• Тарих толқынында
  • 30 Наурыз, 2022

АШТЫҚ ТАРИХЫ ӘДІЛ ЖАҢҒЫРТЫЛСЫН

Алапат ашаршылықтың 90 жылдығына орай

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,
жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты, Репрессия құрбандарын                         толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі

Халық санасына 32 деген қаралы санмен мәңгі жазылып қалған ашаршылық қасіретінің ең шығыны мол кезеңіне биыл 90 жыл толады. Іс жүзінде қазақ елін Ұлттық апатқа ұрындырған большевизмнің солақай саясаты 1917–1933 жылдары дүркін-дүркін аштыққа, шамасы жеткендердің елден босып кетуіне, ашынған жұрттың ұйысып, билікке қарсылық көрсетуіне апарғаны бұл күнде баршаға белгілі. Ұлттық апаттың 1917–1919 жылдарғы алғашқы кезеңінде ашаршылықтанТүркістан Республикасындағы көшпенді қазақтар зардап шекті. Түркатком құрған Аштықпен күрестің орталық комиссиясын басқарған Тұрар Рысқұловқа қазақ мүддесін көзге ілмейтін, «болашағы жоқ көшпенділерге»  азық-түлік бөлудің қажеті жоқ деп есептеп, олардың «аштан қырылуын революцияға қосқан үлестеріне» теңгеретіндермен күреске түсуге тура келді. Апаттың екінші кезеңінде 1921 жылы зиялылардың түркістандық үлкен тобы (Халел Досмұхамедов, Мұхамеджан Тынышбаев, Жанша Досмұхамедов, Иса Қашқынбаев, Қоңырқожа Қожықов, Сұлтанбек Қожанов, Санжар Асфендияров және т.б.) «Ақжол» газетінде үндеу жариялап, ашығып жатқан арқалық бауырларға көмек беруге шақырды. 

Ұлттық Апаттың 1917–1919 жылдарғы алғашқы кезеңінде ашаршылықтанТүркістан Республикасындағы көшпенді қазақтар зардап шекті. Түркатком құрған Аштықпен күрестің орталық комиссиясын басқарған Тұрар Рысқұловқа қазақ мүддесін көзге ілмейтін, «болашағы жоқ көшпенділерге»  азық-түлік бөлудің қажеті жоқ деп есептеп, олардың «аштан қырылуын революцияға қосқан үлестеріне» теңгеретіндермен күреске түсуге тура келді. Апаттың екінші кезеңінде 1921 жылы зиялылардың түркістандық үлкен тобы (Халел Досмұхамедов, Мұхамеджан Тынышбаев, Жанша Досмұхамедов, Иса Қашқынбаев, Қоңырқожа Қожықов, Сұлтанбек Қожанов, Санжар Асфендияров және т.б.) «Ақжол» газетінде үндеу жариялап, ашығып жатқан арқалық бауырларға көмек беруге шақырды. Нақты жұмыстар жүргізу үшін жер-жерге аттанды.

Мәселен, Ж.Досмұхамедов Пржевальскіде азық-түлік жинауға ұйтқы болып, оны Қазақстанның солтүстік және батыс облыстарына жіберуді ұйымдастырды. Сол 1921 жылы Міржақып Дулатов «Қазақ тілі» газетіндегі мақаласында Семей губерниясының қазақ қызметкерлерін, аштыққа ұшыраған аудандарға, елден мал жинап жеткізуге шақырды. Ол өзі жаз бойы бірнеше үйезді аралады. Үгіт-насихат жүргізді. Мұндай жанқиярлықты ұната қоймаған жергілікті  өкімет оны тұтқындады. М.Дулатов Орынборға жөнелтіліп, ГПУ-дің тергеуінен соң ғана босатылды. Жүсіпбек Аймауытов бастаған зиялылар тобы,  шығыс аудандардан мал жиып, ашаршылық жайлаған Торғай халқына жеткізген еді. Олардың үстерінен қылмыстық іс қозғалды. Сот үдерісі оларды айыпты деп тауып, артынша амнистия тәртібімен кешірім берді.

Большевиктік тұғырнаманы қабыл алған зиялылар, Совет билігінің жариялы ұрандарына сеніп, ұлттық мүддеге сай әрекет етуге тырысты.  Мәселен, 1922 жылы Жетісуда жер-су реформасын жүргізу кезінде, Сұлтанбек Қожановтың комиссиясы отарлаушылар тартып алған, ата қоныстарын қазақтарға қайтару арқылы тарихи әділеттіліктің салтанат құруын қамтамасыз етпек болды. Алайда, комиссияға «ұлтшылдық» айдар тағылып, кері шақырып алынды.

Большевиктер таптық жікті айыра түсу, байлар мүлкін тартып алып, кедейлерге үлестіріп беру жолымен, ел экономикасын «жандандыру» жолын 20-шы жылдарда-ақ ұстанған болатын. Ондай қатерлі бағытқа 1923 жылы Қазақ облыстық 3-ші партконференцияда Смағұл Садуақасов сын айтты. Ол халықты жаңа сілкіністер емес, ғылым мен білімге сүйенген, бейбіт еңбек құтқарады деген өжет пікір білдіріп, өтеуіне саяси сенімсіздікке ұшырады.

Апаттың ең қорқынышты үшінші кезеңінде, аштан бұралған алғашқы босқындардың пайда болуы мен үдеп келе жатқан аштық күйзелістері жайында, жер-жерден жекелеген азаматтар 1931 жылдан Мәскеудегі биік үйге, Алматыдағы автономия басшылығына, аштық қасіретінің алғашқы белгілерін хабарлаудан бастап, жаппай сипат алған мысалдарды айтып дабыл қақты. Еленбеді. Өлкепарткомның жауапты  хатшысы Ф.Голощекиннің атына, 1932 жылғы 4 шілдеде жазушы Ғабит Мүсірепов бастап (Қазмембаспа меңгерушісі Мансұр Ғатаулин, Комвуз проректорының орынбасары Мұташ Дәулетғалиев, проректоры Емберген Алтынбеков, Жоспарлау комитеті –  Госплан энергетика секторының меңгерушісі Қадыр Қуанышев) қол қойған «бесеудің хаты» түсті. Хатта ауыл шаруашылығындағы құлдырау деректері келтірілді (1930 жылғы 40 миллион бас малдан 1932 жылы 5 миллион ғана қалған). Қазақтар арасында аштан өлудің тым көбейіп кеткені және осынша мүшкіл халге «солшылдық» асыра сілтеулер мен Қазөлкекомның қате саясаты  жеткізгені айтылды.

Алайда «бесеудің хаты» ұлтшылдықтың нақты көрінісі ретінде бағаланды. Хат авторларымен тиісті «сауықтыру жұмыстары» жүргізілді де, бір аптадан соң олар Қазөлкекомға өздерін-өздері кінәлап-жазалаған опыну хаттарын тапсырды. 1932 жылғы 15 шілдеде өткен Қазөлкеком Бюросы мен Өлкелік бақылау комиссиясының біріккен мәжілісі «бесеудің хатын» «Қазақстандағы социалистік қайта құру ісінде қол жеткізілген күллі жетістіктерді толығымен бүркемелеп, тек теріс сәттерді бадырайтып көрсету, Өлкекомның жүргізіп отырған барша бағытын сынау» болып шыққан деп тапты. Бірақ олардың «кінәларын мойындаулары» еске алынды.  Сөйтіп,  бір топ коммунист «қателесіп» қол қойған сол хатты  «социалистік қайта құру мен ұлт саясаты жетістіктеріне» қара бояу жағушылық дей тұра, авторларды партия қатарында қалдырып, бір-бір қатаң сөгіс арқалатты.

Голощекиннің содан кейін Мәскеуге бара жатқан сапарында, орын алған бір  оқиға жайы біздің заманымызға жетті. Қазақ автономиялық республикасының диктаторы мінген пойыз, шілде-тамыз аптап күндерінің бірінде, Ақтөбе вокзалына тоқтайды. Перронда жиналған  қалың жұрт алдында сөз сөйлеуге үкіметтік вагоннан өлке басшысы шығады. Ел ішін жайлаған ашаршылықты әдеттегісінше, «тап жауларының малды жаппай сойып тастауды әдейі ұйымдастырған, тіміскілік зымиян әрекеттерінің салдары» ретінде түсіндірмек болуы ықтимал.

Бірақ сол жолы, ол құдіреті үстем сөзін сөйлей алмайды. Көпшілік назары топты жарып алаңға шыққан, жайдақ арбаға ауады. Арба үстінде отырған жүдеу шал, өте әйгілі тұлға болатын. Ол кезінде қазақтардың шұрайлы жер-суын тартып алып, өздерін шөлге ығыстырған патша үкіметін, Мемдума мінбесінен өткір сөзімен сынаған қайраткер-тін. Сонда ол биліктің «ішкі Ресейдегі 130 мың помещиктің мүддесін қорғау үшін» қазақтарды ата қонысынан қуып «ренжітіп отырғаны Мемлекеттік думаның есінде болсын», қазақтар солшыл партияларға іш тартады, олардың жекеменшік  жерлерді мәжбүр ету жолымен, бөліп алу арқылы, шаруалар мұқтажын шешуге ұмтылуы дұрыс деп мәлімдеген еді.

Кейін большевиктер қатарына кіріп, Орал облысының әділет комиссары, ақ гвардияшылар түрмесінің тұтқыны, Қаратаев атты әскер бригадасын құрушы қызыл партизан, Шығыс  майданының 4-ші Армиясындағы Қазақ бригадасы саяси бөлімінің меңгерушісі, Қазақ өлкесін басқару жөніндегі Әскери-революциялық комитеттің мүшесі, Қазақстан Советтері алғашқы екі съезінің делегаты болды. Ал қазір ол 72 жасар зейнеткер Бақытжан Қаратаев еді.

Сіңірі шығып, тізесі қалт-құлт еткен дімкәс қарт, тарантас үстінде түрегеп тұрып, қазақ коммунистерінің көсемін жазғырған сөздер айтқан екен. Революцияның қасиетті мұраттарын арамдап, қазақтарды шыбынша қырғанын, аштық қасіретіне ұшыратқанын бетіне басыпты. Бұл  үшін республиканың бірінші басшысы жауапты екенін жұртшылық алдында ашық айтқан көрінеді.

Голощекин: «Шал шаршап қалыпты», – деп күбір етіп, вагонына қайта сүңгуге мәжбүр болған...Ал «шаршаған шал» ұзамай аштықтан дүние салды. Ол өзінің артында қалған жазба мұраларында, алапат ашаршылыққа  жалғыз Голощекин емес, оның айналасындағы қазақ қайраткерлері де айыпты деп түйіпті.

Б.Қаратаевтың ойынша, мәселе олардың  көз бояушылыққа жол беруінде, «қазақ істеріне жүліктік тұрғыдан келуінде» жатқан. Қазақтың осындай масқара аштыққа ұрынуын, қарт революционер ұлттың «бас адамдарының» сонау патша заманынан қалыптасқан құлдық санасының, ләббай-тақсырлап бойсұнушылықтан басталған психикалық азғындауының салдарынан деп бағамдады.  Тиісінше, кінә автономиялық республика басындағы қазақтардың шын мәнінде «карьерист, аферист, портфелист» («мансапқор, алаяқ, портфельқұмар») болып шығуынан деп есептеді.

Солардың бірі санатындағы Қазақ өлкепарткомының Бюро мүшесі, республика Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Ораз Исаев 1932 жылғы тамызда Сталинге үлкен хат берді. Онда өлкеде орын алып тұрған ахуалды адал баян етті, себеп-салдарларын талдады, қиындықтан шығаратын шаралар хақындағы ұсыныстарын тұжырымдады. Сонымен бірге,  орнаған ахуал үшін өзге бюро мүшелерімен қатар, өзінің де жауапты екенін мойындай отырып, «бірінші хатшының көпке мәлім ерекше рөлін» ескере келе, «басшылықта өзіне өзі сын көзбен қарауға қабілеті жетпейтін» орталықтың эмиссары Филипп Голощекин отырғанда – республикадағы ауыр «жағдайды сауықтыру еш мүмкін емес» деп санайтынын жазды.

О.Исаев Голощекинді орнынан босатпайынша іс оңалмайтынын айтып, оны Қазақ өлкекомының жетекшілігінен кері шақырып алуды тікелей Бас хатшы Иосиф Сталиннен жалғыз өзі ашық талап етті. Сонымен бірге  қазақ ауылы мен мал шаруашылығына байланысты шұғыл атқарылуға тиіс мәселелер жөнінде Орталық Комитеттің арнайы шешім шығаруын сұрады. Бұл өтініші қанағаттандырылды. 

О.Исаевтың хатында көрсетілген жәйттер сталиндік Орталық Комитеттің Қазақстанның мал шаруашылығын дамыту жайында 1932 жылғы 17 қыркүйекте қабылдаған қаулысына негіз етіп алынды.  Ал Қаулының жүзеге асырылуын тиімді жүргізуді көздейтін бірқатар ұсынысын РКСФР Халкомкеңесі төрағасының орынбасары Т.Рысқұлов 1932 жылғы 29 қыркүйекте Сталинге жолдаған баянхатында айтты. (Мұның көшірмесін ол арнайы жөнелпе жазбамен Голощекиннің орнына Қазөлкекомның   басшысы болып сайланған Л.Мирзоянға 1933 жылғы 31 қаңтарда жіберді).

Келеңсіздіктер талданып, міндеттер белгіленеді. Тек Ф.Голощекин бұрынғы лауазымында қала берді. Тиісінше, ол және оны қолпаштаушылар партия белсенділерінің жиналыстарында аталмыш қаулыны өлкеком бағытын мақұлдағандық сипатта түсіндіруге кірісті. «ОК өлкеком бағытын қазақ ауытқушыларының, қыңқылшыл-уайымшылдарының, топшылдарының байбаламдарына қасақана... дұрыс деп тапты», өйткені өлкелік партия ұйымы «Қазақстанның социалистік құрылысының барлық салаларында өте ірі жетістіктерге» қол жеткізді деп дүрілдетті.

Алайда халық аштық, індет зардаптарын тарта берді, қырылу, босқындық тыйылмады. Алматы көшесіне толған аштарды елең қылмаған «адал лениншіл-сталиншіл» Ф.Голощекинді 1933 жылғы қаңтарда, коммунистер мақтаныш-мадақтауға толы салтанатты  жағдайда, Алматыдан Мәскеуге бүкілодақтық деңгейдегі, жаңа лауазымымен Жоғарғы Төрелік Сотты басқаруға шығарып салды.

1933 жылғы 24 ақпанда ОК Бас хатшысы И.Сталин мен Қазақ өлкекомының жаңа бірінші хатшысы Л.Мирзоянның атына «алтаудың хаты» (қол қойғандар: қызыл профессура институтының тыңдаушылары Ғатаулла Исқақов, Ильяс Қабылов,  Жүсіпбек Арыстанов, Бірмұхамед Айбасов, Қазөлкеком мүшесі Ғаббас Тоғжанов, студент Оразалы Жандосов) жіберілді. Онда 300 мыңнан астам қазақ қожалықтарының Сібір және Орта Азия темір жол станцияларына, қалаларына, орталықтағы қалаларға, көрші республикалардың облыстарына босып кеткені, көбінің қайыршылық хал кешіп жатқаны айтылды. Шұғыл көмек көрсетілмесе, көктемге қарай олардың арасындағы өлім-жітім тым көбейіп кететіні хабарланды.

Қазақстанның жаңа басшылығы, ашаршылық зардаптарын жоюға бағытталған, кешенді жоспарды жүзеге асыруға кірісті. Республикадағы 162 ауданның ішінде аштық нәубетінің зардабын көшпенді мал шаруашылығын кәсіп еткен, Сарысу ауданы ерекше тартқан еді. Орталық өкімет  өкілі Ораз Жандосов пен облыс басшысы Жанайдар Сәдуақасов сол ауданның үштен бірі ғана аман қалған жұртын жаңа қонысқа көшіріп, әкімшілік бағынысын өзгеру және отырықшылық жағдайдағы экономикасын жандандыру орайында көп жұмыс атқарды.  Ашаршылық салдарынан көрші республикаларға босып көшіп кеткендерді, елге алып келу үшін, автономиялық үкімет атынан жан-жаққа арнайы өкілдер аттанды.

1933 жылғы 9 наурызда Т.Рысқұлов ОК Бас хатшысы Сталинге (көшірмесін ОК ауылшаруашылық бөлімі мен КСРО Халкомкеңесіне) Қазақстандағы ашаршылық зардаптарын жою жөніндегі баянхатын жолдады. Мұның көшірмесін 11 наурызда жөнелпе жазбасына тіркеп, Алматыға Мирзоянға жіберді. Ол ондағы пайымдарды қазақ партия ұйымының жаңа басшысы жұмыс барысында ескерер деп үміт білдірді.

Ел-жұрттың еңсесін рухани жағынан көтеру маңызды еді. Республикаға Тәжікстаннан  Темірбек Жүргенов шақырылды. Жаңа Ағарту халық комиссары республикадағы оқу ісі мен мәдениет жұмыстарын қысқа мерзімде жоғары деңгейге көтерді. Кәсіби өнер күрт дамытылды. 1936 жылғы Мәскеуде өткен онкүндікте Қазақстандағы үкімет басшысы Исаев пен халық комиссары Жүргенов басында тұрған мәдени революция жетістіктері жұртшылықты риза етті.

Жыл аяғында (1936 жылғы 5 желтоқсанда) қабылданған сталиндік конституция бойынша Қазақстан Ресейдің құрамындағы автономиялық республикадан   КСРО құрылтайшыларының бірі санатындағы «тәуелсіз» республика мәртебесіне көтерілді. Бұл – большевизмнің қазақ халқына қарсы жасаған мемлекеттік қылмысын өте сәтімен бүркеген шара еді (Қазақстан одақтас республика тәжін киюге 1924 жылғы ұлттық межелеу нәтижесіндегі қалпында әбден лайық болатын, ал негізгі халқының саны мен дәстүрлі экономикасының мәнін құрайтын, мал басының мөлшері ашаршылық жылдары құлдырып күрт түсіп кеткендіктен,  мұндай мәртебеге 1936 жылғы деңгейі келіңкіремейтін. Демек, бүгінгі Тәуелсіздігіміз үшін біз ашаршылық құрбандарына мәңгі борыштымыз).

Үш дүркін үйіріп соққан аштық зобалаңында төрт жарым миллионнан астам, ықтимал табиғи өсімін есепке алғанда, он шақты миллион адам опат болған еді. Босап қалған алып кеңістікке, неоотаршыл советтік империя  сырттан миллиондаған адамды көшіріп әкелді. Орталықтың тәтті ұраны жетегімен Қазақстанға лек-лек боп келіп, шұрайлы жер-суға жаңадан қоныстанғандар,  ашаршылықтан өлгендердің сүйегі үстінде жасампаз еңбекті жандандырып,социалистік құрылыс көрігін қыздырды. Өнеркәсіп ошақтарын ашып, қала, зауыт салды, тың игеру ұранымен дүрілдетіп, қазақ жерін жаңаша отарлады..

Бірақ олар  қазақ халқы бастан кешкен қасірет ауқымын білген жоқ. Білуді саясат та қош көрмейтін. Сондықтан да, толассыз көш нөпірімен-ақ, нәубет қалжыратқан қазақтарды өз отанында халықтың үштен біріне де жетпейтін ұлттық азшылық деңгейіне түсірді. Сөйтіп, тиісінше, қоғам тыныс-тіршілігінің барлық саласында қазақтың ұлттық мүддесінің шектеу көруіне, өз еріктерінен тыс, жанама түрде болса да, себепкер болды.

Бүгіндері елімізде қоян-қолтық өмір сүріп жатқан барша жұрт, күллі этностық топтар қазақ бастан кешкен апат туралы шын тарихты білуге тиіс. Тек шыншыл  тарих қана жер-суымызды мекен еткен түрлі этнос өкілдерін мемлекетұйыстырушы қазақ ұлты төңірегіне тығыз топтастыра түседі, көрші елдің саясатшылданған жалған демократтарының аузына құм құяды. Тұрғындарды жаңғыртылған ащы да қасіретті тарихпен тәрбиелеу сан ұлт өкілдері арасындағы риясыз татулықты, халықтың нағыз бірлігін қамтамасыз ете алады.  Адамдарды әділ  тарихпен тәрбиелеудың ұлттық дамуға зор оң ықпал тигізері,жарқын болашаққа кепілі болары, тәуелсіздігімізді бекемдеуге септесері  күмәнсіз.

Монархия құлар қарсаңда қазақ алты миллион еді.Төңкеріс туын көтерген социалистік федерация құрамында бой түзей келе, қылмысты саясат сілкіністеріне толы он алты жылда жалпы саны үш есеге жуық кеміді. Ұлттық Апаттың 1917–1933 жылдарғы үш  кезеңінде тікелей төрт жарым миллиондай  жан аштан өлді.

Тек 30-шы жылдарғы аштықта белгілі демограф Мақаш Тәтімовтың есебі бойынша 2,4 млн. адам опат болды. Мұны тәуелсіздіктің алғашқы жылы Жоғарғы Кеңес Төралқасы құрған Комиссия қазақ халқына қарсы жасалған большевиктік геноцид ретінде бағалады. Шамасы жеткен жүздеген мың жан шетел асып, босып кетуге мәжбүр болды. Олардың тағдыры әлі де жеткілікті дәрежеде зерттеле қойған жоқ.

Қарсылық көтерілістері советтік дәуірде «бандиттік қозғалыс» аталып теріс бағаланып келгені мәлім. Қазіргі таңда жұмыс жүргізіп жатқан Репрессия құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия халықтың аштан қырылуына, босқындыққа ұшырауына, өкіметке азаттық аңсап қарсы тұруына апарған солақай реформаларының сыр-сипатын терең зерделейді деген ойдамыз.

Бұл ретте ашаршылық тарихына ерекше мән беріп қарау ләзім. Адамзатқа мәңгі ескерту жасап тұру үшін. Келешекте де тап келуі мүмкін, сондай апаттардан сақтандыру үшін. Азаматтар бойында шынайы демократиялық құндылықтарды қалыптастыру үшін. Еліміздің, Тәуелсіздігіміздің туын ұстар болашақ азаматтарды тарихтың қасіретті беттерімен тәрбиелеу үшін.

Үстіміздегі ғасырдың басында Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының  академик Манаш Қозыбаев бастаған өкілдерін Бірінші Президент қабылдап, республикадағы алғашқы үкіметтік емес ұйым атынан айтылған өтініштер бойынша атқарушы билікке бірер тапсырма берген еді. Солардың ішінде бұрынғы ішкі істер халық комиссариаты-мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (НКВД-КГБ) жұмыс істеген ғимараттың бір бөлігінен Саяси репрессиялар тарихы музейін ашу көзделген болатын.  Бұл еліміздің  саяси тарихын көрнекі түрде бейнелейтін бірден-бір мұражай, жаңа да ерекше ғылыми-ағартушылық мекеме болуға тиіс-тін. Алайда Қазақстан ғұмырындағы қасіретті белестерге тікелей қатысы бар осынау  тарихи ғимараттың бір бұрышынан ашылған Саяси қуғын-сүргіндер тарихы мұражайы бір жарым жылдай ғана жұмыс істеді де, жабылып қалды. Себебі меншік иесі (мемлекеттік орган) ғимаратты  жеке кәсіпкерге сатып жіберіпті.Содан мұражайдың үлкен бөлігін аштық пен босқындық тақырыбына арнауды көздеген біздің жобамыз жүзеге асырылмай қалды.

Дегенмен алдағы уақыттарда  тоталитаризм жылдарындағы үздіксіз жасалған саяси қуғын-сүргін мен халқымызды ұлттық апатқа ұрындырған ашаршылықтың, оның салдарларының қайғы-қасіреттерін  ұмыттырмай, ел-жұрт жадына әрдайым көрнекі түрде салып тұратын, өткен тарихи жолдың ауыр кезеңдерінен  танымды да тағлымды сыр шертетін ғылыми-ағартушылық мекеме ашылуға тиіс. «Әділет» қоғамы мектеп оқушыларын тарихи зерттеушілікке баулитын «Тарихтағы адам. Қазақстан. ХХ ғасыр» деген тақырыппен үш жыл бойы байқау өткізген-тін. Байқауға қатысушылардың едәуір бөлігі, ауылдарында орын алған аштық іздерін өз әулеттерінің бастан кешкендерін, қарт ардагерлер естеліктері арқылы жаңғыртты. Балалардың ізденушілік жұмыстарына ұстаздары жәрдемдесті. Ел ішіндегі мұрағаттарды біз осы жолмен де жиюға әрекет еткен едік.

Біздің ойымызша, кірген адам көзіне жас алып, тоталитаризмді қарғап, демократиялық құндылықтардың бекем орнауын аңсап шығуға тиіс болашақ мұражайдың арнайы бір бөлімінен  Ұлттық Апат құрбандарының есімдерін жаңғыртып, қаралы тізім жасауды көздейтін  арнайы акция бастау алуы керек болатын. Біз аштан қырылған  адамдардың аты-жөндерін  қалпына келтіруге бүкіл халық атсалыса алады деп санадық: шежірешілер, отбасылық, әулеттік  мұрағат иелері, тарихшылар, әуесқой зерттеушілер, естелік жинаушылар өз деректерімен мұражай қорын толықтыруы қажет. Дәлірек әм жұртшылыққа жақынырақ тілмен айтқанда – мұражайға келген әркім қаралы тізім экспозициясын өз әулетінен құрбан болған бұтақ тарихымен толықтырған болар еді.  Қолдан туғызылған ашаршылықтан қырылған жазықсыз жандарды атап еске алу, осылай бүкілхалықтық іске айналып кетуі тиіс. Ортақ іске  азаматтардың баршасы атсалысарына күмән жоқ.

Бұл орайда әлемдік тәжірибеден үлгі алу да жөн болмақ. Бәріміз білетіндей, «қоңыр індет» атанып күллі адамзатқа сор боп тиген фашизм 1933–1945 жылдары Еуропаны мекендейтін миллиондаған еврейдің көзін жойды. Алты миллион. Қасақана  қырды. Еуропада осындай  трагедияға ұшыраған еврей халқының Таяу Шығыстағы тарихи отанында «Яд-ва-Шем» (қазақшалағанда – «Жад пен Есім») деп аталатын институт пен мұражай бар. Израильде, Иерусалим қаласындағы Герцль тауының етегіне орналасқан. Оның қызметі Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде еврейлердің басына түскен Апатты көрсетуге арналған. Мұражайдың басты ұраны: «Ешкім ұмыт қалмау керек!» деген ғаламат шарт.

Яд-ва-Шемде арнайы жабдықталған Есімдер залы бар көрінеді. Онда, жалпы, екі миллионнан астам қаза тапқан жанның аты-жөні тіркелген. Сонда,  Есімдер залында – Апат құрбаны болған еврейлердің аттары үлкен экранға түсіп тұрады. Ал ондағы экспозициялар  Апаттың барлық сатыларын хронологиялық ретпен, түрлі көрнекі тәсілмен бейнелеп әңгімелейді. Көргендердің айтуынша,  әсіресе балалар залы айрықша әсерлі жасалған. Шырақтардың дірілдеген әлсіз сәулелері ғана жарықтандырған бұл қаракөлеңке залда, күңіренген диктор даусы Апатта  опат болған балалардың есімдерін оқиды екен. Таусылмас тізім. Ал экранда сәби суреттері бірінен соң бірі шығып жатады. Зал күмбезі астындағы азалы ахуал сол сәтте сонда тұрғандардың түйсігін тітіркентіп, көпке ортақ қайғыны әрқайсысына сезіндіреді.

Мұражай адамдар бойына үміт үзіп торығу емес, aза тұтып қайғыру сезімін дарытады. Онда болғандар қамыққан көңілмен – адам өмірінің ештеңемен теңгерілмес бірінші құндылық болып табылатыны жайында тебіренеді. Қысқасы, сонау Апат музейі жұртты терең ойға батырады, адамгершілік жолға қызмет етуге бейілдік танытатын  шынайы сезімді қайрайды.

Тап осындай әсер-күш біздің мұражай-ескерткішке де тән болуға тиіс. Тек 30-шы жылдар нәубетінің құйқа шымырлатар тұстары қаншама. Егер ұлан-ғайыр Ұлттық Апат сатылары аштық, босқыншылық, қызылдардың қарулы күшіне сырық көтеріп қарсы көтерілудің себептері мен салдарларын танытатын деректерді көрнекі экспозицияларда ұтымды бейнеленер болса – ешкімді де жайбарақат қалдырмайтынына, келушілерді адам өмірін айрықша бағалаушылық рухта тәрбиелейтініне   күмән жоқ.

Шежірешілер осы әлеуметтік сілкіністер кездерінде, әр әулеттің үзілген бұтақтарын түгендегенде, келешекте Қасірет кітабын түзуге және тарихи тағлымы ересен еске алу орнын жабдықтауға әбден болар еді. Бұл ұлағатты істердің жүзеге асуына зерттеушілердің тынымсыз ізденістері, жаңа зерттеулер нәтижелерін ортаға салатын арнайы конференциялар өткізу, Репрессия құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемкомиссия жұмысы зор көмек береріне күмән жоқ.

Алапат ашаршылыққа 90 жыл толуын еске алу осындай ойларға жетеледі... 

 

3441 рет

көрсетілді

251

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз