• Ел мұраты
  • 30 Наурыз, 2022

ҰЛТ РУХЫН КӨТЕРЕР ҰЛЫЛАР ҰЛАҒАТЫ

Бір ғасырлық тарихы бар республикалық «Ақиқат» қоғамдық-саяси журналының редакциясында әр кезеңдерде есімдері елге танымал, еңбектері халқымыздың рухани игіліктеріне айналған небір тамаша қайраткерлер, ел зиялылары, ғалымдар, журналистер, ақын-жазушылар қызмет жасады. Бірнеше ұрпақ, әр кезеңнің де өзіндік алыптары тағы бар. Біз үшін қазақ руханиятындағы алар орны ерекше журналымыздың тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы өмірі, сол кездегі редакциямыздың мойнына жүктелген замани тұрғыдағы ауыр жүктерді өз иықтарымен бірге көтерісіп, келер күн, келер биіктерге қарай өрлетуге атасалысқан қаламгер тұлғалардың еңбегі, олардың қадір-қасиеті тіптен де ерекше. Алғаш өмірге келген күнінен бастап, заманның, қоғамның барлық қиындық-жетістіктері мен ыстық-суығын халқымызбен бірге көтерісіп келе жатқан басылымымыздың тәуелсіздіктің ақ таңында ел-жұрт, қалың оқырманның арман-тілегіне сәйкес, «Ақиқат» деп өзгертілуі, тәуелсіздіктің сол алғашқы күндерінде тарихи өткеніміздің небір «ақтаңдақтары» ашылып, қоғамның, халықтың өміріндегі небір ащы шындықтардың ортаға салынып айтылуы, тәуелсіздік дәуіріндегі тәуелсіз, азат ой, ұлттық салт-дәстүр, қоғамдық ой-сананы қалыптастыру бағытындағы талайғы келелі істер де осы кезде қолға алынып, жүзеге асырыла бастады. Дәл осы тұстағы журналымыздың алдына қойылған міндеттер жүгі де ауқымды болатын.

Осынау тарихи кезеңде редакцияның шығармашылық жұмысына мұрағат қоймаларында үздіксіз ізденіп, елтану, қазақтану, деректану бағытында жұмыстанған ғалым-мамандардың тартылуы ұлттық журналистикамыздың өміріндегі елеулі бір құбылыс болды десек те жарасар еді. Және де, қандай десеңші, бәрі де – шетінен әр саладағы ғылыми атақтары бар, талай талантты тарихи, әдеби-ғылыми зерттеу тұрғысындағы очерк, монографиялық еңбектердің авторлары, өздері сол кезде ғылыми-зерттеу мекемелерінде, жоғары оқу орындарында қызмет жасап жүріп, елдің ұлттық бағыттағы бетке ұстар мерзімдік басылымының шығармашылық жұмыстарына білек сыбанып, қызу кірісіп кеткен танымал тұлғалар. Солардың бірі тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында Алматыдағы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер, Консерваторияда доцент болып еңбек етіп жүріп, редакцияның білдей бір бөлімін басқарған және журнал беттерінде өзінің зерттеу-зерделеу бағытындағы очерк, мақалаларымен көрініп, оқырмандардың ризашылығына бөленген сол  тұстағы талантты әдебиеттанушы-ғалым, бүгінгі филология ғылымдарының докторы, профессор, талай ондаған ғылыми-зерттеу кітаптары мен монографиялардың авторы Құлбек Ергөбеков болатын. «Ақиқаттың» ел оқырмандары арасындағы абырой-беделі, редакциядағы шығармашылық жұмыстар, басылымның әрбір жаңа сандарын даярлау, шығару кезіндегі небір қызықты жұмыстары, әріптес-қаламдастары, редакцияда қызмет жасаған жылдарының өз өмірінде, шығармашылығында ұмытылмастай іздер қалдырғандығы хақында осы кезге дейін Құлбек ағаның сағынышқа толы сезіммен талай рет еске алып жазғандығын да ұмыта алмас едік. Ағамыз қасиетті Түркістандағы Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университетінің вице-президенті болып қызмет жасап жүріп те, «Ақиқат» үшін қуанып, үнемі редакциямызбен хабарласып, ой-толғаныстарын да жеткізіп отырады.

Танымал ғалым, зиялы тұлға, қаламгер аға биыл 70-жасқа толып отыр. Құлбек ағаны осынау мерейлі жасымен құттықтап, ғылымда, шығармашылықта алда да тынбай еңбек етіп, үлкен табыстарға жете беруін және өзіне зор денсаулық, отбасына амандық, береке тілей отырып, төменде оның шығармашылығы туралы жазылған ғылыми мақаланы оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдік.                                                                                                          

 Редакция

Құлбек Ергөбектің «Арыстар мен ағыстар». Шеберлік шеберханасы. (Астана.. «Фолиант» баспасы, 2004.-224 –бет)-5-ші кітабындағы «Әдебиет – арманым, ана тілі – ар-ұятым...» деген алғы сөзінен байқағанымыз – оның өмірде де, сөз өнерінде де жолы болған әдебиетші екендігі. Сөз құдіретін біліп, бағалаған отбасында (әкесі Сәрсен қыздармен өлеңмен айтыса кететін кісі екен - Қ.Е) өскен, тамыр-тегі тегін емес Құлбекті немере ағасы, көрнекті сатирик Көпен Әмірбеков қолынан жетектеп Алматыға, ҚазМУ-ге әкеліп, балалар ақыны Әнуарбек Дүйсенбиевке, ол досы, ірі тюрколог-ғалым Мархабат Томановқа табыстап, оқуға түсуі, одан бағы жанып, қазақтың небір мүйізі қарағайдай марқасқа тұлғалары Бейсембай Кенжебаев, Тұрсынбек Кәкішұлы, Серік Қирабайұлы, Зейнолла Қабдолұлы, Бағыбек Құндақбайұлы сынды ұстаздардан білім алып, табысуы, сөз жоқ, екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Тағы да тағдырдың сыйы болар, көрнекті ғалым, әдебиет тарихының ірі өкілі, ұлы ұстазы Бейсембай Кенжебайұлының рухани баласы атанып, бір шаңырақта өмір сүруі, оның күллі архивінің өзіне аманат етілуі, одан қалды университет бітірісімен жаңадан ашылған Сәбит Мұқановтың мемориалдық музейіне жұмысқа тұрып, Мәскеудегі Орталық Мемлекеттік Әдебиет және Өнер (ЦГАЛИ) архивінен бастап, КСРО архивтерінің бәрін ұзақ уақыт бойы аралап, қазақ әдебиетіне қатысты құнды материалдар жинауы, оның үстіне, жұбайы Баян Адырбектің архив қызметкері, архивтанушы-тарихшы, педагог болуы ғалымның әдебиеттегі жұлдызын  жандырғаны сөзсіз. Осынау қордалы қордың қоңы құнарлы болуынан болар, бүгінде оның жеке мұрағатында өте сирек кездесетін ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы кітаптар, С.Мұқановтың шығармаларының алғашқы арабша, латынша басылымдары, Ә.Тәжібайұлының бірсыпыра қолжазбалары, бұрынғы КСРО елдері архивтерінен көшірмелер, сирек фотолар бар екен. С.Мұқанұлы мен Б.Кенжебайұлының мектептерінен сабақ алған зерттеуші Құлбек Ергөбектің өзге ғалымдардан басты ерекшелігі де осы архивке жақындығы мен құнды құжаттарға ұқыптылығы болса керек. «Құнарсыз жеміске құрт та жуымайды» дегендей тарихи деректері мен ғылыми фактілері мардымсыз зерттеу еңбектердің маңыздылығы шамалы болатыны да мәлім. Бұл мәселеде де Құлбектің мысы басым. Сондықтан болар, оның зерттеулерінде ғылыми талдаулардан гөрі, әдебиет тарихының сирек кездесетін әдеби фактілері мен тарихи деректері мол. Кезінде Құлбек бір шаруамен Жұмекен Нәжімеденовпен кездесуге барғанда:

– Мен сені шал екен десем.

– Неге олай ойлайсыз?

– Қалжекең жайлы мақалаң тым есейіңкі, ал өзің баласың ғой...», – депті (1-292-бет). Сыншының өзі: «....мұндай жылы сөзді Қуандық Шаңғытбаев, Мұзафар Әлімбаев, Оспанхан Әубәкіров, Бекен Әбдіразақов, Сағат Әшімбаев секілді ағалардан есіттім...», – дейді (2-293-бет). Бұл тегін теңеу болмаса керек-ті. Шынында да, Құлбектің бүкіл мақалаларынан Бейсембай Кенжебайұлының  білімдарлығы мен шежірелік қасиеті, Сәбит Мұқановтың шешендігі байқалып, әдебиет тарихын ары-бері төңкерген тісқаққан тарихшының  келбеті көрінеді. Тегінде ең жақсы өмір мектебінен өтіп, ұлы ұстаздардың қазыналарын құйма құлағына құйып, санасына сіңірген, жадында сақтап, таусылмас тақырып етіп алған кешегі шәкірт, бүгінгі ұстаз, танымал зерттеуші Құлбек Ергөбекті де әдебиетіміздің тірі шежіресі, тарихшысы десек, артық айтқандық емес. Әдебиет тарихын оқи отырып,  сол кезеңнің уақыты мен кеңістігіне сапар шегіп, ойларын түзейтін, ұлттану, тұлғатану сезімдерін тәрбиелейтін жас ұрпаққа ақиқатпен ажарланған архив, нақты тарихи фактілермен толыққан философиялық ойлар ауадай қажет. Осы шақпен бүкіл өткен тарихты Бейсембай Кенжебайұлының естеліктері, күнделіктері, хаттары, түрлі жанрдағы жазбалары арқылы сөйлетіп отырған Құлбек еңбектерінің құндылығы да осында. «Сұрғылт тұман торламаған аспан жоқ, сор мен шерге шырмалмаған дана жоқ. Даңқтың жолы даңғыл емес», – деп, дана бабамыз Әйтеке би айтқандай, Алаш арыстарының, оның ішінде, Бейсембай Кенжебайұлының да көрмеген құқайы, шекпеген қасіреті жоқ. Оның үстіне, «Кім тозақ өмірден өтсе, оның үнсіз қалуы мүмкін емес» деген сөз тағы бар. ХХ ғасыр басындағы Алаш зиялыларының тағдырларын көзбен көріп, көкірегіне қасірет етіп құйған тарихты кеңес кезінде жариялауға мүмкіндік болмаса да, архивінде қалған қолжазбаларында, күнделіктерінде, кейінгі кездері жазған қоспасыз таза естеліктерінде айтпасқа болмайтын ақиқаттар көп екендігі айқын.

Көрнекті әдебиет сыншысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек есімі бүгінде әдеби, ғылыми ортаға осы ақиқаттарды,  құнды құжаттарды ғылыми айналымға ендіріп, тарихты қайта тірілтуімен жақсы  таныс. Оның оқырманға жол тартқан «Жан жылуы», «Мейірім шуағы», «Баянғұмыр», «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті», «Шыңғыс шыңы», «Сәбит Мұқанов», «Жазушы шеберханасы» және 5 кітаптан тұратын «Арыстар мен ағыстар» атты әдебиеттану мен сын әлеміне арналған еңбектерінде бір ғасырдағы әдеби үрдіс, әр кезеңнің көрнекті тұлғаларының тағдыры мен туындылары баяндалған. Оның қай шығармасы да мұрағаттық мәтіндермен мазмұнын байытып, тарихи құжаттармен құндылығын арттырып, оқырманын қызықтырып, баурап алатыны бар. Қазақтың көрнекті ғалымы Бейсембай Кенжебайұлы мен жазушы Сәбит Мұқанұлының киелі шаңырақтарында шертілген естеліктерін құйма құлағына құйып, зердесіне ұялатқандықтан, рухани қоржыны қалың Құлбектің жазғандарынан ұлылардың ұлағатын ұққың кеп, құныға оқисың, қызығасың, ел естімеген естеліктерге елігесің. Осы шалдардың шекпенінен шыққан, олардың әдебиеттің арғы-бергі тарихынан, өз тұрғыластарының тағдыры жайлы айтқан шежірелерімен сусындап, әдеби талғамын түзеп, дүниетанымын кеңейткен, көпшілік біле бермейтін Алаш зиялыларының тарихынан тарамдап тәлім алып, бағытын жас кезінен түзеген Құлбектің өзі де қазір сол қарттар сияқты шежіреші, мұрағаттық материалы мол қазынаны тереңінен қазып, шаршамай, шалдықпай жазып жатыр, жариялап жатыр. Өз  шаңырағы архивке айналып, елдің аңсарын аударады. Алаш зиялыларының азапты да арлы өмірлерінің көпшілікке таныс емес сырларына да осы еңбектер арқылы кезігіп шерленесің, тағлымдарына тұшынасың да тәнті боласың.

Құлбек Ергөбектің әдеби  әңгімелерін, ғылыми талдауларын,  зерттеулерін бейнебір көркем дүние оқып отырғандай жеңіл оқисың, бірақ жаның да  әдеби қорың да байып, түлеп отырасың. Тілінің байлығы, әдеби деректерді көп білетіндігі, әңгімешілдігі, соларды көркем тілмен жүрекке жеткізе білуі де ерекше. Қысқа да нұсқа сөйлемдерімен-ақ талай тарихты тірілтеді. Айта берсең, зерттеушінің қаламгерлік қыры да, талдауы да тосын әрі қызықты. Мәселен, бір ғана мысал, «Арыстар мен ағыстар» (Әдебиеттану, сын әлемі. Төртінші кітап. Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2003.-336-бет. Отырар кітапханасы) деген кітабындағы «Арыстар» атты 1-ші бөлімде Алаш арыстарының тағдыры мен шығармашылықтарына қатысты қаншама құнды мәліметтер беретін «1.Қайырымсыз уақыттың қайсар ұланы немесе профессор Бейсембай Кенжебайұлының рухани ерліктері жайлы хикаясын» 15 ерліктен тұратын ұлы ұстазының ұлан-ғайыр өмірі мен шығармашылығына арнаған. Мұндағы әр ерліктің тарихына тоқталмай-ақ, тақырыптарын атап өтсек те, ондағы терең ойды ұғамыз. Оқырман ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің тарихын, осы күнге дейін бүкпеуін ашпай, бүтіндей белгілі болмаған талай құпияларға қанығуы үшін бұл кітапты өзі жеке оқып шығуы қажет. Сөйтіп, тарихтың ақ-қарасын көзі көрген тірі куәгердің еш бүкпесіз ашық айтқан ақиқаттары арқылы аналитикалық талдау жасай отырып, ой қорытуы тиіс.

«Бірінші ерлік, әйтпесе Абай биігі» деген еңбекте 21 жастағы Бейсембай Кенжебайұлының тұңғыш мақаласы «Абайдың» ұлы ақынды сынап жатқан күрделі кезеңде жариялануы сол кезең үшін үлкен рухани сілкініс,  құбылыс болғаны, 1945 жылы ұлы абайтанушы Мұхтар Әуезовпен бірге қазақ-орыс тілдерінде еңбектер жазуы, 1954 жылы Абайдың қара сөздеріне, 1955 жылы абайтануға өзіндік үлес қосқаны сөз болса, «Ар алдындағы тайталас, немесе екінші ерлік» 30-ға да толмаған «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакторы Б.Кенжебайұлының «Қазақ тілі туралы», «Тағы да қазақ тілі туралы» деген мақалалар жазып, қазақ тілінің тағдыры мен келешегіне алаңдап, ұлт нигилистеріне  қарсы табанды күрес жүргізуі шын мәнінде өз басын бәйгеге тігуі еді.

«Үшінші ерлік, немесе Шәкәрім хикаясы» тарауында «А.С.Пушкин. Таңдамалы шығармалар. (Қ.Қ.Ә.Б., 1935 жыл. Жинаған, сөз басын жазған Кенжебайұлы Бейсембай)» деген жинаққа ақын шығармаларын аударған Абай, Міржақып, Бернияз Күлеев, Шәкәрім, Аймауытұлы Жүсіпбек, Ілияс Жансүгірұлын енгізіп, рухани ерлік көрсетуін, ал «Пушкин туралы» деген алғысөзі күні бүгінге дейін құнын жоғалтпаған еңбек екендігін, 1960 жылдары сүйікті шәкірті Р.Нұрғалиевқа жабық жатқан «Әуезовтің ұлтшылдық туындылары» деп аталатын трагедияларын айғайлатып тақырып ретінде ұсынуы, онда «Еңлік-Кебектің» сөз болатыны, одан «халық жауы атанған» Шәкәрімнің аталуы шын мәніндегі көзсіз ерлік еді. «Төртінші ерлік, немесе «Едіге батыр» жыры туралы» болса, «Бесінші ерлік, немесе ханды арашалаған қара» (Кенжебайұлының «Абылай» (1941) атты кітапшаны төбесіне төніп тұрған қанжарға қарамай жазғанын, екінің бірі біле бермейтін  Абылай жайында Мұхтар Әуезов роман жазбақ болғаны жөніндегі әдеби факті де оқырман үшін үлкен жаңалық екені сөзсіз.

Сол қаһарлы жылдардың өзінде ағысқа қарсы жүзген жаужүрек ғалым Бейсембай Кенжебайұлының жас ұрпаққа ұлттық рух егетін Едіге, Абылай, Кенесары жөнінде үштаған тарихи очерк жазу ойында болғаны жөнінде: «... Едіге жайында жазды, Абылай жайында жазды, Кенесары жайында жазбақ болып Ташкент архивтерінен көптеген материал көшіріп, көп кітапты конспектілепті. Өкініші – уақыттың ұйқы-тұйқылығынан ғалымның бұл арманы орындалмады. Ойға алған істерінің бірі орындалмағанымен, қалғанының орындалғанына шүкіршілік етеміз...», – дейді зерттеуші Қ.Ергөбек ( 3-44-бетте).

«Алтыншы ерлік, немесе Сұл-танмахмұт үшін сор кешкен» Б.Кенжебайұлының ақын шығар-машылығын зерттеймін деп ұлтшыл атанып, университеттен Мұхтар Әуезов екеуінің бір бұйрықпен шығарылғаны сөз болса, «Жетінші ерлік: «Абай» романы жарыққа қалай шыққан?» атты мақалада «Абай» (1942) романының редакторы, ақын Қуандық Шаңғытбаевтың «Абай» романы жарыққа қалай шыққан еді?» («Егемен Қазақстан», 21.08.1992) мақаласында М.Әуезов пен Б.Кенжебайұлының қылаусыз достығы, «Бешім» деп еркелеткені, ағалы-інідей сыйласу тағлымы тың тарихи деректермен толыққаны елді елең еткізері сөзсіз. Оқып көрелік: «Жайшылықта бала өсектесе көніп қалатын, сыртыңнан ғайбат айтты десе сеніп қалатын бала көңіл дана адам өзіне жақын жүрген, сөзіне ден қойғызып бауырына кіргіштеп жүрген жандардың өзі Бейсекеңді жамандап сендіре алмас екен, Мұхаңды. Екеуіне бірдей ортақ доссып жүрген бір жанның пендешілігі ұстап, араларына от тастамақ болып, екі езуі көпіріп екі сағат жамандағанда ұлы адам орнынан көтеріліп барып есікте жатқан галошты алып келіп столына қойып:

– Сенің әңгімең тап осылай әсер етті маған, – депті түнеріп. – Қылаудай кінәраты жоқ кісіні былғама! Басқаға сенбеспін, Бешімге сенемін».

Ұлы адамның ұя сырын жазушының жары Валентина Николаевнаның баласын емізіп жүрген тұстарда Меңжамал анамызға ренжи айтқан екен (Меңжамал анамыз В.Николаевнаның сүтсізденуіне байланысты, оның бір баласын емізген – Қ.Е). Анамыз бұл әңгімені кейін бізге елеусіз ғана әңгімелеген еді кезінде», – дейді (4-62-бет). Ұлы адамның ұсақ-түйегі болмайды, бұл да өнеге екендігін ескерткен ғалым Құлбек Ергөбек  «талай мәрте Бейсекең Мұхаңды үгіттеп, «Қазақ әдебиеті» кафедрасына меңгерушілікке көндіре алмағанын, қарамағында қызмет атқарғанын, ал Бейсекең тартқан сый-бүркіт жазушы столы үстінде өмірден өткенше де, қазір де тұрғанын ұлылар ұғымындағы достықтың дәнекері, үлкен өнегенің маңызды бір деталі ретінде дәріптейді.

Мұнда екі достың аңызға бергісіз ақиқаты мол танысу тарихы да таратылып жазылған. Бейсембай Кенжебайұлының Мәскеуде «КСРО Жоғарғы Советінің ведомствосы» редакциясында қызмет істеп жүргенде, яғни, 1939 жылы күзде Мұхтар Әуезов оның Мәскеудегі пәтеріне түсіп, бірнеше күн жатып, қапысыз сыр алысқаны туралы қаншама жаңа деректер айтылған.

Ұлы жазушының қатар сыйласқан, бірін аға, бірін іні тұтқан Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Зейнелл-Ғаби Имажанов, Сәдуақас Оспанов, Әмин Мүсіпов, т.б қазақ зиялыларының Б.Кенжебайұлына да қамқорлық танытқаны, т.б. сынды көптеген тың тарихи деректер келтірілген.

Мұндағы бұрындары беймәлім болып келген, әсіресе, Әуезовке қатысты әрбір құнды құжат, деректі жазба – қазақ әдебиеті үшін қымбат қазына. Олай болса, Бейсекеңнің күнделігіндегі Әуезов туралы әңгімесі, естеліктері  мұхтартанудағы рухани мұра болмақ. Алайда, бір мақалаға ондағы фактілерді сыйдыру мүмкін емес, әрі ол кітапты қайта көшіргенмен бірдей болмақ. Бұрында белгілі «Абай» романының жарыққа шығу тарихы мұнда Б.Кенжебайұлының күнделігіндегі бұрындары баспа бетін көрмеген беймәлім мәтіндермен молыққан. Қос ғұламаның ғибратты ғұмырынан сыр шерткен шежірелер, эпистолярлық мұралар, әрбір өмір дерегі, тың  детальдар толығымен берілгендігімен бағалы.

Кітаптағы толық берілген мәтіндер – қазақтың қаһарман қаламгерлерінің қайраткерлік, рухани ерлігінің жазбаға түсіп, жарыққа шыққан шынайы көрінісі, ақиқаттың айнасы. Әрбір жаңалықтың өзі кешегі құбылыстың қайталануы болса, мұндай елге рух беретін ұлыларымыздың ұлты үшін қандай да қиыншылықтан қайтпайтын қайсарлығын танытар тарихи деректерді оқтын-оқтын ойға алып, озық үлгі ретінде ұлағат етіп отыру парыз.

Зерттеушінің: «...Асылы қай дәуір, қандай жағдайда да тор шын талантқа құрылған, керме-кедергі заманынан озық ұлы жазушының құбылысқа айналып туған шығармаларына жасалған... Қайран да қайран шерменделіктің қыл шылбырынан құтыла алмай, тұтылып қалып жататын ұлылық. Ұлылық қыр соңынан қалмай өкшелеп, ізін аңдып құлтабандап діңкесін құртатын көре алмаушылық, қызғаныштың қызыл иті-ай десеңші?!», – деген  запыран атқан зар-шері талайдан айтылып, құлақ сарсытса да құтыла алмайтын дерт екендігін дәлелдеудің де қажеті жоқ (5-71-бет).

Тарихи тұлғалардың эпистолярлық мұраларын жинау, жүйелеу, жариялауда, аға ұрпақтың аманатын арқалап, бүгінгі ұрпаққа жеткізудегі әдебиетші-ғалым Құлбек Ергөбектің еңбегі ересен. Ұлттық руханиятымызға қосылып отырған осынау құнды мәтіндерді қазақ әдебиетінің қазынасындағы жаңа жәдігерлер, теңдесі жоқ тың мәтіндер, әдеби құбылыстар дер едік.

Шежіреге толы ғалым күнделігіндегі көрікті ойлар, архивке бергісіз құнды құжаттар, қазақ әдебиетінің тарихы, Әуезовке қатысты рухани жәдігерлер, хаттар, естеліктер, өзге де әдеби мұралар көп-ақ. Айталық, «Ояну дәуірінің әдебиеті – ойлы ғалым зерттеуінде (он екінші ерлік)» деген тараушада тағы бір тың эпистолярлық мұраға кездесеміз. Сондықтан, оны толық күйде көшіруге тура келді. Мұхтар Әуезов ҚазМУ-дың ректорына  екі хат жолдапты. Бірінші хатта: «Б.Кенжебайұлымен ҚазМУ-де көп жыл үзеңгілес қызмет атқаруым себепті оның ғылыми-педагогикалық еңбектерін жақсы білемін. Әрі докторлық диссертациясын ойдағыдай қорғап шығарына қапысыз сенетіндіктен аталған диссертацияға кеңесші болуға қуана-қуана келісе-тінімізді хабарлаймын», - депті (19.01.1955 ж.). Екінші хатында: «ҚазМУ-дың доценті Б.Кенжебайұлы «ХХ ғасыр басындағы қазақ демократиялық әдебиеті» аталатын тақырыпта еңбек етіп келеді. Бұл қолдай қуаттауға әбден лайық тақырып, өйткені автор еңбекші бұқара тіршілігімен сабақтас демократтық бағыттағы әдеби процесті зерттеу талабын қойып отыр. Бұл кезең әдеби процесі әлі күнге байсалды зерттеу нысанасына айналған жоқ-ты.

 Доцент Кенжебайұлы бірсыпыра жылдардан бері бұл тақырыпты үздіксіз зерттеп келеді. Торайғыров ақындығы, С.Дөнентаев, М.Сералин өмірі мен шығармашылығы хақында бас-басына зерттеулер жазып жариялады. Аталмыш еңбектерге қарап Кенжебайұлының ұлан-асыр материал жинап қана қоймай, бағалы байламдарға келгенін көруге болады.

 Маған сондай-ақ Кенжебайұлы жолдастың ХІХ ғасыр әдебиеті және совет әдебиетіне арналған зерттеу еңбектері (Абай, Жамбыл тағы басқалар) да жете мәлім.

Міне, осы жайлардан кейін Кенжебайұлының докторлық диссертациясын жемісті аяқтап, табысты қорғарына күмән болмасқа керек» (30.ҮІ.1955 ж) деп жазыпты (6-116 бет).

Бұл жәйді одан әрі толықтырар мәтін де оқырманды бей-жәй қалдыра алмасы анық:

«Профессор Бейсембай Кенжебайұлының аталмыш еңбегі өміржасы өксіп жүріп жазылған еңбек.

Дау аяғы алпысыншы жылдарға жеткен. Қазақстан Республикасы Ұлттық академиясы 1959 жылы жазда «Қазақ әдебиетінің негізгі проблемаларына» арналған ғылыми-теориялық конференция өткізгенде де Бейсекең еңбегін күстаналамақ беріш бейілдер төбе көрсеткен. Абырой болғанда, Мұхтар Әуезов үзеңгілесі Бейсекеңнің бұл еңбегін ерекше бағалап, айбар танытып арашалаған. «Көпшілікке ұнаған баяндаманың бірі Бейсембай Кенжебаев жолдастың баяндамасы болды... ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті шығармаларын көп зер салып зерттеп жүрген Бейсембайдың баяндамасындағы қорытынды, жаңағыдай сын-пікір өте орынды, дұрыс айтылған ой деп білемін»  («Әдеби мұра және оны зерттеу», 1961 ж., 349-бет) – деп жоғары бағалаған (7-119-бет). Зерттеуші Қ.Ергөбек келтіріп отырған эпистолярлық мұралар бүгінгі мұхтартануға бәймәлім  мәтіндер. Сондықтан да, екі қаламгер, әрі қайраткер арасындағы шығармашылық, ғылыми байланыс, достық қарым-қатынас жөніндегі тың әдеби фактілер мен ғылыми ақпараттарды қазақ әдебиетінің тарихын толықтырған жемісті жұмыстар деп түсінген жөн.

Әдебиетші, сыншы Құлбек Ергөбектің мәтінді талдау мен зерттеудегі өзіндік қолтаңбасы мен ерекше әдіс-тәсілі «Сыр сандықты ашып қарағанда...» (Он үшінші ерлік)» деген тараудағы «Б.Кенжебайұлы – журналист еді», «Б.Кенжебайұлы –  әдебиет сыншысы еді», «Б.Кенжебайұлы – әдебиет тарихшысы еді», «Б.Кенжебайұлы – тарихшы еді», «Б.Кенжебайұлы... лингвист-тілші ғалым еді» деген тақырыптарға бөліп, баға беруінде айқын көрінеді. Айтар ойын осылай жүйелеп, жеке-жеке тақырып төңірегінде талдап, жинақтап ой айту оның зерттеушілік ерекшелігі, стильдік өрнегі, танымдық тәсілі болса керек. Топтап, түйіндеп, тұжырымдап ой айту және оны қасаң, қатып қалған ғылыми стильмен емес, жеңіл оқылып, тез түсіндірілетін әдеби тәсілмен беру де зерттеушінің өзіндік өрнегі, қаламгерлік қолтаңбасы.

Өз естеліктері мен күнделіктерінде елдік мәні бар үлкен келелі мәселелерді қозғаған көрген-білгені көп шежіреші, әдебиетші, тарихшы, ғалым Бейсембай Кенжебайұлының айтпақ ойын нақты мәтіндер негізінде талдайтын автор эмоциялық, психологиялық реңктерді молынан пайдалана отырып, ой айтады. Ғалымның пікірінше: «...Ақиқатты алалау – тазалықты қаралау, шындықты айтпау – жалғандыққа болысу, өтірікке дес беру» (8-133 бет). Десек те, ұстаз бен шәкірт арасындағы көптеген тарихи-әдеби коммуникация ауызша айтуға негізделгендігін де ұмытпаған жөн. Сыншы, ғалым, әдебиетші Құлбек Ергөбек естіген көп сырларын өз баяндауында, зерттеушілік, эстетикалық, танымдық деңгейде талдай отырып, Б.Кенжебайұлының әдеби көзқарастар әлемін, шығармагершілік, қайраткерлік, азаматтық келбетін танытатын тұстарын таңдап, талғап береді.  Б.Кенжебайұлының  «Замандастар» деген естелігін «Жалын» баспасы 1970 жылы баспай,  80-жылдық мерей тойына орай, 1984 жылы «Жылдар жемісі» деген атпен «Жазушы» баспасынан шығарылғанымен, «құлағы кесіліп құнтиып, құйрығы кесіліп шұнтиып» шығарылғанын, әсіресе, М.Әуезов секілді алып ойшылдардың көп уақыт қуғын-сүргін көрген қасіреттері, өзге де құнды эпизодтардың қырқылып қалғанын әдебиетке, жалпы руханиятқа жасалған үлкен қиянат екенін өкінішпен баяндауы соның айғағы.

Ұстазы секілді тынымсыз еңбекқор ғалым Қ.Ергөбеков көбінде тың тақырыптарға барады, еленбей жүрген әдебиетшілерді, ақын-жазушыларды насихаттауға көп назар аударады. Бұл азаматтық ұстанымы оның әдебиет тарихшысы, кәсіби маман ретіндегі парызы мен сөз өнеріне деген өлшеусіз адалдығын да танытады. Мәселен, көпшілікке жете таныс емес ММУ-дің шығыстану факультетін, 1954 жылы Горький атындағы әдебиет институтының аспирантурасын бітіріп, «Жұлдыз» журналында қызмет атқарған, «Литературные заметки», «Дәстүрлі достық», «Дос лебізі» деген зерттеу еңбектер жазған  Қалжан Нұрмахановты, оның Мұхтар Әуезовке қатысы жөнінде көпшіліктің біле бермейтіні анық. Ал, осынау сирек тарих сыры Құлбектің еңбегінде кеңінен таратылып айтылған. Қалжан Нұрмахановтың М.Әуезов арқылы Шыңғыс Айматов шығармаларын аударуы, суреткердің рухани серігі, тұрақты тәржімашысы болған Зоя Кедринамен шығармашылық байланыста болғаны жөніндегі тың деректер де осында айтылады.

Қалжанның М.Әуезовтің атақты «Абай жолы» эпопеясының орысша аударылған нұсқасын қолжазбасынан қарап, қазақша-орысша мәтіндерін салыстыра, аударма хақында қызықты ой тербеп жүрген сыншы екендігін де оқырман осы мәтіндер арқылы жете таныса түседі. Сондай-ақ, Ш.Айтматовтың Қалжанның ұйымдастыруымен 1958 жылы июль айында «Лениншіл жас» газетінде өткізген кездесуде қазақ халқына, жастарына арнап айтылған тілек сөзінің Қалжан архивінен табылуы да оқырманға қызықты да құнды дерек. Оқиық: «...Жақында ғана әдебиет, өнер талапкер қазақ жастарының қызық істеріне куә болдым – ол Мұхтар Әуезовтің күніне арналған кеш еді. Бұл дәстүрге айналып келе жатқан кештер екен. Бұл кештерде талантты қазақ жастары Мұхаңның қасына келіп творчестволық есеп бергендей сезіледі. Маған бұл жоралғы сондай қатты ұнады. Мен де Мұхаңның шәкіртімін, мен де бұл кісіні әрдайым құрметпен еске алып басымды иемін. Келер жылы осындай «Әуезов күні» өтсе екен деп тілеймін. Одан арғы жылдары да бұл жақсы іс жалғасын тауып творчестволық жастардың әдетіне айналсын деп, Сіздерге сәлем жолдаушы Шыңғыс Айтматов» (9-286 бет). Бұл деректерді таратып, іздей түссеңіз, талай тарихи деректерге кездесуіңіз кәдік. Ал, «Жапырақтар кімнің өлеңі?» деген мақалада автор: «...Сұлтанмахмұттың қолжазбасы сақталмаған. «Ақынның өз қолжазбасымен бірге, түпнұсқаға баларлық көшірме де болған. Ол – ақынның елдес, жерлесі, жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың жинақ шығармақ мақсатпен жинап көшірген қолжазбасы. Бір ғажабы – ұлы Мұхтар Әуезов досының осы қолжазбасын  күні кешеге дейін сақтап келген екен. Ақынның кезекті екі томдығын құрастыру мақсатымен Ы.Дүйсенбаев сұрап алып, пайдаланып, қайта қайтармапты. Архивін сұрастырып таба алмадық. Өкініші ғылымға араласқан осындай кісілердің немқұрайдылығы салдарынан ұзақ жылдар бойы М.Әуезов үрейді жеңе жүріп, сақтап келген Жүсіпбек қолжазбасы (С.Торайғырұлының шығармаларының көшірмесі – Қ.Е) да жоғалды», – деп, өз әріптестерінің ұқыпсыздығына, аға ұрпақтың аманатына деген жауапкершілікті жете сезінбейтініне қынжылыс білдіреді (10-235-бет). Әрине, өкінерлік жағдай.

Қазақ әдебиеті қандай құнды қол-жазбадан айрылып отыр. Құлбектің әр шығармашылық тұлғаның мұрасына деген ерекше жанашырлығы, рухани ізденушісі бола білуі жалпы әдебиетке деген сүйіспеншілігін, адалдығын, жауапкершілігін танытса керек. Үнемі жоқ іздеп жүрген ғалым әдебиет тарихын түгендеуге, әдеби мұраның мұрты бұзылмай, ертеңгі ұрпаққа жетуіне жүйелі түрде жылдар бойы үлес қосып келеді. Бұл, әрине, Бейсембай Кенжебайұлының үлкен мектебінен қалған әдеп пен әдет, мінез бен мәдениет, тағлымды тәрбие екендігі сөзсіз .

Әдебиетші-ғалым Қ.Ергөбек тарихы түгенделіп зерттелмеген Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысына қызметке ауысқалы осы өңірдің тарихи тұлғалары, өз замандастары, қаламгер-құрдастары турасында да әрдайым қалам тартып, жиі-жиі әдеби сын жанрында мөлтек эсселер, мақалалар жазып отырады. Мәселен, «Бала тілін тапқан..» деген мақалада ақын, «Батыр бала Болатбек» әнінің өлеңін жазған Нұрсұлтан Әлімқұловтың творчествосы сөз болады. Ақынның «Бала Тұрар» деп аталатын поэмасында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов өмірінің ұлы жазушы Әуезов бейнелеген балалық шағын  таңдап алғандығы сөз болады. Әсіресе, балаларды қызықтыратын, әрі тағлымды өмірбаян Тұрардың бала кезінде абақтыны көруі, Тұрармен бірге ойнап өскен, қиын-қыстау кезде хабар жеткізетін, соңынан абақтыға да іздеп келетін бала достары Аманжол, Мұқандар образы, Саймасай баласы Шоқпармен арадағы қақтығыстың  бала оқырманды қызықтыратыны жөніндегі баяндаулары кәсіби маман тұрғыдан талданған.

Тәкен Әлімқұловтың тағдыры мен шығармашылығы туралы топтамасының «Жазушы өмірбаянынан» деген тарау-шасы да өзінің тың мәліметтерімен қызықтырады: «Біздің білетініміз – Әдебиет институтына Тәкен, ұлы Мұхтар Әуезов жазып берген тілдей қағазбен барып, емтихансыз түскен. Өйткені, Т.Әлімқұловта белгілі бір оқу орнын тәмәмдағаны жөнінде құжат болмаған.Тәкеңнің өзі айтар еді: «Константин Федин орыс әдебиетінің Максим Горькийден кейінгі ұлы тұлғасы. Ол Мұқаңды керемет сыйлайтын. Кейін КСРО Жазушылар одағына қазақ әдебиеті жөнінде кеңесші болып қызметке орналасқанда да, Мұқаңның запискасы үлкен роль атқарды» – (11-46-бет). Құлбектің мұндай мәліметтерге ұқыптылығы, жадының мықтылығы қайран қалдырады. Ұлының ұлағаты қашан да ұлы екен ғой. Талантты тану мен оны әдеби ортаға әкелу, оған әкелік қамқорлық көрсету Әуезов табиғатына тән табиғи құбылыс, кемеңгерлік келбетіне келісті парасаттылық.  Оған тағы бір дәлелді бізге Құлбек Ергөбек : «Тәкен – танылған сыншы еді. Оны кезіндегі тілмен айтқанда, одақ мойындайтын. Өйткені, сыншы мақалаларын екі тілде жаза беретін. Ұмытпасам, сол кезгі қазақ әдебиетінің тамыр соғысы, тынысы жайлы «Из истории казахской литературы» деген әдеби шолу мақаласына Мұхтар Әуезовтің қосавтор болуға ризашылық білдіруі – Тәкендей шәкіртіне деген үлкен сенімі», – деп алға тартады (12-53-бет).

Жазушы  Әдһәм Шілтерхановтың Әуезов жайында бірнеше мақала, «Үш бәйтерек», «Аталы сөздер», «Саттар Ерубаев», «Ақжалдың ақыры» деп аталатын кітаптар жазғаны, әсіресе, М.Әуезовтің «Өскен өркенді» жазу үшін Оңтүстік өңіріне келген кезінде серік болып, бірге жүргенін, сол сәтте алған әсерін қойын кітабына түсіргенін, соның нәтижесінде әдебиетке, ғылымға көптеген жаңа деректер келіп қосылғанын аса қызықты әңгімелейді.  Әдһәм Шілтерхановтың туындыларындағы Әуезов әлемінің қазақ әдебиетінде ешкім айтпаған тың қырынан ашқандығын, қазақ деректі прозасында туындыгердің бұл шығармаларының орны бөлектігіне жоғары баға беріледі. Сондай-ақ сыншы еңбегінде Жүсіпбек Аймауытовтың 1924 жылы Мәскеуде түскен суреті, Саттар Ерубаевтың бозбала кезіндегі суреті өте сирек, көпшілік біле бермейтін  бейнелер. «Кемеңгердің белгісіз бір келбеті» деген Әуезовтің суреті де бұрын жарияланбаған, кімнің салғаны белгісіз сурет секілді. Міне, бұлардың бәрі зерттеушінің ұқыптылығын, әдеби, тарихи құнды құжаттарға, мұрағаттық материалдарға деген шексіз махаббаты мен сүйіспеншілігін, ең бастысы, аға ұрпақтың мұрасына деген адалдығын аңғартады. Өзі тапқан, қазақ әдебиетінің тарихына қосқан құнды құжаттары мен маңызы зор мәтіндері шын мәніндегі ерекше табыстар.

Қ.Ергөбектің  «Арыстар мен ағыстар» (Астана., «Таным» баспасы, 2003.-360-бет) деген кітабына жазылған  Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Әмірхан Меңдеке алғы сөзінде: «...Бізде сыншылар аз емес. Бірақ, соның ішінде әдеби процеске белсене араласатыны некен-саяқ. Сол некен-саяқтың бірі – сөз жоқ, Құлбек Ергөбек. «Сыншы атану, сыншы міндетін сезіну – өз буыныңның жетістігін өзіңдікі санау, кемшілігін өз кемшілігің санау, сөйтіп жетістік-кемшілікті өз мойнына көтеріп алудан басталса керек. Басқа жол жоқ», – дейді , осы кітабында Қ.Ергөбек. Сыншы осы сөзін дәл осы кітабында ісімен де, білімімен де, мәдениетімен де, әділдігімен де, сынға деген адалдығымен де дәлелдей алған», – депті (13-6-бет).

Расында да сыншы, әдебиетші, ұстаз, филология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Ергөбековтің 20-ға жуық зерттеу еңбектері оның бүкіл ғұмырын әдебиетке арнаған, жүйелі ізденген ғалым екендігін даусыз дәлелдесе керек. Әр кітабы әр жанрға арналған күрделі де көлемді зерттеу кәсіби маман ретінде қалыптасып, үлкен ой айтуға машықтанғанын мәлімдейді. Айбынды сын жанрында да абыройлы, аға ұрпақ аманаты алдында адал, қай еңбегінде де әдеби-тәсілдік экспериментке көп баратын, талдаулары тосын, баяндау тәсілі бөлек зерттеуші Құлбек Ергөбектің «Арыстар мен ағыстар» атты 5 кітаптан тұратын еңбегі соңғы жылдардағы жүйелі, жанкешті ғылыми жұмыстарының жемісі екендігінде сөз жоқ. Қ.Ергөбектің ұлы ұстазы  Бейсембай Кенжебайұлы мен Мұхтар Әуезовтің әдеби, ғылыми, адами қарым-қатынасы жөнінде әлі де жас ұрпаққа айтар тағлымды тарихы, ұлттың рухын көтеретін шежіре әңгімелері бар екендігі де сөзсіз.

Гүлзия ПІРӘЛІ,

 М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты  «Әуезов үйі» ҒМО-ның бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1 Қ.Ергөбек. «Арыстар мен ағыстар». Шеберлік шеберханасы. Астана. «Фолиант» баспасы, 2004.-224-б.  -292-бет, 2-293-бет, 3-44- бет, 4- 62-бет, 5-71-бет,  6-116-бет. 
7. Қ.Ергөбек. «Арыстар мен ағыстар: Әдебиеттану, сын әлемі. Алматы. «Қазығұрт» баспасы, 2003.-336-б. 119-бет, 8- 133-бет, 9-286-бет.
10. Қ.Ергөбек. «Арыстар мен ағыстар: 4-кітап, Астана. «Таным» баспасы, 2003-360-б.-235-бет, 11-46-бет, 12-53-бет.
13 .Қ.Ергөбек. «Арыстар мен ағыстар: 4-кітап. Астана. «Таным» баспасы, 2003-360-б.-6-бет.

1880 рет

көрсетілді

242

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз