• Ел мұраты
  • 27 Ақпан, 2022

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТАБЫС ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ НӘТИЖЕЛЕРІНЕ ТӘУЕЛДІ

Дина ИМАМБАЙ,
«Ақиқат» журналы Бас 
редакторының орынбасары 

Инновация (ағылшынша – innovation) – бұл нарыққа қажетті өнімдер мен үдерістердің тиімділігін сапалық өсіруді қамтамасыз ету үшін енгізілген ғылыми жаңалық. Ол адамның интеллектуалдық іс-әрекетінің, қиялының, шығармашылық үдерістің, жаңалықтың, өнертапқыштық пен рационализацияның соңғы нәтижесі болып табылады.   Инновация дегеніміз кез келген жаңалық емес, ол қолданыстағы жүйенің тиімділігін едәуір арттыратын өзгеріс. Өнертапқыштықты дамыту, пионерлік және ірі жаңалықтардың пайда болуы инновацияның маңызды факторы болып табылады. 

Осылайша, мынадай үдеріс жүзеге асырылады: инвестициялар  енгізу үдерісі – сапалық өзгеріске қол жеткізу.  Инновациялардың мынадай түрлері кең таралған:

– технологиялық – өнімнің, бұйымның, техниканың жаңа немесе тиімді өндірі-сін алу, жаңа немесе жетілдірілген технологиялық үдерістер;

– әлеуметтік – социумды қайта ұйымдастыруда адамның өмірі сала-ларын жаңғырту үдерісі (педагогика, басқару жүйесі, қайырымдылық, процесті ұйымдастыру, қызмет көрсету);–  өнімдік – жаңа және пайдалы қасиеттерге ие өнімдер шығару;– ұйымдастырушылық – менеджмент жүйесін жетілдіру:

– маркетингтік – өнімдерге ди-зайн жасау және қаптауда елеулі өзге-рістерді қамтитын жаңа немесе едәуір жақсартылған маркетингтік әдіс-терді жүзеге асыру, өнімдерді сатудың және көрсетудің жаңа әдістерін қолдану, оларды нарықта жылжыту, жаңа баға стратегиясын қалыптастыру.

Инновациялық даму теориясының авторы, экономист-ғалым Й.Шумпетер «Экономикалық даму теориясы» атты іргелі еңбегінде экономиканың өсуі мен дамуы арасындағы айырмашылықты көрсетіп берді және инновацияларды былайша жіктеді:

1.Тұтынушыларға әлі таныс емес тауарды немесе тауардың жаңа сапасын құру.

2. Өнеркәсіп саласында әлі сынақтан өтпеген өндірістің жаңа түрі.

3. Жаңа нарық ашу, яғни өндірістің сол саласы әлі саудаға шығара қоймаған нарық.

4. Өндірістің жаңа көздерін ашу.

5. Саланың жаңа ұйымын құру, мысалы, монополияға жету немесе монопольдік позицияны жою.

Инновациялар нақты критерийлер бойынша жіктелу белгілеріне қарай топтарға бөлінеді. Әр топтың өзіндік ерекшелігі бар, мысалы, мәні, бағыты, жүзеге асырылатын саласы, әзірлеуші, таралу көлемі, жаңалық дәрежесі, нарықта алатын орны (көшбасшылар), пайда болу себебі, қолданылатын саласы және т.б. Мысалы: технологиялық; өндірістік, экономикалық, сауда, әлеуметтік, басқаруға арналған инновациялар. Жаңалық түрлері: өнім, технология, әдіс-тәсіл, материал, зат, тірі организм, өсімдік, құрылыс, архитектуралық шешім, ақпараттық өнім, қызмет және т.б. Инновациялық тауарлар мен қызметтер жаңалық деңгейі бойынша әлемдік, отандық, салалық, фирмалық болып бөлінеді.

Инновациялар таралу ауқымы бойынша трансұлттық, аймақтық, ұйым, бөлімше шеңберінде болуы мүмкін.

Инновацияларды жіктеу тәсілдерін қарастыру қандай да бір прогрессивті жаңалықтың сипаттамасын және нақты түсінігін беру үшін қажет. Бұл елдегі кәсіпорындарға инновацияларды енгізуде мемлекет тарапынан қолдауды жүзеге асыруға көмектеседі. 

Инновация деп бұрын-соңды болмаған жаңалық енгізуді, халыққа тиімді өнім шығаруды айтады, сонда ғана ол – инновация. Мысалы, Қазақстандағы электронды үкіметтің өзі де инновация болып есептеледі. Соның арқасында адамдар ешқайда бармай-ақ қажетті қызмет түрін алады.  Сондай-ақ инновация кезінде бар болған, бірақ ұмытылған үрдіс, өнім немесе қызмет түрі болуы да мүмкін. Бірақ ол жаңаша түр алып, жаңғырып, өзгеріске түсуі оны инновация деп атауға негіз болады. 

Инновацияның синонимі ретінде жаңалық енгізу, жаңғырту (модернизация), жаңалық, жаңашылдық, жаңарту, жаңару, тың өзгеріс, шығармашылық (креативтілік), өнертапқыштық сияқты сөздер қатар қолданылады. Инновациялар еңбек өнімділігін арттырады, экономикалық табыс әкеледі. Техникалық-эконо-микалық парадигма, техноцентризм бағыты бойынша инновация өнімділіктің негізгі қайнар көзі.

Инновациялық үдерісті ұйым-дастырудың негізгі формаларына әкімшілік-шаруашылық, бағдарламалық-мақсатты, бастамашылдық жатады.  Әкімшілік-шаруашылық формасы ғылыми-өндірістік орталық – ірі және орта  корпорациялардың болуын білдіреді. Олар ғылыми зерттеулерге жетекшілік жасайды және жаңа өнімді өндіріске енгізіп, нарыққа шығарады. Ал  бағдарламалық-мақсатты формасы ғылыми-техникалық серпін міндеттерін шешеді, мысалы микроэлектроника, биотехнология, нанотехнологиялар саласы. Инновациялық үдерістің бастамашыл формасы өнертапқыштарға, топтарға, шағын фирмаларға техникалық жаңалықтарды енгізуге, қаржыландыруға көмек көрсетеді.  Мұнда адам факторы маңызды орын алады. Мысалы, АҚШ-та осы форма кең тараған. Мұнда 300 адамға дейінгі шағын инновациялық фирмалар ірі корпорацияларға (10 мың жұмысшысы бар) қарағанда 24 есе артық жаңа өнім береді. Ал ірі компаниялар бастамашыл қызметкерлеріне жақсы жағдай жасайды. Демек, қоғам мен мемлекет шығармашыл, озық ойлы, өнертапқыш адамдар арқылы ғана дамиды. Инновация ең алдымен экономикалық ұғым. Ол белгілі бір дәрежеде табысқа, жетістікке қол жеткізуге ықпал етеді. Осыдан келіп әрбір мемлекет экономикалық дамуға қол жеткізу үшін өзінің инновациялық саясатын қалыптастырады. Инновациялық саясаттың субъектісі  қоғамдық қатынастарға (басқару объектісіне) ықпал ету жолымен  әлеуметтік басқаруға маманданған  билік құрылымдары.  Осы билік құрылымының өзіндік құқықтары, өкілеттіктері, жауапкершілігі бар және ол алдын ала белгіленген істерге қол жеткізуге ықпал жасайды. Инновациялық саясаттың объектісі –  жаңашыл тұлғалар: ғалымдар, конструкторлар, технологтар және т.б.

Осы тұрғыда философия ғылым-дарының докторы, профессор М.З.Изотов былай дейді: «Экономика саласы инновациялық түрлендірулердің авангарды болып табылады. Инновациялық қызметтің негізінде инновациялық экономика және инновациялық жүйелер қалыптасады. Инновациялық қызмет дегеннің өзі жаңа тауарлар мен қызмет түрлерін білдіреді. Дамыған елдерде инновациялық қызмет жаппай қолданылады. Инновациялық экономикада тауарлар мен қызмет көрсету өндірісінде ғылыми білімдерді толық қолдану қажет. Соның арқасында өмір сапасы жоғары, бәсекеге қабілеттілік те биік. Ал Қазақстанға келетін болсақ, ғылымның және инновациялық технологияның рөлін көтеру, инновациялық саясатты жүзеге асыру тетіктерін әзірлеу маңызды. Отандық инноватика теориялық әзірлемелерге мұқтаж. Оның бір себебі Қазақстанда инновациялық дамуға деген қарабайыр, үстірт көзқарас басым. Технократиялық тәсілге көп сүйенеді және инновациялар тек ғылыми-техникалық проблема сияқты көзқарас бар. Ал бұл дегеніңіз – ең алдымен экономикалық және әлеуметтік мәселе. Міне, сондықтан қазақстандық ұлттық инновациялық жүйені қалыптастыру және дамыту аса өзекті міндет болып табылады. Бұл үшін Қазақстандағы ғылым жаңа қалыптасып келе жатқан ұлттық инновациялық жүйеге, нақты ғылыми-технологиялық міндеттерді шешуге бағдарлануы тиіс. Ғалымдар, мамандар инновациялық жүйенің жан-жақты негіздемесін жасауы қажет. Ол жалпы ұлттық стратегияны, инновацияның ұлттық моделін, инновациялық әлеуетті және т.б. қамтиды. Интеллектуалдық инновациялық өнім адамның ақыл-ой шығармашылығының жемісі екенін түсінуіміз қажет. Бізде мұны көбінесе көркем өнерге, әдебиетке қатысты ұғым деп түсінеді.  Ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін жаңалық деп мойындау қажет. Оның негізінде білім жатыр. Білім адами капиталдың басты буыны, сонымен бірге инновациялық мәдениетті қалыптастырудың да негізі болып табылады». 

Қазіргі заманғы ғылым мен білім жетістіктерін белсенді қолдану –  экономиканы көтерудің басты тетігі. Инновациялық даму әлемдегі экономикалық өсім және бәсекеге қабілеттілікті көтерудің негізгі тәсілі. Индустриалдық дамыған елдерде мемлекеттік инновациялық саясаттың негізгі құралдары мынадай: 1) директивті іс-шаралар (патенттік заңнама, стандарттау және т.б.); 2) инфрақұрылым саласында қызмет көрсету (ақпаратты жинау, өңдеу, сақтаумен айналысатын, патенттерді жүзеге асыратын ұйымдарды қолдау);  3) инновациялық жобаларды дотация беру және келісім-шарт жасау жолымен тікелей ынталандыру;  4) ұжымдық және контрактілік зерттеулерді қолдау;  5) жанама ынталандыру (салықтан босату, салық жеңілдіктері, т.б.);  6) тәуекелді жобалар мен іс-шараларды іске асыру жағдайларында мемлекеттік кепілдіктер ұсыну.

Инновациялық қызмет циклы мынадай кезеңдерден тұрады: жаңа білім – пайдалы модель – тәжірибелік үлгі – жаңа тұтынушылық құн. Қазіргі заманғы дамыған елдерде инновациялық қызмет экономикада жаңа ғылыми білімдерді жаппай қолдануға негізделген. Инновациялық қызмет алдын ала жасалған стратегияға негізделеді, яғни қойылған мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған заңнамалық және ұйымдастырушылық сипаттағы нақты іс-шаралардың жоспарланған жүйесі болуы тиіс. Дамыған елдерде мемлекет басымдықты салалардың таңдауын жүзеге асырады, оған салықтық және басқа да жеңілдіктер ұсынылады. 

Постиндустриалдық қоғамда пайда болған инновациялық экономика секторы арнайы білімді, креативті кәсіпкерлерді және инновацияларға мүдделі мемлекетті білдіреді. Оның инновациялық деп аталу себебі, экономиканың барлық саласында және тіршілікте инновациялар кеңінен қолданылады. Капиталдың орнын басу инновациялық үдерістің әрбір кезеңінде жүзеге асады. Мұнда мемлекет іргелі ғылымдарды ғылыми гранттар арқылы қаржыландырады, инновациялық инфрақұрылымға қаржы салады.  Бұл әртекті ғылыми ұжымдарды тартуға ықпал етеді, олар өз кезегінде саналуан зерттеулер мен әзірлемелерді қаржыландыруға қол жеткізу үшін өзара бәсекеге түседі. Бұл кезеңнің міндеті – инновациялық идеяларды артығымен алу, дегенмен олардың бәрі де табысқа жете бермейді, бірақ мұның өзі капиталдың орнын басу үшін мүмкіндік туғызады. Жеке фирмалар патенттер мен өнертабыстарға ие болады, ал олардың акцияларын жоғары кіріс алу үшін инвесторлар сатып алады. Осылайша, инновациялық экономика инвесторлардың есебінен қаржыландырудың келесі ағынын табады.

Инновациялық экономика жаңа нарықтардың түзілуі арқылы құ-рылады. Жаңа идеялар, әзірлемелер, интеллектуалдық меншік, инновациялық өнімдер нарықтарында экономиканың ескі құрылымы ауысып, жаңа сапаға көтеріледі. Компаниялар мен инновациялық экономика құрылымдарына арналған жаңа ұйымдастырушылық формалары жеке нарық ретінде құрылады. Мұнда университеттер жанындағы технопарктер, корпоративтік оқу орталықтары, шағын бизнес кластері, инновациялық компанияларға арналған бизнес-инкубаторлар, ғылыми-зерттеу институттары жанындағы технологиялар трансфер орталықтары қолданылады.

Инновациялық экономикадағы өнімдердің, қызмет түрлерінің көп болуы бәсекені туғызады, ол тауарлар мен қызмет түрлерінің көптүрлілігі мен сапасын көтеруге алып келеді. Инновациялық экономика мынадай негізгі қағидалармен, белгілермен сипатталады:

- Экономикалық еркіндіктің жоғары индексі; білім мен ғылымды дамытудың жоғары деңгейі; экономиканың технологиялық уклады; жоғары және бәсекеге қабілетті өмір сапасы; адам капиталының жоғары бағалануы және сапалылығы; экономиканың бәсекеге жоғары қабілеттілігі; инновациялық кәсіпорындардың және инновациялық өнімдердің жоғары үлесі (60-80%);  инновацияларға бәсекелестік және жоғары сұраныс; жаңа нарықтарды инициациялау;  білімнің дамыған индустриясы және оларды экспорттау.

Инновацияларды ойлап табатын және іске асыратын адамдар   кәсіпкерлер деп аталады. Инновациялық шешім қабылдай отырып, кәсіпкерлер өндірістің жаңа, бұрын белгісіз боп келген комбинацияларын құрады. Сондықтан да кәсіпкерлікті «өндірістің төртінші факторы» деп тұжырымдайды. Бүгінгі күні кәсіпкерлік әлем елдерінің бәрінде дерлік ерекше сипат алды және тұтас кәсіпкерлік ұйымдар мен корпорациялар пайда болды. Қазіргі кезде инновациялар тұтынушы үшін күрес үдерісінде қуатты фактор болып отыр. 

Осылайша адамзат қоғамының дамуы кітаптар, патенттер, лицензиялар, әдіс-тәсілдер, технологиялар түрінде затқа айналған интеллектуалдық нысандардың қалыптасуы, жетілуі, өсуі және дамуы арқылы жүзеге асырылады. Бұл дамуға ғылыми мектептер, зертханалар, институттар, университеттер және өзге де жинақталған білімдерді сақтаушылар өз үлесін қосады.  Дамушы елдердің бәрі бірдей экономикасы дамыған елдерді қуып жетіп, солардың қатарына ене алмайтыны белгілі. Алдағы уақытта, сарапшылардың пікірінше, дамушы елдердің 5%-ы ғана дамыған елдердің қатарына қосыла алады. 

Инновациялық даму креативті тап негізінде жүзеге асады, оған ұлттық адам капиталы, сондай-ақ білікті мамандар – зерттеушілер мен инноваторлар кіреді.  Адам капиталы – инновациялық экономика құрудың маңызды драйвері. Креативті ядро – жетекші ғалымдар, оқытушылар, басқарушылар, дәрігерлер және басқа да мамандар инновацияларды дүниеге әкеледі, инновациялық процесс пен өмірдің жоғары сапасын қалыптастыруға жағымды ахуал туғызады.           

Қазіргі экономика ғылымының негізін салған және нарықтық қатынастардың негізгі теориясын тұжырымдап берген ағылшынның ұлы экономист ғалымы Адам Смит (1723-1790) адам капиталына ерекше мән берді. Ол өзінің «Халықтардың байлығының табиғаты мен себептері туралы зерттеу» атты кітабында қоғамның экономикалық дамуы мен халықтың әл-ауқатын көтеруді басты мәселе ретінде бөліп көрсетті. Смиттің пікірі бойынша, «кез-келген елдің экономикасы дами отырып, халықтың байлығын көбейтеді және ол материалдық ресурстардан көрініс табады».  Ғалым байлықтың мәні мен табиғаты тек еңбек екенін атап көрсетеді. Одан әрі бұл ойды еңбектің бөлінуі тұжырымдамасымен, «кез келген елдің барлық уақыттағы байлығының өсуінің негізгі құралы ретіндегі техникалық прогресс» доктринасы арқылы дамытады. Экономиканың қандай саласында байлық тез өсетіні туралы мәселеде А.Смит өзге салаларға қарағанда, өндіріс саласы байлықтың басты көзі екенін дәлелдейді. Сондай-ақ байлықты арттыру үшін ауыл шаруашылығын да дамытуға назар аударады, өйткені ғалымның пікірі бойынша жер өңдеуге салынған капитал табыстың құнын анағұрлым ұлғайтады. Смит экономика дами келе өндіріс тауарларының бағасы түсетінін, ал ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы өсетінін болжап айтты. 

Бұл тұжырымдар Қазақстан үшін аса маңызды, өйткені еліміз өзінің табиғи және экономикалық ерекшеліктеріне байланысты индустриялық дамумен қатар аграрлық саланы қатар алып жүру бағытын ұстанады. Әсіресе, астық өндіру елдің басты экспорт түрлерінің бірі болып қала береді. Бұл сала қазіргі әлем бойынша азық-түлікке деген сұраныстың барған сайын арта беретініне орай бәсекеге қабілетті өнім екендігі күмән туғызбайды.  

Смиттің әдіснамасында басты орында экономикалық либерализм тұжырымдамасы тұр, яғни ол табиғи тәртіп, нарықтық экономикалық қатынастар идеясының негізін салды. Ол нарықтық заңдар экономикаға тиімді ықпал ететінін, жеке мүдде қоғамдық мүддеден әрдайым жоғары тұратынын атап көрсетті. Осы идея аясында ғалым атақты  «экономикалық адам» және «көрінбейтін қол» ұғымдарын енгізді. «Еңбектің бөлінуі адам табиғатының саудаға және айырбасқа бейімділігінің нәтижесі болып табылады» дейді автор. «Экономикалық адам» ұғымының мәні бойынша, адам өз мақсатына қол жеткізу үшін өзгелердің эгоизмін оятуы тиіс. «Маған керегін берсең, сен өзіңе керекті аласың». 

Кәсіпкерлердің еркін бәсекелестігін насихаттау және олардың жеке мүддесі арқылы нарықтық экономика қоғамдық міндеттерді неғұрлым ұтымды шешетін болады және бұл әрбір адам үшін де, жалпы қоғам үшін де өте пайдалы. Мемлекеттік басқару экономиканың объективті заңдарына қарсы шықпай, экспорт пен импортты шектеуді қойып, табиғи нарықтық тәртіпке жасанды кедергі қоймауы тиіс. Сөйтіп шаруашылықты жүргізудің нарықтық тетігі автоматты түрде реттеліп отырады. Ал мемлекет өз кезегінде құқықтық және институционалдық кепілдіктерге қол жеткізу үшін үш маңызды міндетін атқарады. Олар: қоғамдық жұмыстарға арналған қаражат, әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған қаражат, әділ сотты жүзеге асыру, оның ішінде меншік құқығын қорғауға арналған қаражат. «Экономикалық заңдардың дұрыс қызмет етуінің міндетті шарты – еркін бәсеке» дейді А.Смит. Тек сол ғана нарық мүшелерінің бағаға билік етуінің, монополизмнің алдын алады.

Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі қазіргі заманда негізінен өнеркәсіптік жаңалыққа икемділігі мен жаңғыруға ұмтылысымен айқындалады. Өнеркәсіптік даму деңгейі барлық саладағы еңбек өнімділігінің артуын, халықтың әл-ауқатын айқындайды.

Жалпы экономика қабылданған жіктеуішке сәйкес, өндірістің бастапқы секторынан (ауыл шаруашылығы, минералды ресурстарды өндіру), бастапқы сектордан алынатын шикізатты өңдеудің екінші секторынан, және үшінші сектордан, яғни қызмет көрсету саласынан тұрады. Индустриализация үдерісі екінші секторды экспансиялаудан, оның бастапқы сектордан басымдық алуынан құралады.

Экономиканың өнеркәсіптік секторының болмауы елдің экономикалық дамуына кедергі келтіреді, мұның өзі үкіметті индустрияландыруды мемлекеттік құралдар арқылы ынталандыруға немесе жүргізуге шаралар қолдануға мәжбүрлейді. Алайда, өнеркәсіптің болуы міндетті түрде ел халқының байлығы мен игілігіне қызмет етеді дегенді білдірмейді. Оның көптеген өзіндік шарттары бар. 

Америкалық ғалым С.Кузнец  бір тарихи дәуірден келесіге өтудің негізінде жатқан дәуірлік жаңа өзгерістер ұғымын енгізді. Индустриалдық дәуірдегі экономикалық қарқынның революциялық түрде жеделдеуі дәуірлік жаңалыққа байланысты туындайды, ол – ғылымның күрт дамуы. Ғалым экономикалық өсім деп ең тиімді технологиялардың және соған сәйкес институционалдық, идеологиялық өзгерістердің көмегімен шаруашылықтың тұрғындардың саналуан қажеттіліктерін қамтамасыз ету   қабілетінің ұзақ мерзімдік ұлғаюын атайды. С.Кузнец бойынша, «экономикалық өсімнің үш басты белгісі бар:

1. Ұлттық өнімнің тұрақты өсімі, яғни экономиканың кемеліне келгені.

2. Техникалық прогресс, ол дамудың негізі, қажетті шарты.

3. Жаңа технологияның өсу әлеуетін жүзеге асыру үшін институционалдық, мінез-құлықтық және идеологиялық өзгерістер қажет».

Адамзат білімінің дамуындағы секірістер негізінен жаңалықтар мен инновациялар арқылы жүзеге асты. Дәл осындай инновациялық толқындар экономиканың ғана емес, сонымен бірге бүкіл қоғамның бір сатыдан келесі сатыға өтуіне алып келді.

Инновациялық дамудағы ірі компаниялардың рөлі барған сайын арта беретініне қарамастан, нарыққа жаңа өнімді шығаруда шағын кәсіпкерлік басымдық алады. Өйткені, шағын бизнес тұтынушы үшін қатаң күреске түсуге икемді. 

Инновациялық даму теорияларын қарастырғанда, қазіргі заман, яғни ХХІ ғасырда экономиканың прогреске жетуінің негізі – бүкіл қоғамның дамуының стратегиялық құрамдасының бірі болып табылатын іргелі ғылым және ғылыми әзірлемелердің нәтижелерін коммерциялау қабілеті екені анық көрінеді. Өйткені, инновациялық даму мен ғылыми-техникалық әлеует өзара тығыз байланысты. Бұл үшін ғылыми әзірлемелерді өндіріспен үйлестіру алдыңғы орынға шығуы тиіс. 

Инноваторлардың өз қабілеттерін жүзеге асыруына  мүмкіндік беру – мемлекеттің міндеті. «Инновациялар егер де инноватор-кәсіпкер жеткілікті қаржы ресурсына қол жеткізе алса ғана дамиды» дейді технологиялар мен әлеуметтік-экономикалық даму саласындағы сарапшы К.Перес. Ол үшін инновацияға сұраныс қалыптасуы тиіс. Ал сұранысты реттейтін – бәсеке. Кез келген ұйым, мекемелер өз бәсекелестерінен озуы үшін инновацияларды қолдануға мәжбүр болады. Бұған мемлекет неғұрлым ықпал етуі тиіс. Бәсеке болғанда ғана сұраныс туады. Ғылымның тиімділігін арттыру – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Алайда ғылымға салынған қаржы бірден пайда әкелмейтінін түсіну керек, іргелі ғылымға салған қаржы тек 15-20 жылдан кейін, ал қолданбалы ғылым  5-15 жылдан кейін нәтиже алып келеді. Бүкіл әлем елдері сияқты, Қазақстан да нарыққа озық идеялар ұсынудың сапалы  тетіктерін табуға, интеллектуалдық меншік құруға бағдарлануы тиіс.

Инновациялардың тағы бір ерекшелігі, білім беру жүйесінде үлкен өзгерістер жүзеге асырылуда. Мысалы, университеттердің жаңа түрлері қалыптасып жатыр, оның ішінде инновациялық университеттер, бизнес оқу орындары, ұлттық зерттеу орталықтарын дамыту өзекті болып отыр. Олар өндіріспен бірлесе отырып, маман даярлау жағын шешуі тиіс. Өйткені, экономиканы дамытатын тек кадрлар екені анық. Олар ең алдымен сапалы, білікті болуы керек, сонда ғана экономика көтеріледі.

ХХІ ғасырда кез келген ұлттық экономиканың табысқа жетуі ғылым мен білім нәтижелеріне тәуелді. Инновацияларға қол жеткізу қоғам мен мемлекеттің сапалық секірісін қамтамасыз етуге қабілетті бірден бір жол.  Жаңа технологияларды әзірлеу және енгізу – күрделі міндет және ол ғалымдардың, кәсіпкерлердің және мемлекеттің бірдей қатысуын талап етеді. Нақты қолдану деңгейінде ғана жаңа идея инновацияға айналады және қоғам дамуын сапалы түрде өзгертеді. Оған қоса, қазіргі жағдайларда іргелі зерттеулердің, маңызды қолданбалы зерттеулер мен әзірлемелердің нәтижелері мемлекеттің экономикалық өсімін қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар мемлекеттің әлемдік қауымдастықтағы бәсекеге қабілеттілігі деңгейін,  оның ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету дәрежесін, дүниежүзілік экономикаға теңқұқылы интеграциялануын және оның тұрақты дамуын айқындайды. 

689 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз