• Ел мұраты
  • 31 Наурыз, 2022

АМАНАТ АРҚАЛАҒАН АЗАМАТ

Күніне мың құбылған Әлем. Кері айналмайтын сағат тіліндей, бір-біріне ұқсамайтын қозғалыстар. Осы арпалыс өмірдің, реніш пен әттеген-айдың бел ортасында жүріп, адам баласының асқақ ойы да, ғасырлар бойы қалыптасқан сана-сезімі де, әкенің балаға, жо-жоқ, баланың әкеге, інінің ағаға көзқарасы, талғамы, бауырлық қасиеті, бәрі-бәрі де өзгергенін байқайсың. Көре тұра не қуанарыңды, не іштей реніш-қарсылығыңды сездіру-сездірмеуді білмейсің. Түсініп көр. Ертеңгі күннің не сыйларын болжап көр. Дана халқымыздың: «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» дегені осы шығар. Ойым түсінікті болу үшін шегініс жасайын. Өйткені, көптен бері мына бір оқиға есіме орала береді. Шешімін түсінсем де көпшілікпен ой бөлісудің реті келмеген еді. Абыз ақсақалдың айтқан қарапайым ғана ойы аға буынның дана ұстанымын айтып кеткендей...

Сонау жетпіс жетінің жайма шуақ көктемінде қаһарынан жан үріккен, сұхбаттасуға дәрмені жетпейтін, ғасырында бір туар, бар қазаққа қымбат Бауыржан Момышұлымен болған тарихи сұхбатым еді...

«Менің  Бақытжан Момышұлы деген ұлым бар. Өзі журналист, жазушы. Кітаптары шыққан. Жұрттар маған оны тамаша аудармашы деп мақтап та жүр. Шынымды айтсам, қарағым, Бақытжанның бір кітабын да оқыған жоқпын. Неге дейсің ғой. Туған балаң не ойламайды дейсің? Оқысам, жақсы жерін мақтап, жаман жерін жамандап, пікір айтуым керек қой. Сол екеуінен де аулақ болайын деп ойладым. «Басқа ешкім емес, әкем айтты» деп ойлап қалмасын деп...»

Осы сөзді айтқан соң даңқты қолбасшы, қайсар ұл ұзақ ойланып қалған еді. Кезінде түсінбесем де, уақыт өте әкенің сөзі балаға мірдің оғындай тиетіні ойыма келді. Терең түсінер ұл болса, әке сынынан кейін шығармашылық кәсіпті тастап кетуі де мүмкін ғой. Баукеңнің ұлы талапты қаламгер, шығармашылыққа адал азамат болып өсті. Оны бәріміз білеміз. Ал, менің бұл оқиғаны еске алуымның өзіндік себебі бар-ды...Бүгінгі әңгіме өзегіне айналғалы отырған жігіттің маған  жақын туыстығы бар. Дүниедегі ең қиыны жаныңа жақын тартып жүрген жандар жайлы пікір айту. Асыра мақтап жіберсең көпшілік түсінбей қалуы мүмкін. Тіпті, сенің осыншама тер төгіп, мақтау-қолпаштауыңды туысыңның да терең түсінбей, не аңғармай, тіпті азсынып қалуы да мүмкін ғой. Сол кезде сенің де көңіліңе кірбің түсуі әбден мүмкін. Мен Баукеңнің осы қағидасын берік ұстағым келді. Ағайын ренжісе – бауырдан айырылдым дей бер.

Бауыр да, іні де Алланың берген сыйы емес пе?

Қоғам өзгерді ме, жоқ әлде біздің патша көңіліміз ортайды ма? Соңғы кездерде бәрін де – туған бауырды да, қимас дос-жаранды да сирек іздейтін болдық. Тек олардың арамыздан алыстағанын естіп, өкінетінді, әттеген-айға басатынымызды байқадық. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген осы шығар. Өмірге пендешілік көзбен емес, азаматтық жүрекпен қарағанымыз дұрыс қой.

Әлі есімде, бүгінгі әңгіме еткелі отырған жігіт бір кездесуге асығып бара жатқанымда жүгіріп келіп тоқтатқаны бар. Танысты. «Көке, көкетайлап» іші-бауырыңа кіріп, жақын тартуға талпынғанын сездірді. Алатау батырдың ұрпағы екенін айтты. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Ақмырза әулеті» атты тарихи-танымдық, шежіре кітапты жазғаным бар болатын. Сол кітабымды таба алмай жүргенін айтты. Бір данасын беруімді сұрады. Бұл баланың ақша емес, кітап сұрағанына іштей қуандым. Келесі кездескенде сұраған кітабын әкеліп бердім. Ол қуанышы қойнына сыймай тұрып, маған өзі демеушілік жасаған, дүкендерден қанша іздесең де таба алмайтын бірнеше кітап ұсынды. Інімнің кітапты көп оқитын талабына, жақсы кітаптарды шығаруға қолдау көрсетіп жүргеніне риза болдым. Иә, қазіргі кітапты аз оқитын заманда көркем сөз құдіретін білетін, жазушының жан дүниесіне үңіле алатын, оның үстіне баспагер-меценатты көргенде төбең көкке жеткендей болатыны анық.

Міне, іздесең таба алмайтын, жобаңды түсіндіріп, көндіре алмайтын адамыңның өзі келіп, қол ұшын беруге дайын екенін айтқанда не сенеріңді, не сенбесіңді білмей қалатының анық. Іші-бауырыңа кіріп тұрса, қалай келісім бергеніңді байқамай қаласың. Бірақ көңіліңде күдіктің тұратыны да сөзсіз. Өйткені, бұл әлі ауызша әңгіме ғой. «Уәде – Құдайдың сөзі» деген қағазға түспеген келісім-шарт емес пе? Қазағым қашанда сөзге тоқтаған халық қой. Көріп жүрміз, кейде мөр басылып, қол алысқан уәде-келісім шарттың өзі орындалмай қалатыны қашаннан.

– Ең алдымен мына «Горилла-адам», «Туған күніңмен, Айтұмсық!» деген ертегі кітапшаларыңызды шығарып берейін. Үш тілде – қазақша, орысша, ағылшынша, түрлі-түсті безендірілген екен. Балаларға таптырмайтын сыйлық қой. Әрқайсысының таралымы 2000 данадан. Үйіңізге өзім әкеліп беремін, – деді Ғани.

Ол уәдесінде тұрды. Бұл азамат-тықтың асыл белгісі ғой!

***

– Көке! – деді әлгі інім келесі бір кездескенде. – Дулат ағаға барып, сәлем беріп қайтайық? Ол кісіні бір-екі рет көргенмін. Бірақ сізбен бірге барып, жете танысқанның орны бөлек қой.

Мен Дулат Исабеков көкеме телефон соқтым. Даңқты жазушы-драматургтың есігі інілеріне дегенде айқара ашық. Иә, сол кез жазушы ағамыздың жұлдызды күндерінің бірі еді. Туған жері – қасиетті Түркістан «Бөрте» спектаклінің премьерасына әзірлеуде еді. Әр қазақ мақтанатын оқиға – әлемнің 6 елінде осы қойылымға дайындалып жатты. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, Дулат көкемнің үйіне тартық. Інім Ғани соңғы кезде шығарған бір десте кітаптарын көтеріп алыпты. Менің де жарыққа шыққан дүниелерім баршылық.

Ақ жеңешем алдымыздан аңқылдай жүгіріп шығып, төргі бөлмеге жетелей жөнелді. Дулат көкем Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының студенттеріне онлайн сабақ беріп отыр екен. Қазақтың ұлы жазушысы, әлем мойындаған, Англияның лордтары қабылдап, шығармаларына зор баға берген қаламгер қарапайым, зейнеткерлік тіршілікпен өмір кешуде екен. Бар байлығы жазған шығармалары, жалғыз данадан сақталып қалған кітаптары. Оларды қолмен ұстап көруге жүрексінесің. Өйткені, музейде тұрғандай,  жалғыз-ақ данадан қалған. Жеңешем сол кітаптарды көзінің қарашығындай сақтап жүр. Ал Дулат көкем болса, айтқаны аңыз, әңгіме, естеліктер. Тартымды, оқиғасы бір-біріне ұқсамайтын, ұлағатты дүниелер. 

Дулат көкем онлайн сабағын бітіріп, қасымызға келді. Көңілі – көктем. Жазушы-драматург үшін әлемнің түкпір-түкпірінде спектакльдері үздіксіз қойылып жатса, одан артық бақыт, қуаныш бар ма? Ғани екеуміз осындай қуанышты сәттің куәсі болдық.

Мен балалар мен жасөспірімдерге арналған, жуырда жаңадан көп таралыммен шыққан үш кіта-бымды көрсетім. Қазақстан  Республикасының Президенті Қасым-Жомарт КемелұлыТоқаев мырзаның 70 жылдығыммен құттықтағанын, Алматы қаласының әкімдігі марапат көрсеткенін айтып, мақтанып жатырмын.

– Осы үш кітаптың екеуін мына жігіт, Ғани Смаханұлы шығарып берді. Бүгін осы бауырыңызбен жақсылап таныстырғалы келдім, – дедім.

Ғани да қарап қалған жоқ. Өзі шығарған бірнеше кітапты Дулат көкемнің алдына жайып салды. Кітапты бағалай білетін жазушы әр туындыны жеке-жеке зерделей қарап, ризашылығын білдіріп жатты.

– Көке, мен дәрігер болсам да, соңғы оншақты жылдан бері қайырымдылық жасап, кітап шығарумен айналысып келемін. Барлық кітаптарды тегін таратамын, автордан да соны талап етемін, – деді Ғани асыға-аптыға сөйлеп. – Ал, мынау Ұлы Абайдың 175 жылдығына арнап шығарған Болат Жүнісбековтің «Абайдың ақын ұлдары» кітабы. Абай жайлы тағы да екі кітап әзірлеп, оқырманға ұсынып үлгердім.

– Мына туынды Абай жайлы салихалы еңбек екен, – деді Дулат көкем мың беттік кітапты зерделей көріп.

Сол кезде жазушы ағам маған қарап: «Кітаптарым шығып жатыр. Қазір шағын форматта, жол-жөнекей оқитын, қойын қалтаңа сиятын кітапшалар шығару көбейіп келеді. Міне, мынау орыс жазушыларының кітабы. Менікі де осы форматта шықты. Ыңғайлы», – деді де маған қарап: «Сен баспагерсің ғой, менің «Дулат Исабековтің анекдоттары» деген қолжазбам бар. Көлемі алпыс-ақ бет. Үзеңгілес достарым, аға буын өкілдері жайлы. Жазушылардың басынан кешкен қызықты оқиғалары туралы  жазылған әзіл әңгіме-эсселер ғой. Әбдіжәміл Нұрпейісов, Асқар Сүлейменов, Дүкенбай Досжан, Төлен Әбдік, Бексұлтан Нұржекеев, Мұхтар Шаханов, Көпен Әмірбеков, т.б. Оқылатын дүниелер. Соны шығару жағын ойластыршы, Бейсенбай», – деді.

Мен Ғаниға меңзей қарап, «Көлемі онша көп емес екен, 5000 данамен шығарып берейік» дедім.

– Сөз жоқ, Дулат көке, шығарып беремін, – деді Ғани сөзін шегелей.

– Редакторы өзім боламын, – дедім мен.

Ұлы жазушының жас балаша қуанғанын көріп, көңілім орнына түскендей болды.

Дулат көкем қандай тақырыпқа әңгіме қозғаса да майын  тамыза айтатын әдеті ғой. Бір оқиғасы екіншісіне ұқсамайды. Өзімен бірге жетелеп отырады.  Ғанидың да айтар ойы, қояр сұрағы көп екен. Аға мен інінің жарасымды әңгімесіне іштей риза болдым. Ойларын бөлген жоқпын.

Мен үйге жеткенше электронды поштама көкемнің көмекші қызы Ақмоншақтан қолжазба да түсіп үлгеріпті. Бас алмай оқып шықтым. Қолжазбаның түскенін Ғаниге айттым. Біз ертең баспада кездесуге келістік. Санаулы күннен соң «Дулат Исабековтің анекдоттары» кітабының беттелген нұсқасын алып, көкемнің үйіне тарттық. Дәрігер-меценат інім өзі демеушілік жасап шығарған, өткен жолғыдан бөлек бес-алты кітапты құшақтап алыпты. Мен Ғани шығарып берген «Сырлы Әлем» таңдамалы жинағымды мақтана Дулат көкеме ұсындым.

– О-о! - деді Дулат көкем қуанышын жасыра алмай. – Мына кітаптарың керемет екен. Тек, оқитын оқырман болса.

– Біз шығарған кітаптар оқырман сусап жүрген, тарихи-танымдық дүниелер. Олар: Оразақ Смағұловтың «Қазақтың айбарлы диссиденті», академик  Әбдуали Баешовтың «Елу жыл білім мен ғылым жолында», сынды кітаптар. Ал мына туындыны өзіңізге арнайы алып келдім. «Нәзір әлемі. Мир Назира Торекулова» кітабы. Еш жерде жарияланбаған, мұрағаттан табылған соңғы дерек-құжаттар, фото суреттер. Араб қарпінен транскрипцияланған. Авторы Сәрсен Бек Сахабаттың көп жылғы жинаған, зерделеген тарихи еңбегі, – деді Ғани басылым жайлы қысқаша мәлімет беріп.

Дулат көкем кітапты қолына алып, ұзақ қарап шықты. Ойын бөлген жоқпыз. Сәлден соң:

– Иә, мына кітап шынында да керемет дүние екен. Біз Нәзір Төреқұловтың  алдында қарыздармыз. Оның ел алдындағы еңбегі кеш зерттеліп жатыр. Ал, мен сендерге Нәзір Төреқұлов жайлы көркем фильм түсірілгелі жатқанын айтайын. Оны қолға алып жатқан менің күйеубалам. Мына кітап соған таптырмайтын дерек көзі, – деді жазушы.                

Менің академик Уәлихан Қалижанов көкемнің жиі айтатын: «Жақсы көке болу үшін ең алдымен жақсы іні бола білу керек» деген сөзі есіме түсті. Өткен ғасырдың еркесі атанған Дулат Исабеков көкемнің үзеңгілес достары, жазушылар ең алдымен аға буынның қазақ әдебиеті алдындағы өсиет-ұстанымына адал болды. Оқырмандарын тамаша туындыларымен тербетіп келеді. Олар қазір ХХІ ғасырдың дана-абыздары. Өздері сыйлап өткен, пір тұтқан ұстаз-қаламгерлердің нағыз шәкірті, ізбасарлары. Біз аға буын өкілдерімен кездескен сайын олар айтқан аманатқа адал болуға талпынумен келеміз. 

Мамандығы дәрігер, әркім арман-дайтын кәсіп. Қарапайым тілмен айтқанда адам жанының арашасысы. Күніге алғыс алатын, адамдарға өмір сыйлайтын жұмыс. Ал, біздің басты кейіпкеріміздің жүрек қалауы –  кітап оқу. Іздеп жүріп оқу, негізін түсініп, насихаттап жүру. Қолдау көрсету. Тағы бір қасиеті меценаттық қыры. Ғалымдар мен жазушыларға жарыққа шықпай жүрген туындыларына сәт сапар тілеу, өмірге жолдама беру. Меценат үшін бұдан асқан қуаныш бар ма?

Ғани алған алғыстардың ішінде мына оқиғаға ерекше тоқталғым келеді. Халқының қадірлі ұлы – Медеу қажы Пұсырманұлының басына құлпытас қоюы еді. Ал сол атақты тұлғаның еңбегінің айқын да жарқын дәлелі – бүкіл әлем көз тіккен «Медеу» мұз айдыны, Алматыдағы Медеу ауданы. Ең бастысы, адал ұлға деген халықтың көңіл-ықыласы. Ал дәрігер-меценаттың осы ұлы тұлғаның өмір жолын насихаттауға деген өзіндік үлесі «қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей». Жақында Медеу қажы Пұсырманұлының тікелей шөбересі Шәрбан Жақыпбекқызы Жайшыбекова Ғани Смаханұлының атқарып жатқан еңбегіне риза болып,  қасиетті баба-сының тарихи жәдігерлерін өз қолымен оған тапсырды. Жылдар бойы сақталып келген аманат-жәдігерді дәрігер-меценат абыроймен алып жүреді деген ойдамыз. Өйткені, Ғани Смаханұлы аманатты арқалай білетін, құндылықты қастерлеп жүретін азамат қой!

          Бейсенбай Сүлейменов,

Қазақстан Республикасы Президент сыйлығының

лауреаты,  публицист, жазушы

2284 рет

көрсетілді

244

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз