• Тарих толқынында
  • 27 Ақпан, 2022

ҚЫЗАЙДЫҢ ТӨРТ ӘУЛИЕСІ

Атадан балаға жалғасып айтылып келе жатқан, толып жатқан деректі әңгімеге қарағанда халқы сүйіп атын аңызға айналдырған, XVIII-ғасырда қызайдың төрт әулиесі атанған Бұлғынаяқ, Текебай, Мұсырбай, Сәске сынды кемеңгер бабаларымыз дәл сондай асыл адамдар. Олар халқының қамын, елінің игі тұрмысын ойлаған, зер сала үңіліп өмірдегі сәтсіздіктен сабақ алып, нақты өмірден ақыл тауып, пайдалы кеңестері мен жағдайлы істерді күнделікті тұрмысқа дәл тауып қолданып, айтып отырған. Сондықтан бүкіл ел қастерлеп әулие атап көкке көтерген. Біздің ауыз әдебиетімізде қызайдың осы төрт әулиесі туралы дерек, қызғылықты хикаят, аңыз- әңгіме, құнды өлең-жыр өте көп таралған.
Атқа шапсаң қорықпай шап,
Сүйегің сынса Сәске бар.
Жұт жалмар деп қорықпа,
Бұлғынаяқтың кеңесін жаттап ал.
Дауға бермес Текебай,    
   Ажалға бермес Мүсірбай, – деп соқыр сенім емес, нақтылық арқылы жаратушысындай табынған халық олардың еліне сіңген ершімді еңбегі мен төккен тұнық терін, тапқырлық әулиелік істерін шежіре етіп шертіп, жыр етіп шырқап, мақтаныш қылып ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келген. Тіпті, өздерінің күнделік тіршілік пен тұрмыс күйбеңіне қыбыланама еткен. Тағы да адам өмірінің қыры мен сырын бейнелейтін терең пәлсапалық ойға толы, мағыналы қанатты сөздері, ақылиялары, өсиеттері өз алдына бір төбе. Олар өз ортасынан озып шыққан дарабоз кемеңгерлер, өз халқының басы аман, бауыры бүтін, жақ-жұтылықтан аулақ болуы үшін барын аямай, зерде қуатын жыйып, ажалға арашашы, өміріне бақыт, тірлігіне тыныштық бағыштаған, жанына даналық дарып, даралық қалыптасқан аяулы адамдар. Әрине, олар да көктен түскен періштелер емес, шикі сүт емген ет жүректі жандар. Алайда елім деп туып, барын арнаған жанқиярлық рух оларды биіктен биікке самғатып, нағыз қадырменді азаматтарға айналдырған.
Кезінде бір анадан туып, бірге өскен Төлегетайдың төрт баласы Садыр, Матай, Дөртуыл, Қаракерей атанған бауырлар біртіндеп өніп-өсіп, өрбігеннен кейін, азға талас мол ғой, жер, мал, мүдде қажет болғандықтан кейде бауырлықтан аттап, жаулыққа жақындаған жерлері болды.
Халқымыздың тау-даланы мекен етіп, көшпенді тұрмыс кешіргені бәрімізге белгілі. Әсіресе, жоңғар тентектері темірдей тегеурінін батырып, момын, біртоға халқымызды ителгіше теуіп, соның дойыр тепкісінде анадан бала, інгеннен бота адасып, ару азаматынан айрылып, ақтабан шұбырынды күйге түсіп, көшпенділігіміз одан ары асқынып, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» дейтін ауыр күндерге кіріптар болған еді. Мұның сыртында қаздай қалқып, тырнадай тізіліп жайлы қоныс, жерұйықты іздеп, сайын дала, Сарыарқаны шиырлап, кең даланы талай кесіп өткен кездеріміз де болған. Сол ұзақ сапардың бірін басынан кешіріп, туысқан қаракерей, қызай руынан бұрын жол алып Шәуешек, Дөрбілжін, Шиху, Сауан, Манас қатарлы жерлерге жетіп, орын теуіп іргесін көміп алғаннан кейін артынан Қызай елі Тоқтабарлық, Шағантоғай, Бұраталаның иен жатқан кең қойнауларына келіп уық қадайды.

І

Қазақ арасында жер дауы, жесір дауы, құн дауы дейтін бітпес дау, айықпас кінәрат, толас таппайтын сахара кикілжіңі өмір сүріп келген. Туысқан Қаракерей мен Қызай елі ортасында бұл қиястық өршіп, жалғасып, ел тыныштығын кетіре берді. Қаракерейлер бұрын орын тепкен байырғы елдігімен әрі көп, ырықтылығымен арып-ашып артынан ауып келген, әзер жеткен қызайларға басымдарлық істетіп, тізесін батырады. Осындайдан іргеден жау, босағадан дау-жанжал үзілмей, елде тыныштық болмапты. Бұл берекесіздікті тектеп, жөнге салу үшін екі елдің игі жақсылары мен елбасылары өзара келісіп, әр жеті жылда бір рет топ құрып, съезд ашып, бас қосу арқылы ел арасының дау-шарын бітіру келісіміне келеді. Осы келісім бойынша осындай съездің бірі 1865 жылы (сиыр жылы) Шиху, Сауан даласында ашылады. Бұл съезге Қызай елінен Қарайт, Сарайыт батырлар бастаған, Бұлғынаяқ, Текебай, Мүсірбай, Сәске, Жансарбай  қатарлы 60-қа жуық адам қатысады.

Съезд уақыты салқын күз қараша мен желтоқсан айларына тура келеді. Амал не, бұл жылы қыс ерте түсіп, қар мезгілінен бұрын басып салады. Съезге қатысқандар алыс елдеріне қайта алмай, осы орында қыстап қалыпты. Қар қалың жауып, қыс аяғы ұзаққа созылып, жұт апаты жалмауға айналады. Мал қырыла бастайды. Ес таппаған қаракерей елінің ел ағалары қызай елінен келгендерге: «Мына қыстың сұрқы жаман, соңы қиынға айналатындай, арты немен тынар екен. жаздың шығуынан дерек бар ма? Болжай білетін әулие адам бар деп естідік. Сол билеріңе қолқа салғымыз келіп отыр», – деп шапқын жібереді.

Қызайлар ақылдаса келіп, Бұлғынаяқ бабаға келіп, жағдайды түсіндіріп:

– Осындайда айтар болжамың болушы еді, балнамаңды ашып, қыс аяғының қандай боларын болжап көрші, – дейді.

  Бұлғынаяқ бабамыз бірнеше күннің таңертеңгі шығардағы жағдайын, кешкі батар кездегі өзгерісін қадағалай бақылап, бұрынғы жинақтаған тәжірибесімен бірлестіріп, зерттеп қорытынды жасайды:

–  Бұл ай көкиген көкек айына тура келіп тұр. Осы айдың бесінші күні бесінде Батыстан бір шоқ қара бұлт көтеріледі. Айдың онына дейін ауа бұлыңғырланып, төңіректің төрт бұрышын қара бұлт түгел қоршап болады. Ал оныншы күнінен бастап он тәулік толассыз нөсерлі қарлы жаңбыр жауып, сіреп жатқан қалың қар бірден еріп, сай-саладан жойқын сел жүріп, ойпаң жерлер көлге айналады. Мал-жан сел апатына кету қаупі туылады. Сондықтан күн ілгері дайындалып, қорғану шарасын істепті, ойдағы елді қырға көшіру, мал-жанды қорғап қалу керек, – деп кеңес береді.

Әулиенің айтқаны түгел елге жеткізіледі. Бұрыннан Бұлғынаяқтың атын естіп, сәуегейлігінен хабары бар көпшілік оның айтқаны бойынша биік жерлерге көшіп, орнығады. Кейбіреулері: «Бұл сәуегейлік емес пе? Кейде дәл, кейде бұрыс болады. Сіреп жатқан қалың қар мынау, оның үстіне күн дегенің зәрдей суық, жаңбыр қайдан жауа қойсын, жылы орнымызды суытпағанымыз абзал шығар», – деп еңіс, сай ішінде отырған орнынан қозғалмайды.

Бұлғынаяқ айтқандай, көкек айының бесінші күні батыстан түңліктей қара бұлт көтеріледі де бірте-бірте көлемін ұлғайтып, көкектің жетінші күніне дейін бүтін аспан әлемін қазанның түп күйесіней ауыр қара бұлт қымтап болады. Көкектің оныншы күні ертемен басталған қарлы жаңбыр он тәулік жауады. Қалың қардың көбесі сөгіліп, жаңбыр суымен еріген қар бөгеуден ағытылып дүркіреген дүлей тасқын қалыптастырады. Жер-дүние суға толады, жұрт қатты қиналады. Ақыры әзер дегенде айтылған болжамды күнге жетіп, жауын тынып, сел тоқтайды. Күн күлімдеп көктемнің лебі еседі. Тілге көнбей ойпаңда отырып қалғандар дүлей селге жем болып, кеңеске көніп қырға көшіп шыққандар апаттан аман қалады. Бұл болжам Бұлғынаяқтың әулие атын төңірекке жаяды. Дүйім Қаракерей елі дән риза болып: «Қызайдың Бұлғынаяғы айтса айтқандай, білгір, құдаймен бір тумаса да, жақын тұрғандай нағыз әулие адам екен», – деп баға береді.

Расында, бұл кісі әр жылы, әр уақыт ауа райының өзгерісін қадағалап, талмай зерттеп, жіңішкелікпен қорытындылап, жинақтаған тәжірибесімен бірлестіріп, келелі кеңестер ұсынып, ел-жұртына табиғат өзгерісінің белгілерін жария етіп, сақтану шараларын айтқандықтан халық жұртшылығы кездейсоқ кезігетін табиғаттың жұт апатынан тысқары қалып отырған. Сондықтан қалың туған ел-жұрты Бұлғынаяқ әулие атап, құдайындай құрметтеп, атын аңызға айналдырған. Бұл кісі, Қызайдың Тәңірберді Байназарының Қазымбек руынан есептеледі. 

Ел арасындағы аңыздарда айтылуынша, Бұлғынаяқ дүниеден өтер шағында:

– Мен өлгенде бұл жерге қоймаңдар, – депті.

Ел оның себебін сұрағанда:

– Мені қойған жерде жұт көп болады, – деген екен.

 Кейін Бұлғынаяқ қайтыс болған соң жерлесе, сүйегін жер қойнынан шығарып тастапты. Бұл іс үш рет қайталанды. Содан кейін Бұлғынаяқтың сүйегін Ертістің суына ағызып жібереді. Кейін ол жақта үш жыл қатарынан жұт болып, ел күйзеліп, жұрт қиналады. Үлкендер қызайдың Алтайдан аууына Бұлғынаяқтың осы өсиеті себеп болды деп отыратын.

Бұлғынаяқтың баласы Кірісбай зәңгі, Кірісбайдан Манатбек тарайды. Бұлғынаяқтың әулиелігі осы Манатбекке қонған деседі. Ол кісінің екі көзі көрмейтін тума соқыр болса да, айтқаны дәл келетін көріпкел болып, өмірден өткен екен.

ІІ

Осы съезге Текебай би өзінің ақ малы, қалды торы атын мініп барады. Жиын үстінде Қаракерей тоқпақ руынан шыққан Әлікей би:

– Қалды торы менің атым, бұрын жылқымен қоса қызайдың барымташылары қуып әкеткен, биыл тоғызға келді, санында қалы бар, орақ бас, құлан жал, сенбесеңдер қараңдар, – деп дау қозғайды.

Текебай би:

– Ат өзімдікі, биыл сегізде, Әлікей тек сыртқы белгісін көріп қана жала жауып отыр. Онан басқа қандай көмескі белгісін айта алар екен, – деп өзін ақтайды.

Сарапшылар Әлікейден басқадай айтарлық белгі, дәлелің бар ма деп сұрайды.

Әлікей басқа белгісінің жоқтығын, тек аттың өзінікі екенін ғана даулап тұрып алады.

Сарапшы би-бектер енді Текебайға келіп:

– Ал енді сен сөйле, атыңның тағы қандай белгілері бар? – деп сұрайды.

Текебай:

– Аттың үш түрлі белгісі бар. Бірінші, ауыздық саларда ғана көрінетін, оң көзінің алдында жылт етер кішкене баланың бармағындай меруерт сынды ағы бар. Екінші, оң жақ артқы аяғының табан жүрекшесінде тобықтай қызыл қалы бар. Үшінші, аттың таңдайын ашып қарасаң, бөбежіктің астында кішкене тобықтай қызыл дағы бар. Аттың енесі жылқымда жүр. Қалды торы бие биыл 12 жаста, аттағы үш белгі енесінде де бар. Айтқаным өтірік болса, атты Әлікейге тапсырдым, жетелеп кете берсін, – дейді.

Сарапшылар барып тексеріп көргенде Текебайдың айтқан белгілері расында да ат пен биеден тең табылады. Ат Текебайға беріліп, Әлікей жала жапқандығы үшін айыбын арқалап, дау шешіледі. Бұл жағдайды көзімен көрген Абақ-Керей елінің азаматтары  Текебай шынында да пайғамбардай қырағы, толғамды екен деп алқасады әрі әулие атын шығарады.

Текең бір бұл емес, өз өмірінде айтысқанын алып ұратын, жауға дау бермейтін шешен, әділ қазы атанып халқына толып жатқан игі іс істеп кеткен дуалы ауыз әулиенің біреуі болған. Текебай Ағыс ұлы Қызай елінің Бегімбет руының Андас атасынан есептеледі. Ол кісі 1807  жылдары қазіргі Жетісу жерінде дүниеге келген.

Текебай Ағысұлы бес жасында әкесі Ағыс қайтыс болып, жетім қалғанда жамағайыны Атымтай деген кісі бағып, ержеткізеді. Қызай елі 1821 жылдары Алтайдың Сәуір, Жеменей өңірін, Ертіс өзенінің бойын мекендеп жүргенде Текебай 13-14 жастағы бала екен. Атымтай қайтыс болар алдында баласы Тоқтамысқа: «Мына, Текебайды жақсы тәрбиелеп, өсір. Шеркеуде жетімек иісі найманның биі болады», – деп тапсырыпты.

Тоқтамыс Текебайды өз баласы Шөкемен бірдей бағып, ержеткізеді. Айтса айтқандай, Текебай дауға бермейтін, алымды, шалымды, өткір тілді шешен болып ержетеді.

Бір жолы қызай Балапан би Қарағай батыр, Жаулыбай батыр қатарлы бес кісіні ертіп, Қаракерейдің төресі Бексұлтанның ауылына мал дауымен барғанда, төре басын көтермей қойыпты.

Сонда Текебай:

– Ей, басыңызды көтер,

Амандассаң неменең кетер.

Балапандай биімді құры қайтардың,

Жауап бер, соның да жетер, – депті.

Сонда төре басып көтеріп:

«Төре» – деді бір қарап, сендер кімсің,

Баса көктеп үстіме неғып жүрсің.

Бұрын ұзын құлақтан естуші едім,

Божбан шұбар Текебай белгілісің, – дегенде, Текебай:

– Ей, төре, маған былай көрсетпе бой,

Дауға келдік, бұл емес өлең мен той.

Сырласың, ақылдасың болса керек,

Ұзын құлақ есектен естіпсің ғой.

Байлығың, төрелігің өзіңе есеп,

Боламыз ба жазалы олай десек.

Менің шұбар бетімді жеткізіпті-ау,

Жер тауысқан бұралқы өсекші есек, – дегенде төре басын төсектен жұлып алып, Текебайдың дауын бітіріп беріпті.

 Бір күні Қаракерей елінде жиын той болып, ат шабыс өтеді. Аламанда бір көк ат бәйгеден келеді. Оны уақтар бәйгеге қосқан екен.

  Сол кезде Қаракерей жақтан бір жігіт көк атты менікі деп талас тудырады. Ат шабыстың соңында екі ел атқа таласып, Қаракерейдің биі әлгі жігіттен: «Атты қалай танып тұрсың», – дегенде:

 – Осыдан 6 жылдың алдында менің бір топ жылқым жоғалып еді. Жүйрік көк биенің ішінде кеткен құлын осы. Мұны мүшесінен танып тұрмын, – депті.

Сол жердегі би-шешендер жиылып, бұл даудың шешуін таппай қиналады. Ақыры олар екі жігітке:

– Қызайдың Текебай биіне барыңдар, әділ шешімді сол айтады, – деп жұмсайды.

 Екеуі Текебай шешенді іздеп келіп, болған жайды баяндайды. Олардың арызын тыңдап алған соң жігіттерге өрістегі қойды жинатады да екі саулық қойды көгендеп алып қалып, қалғанын дөңді асырып ұзаққа жібереді. Сосын қаракерейдің жігітіне:

–  Ана қалың қойдың ішінен екі қойдың қозысын тауып келесің, қозыны дәл тауып келе алсаң, ат сенікі, тауып келе алмасаң қарсыласыңа беремін, – деп жұмсайды.

 Қалың ел жиылып, істің соңын күтіп тұрады. Әлгі жігіт алыстағы мыңға жуық қойдың ана қозысын бір іліп, мына қозыны бір іліп, ақыры екі екіден төрт қозыны өңгеріп әкеледі. Қозыларды қоя берсе, жүгіріп барып енелеріне жағады. Сосын иесін шақырып сұрастырғанда екі қозының осы екі қойдың төлі екендігін айтады. Сонымен көк бестіні қаракерей жақтың жігітіне беріпті. Әлгі жігіт кейін бүкіл қазаққа белгілі Күреңбай сыншы болып шығады. Дауды әділ шешкен Текебай көк бестімен бірге жоғалған бес-алты жылқыны да уақ жаққа төлетіп, уақтың жігітіне атты жақсы баптап, бәйгеге қосқан еңбегін ескеріп, оған бір жылқыны сыйға береді. Дау әділ шешіліп, ел арасының берекесі сақталып қалады. Текебай міне, осындай халқына толып жатқан игі іс істеп, дуалы ауыз әулиелігімен жұрт жадында сақталып қалады.

Текебай пара алғыш билер туралы:

– Қайырымсыз жазыңнан,

Қайырымды қыс артық.

Көрінбеген алтыннан,

Жылтыраған мыс артық.

Пара жеген билерден,

Қасқыр алған ит артық, – деген екен.

***

Текебайдың тағы да:

– Малым бар деп мақтанба,

Боран соқса қайтесің.

Басым бар деп мақтанба,

Ажал жетсе қайтесің.

Тілім бар деп мақтанба,

Сорға айналса қайтесің.

Ақылдан артық хандық жоқ,

Жомарттан артық нарлық жоқ.

Байлық – мұрат емес,

Жоқтық – ұят емес, – деген нақыл өлеңі де жетті бүгінге.

 Текебай қартайып, әл үстінде жатқанда Андас елі жиылып барып, Текебайдан ақыл сұрапты. Сонда Текебай сөйлеуге дәрмені келмей, қол ишаратымен басын бір, одан тілін бір шұқыпты. Ол «Басқа пәле қызыл тілден келеді»  дегенді  меңзегені  екен.

Текебайдың дауласқан екі жақты береке-бірлікке ұйытып, жауласқан екі жақты айырылмас досқа айналдыратын ұлы қасиеті кейін Солтанкелді Шәкіл руынан шыққан Мұратбек Шілдебайұлына қонған деседі.

ІІІ

Қаракерей елінің Басыман руынан шыққан Тоғжан деген кісі ел ішіндегі білекті адам екен. Оның Мысыр деген жалғыз ұлы қатты ауырып, бір тал қуыс қурайдай қатып, арыған денесінен ет арылып, теріге тізген сүйек болып әлден айырылып, кіріп-шығудан қалады. Тіпті бара-бара аузына мақтамен су тамызу дәрежесіне дейін жетеді. Көрсетпеген балгер, емші, ішкізбеген дәрі қалмай, өмірден үміті кесіледі. Тоғжан қызай елінің адамдарына келіп:

– Сіздерде емші, тамыршы, балгер, бақсы, қолынан іс келетін жақсы адамдар бар ма? – деп сұрайды.

Қызайлар өздерімен бірге келген Мүсірбай биді таныстырады.

Тоғжан:

– Жар дегенде жалғыз ұлым жан үзудің алдында жатыр. Еш ем дауа болмады, әулием, көріп берсеңіз, мүмкін сіздің дуалы қолыңыздан бір шипасы табылып қалар, – деп шақыра келеді.

 Мүсекең екі айтқызбай келісімін беріп, Тоғжанның үйіне барып науқас  баланы қарайды. Алдымен науқастың тамырын ұстап, ауру жағдайын әбден біліп болғаннан кейін:          

– Баланың науқасы салмақты екен. Басқадай ешбір ем дауа болмайды, тек табылу қиын үш нәрсенің бірі болса, жазылуы мүмкін. Ол – қырдың бедеу қара сұр жыланы, ондай ем болатын жылан үш құлаш мөлшерінде ұзын, үш бұрышты, сары бас, ішегі көз, жас баланың жалаңаш білегіндей жуандықта келеді. Оның уыты аузында, сондай жыланның уытты сілекей сөлін ішкізу керек. Ондай жылан көбінше құрғақ, қара отты қырда өседі. Ол табылмаса қасқалдақтың жүрек қанын ішкізіп, етін асып сорпаландыру керек. Бұлар болмаса, бедеу қатын өлгеннен кейін он жылдан соң оң жамбасының шұңқырынан ұзындығы үш қарыстай жалғыз тал тікен қурай өсіп шығады. Сол қурайды шілденің соңында пысқан мезгілін таңдап тауып, қайнатып ішкізсе бұл ауруға дауа болады. Бұл үшін зәру заттың қайсысы табылса да бола береді. Бірақ бұны сіздер таба алмайсыздар ғой, өзім іздеп көрейін, он күн ішінде келіп қалармын, балаға жақсы қарай тұрыңыздар, – деп аттанып кетеді.Мүсекең съезді қайырып қойып, ауруды азаптан арашалап қалу үшін қажетті дәрілік заттарды іздеп кетеді. Ұзақ жүріп ақыры 8 күн дегенде Ешкілік (Ешкіөлмес) тауының күнгей жақ бетінен жаңа тірілген қырдың үш құлаш қара сұр жыланын кезіктіреді. Оны дәрімен уландырып, тірідей ұстап алып Тоғжанның үйіне келеді. Үйде ешкім жоқ, жалғыз науқас бала ғана ыңыранып жатады. Мүсекең сырлы ағаш тегене толы сүтті жыланның алдына тосады. Шөлден сілесі қатып келген аш жылан сүтке бас қойып, әбден қанып ішеді. Мүсекең сүтке тойған жыланның құйрығынан байлап, басын еңіс қаратып, тегене үстіне іледі. Аздан соң жылан ішкен сүтін бір ағаш тостағандай қайта құсады. Сүтпен бірге бір түрлі көк жасыл нәрсе де құйылады. Мүсекеңнің ойлағаны да сол еді, жыланды қоя беріп, сүтті әлгі жасыл сұйықтықпен қоса зорлап отырып, түгелдей ауру балаға ішкізеді. Үй адамдары келмеген соң баланы орнына жақсылап жатқызып, қымтап жауып, съез өтіп жатқан жерге қайтып кетеді. Үйге оралған Тоғжан байдың отбасындағылар бала тынышталып, тәтті ұйқы құшағында жатқанын көреді. Бала содан қозғалмай бір күн, бір түн ұйықтайды. Әке-шешесі балаға не болғанын білмей қатты алаңдайды. Өстіп үркердей боп отырғанда бала оянып, тамақ сұрайды. Орнынан тұрғызса, баланың асты шылқылдаған су, аққан тер астындағы бес қабат көрпе, төрт қабат сырмақ, киізден өтіп кетіпті. Есесіне, бала тіптен сергек тұрады. Бір тостаған қой сорпасын ішіп, қайтадан ұйқыға кетеді. Үлкендер баланы әзер оятып, болған жағдайды сұрайды, ұйқысырап отырып бала:

– Әнеу күнгі мені көрген кісі келді. Үлкен бір жылан әкеліпті, жыланға сүт ішкізіп құстырды да, сүтті маған ішкізіп, төсегіме жатқызды, мен рақаттанып ұйықтап кетіппін, одан арғысын білмеймін, – деп жауап береді.

Тоғжан бай  дереу атқа қонып, съезд болып жатқан жерге келсе, емшінің топ ортасында жайбарақат отырғанын көреді.

Бара сала:     

– Ассалаумағалайкүм, әулием, балам жазылды, шүйінші, шүйіншіні сіз бересіз бе, әлде мен беремін бе? Жүріңіз, жүріңіз үйге,– деп қоярда-қоймай үйіне ертіп келеді. Ақсарбас қой атап сойып, нәзіршырақ өткізеді. Далаға кіріп-шығуға келіп қалған баласының өзіне  Мүсекеңе шапан жаптырады. Ат-атан, түйе атайды.  Бірақ Мүсекең бұл сыйлықты алудан біржолата бас тартып, тек қана ақ матадан екі кез қол үздік алып жолға түсіпті.

Бұл аурудың адамдарды аштан өлтіретін қылтамақ ауру екендігін көрген ел: «Бұл апаттың дауасын тауып, бір жолда айықтырып жіберген Мүсірбай нағыз әулие адам екен», – деп жұртқа жаяды. Міне осы ажалға адам бермейтін аты әйгілі Мүсірбай Қатпаұлы Қызай еліндегі Бегімбет Таңаттың Ақберді атасынан есептеледі.  Бұл кісі 1807 жылдардың шамасында қазіргі Жетісуда дүниеге келіпті.             

Осы Мүсірбайдың емшілігі қызайлардың арасында Жансарбай Ұлтарақ ұлына қонған деседі. Ол кісі де қылтамақты емдеп, бір рулы елдің жалғыз тұяғын аман алып қалады.

Жансарбай емшіден қалған жәдігерлер: қамшы, дәрішөп жинағанда киетін темір таға, дәрі ішкізетін саптаяқ, дәрі үгітетін келі-келсап, денедегі арам қанды соратын лоңқа, құс ұстайтын тор. ХІХ ғасыр

IV

Осы жолғы съезд мезгілінде тағы да мынадай бір айта қалсын оқиға оқыстан жүз береді. Қаракерей руынан шыққан Есенбай ұлы Қазыбек би осы съезге ұсыныс етіледі. Бірқанша атқосшы, нөкер, жолдас-жораларымен келе жатқан жолында Алла жазымға жазды ма, бидің үйреншікті жуас, мініс аты қаражал, қарақұйрық құла аты кенеттен үркіп, жығылған биді қозы көш жерге сүйреп кетеді. Бидің сүйектері оңбай ұсатылып, сынады. Сол маңдағы барлық сынықшы мен оташы көріп, еш шипа, ұтымды амал таба алмай дағдарады. Ел-жұрт жан-жаққа ат шаптырып, адам жіберіп, сынықшы іздеп сұрау салады. Ақыры: «Қызай елінің атақты Сәске деген әулие сынықшысы бар екен» дегенді естіп, қос ат шаптырып, адам жіберіп, Сәскені шақыртады. Сәкең шақырту бойынша келіп, Қазыбек биге арнайы үй тіктіріп, ауашалап қарайды. Ол алдымен жарылған бастың миын орнына салып, жарығын таңып, бірнеше күн тыныштандырады. Одан кейін денедегі паршаланып кеткен ұсақ сүйектерді бір-бірлеп өте ептікпен ық-ығына, жік-жігіне келтіріп қиюластырып, абайлап таңады, өте мұқияттылықпен емдегендіктен алпыс бес күнде бұрынғы сау қалпына келген Қазыбек би қаз тұрады. Бұл кереметті көрген қаракерей елі: «Атқа шапсаң қорықпай шап, басың шағылып, миың көрінсе, қол аяғың қирап талқандалса, Қызай елінің әулие оташысы Сәске бар», – деп бағасын беріп, алғысын жаудырып, ұранын қалдырған екен. Сәске Мыржықұлы қызайдың Тілеубердісі ішінен Жарылқап руынан есептеледі.

Баяндалған қысқа әңгімелер қызайдың төрт әулиесінің тек бір реткі, бір съезге барғандағы ізгілікті ісінің бір парасы ғана. Олар тұтас өмірін мән-мағыналы өткізіп, туған елінің бақыты үшін толып жатқан тартымды тартуын ұсынды. Сондықтан қасиетті әулие аттары алапқа жайылып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.

Сол съезде Қызай елі барлық даулы істерді толығымен шешіп, табыспен оралады. Топты бастап барған Сарайт  батыр, Қарайт билер де ерен толғамдылықпен ел көңілінен құрметпен орын алады. Осыдан былай қаракерей мен қызай елі ортасында дау-жанжал, барымта-сырымта түгелімен тоқтап, екі ел жер шекарасын белгілеп, Қызайлар Тоқтабарлықтан екіге бөлініп көшіп, бір бөлігі Алтайға, енді бір бөлігі Еренқабырғаға барып қоныстанады. Кейін екі өңірдегі Қызайлар тағы да үш бағытпен көш түзеп, қазіргі қонысына, Іле өзенінің жоғарғы аңғарына келіп, мәңгілік мекен етті. Қазір қызайлардың саны бір миллионға жетіп қалды. Ал Қазақстандағы Матай тауын, Тарбағатай тауын, Қалба тауын және Сырдария бойы мен Жезқазғанды мекендеп қалған бір бөлім қызай ауылдары болды. Олар жайлы біздің қолымызға нақты ақпарат түскен жоқ. Бізден кейінгілер анықтай жатар деген сеніміміз бар.    

 

ЖЕР-ШЕКАРА БЕКІТУ

Қызайлар Іле өңіріне ірге теуіп орныққанымен, шығыста торғауыттармен, солтүстіктегі Бұратала моңғолдарымен, батыста Ресеймен жер-шекара бекітуде талай бұлғақты өмірді бастан өткерді. Бірақ сол ауыр міндеттер тұсында қызай елінен шыққан саналы да салиқалы, айлалы да алымды бітімгерлердің арқасында өздерінің жеріне ие болып, мүддесін қорғап қалды.

Іле қызайлары мен Бұратала моңғолдарының арасында жер-шекара дауын бекітуде Шіденың орны ерекше болған. Шіденің Іле, Бұратала, тіпті, Еренқабырғада жүрмеген жері жоқ. Барлық жердің жағдайын, өрісі мен қонысын бес саусағындай біледі. Сондықтан 1882 жылы Ресей-Қытай шекараны қайта тексеріп, бекіту комиссиясын құрғанда қызайлар тарапынан Шіде батыр қатысады. Оған мына дәлелді келтіруге болады. 1991 жылы Қорғас ауданының Тұрасу, Көлденеңсу, Кертас жайлауларына геологиялық барлау жұмысы жүргізілген. Осы жұмыс бойынша құрылған топтың қолына 1884 жылы сызылған Іле өңірінің картасы түседі. Бұл карта 1862 жылдан бастап жобаланып, 1882 жылы қайта тексеріліп, 1884 жылы ресми түрде мойындалған карта екен. Онда Ресей мен Қытайға қарасты жерлердің жер бедері толық көрсетіліпті. Сондағы шекара белгілеуге қатысқан адамдардың бірі Ресей тарапынан Тарбағатай консулы Балқашин, Цинь империясы орталықтан жіберген өкілі Ли фамилиялы бір адам, Іле генералы мекемесінен Жаң фамилиялы сібе, қазақ жағынан Шіде батыр. Бұл карта Бейжің топография мекемесінде сақталған, 1962 жылы қайта көшірілген нұсқасы екен. Айта кетерлігі, Бейжің топография мекемесіндегі құжаттар көнеріп, тозып кетпеуі үшін 60 жылда қайта көшіріліп, сызылып тұрады екен. Шіденің жер-шекара бекітудегі аса үлкен дарынын байқаған Іле генералы оған ақалақшы (облыс әкімі) шеніне лайық отаға (шен тасы) таңбасын және бірнеше тіл білетін Сымайыл деген кісіні дөңше етіп (аудармашы) бекітіп берген.

Шіденің Бұратала моңғолдарынан өріс, қоныс жерлерді қалай алғаны жайлы мынадай дерек жетіп отыр. Шіде ауылы Ілеге көшіп келген соң шығысы Қазаншы, Жырғалаңнан батысы Үшақсу, Кегенге дейін тау бөктерін көктеу, күзеу, Тұрасудан Сайрам, Мысқа, солтүстігі Қосемшектің жалы мен өзеніне дейінгі тауды бас жайлау, орта жайлау етіп орналастырады. Жырғалаң, Білікші, Бөлекей, Шолақай, Құр Алматы, Сулы Алматы, бес Сарбұлақ, үш Ақсу өңірлеріне елді тұрғылықты етіп қоныстандырады. Содан бастап киіз үймен көшіп-қонып жүретін ел отырықты тірлікке ауыса бастайды. Отырықтасқандары егіншілік, қолөнермен айналысса, малмен шұғылданғандар қысты күні Манас, Санжы өңіріндегі бұрынғы жұрттарына барып қыстап жүреді. Бірақ жер шалғай, жол алыс болғандықтан жыл сайын мал, адам шығыны көбейе түседі. Жыңда тұратын Моңғол уаңының тілін тауып, Қызайлар бұрындары қоныстанған Бұраталаның Шұбырты, Байынқара деген жерлерін ақылмен алса, кейбір жерлерді Бұғыбай, Тиын батырлардың айласы және күшімен өзіне қаратады. Кейін қызайлар қыстаулық жерлерді кеңейте берген соң қазақ-моңғол арасында қақтығыстар да жиілей түседі. Осыған орай, моңғолдар Арасанда ораласқан моңғол амбалы Оютайға: «Қызай-Сама жылдан-жылға жерімізді иелеп барады. Бұл жерлерді қайта тартып аламыз», – деп арызданады. Әр екі жақ күштерін топтап, соғысқа дайындала бастайды. Шіде қарулы қақтығыстан сақтану үшін Оютаймен съезд ашып, келіссөз жүргізуге келіседі. Айтыс бірнеше күнге созылады. Әр екі жақ өздерінің дәлелін көрсетіп, жердің иесі екендігін мойындатқысы келеді. Сонда Шіде моңғол жақтың адамдарына: «Осыдан жиырма жыл бұрын Арашап, Ақбайтал менің жайлауым болатын. Көшерде белгі болсын деп, түйе жүнінен тоқылған қос кебісімді көміп кетіп едім. Менің шартым: осы белгім шықпаса, жер сендердікі болсын, елімді бастап Ілеге көшемін. Ал белгі сол орында бар болса, қазіргі отырған және сұраған жерді бересің бе?», – деп шарт қояды. Онсызда қалың даудан әбден запы болған қос тараптың өкілдері Шіденің шартын қабыл алады. Шіде айтқан жерді қазған моңғолдар жерге көмілген қос кебісті тауып шығады. Сонымен бітім болып «161 құралық көк даңзы» (161 тармақты бітім) тоқтам жасалады. Бұл тоқтам ақ торғынға қазақша-моңғолша жазылып, екі жақтың мөрі басылып, Іле генерал мекемесіне тапсырылады. Осы тоқтам бойынша Көкетау, Көкжамбас, Талды, Мыңшұқыр, Шұғылай, Байынқара, Қараүңгір, Қайыңды, Ортақсары, Қызылүй, Сытай, Утай, Ақбозат, Қызылтоған, Шағырай нылқысы қызайларға беріледі. Осыдан былай Іле мен Бұратала арасында бес жылда бір кеңес өтіп тұратын болып келіседі. 1912 жылғы кеңесте Шіде тағы жеңіске жетіп, Айғыр Сайрам, Қосемшек, Зәмбіл сайын да өзіне қаратады. 1959 жылы Іле қазақ автономиялы облысы мен Бұратала моңғол облысы арасында жер дауы тағы туындағанда кезіндегі Шіде мен Оютай жасасқан «161 құралық көк даңзалы» тоқтам бойынша қарастырылып, оның 145 құралық жері Іле облысына, қалғаны Бұратала облысына тән болып, картаға түсіріледі. Шіде өмірінде бірнеше түрлі естелік ұстаған адам екен. Оның бірі – елдегі әйгілі адамдардың өмірі мен ірі оқиғалар естелігі, енді бірі – ата-жөн шежіресі, үшіншісі – қызайдың өріс-қонысы, көші-қон, жер-су естелігі. Соңғысына қызайдың қай жылы қай жерде мекендегені, кімдердің қай жылы қайсы қоныста отырғандығын қалдырмай жазып отырады екен. Сонымен бірге, жаңа қонысқа барғанда ата-жөні жазылған  құпия тас немесе басқа белгі көмдіріп кетеді екен. Тіпті, қай жерде кім қайтыс болса ол туралы Шідеге хабарлап, естелігін жаздырып отырған. Бұл «Шіденің жер-су естелігі» деп аталыпты. Өкінішке қарай, «Шіденің жер-су естелігі» біздің қолымызға түспей келеді. Қай архивте шаң басып жатқанын әлі ешкім білмейді.

Ресейдің 1914 – 1916 жылдардағы соғыс қимылдары барысында қыруар адам күшінен айырылуы адам ресурсы мәселесін шиеленістіре түсті. Осы ретте үкімет олқылықтың орнын толтыру үшін алуан түрлі шара қолданды. Сондай шараның бірі Орталық Азия мен Сібірдің «Бұратана халықтарын» қорғаныс жұмыстарына тарту болды. 1915 жылғы қыркүйекте орыс армиясының әскери-құрылыс жұмыстарының бастығы Чаев Мұхаметжан Тынышбаевты қазақтардың әскери қызметке алынуының ықтимал екендігінен хабардар етті. Ақыры бұл хабар шынға айналып, 1916 жылы 25 маусымда қазақтан әскер алу туралы Ақпатшаның Жарлығы шығады. Бірақ балаларын әскери қызметке бергісі келмеген қазақтар мен қырғыздар сол жылы шілде айының ортасына қарай Қарқара жайлауында, Қарақол шаһарында бас көтеріп, Ақпатшаға қарсы көтеріліске шығады. Бірақ, олардың осындай ойын ертеден сезген Ақпатша күшті әскери күш ұйымдастырып, олардың көтерілісін аяусыз басып-жаншиды. Патшаның қырғынына төзбеген қазақтар мен қырғыздар, тағы да басқа тараншы, дүңгендер шекарадан босып өтіп, Ілеге келіп паналайды.

Осы жағдайға байланысты 1916 жылы қыркүйекте Ресей үкіметі Іледегі сыртқы істер мекемесінің бастығы Ли Чаңның атына: «Таяудан бері Ресей қарастылығындағы қазақтар әскери офицерлерге қарсылық жасады. Оларды жоюға әскер аттандырылды. Тыныштыққа кесірі тиеді. Сіз Музарт, Нарынқол және Текес өзені аңғарына әскер жіберіп, сақтық шараларын жүргізсеңіз» деп хат жолдайды. Алайда Іле генералы шекара күзетін қатаң бақылауға алғанымен, Іледегі қызай мен албан, суандар өз қандастарына бауырмалдық танытып, жортуылшы жігіттерін жіберіп, жол бастатып, қашқан елдің аман-есен Ілеге келуіне жол ашады. Сонымен қатар, Дәрубай ақалақшы, тағы сол сияқты ел ағалары отырықты жұртты ығыстырып, қашқан елге қоныс әзірлеп береді. Сол кездегі санақ бойынша бір жылда Іле өңіріне 200 мыңнан астам адам қашып өтіп, сол жердегі қызай, албан, суан руларының арасына сіңісіп кетеді. Олардың көбі 1917 жылы Ақпатша аударылып, орнына орнаған Кеңес Одағының рақымшылығымен қайтадан Ресей қарастылығына көшіп кетеді де, көп бөлігі Ілені сағалап, отырықтасып қалады. Енді қытай тарапынан көшпей қалғандарды анықтау, орналастыру жұмысы қолға алынады. Бұл міндетке Сатыбалды Нұрбекұлын жауапты етеді. Сол үшін Сатыбалды Нұрбекұлы, тілеуке Дәуіт, Мәте шомбы бас болып, Жансарбай емші бар 70 адам 13 арбамен Қытай-Ресей шекарасын түгел аралап, шекараны қайта бекітеді. Сатыбалды сол сапарында әйгілі ағартушы Қалимолла Бекторлинді кездестіріп, ауылына әкеліп, мектеп ашып, бала оқытып, Күнес сахарасындағы білім мен өнердің шам шырағын жағады. Сатыбалды Нұрбекұлы бұған дейін де қазақ пен моңғолдың ортасындағы дау-шарларды жарастырып, «Зы уаң» деген (қазақша ақылшыжора) құрметті атаққа ие болған. Мұнымен қатар, Сатыбалды Нұрбеков 1916 жылғы көтерілістен кейін Қытайға асқан қазақ пен қырғыздың арасындағы береке-бірлікті нығайту үшін де ересен еңбек еткен.

Сатыбалды Нұрбекұлының мөрі және ақылшы жоралыққа бекітілген құжаты

 

 Жер-шекара анықтауда қазақ пен торғауыт арасындағы шығыс шекараны бөлу келісімді де тарихи маңызы зор оқиға қатарына жатқызуға болады. Бұл дау-шардың қалай туындап, аяқталғанын жазбас бұрын торғауыттар туралы тоқтала кеткен жөн сияқты. Торғауыт – ойрат моңғолдарының төрт тайпасының бірі. ХVII ғасырда Жоңғар тайпасы күшейіп, торғауыт тайпасын қосып алмақ болғанда. Торғауыттардың тәйжісі Хорлық бес мың түтін торғауытты бастап, басында Тарбағатайға, одан кейін батысқа ауып, 1630 жылдары шығысы Орал өзенінен Дон өзеніне, оңтүстігі Каспий теңізінен Қара теңізге, солтүстігі Саратовқа дейінгі ұлан-байтақ өңірде торғауыттар хандығын құрады. 1724 жылы торғауыт ханы Аюке қайтыс болған соң Ресей оларды өзіне бағындырады. Осыдан бастап торғауыттар Ресейдің түрлі қысымына ұшырайды. 1761 жылы 17 жасар Ұбаш торғауыттардың ханы болады. 1768-1769 жылдары Ресей мен Осман империясының арасында соғыс өрті тұтанып, осы соғыста торғауыттардың 70-80 мың адамы өледі. Осы тұста Ресей патшасы: «16 жастан асқан торғауыт ерлері түгелімен соғысқа аттансын!» деген бұйрық шығарады. Бұдан қауіптенген торғауыттар шығысқа қарай көшуді бастайды. 1771 жылы Ұбаш хан 33 мыңнан аса түтін, 170 мыңға жуық қандасын бастап, шығысқа көшеді. Бірақ артынан қуғын, алдынан тосқауыл құрылған торғауыттардың Іле өңіріне 70 мың адамы ғана жетеді. Ол тұста Кіші жүзді Нұрәлі хан билеп тұрған мезгіл еді. Торғауыттар Орал тауларынан асқанда қазақ қосындарының қырғынына ұшырайды. Қазақ жасауылдары жоңғарда кеткен кегін осылай торғауыттардан қайтарады. Шығысқа көшкен торғауыттар Іле Алатауы мен Жоңғар Алатауын асып барып, Жұлдыз сахарасына тұрақтайды. Бірақ жылдар өте торғауыттар ес жиып, етек жапқаннан кейін қызайлардың қонысына көз аларта бастайды.  Осыған орай, Абылайхан елшілері мен торғауыттар кеңесіп, Іле Алатауы мен Жоңғар Алатауының түйіскен жері Желдікезең асуын қазақ-торғауыттың шекарасы етіп бекітіп, үлкен екі сынтас орнатып, белгі қояды.

1920 жылдарда Жұлдыздағы торғауыттар елге тыныштық бермей, Абылайханның тұсында белгіленген шекарадан өтіп, қазақтың малшы ауылдарының берекесін ала бастайды. Осы кезде Солтангелді руының ақалақшысы Қанатбек басшылығындағы шекараны тұрақтандыру үшін арнаулы комиссия құрылады. Солтангелді руының ақалақшысы Қанатбек, шәкіл руының күндесі Мұратбек, тағы да басқа он шақты адам осы комиссияның құрамында болып, торғауыт жақтың комиссия мүшелерімен бетпе-бет пікірлесіп, бұрынғы кездегі естіген нақты дерек, дәлелдер арқылы торғауыттарды  мойындатып, шығыс жақ шекараны Абылайхан тұсында  бекітілген «Желдікезең» етіп белгілеп, екі тарап келісімге келеді. Жер көшкінінен бұрынғы орнынан жылжып кеткен сынтасты әуелгі орнына қайта орнатып, 3 метр матаға 3 нұсқа қытайша, моңғолша, қазқша тоқтам хат жазып, мөр басып шекараны тұрақтандырады. Мұратбек бас хатшы міндетін ақтарады. 1930 жылы Іле тың игеру мекемесі Нарат асуының оңтүстік таулы өңірінен әскери тұрақ соғып, шекараны бақылайтын әскер орналастырады. Мұнда  Мақсұт гуандай мен Қанатбек ақалақшы қарулы әскер ұстап, шекараны күзетеді. Кейін Қанатбек ақалақшы қайтыс болып, Мақсұт гуандай 1942 жылы гомендаң жағынан тұтқындалып, Үрімжі абақтысында белгісіз жағдайда өлтірілген соң қазақ-торғауыт шекарасы да бақылаусыз қалады. 1949 жылдары қазақ пен тор-ғауыттар арасында тағы да жерге талас ушыққанда, Мұратбек күнде Шілдебайұлы мен Омарақын зәңгі Жансарбайұлы дауды дұрыс шешіп, шекараны тағы да бұрынғы қалпында қалдырады. 1964 жылы торғауыттар белгі ретінде қойылған екі сынтастың орнын жылжытып, дау тағы да ушығады. Сол тұстағы Іле қазақ автономиялы облысының басшысы, полковник Нүсіпхан Көнбайұлы басшылығындағы жер-су, шекараны анықтау тобы Күнеске келіп, бұрынғы шекараны анықтауға қатысқан адамдарды іздестіреді. Сол кезде 1920 жылғы шекараны тұрақтандыруға қатысқандардың арасында тек 80 жастан асқан Мұратбек ақсақал ғана қалады. Сонымен Нүсіпқан Көнбай ұлы Мұратбек ақсақалды арнайы ұсыныс етіп, Байынғол моңғол автономиялы облысының Көрла  қаласындағы кездесуге ертіп барады. Мұратбектің тірі екенін естіген моңғол жағынан құрылған комиссияның мөр ұстаған адамы Бадыма: «Мұратбек тірі тұрғанда, жер біздікі демеңдер», –  деп айналасындағыларды тоқтатып, Абылайхан тұсында бекітілген «Желді кезең» баяғыдай қазақ-торғауыттың шекарасы болып қала береді. Шекараға белгі ретінде қойылған сынтасты іздеп тауып,  бұрынғы орнына қойып, дау түбегейлі шешіледі. 

Қызай елінде бұдан басқа да алысқан жауын алып ұрып, туған халқының іргесінің берік, өңірінің бүтіндігін қорғап, ақыл-парасат, күш-қайратын сарқа жұмсап, өмірін арнаған Құдайназар батыр, Есенгелді батыр, Қарайт батыр, Сарайыт би, Қарағай батыр, Мұрынбай батыр, Шөке батыр, Дауылбай батыр сяқты елім деп туған батыр азаматтар да бар. Олардың батырлық, ерлік шежіресі бір төбе, біз батырлық пен елшілікті өзара шатастырмаймыз, әр екеуінде де даралығы, даналығы бар, ерекшеліктері бөлек, еліне сіңірген еңбектері егей есіл ерлер. Олар жайлы алда жазамыз.

P.S.Бұл мақаланы Андас Омарақынұлының түрлі басылымда жарық көрген дүниелері мен қолжазба естеліктері негізінде реттеп ұсынған белгілі журналист

Қажет Андас

3308 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз