• Тарих толқынында
  • 30 Наурыз, 2022

ҚАНАТТЫ ҚЫЗ

Халық қаһарманы – Хиуаз Доспанова!  Ол өзін бала кезінен ерлікке даярлағандай әсер қалдырады. Хиуаз Орал қаласында орта мектептің тоғызыншы сыныбында оқып жүргенінде жергілікті аэроклубқа түсіп, ұшқыш мамандығын алуды мақсат етеді. Мектеп пен аэроклубта қатар оқу жас қызға оңай болмайды. Десек те, орта мектепті алтын медальмен, аэроклубты үздік бағалармен тәмамдайды. Бұл 1940 жылдың жазы еді. КСРО-ның кез келген қаласына барып оқуға жол ашық болды. Хиуаз төңірегін таңғалдырып, Мәскеудегі Жуковский атындағы әскери-әуе академиясына құжаттарын жолдайды. Мұның бір себебі бар еді. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында кеңес жастары авиациямен «ауыра» бастаған болатын. Екінші дүниежүзілік соғыстың елесі әлемді кезіп жүрген-ді... Содан ұлдар да, қыздар да аспанды армандады. Иә, сол бір кездерде әйел ұшқыштар Гризодубова, Осипенко, Раскова «Родина» ұшағымен Мәскеуден Қиыр Шығысқа еш жерге қонбай ұшып, рекорд жасап, үшеуі де Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Кезінде теңдесі жоқ ерлікке барабар осы сапар жөнінде штурман Марина Раскова жазған кітапты Хиуаз түте-түтесі шыққанша оқып, жаттап алған болатын. Жас кезінде адам әсершіл болады ғой. Хиуаз жоғарыда айтылған үш орыс әйелінен қалмай, ұшқыш болуды армандайды. Өмірде ойға алғаның орындала бере ме? Академиядан қабылдай алмаймыз деген хат келеді. Сол бір кездерде азаматтық авиацияда әйелдер некен-саяқ қызмет істегенмен, әскери авиацияда ұшқыш әйелдер мүлдем жоқ еді.

  Хиуаз Доспанова Мәскеу қаласына келіп, медицина институтына емтихансыз қабылданып, үздік оқиды. 1941 жылдың маусым айының екінші жартысында бірінші курсты тәмамдап, каникулға шығып, үйге қайтқалы жиналып жатқанда, соғыс басталғанын естиді. Әп-сәтте дүние өзгеріп кеткендей болады. Соғыс қаупі төніп тұрғаны белгілі болғанымен, бұл жағдай жұртты абыржытып тастады алғашқыда. Үкімет тарапынан нақты шаралар алына бастағасын ғана, халық тастүйін болып басқыншы жауға тойтарыс беруге жұмылды. Хиуаз құрбыларымен бірге Мәскеуді қорғау шараларының  қақ ортасында жүрді. Жұмысшы-шаруа Қызыл Әскері неміс-фашист басқыншыларын Мәскеуге жібермеуге күш салып жатты. Құрбандықта есеп болмады, адам қаны судай ақты.

     Әйдік қала Мәскеудің ішін қолдан қазылған траншеялар шырмап алады. Хиуаз мұның жайын кездейсоқ біледі. Дұшпан Мәскеуге басып кіре қалса, қала жарылысқа ұшырап, жаумен бірге жойылуға тиіс екен. Ел жүрегі деп есептелетін Мәскеудің тағдыры Хиуаздың жанын түршіктіреді. Ол алғы шепке сұранады. Мәскеу қалалық комсомол комитетіндегелер оған кезінде арман болған Жуковский атындағы әскери-әуе академиясында әйелдерден авиация бөлімдері құрылып жатқанын жеткізеді. Хиуаз Орал аэроклубында берілген запастағы ұшқыш куәлігін алып академияға құстай ұшып жетеді. Бұл жолы Хиуазға Академия есігі айқара ашылады. Міне, керемет! Қабылдау комиссиясының бастығы Кеңес Одағының Батыры майор Марина Раскова болып шығады. Хиуаз алғашқыда өң мен түстің ортасында қалғандай күй кешеді. Алдында бір көруді армандаған адамы отыр.

– Қазақстандықсыз ба? – деп сұрайды Раскова.

– Иә.

– Запастағы ұшқышсыз ғой?

– Иә.

– Қандай іске бет алғаныңызды ұғасыз ба? Бұл – соғыс!

– Мен комсомол мүшесімін.

Комиссия мүшелерінің бірі сұрақ қойды:

– Сіздің шешіміңізді ата-анаңыз біле ме?

– Мен қалай ойласам, олар да солай ойлайды, - деп жауап береді Хиуаз. Сөйтіп, өжет қыз Кеңес Одағының Батыры, майор Марина Раскова басқаратын авиатопқа қабылданып, Саратов қаласына жол тартады. Оқу базасы Саратов облысының Энгельс қаласында болады. Мұнда әйелдерден құрылған үш авиация полкі жасақталуға тиіс екен. Авиатоптың командирі майор Раскованың негізгі мамандығы штурман болатын. Хиуаз Доспанова училищеде осы штурмандар тобында оқиды.

Майдан жақтан жеткен хабарлар көңіл қобалжытарлық үрейлі болатын. Көк темір құрсанған жау алға ентелеп, Мәскеуге таяп қалған-ды. Училищедегі оқу-жаттығу ісі жедел жүргізіліп жатты. Майдан авиацияға өте зәру еді. Энгельстегі оқу бас-аяғы жеті-сегіз айда аяқталды. Ұшқыш, штурман, тағы басқа әскери мамандықтар бойынша емтихандар тапсырылып, майданға аттанатын уақыт та таяды.

1942 жылдың мамыр айында СССР тарихында, тіпті бүкіл әлем тарихында тұңғыш рет әйелдерден түнгі жеңіл бомбардировщиктер полкі құрылды. Қаракөз қазақ аруы Хиуаз Доспанова осы полктың штурмандар тобында болды. Полк командирі болып азаматтық авиацияның бұрынғы ұшқышы, аға лейтенант Евдокия Бершанская тағайындалды. Полкты майдан шебіне авиатоптың командирі Марина Раскованың өзі бастап алып барады. Осылайша, қазақ халқынан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш қыз Хиуаз Доспанованың ерлікке толы өмір жолы басталады.

Алғашқы әскери тапсырманың қалай орындалғаны Хиуаздың есінде сақталып қалыпты. Полкке Дон өзені жағалауындағы Майндорф қаласы мен соның маңындағы елді мекендерде шоғырланған дұшпанды техникасымен қосып бомбалау міндеті жүктеледі. Әскери авиацияда экипаж, звено, эскадрилья, полк, дивизия... осындай ірілі-ұсақты құрылымдар болады. Мысалы, экипаж бір самолетті қамтиды. Ұшқыш және штурман. Ал звенода екі ұшақ болады. Хиуаз Доспанова ең алғашқы тапсырмаға звено командирі Екатерина Пескареваның штурманы болып ұшады.

– Ұшақ әзір, – деп дауыстайды звено технигі Вахромеева.

– Аспаптардың жұмысы жақсы! – деп рапорт береді аспаптар жөніндегі эскадрилья технигі Лидия Гогина.

– Жолдарың болсын!

Хиуаз майдан жағдайындағы техниканы меңгерудің өте маңызды екенін бірден пайымдайды. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында әйелдердің түнгі бомбардировщиктер полкы ПО-2 ұшағынан құралды. Бір қарағанда инелікке ұқсас өте жеңіл бұл ұшақ түнде ұшуға қолайлы еді. Титімдей ұшақтың штурман отыратын кабинасы өте тар болатын. Штурманның арқасында парашют, бір жамбасында противогаз, екіншісінде пистолет, обоймасы салбыраған пулемет, керек кезінде борттан лақтырып жіберіп, нысананы жарқырататын, яғни жарық қылатын термичка, планшет, ракетница, ұшқыш оққа ұшып немесе жараланған жағдайда ұшақты басқаратын штурвал, бәрі алақан аясындай жерге сыйып тұр. Осылардың қай-қайсы да штурман үшін өте қажет нәрселер.

Міне, майдан шебі. Түнде жоғарыдан қарағанда пулемет пен зеңбірек оғы айқын көрінеді. Ана жерде де, мына жерде де жарқ-жұрқ етіп снаряд жарылып жатыр, жер бетімен жарқыраған оқ тізбегі созылуда. Оқтың бағыты бойынша қай жақ атып жатқаны да айқын аңғарылады.

Бомба тиелген ұшақты басқару оңай емес. Себебі, бомбаның барлық салмағы рульге түседі, әбден дағдыланғанша қол тез талып қалады. Ұшқыш пен штурман қысқа сөз қатысады.

– Жеттік, – дейді Хиуаз.

– Нысанаға беттеймін, – дейді Екатерина.Қай іс-әрекет те тәжірибемен  нығая түседі ғой. Мұның нағыз сыналатын кезі соғыс болса керек. Жайшылықта атқаратын шаруаңа жүрдім-бардым қарауың мүмкін. Бұдан ұтылыс табасың, бірақ өміріңе қауіп төнбейді. Ал соғыста ше?..  Сәл ағат бассаң, ажал құшасың.

Ұрысқа алғаш кіргенде ұшқыш Екатерина Пескарева да, штурман Хиуаз Доспанова да тәжірибесіз болатын. Нысана үстінде маневр жасауда орашолақтық көрсетеді. Ұшақты төмендетпестен, тура тартқан болатын. ПО-2 ұшағы өте төмен ұшқанда ғана жау зениткаларынан аман қалу мүмкіндігіне ие болатын. Төменнен түнде қарағанда инеліктей болып көрінетін ПО-2 ұшағын жау зениткалары оқ астына алады. ПО-2 сол көзжұмбай қалыпта тура нысанаға тартады. Штурман Хиуаз Доспанова бомба тастайтын тұтқаны тартып қалып:

– Отан үшін! – деп айқайлап жібереді. Ұшқыш Екатерина Пескарева батылдықпен шапшаң әрекеттеніп титімдей ұшақты жау зениткасы оғы астынан шығады. Жиырма жастағы қыздар бірнеше жасқа қартайғандай сезінеді өздерін. Сұм соғыс-ай!

Ұшақ аэродромға қонады. Тәртіп бойынша полк командиріне рапорт беру керек. Екатерина Пескарева мен Хиуаз Доспанова полк командирі Бершанскаяның алдында сымдай тартылып: «Жауынгерлік тапсырма орындалды, жау зеңбіректері астында болдық, ұшақ зақымданған жоқ!» –дейді жүздері бал-бұл жанып.

Алғашқы  жауынгерлік тапсырма қайғысыз аяқталмаған екен. Осы сапардан эскадрилья командирі оралмады. Жау зениткасы атып түсіріпті. Энгельс қаласында бірге оқып, әскери өнерге қатар жаттыққан достар қас қағымда қаза табады. Бұған көндігу қиын болады екен. Хиуаз оңашада жылап та алады.

Қыздар майдандағы өмірге үйренісе бастайды. Тумысынан алғыр, белсенді Хиуаз полкте биік беделге ие болады. Ол қоғамдық жұмыстарға, әсіресе, полк комсомол комитетінің іс-шараларына беріле араласады. Ең  бастысы әскери өнерді мықтап меңгеруге күш салады.

Әскери авиацияда ұшқыштың әуеде болу уақыты қатаң есептеліп отырады. Белгілі бір межеге жеткенде ұшқыш әуемен қош айтысып,  доғарысқа шығады немесе  жердегі қызметке ауысады. Ал соғыс жағдайында ұшқыштың, сол сияқты  штурманның әуедегі бір сағаты екі сағатқа есептеледі. Әуеде жүз сағат болғандар тәжірибелілер қатарына қосылып, олардың шені өсіп, қызметі жоғарылап отырады. Иә, Хиуаз әуелі экипаж штурманы болады. Кейде звено штурманының міндетін атқарады. Тіпті эскадрилья штурманы болып та ұшты. Аспандағы айқастарда талай рет өліммен бетпе-бет келді. Шыбын жан шырқырады қаншама рет! Майдан жас қызға оңай бола ма? Өте қатал мектеп қой ол. Хиуаз өзінің мінез-құлқы өзгере бастағанын сезінді. Ол қатал, бірсөзді, турашыл болып бара жатты. Майдан жағдайында қыздар еркекмінез болады екен. Соғыстың салдары әсер етпей қоя ма!

Штурман ұшақтың көзі, құлағы және қорғаушысы. Ол ұшқыштың желке жағында отырады. Ұшақты бағыттайтын штурман. Нысанаға алып келетін де сол. Тасқараңғы түнде титімдей ПО-2 бұлттарды жарып өтіп, нысана үстіне дәл келіп, бомба тастау керек. Бұл да штурманның міндеті. Кейде күлкілі жағдайлар да кездесіп қалады.

Хиуаз ұшқышымен кезекті тапсырманы орындауға аттанады. Штурманның аядай кабинасында ине шаншар жер жоқ. Хиуаздың аяғы астында жұдырықтай ғана термиттік бомбалар жатыр. Нысанаға жетіп, ауыр бомбаларды тастаған соң, термичкаларды борттан қолмен лақтыру керек. Термичкалар жарқырай жанып жарық түсіреді. Ауыр бомбалардың қалай түскенін анық көруге мүмкіндік  береді. Бәрі де ойдағыдай болған сияқты еді. Нысанаға аман-есен жетіп, бомбаларды тастап, термичкалардың бірнешеуін борттан төмен лақтырып, тынымсыз атқылаған жау зениткасы оқтарынан жалтарып кейін қайтуға бағыт алғанда, соңғы термичка қолға ілікпейді. Зым-зия жоқ. Хиуаз қолдарымен жан-жағын сипалап іздейді. Термичка ілікпейді. Зенитка снаряды жақыннан жарылғанда жеңіл ПО-2 ұшағы дір-дір етеді. Сондайда термичканың өздігінен от алатыны бар. Хиуазда зәре қалмайды. Термичка жарылса, ұшақ быт-шыт болады. Сөйлесу түтігі арқылы ұшқышқа болған жайды айтады Хиуаз. Ұшқыш қыз Полина шошып кетеді. Ұшақты барынша қалыпты ұстауға тырысып бағады. Өз аэродромдарына таяп қалады. Ұшақ жерге қонғанда біраз «мөңкіп-мөңкіп» алатыны белгілі. Ұшақтың доңғалағы, яғни шассиі жерге тигенде секіріп-секіріп кететіні бар емес пе. Сол кезде термичка сыр беруі әбден мүмкін.

 – Полина, ұшақты жайлап қондыра гөр, – деп жалынады Хиуаз. Ұшақ жерге қонып, біраз жүгіріп барып тоқтаған бойда, аэродромдағылар қолдарын бұлғап қарсы алады бұларды. Хиуаз оларға «тоқтаңдар, ұшаққа жақындамаңдар, термичка бар» деп айқалайды. Содан ұшақ тоқтаған бойда ұшқыш қыз екеуі кабинадан серкіріп түсіп, ұшақтан безе жөнеледі. Рапорт күткен басшылар аң-таң. Абырой болғанда термичка жарылмайды. Екі қыз да, ұшақ та аман қалады. Осы жәйт көпке дейін қыздарды күлкіге батырыпты.

Майдан жағдайында оқыс оқиғалар бола береді. Бірде полк жаңа аэродромға қоныс аударады. Көне аэродромда моторы бұзылған ПО-2 ұшағы қалады. Оны жөндеп, жаңа қонысқа ұшып келу үшін ұшқыш, техник және тағы бір қыз қалады. Олар ұшақтың моторын жөндеуге білек сыбана кірісіп кетеді. Жұмысқа берілгендері сонша, неміс танктерінің аэродромға баса-көктеп кіріп келгенін байқамай қалады. Ұшақ аэродромның шетіндегі орман ішінде жасырылған еді. Жау танкистері ұшақты көрмейді. Қыздар моторды жөндеп болып, ұшақты стартқа даярлап, кабинаға үшеуі сығылыса орналасып, моторды қыздырады. Ұшақты байқап қалған жау танкистері пистолеттерін кезеніп ұшаққа қарай жүгіреді. Жеңіл ПО-2 әуеге көтеріліп үлгереді. Ұшақтың шассиі неміс танкисінің пилоткасын жанап өтіп, жерге түсіріп жібереді. Бұл жайтты да қыздар біраз уақыт күле әңгімелеп жүреді.

Хиуаз Доспанова полк қана емес, авиадивизияға мәлім штурман болады. Ол ұшақты, звеноны, тұтас эскадрильяны көзге түртсе көргісіз қараңғы түнде нысанаға дәл жеткізеді. Ал жау маскировкаға шебер, яғни жасырына білетін. Немістер қыздар полкін мойындап болған еді. «Ночные ведьмы» деп кемітсе де қайсар қыздардан зәрезап болғандарын жасырмайтын. Жиі-жиі бетпе-бет келген соң, екі жақ та әккіленіп, тышқан мен мысықтың «ойынын» еске салатын. Фашистер жағы көбіне тышқанның ролінде ойнайтын...

Иә, майдан жағдайында сәттілік пен сәтсіздік қатарласа жүреді. Хиуаз сан рет ажалмен бетпе-бет келді. Соның бірі былайша болған еді.

Жау жаппай шегіне бастаған болатын. Бірақ ызалы дұшпан әлі де қуатты еді. Жаралы жолбарыстай айбат шегіп, қарсыласудан тайсалар емес-ті. Мұндай жағдайда майдан шебі тұрақты орныға қоймады. Сондықтан, авиаполк аэродромды жиі ауыстыруға мәжбүр еді. Сондай бір қарбалас күндердің бірінде ұшқыш қыз Полина Белкина мен штурман Хиуаз Доспанова тапсырма алады. Мотор от алып, ұшақ көтерілу үшін жылжып келе жатады. Хиуаз ұшақтың бір нәрсеге соғылысқанын байқайды. Арғы жағы – тұңғиық түн, қараңғылық, есінен танып қалады. Есі кіргенде, үстіне төніп тұрған полк командирі Бершанскаяны көреді

– Шыдай тұр... Қиын екенін, ауыратынын білемін, дегенмен тістеніп шыда, – дейді командир.

Хиуаз қайтадан ессіз қалады. Санадағы саңлау әуеде келе жатқанын білдіреді оған. Полк командирі Хиуазды өз ұшағының артқы кабинасына орналастырып, дала госпиталіне алып келеді.

Оқиға былай болған екен. Бұлардың ұшағы аэродромнан көтеріле бер-генде, қонуға бағыт алған ұшақпен соқтығысыпты. Хиуаз кабинадағы аспаптарға соғылыпты. Ептеп миы шайқалып, аяғы жараланып, сіңірі созылыпты. Ал ұшқыш Полина Белкина жеңіл жараланғандықтан госпиталға түспепті. Сәтін салғанда ұшақтағы бомбалар жарылмапты. «Сендерді бір құпия күш қорғап жүр» дейтін болды құрбылары Хиуаз пен Полинаға. Он екіде бір гүлі ашылмаған арулардың киесі болуы да мүмкін ғой. Ол кездегі атеист қыздар кие деген сөзді білмейтін де еді.

Қатал сындар алда күтулі болатын. Хиуаз майдандағы өміріне өкпелей алмайтын. Қатарының алды болып жүр. Аға лейтенант шені бар штурман. Оның есімін армия қолбасшысы Вершининнің өзі біледі. Өте күрделі тапсырмаларды орындауға жұмсайды.

Хиуаз Доспанова оқыста оңбай жараланады. Сүйектерінің жетпіс пайызы сынады. Ажал аранын ашып төніп тұрады. Ол он екі ай, яғни бір жыл бойына госпиталда гипске таңылып жатады. Бір жыл – сұмдық қой бұл! Бір жыл жатып басын көтергенде, бұрынғыдан да ауыр сын-сынақ күтіп тұр еді. Медкомиссия сүйектер дұрыс бітіспегендіктен қайта сындырып, жаңадан жымдастыру керек деп шешеді. Қайсар қыз бұған да төзеді. Қос балдақпен полкке оралғанда құрбы қыздар жылап көрісіп, оны қамқорлыққа алады. Майдандағы достыққа жететін не бар десеңізші!

Хиуаз уайымға беріле бастайды. Ол авиациямен қош айтысатын болдым ғой деп налиды. Құрбылары қоса қайғырады. Соғыс біткенше бірге болуға серттеседі. Әрине, билік жоғарыдағылардың қолында екенін олар білетін. Содан, аға лейтенант Хиуаз Доспанованы әскерден босату мәселесі қозғалады. Тұтас полк подполковник Бершанскаяның басшылығымен Хиуазды сапта қалдыруды өтініп, армия қолбасшысы генерал-полковник Вершининге өтініш жолдайды. Осының сәл алдында Хиуаз Доспанова Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған болатын. Бұл генерал Вершининнің есінде екен. Ол полкке, подполковник Бершанскаяның атына «аға лейтенант Хиуаз Доспанова сапта қалдырылсын, жердегі қызметке орналастырылсын» деген бұйрық жібереді. Хиуаздың, онымен бірге полктегі қыздардың қуанышында шек болмайды. Авиадивизия командирінің бұйрығымен Хиуаз Доспанова полктың байланыс қызметі басшысы болып тағайындалады. Бұл маңызы зор, құпиясы күшті, жауапкершілігі үлкен қызмет еді. Хиуаз Доспановаға капитан шені беріледі.

Кеңес әскерлері СССР шекарасын артқа тастап, «құзғындар ұясына» жақындап келе жатты. Полк байланыс қызметінің басшысы капитан Доспанова жан-жақты хабардар еді. Ол дивизия, корпус, армия штабымен үздіксіз байланыста болды. Майдандағы жаңалық атаулыны Хиуаз бірінші болып еститін. Ол өзі сапында жүрген түнгі бомбардировщиктер полкының алыстарға кеткен даңқын мақтан тұтты. Әуеге енді көтерілмесе де, жерде жүріп-ақ өз үлесін қосуға құлшынды.

Кеңес әскерлері Германия аумағына басып кіреді. Шешуші шайқастар өрши түседі. Бірде орман ішінде жаудың қалың әскері шоғырланғаны белгілі болады. Қандай ойы бар? Ұрымтал жерден соққы бермекші сияқты. Полк командирі подполковник Бершанская Хиуазға авиациялық армияның штабына хабарлауды бұйырады. Ол жақтағылар негізгі күш жеткенше жау әскерін тежей тұруды тапсырады. Бершанская эскадрилья мен звено командирлерін жинап алып, қиын тапсырманы орындау жөнінде ақылдасады. Көзге қораш көрінетін ПО-2-лермен жасанған жауды қорқыта алмайсың. Ақыл-айламен әрекет жасау керек. Қалайша? Ақыры, ақылдаса келе, бірнеше экипажбен жау орналасқан жерге листовкалар тасталып, немістердің қоршауда қалғаны, берілуден басқа амал жоқ екені айтылады. Шынында, кеңес әскерлері күншілік жерде болатын. Бір сағаттай уақыт өткенде полк командирі орманды бомбалауға екі звеноны жібереді. Немістер ұшақтарға оқ атпайды. Әрі-сәрі күйде болса керек. Содан, көп кешікпей фашистер қолдарына листовкалар мен ақ жалау ұстап, орманнан шығады. Жау жақ қару-жарақтарын листовкаларда көрсетілгендей, селоның шетіне әкеліп үйіп, өздері белгіленген жерге барып жиылып тұрады. Олардың әйелдердің алдында тізе бүккендерін білгенде, қандай күйде болғаны түсінікті шығар.

Көптен күткен, қымбатқа түскен жеңіс жақындап келе жатты. Қыздар бейбіт күндерді сағынған болатын. Әскери киім де жалықтыра бастаған еді. Әйелдің қарапайым көйлегін киетін күнді аңсайтын олар.

Қазақша сөйлесу бір арман еді Хиуазға. Оның да орайы келеді. Бірде полк штабына Хиуазды іздеп қазақ тілінде шығатын майдандық газеттің тілшісі ақын Сағынғали Сейітов келеді. Екі капитан шүйіркелесе кетеді. Майданда жүрсе де, Сағынғали ақын Қазақстаннан жақсы хабардар екен. Қазақ елінің майданға көмегі жылдан-жылға еселеніп отырғанын естіп Хиуаз арқаланып қалады. Қазақ жауынгерлерінің майдандағы жаппай ерлігі Хиуазға біршама белгілі болатын. Солай бола тұрса да, Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың Кеңес Одағының Батыры атағына ие болғанын Хиуаз Доспанова Сағынғали Сейітовтен естіп, біледі. Көңілі толқып біраз үнсіз отырып қалады. Себебі, Мәншүк екеуі Оралда мектепте оқыған кездерінен достасып кеткен болатын. Екеуі де үздік оқиды. Қоғамдық жұмыстарға белсенді қатынасады. Екеуі екі орта мектептің комсомол ұйымының хатшысы, әрі аға пионер вожатыйы болды. Мәншүк пен Хиуазды Орал қаласы мектептерінің мұғалімдері өз шәкірттеріне үлгі ететін. Хиуаз Мәншүктің болашағынан зор үміт күтетін. Соғыс болмаса, Мәншүк Мәметова көрнекті қоғам қайраткері деңгейіне жететін еді. Енді сол Мәншүк жоқ. Қыршын кетті. Әлия да он екіде бір гүлі ашылмай мерт болды. Соғыс атаулыға лағнет!

Жау жеңілді! Хиуаз құрбыларымен Берлин қаласын аралап көреді.  Берлин – «құзғындар ұясы» күл-талқан болған еді. Әлемді билеуге ұмтылған фашистер халқына қасірет әкелді. Аш-жалаңаш жетім балаларда есеп жоқ. Неміс әйелдерінің беттері тас болып қатып қалғандай. Ешқандай сезім белгісі байқалмайды. Көшелерде құр сүлделері ілбіп барады. Олар күні кешегі «жоғары сортты» солдаттардың анасы немесе жары болатын.

1945 жылы мамыр айының орта шенінде Ной-Бранденбургте тұрған түнгі бомбардировщиктер полкына майдан қолбасшысы, Кеңес Одағының Маршалы Рокоссовский келеді. Ол әйелдер полкын тарату жөніндегі Ставканың бұйрығын оқиды. Осы салтанатта Хиуаз Доспанова бұрынғы марапаттарына қосымша Қызыл Ту, ІІІ дәрежелі Суворов ордендеріне ие болады. Авиациялық армия басшылығы ұсынған Кеңес Одағы Батыры атағы Хиуаз Доспановаға бұйырмайды. Себебі, бұл жоғары атаққа ұшқыштар ие болып, штурмандар шетін қалып отырды. Ұлы Отан соғысы барысында Кеңес Одағының Батыры атағын алғандар тізімін ұшқыштар бастап тұр. Солай!

...Хиуаз Доспанова тәуелсіздік таңы атқанын көзімен көріп, еліміз еңсесінің көтеріле бастағанына куә болды. Халық Қаһарманы атанып, бертінірікте өмірден өтті.

Қазақ халқынан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жыл толып отыр. Жастық шағы соғыс өртіне шарпылған қаракөз арулардың рухына бас иелік!

Айтқали НӘРІКОВ,

Қазақстан Жазушылар одағы және Журналистер одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақстанның құрметті журналисі

3632 рет

көрсетілді

250

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз