• Ел мұраты
  • 30 Наурыз, 2022

АРАЛ-СЫРДАРИЯ СУ АЛАБЫНЫҢ ПРОБЛЕМАЛАРЫ

Марат Молдахметов, 

 Халықаралық Тараз инновациялық институты Агробиологиялық ғылыми-зерттеу орталығының директоры,  география ғылымдарының кандидаты

Сыр бойында қалыптасып отырған гидрологиялық ахуал  еліміздің ертеңі толғандыратын азаматтарды бей-жай қалдырмайтыны белгілі. Шынтуайтында,  осы  мәселенің шешімі әлі табылмай отыр. Мыңдаған   жылдар бойы диқандар жайлаған, мұраптар дала заңымен қара қылды қақ жарып, суын бөліп беріп отырған Жерұйықты, сол дана бабалардың ғылыми-техникалық жетістіктің білімімен мұздай қаруланған ұрпағы айналдырған 30-40 жылдың ішінде қу тақырға айналдырғаны қатты қынжылтады. Біздің бабаларымыз шөл далада ауадан суды сығып алып, аттарын суарған, тұзды суды ішпеу үшін түйемен керуен тартып, Аралдың мұзын тасып, мұзқала соққан. Табиғатпен етене араласып, табиғи тепе-теңдікті бұзбай, үйлесімде өмір сүрген. Ал, бүгін, келер ұрпақтың жайын ойламайтын жағдайға жеттік. 
 

Қазақстандағы Арал-Сырдария су шаруашылығы алабы, екі облыстың Түркістан және Қызылорда аумағында орналасқан,  ауданы шамамен 345 км2 аумақты алып жатыр. Өңірде өмір сүріп жатқан халық саны – 2,9 млн. Өңір бойынша қала тұрғындары халықтың жалпы санының 46%-ын  құрайды, ал ауыл халқы – 56% (қала халқы мен ауылда тұратын халық санының үлесі ескі деректер бойынша берілді).  Су шаруашылығы алабының басты өзені Сырдария, бастауын Қазақстаннан тыс, Ферғана аңғарындағы Нарын мен Қарадария өзендерінің қосылған тұсынан алады. Өзендердің қосылған жерінен бастап есептегенде Сырдария өзенінің ұзындығы 2212 км, ал Нарын өзені басынан есептегенде 3019 км. Қазақстан Республикасы аумағында Шардара бөгенінен бастап Арал теңізіне дейін өзеннің ұзындығы 1627 км, оның ішінде Түркістан облысы бойынша – 346 км, ал Қызылорда облысы бойынша – 1281 км.

Сырдария өзені жүйесі көптеген ағынсулардан тұрады. Қазақстан Республикасының шегінде Сырдарияға құятын негізгі өзендер: Арыс, Келес және Бөген. Бұл өзендердің әрқайсының салыстырмалы үлкен және кіші салалардан тұратын дамыған өзен жүйесі бар. Арыс өзені бастауын Талас Алатауы мен Қаратау жоталарының бұлақтарынан алады. Ұзындығы 378 км, су жинау алабының ауданы 14900 км2. Негізгі салалары: Бадам, Ақсу, Боралдай, Жабағылысу өзендері. Келес өзені Қаржантау мен Қазығұрт тауларының бөктеріндегі бұлақтардан бастау алады. Қорек көзі: еріген қар суы, ыза суы және жаңбыр. Ұзындығы 241 км, ал су жинау алабының ауданы – 3310 км2. Бөген өзені Қаттабөген өзені мен Балабөген өзендерінің қосылуынан пайда болады және Сырдария өзеніне жетпей кішігірім Құмкөлге құяды. Ұзындығы 164 км, су жинау алабының ауданы – 4680 км2. Негізгі салалары Шаян, Сасық өзендері. Бөген өзенінің ортаңғы бөлігінде Бөген су қоймасы салынған.      

Бадам, Боралдай және Бөген өзендері Арысқа құяды, одан әрі Шошқакөл көлдер жүйесіне жетіп жығылады. Бұдан басқа, Қаратау жотасының оңтүстік-батыс беткейінен келіп құятын ұсақ өзендер бар.  

Сырдарияның оң жақ салалары Келес пен Құркелес Шардара бөгенінің жоғарғы жағынан келіп құйса, Арыс өзені дарияға Шардарадан төмен құяды. Сырдария өзенінің суайрық сызығы анық байқалатын Төменарық бекетіне дейінгі су жинау алабының ауданы 21900 км2. Сырдария өзенінің ағындысы негізінен су жинау алабының жоғарғы және ортаңғы бөлігінде қалыптасады. Ағындының қалыптасу аймағында (тау бөлігі) өзен негізінен еріген маусымдық қар суымен қоректенеді, ал мұздықтар мен мәңгі қар суының және жаңбырдың үлесі аз.

Сырдария өзенінің су ресурсы орта есеппен 37,9 км3 құрайды. Ағындының негізгі бөлігі (70%) Ферғана аңғарынан шыққанға дейін өзеннің жоғарғы бөлігінде қалыптасады, ал Шардара бөгенінің жоғары жағынан құятын оң жақ салалардың ағындысы Қазақстанға келетін жалпы су ресурсының 21-23%-ын құрайды. Арыс өзені мен Қаратаудан келетін өзендер ағындысының үлесі – 9-7%.       

Сырдария өзенінің алабын игеру және су ресурсын пайдаланудың тарихы терең. Амудария мен Сырдария өзендерінің төменгі ағысында суармалау мыңдаған жылдар бойы дамыды және кең байтақ жердің экономикалық қолайлылығының негізі болып табылады.   ХХ ғасырдың 60-шы жылдарына дейін Орталық Азияның ең ірі өзендері Орта Азия мен Қазақстанның ұланғайыр жерлерін сумен қамтамасыз етті және Арал теңізіне келетін таза судың көзі болды.

Амудария мен Сырдарияның тұйық-таушы тұстамалардағы көпжылдық орташа ағындысы 50-60 км3/жыл аралығында құбылды. Бұл шама теңіз бетінен буланатын судың көлеміне пара-пар еді, сол себепті Арал теңізінің ғасырлық тұрақтанған су деңгейін шамамен 53,0±1,0 м Б.Ж. биіктік белгісінің айналасында ұстап тұруға мүмкіндік берді. Арал теңізінің осы биіктік белгісіне сәйкес су айдынының ауданы 64000 км2, су көлемі 1060 км3, ал орташа тереңдігі 20-25 м болды. Ал батыс жақ бөлігінің ең терең жері 67 метрге дейін жетті. Теңіздің суы тұщы деп есептелетін, орташа минералдылығы 7-9 г/л.  Өзендердің гидрологиялық режимі бастауынан сағасына дейін тұрақты еді. Орта Азия республикаларының аумағында қалыптасатын көпжылдық орташа ағынды көлемі Мемлекеттік гидрологиялық институттың дерегі бойынша жуықтап 116,8 км3/жылды құрады. Бұл жылдық ағынды көлемінің 77,4 км3 Амударияға тиесілі, ал 38,4 км3  Сырдария өзеніне тиесілі. Атыраудың басы деп саналатын Амудария-Нүкіс және Сырдария-Қазалы гидрологиялық бекеттерінде көпжылдық ағынды тиісінше 35-40 км3/жыл және 15-20 км3/жыл аралығында болды. Өзен арналары өте үлкен су өтімін өткізуге қауқарлы болды. Қазалы тұстамасынан су өте мол болған жылдары 1650 м3/с өтті. Өзен арналары мен өзен жайылмасы жоғарыдан үлкен көлемде келген суды сыйғызатын және атыраудың ішінде үлестіре отырып, Арал теңізіне дейін жеткізетін. Өзен арнасының су өткізу қабілеті су тасқыны кезіндегі үлкен суды да, су сабасына түскен кездегі сабалық ағындыны да өткізуге бейімделген болатын. Бұдан кейін алапта жүргізілген аса ауқымды су шаруашылығы іс-әрекеттерінің салдарынан өзендердің гидрологиялық режимі күрт өзгеріске ұшырады. 1960 жылдардан бастап байырғы суармалы жерлер кеңейтіліп, жартылай шөлейт және шөлейтті жерлер кең көлемде игеріле бастады.

Өзен ағындысын терең реттеу үшін Қайраққұм, Шардара, Шарбақ, Тоқтағұл және Әндижан және т.б. бөгендер пайдалануға берілді. Бұл бөгендердің жалпы пайдалы су сыйымдылығы 33,1 км3, бұл шама өзеннің ағынды көлеміне парапар.

Жаңа бөгендердің құрылысымен қатар, ірі суармалау жүйелері мен жерден қазылған каналдар іске қосылды. Каналдардың түбі шегенделген жоқ. Суармалы жерлердің көлемі 1950 жылдан 1995 жылға дейін екі есе өсіп, 10,14 млн гектарға жетті.

Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқан суармалы жерлер өте мол су тұтынуымен ерекшеленеді және су ресурсы тапшы болған жылдары өзін-өзі ақтамайды. Екінші жағынан суды шамадан тыс көп пайдалану жер асты сулары деңгейінің көтерілуіне және суармалы жерлердің сортаңдануына алып келеді.

Арал теңізі алабында гидро-экологиялық жағдайдың ушығуы климаттық факторлар мен антро-погендік факторларға байланысты. Сырдарияда соңғы онжылдықтарда бірнеше рет қуаңшылық байқалды. Суы аз жылдар 1974-1977 жылдар, 1983-1986 жылдары болды. Бұл жылдары Өзбекстан мен Қазақстанның шекарасында орналасқан Көкбұлақ гидробекетінде 3,8-ден 7,4 км3 су өткен, ал атырау мен теңізге небары 0,48 ден 0,94 км3/жыл су жетті. Климаттың қуаңшылығы өзен алабына әсер ететін антропогендік факторды одан сайын күшейтеді. Арналардың суы таязданып, тасындыларға тола бастайды, су жайылатын табиғи жайылманың ауданы қысқарады, көл жүйелерінің деңгейі төмендейді, өзенге таяу орналасқан аудандарда денудациялық процестер күшейеді, өзендердің гидрохимиялық жағдайы нашарлайды және ауылшаруашылығын сумен қамту шаралары қиындайды.          

Сырдария өзенінің төменгі ағысы Қызылорда облысы арқылы өтеді. Жуықтап алғанда 219 км2 жерді алып жатыр. Облыста жеті аудан бар: Арал, Жалағаш, Сырдария, Тереңөзек, Қармақшы, Қазалы, Шиелі және Жаңақорған.

ХХ ғасырдың басында суармалы жерлер үшін тау алды жазықтар, төбе жоталардың жазық жерлері, өзен аңғарлары, дарияның атырабы ғана пайдаланылды. Ол уақытта жер ресурстары суармалы егіншілікке экстенсивті түрде пайдаланылды. Яғни, сапалық өзгерістер емес, сандық өзгерістер арқылы, ғылымның жетістігін пайдаланбай қосымша адам ресурсын, қосымша жерлерді пайдалану арқылы өндіріс көлемін ұлғайтуды көздеу. Осының салдарынан Сырдарияның төменгі ағысында ауыл шаруашылығы жерлерін кең көлемде игеру үшін ірі көлемде қаржы салынды, басқа да ресурсар жұмсалды. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы жерлерін мелиорациялау өте қарқынды жүрді. Өткен ғасырдың елуінші жыл-дарына дейін суармалы жерлер топырағы сортаңданбаған құнарлы жерлерде орналасты. Бір гектар егінге жұмсалатын су шығыны 4000-7000 м3/га. Кейіннен сортаңданған жерлерді суару және күріш өсіру үшін жұмсалатын қалыпты су шығыны гектарына 35-45 мың м3/с дейін күрт өсті. 1925 жылмен салыстырғанда суармалауға су алу 2,7 рет өсіп 49,8 км3 құрады. Антропогендік жүктеме тек судың мөлшеріне ғана емес, оның сапасына да әсер етті. Суармалы жердің көлемі 1,0 млн гектардан 3,4 млн гектарға дейін өсті. Сырдария өзенінің минералдылығы төменгі ағысында қайтқан ақаба сулардың әсерінен 0,5 г/л 1,8 г/л дейін өсті. 1960 жылдан 2000 жылдарға дейін суармалы жерлердің ауданы пайдалануға жарамсыз, өнімді аз беретін сортаңданған жерлердің есебінен өсті. Антропогендік фактордың әсерінен Сырдария өзенінің алабында судың сапасы нашарлады, жер телімдерінің өнімділігі нашарлады. Аймақта өте қолайсыз экологиялық жағдай қалыптасты.  

Арал теңізінің солтүстік бөлігі Сырдария өзенінің ағындысымен қоректенеді. Сырдария өзенінің су ресурсы негізінен Қазақстаннан тыс жерлерде қалыптасады: Қырғызстанға (Нарын өзені) – 74%, Өзбекстанға – 14%, Тәжікстанға 3%-ға жуығы, Қазақстанға (Арыс және Келес өзендері) – 9% тиесілі. Сырдария өзенінің су ресурсы ретінде оның ағынды қалыптасу зонасындағы алап өзендерінің ағындысы алынды. Тұрақты су тұтыну кезеңінде Сырдария өзенінің ағындысы шартты табиғи кезеңмен салыстырғанда небары 30% азайған. Осыған қарамастан, су ресурсын қарқынды пайдаланудың нәтижесінде су жинау алабының төменгі бөлігінде судың тапшылығы байқалады. Бұл Солтүстік Арал теңізі су айдынының одан әрі тартылуына алып келді.

Сырдария өзені алабында қарқынды су тұтынудың жарқын мысалы ретінде Арыс-Түркістан суару жүйесінің іске қосылуын айтуға болады. Бұл суару жүйесі Ордабасы ауданы мен Түркістан қаласының аумағында және Арыс өзенінің алабында орналасқан. Су Қараспан кентінен 2 шақырым қашық жерден алынады. Арыс-Түркістан суармалау жүйесі 1967 жылдан бастап жұмыс істейді. Арыс магистралдық каналынан (ұзындығы 60 км, ең жоғары су өткізу қабілеті 45 м3/с), Түркістан каналынан (ұзындығы 142 км, ең жоғары су өткізу қабілеті 45 м3/с); Бөген су қоймасынан (сыйымдылығы 370 млн м3) тұрады. Бөген су қоймасынан орта есеппен 11,5 м3/с су алынады.

Суару, су жинау-ағызу желісінің жалпы ұзындығы 1528 км, оның ішінде 134,5 км бетондалған.  Желіде 5706 су реттеуші гидроқұрылғы бар. Грунт суларының деңгейін төмендету үшін пайдаланылатын 377 тік дренажды ұңғыма және жалпы ұзындығы 1048 км коллекторлық-кәріздік желі жұмыс істейді. Суару желісінен 57032 га егістікке су беріледі. Оның үстіне 1980 жылдан бастап өзендердің ағынды режимі климаттық өзгерістердің әсерінен бұзылды.       

Сырдария өзені алабының су ресурсын дұрыс бағалау өте маңызды. Өйткені су тұтыну негізінен жер беті суларының есебінен, аз ғана мөлшерде жер асты суларының есебінен қамтамасыз етіледі. Арал-Сырдария алабының су ресурсы сырттан Өзбекстаннан келетін және тікелей Қазақстан аумағында қалыптасатын су ресурсынан құралады. Су ресурсы негізінен тұрақты ағындысы бар өзендердің су ресурсынан қалыптасады.

Қазақстан Республикасы шегінде қалыптасатын Сырдария алабы өзендерінің (Арыс, Келес, Бөген) жиынтық су ресурсы орта есеппен 2,14 км3 құрайды. Мұның ішінде Арыс өзенінің су ресурсы – 1,51 км3, Келес өзені су ресурсы – 0,32 км3, ал Бөген, Шаян, Арыстанды, Иқансу, Көкқия, Кантаг-Қарашық, Ирмак, Өзен өзендерінің жиынтық су ресурсы 0,31 км3 құрайды. Арыс өзенінің суы Сырдарияға толығымен түспейді. Өйткені Арыс темір жолы стансасынан Шәуілдір ауылына дейінгі учаскеде Арыс өзенінің орта есеппен 0,23 км3 табиғи су ысырабы орын алады. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бастап қарастырылып отырған өзендердің су ресурсы ғаламдық және аймақтық климаттық өзгерістердің әсерінен өзгеріске ұшырай бастады. 

Сырдария өте ұзын, ірі өзен, осыған байланысты бастауынан ұзаған сайын өзеннің су режимі айтарлықтай өзгеріске ұшырайды. Қазақстан Республикасы аумағында Сырдария жазықтықпен ағып өтеді, бұл жерде өзен суы суару каналдары мен су алу имараттары арқылы суармалы жерлерге таратылады және топыраққа сіңіп шығындалады. Шардара су қоймасының төменгі бъефінен Кіші Аралға барып құйғанға дейінгі өзен алабы Сырдарияның төменгі ағысына жатады. Бұл аумақ ағындының шашырау зонасында жатыр, өзен бұл жерде транзитке айналады. Өзеннің бұл учаскесінде ағынды режиміне адамның шаруашылық іс-әрекеті үлкен әсерін тигізеді. Суармалы жерлерді суаруға, коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерді өтеуге және өнеркәсіпке қарқынды су алынады. Сонымен қатар, қарастырылып отырған учаскеде су жайылмаға шыққан кезде ағынды үлкен көлемде шығындалады. Әсіресе сирек қайталанатын үлкен су тасқыны кезінде су шығыны мол болады. Су тасығанда өзен маңындағы үлкен ойпаттар су астында қалады, атап айтқанда жайылмада орналасқан көптеген көлдер мен ескі арналар суға толады. Осының салдарынан өзенді төмен бойлай сағаға қарай ағынды біртіндеп азая бастайды. 

Бұл учаскеде Сырдарияға тек Арыс өзені ғана өзінің суын жеткізеді. Қалған өзендер табиғи су шығынының мол болуына байланысты және суармалауға шығындалатындықтан басым жағдайда Шошқакөл ойпатында құрдымға кетеді. Қызылорда қаласының төменгі жағында өзен арнасы көптеген тармақтарға бөлініп кетеді. Ұзындығы 168 км, анағұрлым үлкен Қараөзек тармағы көптеген ұсақ тармақтарға бөлініп, қайтадан Жусалы ауылының тұсында Сырдарияға құяды. Қараөзек тармағының сағасында су жиі ақпай тұрып қалады да, Сырдарияға жетпей тоқтайды. Алаптың бұл учаскесінде өзен көлдер мен батпақтар, қамыс қопалары алып жатқан анағұрлым төмен аймақты кесіп өтеді. Бұл жерде өзеннің ең үлкен жайылуы байқалады, оның үстіне өзен суының жайылуы қыста да мұздық құбылыс кезінде, мысалы мұз кептелу, сең буылу құбылысының нәтижесінде орын алады. Осының салдарынан өзен суы ескі каналдар арқылы далаға кетіп, сіңіп жоғалады.  

 Қазақта сыбаға деген ұғым бар. Су жинау алабында қалыптасқан су қорында жаны бар тіршілік иесінің де, жаны жоқ табиғат нысандарының да үлесі бар. Су мол болған жылдары, әркім өз үлесіне, біздің еркімізден тыс ие болады. Себебі су жеткілікті, оны тоқтатуға да, байлап қоюға да ешкімнің шамасы жетпейді. Бірақ, таяқтың екінші бір ұшы бар, мұндай сирек қайталанатын суы өте мол апатты жылдары ағысты бойлай жоғарыда орналасқан елдер суды төмен қарай босатады, болмаса су қоймалары бұзылады, әйтеуір сағада орналасқан елдерді су басу қаупі күшейеді. Осындай су басуды болдырмау және суды қыста жинап, вегетациялық кезеңде Сырдарияға қайтару үшін Көксарай контрреттегіші салынды.

Ал қуаңшылық жылдары басқа жағдай қалыптасады. Жоғарыдағы елдер төмендегі елдерге суды барынша шақтап беруге тырысады. Арадағы келісімшарттардың орындала қоюы екіталай.

Жоғарыдан келіп жеткен су қалай бөлінеді дегенге келсек, ең алдымен әлеуметтік маңызы бар мекемелер сумен қамтамасыз етіледі. Екінші кезекте коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер өтеледі. Үшінші кезекте ауылшаруашылығы сумен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл жерде де суды қолы жеткендер алады. Бұл жерде басымдылық халықты сумен қамтамасыз етуге беріледі. Ал жансыз тіршілік иелері ше, олардың үлесі не болады? Оны ескеріп жатқан ешкім жоқ. Бұл жерде мал жайылатын шабындық жерлер, жайылмада орналасқан көлдер, ол жерді мекендейтін аң-құстың тіршілік етуі үшін қажетті үлесі, ақыр соңында Арал теңізінің үлесі бар. Жаны бар, қолында билік бар тіршілік иесі өз үлесін алар, ал өзен бойының жайылмасында орналасқан көлдер жүйесі, Арал теңізі «сыбағасыз» қалады. 

Алапқа түсетін жауын-шашын, қалыптасатын су ресурсында айтар-лықтай өзгеріс жоқ. Сол жауған жаңбыр жауып тұр, еріген қар еріп жатыр. Әрине, суы мол жылдар мен суы аз жылдардың алмасып келуі –   табиғаттың заңы. Оған ешкім ешнәрсе жасай алмайды. Тығырықтан шығудың жолы бар ма?

Оған да жауап іздеп көрейік.

Арал-Сырдария алабының негізгі ерекшелігі су ресурсының кешенді пайдаланылуында. Негізгі су тұтынушы суармалы егіншілік. Су ресурсының 80-90%-ын пайдаланады. Суармалы жерлермен қатар, гидроэнергетика су шаруашылығы саласының тең мәнді құрамдас бөлігі болып саналады. Осыған байланысты Сырдария өзені алабындағы барлық негізгі су тораптары кешенді құрылғылар ретінде салынған.

Суармалау мен гидроэнергетиканың қарама-қайшылықты мүдделерін ұтымды байланыстыру су ресурстарын басқарудың маңызды бөлігі болып табылады. Сырдария өзенінің су ресурстарын басқарудың күрделілігі оның мемлекетаралық сипатында жатыр. Аймақта тәуелсіз мемлекеттердің пайда болуына байланысты Сырдария өзені 4 елдің территориясы арқылы өтеді.

Су ресурстарының көлемі мен сапасына қатысты дағдарыстар өңірдегі саяси-шаруашылық жағдайдың күрт өзгеруіне байланысты күшейе түсті. Туындаған қарама-қайшылықты еңсеру үшін елдер арасында 1995 жылдан бастап үкіметаралық келісімдер жасала бастады. Бірақ бұл келісімнің шарттары толық орындалып отырған жоқ. Оның үстіне, биылғы жылдағыдай қуаңшылық байқалған жылдары дағдарыс онан сайын ушыға түседі. Тәжікстан мен Қырғызстан мемлекеті электр энергиясын қыс айларында өндіру үшін жаз айларында Қайраққұм және Тоқтағұл су қоймаларын суға толтырып алуға мүдделі. Ал қыс айларында, вегетациялық кезең аяқталғанда суды босатады. Қырғыз ағайындар Өзбекстан мен Қазақстанға жуықтап Тоқтағұл су қоймасынан жылына 6,5 млрд. текше метр су жіберуі тиіс. Іс жүзінде басты мәселе сумен қаматамасыз ету, өзекті мәселелерді дер кезінде шешу мәселелері жыл өткен сайын қиындап бара жатқаны белгілі. Оның үстіне қуаңшылық жылдары жоғарыдан қанша су келуі керек, өзбек ағайындар қанша суды алып қалуы керек деген мәселе де шешілуі қиын түйін.

Казгидромет ғалымдарының  жүр-гізген су теңдестік есебі бойынша жылына есепке алынбайтын Түркістан облысында 2-3 млрд м3 су көлемі бар. Мұның бәрі су бөлу кезінде оңтүстік өңірде бармақ басты көз қысты арқылы есептеуші органдарды айналып өтетін су.

Ең қиуы қашқан мәселенің біреуі және негізгісі су жеткізетін каналдардың пайдалы әсер коэффициентінің 0,65-тен аспай тұрғаны. Каналдар шегенделмеген. Қамыс, қоға басып кеткен, ол өз кезегінде судың баяу ағып, жерге сіңуіне алып келеді.

Сырдария өзенінің жекелеген учас-келеріндегі су шығынын салыс-тыратын болсақ, онда ең көп су шығыны Түркістан облысында, яғни Шардара су қоймасынан Көктөбеге дейінгі учаскеде байқалатыны анық. Казгидрометтің бағалауы бойынша, 2009 жылы Сырдарияның жиынтық су шығыны 4,71 км3 құраса, оның 2,6 км3 Түркістан облысына тиесілі. Ал 2010 жылғы 12,7 км3 жиынтық су шығынының 4,6 км3 Түркістан облысына тиесілі. 2010 жылғы жиынтық су шығынының бір бөлігі осы учаскеде салынған Көксарай контрреттегішін толтыру кезінде болған шығын, жуықтап – 1 км3 құрайды. Казгидромет ғалымдарының есебінше, Түркістан облысында жылына есепке алынбайтын 2-3 км3 су шығыны бар.

Осындай су шығындарымен қатар, қарастырылып отырған учаскеде өзенмен байланыспайтын көптеген жайылма көлдер жүйесі мен ескі арналарды толтыруға, жайылманың топырағына сіңетін және булануға кететін қайтарымсыз шығындыр бар.

Сонымен, Сырдария өзенінің су шығынын өзеннің жоғарғы учаскесінен түсетін ағынды көлемімен салыстырған кезде, жоғарыдағы елдерден келетін судың түсуі ұлғайған сайын Қазақстан Республикасы шегіндегі транзиттік учаскедегі су шығыны да ұлғаяды деген қорытынды жасауға болады. 

Алдыңғы мақалада жазылғандай, Сырдария Шардарадан кейін жазық ойпатты жерлермен ағады. Жайылмада көптеген көлдер жүйесі, ойпаттар бар. Олар негізінен ағынды реттеуші ретінде қызмет жасайды. Су мол жылдары суды алып, су аз жылдары Сырдарияға кері қайтаруы тиіс. Су режимі солай жұмыс істейді. Бірақ су өте аз болған кездері олар су жинақтаушы ретінде жұмыс жасап, дарияға түсетін онсыз да аз мөлшердегі суды бойында ұстап қалады. Оны анықтау үшін кешенді ғылыми зерттеу жұмыстар жүргізілуі тиіс. Сырдарияның сулылығы қанша пайыз болған кезден бастап көлдер жүйесі ағынды жинақтаушы ретінде жұмыс істейді, қамтамасыздық қанша пайыз болған кезде суды кері қайтара бастайды? Сулылығы өте аз жылдары ше, ол кезде қанша мөлшерде су көлдер мен ойпаттарда қалады? Қанша су буланады? Мұның бәрі өте сауатты су теңдестігін жасауды талап етеді. Оған уақыт, қаржы, білікті мамандар ресурсы қажет. 

Жалпы елде мынадай пікір қалып-тасқан, ғалымдар бәрін біледі, айтты болды, ол ақиқат ретінде қабылданады. Ал гидрология ғылымының нақты ғылымдарға жатпайтындығы, ол ықтималдыққа, кездейсоқ шамаға негізделген ғылым екендігі есімізден шығып кетеді.

Сырдария алабы бойынша іргелі ғылыми зерттеулер 1960 жылдары жүргізілді. Ол кезде Сырдарияның су режимі табиғи, адамның шаруашылық іс әрекеті әлі ағындыға қатты әсер ете қоймаған кез болатын.

Ал қазір, Сырдарияның Шардарадан төменгі бөлігі түгелдей реттелген.

Суды басқару адамдардың қолына көшті. Ағындының жыл ішінде үлестірілуі түгелдей дерлік жоғарыда салынған су қоймаларының жұмыс істеу режиміне тәуелді. Бұл жағдайда шындыққа жанасатын зерттеулер жасау мүмкін емес. Әрине алдыға мақсат қойылғаннан кейін, шешілуі тиіс міндеттер белгіленген кейін ғалымдар қолдан келген бағалауларын жасайды. Бірақ, тағы да қайталаймын оның қаншалықты расталатыны бір құдайға аян. Кез келген есептеу гидрологиялық қолда бар нормативтік құжаттарға сүйеніп жасалады. Бұл белгіленген қалыптан шығып кетуге мүмкіндік бермейді.

Оның үстіне жасалған зерттеу жұмыстары аз ғана мерзім ішінде орындалуы тиіс, бұл да зерттеу жұмысының жеткілікті деңгейде орындалуына мүмкіндік бермейді.

Жасалатын су ресурсын бағалау негізінен орташа жылдық мәліметтерге сүйеніп жасалады. Нәтиже де солай беріледі. Әрине қамтамасыздығы әртүрлі жылдар бойынша (сулылығы әртүрлі жылдар) бойынша мәлімет беріледі. Мүмкіндігінше су теңдестік әдістерін кеңінен қолданып, сулылығы әртүрлі жылдар бойынша есептеулер жүргізіп, тек тұтас су шаруашылығы алабы бойынша ғана емес, су шаруашылығы учаскелері бойынша қанша қолда су бар, олар қалай уақыт бойынша, кеңістік бойынша үлестіріледі деген сұрақтарға жауап іздеу керек.  Ең бастысы бәрін шешетін кадрлар. Білікті мамандар қажет. Бізде осы жағы кемшін.

Ел экономикасы су секторында нарықтық қатынастарға көшкен кезде, судың тапшылығы жағдайында судың құны өте маңызды рөлге ие болады. Тәжікстан ғалымдары қосымша 1000 м3  су көлемін (үнемді)    әртүрлі әдістермен алу үшін жұмсалатын орташаланған шығынды есптеді, нәтижесінде ең арзаны, су үнемдеу технологиясын енгізу болды. 

Мысалы 1000 м3 суды басқа өзеннен бұрып әкелуге 750-200 АҚШ доллары шығындалса, ақаба суларды тазартуға 120-20 $, суды бөгендер арқылы реттеуге 70-20 $, ал су үнемдейтін технологияларды қолдануға небары 3-2 $ шығындалады. Бұдан су ресурстарының тапшылығы және суға лимит белгіленген жағдай-да топырақ-мелиоративтік және гидромодульдық аудандастыру прин-циптерін жетілдіру жолымен суаруға кететін суды ұтымды пайдалану, суарудың ғылыми негізделген режимдерін әзірлеу және енгізу, ауылшаруашылығы дақылдарын суарудың нормаларын белгілеу, суарудың прогрессивті су үнемдейтін технологияларын қолдану, сондай-ақ суармалы жерлердің өнімділігін арттыруды қамтамасыз ететін жаңа технологиялар мен техникаларды қолдану қажет деген қорытынды шығады.

 

Суды үнемді пайдаланудың жарқын мысалы ретінде Израиль мемлекетін келтіруге болады. Израильдің жаң-ғырмалы тұщы су қоры небары 1,7 км3 аспайды. Осы су қорын жоғары технологиялы өнеркәсіптің тоқтамай жұмыс істеуіне, елдің 6 млн. тұрғынының коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерін қамтамасыз етуге және барынша жоғары деңгейде дамыған ауылшаруашылығын қамтамасыз етуге жеткізіп отыр.   

Суармалы суды пайдаланудың өнімділігі туралы деректерді салыстыру адамның көңіл күйін мүлдем түсіріп жібереді. Шынында да біздер оларға қарама қарсы жүгірсек те олар жеткен жетістікке жете алмайды екенбіз. Израилде 1 тонна судың өнімділігі 0,52 $ құраса, онда бізде – 0,06 $. Су ресурстары мен жер ресурсын пайдалану тиімділігін арттырудың резервтері осы жерде жатыр.

Ең алдымен, жер пайдаланушы-лардың ұстанымын түзеу керек. Жерге деген сүйіспеншілік, обал-сауап деген ұғымдарды келер ұрпақтың бойына сіңіру қажет. Келесі мәселе – жаппай су үнемдеу технологиясына көшу. Суды тамшылатып суару, жерді өңдеу, ауыспалы егіншілік, суды аз қажет ететін дақылдарға көшу, агротехникалық әдістерді терең меңгеру секілді мәселелерді кеңінен насихаттау. Елдің білімін көтеру. Одан өзге ерікті-мәжбүрлеу шараларын енгізу. Судың бағасын көтеру, суды есептейтін қондырғыларды жаппай енгізу, жаңа технология енгізген шаруаларды қаржылай қолдау секілді шаралар мемлекет тарапынан жүзеге асуы керек.  Сонда үмітсіз шайтан деген, Арал қалпына келмесе де, Кіші Аралды сақтап қалармыз. 

Экология ғылымында мағынасы терең «тұрақты даму» деген ұғым бар. Тұрақты даму дегеніміз жаны бар, жаны жоқ заттардың, келер ұрпақтың мүддесіне нұқсан келтірмей, табиғаттың сыйын тең пайдалану құқығын сақтай отырып даму. Табиғаттың бермесін тартып алу деген заман келмеске кетті, сарқылмайтын ресурс жоқ. Тепе-теңдікті бұзбай, айналаға зиян келтірмей жасампаздықпен өмір сүретін кез жетті.

621 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз