• Тарих толқынында
  • 28 Ақпан, 2022

ҚАСИЕТТІ ҚАРА ЖЕР

Мен сендер үшін ұланғайыр жерді, ұлағатты төрді (мемлекетті) құрдым. Ұлысымның (мемлекетімнің) түп кіндігінен төрт бағытқа аттанғанда, арғы шегіне жыл жүріп, жететін жер. Егер сендер мұны қалтқысыз қорғап, қалай да бөліп, бөлшектемеуге талпынып, күш біріктіріп, жауыңа қарсы тұрып, шын ниеттеріңмен адамзаттың бақ-несібесін арттыруға ұмтылғанда ғана ел ырысына мәңгі ие боласыңдар. ...Біздің ата-бабамыздың дамып маздаған, өркендеп өскен мекені болғандықтан мәңгі бақи қорғап, нығайтыңдар. Қалай да жат баласы қоныстанбасын (жуытпаңдар)».

Шыңғыс хан

«Түркінің қасиетті жер-суының қарғысына қалма!»

                                      Ә.Бөкейханов

 

«Жер мәселесі - қазақтың тірі я өлі болуының мәселесі».

                             А.Байтұрсынұлы

Физиканың кванттық теориясы бүкіл әлемнің энергия көздерінен тұратынын дәлелдеген. Демек, бізді қоршаған ортаның өзі (табиғат, адамзат қоғамы) энергиялық әсер ету арқылы бір-бірімен өзара байланыстардан  тұрады. Адам да осы байланыстардың ішінде өмір сүреді. Осы байланыстардың сыпатына, нәтижесіне қарай, яғни, ол өзін қоршаған ортадан қандай ақпараттар алады, солардың негізінде қандай ойлар, сөздер  өмірге келеді – міне, осы идеялар оны адам ретінде қалыптастырып, болашақ тағдырын анықтайтын болады.

Адам да өзінің физиологиялық, рухани бар болмысымен   қоршаған табиғаттың, қоғамдық өмірдің ажырамас бір бөлігі. Сондықтан да өмірде болып жатқан оқиғалардың барлығы дерлік адамға тікелей әсер етіп жатады. Жақсы оқиғалар жақсы, келеңсіз жағдайлар жағымсыз күй кештіреді. Адам организмі биологиялық дамудың ең жоғарғы сатысында болғандықтан да бұл өмірде ол сезінбейтін нәрсе жоқ десе де болғандай; тіпті көзге көрінбейтін, құлаққа естілмейтін жақсылық, жамандық, электромагниттік толқындар секілді абстрактілі құбылыстарды да сезіне алады. Көшенің, үйдің тазалығы, не болмаса шашылып жатуы сияқты жағдайлардың барлығы да әсер етіп, жағымды болса, жігерлендіреді, жағымсыз болса, көңілін түсіреді. Демек, табиғаттағы барлық нәрсенің энергетикалық қуаты бар.

Қоршаған ортаның қасиеттілігі – комплексті құбылыс (Г.Луговский. О природе сакрального. К истокам духовного опыта. «Издательские решения», 2015). Олардың барлығы да  адамға дыбыс, сөз, аңыз, таңба, зат, ғимарат,  мәтін, қимыл, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, адам, кейіпкер, бейне  түрінде жағымды, жағымсыз әсер етеді. «Кез келген жер-су атаулары – халықтың ерте заманнан бастап, мыңдаған жылдар аралығындағы ұжымдық шығармашылығының жемісі. Этнологиялық кеңістікте қалыптасқан халықтық атаулар ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, оның ұлттық дүниетанымының, рухани болмысының, құндылықтар жүйесінің ажырамас құрамдас бөлігі, тарихи жәдігері, мәдени мұрасы болып табылады.  «...Халқымыздың жер-су атаулар жүйесі ұлттық бірегейліктің, сол атаулар өрнектеген төл этникалық-аумақтық бірегейліктің бірден-бір көрсеткіші болып табылады» (Жер-су атауларының анықтамалығы. А., 2009, 3-бет).

Туып-өскен жерінің, болашақ ұрпақтар өмір сүретін Жер-Ананың болуы – халықтың ұлт болып өмір сүруінің бірден-бір шарты. Қазақтың жері – күллі қазақтың ұлт болып ұйыйтын ортақ үйі. Үйі жоқтың күйі болмайтыны, қаңғып кететіні белгілі. Сондықтан да қазақ туған жердің топырағын ерекше қадірлеген. Ата-бабаларымыз туған жерді қорғай білудің өзінен кейінгілерге үлгі боларлық, небір асқан үлгілерін, ерліктерін көрсеткен.

Тарихымызға көз жіберсек, отан-шылдықтың, туған жерді қорғаудың не бір тамаша  үлгілерін, дәстүрін  көреміз.  Солардың бір асқан үлгісі – қазіргі  жыл санауымыздан 200 жылдай бұрын өмір сүрген ғұндардың ханы Мөденің бізге ғасырлардан ғасырлар асып, аңыз боп жеткен ел үшін, жер үшін жасаған іс-әрекеттері. Ен далада бірде тату, бірде қату қатар өмір сүріп жатқан қытайлықтар ғұндарды өздерінен кем санап, байлығын, жерін тартып алуға ілік іздейді. Қытайдан елшілер келіп, олар Мөденің әкесінен қалған, күніне мың шақырым қашықтықты алатын, бәйгенің алдын бермейтін атақты тұлпарын сұрайды. Мөде ақылдасуға уәзірлерін шақырады. Олар бір ауыздан «ер қанаты – ат», олар сіздің мақтанышыңыз атыңызды алып, қанатыңызды қайырып, қорламақшы; сондықтан тұлпарды бермеңіз» дейді. Көп ойланған Мөде уәзірлеріне  ләм-мим демей тұлпарды беріп жібереді.

Арада көп уақыт өтпей-ақ қытай елшілері  қайта оралады. Олар бұл жолы ханның сұлу тоқалын сұрай келеді. Мөде тағы да уәзірлерін жиып, ақылдасады. Бұл ханды қорлаудың, елді қорлаудың бұрын болмаған түрі еді. Тоқалды беруге  болмайды; соғысқа аттанып, күлін көкке ұшырайық»-деп өрекпиді. Хан тағы да үн қатпай, тоқалын қытайларға беріп жібереді.

«Кеңес мүшелері Мүдеден (автор Мөдені Мүде деп алған)  мұны күтпесе керек. Тіпті түңіліп кетті. «Мейлің, берсең бере бер, қатын өзіңдікі ғой» дегендей, жер шұқып отырып қалды.

Мүде еңіреп жылап, зарлаған әйелінің үніне құлақ аспады. Жас ханым түс ауа аттанған елшілермен бірге бөгде елге жылай-жылай кете барды.

Хунну ханының мына тірлігі дун-хулардың мерейін асырды.

– Хунну ханы — есек. Тынымсыз   ұра беруді қалайды, - деп бөскен  дунху  ханы  хуннуларды қорлай түсу мақсатымен, ел ақтап, шаршап келген елшілердің ентігін бастырмай кері қуды. Бұл жолы   ол екі елдің   арасында жатқан, көптен мал тұяғы   тимеген мол   жерді сұрады. Мұны берсе, бұл хунну шекарасына кіру деген сөз еді.

Мүде кеңес шақырып, бауырлары мен ұлықтарының пікірін тыңдады. Бұрынғыларынан тауы шағылғандікі ме, әлде өз көңілдерінің қалауы солай ма, бұл жолы пікір айтуға ешқайсысы да пәлендей ынта таныта қойған жоқ.

– Дунху қанша көрші бол-ғанымен,хуннудың досы
емес, дұшпаны. Дұшпанға бір   табан да жер беруге болмайды, – десті беруге қарсылар. Бірақ деуін десе де, олардан да бәрі бір бересің ғой. Сонда   да болса, жүрек қалауымызды айтпай отыра алмаймыз. Біз айттық. Ендігісін өзің біл» деген енжарлық байқалды.

- Ен дала, иесіз жер. Тіпті өзіміздікі деп бауырымызға басқанмен еш кәдеге жарамайды.   Пайдаға   аспайтын жер үшін көршімен   жанжалдасып, қан  төгісудің керегі жоқ. Сондықтан беру керек, - десті беруді жақтаушылар. Олар да «ханымыздың өзі көршімен тату тұруды қалайды ғой. Күні кеше сол үшін бүкіл бір тайпа елдің мақтанышы мың лилік ат пен қойнындағы  қатынына дейін беріп жомарттық танытқанда, бүгін құлазып жатқан қу тақыр жер үшін жанжалға барар деймісің. Береді де, тәйірі» деген есеп те жоқ емес. Осындай реті келіп қалғанда, өздерінше хан ойынан шығып, көзге түсіп қалғылары да бар. Ақыры, жаны ашып, қызына дауласушысы жоқ самарқаулық салқыны тиген айтыс онша ұзаққа бармай, бәрі беру жағына шықты. Жерге деген   аяулы сезімді   хан көңілінен шықсақ деген жағымпаздық жеңді.

Осы кезде бүкіл айтыс бойы жақ ашпай, төмен қарап, үнсіз тыңдап отырған Мүде хан басын оқыс көтеріп алды. Шегір көзі от шашып, танауы қусырылып, сұп-сұр өңі түтігіп, ызғарланып бара жатты.

– Жоқ! – Мүде ышқына айқай салды. – Жоқ! Берілмейді! Жерді беру деген не сұмдық. Жер деген елдің тірегі емес пе! Жерсіз ел бола ма!?

Сендер күні кеше хуннудың бір биесі құлындаса, орны толар сырты түк, іші боқ бір ат үшін, хуннудың бір қатыны босанса, орны толар әйел үшін дунхумен соғысайық деп елірдіңдер. Соғыспағаным үшін мені жігерсіз, намыссыз санап, жек көрдіңдер. Ерік берсе, қолдарыңда билік болса, мені түтіп жегілерің келді.

Ал бүгін елді ел етіп отырған жердің тағдыры таразыға түскенде, еш қиналмай-ақ берейік дейсіңдер. Кәне, айтыңдаршы, қай биең құлындап, қай қатының босанып, жер табады. Кәне, айтшы?! – Мүде ордадағыларды көзімен атып жіберердей шаншыла шолып шықты. – Жоқ, таппайды! Таба алмайды!..

«Жер – елдің асыраушысы. Асыраушысынан айрылған өледі. Жерді беру – бүгінгі тоқтығына тасыған, бірақ ертеңгі күні қарны қайта ашарын ойламаған тоғышардың ісі. Жерді берем деу – елді асыраушысынан айыру деген сөз. Ондайлар – елдің жауы.

Жер – ұрпаққа қалдырар жалғыз мұраң. Жерді беру – ұрпағыңды сол мұрадан айырып, ертең біреуге тәуелді ету, құлдыққа беру. Жерден айрылу – елдігіңнен, ерлігіңнен, еркіңнен айрылу. Жерді берейік деу – ұрпақтың жауы. Жауға аяушылық жоқ. Өлім!

Қасиетті Жер-ананы ел дұшпанына берейік дегендердің бәрінің басы алынсын!

Қасиетті Жер-ана үшін өлім — ақ өлім. Жер берілмейді, дунхумен соғысамыз!»

Хан шешімі елшілерге жарияланды. Солардың көз алдында жерді берейік дегенді алдымен айтқан ақсүйектердің бәрінің басы алынды. Олардың ішінде Мөде ханның өзінің ет-бауыр жақындары да кетті» (Қ.Салғарин. Алтын тамыр.  Алматы, 1986; 82-84 беттер).

Бүгінгі ұрпақ осыншама жерді қанымен, жанымен қорғай білген, сөйтіп, кейінгілерге аманат етіп қалдырған бабалар алдында мәңгілікке қарыздар.

Қазақ үшін қазақтың бар жері  қасиетті. Ауыл, аудан, облыс, жер, су, тарихи ескерткіштердің атауларына дейін астарында ата-бабаларымыздың тұнған сыры, терең тарихы жатыр. Жер-су атауларын ұлттың жады десе де болады. «Жер мәселесі – қазақтың тірі я өлі болуының мәселесі» (А.Байтұрсынұлы). Туған жерінің, елінің тарихын, ата-тегін  білген адам өз халқының патриоты болмай қоймайды.

Сондықтан да ұлттың ұлт болып өмір сүретін үйі – жер еш уақытта сатылмауы тиіс. Бәрі сатылатын жаһандану дәуіріне тап болған қазіргі қазақ қоғамында жерді сату туралы әңгіме қозғаудың өзі – ұлтқа жасалынған ең үлкен опасыздық. «Ресей кезінде Алясканы АҚШ-қа 100 жылға жалға сатқан болатын, ол жерден Ресей түпкілікті айырылды. Осы оқиғаны дүние жүзі біледі. Сондай-ақ Күрдістан мемлекеті кезінде жерін кепілдікке қойып қарызға ақша алған болатын. Нәтижесінде қарызын қайтара алмауы себепті 3 ел – Ұлыбритания, Франция және Түркия оның жерін бөліп алып, Күрдістан елі мемлекет ретінде тарихтан жойылды. Сонымен қатар, Палестина мемлекеті кезінде жер сатуды парламентке шығарып, жерді шетелдіктерге сату жайлы заң қабылдаған болатын. Сол заңның негізінде олардың жерінің бір үлкен бөлігін еврейлер сатып алып, сол жерге қазіргі Израиль мемлекетін құрды. Демек, қандай да мемлекет жерін сатса немесе ұзақ жылға бөтен елге жалға берсе, онда ол жерден міндетті түрде айырылады»  (Әнуарбек Ералының «Фейсбуктегі» парақшасынан).  Сондықтан да «Жерді сатуға қол көтерген 95 депутаттың орны итжеккенде. Ұлттық мемлекетке қажетсіз бұл орган таратылсын» (Жанұзақ Әкімнің «Фейсбуктегі» парақшасынан).

Жер-су атаулары – әрбір мемлекеттің ұлттық саясатының өзегі. Жер атауында сол өңірдің тарихы, қанмен суғарылған рухы жатыр. Түсіне білген қазаққа облыс, аудан, ауыл атауларынан бастап, тау, тас, дала, шөл, құм, өзен, көл, теңіз атауларына дейін тарихтың тереңінен шымырлатып сыр шертеді.  Кеңес өкіметі жылдары ұлттық сана-сезімді өшіру мақсатымен қазақ даласының жер-су атауларын өктем ұлттың идеологиясына орай өзгерту науқаны жүрді. Тәуелсіздік алғаннан бері замана талаптарына жауап беру тұрғысында  ономастикалық атауларды қалпына келтіру бағытында қыруар жұмыстар атқарылды. Десек те күні бүгінге дейін түрлі обьективтік, субьективтік факторларға байланысты бұл салада түпкілікті өз шешімін таппай келе жатқан мәселелер баршылық.

Адам үшін оның туып-өскен жерінен ыстық, киелі  жер жоқ. Өйткені, адам сол жердің топырағынан жаралған. Жусанды даланың ауасын жұтып, қымызын ішіп, суына шомылып  дегендей, туған жерінде өсіп-өніп жатқан адамның қоршаған табиғаттан алар энергиясы да ерекше. Сезіне білген адамға туған жердің таза ауасынан бастап, қара топырағына дейін күш-қуат береді, көңілін көтеріп, рухтандырады.

Ж.Аймауытовтың «Қартқожа» романында бас кейіпкер Қартқожаның ұзақ уақыттан кейін аулына келгендегі көңіл-күйі көркем сөзбен төмендегіше көмкеріліпті:

«Қартқожаның жүрегі лепіреді. Туған ауылының, үйінің, әжесінің көңірсіген, қоңырсыған туған иісі мұрнына келгендей болды.

Туған жердің кәдірін туғалы түзге шықпаған елдегі адам қайдан білсін?

Туған жердің кәдірін алыс жерге ұзатқан,  ұзатқанына әлде талай жыл өткен қыз білмесе, кім білсін?

Туған жердің қымбатын ғылым іздеп, шет жайлап, кітап қарап сарылып, көзінің майын тауысқан, көшенің шаңын көп жұтқан шәкірт білмесе, кім білсін?

Туған жердің артығын жазатайым іс етіп, күштілерге күш етіп, еріксіз елден айрылған, шеттен дәмі бұйырған, жаттан сыйлау көрмеген ер білмесе, кім білсін?

Туған жердің асылын қараңғы үйге қамалып, қара нан мен қара шай жүрегін кесіп жатқанда, қазы, қарта, сары қымыз көзінен бір-бір ұшып есіл елін сағынған, бір көруге зар болған тұтқын болған білмесе, кім білсін?

Туған жердің кәдірін әлеуметтің ісіне басын байлап жегілген, кеңседе қағаз кемірген, күйіп-пісіп, көбеп боп, еңбегінің жемісін көрем-ау деп, телмірген, тар көше мен тар үйде бойы бір сергіп көрмеген азамат білмей, кім білсін?

Ыстық қой, шіркін, туған жер! Туған жерге жеткенше, қайтіп дәтің шыдайды? Кім сағынбас өз қағын? Кім сүймесін өз жерін? Сүймесе сүймес зердесіз, шерсіз жүрек, тілеуі бөлек, жетесіз...Туғалы ұзап шықпаған, бауырмал әженің бауырында еркелеп өскен, үлбіреген балапан жүректі Қартқожа қайтіп сүймесін? Қартқожа туған жерін жанындай сүйеді. Туған жер еске түскенде, іші-бауыры елжіреп, өртенгендей күйеді. Еліне жетуге ұшарға қанаты болмайды» (Жүсіпбек Аймауытов. Бес томдық шығармалар жинағы. Бірінші том. Алматы, «Ғылым», 1996, 103-бет).

Туған халқымыз «Туған жерге туыңды тік», «Туған жердей жер болмас»,  «Туған елдей ел болмас»,  «Туған жердің жуасы да тәтті», «Туған жердің ауасы да  шипа», «Әркімнің өз жері өзіне жұмақ» деген сияқты нақыл сөздерді кейінгі ұрпақтарына өсиет етіп қалдырған.

Қазақта киелі деген ұғым бар. Әр адамға ата-бабалары мәңгілік тыныстап жатқан туған жері ерекше  қасиетті. Алыста жүргенде, еліңді, жеріңді сағынасың. Ұзақ уақыт елде болмай, кіндік қаның тамған, балалық шақтың бал-дәуренін өткізген, өсіп-өнген аулыңа келгенде, бойыңды ерекше бір сезім билеп, күш-қуатың тасып, ғажап бір күй кешесің. Туған жердің шаң-тозаңынан, ми батпағынан, шыжыған аптабынан, қақаған аязынан, дауылды боранынан, қабаған итінен бастап, бәрі-бәрі жаныңның жасыл жапырағын жайқалтып, көңліңді көкке көтеріп, шаршағаныңды, ауырғаныңды, есейгеніңді ұмыттырып, жасарып кеткендей боласың. Осы жердің топырағынан, ауасынан жаратылғандықтан да ауылдың қара топырағын жалаң аяқ басып жүргеннің өзі, ауасын жұтқанның өзі, суын ішкеннің өзі, сол топырақтан өсіп шыққан өнімін жегеннің өзі бойыңызға нәр боп тарап, күш-қуат береді; анау-мынау аурудан сауықтырады. Есейген, қартайған шағында адамдардың ауылын аңсап тұратыны, тіпті денсаулығына байланысты еліне көшіп жататын себебі осы. Қазір Еуропа, Америка елдерінде қаладан далаға қарай көшу жаппай өріс алған.  

Туған жерді, туған елді Отан дейді. Отан сенің ата-бабаларың өмір сүріп, ұрпақтарына мұра етіп қалдырып кеткен жер. Бұл жерде сенің ата-бабаларыңның зираты жатыр. Бұл жер – ата-бабалар рухының мекені. Бұл жерде сенің туыстарың, нағашыларың, қайын-жұртың, үрім-бұтақтарың өмір сүріп жатыр. Бұл жер – сенің қандастарыңның, рухтастарыңның Отаны.  Адам үшін туған жерден қымбат, қасиетті жер жоқ. Сол себептен де жер сатылмайды. Үйін сатқан, үйі жоқ адамның күйі қандай болатын болса, ұлттың үйі-жерін сатқан елді қарғыс атып, далада  қаңғып қалады.

Сонымен бірге, бүкіл елге өзіндік қасиеттерімен танымал болған киелі, әулиелі жерлер қаншама! Кеңестік кезеңде құдайсыздық саясатының салдарынан қараусыз, тозып кеткен жерлер қазір мемлекет тарапынан қалпына келтіріліп, жалпы халықтың игілігіне айналуда. Қазір бұл бағыт бойынша мемлекеттік бағдарлама жүріп жатыр; еліміздің киелі жерлеріне халықты көбірек тарту мақсатымен жаңадан туристік маршруттар ашылуда.

Түркістанға барсаң, Алтайда өсіп-өніп, Орталық Азияны ен жайлаған, тұлпарларының тұяғы Еуразияны дүбірлеткен, түркілік мәдениетімен әлемдік өркениетке  өшпес өнеге көрсеткен, көк бөрінің ұрпақтары қайтпас, қайсар көк түріктердің ержүрек бейнесі көз алдыңызда көлденеңдейді; Байкалдан Босфорға дейінгі  алапты ен жайлап жатқан жауынгер халық көк түріктердің тарихи Отаны, Ата жұртында тұрып, солардың ұрпағы екендігіңді ерекше сезініп, менің де мықты болмасқа хақым жоқ  дегендей күй кешесіз.

Қазақ даласының ортасын алып  жатқан Сарыарқа бұрындары ен даланы малға толтырып, той тойлап, алтыбақан тепкен, көкпар шапқан, салым салып, бәйге алған, жастары бір-біріне ғашық болып, салған әндерін алты қырдан асырған, дала мәдениетінің озық үлгілерін жасаған, елін-жерін жат жұрттықтардан қорғай біліп, бізге осыншама жерді көзіңнің қарашығындай сақтап жүр деп, мұраға қалдырған  кең пейілді Ата қазақтың бейнесі, бар болмысы көз алдыңа келгендей болады.

Ал қазақтың бергі тарихында Қазақстанның қақ ортасындағы кіндігі іспеттес  Ұлытаудың алатын  орны ерекше. Қазақ халық болып, өз алдына отау тігіп, ел болғанда, алғашқы астанасы болған, не бір қиын кездерде үш жүздің басын қосып, бірлікке келген, Жошы хан, Алаша хан, Едіге би, т. б. мәңгілікке дамылдап жатқан Ұлытау ұлтымыздың алтын бесігіне айналған; бойында қазақтың қаны бүлкілдеп ағып жатқан әрбір адам үшін аса қасиетті. Кезінде қабағынан қар жауып, Азияның біраз елін бағындырған Ақсақ Темірдің өзі келіп, осында мәңгілік пайыз тауып жатқан ұлылардың басына келіп, зиярат етіп кеткен екен. Армяндар Араратты, жапондықтар Фудзияманы, алтайлықтар Белуханы, мысырлықтар Мойсей тауын қасиетті жер санап, тәу етіп жататын болса, қазақтар үшін Ұлытаудың, түркі ұрпағының қара шаңырақтың отын өшірмей, түтінін түтетіп қалған ұрпағы ретінде Ұлытау да, Түркістан да соншалықты қымбат.

Бір қызығы Ұлытау аттас тау Түркияда да бар екен. Бурса қаласына жақын жердегі Ұлытаудың біздің таумен аты ғана емес, заты да, сілемдері де, биіктіктері де, табиғаты, зираттары  да ұқсас. Бұл тау да түріктің атақты Осман Сұлтан, Орхан, Баязит, Мұрат секілді сұлтан-хандары жатқан қасиетті жерге айналған. Ұлытау қазақ хандығының ордасы орналасқан жер, ал Түркиядағы Ұлытаудың етегіндегі Бурса қаласы Анадолыдағы Түрік мемлекетінің алғашқы астанасы болған. Түріктің Ұлытауының табиғатын, тарихи ескерткіштерін сақтау істерімен  айналысатын «Ulydag» қорығы жұмыс істесе, осындай мақсаттағы «Ұлытау» қорық-музейі Қазақстанда да құрылды. Осы сияқты «Ұлытаулар» Ресейдің бірнеше жерінде кездеседі.

«Әруағы күшті адамдар жатқан орындар да киелі саналады... Шын мәнінде, ата-бабаларымыз үшін ең қастерлі, қасиетті, киелі мекен – өлілер жатқан орын, әруақтар жатқан мекен...

Әрбір рудың, тайпаның бейіттері бөлек. Себебі «О» дүниеде де өмір бар. Жарық дүниеде әрбір отбасы, әулет, ру қалай күн кешсе, «О» дүниеде де олар бір болуы тиіс, бір бейітте жатуы керек. Бөтен адам рухын тұтастай ру бейітіндегі Әруақтар да шеттетеді. Жалғыз көптің тепкісінде қалады. Сонда әрбір рудың ата-бабалары жатқан мекен  олардың ұрпақтарының да мекені болып есептеледі» (М. Жүрсінбаев. Ұлы дала тарихы. Астана, 2018, 324-337 бб.).

Қазақтың барлық жері, оның асты-үсті біз үшін киелі. Сондықтан да әрбір қазақ бұл жерлерді ата-бабамыздың бізге қалдырған аманатындай,  көзінің қарашығындай сақтай білуі тиіс. Киелі жерлерге тиісуге болмайды; тиіссе, ол жердің киесі ұрады деген де сөз бар. Кезінде Ақсақ Темірдің моласын қазып, зерттемек болғанда Ұлы Отан соғысы басталып кеткен. Осы оқиғаға орай, киелі жерді қазып, әруақты мазалаудың салдарынан Ақсақ Темірдің соғысқұмар рухы оянып, жер-жаһанды қанға бояды деген сөз қалған.

Соңғы кездерде Қазақстанның оңтүстік өңірінде табиғи апаттар көбейіп кетті. Әлеуметтік желі беттерінде осы оқиғаларға орай, түрлі пікірлер айтылып жатыр.  Соның бірі осы «киеге» қатысты жазылыпты. Айгүл Орынбек «Біз осы әруақтарды мазалап жүрген жоқпыз ба?» деп, әлеуметтік желіде қалың көпшілікке ой тастапты:

«Түркістан облыс орталығы болып, құрылыс жұмысы басталғалы бері Оңтүстіктен тыныштық кетті. Былтыр Арыс жарылса, биыл Мақтарал мен Төлеби су астында қалды. Ордабасыда сойқан дауылдың түрі үйлерді қиратып кетті. Бүгінде ауа-райы бүкіл ашуын көрсетуде, дауыл басталып, құйын жел жайпап бара жатыр. Яссауи кесенесінің айналасына жасанды көл жасаймыз деп, әруақтарды ашуландырып алған жоқпыз ба? Әмір Темірдің бейітін ашқан кезде соғыс басталды деген аңызбен өстік. Киелі жерді ашып, қазғанда, абайлайықшы! Тарихшылар мен діншілдер не дер екен?» 

Иә, бұл сөздердің кімді болса да ойландыратыны анық.  Киелі жерлерді мазаламай, әруақтарға тиіспей, олардан тек медет тілесек қана ата-бабалардың рухы бізді қандай қиындықтардан да алып шыға алады. Қазақтың «Өлі риза болмай, тірі байымайды»  деген сөзінің мағынасы тереңде жатыр. Сондықтан барлық уақытта да тарихқа тағзым етіп, ата-бабаларымыз  жүрген жолмен жүру – бүгінгі ұрпақтың басты парызы; жарқын болашаққа жетудің бірден-бір шарты.

Ғылымның жетістіктеріне сүйенсек, өмірде бар нәрсе жоғалып кетпейді; жоқтан бар пайда болмайды. Адам да солай. Киелі жерлерге айналған қорымдарда пайыздап жатқан  ата-бабаларымыздың рухы барлық уақыттарда да артында қалған ұрпақтарының тілеуін тілеп, күш-қуат беріп, тіршіліктің тура жолын көрсетіп, жебеп-желеп жүреді екен.

Қазақта қасиетсіз нәрсе жоқ. Бізді қоршаған табиғи орындармен бірге қоғамдық, рухани өмірімізді қамтамасыз ететін абстрактілі ұғымдардың барлығының дерлік өзіне ғана тән қасиеттері бар. Мысалы, жай ғана көлемді, мөлшерді білдіретін сандардың әрқайсысы – өзіне ғана тән  қасиетке ие. Қазақта «7» – киелі сан. Біздің жеті атаны білу, жеті атаға дейін қыз алысып, қыз беріспеу, т. б. дәстүрлеріміздің сыры осы әруақтардың көзімізге көрінбей рухани жағынан қолдап жүретіндігінен болса керек. Соңғы жылдардағы гендік зерттеулер біле білген адамға әруақтардың 100-ші  ұрпағына дейін байланыстарының үзілмейтіндігін дәлелдеп жатыр. Қазақтардың ру шежіресіне, сол рудан шыққан белгілі адамдарға ұлт тарихының бір парақтары ретінде есте қалдыруға барынша көңіл бөліп, біраз шараларды жүзеге асырып жатуының ар жағында осындай себептер жатқан сияқты.

Бізді қоршаған табиғатта, әлеуметтік ортада бәрі де қасиетті. Қазақ үшін бәрінен де  Қазақстан қасиетті. Әркімнің туған жері, елі, оның топырағы мен тау-тасы, өзен-көлдері, орман-тоғайлары – бәрі-бәрі ерекше әсерге бөлейді. Мәселе соларды сезініп, өмірде  пайдалана білуде жатыр. Туған топырақтың аурасымен бірге әрбір адамның, сонымен бірге жалпы адамзат баласының аурасы сол жерге беріледі. Туған жер – атамекеніміз болғандықтан да сол жер ата-баба рухының  да  мекені. Туған жерге қадам басқанда, бойыңызды ерекше бір сезім билеп, көңіліңіздің көтеріліп, рухыңыздың шарықтайтыны сол себептен.

Мысалы, қазақта «киелі ағаш» деген ұғым бар. Соның бірі «Мықан ағашы (Бәйтерек) – уақыт пен кеңістіктің шекарасы, аңыздардағы әлемнің символы. Ол табиғатта және өмірде жалғасатын өзгермелі шексіздікті көрсетеді. «Бәйтеректің басына ұя салатын Самұрық (немесе алып құс) батырды аспан әлеміне, ал егер жоқ болса, жерге апарады. Ұлы Бәйтеректің бейнесі – қазақ жағдайына сәйкес түрлендірілген ғарыштық ағаш. Мұны айдалада өсетін жалғыз ағашты құрметтеу дәстүрінен де көруге болады» [Қасқабасов С. Жаназық. Әр жылғы зерттеулер. – Астана: Аударма, 2002. 45-бет]. «Барлық оқиғалар мен өмірдің бастауы, дүниенің барлығы осы Мықан ағашының түбінде шешімін табады» (Т.Жұртбай. «Қазақ әдебиеті», 17.03.2006).

Кезінде  Шоқан Уәлихановтың «Жапанда өсіп тұратын жалғыз ағаш немесе бұта қадірленіп, адамдар оның басына түнейді. Қасынан өтіп бара жатып, адамдар ағаштың бұтақтарына шүберек байлайды. Ыдыс тастайды. Тіпті, құрбандық шалады. Я болмаса, аттың жалын түйіп тастайды», «орман тәңірінің киесі атады» деп жалғыз ағашты кестірмейтін, жас талды сындырмайтын әдетіміз күні бүгінге дейін жалғасып келе жатуы да сол кездегі түсінік-түйсіктерден қалған болса керек» – деп жазғаны белгілі .

Белгілі мифтанушы С. Қондыбай «Бәйтерек ғаламның орталығы болып табылатын киелі жерде, киелі бұлақ қасында орналасады Ол үш дүниені жалғастырушы, төбесі – аспанда, тамыры – жерасты дүниесінде орналасқан. Екіншіден, бәйтеректің екі полюсінде алып қарақұс пен жылан-айдаһар бар, олар дуалистік қарама-қарсылықтың тұлғалануы болып табылады.     

Үшіншіден, бәйтеректің түбінде белгілі бір мифтік – киелі процесс өтеді, бұл шамандыққа байланысты. Осы жерге батыр келіп жыланды өлтіріп, қарақұс балапандарын құтқарады, сол еңбегі үшін қарақұс батырды басқа дүниеге өткізеді. Бұл тұрғыда бәйтерек – ғаламдардың есігі болып табылады. «Бәйтерек тек үш қабатты байланыстырып тұрған дәнекер ғана емес, адамға ізгілік жолын көрсетуші, жақсылық жасаушы. Бәйтерек жай ағаш емес, ол өте үлкен, «үйдің жуандығындай», алты қанат киіз үйді көз алдыңызға елестетеді» - деп жазады (С. Қондыбай. Толық шығармалар жинағы. - Алматы, «Арыс», 2008).

Профессор С.Қасқабасов та «бәйтеректің басына ұя салған самұрық (не алып құс) кейіпкерді аспан әлеміне алып ұшады, иә болмаса жер бетіне шығарады. Зәулім бәйтерек бейнесі – қазақ жағдайына сәйкес космостық ағаштың өзгерген түрі. Мұны қазақтардың айдалада өсіп тұрған жалғыз ағашты қадір тұту салтынан да көруге болады» - деген пікір айтады.

Күнделікті тіршілікте алтын, күміс әшекейлерді әсіресе әйел заты түрлі мақсаттармен жиі қолданады. Ал енді сол алтын жүзікті көшеде тауып алып, пайдалануға келгенде, ойлануға тура келеді. Өйткені, оны жоғалтқан адам жақсы да, жаман да кісі болуы мүмкін. Жақсы болса – жақсы, ал жаман болса – оның жүзікке сіңген теріс энергетикасы саған негатив әкеледі. Тауып алынған заттар кездейсоқ, немесе ырым қылып, әдейі тасталынған  да болуы мүмкін. Сол сияқты, о дүниеге аттанғандардың иісі, яғни энергетикасы сіңіп қалған киімдерін, қолданған заттарын пайдаланғанда да осы сияқты ойланарлық жәйттер баршылық. Адам баласы табиғаттың тірі жан иесіне жасап отырған осындай мол мүмкіндіктерін тиімді пайдалана білсе, оның күш-қайраты тасыған, дені сау азамат болып өмір сүруіне мол мүмкіндіктер бар. 

Табиғатта қасиетсіз нәрсе жоқ. Даланың да, таудың да, ондағы тастың да, ағып жатқан судың да өзіне ғана тән қасиеттері бар. Ғалымдар біз өмір сүріп жатқан ортаның барлық заттары мен құбылыстарының, тіпті  қарапайым қара судың өзіне дейін  адамның ойы мен эмоциясын қабылдап, сақтай білумен бірге оны басқаларға тарататындығын,  біздің бүкіл организмімізге сезім мүшелеріміз арқылы позитив, негатив әсер ететіндігін, осы кезде оның молекулалық құрылымында  түрлі өзгерістер болатындығын анықтаған. Түсініктірек айтатын болсақ, адам өзін қоршаған әлеуметтік ортамен, өлі, тірі табиғатпен  ойлау жүйесі арқылы тікелей байланыста болып, өмір сүреді.

Ғалымдар жер бетін көк жасыл көмкеріп жатқан өсімдіктер мен ағаштардың да айналасында болып жатқан құбыластардың дыбысын естіп, өзара «сөйлесіп», кей кездерде «айқайласып» жататындығын айтады.  Шындығында да көңілдің кейбір кездерінде сезіне білген жанға желмен шайқалған қалың ағаш жапырағының сыбдыры оның «айғайлағанындай», бір-бірімен жай ғана «хабарласып жатқанындай», қызыл-жасыл гүлдің күнмен шағылысып, құлпырған қалпы, сені үнсіз «тыңдап тұрғандай» әсер ететіндігі де бар. Жер бетіндегі тіршілік атаулы иесінің, мейлі ол аң, хайуанат, жан-жануар, өсімдік, ағаш, т. б. қоршаған ортасымен өздеріне ғана тән, өзгелерге құпия байланыс жасау  жүйелері бар. Жер бетіндегі жанды, жансыз табиғатта өмір сүріп жатқандардың барлығы дерлік, адам сырттан ақпараттарды қалай қабылдап, тарататын болса, сондай байланыста болады; олар да сырттан келіп жатқан хабарлардың жағымды-жағымсыз әсерлеріне орай, түрлі «ақпараттар таратып» жатады.

Мысалы, өсімдіктердің, жан-жануарлардың халықтық музыканы, адамдардың көңілді сөздерін жақсы, рок музыканы, адамның жаман сөздерін ауыр қабылдайтыны, мұндай жағдайлар жиі қайталана берсе, қурап қалатындығы, басына қауіп төнген кезде кейбір жәндіктер мен өсімдіктердің қорғану мақсатымен жағымсыз иістер шығаратындығы сияқты жәйттер тәжірибелерде дәлелденген. Қазір тіпті, олардың «ойланатындығы», осындай қасиеттердің арқасында небір қиын жағдайларда да «жолын тауып», ортаға бейімделіп жататындығы анықталып жатыр (Тайная жизнь растений: они слышат, общаются и к?ричат»).        

Қазақтың ұғымында туған жерден киелі жер жоқ. Осы жерде мына бір өмірде болған жәйтке назар аударайық:

«Түлкібаста туған кейуана туған жерінің қасиетті екенін айтып, сөз қозғапты: 

«Түлкібас деген – қасиетті де киелі жер. Туған жерге, туған елге барып, мауқымды басып келе жатқан жайым бар, айналайындар. Өмір дегенің қамшының сабындай ғана қып-қысқа екен ғой, зу етіп өте шығады. Бір әттеген-айы, мен білетін кісілердің көбі бұл күнде бақилық болыпты. Бейіттеріне бардым. Дүние екі айналып келмейді екен. Қайғырып, қамыққанмен түк шықпайды», - деп бастады әңгімесін Татьяна әжей. Айтуынша, тұрмысқа шықпай тұрып ауырған әжейдің дертінің емін дәрігерлер таба алмай, 4-5 айдан кейін өледі деген диагноз қойып беріпті. «Тұрмысқа шығардан бірер жыл бұрын қатты ауырғанмын. Дерт мені алқымымнан алып, екі өкпемнен қысты. Жөтелгенде, іртік-іртік қан түсетін аузымнан. Бір күні әкем үйге молда шақырып, дем салдырды. Ол кісі: «Бәрі де бір Алланың қолында. Дініміз бөлек болғанымен  Құдай біреу. Ақылымды тыңдасаң, Түркістандағы Яссауи кесенесіне барып қайт», - деп кетті. Молда кеткен соң кәдімгідей жеңілдеп, өзімді жақсы сезіне бастағандай болдым» - дейді қария. Сөйтіп жүріп, ауыр дертінің емін Түркістаннан тауыпты. 

«Содан бірнеше күннен соң, Түркіс­тандағы Яссауи кесенесінің алдында тұрдым. Қабырғасына қолымды тигізіп, айнала жүріп келе жатқанмын. Бір заматта сөзбен айтып жеткізгісіз ерекше бір рахат сезімге бөлендім. Алдымен,  көзім қарауытып, жалт-жұлт еткен сан мыңдаған сәуле ойнағанын көрдім. Сосын алдымнан аппақ кеңістік ашылып, өзге бір әлемге еніп кеткендей болдым. Тура бір көкте ұшып бара жатқан сияқтымын. Есімді жисам, тізерлеп алып, еңіреп, ағыл-тегіл жылап отыр екенмін. Қанша жылағаным есімде жоқ. Әйтеуір,  бір кісілердің жаныма келіп, қолтықтап алып бара жатқаны еміс-еміс есімде. Міне, содан бері мені еш ауру мазалаған емес», - деп қосты Орал тұрғыны.

Бұл жерде назар аударатын тағы бір мәселе бар: қазақтың киелі саналатын Қ. А.Яссауи кесенесіне зиярат етіп жүрген – қазақ емес, басқа ұлттың өкілі. Қазақтың арасында өсіп, тілін жақсы меңгерген, Яссауи кесенесі жайлы көп аңыз-әңгімелерді естіп, құлағына құйып өскен Татьяна әжейге оның емдік қасиеті туралы қазақ сөзінің санасына соншалықты әсер етіп, ауруынан жазылғанын көреміз.

 Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ,

филология ғылымдарының докторы,

 профессор

3251 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз