• Ел мұраты
  • 27 Ақпан, 2022

Жайық-Каспий су алабының мәселелері

Марат Молдахметов,
 Халықаралық Тараз инновациялық институты Агробиологиялық ғылыми-зерттеу орталығының директоры,  география ғылымдарының кандидаты

Бүгінгі таңда су ресурсын басқару бойынша елімізде іргелі ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілмей отыр. Жалпы гидрология саласында олқылық көп.  Жыл сайын қалыптасатын су ресурсы көлемінің ықтимал шама екендігі, белгілі бір аралықта өзгеретіні ескерілмейді. Су ресурсының уақыттық-кеңістіктік заңдылыққа бағынатыны, және табиғаттың бұл заңының біздің пайдамызға жұмыс істемейтінін білетін уақыт жетті. Табиғи құбылыс өзгермейді, қуаңшылық та, су тасқыны да, жер сілкінісі де қайталанып отырады, оны болдырмай қою мүмкін емес, тек оның салдарын, экономикаға тигізетін зиянын бәсеңдетуге болады. Ол үшін іргелі және қолданбалы зерттеу жұмыстарын жүргізумен тек қана белгілі бір ғылыми-зерттеу институттары ғана емес, ЖОО ғалымдары да айналысуы керек. «Қазгидромет», Су ресурстары комитетінің деректері кез келген ғалымға қолжетімді болуы тиіс. Ал Су кодексін әзірлеуге экономистер, гидрологтар, заңгерлер, гидротехниктер, экологтар кеңінен тартылуы қажет. Халықтың экологиялық сауатын көтеру, төтенше жағдай кезінде сақталуы тиіс техника қауіпсіздігі, қоршаған ортаны қорғау мәселелері өте өзекті.  Жас ұрпақтың бойына обал-сауап деген ұғымдарды сіңіруіміз қажет.

Жайық-Каспий су шаруашылығы алабының су ресурстары  проблемасын қарастыру кезінде Жайық өзені мен оның салаларының ағынды қалыптастыру зонасын, ағынды қалыптастырушы факторларды, оған әсер ететін антропогендік факторларды жан-жақты қарастыру керек. Жалпы Жайық өзенінің су жинау алабына Ресей Федерациясының бір бөлігі, Қазақстан Республикасының Батыс-Қазақстан және Атырау облысы толығымен және Ақтөбе облысының бір бөлігі кіреді. Жайық-Каспий су шаруашылығы алабының Қазақстан Республикасы шегіндегі ауданы – 415 мың км2. Алап Жайық өзенінің (236 мың км2), Еділ-Жайық өзенаралық (107 мың км2) және Жайық-Ембі өзенаралық (72 мың км2) су жинау алабын қамтиды.

Алаптың басты өзені – Жайық өзені. Жайық өзенінің ұзындығы 2428 км, оның 1084 километрі Қазақстан Республикасының аумағынан өтеді. Өзеннің жоғарғы бөлігі Башқұртстан Республикасы мен Челябинск облысында жатыр, ортаңғы бөлігі Орынбор облысында, ал төменгі бөлігі Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында орналасқан. Ең ірі сол жақтан құятын салалары Ор (су жинау алабының ауданы 18,5 мың км2) және Елек (су жинау алабының ауданы – 41,3 мың км2) өзендері. Бастауын Қазақстаннан алады. Оң жақтан құятын үлкен саласы Сакмара өзені (су жинау алабының ауданы – 30,2 мың км2), бастауы Башқұртстанда.

Қараөзен (Большой Узень) және Сарыөзен (Малый Узень) бастауын Ресейден алады. Қуаңшылық болған жылдары осы өзендер мен Жәнібек суармалау жүйесі арқылы сорғылардың көмегімен Еділ өзенінен су алуды жүзеге асырып, Саратов және Палласов каналдары арқылы Батыс Қазақстанға облыс мұқтаждықтарын қамтамасыз ету үшін су жеткізеді. Бұл каналдар арқылы су жеткізу келісім-шарттың негізінде жүзеге асады.  Жайық өзенінің жоғарғы және ортаңғы ағысы орманды дала және дала зоналарында орналасса, ал су жинау алабының төменгі бөлігі шөлейтті және шөлді зоналарда орналасқан. Қалыпты ағынды көлемінің кеңістік бойынша таралуы негізінен климаттық факторлардың зоналар бойынша өзгерісіне сәйкес келеді, және жауын-шашынның азаюына, буланудың артуына байланысты солтүстіктен оңтүстікке қарай азаяды.  Қарастырылып отырған аумақтың климаты шұғыл континенталды, жылдық ауа температурасы тербелісінің ауытқу амплитудасы айтарлықтай үлкен (34-38 С0), жауын-шашынның кеңістік бойынша үлестірімі әркелкі. 

Жауын-шашынның ең көп мөлшері алаптың солтүстік батыс және солтүстік шығыс аудандарына түседі (400-450 мм), ал оңтүстік және шығыс бөлігіне түсетін мөлшері – 250 мм. Осыған байланысты қарастырылып отырған алаптың жалпы ылғалдылығы айтарлықтай жыларалық өзгергіштігімен сипатталады, бұл өз кезегінде өзендер сулылығының көрсеткіштерінен көрініс береді.  Жайық-Каспий су шаруашылығы алабының өзендері су режимінің сипаты бойынша суы көктемде таситын қазақстандық типке жатады. Бұл өзендерге көктемде судың молайып, су деңгейінің күрт көтерілуі, ал жылдың басқа мезгілдерінде ағындының өте аз болуы, тіпті сабалық кезеңдерде өзендердің құрғап кетуі тән. Бұдан басқа, алап өзендерінде ағынды көрсеткіштерінің айтарлықтай үлкен жыларалық өзгергіштігі байқалады. Жайық өзенінің сирек қайталанатын, суы өте мол жылдары байқалған ағынды шамасы, суы өте аз жылдары байқалған ағынды шамасынан ондаған есе үлкен. Қауіпті гидрологиялық құбылыстар Жайықта көктемде байқалады және ағындының табиғи жылдық үлестірімімен түсіндіріледі. Соңғы жылдары Жайық өзенінің жылдық ағынды үлестірімінде белгілі бір өзгерістер орын алып отыр, ең алдымен көктемгі ағынды көлемінің төмендегені және сабалық кезең ағындысының, әсіресе қысқы кезең ағындысының ұлғайғаны анық. Жылдық ағынды көлеміндегі көктемгі ағынды үлесінің төмендеуін адамның шаруашылық іс-әрекетімен (бөгендер салу) және климаттық өзгерістермен түсіндіруге болады.

Соңғы жылдары байқалып отырған климаттық өзгерістерге және өзеннің трансшекаралық мәртебеге ие болуына байланысты, аймақта су тапшылығы және өзен ағындысын әділ бөлу проблемалары шиеленісе түсті.

Бұл мәселелерді ұтымды шешу үшін қалыптасқан гидрологиялық жағдайды ғылыми тұрғыдан ой елегінен өткізіп, оның себептерін терең түсіну қажет, себеп-салдарлық байланыстарын, ағындының қалыптасу заңдылықтарын анықтау және сипаттау керек.

Жайық өзені алабында 4,0 миллионнан астам адам тұрады. Алапта Ресейдің Магнитогорск, Орск, Орынбор, Қазақстанның Орал, Атырау және Ақтөбе қалаларының өнеркәсіп орталықтары, көптеген өңдеу және өндіру өнеркәсібінің кәсіпорындары, ауқымды ауыл шаруашылығы өндірісі және 360 мың гектар суармалы жер бар. Өзеннің балық шаруашылығы үшін, атап айтқанда бекіре тұқымдас балықтың санын сақтап қалу үшін маңызы зор.

Жайық өзені алабының едәуір бөлігі ылғалы жеткіліксіз және өте жеткіліксіз аудандарға жатады. Жайық өзені де, оның салалары да ағындысының өте жоғары жылдық және жыл ішілік өзгергіштігімен, өте күрделі және тұрақсыз су режимімен және суының сапасының нашарлауымен ерекшеленеді. Сондықтан да экономика салаларының тұтынатын су мөлшері мен халықтың тұщы суға сұранысы басым жағдайда, Жайық өзені мен оның салаларының су ресурсы мүмкіндіктерінен асып түседі. Алапта су тасқыны да, гидрологиялық құрғақшылық та жиі орын алып тұрады. Өзеннің сағасында жағдай Каспий теңізі деңгейінің кең көлемде және жылдам өзгеруінің нәтижесінде одан сайын қиындай түседі. 

Жайық өзенінің ағындысы өте құбылмалы, жылдық ағынды шамаларының суы мол жылдары мен суы ең аз жылдардағы айырмашылығы 20 есе болса, жыл ішіндегі ең жоғарғы су өтімі мен ең төменгі су өтімінің арасындағы айырмашылық 1300 есені құрайды. Қазақстан Республикасының аумағында өзен Орал қаласынан төменгі ағысында бірде-бір өзенді қабылдамайды және Каспий теңізіне жеткенше жиынтық ағындысының 20% -ын жоғалтады. Су тапшылығын болдырмау немесе бәсеңдету мақсатында ХХ  ғасырдың ортасынан бастап су қоймаларын салу, тоғандар салу, ағындыны бір алаптан екінші бір алапқа жеткізу үшін каналдар жүргізу, суару жүйелерін жетілдіру шаралары жүзеге асырылды.

Өткен ХХ ғасыр және ХХІ  ғасырдың басында алапта су шаруашылығы іс-шараларының тұтас кешенін іске асыру аймақтың су ресурсына қатысты проблемаларын түбегейлі шешкен жоқ. Бірақ, Жайық алабы өзендерінің гидрологиялық режимін айтарлықтай өзгертті, өңірде бірқатар экологиялық проблемалар орын алды. Жайық өзені ағындысының қазіргі өзгерісін климаттық өзгерістерді есепке ала отырып талдау ҚазҰУ ғалымдарының және Ресей МГИ ғалымдарының еңбектерінде келтірілген. Жалпы Қазақстандық ғалымдардың да, ресейлік ғалымдардың да бағалауы бойынша Жайық өзен алабының ағынды көрсеткіштері соңғы онжылдықтарда қалыпты шамадан жоғары, бірақ бұл ауытқулар ағындының табиғи өзгергіштігінің шегінде жатыр деп саналады.

Гидрологиялық есептеулер ағынды режимі шартты табиғи кезең үшін және ағынды режимі қарқынды өзгерген кезең үшін жүргізілді. Жайық өзенінің жылдық ағындысы климат тұрақты болған кезеңде өте үлкен өзгергіштігімен сипатталды. Суы мол 1946 жылы есептік тұстамада ағынды көлемі 25,6 км3 құраса, суы аз 1967 жылы небары – 2,92 км3. Ресей ғалымдарының есебі бойынша климат қарқынды өзгерген кезеңде Жайық өзенінің жылдық ағындысы ағынды режимі тұрақты кезеңмен салыстырғанда 10% өсті. Климат тұрақты болған жағдайда жылдық ағынды көлемі 9,74 км3 құраса, климат тұрақсыз болған жағдайда 10,8 км3/жыл өсті.

Жайық өзені ағындысының өзгергіштігіне табиғи факторлармен қатар, адамның шаруашылық іс-әрекеті де үлкен ықпалын тигізеді. Өзеннен су тарту, өзен ағындысын су қоймалары арқылы реттеу, өзен жайылмасындағы шабындықтарды көлтабандап суару, өнеркәсіптің суға сұранысын, коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерді өтеу үшін сумен қамтамасыз ету сияқты шаралар ағынды көлемін өзгертуге әсер етеді. Антропогендік фактордың Жайық алабы өзендерінің ағындысына тигізетін әсері Қазақстан үшін өте өзекті мәселе.

Соңғы жылдары алапта қалыптасқан су ресурстарын екі елдің  экономика салаларында қарқынды пайдалану кезеңінің сулылығы аз жылдар кезеңімен қатар келуі аймақтың тұрақты дамуына айтарлықтай кедергі келтірді. Оның үстіне Батыс Қазақстан облысы мен Атырау облысы Ресейдің шекаралас облыстарынан келетін Жайықтың суына тікелей тәуелді. Бұл өңірде басқа су қорының балама көзі жоқ. Сондықтан қуаңшылық жылдары өңірдің су қауіпсіздігі мәселесі онан сайын ушыға түседі. Жайық өзені алабында кепілдендірілген сумен қамту мақсатында 20-дан астам орта көлемді су қоймалары мен ұсақ тоғандар салынған. Бөгендердің жартысынан астамы Ресей аумағына тиесілі. Бұлардан басқа, кіші өзендердің бойында суы мол жылдары көктемгі ағынды көлемінің 40-50%, ал қуаңшылық жылдары 85% -на дейін ұстап қалатын 3000-нан  астам топырақ бөгеттер салынған. Жайық өзенінің бойында қалыптасатын ағынды көлемінің басым бөлігі өзеннің жоғарғы ағысында салынған су қоймаларын толтыруға шығындалады.

Жайық өзенінің бойында ең ірі су қоймалары Ресей Федерациясының аумағында – Верхнеуральск, Магнитогорск, Ириклинскде орналасқан. Бұл су қоймаларының жиынтық су көлемі 4,05 км3. Бұл су қоймаларының жиынтық су көлемі Жайық өзені алабында салынған су қоймаларының жиынтық көлемінің 96%-ын құрайды. Қазақстандық ғалым С.К. Дәулетқалиев Жайық өзенінің ағынды режимінің айтарлықтай өзгерісін, әсіресе көктемгі су тасқыны кезіндегі сирек қайталанатын ең жоғары су өтімінің трансформациялануын Жайық өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан Ириклинск бөгенінің пайдаланылуымен байланыстырады.

Су ресурстарын ұтымды пайдалану мен қорғауды қамтамасыз ету мақсатында 1996 жылы трансшекаралық сулар жөніндегі Ресей-Қазақстан комиссиясы «Трансшекаралық су нысандарын бірлесіп пайдалану және қорғау, Жайық өзені алабындағы су шаруашылығы қызметін үйлестіру туралы хаттаманы» бекітті. Осы құжатқа сәйкес Ресей Федерациясының Қазақстанға қамтамасыздығы әртүрлі жылдарда (суы мол және суы аз жылдары) жіберетін су көлемі айқындалды. Қуаңшылық байқалған жылдары Ириклинск су қоймасынан су босату арқылы Қазақстанға қосымша су көлемін жіберу көзделген. Осыған қарамастан, ресейлік және қазақстандық мамандар бұл құжаттың декларативтік сипатқа ие екенін атап өтеді, осыған байланысты қазіргі қалыптасып отырған экологиялық-гидрологиялық және су шаруашылығы жағдайын ескере отырып, жаңа мемлекетаралық келісім әзірленуі тиіс.Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Жайық өзені алабының трансшекаралық мәртебеге ие болуы аймақта геосаяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге алып келді, өзенді мемлекетаралық бөлудің салдары өте айқын көрініс беруде. Трансшекаралық Жайық өзені Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының маңызды индустриалды-аграрлық өңірін кесіп өтеді.  Бұл аймақтың тұрақты дамуы үшін қара және түсті металлургия, мұнай мен газ өндіру және өңдеу, астық шаруашылығы, етті мал шаруашылығы үлкен маңызға ие. Жайық өзені әлемдегі ең құнды балық – бекіре тұқымдас балықтарды өсіру және өндіру әлеуеті бойынша жетекші орын алады.  Бүгінгі күні Жайық өзені алабында байқалып отырған ең өзекті гидро-экологиялық проблемаларға мыналар жатады:

- Қазақстан Республикасы аумағында су ресурсы тапшылығының күннен-күнге өсуі және жыл ішінде маусымдық тапшылығының артуы;

- Су сапасының нашарлауы;

- Жылдық ағынды көлемінің адамның шаруашылық іс-әрекетінің әсерінен, соның ішінде бөгендерді пайдалану салдарынан төмендеуі;

- Биологиялық ресурстардың, ең алдымен құнды бекіре балығы популяциясының қысқаруы;

- Биологиялық алуантүрлілік проблемасын шиеленістіретін табиғи экожүйелердің жалпы антропогендік трансформациясы. 

Соңғы онжылдықтарда алаптың экологиялық проблемалары трансшекаралық өзен алабын шаруашылық мақсатта қарқынды игерумен байланысты шиеленісті. Табиғи ортаның техногендік трансформациясының дәрежесі шекаралық аймақтың геоэкологиялық жайдайын шиеленістіріп қана қоймай, сондай-ақ келеңсіз экологиялық және әлеуметтік салдарға әкеледі. Жайық өзенінің су ресурстарын бірлесіп басқару жөніндегі мемлекетаралық бағдарламаларды әзірлеу үшін ең алдымен трансшекаралық алап шегіндегі су шаруашылығы қызметіне байланысты проблемаларды анықтау және өңірлік айырмашылықтарды айқындауымыз қажет. 

Су шаруашылығы қызметін жүзеге асыру барысында мүдделер қақтығысы туындайды. Мүдделер қақтығысының негізгі көздері – су тұтынушылардың су тұтыну көлемі, ағындыны реттеу,  ақаба суларын жіберу, суды органикалық және қауіпті заттармен ластау, құнды балық түрлерін қарқынды аулау.  Жайық өзені алабының Ресей және Қазастан бөліктерінде су тұтынудың әртүрлі құрылымы қалыптасқан. Ресей аумағында металлургия кешені, газ өндіру және қайта өңдеу, химия өнеркәсібі, энергетика дамыған. Су қорының негізгі бөлігі өндірістік қажеттіліктерге шамамен – 85%, коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге – 12% және суармалауға – 2% пайдаланылады.  Қазақстан Республикасы аумағында жалпы су көлемінің өндірістік қажеттіліктерді өтеу үшін тек 7%, коммуналдық-тұрмыстық мақсатта – 8%, ұдайы суару және көлтабандап суаруға – 44%, балық шаруашылығы мен тоғандарға  41% пайдаланылады.  

Жайық өзені алабын шартты түрде үш бөлікке бөліп қарастыруға  болады. Жоғарғы бөлігіне Үлкен және Кіші Кизил, Худолаз және Таналық өзендерінің салалары кіреді. Бұл жерде тау-кен өнеркәсібі мен аграрлық сектор жақсы дамыған. Алаптың жоғарғы шегінде үш ірі су қоймасы орналасқан. Челябі облысында Верхнеуральск (толық су көлемі 0,61 км3) және Магнитогорск (толық су көлемі 0,189 км3) бөгендері салынған. Олар Магнитогорск өнеркәсіп кешенін сумен қамтамасыз ету және Жайыққа санитарлық су жіберу міндетін атқарады. Жайықтың жоғарғы ағысындағы ең ірі су қоймасы Ириклинск бөгені (толық су көлемі 3,26 км3) Орынбор облысында орналасқан. Негізгі функциясы көпжылдық ағынды реттеу, Орск-Халилов өнеркәсіп кешенін, ирригация секторын және балық өсіру тоғандарын сумен қамтамасыз ету.

Өзеннің ортаңғы ағысы ең ұзын участок – Жайық өзенінің ортаңғы ағысы мен көптеген салалардың су жинау алабын қамтиды. Жайықтың ең үлкен саласы Сакмара өзені де осы учаскеде орналасқан. Ортаңғы ағыс Ириклинск су қоймасынан басталып Ресей мен Қазақстанның шекарасына дейін созылып жатыр. Функционалдық тұрғыдан алғанда Жайықтың ортаңғы ағысы геоэкологиялық жағдайдың тұрақсыздығымен және техногендік нысандардың тығыз орналасуымен сипатталады. Бұл жерде трансшекаралық алаптың ең ірі Орск-Новотроицк және Орынбор өнеркәсіп тораптары  орналасқан. Жайықтың суы бұл жерде хлордың ионымен, сульфат ионымен, темірмен, фенолмен және мұнай қалдықтарымен ластанған.

Жайыққа сол жағалаудан келіп құятын, бастауын Ақтөбе облысынан алатын Елек өзені де ортаңғы гидрографиялық желінің тармағына жатады. Елек өзенінің суы Ақтөбе облысының өндірістік кәсіпорындарының зиянды қалдықтарымен – мыс, мырыш, алты валентті хром және броммен ластанған.

Өзеннің төменгі ағысы Қазақстан Республикасының аумағына тиесілі. Бұл учаске техногендік трансформация деңгейінің төмендігімен, экологиялық қатер туғызатын ошақтардың аздығымен сипатталады. Өнеркәсіп ошақтары Батыс Қазақстан облысында едәуір тығыз орналасқан. Бұл жерде экологиялық қауіп көзі – қаланың қалдық суын тазалайтын құрылғылар. Техникалық тұрғыдан тозығы жеткен, күрделі жөндеу жұмыстары қажет. Атырау қаласы тұсындағы өзеннің атырабы да нашар тазаланған ақаба суларымен ластануда.  Судың сапасымен қоса, бұл өңірдегі басты гидро-экологиялық проблема – өзендердің гидрологиялық режимінің бұзылуы. Жайық өзені ағындысы өте жоғары деңгейде реттелген. 

Ресейдің Орынбор облысында пайдаланылып отырған бөгендердің жиынтық пайдалы су көлемі 3,2 км3, оның 3 км3 Жайыққа тиесілі. Башқұртстан Республикасында, Челябі, Орынбор, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында көлемі 10 млн м3 асатын 16 су қоймасынан басқа, кіші өзендердің бойында 3100 жербөгет салынған. Олар су мол болған жылдары Жайықтың көктемгі ағындысының 40-50%, ал су аз жылдары 85%-ын  ұстап қалады. Гидротехникалық құрылғылардың басым бөлігі жобасыз салынған. Бұл Жайық өзені алабының шегінде аймақтық экологиялық қауіптің ықтималдығын арттыратын фактор. Жайық өзенінің оң жақ ең ірі саласы Сакмара өзенінің де ағындысы реттелген. Сакмара өзені Жайықтың төменгі ағысының ағындысын қалыптастырады.   

Сакмара өзенінің су жинау алабы Жайық өзені алабының сегізден бір бөлігін алып жатыр. Бірақ, Жайық өзенінің Орынбордан төмен тұстамасында Сақмара өзенінің жылдық ағынды көлемі Жайықтың жылдық ағынды көлемінің 60%-ын құрайды. Жайық өзеніне құятын учаскеде Сақмара өзенінің сулылығы Жайық өзенінің сулылығынан 1,23 есе артық. Сондықтан, Сақмара өзені Жайық өзенінің төменгі ағысына Қазақстан Республикасы шегінде айтарлықтай әсер етеді. Сақмара өзені келіп құйғаннан кейін Жайықтың орташа жылдық су өтімі 110 м3/с дейін өседі.

Қазақстан аумағына Жайықтан келетін орташа жылдық ағындының орта есеппен 40%-ы  Сакмара өзенінің есебінен қалыптасады. Осыған  байланысты, Сакмара өзені мен басқа да оң жақ жағалаудан құятын өзендер алабында салынған гидротехникалық ғимараттар Жайықтың төменгі ағысының гидрологиялық режимін бұзады.

Жайық өзенінің басты экологиялық проблемаларының бірі – өзен суының химиялық ластануы. Өзендер әртүрлі ластаушы көздерден келіп түсетін заттармен ластанады. Олардың өзеннің ластануына қосатын үлесін бағалау өте күрделі мәселе. Оның үстіне өзеннің өзін-өзі тазарту қабілеті бар болғандықтан ластаушы көздердің үлесін айқындау қиындай түседі.  Елек өзені Ақтөбе хром қосындылары зауытынан шығатын алты валентті хроммен ластанады. Жайық өзенінің төменгі ағысында көп таралған ластаушы заттар – марганец, стронций және бор. 

Тағы да бір күннен-күнге ушығып отырған мәселе – биологиялық алуантүрліліктің өзгеруі. Негізінен су ресурсының және биологиялық ресурстардың, ең алдымен бекіре тұқымдас балықтар популяциясының азаюымен байланысты. Негізгі себебі балықты шамадан тыс көп аулау. Кейбір дерек көздері бойынша 1983 жылдан бері есептегенде бекіре балығының қоры 40-45 есе азайып кеткен. Осы айтылғандарды ескере отырып, Жайық трансшекаралық өзенінің шегінде адамның шаруашылық іс-әрекетіне мониторинг жүргізетін және салдарын бағалайтын белгілі бір  стратегияны таңдау керек. Бұл стратегия кешенді тәсілдің негізінде құрылуы тиіс. Бұл тәсіл басты назарды локальді ластаушыларға бұруға басымдық беретін қағидадан және экологиялық жүйенің жекелеген құраушыларын оқшаулап басқару принциптерінен бас тартуды көздейді. Зерттеудің кешенді тәсілі кезінде экологиялық жүйе жан-жақты қарастырылады, су экожүйесінің қоршаған ортамен байланысы, энергия алмасуы ескеріледі. Бұдан басқа бұл тәсіл адамның шаруашылық іс-әрекетімен байланысты әлеуметтік-экономикалық және геосаяси факторларды да есепке алуы тиіс.

Жайық өзенінің Атырау облысының қуаң аудандары үшін маңызы зор, өйткені халықты сумен қамтамасыз етуге пайдаланылатын су көлемінің 70%-ы осы өзеннен алынады.  Табиғи жағдайда Жайық өзені мен оның салаларының жылдық ағындысының көпжылдық ауытқуы өте үлкен өзгергіштігімен ерекшеленеді. Ресей ғалымдарының деректері бойынша, Жайық Күшім тұстамасында орташа жылдық су өтімі 1921-2019 жж. аралығында 295 м3/с құрады. Суы мол жылдары 800 м3/с дейін жетсе, суы аз жылдары 89,1 м3/с азаяды. Кейбір гидрологиялық бекеттерден алынған  деректер бойынша орташа жылдық су өтімінің өзгергіштік коэффициенті 1,07-1,18 жетеді. Орташа жылдық су өтімінің ең төменгі орташа жылдық су өтіміне қатынасы 22-24 есені құрайды. Бұл алапта су қоймалары мен тоғандар салуға, өзен ағындысын көпжылдық реттеуді және басқа да шараларды жүзеге асыруға мәжбүрлейтін мәселе – тұрақсыз суды пайдалану факторы.  Сондықтан Ресей аумағындағы Жайық өзені ағындысы да, оның салаларының ағындысы да су қоймалары каскадымен реттеледі.

Трансшекаралық Жайық өзенінің негізгі қорек көзі – қысқы қар суы қоры. Қар жамылғысы алапта қыс айларында қалыптасады, бірақ оның Қазақстан-Ресей шекарасындағы судың нақты өтіміне әсері Ириклинск су қоймасының ағынды реттеуші ықпалының арқасында жыл бойы сақталады. Алапқа күзде жауған жайын-шашын мөлшері, түскен қар жамылғысының қалыңдығы, қардағы су қоры арқылы Жайық өзенінің сулылығын болжау трансшекаралық алаптың төменгі бөлігінде орналасқан Қазақстан Республикасы үшін өте маңызды.

Жайық өзенінің жоғарғы учаскесі жеткілікті деңгейде жиі тармақталған гидрографиялық желісімен сипатталады. Бұл учаскеде Жайыққа Үлкен Қызыл, Гумбейка, Зингейка, Үлкен Караганка және т.б. салалары құяды.  Трансшекаралық алаптың ең ірі үш гидротүйіні Верхнеуральск, Магнитогорск және Ириклинск су қоймалары осы учаскеде орналасқан. Бұл су қоймалары өнеркәсіп пен коммуналдық-тұрмыстық шаруашылықтарды сумен қамтамасыз ету бойынша кешенді міндеттерді шешеді.  Ортаңғы кең учаске басты өзеннен және ірі салалардан (Сакмара, Үлкен Ик, Салмыщ, Иртек, Ор, Елек және т.б. өзендерден) тұрады. Бұл жерде осы аймақтың ең негізгі өнеркәсіп орындары: Орск-Новотроицк, Орынбор және Елек өзенінің жоғарғы ағысында Ақтөбе өнеркәсіп орындары орналасқан.  Жайықтың салаларының бойында салынған анағұрлым ірі бөгендерге Сакмара өзеніндегі Сакмара су қоймасы, Үлкен Юшатырь өзеніндегі Оңтүстік-Башқұрт, Ташла өзеніндегі Акъярское су қоймасы, Үлкен Кумак өзеніндегі Жоғарғы Кумак бөгені, Меңдібай өзеніндегі Красночабанское су қоймасы, Елек өзенінде салынған Ақтөбе су қоймасы жатады.

Жайықтың төменгі ағысы нашар дамыған гидрографиялық желісімен сипатталады, онсыз да саны аз салалар (Шаған, Деркул, Солянка, Утва (Шыңғырлау) суының аздығымен ерекшеленеді. Өңірдің қосымша су беру көзі ретінде Жайықтан су алатын ұзындығы 1232 км шаруашылық аралық каналдар, Орал-Көшім суармалау-суландыру жүйесі жатады.

Алапта жүргізілген шаруашылық іс-әрекеттері және оның су ресурсына тигізетін әсеріне тоқталайық. Жайық өзенінің ағындысы мен су режиміне әсер ететін су шаруашылығы шараларына өзен ағындысын реттеуге, тұщы су қорын жинақтауға, басқа да маңызды функцияларды орындауға мүмкіндік беретін көптеген тоғандар мен су қоймаларын салу, су алу, ақаба суларын жіберу құрылғыларын, каналдар мен ауқымды мелиоративтік желі жүргізу жатады. Өзен ағындысы мен өзеннің су режиміне тікелей әсер ететін шаралардан басқа, алап беткейлерінің ағынды қалыптастырушы жағдайының және өзен желісіне жаңбыр, еріген қар суы және жер асты суларының түсу жағдайының өзгеруіне алып келетін су жинау алабының бетін антропогендік түрлендіру айтарлықтай елеулі, бірақ жанама әсерін тигізді.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғында Жайық өзені мен оның салаларының алабында су айдынының жалпы ауданы 671 км2, ал су  көлемі 4,5 км3 құрайтын 90-нан астам кіші, орташа және ірі бөгендер пайдаланылды.  Қазақстан Республикасының аумағында салынған ірі бөгендерге Елек өзенінің бойында салынған, толық көлемі 245 млн. м3 Ақтөбе бөгені, Қарғалы өзеніндегі Қарғалы бөгені жатады. Күшім каналы Киров бөгеніне (көлемі 62 млн м3), Бітік бөгеніне (көлемі 107 млн м3) және Дөңгелек бөгеніне (көлемі 57,4 млн м3) су жеткізеді.  Сакмара өзенінде 2005  жылы Сакмара бөгені (айдынының ауданы 5,8 км2 және су көлемі 30,6 млн м3) және 2010 жылы Аскаров бөгені (айдын ауданы 6,3 км2 және су көлемі 32 млн м3) салынды. Сакмара өзенінде бөгендер салу және су тұтынудың ұлғаюы өзеннің ағынды режимін бұзды. Бөгендер мен қосымша су астында қалған жерлерден жылына 1975 жылдың деңгейінде 0,26 км3 су буланса, қазір 0,45 км3 су буланады. Бірақ Жайық өзенінің ең мол ағындысын бөгендер мен реттеу төменгі бъефте жылына 0,14 км3/жыл – 0,40 км3/жыл су шығынын қысқартады. Демек, жоғарыда келтірілген деректер бөгендердің Жайық өзенінің көпжылдық орташаланған су ресурсына тигізетін әсерінің, біз ойлағандай соншалықты үлкен емес екенін көрсетеді. Бірақ, бөгендер мен көптеп салынған тоғандар нақты жылдардың ағындысына және өзендердің жылдық режимінің жекелеген элементтеріне айтарлықтай ықпалын тигізеді. Шындығында суы мол жылдары бөгендер мен тоғандарды толтыруға кететін су көлемінің үлесі әрі кетсе Жайық өзенінің жылдық ағынды көлемінің 15%-ын құрайды, ал суы аз жылдары ағынды көлемінің 85-90% -ы бөгендерді толтыруға жұмсалады.

Су тұтынудың өзен ағындысына тигізетін әсері елеулі. Су тұтынудың ұлғаюы 1950-1960 жылдары байқалды. Бұл Ириклинск және Верхнеуральск бөгендерін толтыруға кеткен су көлемімен, Магнитогорск, Гайск-Ириклинск, Ор-Новотроицкий, Медногорский және Орынбор өндіріс орындарына су алу, тың және тыңайған жерлерді игеру (1954-1960), көлтабандап суару және ұдайы суару көлемінің артуымен, Күшім каналына су алумен (1956 ж.) жаңа елді мекендердің пайда болуы және бұрыннан келе жатқан елді мекендердің ұлғаюымен түсіндіріледі.  1985-1990 жылдары жиынтық су алудың ең максимал мәні 4,69 км3 құраса, ал қайтымсыз су тұтыну 2,38 км3-ге жетті. Алынған су көлемінің басым бөлігі өнеркәсіпке (58,6%) және суармалауға (25,5%) жұмсалды. Оның үстіне Жайық өзені алабының Ресей және Қазақстан секторларындағы бұл экономика салаларының өзара қатынасы бір-біріне мүлдем қарама-қайшы, өйткені суармалы жерлердің басым бөлігі Қазақстан Республикасына тиесілі. Қазақстанда 260 мың гектар суармалы жер болса, Ресейде 100 мың га. Ал өнеркәсіп орындары мен электростанциялар Ресейде көп. Ауыл шаруашылығын сумен жабдықтауға және суландыруға, коммуналдық-тұрмыстық мұқтаждықтарға алынған судың тиісінше 8,3% және 7,5%-ы жұмсалды.  

1990 жылдары толық және қайтымсыз су тұтыну азая бастады, 1999-2007 жылдары 2,9 км3 құрады. Ресей тарапында 2,9 км3-дан 2,0-2,1 км3, ал Қазақстан тарапында 1,7 км3-тан 0,7-0,9 км3 азайды.  Соңғы жылдары өнеркәсіпке су тұтыну Ресей тарапында өсіп отыр. Жалпы алғанда су бетінен қосымша булану мен қайтымсыз су тұтыну 1985-1990 жылдары Жайықтың орташа жылдық ағындысын жуықтап, 2,44 км3/жыл немесе осы жылдары шартты-табиғи ағындыны 17-18%-ға  төмендетті, ал 1999-2013 жылдары 1,43  км3 (12-13%) төмендетті.  Жайық-Каспий су шаруашылығы алабының су ресурсы С.К. Дәулетқалиевтің есептеулері бойынша берілді. 

Су шаруашылығы алабының су ресурсы Жайық өзені, оның оң жақ және сол жақ салалары және Жайық алабына жатпайтын, қарастырылып отырған ауданның батыс және оңтүстік шығыс бөлігінде ағатын өзендер ағындысынан тұрады. Жайық өзенінің су ресурсы Күшім каналына алынатын суды есепке алмай, Күшім ауылы тұстамасы бойынша анықталған. Жайық өзені алабына жатпайтын өзендерге ауданның батыс және оңтүстік бөлігінің өзендері Қараөзен, Сарыөзен, Чижа-1. Чижа-2, Ойыл, Сағыз және т.б., ал Каспий ойпатының шығыс бөлігінің өзендері Куперанақты, Булдурты, Шідерті және т.б. кіреді. Жайық алабына кірмейтін өзендердің 1974-2007 жж. аралығы бойынша бағаланған су ресурсы 1,6 км3. Ресейдің Саратов облысынан Қараөзен және Сарыөзен бойынша келетін жиынтық су көлемі 0,58 км3. Қазақстан аумағында орналасқан гидрологиялық бекет бойынша бағалаған жағдайда, елімізге келетін судың көлемі 0,22 км3. Яғни осы вариант бойынша екі есе төмен. Бол. Узень және Мал. Узень ағындысын бағалау бақыланған су ресурсының табиғи су ресурсынан жоғары екенін көрсетті. Ағындының өсуін 1976 жылдан бастап Еділден келетін су көлемімен түсіндіруге болады. 

Жайыққа Қазақстан Республикасы шегінде сол жағалаудан құятын өзендердің бақыланған орташа жылдық ағынды көлемі 1,68 км3. Ал оң жағалаудан құятын өзендердің орташа жылдық ағындысы екі есе төмен, 0,81 км3 құрайды. Ал соңғы жылдары (1974-2007 жж.) оң жағалаудан құятын өзендердің жылдық ағынды көлемі Саратов облысынан келетін суды қоса алғанда 1,4 км3.  Жайық өзенінің сол жағалау бөлігінің су ресурсы сол жақ салалардан және Каспий ойпатының шығыс бөлігінің жеті өзенінің ағындысынан тұрады. Сол жағалаудың 1974-2007 жж. бойынша жалпы су ресурсы 1,68 км3. Бұл су ресурсында Елек өзені су ресурсының үлесі басым – 1,26 км3 құрайды. Ал Каспий маңы ойпаты өзендерінің үлесі айтарлықтай үлкен емес, бар болғаны жуықтап 0,2 км3 құрайды.   

Жайық-Каспий су шаруашылығы алабының оңтүстік бөлігінің өзендері Жем, Ойыл және Сағыздың бақыланған жиынтық орташа жылдық су ресурсы 0,67 км3, ал қамтамасыздығы 75%, суы аз жылдар үшін 0,5 км3, ал суы өте аз қамтамасыздығы 97% жылдар үшін 0,25 км3 құрайды. Оңтүстік өзендер ағындысының басым бөлігі Жем өзеніне тиесілі. 

Ресей Федерациясынан Жайық өзені арқылы Қазақстан  Республикасына келетін жиынтық су көлемі 8,7 км3, оның ішінде 4,5 км3 Жайыққа, ал 3,3 км3 Сакмара өзеніне тиесілі. Сулылығы аз, қамтамасыздығы 75% жылдары келетін су мөлшері 5,4 км3 азаяды. Ал сулылығы өте аз, қамтамасыздығы 97% жылдары бұл ресурстар 2,3 км3 – 3,3 км3 дейін азаяды. Жайыққа құймайтын өзендердің жергілікті су ресурсы (Саратов облысынан келетін суды есепке алмағанда) 2,8 км3 құрайды. Қазақстан аумағында қалыптасатын су ресурстары: Елек – Шелек ауылы (1,26 км3), Ор – Бөгетсай (0,12 км3), Шыңғырлау (Утва) –   Григорьевка (0,14 км3), Деркул –   Белес (0,08 км3), Барбастау – Барбастау ауылы (0,09 км3). Жиынтық су ресурсы 2,8 км3. Сулылығы аз, қамтамасыздығы 75 және 97% жылдарда жергілікті су ресурсы тиісінше 1,35 және 0,5 км3 азаюы мүмкін. Демек сулылығы аз  қуаңшылық жылдары жергілікті су ресурсы 5 есеге дейін азаяды. 

 Жайық-Каспий су шаруашылығы алабының бақыланған көпжылдық орташа су ресурсы 11,6 км3 құрайды. Ал Күшім каналы арқылы келетін су орта есеппен 0,59 км3. Осы каналдан келетін су ресурсын қоса алғанда алаптың су ресурсы – 12,2 км3.  Суы мол, қамтамасыздығы 25% жылдары Жайық-Каспий су шаруашылығы алабының бақыланған су ресурсы 14,8 км3 ұлғаяды. Сулылығы аз, қамтамасыздығы 75% жылдары алаптың жалпы су ресурсы 7,2 км3 азаяды, ал қамтамасыздығы 97% қуаңшылық жылдары 3,14 км3 дейін азаяды. 

Сонымен Жайық-Каспий су шаруашылығы алабының гидрологиялық жағдайы мынаған саяды:  Жайық өзенінің ағынды режимі Зайковтың жіктемесі бойынша Қазақстандық типке жатады. Бұл типке жататын өзендердің ағындысы  үлкен құбылмалылығымен ерекшеленеді. Ағынды режимі бұзылмаған кезеңде Жайық өзенінің орташа жылдық ағындысының вариация (өзгергіштік) коэфициенті кейбір бекеттерде бірден жоғары. Демек, су ресурсын басқару қиын өзенге жатады. Тіпті вариация коэффициенті Cv = 0,5÷0,6 тең өзендердің өзі ағындысы айтарлықтай құбылмалы өзеендерге жатқызылады. Ал вариация коэффициенті бірден жоғары болған жағдайда ағынды сипаттамаларының мәндерінің орташа мәннен ауытқуы барынша үлкен болады. Мысалы, Жайық өзенінде байқалған ең жоғары су өтімінің шамасы 14000 м3/с (1957 жыл) құраса, ең төменгі су өтімінің шамасы 13,6 м3/с (1938 жыл), яғни ең жоғары су өтімі ең төменгі су өтімінен 1030 есе жоғары. Ал орташа жылдық су өтімдерінің айырмашылығы ондаған есені құрайды. Суы мол жылдары Жайықтың су ресурсы 24 км3 құраса, суы аз жылы небары 2,6 км3 құрайды. 

Ал енді су аз болған жылы алапта қандай жағдай орын алады, соған ой жүгіртейік: ең алдымен Ресей тарапының жалпы су тұтыну көлемі 1999-2007 жылдардың дерегі бойынша 2,9 км3, ал Қазақстан тарапының су тұтыну көлемі 0,9 км3 құрайды. Жалпы алап бойынша су ресурсы тапшылығы 1,2 км3 құрайды. Ал қамтамасыздығы 95-97% су өте аз, қуаңшылық жылдары жағдай одан әрі ушығады. Жайықтың жоғары ағысында орналасқан үш бөгенге алаптағы барлық су қоймаларына жиналатын су көлемінің 96%-ы жинақталады. Бірақ олардың ішінде тек Ириклинск бөгені ғана ағындыны көпжылдық реттеуге бағытталған. Ал Верхнеуральск және Магнитогорск бөгендері маусымдық ағынды реттеуші нысанға жатады. Ириклинск бөгенінің пайдалы су көлемі 2,76 км3.  Көпжылдық деректер бойынша  Ириклинское бөгеніне көктемгі су тасқыны кезінде орта есеппен 1,2-1,3 км3 су келуі керек, ал 2021 жылы небары 0,3 км3 су келген. Ал жаз айларында секундына 6-9 м/с су келген. Жуықтап алғанда, жоғарыдан орта есеппен 0,08 км3 су келген, сонда вегетациялық кезеңде жоғарыдан келген су қоры небары 0,38 км3. Ал бөгеннен қосымша секундына 30 м3/с су төменге босатылған. Бөген көпжылдық ағынды реттеуші болғандықтан бөгеннің су қорынан 2021 жылы сәуірден қыркүйекке дейін төменге жуықтап 0,47 км3 су босатылған. Ал бұл жерде Орынбор өнеркәсіп зонасы бар. Демек Қазақстан аумағы су өте аз жылдары сыбағадан құр қалады.  

Жайық өзені арқылы Батыс Қазақстан облысынан Атырау қаласына орта есеппен 9,02 км3 су, ал қамтамасыздығы 75% су аз жылдары – 5,46 км3, қамтамасыздығы 97%,  сулылығы өте аз жылдары 3,0 км3 су келеді.   Сонымен қарастырылып отырған алаптың бақыланған жиынтық су ресурсы 11,5 км3, оның 8,67 км3 Жайық өзені арқылы Ресейден келеді. Саратов облысынан Бол. Узень және Мал. Узень арқылы  0,44 км3 су келеді. Ал қазақстандық бекеттердің дерегі бойынша 0,23 км3 су келеді. 

Жайық-Каспий су шаруашылығы  алабының  1 км2 ауданының су қорымен қамтамасыз етілуі – жылына 17200 м3. Ал сулылығы орташа жылдары жан басына шаққандағы су ресурсының үлесі 5278 м3/жыл. Ал сулылығы аз, қамтамасыздығы 75% жылдары 1 км2 ауданға 12500 м3/жыл су келсе, жан басына шаққанда 3853 м3/жыл келеді. Сонымен, Жайық-Каспий су шаруашылығы алабының жер беті су ресурсы Қиғаш қолтығында (Еділ өзені атырабының тармағы) жинақталған су қорын есепке алмағанда 11,0 км3. Сулылығы аз, қамтамасыздығы 75% жылы 7,2 км3. Ресейден сулылығы орташа жылдары келетін ағынды көлемі 8,4 км3.

Жайық-Каспий су шаруашылығы алабы өзендерінің ағындысы жылдар бойынша күрт өзгеріп тұрады. Суы мол жылдары ағынды көлемі сулылығы орташа жылдардың ағынды көлемімен салыстырғанда 3-5 есе мол болса, суы өте аз жылдары үш есе одан да көп есе төмен болады. Жайық алабы өзендері ағындысының көпжылдық жүргісінің ерекшелігі сулылығы төмен жылдардың жиі қайталануы, көп жағдайда суы аз жылдар бірінен соң бірі келеді де, су аз жылдар тобын құрайды. Осындай қуаңшылық байқалған жылдары Ресейден келетін су мөлшері күрт төмендейді, бұл табиғи құбылыс.

Мысалы соңғы үш жыл суы өте аз жылдар болды. Жайық өзенінің үш жыл бойынша есептелген орташа жылдық ағындысы небары 4,3 км3 құрады. Ал су тұтыну көлемі өзгерген жоқ, суы мол жылдары да, су өте аз жылдары да 3,8 км3. Нәтижесінде, қуаңшылық жылдары Жайық өзенінің төменгі ағысында апаттық жағдай қалыптасады. Оның үстіне суы сабасына түскен вегетациялық кезеңде Жайық өзені суының күрт азаюы, маусымдық су жетіспеушілік мәселені одан сайын шиеленістіреді.  

Бүгінгі таңда өткен ғасырдың 90-жылдарымен салыстырғанда ұдайы суаруға су тұтыну он есе, көлтабандап суаруға тұтыну 20 есе азайған. Кейбір дерек көздерінде 200 есеге дейін азайды деп көрсетіледі. Бұл экономиканың құлдырауынан, суармалы жерлердің, шабындық жерлердің жекенің қолына өтіп, олардың шаруашылық жүргізуге қаражатының жоқтығынан болып отыр. Болашақта бәрі қалпына келген кезде, су ресурсы тапшылығы өте өзекті мәселеге айналады.

Жайықтың болашақтағы жай-күйі, ағынды тұрақтылығы және оның су ресурсын, биологиялық және су-транспорттық ресурсын қауіпсіз пайдалану жөнінде айқындылық жоқ. Аймақтағы қазіргі климаттық өзгерістер және болашақта болуы мүмкін қолайсыз гидроклиматтық жағдайлар бойынша белгісіздік, сенімді болжам жасауға мүмкіндік бермейді. Бұл ағымдағы гидрологиялық жағдаятқа мониторинг жасаумен ғана шектелмей, бақыланған гидрологиялық өзгерістерге  объективті талдау жасаудың, тиісті ағынды өзгерістерінің бағытын, олардың кеңістіктік-уақыттық заңдылықтарын анықтауды, осы өзгерістердің себебі мен салдарын, оның табиғатын анықтауды, тіркелген өзгерістегі әрбір фактордың үлесін айқындауды талап етеді. Өзен ағындысының қалыптасу жағдайы мен транзитінің өзгеріске ұшырауын есепке ала отырып, өзен ағындысының негізгі сипаттамаларын сенімді бағалау қажет.

Қазақстандық гидрологтар өзендердің гидрологиялық режимін зерттеу кезінде негізінен орташа жылдық су өтімін, жылдық ағынды үлестірімін және ең жоғары су өтімін бағалауға басымдық береді. Өзендердің ең аз ағындысы да, су тасқыны секілді апаттық құбылысқа жататындығы назардан тыс қалды. Ең аз ағынды бойынша зерттеу жұмыстары жоқтың қасы.  Өзен ағындысының ұзақтық қисығы да, қамтамасыздық қисығы да ең аз ағынды кезеңінің ұзақтығы жөнінде ақпарат бермейді. Ағынды есептеудің бұл әдістері сабалық кезеңде туындауы мүмкін ағынды тапшылығының көлемін де көрсетпейді. Ол үшін қандай да бір ең аз ағындының «шекті» мәнін енгізу қажет. Ең аз ағындының «шекті» мәнінен төмен өзен ағындысы сабалық ағынды деп аталады және су тапшылығымен сипатталады. Су өтімінің «шекті» мәннен төмендеуі байқалған кезең су тапшылығы кезеңі деп аталады. Сонымен су тапшылығы үлестірімінің статистикалық қасиеттері мен су тапшылығы ұзақтығын зерттеу ұсынылады. «Шекті» мән түрлі өзендер үшін бөлек-бөлек таңдалады. Шекті мәнді таңдау әртүрлі су шаруашылығы қажеттіліктерін қамтамасыз ету тұрғысынан және өзеннің су режиміне сәйкес жүзеге асырылады. Тұрақты ағынсуларда гидрологиялық қуаңшылықтың сипаттамаларын айқындау үшін «шекті» мән қамтамасыз қисығының 70-90% квантильдері аралығынан белгіленеді.

Су тапшылығының негізгі есептік сипаттамалары: су тапшылығы кезеңінің ұзақтығы, су тапшылығы тереңдігі (жиынтық су тапшылығы) және су тапшылығы қарқындылығы (су тапшылығы ұзақтығының су тапшылығы тереңдігіне қатынасы). Егер зерттеу сабалық кезеңі ұзаққа созылатын өзендер үшін жүргізілетін болса, онда бұл сипаттамалар жыл сайын байқалатын шамалар түрінде көрініс береді. Әр жыл сайын осындай сипаттамаларды анықтап, экстремальды мәндер қатарын алуға болады. Алынған экстремальды су тапшылығы қатарларын статистикалық өңдеуден өткізіп, ықтималдық үлестірім қисықтарын тұрғызуға болады.  Сонымен қатар, ең аз ағындының ағынды тапшылығы, ағынды тапшылығы кезеңінің ұзақтығы, су тапшылығы кезеңінің басталу және аяқталу датасын, су тапшылығының ең үлкен көлемі сияқты ең маңызды сипаттамаларын талдау және әрі қарай интерпретациялау үшін стохастикалық модельдерді ұсыну керек. Трансшекаралық өзендердің су ресурсын пайдалануды бірыңғайландыру үшін бірқатар шараларды жүзеге асыру қажет: өзен алабының қолда бар ақпараттарының негізінде кадастр жасау, су шаруашылығы заңдарының ерекшеліктерін анықтау.  Қалыптасқан жағдайдан шығудың жолы – су ресурстарын басқару тетіктерін іске қосу. Министрліктер мен түрлі мекемелер арасындағы су ресурсын басқару бойынша жұмыстарды барынша тиімді үйлестіру керек. Су ресурсын үнемдеу технологияларына көшу, тамшылатып суару, өндіріске айналмалы сумен жабдықтауды енгізуді одан әрі ұлғайту, ескі су магистральдарын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу күн тәртібінен түспеуі тиіс. Өзен ағындысын көпжылдық реттеу, су мол жылдары мол су қорын жинақтап, суы аз жылдары беріп отыру. Суы мол жылдары ауыл шаруашылығы саласында жеткілікті жем-шөп қорын жинап алу. Су аз жылдары Ресей мемлекетімен трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану келісімдерінің сақталуына қол жеткізу керек. Бұдан басқа жол жоқ.  

1229 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз