• Еркін ой мінбері
  • 27 Ақпан, 2022

НАТО, РЕСЕЙ, ҚЫТАЙ: ӘЛЕМ ТАҒДЫРЫ ҮШ МЫҚТЫНЫҢ ҚОЛЫНДА

Бүгінгі ақиқатта, саяси-эконо-микалық жағдайда әлемдік державалардың күш-қуаты эконо-микасымен бағамдалады. Соның ішінде АҚШ, Ресей және әлемнің екінші экономикасы аталып отырған Қытайды бөле-жара атаған жөн. Соңғы деректер бойынша әлемдік ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 25 пайызы АҚШ-тың, 17 пайызы Қытайдың, небары 2 пайызы ғана Ресейдің үлесінде көрінеді. Сөз арасында айта кетуге тиіс тағы да бір фактор бар. Осы екі-ақ пайыздық үлеспен Ресей әлемдегі әскери қуаты жөнінен ең мықты екі елдің бірі саналады. Басқаша айтқанда, әскери-соғыс технологиясы қатты дамыған. Демек, 17 пайыздық үлесімен Қытай бәрібір күш-қуат жөнінен Ресейге теңесе алмайды деген сөз. 

Бір сөзбен айтқанда, соңғы кезеңнің саяси-әскери дағдарыстары осы НАТО мен Ресей байланыстарына тығыз қатынасты. НАТО мен Ресей арасындағы қарым-қатынасқа келсек, екеуінің арасындағы бас-ты дүрдараздықтың Украинаға байланысты болып тұрғаны әмбеге аян. Тіпті соңғы кезде дағдарыс әбден ушығып, қаңтар айының соңында НАТО Альянсқа мүше елдердің Шығыс Еуропаға қосымша әскери күш жіберетінін ресми түрде мәлімдеді. Атап айтқанда Дания Балтық теңізіне бір соғыс кемесін және Литваға төрт әскери ұшақ, Испания, Қара теңізге әскери кеме жіберді.  Ал әлемдегі ядролық мемлекеттердің бірі Франция Украинаға жақын орналасқан Румынияға қосалқы әскер жіберуге әзір екенін мәлім етті. Болгарияға голландиялық екі әскери ұшақ жеткізілген.

Соңғы деректерге қарағанда, қазір АҚШ билігі Шығыс Еуропа мен Балтық елдеріне 50 мыңға дейін сарбаз жіберу мәселесін қарастырып жатқан көрінеді. Осының бәрі Ресейдің Украинаға шабуыл жасау ықтималдылығынан туындаған әрекеттер. Тіпті АҚШ пен Ұлыбритания Украинадан өз елшіліктерін алып кетуге әзір отыр.  Ал Украинаның өзіне келсек, ешкімнен қорқып, «айылын жияр» емес. Тіпті украин үкіметі Батыс дипломаттарының жүгін түйіп, өз елінен кетуге әзір отыруын «жөнсіз қорқыныш, жөнсіз сақтық» есебінде қарастыруда. Ал Украин Президенті халқына «текке дүрлігіп», ел банктеріндегі ақшаларын алуды тоқтатуды ресми түрде ұсынды. Соған қарағанда Киевтің өзі Ресейдің Украинаға шабуыл жасайтынына сенбейтін тәрізді.

Шынтуайтына келгенде, осы әрекеттердің бәрі НАТО мен Ресей арасындағы әлемдік билікке таластан туындап отырған дақпырттан шыққан әрекеттер. Қазір әлемдік танымдық санада «Ресей Украинаға шынында да шабуыл жасай ма?» деген сауал белең алуда. Киевтің, нақтылап айтқанда, президент Зеленскийдің жоғарыдағы сөзі мен әрекетін айтып өттік. Украинаның өзі Ресеймен арадағы ықтимал қақтығысқа толық сенбейтін тәрізді.

Ол ол ма, Донецк республикасы келтірген деректерге қарағанда, керісінше, Ресей емес, Украин жағы ықтимал қақтығыс әрекеттерінің қауіптілігін арттыра түскен тәрізді. Атап айтқанда, украин әскерлері шекараға көптеп топтастырылып жатқан көрінеді. Қаңтардың соңында Ресей сыртқы істер министрі Лавров пен АҚШ мемлекеттік хатшысы Блинкен арасындағы Женевадағы келіссөздің де нақты мазмұны белгісіз.

Ал ақиқатында Украин жеріндегі НАТО мен Ресей арасындағы әскери қақтығыстың ықтималдығы қандай? Жаман айтпай жақсылық жоқ, соғыс болған жағдайда ол қандай сипатта жүреді? Ең бастысы – ядролық қақтығыс бола ма? Бұл енді бүкіл әлемнің назарын аударып отырған алаң.  Путин мен Байден арасындағы телефон байланыстарына келсек, екі жақтың да қақтығысқа онша құлықты емес екенін байқау қиын емес. Ал кейбір мәселелерді есепке алмаса, Вашингтон да, Мәскеу де тура әскери қақтығысқа, әсіресе ядролық соғысқа құлықты емес. Таяуда өткен Ресей, АҚШ, Қытай, Франция мен Ұлыбритания арасындағы бірлесіп қабылдаған мәлімдеменің мазмұны да сонда. Онда ықтимал соғыс жағдайында ядролық қарудың қолданылмайтыны қызыл әріппен жазылған. Демек, Адам ата ұрпағының дәтке қуат етер бір үміті де сонда...

***

КСРО ыдырағаннан кейін қысқа мерзімде АҚШ-тың Ресейді «ең басты дұшпаны» есебінде қарамаған кезі де болған. Ол түсінікті де. Себебі, Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейін Ресей қатты әлсіреді, экономикасы құлдырады. Оған қоса КСРО-ның ыдырауымен бірге Мәскеу Варшава шартына қатысушы барлық одақтастарынан айырылды. Сөйтіп әскери күш-қуаты әлсіреді. Біраз уақыт бойы АҚШ-тың әлемдік саясатта жеке-дара билік жүргізген бақытты кезеңі өткен. Бірақ қасқырдың қан аңсамай тұрмайтыны белгілі ғой, сол екі ортада дұшпан іздеген Вашингтон Иран, Ирак, Ливия сияқты ықтимал дұшпандар тауып, солармен күресіп кетті.

Шынтуайтына келгенде, әлемдік саясатта АҚШ билігі жеке-дара салтанат құрған дәурен екі мыңыншы жылдардан бұрынырақ басталған тәрізді. Себебі, Қытай күшейе бастады. Ұзаққа созылған коммунистік тежеуден соң нарықтық экономикаға көшкен Бейжің еңсе тіктей бастады. Бірақ біразға дейін оны, яғни Қытай экономикасы мен әл-ауқатының күшейгенін НАТО да, Ресей де аңғара қойған жоқ. 

Алайда арада біраз уақыт өткен соң Қытайдың күтпеген жерден экономикасы күшейіп, әскери қуаты артқаны белгілі болғанда, екі көзін әлі күнге Ресейден алмай қадап отырған АҚШ-тың еріксіз елеңдеп сан соғып қалғаны да өтірік емес.  Қазір американдық элита Ресейге қарағанда АҚШ-қа Қытайдың көбірек қатер төндіретінін мойындай бастағанға ұқсайды.  Әсіресе мұндай қатердің басымдығы АҚШ тарапынан Трамптың президент кезінде жиі байқала бастады. Трамп өз билігін Қытайдағы американ бизнесін Қытайдан шығарып, АҚШ-қа көшіру тақырыбынан бастады. Сол арқылы Қытайға Америка тарапынан сауда-өнеркәсіптік соғыс басталды.

Америка Құрама Штаттарының Ресейден гөрі Қытайдан көбірек қауіп күтуі де тегін емес дер едік. Себебі ішкі жалпы өнім мәселесінде күншығыс елі Американың өзінің өкшесін басып келеді. Тіпті алдағы онжылдықта дәл осы тұрғыда Қытайдың АҚШ-ты артқа қалдыратыны туралы болжамдар да айтылуда.  Демек, дәл қазіргі кезеңде НАТО Ресейден гөрі Қытайдан көбірек қауіп күтеді деген сөз. Путин мен Байден арасындағы кейбір мәселеге байланысты, атап айтқанда, ядролық соғыс қатеріне байланысты ымыраның бір себебі де сонда жатқан сияқты. 

***

Құдіретті державалар арасындағы бүгінгі таңдағы қарым-қатынас мәселесінде Украинаға барынша тоқтала кетпеу қисынсыз дер едік. Қазір украин мәселесі – алдымен осы аймақтағы Ресей үшін қауіпті одақ НАТО-ның нығаймауы болып тұр. НАТО-ның мақсаты ежелден Шығыс Еуропа мен Польшаны, Балтық республикаларын басты назарда ұстап, өзіне қатерлі Ресейді үрейлендіру, әлсірету болғаны айтпаса да белгілі. Ақиқаты солай болды. Шығыс Еуропа мен Польша, Прибалтика республикалары тегіс НАТО-ның құрамына енді. Ресей ақпарат құралдарының айтуынша, АҚШ пен НАТО-ның ендігі мақсаты ықтимал дұшпаны Ресейге барынша жақындап, Украинада табан тіреу, ол жерде өз базасын салу болып отырған көрінеді. Ал Украинаның өз ішіндегі дүрбелең белгілі. Бұрынғы Украин КСР-і құрамынан орыстілді Донецк пен Луганск республикалары бөлініп, дербес саяси құрылымға айналды.

Дәл осы жерде Қазақстан жағ-дайында есте ұстауға тиіс бір ақиқатты айта кетуге тиістіміз. Қазіргі Украинада Ресейге іштартатын адамдар аз емес. Алдымен мәселе – тілдік және мәдени ұстанымдарда. Оған қоса украиндар мен орыстарды жауластырып отырған тағы да басқа ұсақ-түйек факторлар баршылық. Шынтуайтына келгенде, 160 миллиондық Ресейдің 60 миллиондық Украинаны басып алып оккупациялауы ешқандай қисынға да, логикаға да сыймайды. Ресейдің бұл жердегі мақсаты – өзінің Шығыс Еуропадағы, оның ішінде Украинадағы бұрынғы ықпалын қалпына келтіру ғана. Әрине, мұндай саяси ахуалдың ықтималдылығы Қазақстанға да қатысты дер едік. Демек, қазақ саяси элитасының осынау ақиқаттан сабақ алатын реті бары айдан анық.

Жақында Ресейдің белгілі саясаттанушысы Сергей Караганов бұқаралық ақпарат құралдарына берген деректерінде «қазір бізде АҚШ-тың қара басына қатер төндіре алатын қару бар. Біздің қосалқы қаруымыздың аты – Қытаймен әскери-саяси ынтымақтастыққа келу. Ал ол шын мәнісінде американдықтар үшін ядролық апаттан да қатерлі...» деп атап көрсетті.

Қазіргі әлемдік саясатта осындай қақтығысты тартыстар жүріп жатыр. Нақтырақ айтқанда, ең мықты бір мемлекет, яғни Америка Құрама Штаттары – бір жақта, ал әскери күш-қуат жөнінен екінші және үшінші орында тұрған екі мемлекет – Ресей мен Қытай екінші жақта. Бірақ, қарама-қарсы екі тараптың әскери қуат жағынан қайсысы мықты екенін әзірге ешкім де дөп басып айта алмайды.

Шынтуайтына келсек, АҚШ пен оның НАТО-дағы одақтастары Ресейдің оңай жау емес екенін сонау 2008 жылдан бастап біле бастады. Онда Грузия Оңтүстік Осетия мен Абхазияға әскер кіргізген болатын. Сол жолы американдық нұсқаушылар даярлаған грузин әскері Ресей сарбаздарына қауқар көрсете алмаған. Шынтуайтына келгенде ол Грузия мен Ресей арасындағы емес, тура Вьетнам мен Оңтүстік Кореядағыдай АҚШ пен Ресей арасындағы әскери күштің қауметін бағамдау еді, дейді сарапшылар. Ал 2014 жылы Ресей Украина құрамындағы Қырым түбегін өзіне қаратып алғанда да НАТО ешқандай шешімтал әрекеттерге бара алмаған.

Осының бәрі, жыланды үш кессең де кесірткелік шамасы бар демекші, Ресейдің әлі де болса өз мүддесін әскери қуат арқылы қорғай алатынын көрсетсе керек. Дегенмен, таяуда Америка Құрама Штаттары Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Джон Кирви Пентагонның дәл қазіргі кезеңде өзіне қауіп төндіретін ең басты жауы есебінде Қытай Халық Республикасын санайтынын атап көрсетті. Бұл турасында АҚШ барлау басқармасының деректері де осы сипатта мәліметтер беруде. Қытайдың әскери бағытта күшеюін Вашингтон осы елдің «дәуірлік геосаяси өрлеуі» деп ресми түрде бағамдап отыр. Ал АҚШ-тың билігімен қоса ақпарат көздері әзірге Ресей туралы ондай сипаттама беріп көрген емес.

Демек, қазіргі таңдағы әлемдік саяси дағдарыста шешуші роль НАТО мен Қытайда деген сөз.

Өмірзақ МҰҚАЙ

4840 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз