• Ел мұраты
  • 20 Наурыз, 2022

ЕЛ АЛҒЫСЫНА БӨЛЕНГЕН АРДАҚТЫ АЗАМАТ

Жүйрік аттай жүйткіген бүгінгі уақыт-мезгілде, ел жайын ойлап тебіренгенде, оның игі-жақсыларының есімдерін ілтипатпен атап, шексіз құрметімізді арнайтынымыз белгілі. Сондай жаны жайсаң, ардақты азаматты бірі де бірегейі – Марат Кенжетайұлы Оңғарбеков дер едім. Марат Кенжетайұлы жөнінде айтар болсақ, әрбір атқарған ісіне, еңбек жолына жеке-жеке тоқталуға тура келеді. Өйткені мұнда терең мазмұн, ұлттық жаңғыру, даму мен өркендеу баспалдақтарына жасалған зор қадамдар бар. Оны бүгінгі замандастары да бағалап, келешек ұрпақ та тағылымын сезінер жемісті жұмыстар деуімізге әбден болады. Марат Кенжетайұлы жаратылысынан халықшыл, бұқарашыл адам болып өмірге келгені тұлабойынан, жүріс-тұрысынан байқалып тұрады.

 «Қазақтың Қадірі» атанып кеткен айтулы ақын ағамыз – Қадір Мырза Әлімен жарасымды сыйластығы, ағалы-інілі қарым-қатынасы өз алдына бөлек әңгіме. Қадір Мырза Әліге туған ауылында мектеп атын бергізуі, сол мектепте бюст орнатылуына мұрындық болуы, 2005 жылы ақиық ақынның 70 жылдық мерейтойына арналған іс-шара өткізуі ауыл, аудан ғана үшін емес, жалпы тұтас қазақ әдебиеті мен руханиятына, мәдени өрлеуіне қосылған қазыналы үлес дер едік.

Халықшыл азаматтың ел басқарудағы үлгі-өнегесі де атап айтуға тұрарлық. Мысалы, Сырым, Бәйтерек аудандарында әкім болған кезінде аталған аудандардың түлеуіне, өркендеуіне, әрбір саланың орнықты дамып, көркеюіне серпін берді. Батыс Қазақстан облыстық ауылшаруашылық басқармасына жетекшілік жасаған кезінде де жұртшылықтың алғысына бөленді. Марат Кенжетайұлының тарихи тұлғаларға, сондай-ақ Алаш арыстарының еңбегін насихаттаудағы, көпшілікке танытудағы қайраткерлігі ерен. Олардың қатарында Сырым ескерткішінің бой көтеруі, Алаш саябағының салынуы, Алаш музейінің ашылуы, Өлеңті ауылында су жаңа мектеп тұрғызылып, оған Жаһанша Досмұхамедовтың есімі берілуі сынды көптеген игі істер бар. Осындай ауыз толтырып айтарлық еңбектері бар Марат Кенжетайұлы күні кеше 63 жасқа толып, зейнеткерлік жасқа жетті. Ағамыздың деніне саулық, отбасына амандық, ел-халық жолында атқарған істеріңіз тек баянды болсын, әр буын ұрпақтың санасында, жүрегінде жаңғыра берсін деген тілемді жеткіземін!

Рафхат ХАЛЕЛОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

811 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз