• Ұлттану
  • 30 Наурыз, 2022

БІЗГЕ ҚОҒАМДЫ БАСҚАРУДЫҢ ҚАЙ ТҮРІ ЛАЙЫҚ?

Жадырасын СӘДУАҚАСОВ,
«Қазақстан мүгедектер 
конфедерациясы» РҚБ сарапшысы

Сонымен ХХІ ғасырдың 2022-жылына аяқ бастық. Ел басқаруда өзгерістер басталған сияқты және жақында Мемлекет басшысының сұхбаты шықты.  «Сұхбатта өздерің күткен қандай мәселелер айтылмай қалды?» ­– деп, балам мен немереме сұрақ қойдым. «Солайы солай-ау. Бірақ кеткендер де, келіп жатқандар да, кезінде мемлекеттік мәселелерде бірге отырып шешім қабылдағандар ғой. Сондықтан үлкен өзгерістер болады деп айту ертерек болар. Президентіміздің алдағы айтылатын сөздерінен күтейік», – деді балам (мектеп директоры, мамандығы тарихшы). Осы сәтте келелі әңгімеге немерем араласып:  «Маған президентіміздің «мемлекеттік мәселелерді мемлекет тілінде айтуымыз керек» дегені ұнады. 

Бірақ, мәселелерді мемлекет тілінде айтып қана қоймай, оларды шешу жоспарларын мемлекет тілінде орындаймыз дегенде тіпті ғанибет болар еді. Ал мен қазір әлем халықтарының ежелгі тарихтарын қайта қарап, сараптап, қолымыздан келгенше ақ-қарасын айырып, «қоғам-ды басқарудың жаңа түрін» тауып, қабылдауымыз керек. Бұл өте маңызды және уақыт күттірмейтін мәселе деп айтуды күткен едім», – деді ерекше сезіммен (соңғы курс студенті, болашақ теолог). 

– Сонда, сен қоғамды басқа-рудың қандай түрін ұсынар едің? – деп, мен қарсы сұрақ қойдым.

Немеремнің жауап беруін күтпей: 

– Менің ойымша, болашақ «Жаңа Қазақстанды» басқару үшін, осы уақытқа дейінгі әлем тарихтарында тиімділігін дәлелдеген, әлеуметтік қоғамды басқарудың үш түрінің біреуін қабылдауымыз керек, – деді балам.

– Аристократия, монархия және политияны айтып отырсың ба? – деп мен сұрағымды жалғас-тырдым.

– Жоқ. Мен осы адамзат өркениетінің болашағы  үшін  маңызды  тақырыптарды оқып, өзімше сараптап жүргеніме біраз жыл болды. Біраз елдің тарихымен, олардың басқару жүйлерімен таныспын. Бірақ осы уақытқа дейінгі басқару тарихында  демократиядан артығын көріп отыр-ғаным жоқ. Сондықтан еліміздің басқару жүйесі  толықтай демократиялық құндылықтарға сүйенсе деймін, – деді ол. 

– Жер бетінде қоғамды басқарудың қанша түрі сынақтан өтіп, қанша түрін «тарих заңдастырғанын» білесіз бе?  – деп, немерем әкесіне сұрақ қойды. 

– Әрине, білемін. Бар болғаны алтау-ақ. Жаңа олардың үшеуін атап өттік. Соларға  тирания, олигархия және демократияны қоссақ болды. Тағы да қайталаймын, адамзат тарихында демократиядан артық, әлеуметтік қоғамды басқарудың тиімді әдісі болған емес, – деді тарихшы балам.

Болашақ теологтың: «1947-жылы 11 қарашада Қауымдар палатасында Уинстон Черчилльдің: «Өткенге қарап, уақыт сынақтарынан өткен қоғам басқаруының басқа түрлерін есепке алмасақ, қоғамды басқарудың ең нашар түрі – демократия деп айтуға болады» деген сөзінің мағынасын, міне 75 жыл өтсе де, осы уақытқа дейін ешкім ашып түсіндірген жоқ. Неге, не себепті деп ойлайсыз?» – деген ортақ сауалына мен:

– «Демократияны» еліміздің бола-шағы үшін пайдаланбақ болсақ, ең болмағанда осындай сөзтізбектердің шынайы мағынасын білуіміз керек. Неше түрлі ерекше түсіндірме сөздіктер туралы айтып отырған жоқпын. Көп жылдан бері басқа мемлекеттердегі және елімізде болып жатқан саяси өзгерістерге өзімше сын айтып отыратынымды екеуің де білесіңдер. Ол үшін ежелгі Грекия тарихын, грек тілінің даму тарихы мен сөйлеу ерекшеліктерін жақсы білу керек. Біздің кезіміздегідей емес, қазір әлемдегі кез келген мемлекеттің кітапханасын үйде отырып ақтара бересің ғой... Ғаламтордың артықшылығы осы. Осылар себеп болып, жасым жетпіске жақындағанда  студент болдым. Сонымен, тарих пәнінің ұстазы, болашақ теолог және 70-тегі студент болып, осы мәселенің мәнісін сипаттайық. Мүмкін, ортақ шешім шығарып, парламентке ұсынармыз, – деп, соңын әзілге айналдырдым. 

– Иә, жақында кинорежиссер Ермек Тұрсынов үкіметке арнайы кеңес құрып, осы жылдары мемлекет басқаруында жіберілген қателіктер мен жеңістерді жүйелі түрде сараптап, баға беруді  ұсыныпты. Болашағымызда қателіктерге жол бермеу үшін, – деді немерем.

– Міне, осы құрылатын кеңеске «демократия» сөзін БАҚ-тарда позитивті тұрғыда насихаттауды екпіндірек жүргізсін деп ұсыныс жіберейік, – деді балам.Екеуінің де диалогке қарсы еместігін білген соң әңгіме тізгінін өз қолыма алып, демократия туралы полемикалық әңгіме болғанда, «әуесқой маман» есебінде маған не белгілі екенін, нені басшылыққа алатынымды және неге сүйенетінімді айтып, ішкі  ойымды ақтаруға кірістім.

Сонымен, өзінің түп-тамыры гректің  «демос» және «кратос» атты екі сөзіне негізделетін «демократия» термині тарихына қысқаша саяхат жасадым. 

Бұл екі сөз – «демос және кратос» – терең ұғына аударылғанда «билік» және «деманың ерекше тұрғындары» дегенді білдіруі керек болатын. Керек десеңіз, бұл екі сөз  арнайы мағыналық тұрғыда «саяси режим» деген ұғыммен біріктірілген. Ертеде грек тілінің ерекшеліктерін терең түсінбейтін «оқымыстылар», «демос» сөзін «халық» деп аударып, содан осылай жалғасып кете берген. Мұндай жағдай жалпы әлемдегі кез келген елдің тарихында кездесетін жайт. Жалпы «тарих ақиқаты» туралы кейінгі кезде көптеген деректер шығып жатыр, бұл бөлек тақырып.

Сонымен ертеректегі аудармашы, әдебиетшілер «халық» сөзінің жалпы ортақ қабылданған анықтамасы жоқ екенін және ол  «адамдардың тарихи қауымдастығы» деген түсінікті білдіретінін білмеген болды. Тек осы жерде, осы «тарихи қауымдастықтағы адамдардың қандай ортақшылығы бар және олардың барлығын не байланыстырады немесе не біріктіреді?» деген сұрақтарға да ешбір «Түсіндірме сөздіктен» жауап таба алмаймыз. 

Сондықтан «халық» сөзін түбегейлі түсіндіруге формальды түрде кедергі болатын, бірақ жалпылама тұрғыда қабылданған және нақтыланған ұғымдарды атап өтсек, олар – «тұқым-дастық», «рулық», «көсемдік», «ұлт», «тұрғындар», «қоғам», «мемлекет». Осыдан «халық» сөзін әркім өз түсінігі – өз қалауы бойынша және сонымен бірге «саяси билікте» өз мақсаттарына жету үшін, «құқықтық контекст» түсінігінен тыс пайдаланып келді және қазір де солай тиімді пайдалануды жалғастыруда. 

Осы жерде «халық» және «билік» ұғымдарын біріктіру контексінде, «демократияны» «халық билігі» деп түсіну түбегейлі дұрыс емес. Бұлай болғанда, билік құқы кімдерге және қандай адамдарға берілгені түсініксіз. Осы территорияда тұратын адамдардың  барлығына ма, әлде осы территорияның тұрақты ересек тұрғындарына ғана ма әлде осы территорияның тіршілігін басқаруда кез келген шешім қабылдауға құқығы бар «ерекше адамдарға – тұлғаларға» ма? Анық айқындалмағандықтан екіұшты, түсініксіз....

Егер «демос» сөзінің мағынасы бастапқы аударылымда-ақ дөрекі бұрмаланған болса, бұдан әрі осы сөз тіркесін қалайша дұрыс түсіне аламыз?! Егер түсіне алсақ. Білікті маман аудармашылар бұл сөз тіркесін қарапайым қоғам мүшелеріне қалай түсіндіруі керек еді? Осы сұрақтарға  тарихи деректерге сүйене отырып жауап беріп көрейін.

Сонымен, ежелгі Грекияда «демос» деп жалпы халықты айтпаған, әрбір жеке «демо» территориясында (аумақта) тұратын тұрақты тұрғындардың ішінен ерекшелеп бөлінген, халықтың белгілі бір бөлігін (тұлғаларын) ғана атаған. Ал «дем» дегеніміз – аумақтық бірлік немесе белгіленген шекара аймағындағы тұрғындар округі.

Ал «демос» деп, құл иеленуге құқы бар, билікке ие дема тұрғындарының ерекше бөлігін атаған. Басқа дема «халқы» демос қатарына жатпаған. Мұны түсініп, ескергеніміз жөн. Сонымен, тек демос қана заң шығару құқына ие болды. Тек демос қана жиындарда өздерінің тікелей шешімдерімен, тұрақты тұрғындар, әлде қонақтар болсын, маңызды емес, дема аймағындағы барлық «халық» бағынуға тиісті бұйрық-тәртіптер мен заңдарды белгілеп, өздері қабылдап отырған. Сондықтан анықтама бойынша, «демократия» – «құл иеленушілердің билігі». Бұл билік, басқаларға сайлауға қатысуға немесе деманың басқа тұрғындары атынан билікке өкілдік ұсынуға ешқашан рұқсат  бермеген.

Осыдан мынадай қорытындыға келеміз: қазіргі саяси ортада қолданып жүрген «демократия» сөзі, халықтың билікке тең құқылы екенін және халық арасынан өкілдерді сайлау арқылы тағайындаудың белгілі бір жүйесін білдіреді деу – бұл қоғамды басқарудың «демократиялық түрі» туралы түбегейлі бұрмаланған және тіпті басынан аяғына төңкерілген теріс түсінік! (Саяси тарихпен айналысатындардың, құлағына алтын сырға.)

Сонымен бірге, ежелгі Грекияда демо территориялық аймақтары тұрғындарының саны он бес мыңнан асып қала болғанда «демократиялық басқару» тиімсіз болды да, оның орнына полития, аристократия немесе монархия сияқты  тарихтағы «тиімді» үш биліктің біреуі келді.

Ежелгі Грекия кезеңінен бастап осы кезге дейін тарих әлеуметтік және саясаттық басқарудың тек алты түрін ғана біледі. Және олардың үшеуі: монархия, аристократия және полития ең жақсылары деп есептелсе, қалған үшеуін, монархиядан ауытқуды біз «тирания» (диктатура) дейміз, аристократиядан ауытқуды – «олихаргия» деп атаймыз және политиядан ауытқу –  біздің сүйікті «демократиямыз».  Тағы да қайталап айтсам, ежелгі Грекия тілінен дәл аударсақ, біз «Құл иеленушілер билігі» жүйесін құруды – «демократиялық» мемлекет болуды армандаймыз! 

Қазіргі саясатта, әрбір жеке мемлекет демократия деген сөзбен өзіндік, демократияға еш қатысы жоқ, мемлекет билігіне ықпалы бар «белгілі бір жоғарғы топтардың» басқаруына бейімдеп түрлендірген – трансформацияланған «полития» пішінін айтуда. Және мұндай түрлендірілген «политияның» оннан астам түрін атап шығуға болады. Жоғарыда мемлекет басшысының сұхбатында айтып кеткен, біздің елімізде орын алған жасырын билік  – «олигополия» да солардың тізімінде. 

Сондықтан саясаткерлердің қай елдің «демократиясы» жақсы деген тақырыпта айтысып жатқанын күлкілі деп айтқаннан гөрі, шындығында бұл қайғыратын жайт. Кейде осындай айтыс-тартысты мемлекет тарапынан қолдаушылықты көргенде, болашағымыздың қайда баратыны белгісіз, «баяғы жартас, сол жартас» болмақ. 

«Демократия» ұғымына қысқаша этимологиялық саяхатымызды әзірге осымен тоқтатайық.

Президентіміздің өз сұхбатында демократия сөзін пайдаланбағанын көріп, жоғарыда айтылған түсініктерден жақсы хабардар деп ойлайық. Және болашақ «Жаңа Қазақстанда» демо-кратия түсінігі негатив ұғымда ғана айтылатын болса дейік. Өйткені «Авторитеттер ақиқатынан» бас тартып, «Ақиқат авторитетіне» жүгінетін заман келді ғой.

Осы  жерде, «Ақиқат авторитетін» ғана мойындаған  Шәкәрім  Құдайбердіұлы    туралы академик Ғарифолла Есімнің «Үш анық» атты фәлсафалық трактаты – отандық, гуманитарлық білім жүйесінде ерекше орын алатын шығарма екенін айта келе, былай деп жалғастырғанын айта кеткенді жөн көрдім: «Шәкәрім үшін ғалымның атағы, оның кең танымалдығы басты мәселе емес, оның шындыққа жақындығы ғана қызықтырған. ...Ол адамзаттың сонау Пифагор дәуірінен адасқанына еш күмән келтірмейді. Біздің атақты деп жүргендеріміздің дені адасушылар. Біразы адасып жүріп жол табушылар, ал бір парасы адамзатты одан әрі адастырушылар. Білемін деп білмей сөйлеушілер, түсінемін деп түсініксіз кітап жазушылар. Жаратушының алғашқы білімін қиратушылар. Ақылдымын дегендер менмендікке салынып, адамзаттың алдағы замандарда ашар есіктерін жаптырушылар».

Есітер құлаққа, түсінер санаға осыдан артық айтып жеткізу мүмкін бе?!

Неге осы уақытқа дейін саясатта меритократтар шықпады деген сұрақ айналасында аздап сөз қозғасақ (бұл да үлкен тақырып). Президент сұхбатында: «Жалпы мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап өте жоғары болуы тиіс. Ондай лауазымға білімді, білікті, қызметіне адал, іскер азаматтарды тағайындау керек» деді. 

Меніңше бұл «меритократтар» туралы айтылған ұғымдар. Ал «заманауи меритократтар» объективті түрде лайықты, туа біткеннен дарынды және еңбекқор, басқарудың кез келген деңгейіндегі қызметке арнайы дайындалған, Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін ойлы көзбен оқып, жүректеріне сіңіре алған «саналы адамдар» болуы міндеттілік. «Меритократия» деп аталатын қоғамды басқару қағидаты осыдан келіп шығады. Және соған сәйкес қоғам, мектеп табалдырығынан бастап «заманауи меритократтарды» оқытып, даярлауға барлық  жағдай жасауы қажет. Меритократтар, өз кезегінде мемлекетті басқарудың жоғары лауазымдарында қоғамға «адалдық – шынайылық – жауапкершілік» қағидаттарын ұстанып, қызмет ететін болуы керек.

«Заманауи меритократияның» иерархиялық билік жүйесінің басқару түрінде, олардың объективті түрде көрсетілген «сана дәрежесіне» сай, заңды сатылар арқылы қызметте жоғары лауазымға көтерілу мүмкіндіктері  қаралса игі. Сонда ғана «демократпын» деп жүргендер «саналы меритократ» болуға ұмтылар!..

Халқымыздың тарихына «қасіретті күн» болып жазылған кешегі «қанды қаңтар» трагедиясы қайталанбасын десек, осы тарихи сәтті пайдаланып, заманауи жаңа билік түрін табуымыз керек. Және мұны әлемдік адамзат өркениеті алдында, өмірдің өзі ұсынып отырған, қазақ халқының маңдайына жазылған тағдыр – тарихи мақсат деп қабылдағанымыз дұрыс. 

Біздің өткен тарихымыз бұлтартпас бір ақиқатқа, тек «санамыздың эволюциялық дамуы» арқылы ғана дүниетанымымызды дүниеқоңыздықтан шығармашылық жасампаздыққа өзгертіп, саналы қанағаттылықпен» өмір сүрсек, қазіргі жүйелі дағдарыс тұйығына тірелген техногендік өркениеттен ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретін дара жолға шыға алатынымызға көзімізді жеткізді.

Ол жол, абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы ағамыздың көп жылдан бері айтып  келе жатқан, бізді аласапыран дүниеде адастырмай тура жолға бастайтын Абайдың «Толық адамы» мен «Шәкәрімнің ар ілімі».  

2426 рет

көрсетілді

242

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз