• Ел мұраты
  • 30 Наурыз, 2022

АУЫЛ ПРОЗАСЫ: ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН ДАМУЫ

Кеңестік елдер әдебиеті Қазан рево-люциясынан, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жаңа тынысқа ие болды,бұрын-соңды болмаған  бағыттар пайда болып, жаңа сарындағы, жаңашылдықты сүйетін жастарға жаңа заман әдебиеті кезеңі басталды. Осы тұста біз бүкіл Кеңес дәуірі әдебиетіндегі елеулі орын алатын бағыт ауыл немесе деревня прозасы деп айта аламыз. Мұнда авторлар  ауылдағы дәстүрлі өмірді, бұрынғы  құндылықтарды жаңғыртқысы келіп, шығармашылығындағы ескі мен жаңаның айырмашылықтарын көрсетеді. Орыс әдебиетінде ауыл  прозасы тақырыбында қалам тербеген жазушылар қатарына біз Н.Кочин  («Девки»), В.Овечкин  («Очерки о колхозной жизни»), Ф.Абрамов («Братья и сёстры»), А.Солженицын («Матренин двор»), С.Залыгин («На Иртыше»), В.Белов («Привычное дело»),  Б.Можаев («Живой»), В.Шукшин («Любавины»), В.Распутин («Прощание с Матерой»), В.Астафьев («Царь-рыба»), И.Акулов («Касьян Остудный»), В.Крупин («Живая вода») сынды авторларды жатқызамыз. 

Ауыл прозасын  орыс әдебиетінен басқа қазақ, қырғыз, татар, украин әдебиетінен де байқаймыз. Біздің әдебиетте бұл бағыт ауыл прозасы деп аталды да, ауылдағы өмірді жазған жазушылар қатарында  Қ.Ысқақ, О.Бөкей,  Д.Исабеков, С.Мұратбеков, Ә.Асқар және т.б. жазушылар бар.  Осы тұста филогогия ғылымдарының кандитаты А. Ментебаеваның: «Ауыл  шаруашылығы, жалпы ауыл қазақ тарихының қозғаушы күші болды және   бола бермек. Ауыл прозасы  қазақ көркем әдебиетінде жетекші рөл атқарады десек еш қателеспейміз» деген тұжырымы  қазақ әдебиетінде де ауылдық прозаның орны бөлек екендігін айқындайды.    

«Ауыл прозасы» термині әдебиетте ХІХ ғасырдың екінші ширегінде ең басты жаңалықтардың бірі болып бекітілді. Жалпы кеңестік ауыл прозасы 1950 жылдары Валентин Овечкиннің шығармаларынан бастау алған, автор өзінің туындыларында ауыл жайлы қате пікірлерді түзеп, соғыстан кейінгі ауыл тұрғындарын  өзінің басты қаһармандары еткен.  Өзінің  атақты «Районные будни» атты шығармасында  бастықсымақтардың халықты мүлде ойламауы, парақорлық сынды қасиеттерді  сынаған.  Бұл туынды  өте ащы, тілі өткір,  адами қасиеттерді, рухани байлық  мәселесін көтерді.  Овечкиннен кейін  бұл бағытты  В.Тендриков, С.Воронин, С.Антонов, А.Яшин бастаған  бір топ жазушылар жалғастырды.

Ауыл прозасына сан түрлі жанрларды жатқыза аламыз: очерктер, әңгіме, повесть және роман. Авторлар шығарма проблематикасына жаңа аспектілерді кіргізе алды. Мұнда  олар тарих, мәдениет мәселесін  сөз етіп, әлеуметтік  сұрақтарға  жауап берді. Бұл кезеңде  В.Беловтің «Лад»,  «Плотницкие рассказы», «Каникулы», Ф.Абрамовтың «Деревянные кони», «Пелагея», «Безотцовщина», «Братья и сестры» және Солженицынның «Матренин двор», Б.Можаевтың  «Мужики и бабы» шығармалары туды.

Ауыл прозасының дамуына ықпал еткен В.Астафьев пен В.Распутин болды. Екі жазушы өзінің шығармашылығыңда ауылдағы өмір, жер мәселесін, экологияның нашарлауын арқау етті. Өзінің бар ғұмырын әдебиетке арнаған, орыс әдебиетінің классигі атанып, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген Валентин Распутин өз туындыларында табиғаттың ластануын, ауыл адамдарының қиын ғұмыры  мен «шаш  ал десе бас алатын» бастықсымақтарды сынап жазады. Валентин Григорьевич Распутин – «ауыл прозасы» атты 1970-80 жылдары әдебиетте белең алған бағыттың көрнекті өкілі. Жалпы автордың атақ-даңқы асқақтауына оның «Деньги для Марии» және «Последний срок» атты шығармасы ықпал етті. Повестің негізгі идеясы ауылдағы адамдардың қиын-қыстау ғұмырын арқау етеді. Біртіндеп Распутиннің шығармашылығында философиялық повестер көбейе бастайды. Оның осындай  пәлсапалық ой-түйіндері терең шығармасы ретінде біз «Прощание с Матерой» шығармасын қарастырсақ болады. Мұнда автор кейіпкер ретінде жалғыз бір тұлғаны емес, тұтас бір халықты, бір ауылдың ғұмырын  баяндайды. Матера – бұл Солтүстік Сібірді бойлай аққан Ангар атты өзеннің жағасында орналасқан кішкентай ғана ауыл. Бұл повесті Распутин аллегория, фольклорлық және мифологиялық  мотивтерді пайдалана отырып,  Матера образын бейнелейді, барша халықтың, Ресейдің  және оның тарихын баяндайды.

Матера сөзінің түбірі «Матера – мать, матерный», есейген, үлкейген деген мағынаны білдірсе, Сібірде «Матера» деп өзеннің ағысын айтады. Ауыл әкімшілігі және  шенеуніктер ауылда  су қоймасын жасауды ойластырады.  Жоспар бойынша су қоймасы халықтың игілігіне, ауыл шаруашылығының дамуына  септігін тигізуі тиіс. Алайда бұл су қоймасы ең ақырында бүтін бір ауылды су астында қалдырды, шенеуніктер артық қыламыз деп тыртық қылады. 

Ауылда  санаулы ғана адам қалған, жастардың басым бөлігі қалаға кеткен. Біреуі еңбек етуге, бірі арман қуып, болашақты ойлап, жарқын үмітпен өз ауылдарынан жыраққа кеткен. Распутин өзінің барлық шығармаларында  дерлік егде тартқан қарт әжелердің образын өте шебер, асқан суреткерлікпен байыпты  бейнелейді.

Литва әдебиетінің көрнекті өкілі, Кеңес Одағы заманының әйгілі жазушыларының бірі  Витаутас Бубнис өзі крестьяндардың отбасында дүниеге келіп, ауылда өскендіктен шығармаларының басым  көпшілігінде   ауыл адамдарының өмірін сөз етеді. Прозаик ретінде ең алғашқы шығармалары 1959 жылдан бастап жарияланды. Оның Кеңес Одағы кезінде халыққа танымал болуының бірден бір себебі шығармаларында орыс пен литва халқының ұқсастықтары туралы жазуында. Мұнда екі халықтың бір-бірімен достығы, бір-біріне бауырмалдығы жайлы сөз қозғап, соғыс жылдарынан кейінгі ауыр кезеңді шебер суреттеген. Оның «Березы на ветру», «Рамунас», «Когда падают листья», «Арберон», «Душистый аир», «Час судьбы», «По ту сторону», «Осеннее равноденствие» атты шығармалары  1959-1989  жылдар аралығында жаряланып отырған.

В.Бубнистың «Жаждующая земля»  атты трилогиясы жазушының талантын одан әрі дамытып, дүйім жұртқа паш етті. Мұнда автор өз оқырманын соғыстан кейінге ауылға алып келеді, драмаға толы өмірдің қиын-қыстау кезеңі, соғыстан біреудің әкесі, ағасы, баласы, жан-жары оралмай, меланхолиялық халге душар болған адамдардың қайтадан жаңа өмірге қадам басуы, біреудің бақытты күндері, ал біреудің аңсар-сағынышпен өтетін күндері бейнеленеді.

«Три дня в августе» романында Бубнис жаңа литвалық ауыл тұрғындары, келіп жеткен жаңашылдықтардың халыққа жақсы және жаман әсері туралы таразылап жазады. Ал «Цветение несеяной ржи» кейіпкерлері кешегі крестьяндардың бүгінде қалаға көшіп, білікті жұмысшыларға айналуы, қалада жұмысшылардың көбеюі, зауыт-фабрикалардың салынуы, соғыстан кейінгі елді-мекендердің көркейіп дамуы туралы айтылды. Автор ауылдан қалаға көшіп келген қарапайым халықтың уақыт өте келе өзгергені туралы баяндайды.

Осетия әдебиетіне тоқталсақ, 1959-1990 жылдар аралығында Исидор   Козаев атты аз ғана ғұмырында өзінің елі мен Отаны туралы біршама   туындылар жазған жазушы келеді. Исидор туралы естеліктерінде орыс жазушылары оны өте қайратты, сөзге батыл, сезімге тез берілгіш, түр сипатына мінезі сәйкес келмейтін өте ғажап, нағыз талант иесі болғандығын жазады. Жазушы ауыл өмірін жаза отырып, шығармасының басты арқауы ретінде, табиғат пен адам арасындағы үндестікпен қатар, барлық адамдар түптеп келгенде бір-біріне көмек беру арқылы ғана мына ғаламда қалатынын көрсетеді. Ол нағыз лирик, барлық дерлік шығармасында қыз бен жігіттің арасында болатын нәзік сезімді жырлайды, олардың махаббаты барлығынан да биік тұратынын көрсетіп, бұл өмірдегі адамның басты міндеті өзінің елін, табиғатын, сүйген жарын қорғау деп үндеу тастайды. Исидор Козаев өзінің  қысқа ғана ғұмырын Осетия әдебиетінің өркендеп дамуына жұмсаған.

Кеңес одағы кезінде көптеген ұлттардың әдебиетінде айтарлықтай өзгерістер болды, соның бірі қарқынды дамыған Украина халқының әдебиеті болды. Украин әдебиетінің шарықтау шегі кезеңінде көптеген әдеби мектептер, бағыттар,  жаңа стильдер қалыптаса бастады. Олардың қатарына Эллан Блакитный, Игнат Михайличенко, Микола Хвылевой  және т.б.  неоклассицизмді жақтаушы жазушылар қатары көбейе бастады.   Осы топтағы жазушыларға біз Михаил Семенко, Николай Зеровойларды жатқыза аламыз. 1938-1954 жылдар аралығында болған Украинадағы репрессияда 240-қа тарта талант иелері өмірмен қош айтысты, солардың  ішінде революциядан кейін  Совет одағының көрнекті ақыны атанған Максим Рыльский де бар.

Репрессия зиялы қауым өкілдерін аямады. 10 жыл өмірін айдауда өткізген Украин халқының атақты педагогы, драматургы, ағартушысы Остоп Вишня мырза да Украиндық әскери ұйымда болды деген жаламен атылды. Дәл осы жала бойынша Григорий Косынка, Николай Зеров, Николай Кулиш, Евгений Плужгик, Михаил Семенко сынды жас әрі дарынды жазушылар репрессия құрбаны болды. Ақын- жазушы, ғалымдардан бөлек театр актерлары мен басшылары да көптеген жасырын ұйымдарда болды деген жала жабылып, құрбан болды.  Кеңестік заман кезіндегі қыспақтарға қарамастан Украина әдебиетінің асыл қазынасы болып саналатын шығармалар дүниеге келді. Аталмыш туындылар өзінің өзектілігін әлі күнге дейін жоғалтқан жоқ.

Данат Жанатаев,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, доцент

Айзада Бижанова,

Намаз Мурсалы,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранттары

366 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз