• Тарих толқынында
  • 27 Ақпан, 2022

БҰҚАРБАЙ БАТЫР

Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлаумен қатар «Алтын орда» хандығының 750 жылдығын атап өтуге әзірліктің арқасында қаншама  құндылықтарымыз түгенделе бастады. Сондай-ақ Түркі Мемлекеттері  ұйымының құрылуының өзі 1465 жылы құрылған Қазақ хандығының саяси билігі ғасырлар бойы созылғандығы және оның жанкешті қорғаушы батырларының арқасында жүзеге асқандығы анық. Бірақ Қазақ хандығының түрлі себептерге байланысты көшпелі салтынан отырықшы қоғамға ауыса алмауының салдарынан көптеген тарихи маңызы зор оқиғалар мен елдігімізге үлес қосқан батырлар мен билеріміздің шынайы бейнесі тарих парақтарында жазбаша түрде беттеліп қалмағаны өкінішті жағдай екені рас.

Сол себептен бұрынғы тарихымызды көнекөз қарияларымыздың жадынан хатқа түсіріп, «ештен кеш жақсы» дегендей, ұрпағымыздың мұрасы ретінде қалдырғанымыз абзал іс болмақ. Өйткені дәл осы дәстүр бойынша ауыздан- ауызға ауысып, ел жадында сақталып қалған Тұран патшасы Афрасиаб, түркілер Алып Ер Тоңа деп атаған тарихи тұлғамызды Жүсіп Баласағұн, Маһмұт Кашғари хатқа түсіріп, мәңгілік жадқа тапсырғаны теңдесі жоқ өнегелі іс болғанын білеміз. 

Әрине, тарихтың үлкен-кішісі, арысы-берісі деген болмайды. Себебі әрбір кезеңдегі тарихты түгендеу халқымыздың, мемлекетіміздің тарихын толықтап отыратын фактор. Солардың бірі – халқымыздың есінен шықпайтын «Жоңғар шапқыншылығы» кезеңі. Арысынан айтар болсақ, ғасырдан астам уақытқа созылған осы соғыс жайында соңғы кездерде тек Абылайхан кезіндегі қанды соғыстар баяндалып, оның алды-кейініндегі сұрапыл шайқастар мен сол кездегі батыр, жауынгер бабаларымыздың еңбектері елеусіз қалып бара жатқан жайы бар сияқты. Осы пікірімізге дәлел айтар болсақ:

1723 жылы, ел жайлауға шығудың қамында бейғам жатқанда, жоңғарлар 70 мың қолмен Қазақ еліне шабуыл жасады: Қалдан Сереннің түмені – Балқаш, Қаратауға; Құлан батыр Қонтайшының түмені – Алтай асып, Көктал өзені бойына; Әмір сана өкірі – Нұра өңіріне; Доржы түмені  – Шелек өзені бойына;  Лама доржы түмені – Есік көлі өңіріне; Дода доржы түмені – Шу өңіріне; Цэвэнравдан түмені Іле бойына лап қояды. Ел «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» болып, қазақтар 100 мыңнан астам қолынан айырылды.

Талас, Бурылдай, Арыс, Шыршық, Сырдария маңы қызыл қанға малынды... Жүрегі кекті, көзі қанды қазақ батырлары Шұбар теңіздің, Бұланты өзенінің, Балқаш пен Итжетпес көлдерінің бойында жауға түңғыш рет күйрете соққы берді.   

Әрине, біздің жоңғарға қарсы соғысымыз бір өңірде, бір ғана мезгілде болмағаны шындық. Ұзақ жылдар, сансыз жерде соғыс болды.  Ендеше осындай құжынаған жау алдынан бүгінгі аталып жүрген санаулы батыр ғана ерлік көрсеткен жоқ. Бұлар әйгілілер, немесе хатқа түсіп қалғандар, тіптен айтар болсақ, ел жадында қалғандар деуге болады. Ал өз дәуірінде ел ұраны  болып, тек ел жадында аты қалып, ерен еңбегі аңыз болып айтылса да ескерусіз қалған қаншама батырымыз бар, біз олардың ерліктерін ендігі ұрпаққа жарияламасақ, аруақ алдындағы борышымыз ғана емес, адамзат алдындағы, ғылым, тарих алдындағы борышымызды орындамаған боламыз. Сондықтан есімі мен ерлікке толы өмірі ел жадында жүрген  батырларымыздың бірі Бұқарбай батыр Елтоқұлының архивтік деректерін көре отырып үнсіз қалуымыз ақылға қонымды еместігі анық. Сондықтан   тарихымыздың бұндай қаһармандық жарқын тұсын оқырманға ұластыруға ниет еттім. Осы орайда этнограф ғалым, ел тарихының шынайы белестерін сомдауға мүдделі ұлт жанашыры Байахмет Жұмабайұлына тиісті деректерді қарастыруға қол ұшын беріп, мүмкіндік туғызғаны үшін шын көңілден ризашылық сезімімді білдіремін. 

Бұқарбай Елтоқұлы  1690–1780  жылдары ғұмыр кешкен, шыққан тегі Орта жүзден. Тағы бір  Бұқарбай Ескекбайұлы (1822–1898) – Кіші жүзден шыққан батыр. Елтоқұлы жоңғар соғысы кезінде Абылайханның  төңірегінде болса, соңғысы Кененсары кезіндегі батырлардың бірі. Әрі екеуі де қазақ даласын жанымен қорғап, қанын төккен егей ерлер. Біздің жоқтағалы отырған батырымыз Бұқарбай Елтоқұлы болмақ. Өз дәуірінде еліне ұран болған, ерлігі сол заманның өзінде «Бұқарбай батыр» деген дастан болып   бүгінге жеткен. Ерлікке толы өмір кешкен батырды елеусіз қалдыру  ұрпақ үшін обал, тарих үшін кемшін тұс болып қалатыны  шындық.  

Киікбай Жапсарбайұлы (1765–1841) тарапынан жазылып, талай-талай жаугершілік, сұрапыл соғыс, үркін-қорқынды бастан кешіре жүріп, жұрнағы болса да «Бұқарбай батыр» дастанын бүгінге жеткізген –  Киікбайдың шетел  асып кеткен бесінші ұрпағы Өмірбек Әшімұлы арқылы этнограф, жазушы  Байахмет Жұмабайұлының қолына түсіп, баспа жүзін көрді. Осы 2500 жолдан тұратын шағын дастанда;

...Ұран болған Бұқарбай

Жыр-ән болған Бұқарбай.

Көрген жауын құтқармай,

Қыран болған Бұқарбай.

Шауып бара жатып та,

Садақ тартқан Бұқарбай.

Шаңдатып жауға кіретін,

Сиырға кірген бұқадай.

Жайратып кете баратын,

Қашқан жауын құтқармай...  –

деген жолдар кезігеді. Бір адамның өмірі бұлайша жыр болып бүгінге жетуі түркінің далалық салтына тән ежелгі үрдістің жалғасы.     

Ары қарай зерделер болсақ, «Бұқарбай Абылайханның алғашқы 25 батырының бірі болған». Бұқарбай кезінде «сырлы батыр», «ерке батыр», «ақ буралы батыр», «атойшы батыр» атанған екен дейтін хикаялар молынан  кезігеді, тіпті оның «Аңырақай», «Қанды су», «Сарысу» шайқастарында  болғаны, өмірінің соңында Абылайханға жасақ бастап келіп, жауға шапқан ерліктерін баяндайтын хикаялар ел ішінде молынан кезігеді. Ендеше біз  бұларды ауыздан-ауызға тарап, халықтың жадында сақталып келген,  ақиқатқа сүйенген жаднама деп қабылдауға құқымыз бар. Сонымен бірге нақты деректерге сүйене отырып, анық дәлелдерге тоқталып көрелік. 

«Бабалар сөзі» көптомдығының 29-томы, тарихи жырлар бөліміндегі «Ел қормалы – ер Абылай» (58-98 бет) атты жырда 1730 жылдары (кей материалдарда 1727–1729 жылдар  дейді) Сарысудың батысындағы Бұланты  өзені бойында Бөгенбай бастаған батырлар жоңғарларға сілейте соққы берген шайқаста, Абылайхан қалмақтың қанқұйлы батыры Шaрыштың басын алып қанжығасына байлаған тарихи оқиғада Бұқарбай да жаудың бір іргесінен тиіп, қарсы алдындағысын апыра-жапыра бетін қайтарған ерлік істері  баяндалады.

«Қазақтың ханы Абылай» кітабында («Ел-шежіре» қоғамдық қоры)  «Барақ сұлтан екі ұлымен өліпті, мұны Барақтың жаназасында болған бір қырғыздан Бұқарбай анық естіпті...» делінеді (И. Неплюев, А.Тевкелев. Ресей империясы сыртқы саясатының мұрағаты. Қазақ істері қоры, 22-тізбе. 1750 жыл. 3-іс, 79-86 бб.). 

Ал ел аузында Бұқарбай батыр «Арқа жерінде, «Шідерті» өзенінің бойында көшіп-қонып, «Ақкөлдің» бойында елін сақа айғырдай қайырмақтап, жаудан қорыған, «Ордың» бойын отар етіп жылқы салған...» дейтін деректер айтылады. Бұған дәлел: Бұқарбай (батыр) Ералы сұлтанмен ілесіп, Еділ қалмақтарымен шапқыншы орыстарға қарсы тұрған   делінген  (1740 жылдары Ералы Әбілқайыр хан құрамындағы Керей руын басшылыққа  алған, ал Шақшақ Жәнібекте Арғындар мен Қыпшақтар болды. Нұралыда Кіші жүздің жеті руы, Есет батыр бастаған ел болды) («Атырау энциклопедиясы» («Атамұра», 2000 ж. - 265-б.).   

Баянауыл мен Жәмші, Кремль аралығында қазақтың түрлі рулары көшіп жүрген (По носящей в Киргиз-кайсацкой орде еле слышно, якобы китайское войско состоит ныне где их главнокомандуюший жанжунь. На реке Иле – Моржи расстоянием от российских границ. А именно от Семиполатинской. По примеру с двадцать, а от Устькаменогорской крепостей с пятнатцать дней езды, а от киргизских жилищ от озера Нур – Зайсене. Около которого кочевье имеет киргизского роду старшина Хожа Мергень  [л. 105] батырь.  До того езды з двенадцать дней, а от камня Баянаула, которой стоит против крепости Ямышевской и езды будет с месяц, около того камня кочует разных родов киргисцы» (203-204 бб.).

Осы айтылғанды анықтай түсетін дәлел; Абылайханның Бөгенбайға жазған хатында былай делінеді:  «Бөгенбай (материалда Бәгенбай делінген) батырдың ұрпағы (Килікіт) (яғни інісі, жиені деуге де болады) Бұқарбайды өзіңе тарт!» делінген. («Цин империясы және Қазақ хандығы» (XVIII ғасырдың екінші жартысы және XIX ғасырдың алғашқы отыз жылдығында. - Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты. - Нұр-Сұлтан, 2020). Ал көркем шығарма, роман деген аты болмаса нағыз тарихи архивтік деректерді негіз еткен Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» кітабында былай дейді: «...Орыс патшасы арқылы «жұмақ орнатам» деген Әбілқайырдан да, Жоңғар қонтайшысы арқылы «Тыныштық әкелем, атамекен Түркістанды қайтып әперем» деген Әбілмәмбеттен де халық суый бастады. Білегін сыбанып жіберіп олар енді батыр жігіттердің соңынан ерді, орыс патшасы салдырған бекіністерді шапты, керуендерді тонады, патша солдатының қолынан бір шаруа өлсе, оның құнын екі есе қайтаруға тырысты, осылайша Кіші жүздің көп рулары атқа қонса, орта жүздің жігіттері де бос қалмады, Әбілмәмбет ханнан гөрі, енді олар өз араларынан шыққан Баян, Малайсары, Бөгенбай, Бұқарбай, Олжабай, Ешімбек секілді батырлардың жасағы болып, тұс-тұстан Жоңғар қонтайшысының үстемдігіне қарсы шықты...»  

Міне бұл пікірімізге осы кезде Орта жүз рулары орталық Қазақстанның Арқа, қазіргі Павлодар, Атбасар, Сілеті көлі маңы мен Екібастұздың арасы, Ерментау мен  Жайықтың екі жағында көшіп-қонып жүргендігі туралы 1690-1800 жылдар аралығындағы түсірілген географиялық картада кезігетін «Елтоқ көлі», «Қожаберген көлі», «Бұқарбай», «Елтоқ», «Жоламан», «Қаныш», «Түлек», «Ботақара» қабірлері мен «Саменбет тауы» және зираты, Қостанай жағында «Керейсу», «Жәнібек шалқар» «Иткөл» сияқты нақтылы орындардың картадан орын алуы дәлел болады. (Көлемі 10 верст, ағылшын дюйміндегі Батыс  Сібірдің картасын Сібірлік  корпустың әскери топографтары жасаған және тұңғыш рет 1853–1861 жылдары басып  шығарылған. Картаның басы1820-1850 жылдары шыққан). 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Міне осы картадағы қабірлер тізіміне қарасақ, Бұқарбай, Жоламан, Қаныш, Кенбай, Қоңтұз, Айна, Есіргеп, Елемес, Татымбай, Елтоқ, Мекітай деген адамдардың қабірі барлығы жазылған. Біз бұдан өз кезінде қай жүздің, қай батыры болсын, ел мен жерді қорғау жолында барлық қазақ жерінде шайқасып, ерлік көрсетіп отырғанын байқаймыз.

«1760 жылы Бұқарбай батыр өз елін және Қотырақ Жәнтекей ауылын Қалбадан Ертіс өрлетті». «...Бұқарбай батыр Абақ керейдің Ителі руын,  Қожаберген Шыбарайғыр руын Кішкене тау, Маңырақтыға апарды...». («Ұлы дала батырлары». 2018 ж. Астана. 21-22 бб.).

Бұдан тыс Бұқарбай батыр жөнінде материалдық деректерді термелей берсек, Қытай «Шинжаң халық баспасы» жағынан 1998, 2011 жылдары жарық көрген Шәміс Құмарұлының «Ер Жәнібек» романында және Моңғолияда тұратын жазушы Сұлтан Тәукеұлының Қытайдың Бейжің «Ұлттар баспасынан» 2005 жылы жарық көрген «Ақыр Жәнібек» романында Бұқарбай батырдың ерлікке толы өмірі баяндалады. Міне бұлардың бәрі батыр бабамыздың өз  кезеңінде елін, байтақ даласын қорғауда аянбай тер төккендігін анық көрсететін дәлелдер. 

Түйіндеп айтқанда, жоғардағыдай тарихи деректер батырдың ізін бірде солтүстік өңірден, бірде шығыстан көрсетуі таңғаларлық жайт емес.  Себебі ол кездегі тарихи жағдай, сұрапыл соғыста ел қорғау жолында жүрген ерлердің қайда жау болса сол жерден табылуы табиғи құбылыс деуге болады.

Біз осындай дәлелдер тұрғанда Бұқарбай батыр бабамызды танып білетін кез келді деп пайымдаймыз. Батырдың туған жылы, қайда қаза болуы бұл жолғы тақырыптан бөлек. Әзірге бабамыздың ерлікке толы өмірін тануды мақсат етіп, сол бір жоңғар соғысы кезіндегі айтулы батырды тарихымыздың қаһармандық беттеріне енгізу керек дегенді айтқымыз келді. Тек Бұқарбай батыр емес, аты бар ізі жоқ болып жатқан батыр бабаларымыздың ерліктерін ғажайып аңыз-қиял түрінде емес, нағыз архивтік  деректер арқылы анықтап, тарих сахнасына шығаратын кез келді және бұл елдігіміздің нышаны болмақ. 

Ислам Жеменей,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор, филология ғылымдарының докторы

3478 рет

көрсетілді

349

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз