• Ел мұраты
  • 27 Ақпан, 2022

Қостанай облысының Бас имамы Бақытбек қажы Нұрғабылұлы: Уақыт талабы имамдардан терең білім мен біліктілікті қажет етеді

Жуырда Елордамызда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқа мәжілісі өтті. Оған аталмыш басқарманың бөлім басшылары, облыстардың бас имамдары қатысып, өткен жылы атқарған жұмыстары жайлы есеп берді. Жиынға Қостанай облысының   Бас имамы Бақытбек қажы Нұрғабылұлы да қатысты. Біз бас имамға арнайы жолығып, көкейде жүрген сауалдарымызды қойып, нақты жауаптарын алған едік.  

Жылдық жұмыстарыңызға төралқа мәжілісінде оң баға беріліпті. Осы табыстарыңызға Қостанай облысындағы барша мұсылман қауымы қуанышты.  Бұл пандемия кезінде атқарған ұшан-теңіз жұмыстарыңыздың нәтижесі ғой.      

Өткен жыл күллі еліміздегідей бізге де оңай соққан жоқ. Алайда әріптестеріміздің еңсесі түспеді. Қайта бойларынан рухани тың күш-жігер тауып, жұмысты барынша жандандыра түсті.  Әрине, мешіттер қалыптасқан жағдайға байланысты намаз оқуға үнемі ашық болмаса да халықпен байланысын үзбеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қойған барлық талаптарын дер кезінде орындап отырдық.   Тоғыз жолдың торабында орналасқан мешіттерімізде жолаушыларға қолайлы жағдай туғызу мақсатында намаз оқитын бөлмелер дайындадық. Жауынды-шашынды, боранды күндері бір сәт бой жазып, сергіп, тынығуларына қолдан келген мүмкіндікті жасадық.  Өздеріңіз білесіздер, Солтүстікте қыста үскірік аяз, бет қаратпас суық күндер аз болмайды. Сондай кездері жолды тазартқан азаматтарға да ас-су жеткізіп тұрдық.

Ал пандемияға байланысты. Оның бәрін осындай бір сұхбатта баяндап беру әсте мүмкін емес. «Біз біргеміз» деген қағиданы берік ұстанып, ауруханадағы емделіп жатқан ағайындарға қол ұшын создық. Өз басым өңірдегі барлық аудандар мен қалалардың, кенттердің имамдарына, ауылдардың молдаларына әңгіменің орайы келгенде шынайы алғысымды білдіргім келеді. Олар кездескен барлық ауыртпалықтарға төзді әрі шыдады. Қайта шыңдала түсті.

 

ЖЕТІ БАҒЫТ БОЙЫНША ЖҰМЫС ІСТЕДІК

Бақытбек қажы Нұрғабылұлы, республикамыздағы жыл қоры-тындысында жеті бағыт бойынша тындырылған қыруар шаралар айтылды. Соларға қысқаша тоқталып және сөзіңізді өзіңіз басшылық ететін өңірдегі мешіттердің тыныс-тіршілігімен байланыстыра кетсеңіз?

Бас мүфти төрағалық ететін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2021 жылдың басында жеті бағыт бойынша жұмыс жоспарын бекіткен-ді. Біз соны басшылыққа алдық. Бұл бағыттарға аз-кем тоқталғаным жөн болар. Мәселен, ақпарат және қоғаммен байланыс, оқу-ағарту және кадрлық әлеует, дін мен дәстүр, уағыз-насихат, қайырымдылық, рухани тәрбие Ихсан ілімі, жат діни ағымдармен жұмыс секілді бағыттардың қай-қайсысы да ауқымды әрі маңызды. Олардың бәрі де мұсылман бауырларымыздың өмірінде ерекше орын алады.   Өз басым өңірге жауап беретін Бас имам ретінде мешіттерде өткізілетін түрлі басқосуларда, семинарларда, әріптестермен болған кездесулерде жоғарыда аталған бағыттардың мәні мен өзектілігін үнемі айтып отырдым. Сондай өзара түсіністіктің нәтижесінде жыл бойы шама-шарқымыз келгенше тыңғылықты әрі нәтижелі жұмыс істеуге тырыстық.   Бірінші бағыт бойынша сайтта және әлеуметтік желілерде облыстағы діни ахуал мен күллі мешіттердің тыныс-тіршілігі ұдайы жарияланып отырды. Діни мерекелердің алдында телеарналарға шығып сөйлеп, халыққа құнды мағлұматтар бердік.  Өзге бағыттар бойынша да алдын ала белгіленген жоспарлар ұдайы пысықталып, тиісті мамандар бақылауға алды. Соның арқасында көзделген меже биігінен көріндік.

Жоғарыда аталған бағыттардың ішінен кейбіреулерін жұртшылық назарына сала кетсеңіз.  Өңірде қанша мешіт пен намазхана бар,  оларда қыстан қысылмай өтуге барлық жағдайлар жасалған ба?

Сауалыңыз өте орынды. Мұндайда өткен кезеңдер еріксіз еске түседі. Еліміз егемендік алғанға дейін аймақта бірде бір имандылық ордасы болған жоқ. Ол енді кешегі қайта оралмас кеңестік заманның кесірінен туындаған. Тек тәуелсіздікке қол жеткізген соң ғана көптеген зәулім мешіттер пайдалануға берілді. Қандастарымыз үлкен қуанышқа кенеліп, үлкенді-кішілі қауым ислам дініне бет бұрды. Кадрлар жағы қолға алынды.

Қазіргі таңда мешіттерде жұмыс істеп жатқан имамдардың басым көпшілігі жоғары кәсіби білім алған жастар. Жыл сайын діни басқарма және өкілдіктің қолдауымен талапты бозбалалар беделді оқу орындарына түсіп жатады. Өткен жылы білікті оқу орындары Нұр-Мүбарак Египет ислам университетіне, Хасеки академиясына, Қарилар орталығына, медресе-колледждерге 11 талапкер қабылданып, таңдаған мамандықтарын игеріп жатыр. Олардың біліктілігіне келсек, бұл күндері облыс бойынша 71 қызметкер бұйрық бойынша қызмет атқарады. Оның 44-і бас имам және найб имамдар. Діни курстарда біліктілігін жетілдіретіндер де жеткілікті. Өткен жылы діни басқарманың қолдауымен ротация жасалып, бірқатар аудандар мен қалалардың имамдары ауыстырылды.

Жалпы, өңірде 25 мешіт Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалы ретінде тіркелген. Таратыңқырап айтатын болсақ, оның 5-і қалалық, 16-сы аудандық және 4-і ауылдық мешіттер. Былтыр аймақта 1 мешіт пен 2 намазхана қайта салынып, пайдалануға берілді. Сөйтіп, Құсмұрын, Бөрлі, Шеген елді мекендердегі ағайындар үлкен қуанышқа бөленді. Сонымен қатар 36 намазхана да халыққа қызмет етеді.

Қазіргі таңда Әулиекөл және Алтынсарин аудандарында жаңа мешіттер салынуда. Алдағы уақытта олар бойкөтеріп, қалың жұртшылыққа есігін айқара ашатын болады.  Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Қостанай облысында да ауыз толтырып айтарлықтай істер атқарылды. «30 жылдық мерейтойға 30 мың тал отырғызу» акциясына белсене қатысып, 330 тал ектік. Сонымен қатар 4 мешіт күрделі жөндеуден өткізіліп, жұртшылықтың имандылық ордасына, 11 мешіттегі асхана ағайындардың басқосатын орнына айналды. Мен осы арада бірқатар мешіттің іші-сыртында және қабірлер басында тазалық жұмыстары атқарылғандығын тілге тиек еткім келеді.

Қазақ «Үйі жоқтың күйі жоқ» деп босқа айтпайды. Имамдар мен діни қызметкерлер ештеңеге алаңсыз әрі жалақысы лайықты болса, жұмыс та оң нәтиже беретіндігі ақиқат. Өткен жылы 5 діни қызметкерге баспана берілді. Олардың сол сәттегі қуанышын көрудің өзі түсінген адам үшін үлкен бақыт. Мешіттерге деген демеушілердің жанашырлығының арқасында 3 жеңіл көлік тапсырылды. Бұл да олардың жұмысын жеңілдете түсері даусыз.

ҚОЛЫ АШЫҚТЫҢ ЖОЛЫ АШЫҚ

 –  Біздің халқымыз ежелден қиналған жанның жанынан табылуды, жетім-жесірге қолдау көрсетуді сауапты іс санаған. Сіздерде осы қайырымдылық бағытында да қыруар жұмыстар атқарылып жатқанын көзбен көріп, көңілге түйіп жүрміз. Сол маңызды да ізгілікті шаралар жөнінде әңгімелейтін кезіңіз келген секілді.

Бұл қайырымдылық бағытындағы игі шаралар негізгі жұмыстарымыздың бірегейіне жатады. Осы орайда Зекет және қайырымдылық қорының тындырған істер  айтарлықтай.  Біз жыл бойы «Тайқазан», «Берекелі Рамазан сыйы», «Қолдан-қолға», «Ел үлесі пәтерге», «Үміт сыйла сәбиге», «Жетім көрсең  жебей жүр», «ҚМДБ гранты», «Киім-кешекпен көмек», «Қайырымды жұма» секілді жобалардың кеңінен қанаттарын жаюына белсене атсалыстық.

Осы аталғандармен бірге «Раббың үшін құрбан шал», «Ауызашар себеті», «Рамазан керуені», «Мектепке жол», «Алтын құрсақты батыр аналарға тосын сый», «Қиындықта ел бірге» секілді айналамыздағы қолдауға зәру жандарға көрсетілетін мән-маңызы зор акцияларды ұйымдастыруға да ерекше көңіл бөлеміз.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұсынған үлгісіне сай жұмыс жүргізу біздің басты міндетіміз. Жерлеу рәсімдерінде ысырапшылдық пен бәсекелестікке жол бермеу және жалпыға ортақ мәдениет қалыптастыру мақсатында облыста бірнеше жиындар өткіздік. Өйткені, бұл жайлар қазіргі таңда өте өзекті. Жасыратын несі бар, қимас адамдары дүниеден өтіп, қара жамылған шаңырақтардың бәрінің тұрмыс жағдайы бірдей емес.

Сондай-ақ қабір басындағы келең-сіздіктерді бірізділікке келтіру жөнінде де түсінік жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Бұл орайда өңірдің Жітіқара және басқа да аудандарда қолға алынған игі жұмыстар баршылық.

«Рухани тәрбие-Ихсан» бағытында да былтыр «Ихсан – рухани кемелдену жолы» деп аталатын кітапты баспадан шығардық. Оны бауырларымыздың жүректеріне жеткізу хақында да жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында, сайттарда көптеген танымдық-тағылымдық мақалалар жарық көрді.

Уақыт талабы имамдардан қызметте жоғары жауапкершілікті ғана емес, ішкі жансарай сұлулығын, терең білім мен біліктілікті, тұрақты шығармашылық ізденісті қажет етеді. Халықпен күнделікті тонның ішкі бауындай араласып, дін қызметкерлері ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты, көркем мінезді бойларына сіңіріп, шешендік пен мәдениетті түрде сөйлеу білуге әбден дағдыланулары қажет.

Олар республикалық «Мұнара» газеті мен «Иман» журналын жаздырып алып қана қоймайды. Рухани байлық көзі болып табылатын бұл басылымдарды мұсылман бауырларымыздың арасында насихаттап отырады. Басқа да ғибраттық жағы мол газет-журналдарға да айрықша назар аударады.

Дін мен дәстүр егіз. Оны әсіресе, еліміздің жарқын келешегі болып табылатын өскелең ұрпақтың санасына жеткізу аса маңызды. Осы ежелден мирас болып келе жатқан асыл қазынамызды кішкентайынан біліп, сезінген бозбала мен бойжеткен үлкен мен кішіні сыйлап, өз елінің нағыз ұлтжанды патриоттары болып қалыптасатындығына өз басым кәміл сенімдімін. 

ДІНИ АҒЫМДАРМЕН ЖҰМЫС

Тәжірибелі имам ретінде сіздің айтарыңыз мол екендігін білеміз. Кешегі қаңтар айындағы еліміздегі күтпеген дүрбелең оқиға жүрегі елім және халқым деп соғатын әрбір намысты, көзі ашық, көкірегі ояу жанға үлкен ой салғандығы айдан анық. Өзіңіздің де ой-пікірлеріңізді келтіре кетсеңіз?

Бұл қаңтардағы қанды оқиға бәрімізді де терең ой үстінде қалдырды. Ол елімізге қаншама зардап пен шығын әкелді. Бейбіт өмір сүріп жатқан жұртшылық жазықсыз жапа шекті. Бәрімізге де үлкен сабақ болды.     Республикамызда ғұмыр кешіп жатқан түрлі ұлт өкілдерінің отаны біреу,  ол тәуелсіз Қазақстан. Оны тек біз ғана қорғаймыз. Сондықтан енді бұрынғыдай алаңсыз, қам-қарекетсіз отыруға болмайды.

Елімізде әскери қуатымызды күшейтіп, жастарымызға тиісті деңгейде патриоттық тәрбие беруге барлық ата-аналар да жауапты. Осы орайда дін қызметкерлері де жауапкершілікті жоғары сезінулері тиіс. Күнделікті жұмысымызда біз діни ағымдарға жол бермеу жағын басты назарда ұстауымыз қажет.

Әрбір жоғары және арнаулы оқу орындары мен мектептерде болған кездерімізде терроризм мен діни экстремизммен күрес және оның қауіп-қатері, алдын алу жайында әңгіме өткізіп, жігіттер мен қыздардың мемлекетшілдік, отаншылдық бағыттағы рухын арттыруға барымызды саламыз.

Сөз соңында алдағы жұмыс жоспары  жөнінде қысқаша айтып берсеңіз. 

– Әр жылдың өзіндік несібесі бар. Алдымызда барыс жылы жүзеге асырылар асқаралы міндеттер тұр. Қазірдегідей қалыптасқан пандемия кезінде де мешіттердің жұмысын бір сәтке де босаңсытуға болмайды.  Өткен кезеңдегідей жеті бағыттағы міндеттерді жалғастыра береміз. Өңірдегі діни ахуалды барынша жандандыруға атсалысып, халықтың діни сауатын көтеруге, кейінгі жастарымызды ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелеу жолында уақытпен санаспай жұмыс істейміз. 

Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Әрқашанда халықпен біргеміз. Мемлекет басшысының тұрақтылық, елімізді өркендету мақсатындағы талаптарын толық қолдаймыз. Оны іс жүзінде көрсету – біздің  басты парызымыз.

Әңгімелескен

Оразалы Жақсанов

273 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз