• Еркін ой мінбері
  • 28 Ақпан, 2022

ҚАЗАҚСТАНДА ЖАҚСЫ АДАМДАР КӨП ПЕ?

Қастер Сарқытқан,
Абай атындағы ҚазҰПУ оқытушысы

«Мемлекеттің күштілігі мен қуаттылығы онда өмір сүретін жақсы адамдардың санына байланысты»

Джон Рескин

«Терроризм», «террорист» деген сөздерден ат үркердей үрей санаңа енетіні рас. Қоғам бұл сөздермен «таныс» болғалы да талай жылдың жүзі болды. Алайда күні кеше ғана ел ауқымында анталаған атыста бұл сөздер тіпті де жақын, тіпті де үрейлі естілді. Біздің халық бұл сөздердің қорғасындай салмағы мен қорқынышын  дәл осы күндердегідей жүрек түкпірінен сезініп көрмеген еді. Сондықтан сөзімізді терроризмге анықтама беруден бастайық.

Кез-келген атауды, теорияны айтудан  ілгері оның анықтамасын мұқият оқып, түсінген дұрыс. Егер, термин, анықтама түсінікке ауыр болып тұрса, онда осы терминнің сөздік төркініне үңілген жөн. Сонда, түсінік күрмеуі ағытылған түйіндей өзі-ақ тарқатыла береді. Сол тәсілмен «терроризм» сөзінің төркініне үңілер болсақ, оның латынның «terror» яғни «қорқыныш», «үрей» деген сөзінен алынғанын білеміз. Анықтап айтқанда адамдардың денсаулығына, өміріне, мал-дүниесіне қорқытып-үркітіп, қауіп төндіру арқылы өздерінің  мақсатына жету әрекеті. Ал заңдық тұрғыдан анықтама берер болсақ:  Қазақстан Республикасының 1999 жылы қабылданған «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» заңында: « терроризм – күш қолдану идеологиясы және халықты үрейлендіруге байланысты жеке адамға, қоғам мен мемлекетке залал келтіруге бағытталған күш қолдану әрекеті немесе өзге де қылмыстық әрекеттерді жасау не жасаймын деп қорқыту жолымен мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының немесе халықаралық ұйымдардың  шешім қабылдауына әсер ету практикасы» деп жазылған /https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z990000416/. Осыған сай, еліміздегі орын алған жағдайларды террористік іс-қимыл деп атауға заңдық негіз бар .

Қазір дүниежүзінде асқынған саяси, этникалық, діни, экономикалық, әлеуметтік шиленістер мен қақтығыстар, дағдарыстар терроризмді әлемнің барлық жерінде және  кез-келген уақытта орын алуға дайын құбылыс етіп қалыптастырып үлгерді. Оның пайда болу себебі мен ауқымы, дәрежесі түрліше әрі көп қырлы болғандықтан оны толыққанды тоқтатуға ешбір мемлекеттің құзыреті жетпей отыр. Алайда зерттеулер террорлық актілердің де мемлекеттердің жағдайына байланысты түрліше деңгейде екенін көрсетеді. Мысалы, ұлттық экономикасы тоқыраған, әлеуметтік мәселелері шиеленіскен, саяси жүйесі тығырыққа тірелген, оның үстіне түрлі этникалық, діни топтар көп шоғырланған мемлекеттерде бұл актілердің өзге елдерге қарағанда жиі әрі ауқымды түрде орын алатыны анықталып отыр. Өкініштісі сол – бұл заңсыз іс-қимылдар әлемдік қауымдастық қанша күш-жігерін салса да, жыл өткен сайын асқынып барады. Мысалы, 2010 жылы террористік актілер салдарынан 13186 адам қаза болса,  2018 жылы бұл сан 32836-ға, 2019 жылы 25082-ге жеткен. Ал оның құрбаны болып көбінесе бейбіт тұрғындар, жас балалар зардап шегуде/ https://s trategy2050.kz/news. 12.04.21/.                  

 Елімізде бұрқ етіп қайнап, тасып барып басылған, сан-салалы залал әкелген оқиға да жоғарыда айтылған себептермен үндес. Егер, мемлекеттің  созылмалы «сырқатына» айналған бұл дерттер оңалмаса, Қазақстанда осы тектес оқиғалар қайталана беруі мүмкін. Ол үшін  «заң – мемлекеттің тоғыз қабат, тор көзді сауыты» деп Шерхан Мұртаза айтқандай, заң әділдігі салтанат құруы тиіс.

Бұл зобалаңда жапа шеккен де, ұтылған да – халық болды. Себебі, құрбан болған, жарақат алған сарбаздар да, арандатушы содырлардың құрығына түсіп, дүрмектің ішінде кеткен жастар да бәрі қарапайым халық. Қираған мүлік те, тоналған зат та қарапайым азаматтардың меншігі. Мемлекет олардың материалдық шығынын өтеп берер, бірақ біз үнемі айтатын мемлекет деген өзі не? Мемлекет дегеніміз – белгілі бір аумаққа құқықтық иелік етіп, сол жерде қоныстанған халықтың дамуына жан-жақты мүмкіндік беретін әрі қоғамның дамуы тұрғысынан туындайтын көптеген ортақ істерді атқаруға қажетті басқарудың жоғарғы дәрежедегі ұйымдасқан саяси жүйесі/ Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Әлеуметтану және саясаттану бойынша/. Демек, шын мәнінде мемлекеттің өзегі де, жүрегі де – халық. Мемлекет жақсы болса, халық бақытты, халық бақытты болса, мемлекет қуатты болады немесе керісінше. Ал халық деген – сіз бен біз. Қаңтар оқиғасы кезіндегі Алматыдағы шығын 112 млрд. теңгеден асты (https://mail.kz/kz/news/17.01.2022). Бұл әлі де өсуі мүмкін. Ол шығындарды өтеуді мемлекет  өз мойнына алды. Мемлекет оны «Қазақстан халқына» қоры арқылы өтеуді басты мақсат етіп отыр.  «Қазақстан халқына» қорына 12 млрд. теңге жиналды (https://khabar.kz/kk/news/17.01.2022).

Жалпы 100 млрд. теңге түседі деген жоспар бар. Жоспар орындалар, алайда мемлекеттің көмегі онымен тоқтап қалмайды, одан да тыс шығындар бар. Сондықтан «мемлекет өтейді» – деген сөзді – «халық төлейді» десек, артық кетпеспіз. Өйткені, жетіспеген және басқа да қажеттіліктер үшін қаржыны салықтан, бюджеттен, ұлттық қордан және т.б. отандық табыс көздерінен алуы мүмкін. Айналып келгенде Қазақстан өзінің ұлттық байлығынан жұмсайды. Ал оның ішінде сол бұзақылардың да, біздің де, ұрпақтарымыздың да  несібесі бар. Қаншама мектеп, емхана, жол салуға, қаншама адамды емдетуге жетер қаржы текке кетті. Ойласаң өзегіңді өрт шалады.

Кезінде Жапонияда цунами апаты болып, салдарынан қаладағы дүкен заттары шашылып қалғанда бірде-бір жапон азаматы қол сұқпастан жинап-теріп иесіне табыстаған болатын. Бұл кедейшіліктің материалдық дүниеде ғана емес, рухани сана деңгейінде өмір сүретінін көрсетсе керек. Әлемнің шиленісті аймақтарында талай қала күйреді, бірақ оны шетелдік күштер күйретті. Ал бізде өзіміз бастамашы болдық оған төрткүл дүние тіксіне қарады. Кім біледі, бізді «Террористер елі» – деп атауы да мүмкін. Ал ондай  атқа қалу  шетелдік  инвестицияны тартуға, қаржы әкелуге, қолдау мен сенімділікке ие ететін барлық жағдайға селкеу түсіріп, жолын жабары анық. Алла оның бетін ары қылсын.

 Енді не істегеніміз жөн? Бұның жауабын сөз басында айтқанымыздай, терминдерді түсінуде сөздердің астарына үңілу тұрғысынан қарастырып көрелік. Әр иероглифті философиялық тұрғыда қарастырған қытайлар дағдарыс деген сөзді  «қауып-қатер және мүмкіндік деген екі сөзбен білдіреді. Бұл қиындықтың да мүмкіндігі бар, кез-келген дағдарыстан шығуға болады деген ойға негізделген.  Сол секілді  «террор» – деген сөзді де мазасыздық, қорқыныш деген екі иероглифпен жазады. Оның алдыңғы  иероглифі «бекемдеу және жүрек» мағынасын беретін қос иероглифтен құралады. Айтпағы –  үрейге бой алдырмау (жүректі орнықтыру) керек.

Демек, ақыл-есті жинап,  одан сабақ алып, ендігі істі орнықты, шынайы істеу керек дегенді ұғындырады. Міне, бізге қазіргі сәтте керегі осы. Біз президентке және оның жасақтаған өкіметіне сеніммен қарауымыз керек. Оларға жұмыс жасауға уақыт пен мүмкіндік беруіміз қажет. Жұмысты бастамай жатып, мін тағудың, үмітсізденудің қажеті жоқ. Үлкен реформалардың болатыны даусыз, басталып та кетті. Ағылшындарда «present» – деген бір жақсы сөз бар. Бұл «қазір, осы шақ» және «сыйлық, сый» – деген мәндерді береді. Демек, осы шақ бізге Тәңірдің берген сыйы. Осы сыйды отанымыздың болашағы үшін сыйға тартайық (қытай және ағылшын сөздерін этимологиялық тұрғыда алып отырмын. Одан басқа астар іздеудің қажеті жоқ – автор). Еліміз үшін үрей мен қорқыныштың соңы осы болып, алда келе жатқан жаңа жылымыз – Ұлыстың ұлы күнінен бастап күннің түнді ұтарындай, жақсылық еліміз аспанында  еселеп арта береріне сенемін. Себебі, біздің елде жақсы адамдар қатары өте көп...

5837 рет

көрсетілді

250

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз