• Ел мұраты
  • 27 Ақпан, 2022

ТАТУ ҮЙГЕ ТАҚСІРЕТ ЖУЫМАЙДЫ

Тақырыпқа бармас бұрын оқырмандарға мына екі жайтты айтқым келеді.Бір келіншек жұмысында үнемі «күйеуіммен ажырасамын» деп құрбыларына мұң шағып жүреді екен. Бір күні құрбысы: «Соңғы кезде үнің шықпай қалды ғой. Қалай, күйеуіңмен ажырасатын болдың ба?» деп төтесінен сұрақ тастапты. «Жоқ, ажыраспайтын болдым» депті күйеуіне көңілі толмай жүрген келіншек. «Ойбай-ау, кеше ғана өзің емес пе едің, күйеуімнен әбден мезі болдым, ажырасамын деп күйіп-пісіп жүрген» демей ме құрбысы. Сонда ажыраспақ ниеттегі келіншек: «Бір аптадан бері үйде электр жарығы жоқ. Бұрын білмейді екенмін, теледидарға телміруді ғана ұнататын күйеуім жап-жақсы адам екен. Екеуіміз шүйіркелесіп сөйлесіп, үйдің кем-кетігін жамап, бір жасап қалдық» деп отыр дейді.

 

Мұхтар Шахановтың «Жұбайлар бар әңгімесі таусылған» атты өлеңінің кіріспесінде: «Гамбург сотына бір әйел күйеуімен ажырасатыны жайлы өтініш тапсырады. Бітімге шақырған сот мүшелеріне әйел үзілді-кесілді қарсы тұрып, мынадай әңгіме айтыпты:

- Бірге тұрмыс құрған 17 жыл ішінде жұбайымның менімен әңгімесі үш сөйлемнің төңірегінде болды. Таңертеңгі айтатыны «қайырлы таң»,  кешкілік жұмыстан оралған соң «тамаққа не бар?» деп сұрайды. Ал сағат тілі түнгі 11-ді көрсеткенде «ұйқыға жатайық» дейді.

Сот әйелдің күйеуімен ажырасу талабын орынды деп тапты».

Бүгінде әлеуметтік желілерді қарап отырсаңыз да, азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің  ақпаратын ақтарып отырсаңыз да ажырасудың көбейіп кеткенін көлденең тартады. Оның сыры да, жыры да көп. Соның ең бірінші себебі – өзара түсініспеушілік. Бірін-бірі кешіре алмау, мінез сәйкессіздігі.

Иә, махаббат – қос жүректің әні! Өзара сыйластық, түсіністік, кешірімшілдік, жүрек лүпілі жоқ жерде онсыз да әлсіз, онсыз да күйреуік сезімге күйе түседі. Күйе түскен соң сәнді өмір солғын тартады.  Жұбайлардың бір-біріне деген сенімі жоғалады. Мұның соңы сенімсіздік деген сергелдеңге соқтырмақ. Сергелдең соңы – суыну!

Екеуара жаққан ошаққа үнемі тамызық тастап отыру керек. Татулық тамырын суарып отырмасаңыз, гүл сезімді махаббат маздамайды, солады.

Адам бойындағы ең құдіретті сезім – махаббат! Жүрегі махаббатпен суарылған адам адалдықтың ақ туын желбіретіп, ақ отауын сақтай алады,  мақсатына жетеді, өмірі ғажайып өрнектерге толы болады. Біздің қазақтың «бір жастықта қартайыңдар» деп тілек тілеуінің өзіндік мәні бар. Ғұмыр бойы бірін-бірі қадірлеп, сыйлап өскен жұптардың өнегелі өмірі жөніндегі әңгіме көп. Шын бақытты адамдар осылар!

Алайда, бүгінде жасы түгілі жасамысы да «соқыр болыппын, қателесіппін» деп балаларын шырылдатып тастап кетіп жатыр. Жастар өткінші жаңбырдай жылтетпе махаббатқа, қыздың сыртқы сұлулығына , сыңғыр күлкісіне, әдемі түр-түсіне алданып қалдым деп ақталады. Ал ересектер ше? Бала-шағалы болғанда, ата сақалы ауызына түскенде оларды жолдан тайдырған қандай шайтан?

Психолог мамандар мұндай «шай-тандардың» көп болатынын айтады. Шайтанның шырмауына ең әуелі бірін-бірі түсінбейтіндер, көзсіз көбелектей алдамшы сезімнің жетегінде асығыс үйленгендер, сенімін жоғалтқандар түседі екен. Тағы бір дұшпан – қызғаныш. «Осы менің көзіме шөп салып жүр-ау» деген күдік күйдіргенді былай қойғанда өртейді. Өрт – өкініштің өзегі.  Оны енді мықты деген өрт сөндірушілер де өшіре алмайды.

Осы ретте арқалы ақын  Есенқұл Жақыпбековтің өлеңі еске түседі. Оның әйеліне арнап «Думан-дүбір қуып жүріп, өзіңмен жақсылап бір шүйіркелесіп сөйлесе де алмадым. Келші, қасыма отыршы, пеш түбінде шүйіркелесіп әңгімелесейік бір» деп келетін өлеңі  бар ғой. Ақын бұл жерде ащы шындықты айтып отыр. Ерлі-зайыптылардың бір-бірін іздемей, өз бетінше өмір сүре беретіні бар емес пе? Олардың бір-біріне деген жүрек жылуы жоғалған. Сырт қарасаңыз, бұл отбасы бақытты да сияқты. Ал, ішкі иірімдері алай-дүлей. Екі тараптың да айтары: «үйренісіп кеттік қой». Ерлі-зайыптылық ғұмырда үйренісіп кеткендердің де күндері бос әурешілік. Бірін-бірі ұғыныса алмаған, алыс кетсе сағына алмаған жұбайлар бақытты бола ала ма?Абай атамыз айтқандай: «махаббатсыз өмір тұл». Бұл жалғанда тұл өмірдің тартуы тәтті болмайды.

Ақ некенің бұзылуына көбінесе бірін-бірі жете түсінбей, асығыс үйлену де себеп болады. Келін «қыран деп тигенім жапалақ болып шықты» деп өкінсе, жігіт «аққу деп алғаным қарға екен» деп бармақ шайнайды. Жұбайлық өмірден әр адам жылулық, жақсылық, жалғастық, жарасымдылық күтеді. «Бір-бірімізді таптық, бақыттымыз» деп тағдырларын тоғыстырған жұбайлардың жарасымды басталған жолы жіңішкеріп, жұқалтаң бола бастағанда бір-бірінен суына бастайды. Бұған енді өзімшілдік деген өгей сезім келіп өкше тірейді. Өзімбілермендік – өмір өрісіне түскен өксік. Аққу, өгіз, шортан  сияқты арбаны әркім өзі қалаған жағына сүйресе, татулыққа таңба түседі. Бұл жерде «арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін» демократия, дипломатия керек. Бүгінде екінің бірі дипломат бола алмайды. Екіншіден, әр отбасы – кіші мемлекет. Әр мемлекет ішкі және сыртқы саясатын өздері реттеулері керек. Жас мемлекет буыны қатайып, өз қолдары өз ауыздарына жеткен соң алдағы бағыт-бағдарын өздері айқындауы тиіс. Олардың ішкі дүниелеріне жөн-жосықсыз араласа беруге негіз жоқ. Шыққан қыз шиден тысқары. Бірақ, басқа босағаның бағын ашуға барған қызының бақытына алаңдағансып, болашағына балта шабатын аналар да бар. Келінді егеуқұйрықтай жеп бітетін енелер де кездеседі.  Басқаның  босағасын аттаған  қыз әкесі мен шешесінің әлпешін көпке дейін ұмыта алмайды. Осы ретте жолдасының шектен тыс өктемдігі, қолына бір қондырып алған соң «енді қайда барасың?» деп бағынышты еткісі келетіні  де келінді ығыр етуі  мүмкін. Осының барлығы айналып келгенде жас шаңырақтың шайқалуына әкеліп соқтырады.

Қасиетті ислам діні де, шариғат та некесін сақтай алмағандарды хош көрмейді. Хадисте әйелдің күйеуінің рұқсатынсыз нәпіл ораза ұстай алмайтыны айтылады.Сондай-ақ, ерлі-зайыптылар сезімінің сууына себеп болатын белгілі бір әрекеттерден тыйылуы үшін бір-біріне ұнамайтын тұстарды айтудан қымсынбағаны абзал (ұйқысы, жүрісі, күлкісі, т.б). Ерлі-зайыптылар бір-бірінсіз  өмір сүре алмайтындарын айтып отыруға дағдыланғаны дұрыс. Мәселен, әйеліңізге «сен жоқ кезде өмір мәнсіз, үй қараңғы, ас дәмсіз» десеңіз, оның сізге деген сенімі, сүйіспеншілігі  артады. Жаны аяулы, сезімтал келіншектер гүлді жақсы көреді. Сүйгеніңіздің сүйіспеншілігіне бөлену үшін оған сыйлықтар жасап тұру да керек. Міне, мұның барлығы да Ықылас деген ұлы амал. Бұл шаңырақ беріктігінің кепілі.

Түптеп келгенде, ажырасу – амалсыздың әрекеті. Әу баста серігінің сырын терең біле алмағандығының салдары. Ілгері буынның ізгі ғалымдары: «Егер қайсыбір әйел күйеуі үшін әтірленетін болса, ерінің көзінше әсем киініп, үнемі оның сүйікті тамағын дайындап, ол жоқ кезде дүние-мүлкіне сақ болатын болса, ол әйел күйеуін сиқырлап алады» деп жазыпты. «Күйеуім ғой, күнде көріп жүр, жақсы киімімді сыртқа шыққанда киермін. Үйде әсемденіп не керек?» деу ағаттықтың басы. Сізді сұлу қалпыңызда көруге лайықты жалғыз жан – жарыңыз.

Шаңырақтың шайқалмауының тағы бір басты құралы – кешірім мен татулық. Жарыңыздың кейбір ұсақ кем-кетігіне көз жұма қараңыз. Арада болған кикілжің, түсінбеушіліктерді ұмытып, шегіне біліңіз, жүрегіңізді өкпе-реніштен босатып, жарыңыздың  бұдан кейінгі қарым-қатынасына есік ашып қою керек. Иә, адам мінсіз болмайды. Үйренісе келе екеудің бір-бірінен жасырып келген мінезі оқыс жағдайда шығып кетуі мүмкін. Мұндайда Кешірім деген киеге кідіріңіз.

Иә, тату үйге тақсірет жуымайды.  Бірлігімізге бекем болайық. Отбасы – ұлы ұғым! Оны шайқалтпай ұстап тұрғанда ғана адам бақытты. Шағын шаңырақты шайқалтпай  ұстай білген азамат үлкен отауды да байыпты басқара алады.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

401 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз