• Ел мұраты
  • 28 Ақпан, 2022

МӘНШҮКТІҢ ЕРЛІГІ АМЕРИКА ЖҰРТЫНА ДА ҮЛГІ БОЛДЫ

Ұлы Отан соғысының қанды майданында қасиетті жерімізді неміс басқыншыларынан қорғап қалуда  қыз-келіншектердің қосқан үлесі зор. Жеңіс күнін жақындатуға үлесін қосқан қазақ қыздары ұлтқа тән мінез бен қасиеттің үлгі өнегесін көрсетті. Әйгілі қолбасшы Бауыржан Момышұлы: «Адамдар бір-біріне өзара қарыздарлығын әрқашанда ойлай жүруі керек. Әсіресе Отан соғысы ардагерлерінің еңбегін ерекше бағалай білуі қажет. Ер өледі, ел қалады. Есімі ел жүрегінде сақталған ер ғана бақытты»,- деп айтқан еді. Даңқты батыр айтса айтқандай, қазақ  халқы батыр қызын қастерлеп, ұлттық мақтанышына айналдырды.  Соғыстан кейін дүниеге келген сәбидің есімін әр ата-атаның «Мәншүк» деп атауы да сондықтан еді. Шығыс қыздарының арасында алғаш болып, Кеңес Одағының Батыры атанған қазақ қызының есімі бұл күнде аңызға айналды. 2022 жылы қаһарман  қыздың туғанына 100 жыл толып отыр.  

Мәншүк Мәметова (шын есімі Мәнсия) 1922 жылы 2 қазанда Орал облысы Бөкей Ордасында дүниеге келген.  Анасының еркелетіп қойған аты – Моншақ. Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған Шығыстағы екі қыздың бірі.

Мәншүк туралы жазылған деректерге сүйенсек, Жеңсікәлі мен Тойылшаның төрт ұлдан кейін көрген жалғыз қызы Мәншүкті перзент сүймеген Ахмет пен Әмина ерекше жақсы көріп, оны бес-алты жасында ата-анасынан сұрап алып, бауырларына басады. Тойылша қызын беруге қимаса да, Ахмет «Оқытамын, өз баламдай тәрбиелеймін, бірақ өз атыма көшіріп аламын» деп қиылып қоймаған соң, әкесі Жеңсікәлі: «Жақсы көретін інім едің, көңіліңді қалдырмайын, енді саған аманат», – деп Мәншүкті немере інісі мен келініне біржола тапсырады. Бұл кезде Ахмет Н.Г.Чернышевский атындағы Саратов университетінің  медицина, ал Әмина филология факультетінде оқып жүрген еді. Университетті бітіргеннен кейін  1927-1930 жылдар аралығында Ахмет  Мәметов зайыбы  Әмина мен  кішкентай Мәншүкті ертіп, Маңғыстау, Семей өңірлерінде дәрігер, 1930 жылы  Алматы қаласында Қазақ тері және жұқпалы аурулар ғылыми-зерттеу институтының алғашқы директоры болды. Осы кезде ол жұқпалы тері аурулары және одан сақтанудың жолдары жөнінде жиырмаға жуық ғылыми еңбек жазды. Ал 1932 жылы ол Орал облыстық денсаулық сақтау бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып келіп, Орал қаласында қазіргі Нариманов көшесіндегі Мәншүк музейі орналасқан үйде тұрады. Бұл кезде Мәншүк он жас шамасында.  Осы жылы Мәншүктің туған анасы Тойылша, араға екі жыл салып әкесі Жеңсікәлі қайтыс болады. 1934 жылы Ахмет қайтадан  Алматы қалалық ауруханасына қызмет ауыстырады.

Мәншүк Алматыдағы № 28 мектептің (қазіргі кезде Мәншүк атындағы мектеп) жетінші класын бітіргеннен кейін, медицина институты жанынан ашылған жұмысшы факультетіне түсіп оқиды. Жұмысшылар факультеті – фабрикалар мен заводтарда, сол уақыттағы колхоздар мен кеңшарларда еңбек еткен ересектер үшін ашылған (үш жылдық) оқу орны еді. Осы оқудың бірден екінші курсына қабылданып, жыл жарымда бітіріп шыққан ол 1940 жылы медицина институтының бірінші курсында оқуын жалғастырды. Әкесі Ахмет сияқты дәрігер болу арманына осы жұмысшылар факультеті арқылы жеткендей болып еді. Алайда 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда, ол өз еркімен майданға сұранып: «Мен, Мәметова Мәншүк, 1922 жылы кедей шаруаның отбасында дүниеге келгенмін. Ата-анам қазіргі уақытта қайтыс болған. Жұмысшы факультетін оқып бітіргенмін, қазір Халкомкеңесте Халық комиссарлары кеңесі төрағасы орынбасарының жеке хатшысы болып қызмет етемін. Өмірбаяным жөнінен қысқаша мағлұмат бере отырып, Сізден ағаларым және апаларыммен (қарулас) бірге фашист қарақшыларды талқандап құрту үшін мені майданға жіберуіңізді сұрағым келеді, өйткені майданға баратындай ағайым да, апайым да (отбасымда) жоқ, сол себептен де өзім сұранамын.

Өтінішімді қанағаттандыруыңызды сұраймын. 1939 жылдан комсомол мүшесі. 27.08. 1941 ж. (Мәметова)» деп өтініш жазды. Осы тұста айта кету керек.  Белгілі ғалым М.Қозыбаев өз еркімен майданға сұранып, өтініш жазған қазақстандықтардың 40 пайызы қыз-келіншектер болғандығын  жазған еді. Осылайша Мәншүктің өтініші қабылданып, ол 1942 жылы тамыз айында  Алматыда құрылған 100-атқыштар бригадасының құрамында майданға аттанды. Алғашқы кезде Мәншүк штабта, саяси бөлімде машинкаға қағаз басушы болып қызмет жасап жүрді. Бірақ ол: «Мұндай жұмысты мен тылда да атқардым, бейбіт еңбекті, оқуды тастап, Алматыдан аттанғанда Отанымды қолыма қару алып қорғаймын деп ант еткенмін» деп, алдыңғы шепте  жаумен шайқасуға тілек білдіреді. Бригада командирінің саяси жұмыс жөніндегі орынбасары подполковник Сақтаған Бәйішев, Великие Луки қаласы үшін ұрыстардан шамалы-ақ күн бұрын Мәншүктің бұл тілегін қабыл алып, оны пулеметшілер ротасына жіберу жөнінде бригада командирі алдында мәселе қойды. Сөйтіп, Мәншүк осы күннен бастап, үш адам әрең көтеретін пулеметті оқып-үйренуге кірісті. Көп ұзамай жас қыз ротадағы пулеметшілердің ешқайсысынан кем түспейтін сенімді жауынгерлердің біріне айналды. Осылайша Мәншүктің пулеметшілер ротасына ауысқан тұсында неміс фашистерінің Сталинград қаласын алқымға алып, Солтүстік Кавказға қол созған соғыстың аса бір қиын кезеңі еді.

Әмина Сүлейменқызы және Мәншүк 1935 жыл. 

 

Осы орайда, Мәншүкпен бірге 100-дербес атқыштар бригадасының байланысшысы болған А.Халимулдина: «Мәншүктің пулеметші болуына мынандай бір оқиға себеп болды. Великие Луки қаласына қарай шабуылға шығудан бұрын, жаумен болған бір шайқас кезінде көптеген санитарлар жараланып қалды. Олардың орнына штабтың бірнеше қызметкерлері және Мәншүк ұрыс жүріп жатқан шепке барып, жараланған жауынгерлерді қауіпсіз жерлерге шығарды. Мәншүк қасымда жүр еді, аяқ астынан жоқ болып кетті. «Ойпырмай, Мәншүкке не болды»,-деп үрейленген мен жараланған жауынгерді қолтықтап, санбатқа жеткіздім. Біраздан соң немістер кейін шегініп, ұрыс аяқталды. Жараланғандарға операция жасалып жатқан жертөледен енді шыға берсем, есік алдында Мәншүк тұр екен. – «Мәншүк, саған не болды, қайда жоғалып кеттің?» – дедім. - «Алдыңғы шепте бір пулеметтің үні өшіп қалған соң, жараланғандар болса көмек көрсетейін деп бардым. Пулеметшілердің бәрі оққа ұшқан екен. Осы сәтті пайдаланып, бір топ фашист лап қойды. Мен жалма - жан пулеметтің  жанына жантая кетіп, гашеткасын басып-басып жіберіп едім, оқ борап қоя берді. Оғым таусылғанша атып, жауды жайратып салдым. Енді мені «штабная крыса» демей,  пулеметші деп атасаң болады»,  деп Мәншүк сақ-сақ күлді.

Міне, сол күннен бастап Мәншүк пулеметшілер ротасына жіберіңдер деп, бөлім командирі мен саяси қызметкерлеріне өтініш жасады. Ақыры мақсатына жетті» , – дейді.

1943 жылы қазан айының басында 100-атқыштар бригадасы Невель қаласын азат етуге тиіс болды. Невель – Белоруссия, Балтық жағалауы, сондай-ақ Ленинград бағытындағы  темір жол торабы бойында  орналасқан стратегиялық маңызды қала болатын.  Осы шайқас алдында 11 қазан күні Мәншүк анасы Әминаға төмендегіше хат жолдады: «Ардақты анашым! Қазір мен алдыңғы шепте жүрмін. Тағы да хат жаза алам ба білмеймін, сондықтан открытка салып отырмын. Әзірге денсаулық жақсы. Қымбатты анашым, бізден бәлкім делегация барар болса, қалған жаңалықты естіп біле жатарсыз. Көп жазудың қисыны қазір келмейді.  Менен ендігі хатты алдағы тұрған ұрыстардан кейін күтіңдер. Хатты жиірек жазыңыз. Барлығыңызға менен сәлем. Мен үшін Динаның бетінен  шөпілдетіп сүйіңіз, ал ол Сізді тыңдайтын болсын. Хош, Сізді қатты құшып сүйемін, қызыңыз Мәншүк. 11.10. 43 ж.». Бұл Мәншүктің анасына жазған соңғы хаты болды. 15 қазан күні Невель қаласы үшін болған ұрыста ол ерлікпен қаза тапты.

Мәншүк Мәметованы мәңгі есте қалдыруды көздеп, Невель қалалық Советі атқару комитетінің бірінші мәжілісінде қаланың бұрынғы Приамурская көшесін пулеметші қазақ қызы Мәншүк Мәметованың есімімен атауға шешім қабылданды. Бұл жөнінде жазушы Ә. Нұршайықов «Невель түбінде» атты повесінде: «1943 жылдың мамыр айында, біз қорғаныста тұрған кезде,   бригада командирінің жауынгерлік  жұмыс жөніндегі орынбасары болып подполковник Әбілқайыр Баймолдин келді. Ол өте ұлтжанды, жігерлі, жалынды азамат еді. Бұл азамат келгеннен  кейін бригадада  қалған аздаған қазақ жігіттерінің еңсесі көтеріліп қалды. Ол Мәскеудегі В.И.Ленин атындағы саяси академияны  бітірген алғашқы қазақ еді... 100-бригада Невельді  азат етуге қатысып, фашистерді қуғаннан кейін Баймолдин сол қаланың  коменданты болып тағайындалды. Сол ұрыстарда опат болған атақты пулеметші Мәншүк Мәметова мен бригаданың атақты мергені Ыбырайым Сүлейменовтың денесін Баймолдин Невель қаласының орталығына әкеп қойғызды. Невель қалалық кеңесінің қаулысын шығартып, Невельдің екі көшесін Мәншүк пен Ыбырайым атына бергізді», – деген мәлімет береді.

Қазақтың қайсар  қызының ауыр қазасы жөнінде 100-атқыштар бригадасының жауынгерлері: «Аға сержант М.Мәметова жолдас өмірінің соңғы минутына дейін фашистік жауыздарды аямай жойды. 1943 жылдың 15 октябрінде болған шайқаста Мәметова жолдас жаудың боратып атқан оғына, сондай-ақ өзінің жаралануына қарамастан жауды атқылап, шабуылға шыққан бөлімдердің тоқтаусыз алға басуын қамтамасыз етіп отырды. Шексіз батырлығымен жауынгерлерге жаңа жігер тудырып, оларға фашистерді құртуда бар күштерін жұмсауға зор дем берді. Мәншүктің өлімі біз үшін – майдандас, қарулас, жолдастары үшін зор қайғы. Бұл хабар оның шынайы анасы болған, оны батыл да батыр, Отаны, халқы үшін жанын қиюға әр кезде дайын тұратын етіп өсірген Сізге  аса ауыр тиетінін біз жақсы түсінеміз. Біз жалынды патриотканың жауынгерлік дәстүрін әр кезде үлгі етеміз, Ұлы Отан соғысының батыры ретінде есімізде мәңгі сақтаймыз...», – деп Мәншүктің анасы Әминаға хат жазып, көңіл айтты.

Қазақтың батыр қызының жауынгерлік ерлігі миллиондаған кеңес жастарының жүрегінде зор патриоттық сезім, мақтаныш туғызғанын айтып, Мәншүктің анасына  жазылған хаттар осылайша толассыз келіп жатты. Жалпы, Әмина анамызға Мәлік Ғабдуллин, Әзілхан Нұршайықов сияқты қазақ қайраткерлерінің де жазған хаттары белгілі. Ал алыстағы  американдық антифашист Стив Гаррисоннан  келген хат туралы біріміз білсек, біріміз білмейміз. Демек, мақаламыздың  арқауына айналып отырған осы хат жөнінде айтсақ, «Правда» газетінің 1982 жылы 26 қазан күні  (№299) санында «Помнят Маншук» атты шағын мақала жарияланған. Мақала  авторы А. Птущенко Семей медицина институты жанынан М.Мәметова атындағы музейдің жаңадан ашылғандығын  жазады.  Сондай-ақ ол музейдің көрме залындағы  құнды жәдігерлердің арасында Мәншүктің  анасына жазған хаттары және оның анасы Әмина Сүлейменоваға   екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан американдық антифашист суретші Стив Гаррисонның   жазған хаты да бар екенін айтады. Демек, Стив Гаррисонның 1977 жылы қазан айында Әмина Сүлейменоваға  жазған хаты былайша баяндалады: «Госпожа Маметова, я являюсь участником второй мировой войны. Я своими глазами видел фашизм и горжусь, что боролся против него. Теперь когда прошло очень много лет, я взял, наконец, смелость осуществить свою мечту, которая зародилась впервые на войне: воссоздать на фреске образ молодого воина. Я помню хорошо, как мы, американцы, были восхищены, когда услышали о мужестве казахской девочки М.Маметовой. Этот листок газеты я сохранил, чтобы показать после возвращения к своим детям, молодежи, которая совсем не знали про Казахстан. Так вот после долгих раздумий я решил сделать героем  своей фрески Вашу дочь, потому что она дочь Востока! Это будеть иметь успех, потому что современные молодые американцы будут поражаться, когда узнают, как храбро билось с фашистами это казахское чудо – Маметова, которая родилась в степной стране Казахстан, а погибла героически защищая землю России...  Для работы вышлите хотя одно ее фронтовое письмо и фото!». Ал ғалым Г.Нұрбекова  1988 жылы жарияланған «Женщины Казахстана – фронту» атты монографиялық еңбегінде  жоғарыда айтылған  «Правда» газетіне сілтеме жасай отырып,  Семей медицина институтының М.Мәметова музейінде суретші С.Гаррисонның жазған хаты сақталғанын жазған (Нурбекова Г. Д. Женщины Казахстана фронту. – Алма-Ата: Казахстан. 1988. 22-бет.).  Осы дерек бойынша, енді  біз  Семей медициналық университетінің жанындағы  Кеңес Одағының Батыры М.Мәметова  және университет тарихы музейінің директоры Құттыбаева Сандуғаш Төлеуғалиқызына хабарласқанымызда, американдық суретшінің хаты музей қорында сақталмағандығын жеткізді. Бірақ  ол бізге жоғарыда айтылғандай, 1982 жылы «Правда» газетіне  мақала жариялаған автор А.Птущенконың  1986 жылы 19 сәуір күні «Британ-Кеңес достығы» журналының редакторы, К.Маркс атындағы Лондон кітапханасының жетекшісі  А.Ф.Родштейнға суретші Стив Гаррисон туралы мәліметтер сұрап жазған мына хатты жіберді. Оқырманға түсінікті болу үшін хат мазмұнын толық күйінде бергенді жөн санадық. «Дорогой Андрей Федорович! Большое спасибо за Ваше письмо от 8 марта 1986 года. С ответом мы задержались, поскольку нам надо было перепечатать поэму Мариям Хакимжановой «Маншук». Мы эту поэму с большим удовольствием высылаем Вам. Большое спасибо за Ваше беспокойство и твердость в подготовке публикации статьи о книге «Звездный час Маншук» с ее портретом в апрельском номере журнала «Британо-советской дружбы», который мы ждем с большим нетерпением. Мы рады, что Вы познакомились с нашей землячкой Амиржановой. Она проживает в г. Алма-Ате, мы ей напишем, чтобы она сообщила о своих впечатлениях пребывания в Лондоне и встречи с Вами. Как то было не к месту, поэтому мы не сообщали о кончине матери Маншук – Амины Сулейменовны Маметовой, которая скончалась 1 апреля 1985 г. Мы вам высылаем вырезку из газеты «Казахстанская правда» от 5 апреля 1985 г. о соболезнованиях ее родным. А.И. Халимулдина бесконечна признательна за то, что отзыв ее о «Звездном часе Маншук» будет опубликован в журнале «Британо-советской дружбы».  Мы также на днях получили Ваше письмо от 15 марта с. г. на имя Н.С. Гаева, в котором Вы даете  высокую оценку его работе по изображению Маншук. Мы сегодня отправили Ваше письмо Н.С. Гаеву в Алма-Ату и думаем, что он будет беспредельно рад. Он напишет Вам об этом. Дорогой Андрей Федорович! У нас необычная просьба к Вам. Дело в том, что в 1977 году американский художник – антифашист, который участвовал во Второй мировой войне, Стив Гаррисон прислал письмо А.С.Маметовой, в котором сообщал, что у него сохранилась газета с изображением Маншук и с описанием о ее подвиге. Он сохранил ее, чтобы показать своим детям, «как сражалась  это казахское чудо – Маметова с фашистами». И для  того, чтобы увековечить  память Героя Второй мировой войны, он решил изобразить на фреске образ Маншук Маметовой. Он просил от матери Маншук хотя бы одну фотографию с фронта и письмо. Очень хотелось разыскать Стива Гаррисона, либо кого-нибудь и узнать о судьбе этой фрески. Не могли бы Вы нам посоветовать в этом. Так как наши поиски безрезультатны. Председатель совета музея, доцент Птущенко А. Л.  19.04.1986.». Демек,  қазақтың батыр қызының  ерлігіне тәнті болған американдық антифашист суретші Стив Гаррисон туралы   дерек мәліметтерді  іздестіруді жалғастыру – бүгінгі жас ұрпақ  парызы.  Өйткені сұрапыл шайқаста қазақ халқының ұлттық мінезі мен қасиетін әлем халқына паш еткен қазақтың қаһарман қызының ерлігіне  бүгінгі ұрпақ қарыздармыз...  Ұлы тұлғаларды ұлықтап,  ұлттық рухты жаңғырту  тарихи сананы серпілтудің басты кепілі болып табылады.

Бақтылы Боранбаева,

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

1107 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз