сондағы ол соншалықты жан салып, ерекше бір құштарлықпен құйқылжытып, тіптен-ақ құлпырта шырқайтын халықтық әндерді зор сағынышпен есіне түсіргенде, мүлдем тыңнан сөз бастап: «Сендер мені жазушы болғандықтан ғана әлдебір қиялдарға ерік беріп, тіптен қияға самғап кетті-ау деп басқаша ойлап қалмаңыздар! Жо-жоқ, Сақабаев, егер, сен қазір бір кездегі менің орнымда болып, дәл сол кезде біздің әнші Мәрленнің әндерін сондағы мектептің акт залы мен ауыл клубында сондағы қарайған жұртпен бірге отырып тыңдаған болсаң, дәл қазір осы отырған сен де дәл сол кезді зор сағынышпен еске түсіре отырып, сондағы ол әрбір халықтық әндердегі әрбір сөз, әрбір мақам, әрбір мән-мағына мен әуендерді жоғары биіктікте шырқатып, ұзақ толғанысты күйге бөлегендігіне ендігі жерде ой көзімен үңіле қарап, сондағы сол әндерді бір кездердегі, жоқ-ау, тіпті, сол әлгі өткен заман, өткен ғасырлар белестеріндегі нағыз бір ұйыған қазақи орта, тәйірі-ау, әлгі қалай еді, нағыз бір қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман ғана емес, небір тағдырлы, базарлы кездердегі үрдісті өмірді анық байқататындай өнердегі нағыз бір інжу-маржандарды да бір сәт өзіңнің көз алдыңа дейін де елестеткендей болар едің ғой!..» - дей келіп, одан әрі тағы өршелене ұн қатып: «Сол кездерде әу баста мен бұндай ұмытылмастай, тіпті, әлгінің бәрінде бір сәттік көріністердің төбесі осыншама жарқырай көрінсе де, әлі күнге дейін соны іштей әлсін-әлсін есіме түсіргенде, қайта-қайта ағыл-тегіл толғаныстарға берілетін шақтарыңның жиі-жиі қайталануы былай тұрсын, сондайда кейде маған: «Өз заманы, өз дәуірі, өз замандас-тұстастарын өз әндерімен осыншалықты елітіп, сондағы әлгіндей ғажайып ән рухы, жоғары деңгейлі әншілік өнерлерімен бірге, мәңгілік өмірге жетелеген халықтық өнер және әнқұмар бабалар өзі неткен даналар еді?! Бірақ, бірақ.... бұл өзі қай кез?! Бұл әндер... Осындайылықты мәндегі... осыншалықты ғұмыры ұзақ... Қай кезде де өзінің кәусардай тазалығы мен тереңдігінен айнымайтын... Жоқ-ау, осындағы әрбір сөздері, осыншалықты асыл мұраға айналған халықтық әндеріміз тарихи Қазақ Ордасын қай ұлы хан, оның төңірегіндегі тағы қандай сұлтан, би, батырлардың тұстарында... Тағы қандайылықты тағдырлы күйде дүниеге келіп, өз дәуірінде қандайылықты көпшілік орта, не халық көп жиналған іргелі басқосулар мен есте қаларлықтай шақтарда шырқалып еді?! Бұл әндердің ең алғашқы абыз, данагөй, батагөй тыңдаушылары, не сол әндердің бертінгі замандардағы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, халықтық өркениет өрісіндегі өрісті өмірімен бірге жасап, кейінгі ұрпақтың өз туған халқының әндеріне деген шексіз құрметі мен зор сүйіспеншілігін оятуларына бірден-бір себепші болған танымал орындаушылары кім еді?!» - деп те өз толғаныстарыңды жеткізер еді ғой! Шынында да, солай емес пе, әр кездерде тек мына менің өзім ғана емес, соның бәрін әлсін-әлсін қайталап, менің есіме алып, осыншама үлкен бір толғаныспен әңгімелесіп отырғанда, менің бір кездегі атақты әнші-ауылдасым, оның шырқауындағы халықтық әндер мен мен қапелімде әлгіден бері сөзбен айтып жеткізе алмай, өз қиялымдағы әсердің бәрін қайтара бір көркемдеп әңгімелеп отырғанда, осының бәріне сондағы қарапайым тыңдаушыларым ғана емес, талай небір өнер майталмандары, зерттеушілер, өнертанушылар мен бүгінгіе елдегі үлкен сахнадан түспей, қайта әрдайым қазақ сахна өнерінің көркі, құдіреті болып жүрген танымал тұлғалар да аз болмаған!» - дегендіктері ше?!

Соның бәрінде де, Арғымақовтың ішінде сол бір көптен бері көкейінде жүрсе де, қағазға түсіруге қолайлы кез, жоқ, әлде соған өзінше бір түрткі боларлықтай себептің де болмай тұрғандығы анық сезіліп жатпайтын ба еді?! Осы жағдайдың бәрі енді бір сәт қайтара бір өзінің есіне түскенде, көптен бері Арғымақов өзінің ойынан бір шықпай, кеше ғана өзі ашқан журналдың алғашқы сандарының бірінде соның бір көлемді дүниесін жариялауды көздеген Сақабаевтың көңілі тіптен-ақ масайрап: «Аһ, Арғымақов, сен осы бүгінде немен шұғылданып жатырсың?! Жо-жоқ, Арғымақов, сен енді сол әлгі өзіңнің ағымдағы күйбең тірліктеріңнің бәрін таста да, бірден сол әлгі көптен бері өзіңнің ойыңнан шықпай келе жатқан бір кездегі әнші-ауылдасың Мәрлен туралы ғана жазуға отыр. Сенің бұл тұрғыдағы өзіндік ойларың, әнші Мәрлен, оның талантты әндері мен сондағы халықтық әндердің сарқылмас күш-қуат, қайнарлары, небір ғажайып сырларына қатысты талайғы толғаныстарың да аз емес қой! Ха-ха, сен әдетте сол әнші Мәрленді жазуға бір қолайлы сәт туындауын ғана асыға күтумен болмадың ба?! Міне, сол кез, дәл сенің өзің аңсай күткен кез енді ғана келді! Мен таяуда өзімнің бір үлкен әдеби журналымды ашқалы отырмын. Өзі қалыңдау және безендірілуі де тым әсерлі тұрғыда болмақ. Ал, мен соның алғашқы сандарының біріне сенің сол талантты әнші Мәрлен туралы бір көркем, әлде деректі туындыңды жоспарлап та қойдым. Иә-иә, Арғымақов, егер, сен алда соны тездетіп жазып шығуға тырыссаң, мүмкін, оны біз журналдың алғашқы санына да іліктіріп жіберерміз. Тек, тез-тез енді!» - деп, артынша соның бәрін тезірек оған айтып жеткізгісі келіп, өзі де сол екі ортада тездетіп такси шақыртып, тау бөктерінің келесі бір қиырындағы Арғымақовтың қалың шыршалардың арасына шоғырланған саяжайына қарай тартып кеткен болатын.

Арғымақов бұл кезде әлгіден бергі ағыл-тегіл ойларынан еш арыла алмай, тіпті, өзінің ауыл дүкені алдындағы тұрған жерінен еш қымс етіп қозғалмастан, тағы да ағыл-тегіл ойға берілмеді ме?!

Қызық-ау, тәйірі, кеше жатар алдында Жаушыбай өзіне:

-Мен осы биылғы жаз шыққалы бері, үйдің алдындағы тақтай сәкінің үстінде жатып келе жатырмын. Кейде өзіміз кешкі асты да үнемі сонда ішіп, таза ауада біраз бой сергітіп, кәдімгідей демалып та қалғандай болатынбыз! Ауасы да керемет-ақ қой даланың! Айға қарап, ара-арасында көктегі жарқыраған шоқ жұлдыздарды бір-бірлеп санап жатып, тәтті бір ұйқының құшағына берілуден өзге рахат дүние де жоқ шығар, сірә?! – деген соң, бұл оған соңыра өзімен бірге, дәл сол аула ішіндегі тақтай сәкінің үстіне төсек салдыртып, екеуі кеш бойғы әңгіме-дүкеннен бөлек, енді тек бір баяғы балалық шақтан бергі емесі-еміс естеліктерімен ғана бөлісіп жатқанда, Жаушыбайдың өзі көп ұзамай, бірден «қор» ете қалып, ал, бұл әлгіден бері бір кездегі әнші-ауылдасы Мәрленнің есімі өзінің тілінің ұшына дейін-ақ келіп тұрса да, оған тағы артық-ауыс ләм-мим деп, ештеңе дей алмай қалмады ма?! Сөйте тұрса да, өзі Мәрленді тағы да өзінің есінен бір шығара алмай-ақ қойды ғой. Эһ, бұл өзіне сонау балалық шақтан бері таныс, бертінде ауылдағы өздері оқыған мектептің ең бір атақты әншісі атанған Мәрлен және оның бойындағы әншілік дарын-қабілетінің терең қыр-сырлары хақындағы бір сүбелі дүниесін жазсам деп оқталып, соған өзі де іштей мұқият даярланғалы бері қай заман?! Өзінің соңыра соның бір мықты дүние болып шығарына деген сенімі де күшті еді-ау.

Соның бәрінде де бір жұмбақ үн іштей бұған:

-Арғымақов, сен өзіңнің сол әнші-ауылдасың Мәрлен туралы енді қашан жазасың?! Бәлкім, сен ендігі бір нәрсені бастап та қойған шығарсың?! Жоқ-ау, сен енді өзіңнің сол дүниеңді қашан аяқтайсың?! Қашан, қашан?! – деп те тұрғандай-ақ болатын. Жоқ-ау, сонда бір емес, бірнеше рет те солай болмады ма?! «Еһ, Мәрлен, Мәрлен!..» - деді бұл сонда тағы да еш тынша алмай жатып. Енді бұның әлгінде бір кездегі талантты әнші Мәрленді өз қиялында қайта көріп, соның бәрін өзінің есінен шығара алмай, ағыл-тегіл толғанысқа түскендігін қайтерсің?! «Мәрлен, Мәрлен?!» - деді Арғымақов тағы да қаралай іштей тұншыға үн қатып. «Қазақтың халықтық әндері шетінен киелі болып келеді, олар тек өнердегі киесі бар жандардың ғана бағына қонып, дәл сол сәттен бастап, өзінің де, әншінің де, әнді сүйген ел-жұртының да бағын жандыра алады!» – деп, кезінде әйгілі өнертанушы-академик Ахмет Жұбановтың өзі де әбден-ақ жеріне дейін жеткізіп тұрып айтып кетпеді ме?! Соның бәрінде де, бұл осынау халықтық мәндегі ән, әнші және сахна деген ұғымдарды бірдей алып қарай отырып, соңғы жылдары, әсіресе, тәуелсіздік, елдегі рухани жаңғыру үрдісі, ұлттық кодтың сан-мың түрлі соқпақтар арқылы сан ғасырлық өткенімен терең ұштасып жатқан халықтық күретамырының ең бір өзекті тұстарының бір қайнары халықтық ән, ән мұхитына дейін де айырықша көңіл бөлмейтін бе еді?! Рухани жаңғыру, рухани код, жо-жоқ, сен бұл тұста да сан ғасырлық ән мәдениеті, халықтық асыл жауһарлардың мол қазынасымен табысып, өзара бір терең үндестік тапқанда ғана бүкілхалықтық рухани ізденістердің іргелі бір арнасының үстіне дөп түсе алар едің ғой! Бұған бұндайда тарихи өткеніміз, тарих ғылымы, әлде елдің қаншама академик, профессор-ғалымдары өз еліміздің, не өзге көрші елдердің, тіпті, алыс шетелдердің мұрағат қоймалары мен сирек кездесетін қолжазбаларынан тауып алып, әр кезең, әрқилы замандардағы хандар, батырлар, бектер, шешендер, ақындар өмірлерінен, солардың тағдыр талайларына қатысты дәлел-деректер негізінде жазып, том-том етіп шығарған кітаптары да көптен-көп көмегін тигізер еді. Аһ, айтыңдаршы, сол бұрынғы өткен алыс дәуірлер, сондағы қандайлықты қиын да, сын сағаттарының бәрінде де біздің туған халқымыздың өз ару Жайығы, жер жаннаты - Жетісу, арнасы кең Арқасы мен шырайлы Сыр бойынан алшақ кеткен кезі болды ма?! Байырғы атажұртқа әбден мұқият табан тірей отырып, өз жауларымен ғасырлар бойына табан тірей арпалысып, ең соңғы бір ұлы өнегені жоңғар шапқыншылығы мен кешегі өткен патшалық отарлық жүйенің кезінде де көрсетпеді ме?! Иә-иә, айтың-дар-шы-ы... Сол кезде де қазақ ортасы, қазақ рухани әлемі әнсіз, әншісіз, өзінің талантты әншілерінің өнерінсіз бір күн шыдап отыра алып па екен?! Дарынды әншілері асқақтатқан ән өз туған халқының өнбойына әрдайым бір ұлы рух болып қосылып, қан болып құйылып, жан болып тебірентіп, тағы талай мәрте зор толғанысқа түсіріп, арыстандай-ақ айбат шектіруге дейін де жеткізбеді ме?! Соның бәрінде де қазақтың әншілер армиясы өз алдына бір үлкен рөл атқарып, халықтың өнбойына өнер дарыған дана да, дарынды ұл-қыздары сондағы ең бір қиын шақтардың өзінде де ел-жұртының рухын түсіртпей, дер кезінде халқы өзінің аузына қарап отырған алып ханның да, бектің де, бидің де, батырдың да міндетін бірдей атқарған кездері ше?! Сол ұлы рух, сол ұлы өнеге ел жадынан әсте ұмытылды ма?! Жо-жоқ, қайта қазір де одан әрі үлкен сахнаға, дүйім жұрт, қалың өнерсүйер қауым мен өзге мәдениеттердің алдында туған халқымыздың жанын жадыратып, қай кезеңде де өзінің қандай дана да, дара халық болғандығын әр қырынан таныту мақсатында әлемдік үлкен сахналарға шығуға өздері-ақ сұранып тұрған «Әупілдек», «Хұсни Қорлан», «Балқадиша», «Жайдарман», «Қамажай», «Елім-ай» әндері де осынау жаңа заман, жаңа кезеңнің дәл бұның байырғы ауылдасы Мәрлендей дара дарындарды аңсайтындығына тағы кімнің күмәні бар?! Иә, бұндай кездерде әдетте бұның әдеттегі жазуы да тым тез жүріп, өзінің көптен бергі ойға алып, тағы қаншама уақыт бойына ақ қағазды босқа әурелеп, көп қиналғандығының бәр-бәрін бір-ақ сәтте ұмытып, әлдебір ғажайып телегей-теңіз ой салқарына қарай құлап, өзі де бір рахат күйді бастан кешкендей болатын еді-ау!.. Ал, бұл өз басы әнші Мәрленнің сол балалық шақта ауылдың өзге бір балаларындай, тап бір шықиып киінгендігін өз көзімен көрген, не ол оқу-үлгерім жағынан өз класының алды болып жүр дегенді тағы ғұмыры естіген емес-ті.

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

                           Серікқали ХАСАН,

         «Ақиқат» журналының бөлім редакторы

193 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз