• Ел мұраты
  • 31 Наурыз, 2022

ОЛИГОПОЛИЯ ОРҒА ЖЫҚПАСЫН ДЕСЕК...

Дина ИМАМБАЙ,
«Ақиқат» журналы Бас редакторының орынбасары

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтардағы қайғылы оқиғалардан кейін еліміздің ірі бизнес өкілдерімен кездесу өткізді.  Президент Реформалар жөніндегі жоғары экономикалық кеңестің отырысында олигополияның, яғни елдегі бүкіл бизнестің бір қолда болуы мемлекет үшін аса қауіпті үрдіс екенін айтты. Қазақстанның бүкіл экономикасы осындай құрылымдардың қолында. Ресми деректер бойынша, отын-энергетика кешенінің 48,5%-ы, өнеркәсіптің 17,6%-ы, агроөнеркәсіп кешенінің 16,2%-ы олигополиялық нарыққа тиесілі. Қаңтардағы қайғылы оқиғаларға алып келген шиеленістің бір себебі осында жатыр. Экономиканы монополиясыздандырып, делдалдарды жоймайынша, елде реформа жүргізу мүмкін емес. Өйткені бұл құбылыс нарықтық бәсекені, шағын және орта бизнесті дамытуға, инвестиция тартуға және инновацияларды енгізуге кедергі болып отыр. Сондықтан да Президент саясаттағы және экономикадағы олигополиядан арылу басты міндет екенін жеткізді.   Олигополия – санаулы ғана фирма үстемдік орнатқан нарықтық құрылымның бәсекесіз түрі. Олигополия термині гректің «санаулы» және «саудалау» деген сөз тіркесінен шыққан. Олигополия – бірнеше өндіруші билеп-төстейтін нарықтық құрылым. Олардың өнімін елдегі бүкіл тұтынушы пайдаланады. 

Үстемдік құрған компаниялар өздерін еркін сезінеді. Олар өнімнің бағасын өздері қояды, қалай өзгертсе де ерікті. Дүние жүзінде олигополияға мысал көп, мәселен әр саладағы ірі фирмаларды атауға болады. Олигополиялық нарыққа басқалар кіре алмайды, бұған заңнамалық шектеулер, не болмаса үлкен көлемдегі бастапқы  капиталдың қажеттігі тосқауыл болады.  Сондықтан да олигополия өкілдері негізінен ірі бизнеске жатады.  Осылайша олар бүкіл нарықты иеленеді. Дүние жүзіндегі «Boeing», «Airbus», «Mercedes-Benz», «BMW AG» секілді  алпауыт олигополистерге қарағанда, Қазақстандағы олигополия өзгеше.  Өйткені бұлар шынайы бәсекелестік арқылы емес, билікке жақындығы арқылы елдегі бүкіл бизнесті өз қолдарына алды. Қ.Тоқаев 2022 жылы 11 қаңтарда Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде  отыз жыл бойы  «Қазақстанның экономикалық өсімінің басты пайдасы мен игілігін қаржылық-олигархтық топтар көріп келгенін», «қалыптасқан олигополия еркін нарықтың дамуын салмақты шектегенін және елдің бәсекеге қабілеттілігін құлдыратқанын» мәлімдеді.    
Шет елдерде олигополияның жағымды немесе тиімді жағы да бар. Мәселен, ірі бизнес өкілдері ғылыми зерттеулерді қаржыландырады, олардың өзара баға бәсекелестігі нарықты әртараптандыруды ұлғайтуға септеседі. Ал теріс жағына келсек, олигополия келісімге келу арқылы таза монополиске айналуы мүмкін.  
«Монополия да, олигополия да халық үшін тиімсіз. Олигополист 3-4  компания бір үстелде отырып, бағаны өсіру жөнінде келісімге келе салуы оңай. Монополия да тек бір компанияның нарықтағы үстемдігін білдіреді. Біздегі «Самұрық-Қазына» қарамағындағы компаниялардың көпшілігі осы сипатта. Сондықтан мемлекеттің нарықтағы үлесі басым болып тұр. Ондай жағдайда экономика тежегіш күшке ұшырап, артқа шегіне береді.   Президентіміздің монополиялық, олигополиялық нарықпен күресу, жеке сектордың үлесін арттырып, бәсекелестік орнату жөніндегі ойы дұрыс.  Тек таза бәсеке болған кезде ғана баға түседі, сапа болады, халқымыздың өмір сүру деңгейі артатын болады» дейді экономист-ғалым Мақсат Халық.  

Қазақстандағы олигополия ерекшелік-тері
Олигополия қазіргі заманғы экономи-када кең таралған нарық құрылымы болып саналады. Олигополиялық нарықта оншақты компания үстемдік құрады және басқалардың нарыққа кіруіне мүмкіндік бермейді. Бұл фирмалар тауарды сатып өткізу кезінде өздерінің үлесі үлкен болуына байланысты бағаға ықпал етеді. Яғни олар баға қою артықшылығына ие.
Қазақстанда отандық экономиканың негізін құрайтын бүкіл шикізат секторы, мұнай-газ, қара және түсті металлургия саласы олигополиялық сипатқа ие. Басқа салалар да олигополияға айналғаны даусыз. Миллиардтаған қаражат тұратын кәсіпорындар салаға жаңа компаниялардың кіруіне кедергі болады. Осылайша олигополист-компаниялар нарықты өз бақылауына алады. Олигополист өнім шығаруды азайтуды шешсе, бұл нарықта бағаның көтерілуіне алып келеді.    
Бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі агенттіктің мәліметіне сәйкес, Қазақстандағы ірі олигополистер үстемдік ететін салалар:     
Электр энергиясы нарығында өндіріс, тасымалдау және бөлшек сауда бойынша «Самұрық-Энерго», «Қазақстан коммуналдық жүйелері», «Орталық-Азиялық электр энергиясы корпорациясы» компаниялар тобының жинақты үлесі өңірлерге қарай 70%-дан 100%-ға дейін жетеді. 
Отын-энергетика кешенінде, оның ішінде мұнай өнімдері нарығында Petrosun, KMG, «Petroleum operating» сынды ірі жеткізушілердің үлесі 80%-дан асады. Сұйытылған табиғи  газ бойынша 70% CNPC, Petrosun, KMG компанияларына тиесілі. Мұнай-газ саласы бүкіл Қазақстан экономикасы үшін басты негіз және тұрақтылық кепілі. Қазіргі заманғы әлемді мұнай өнімдерінсіз елестету мүмкін емес, бұл өнімдер барлық салада бар. 
Коммуналдық тұрмыстық көмір нарығында екі ірі компанияның – «Шұбаркөл Көмір» және «Қаражыра» үлесі 70%-ды құрайды. Жеткізу нарығында «Богатырь Көмір» үстем.  Түсті металлургия Қазақстан өнеркәсібі саласында елеулі орын алады. Бұл мұнай-газ саласынан кейінгі негізгі нарық. Республикада түрлі түсті, сирек кездесетін және асыл металлдардың 25 түрі өндіріледі. Тау-кен металлургиялық кешеніндегі түсті металдарды өндіру және қайта өңдеумен айналысатын ең ірі компаниялар: «Қазақмыс» корпорациясы, «Қазмырыш» ЖШС, «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ және басқалар. Темір рудасы және қара металлургия саласында басты кәсіпорындар: «Арселор Миттал Теміртау» АҚ, «Қазхром» ТҰК, Жәйрем тау-кен байыту комбинаты, Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі, «Теміртау электрометаллургия комбинаты» АҚ және т.б. 
2021 жылдың қорытындысы бойынша металл кендерін өндіру саласындағы өндіріс көлемі 12 айда 3,3 трлн теңгеге жеткен (бір жыл бұрын 2,2 трлн теңге болған). Қайта өңдеу сегментінде өнім көлемі 7,7 трлн теңгені құраған.  Өңдеуші өнеркәсіптегі металлургияның салмағы 45,7 пайызға жеткен. Осылайша, ҚР тау-кен саласы 2021 жылдың 12 айында елдегі өнеркәсіп өндірісінің жинақты көлемінің 30%-ын (немесе 11 трлн теңге) қамтамасыз еткен. Бұл цифрлар олигополиялық нарықтың ауқымын білдіретін айқын көрсеткіштер.  
Көлік және байланыс саласында да жекелеген компаниялардың үстемдігі орнаған. Темір жол жүк тасымалы бойынша негізгі нарықтық үлес «ҚТЖ – Жүк тасымалы» компаниясына тиесілі. Бұл ұлттық тасымалдаушы арнайы және әскери жүк тасымалдауды да атқарады, бүкіл темір жол торабындағы пойыздардың жоспарын іске асырады. Жолаушылар тасымалында ең үлкен үлес «Жолаушылар тасымалы» және «Қала маңы  тасымалы» компанияларында – 63,5%.   
Тұрғын үй-коммуналдық шар-уашылық нарығында қатты тұрмыстық қалдықтар, жеделсаты, домофон қызметі бойынша үш қызмет жеткізуші үстемдікке ие және олардың үлесі 90%-дан асады.   
Олигополияның бір түрі – дуополия.  Дуополия жағдайында нарықта тек екі ірі сауда-өнеркәсіп компаниялары үстемдік етеді. Олардың арасында баламасыз айырбас арқылы мол пайда табуды қамтамасыз ететін құпия мәмілелер жасалуы мүмкін. Қазақстанда кейбір секторларда дуополия жайлап алған. «Ұялы байланыс қызметтерінің нарығы дуополистік сипат алды, онда шоғырлану деңгейі жоғары. Нарықта бүгінде небәрі 2 ойыншы бар. Бұлар – «Қазақтелеком» және «Кар-Тел» тобы. Мемлекет қатысатын ұлттық компания – «Қазақтелеком» АҚ-ға ұялы байланыс нарығының 60%-дан астамы тиесілі» делінген Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің талдауында. Азаматтық авиацияда да дуополия қалыптасқан. Әуе көлігіндегі ішкі жолаушылар тасымалдарында тек «Эйр Астана» АҚ-ы мен «SCAT  авиакомпаниясы» АҚ үстемдік етеді. Бұған дейін «Bek Air» АҚ авиакомпаниясы оларға бәсекелес болған, алайда Алматы түбінде ұшағы құлаған соң бұл компанияның жолаушыларды тасымалдау қызметі тоқтатылды. Осыдан кейін аталған аса ірі екі ойыншының үстемдігі тіптен күшейді. Көмір өндіру саласындағы дуополистер – «Шұбаркөл Көмір» АҚ және «Қара жыра» АҚ нарықтың 70%-дан астамын иеленген.  
Қазақстанда соңғы жылдары қаржылық және өндірістік көрсеткіштер бойынша алда келе жатқан рентабельді кәсіпорындар да олиго-полист-компанияларға жатады (газ тасымалдау, тау-кен металлургиясы салалары).   
Агенттік Қазақстанның тауар нарығында қалыптасқан жүйелік проблемалар бәсекелік ортаны бұзып отырғанын және бұл мәселе шешімін табуды күтетінін жеткізді. Олар: нарыққа қолжетімділіктің шектеулі болуы, баға белгіленімін бұрмалау, фаворитшілдік, бәсекелік саясат мәселелері, бәсекелестікті қорғау және дамыту тетіктерінің жетілдірілмеуі, ақпараттың біржақтылығы.  
Олигополияның экономикалық салдары
ҚР Президенті Қ.Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде байлықтың бір қолға шоғырлануы, монополияландыру елде санаулы тұлғаның ықпалы шектен тыс өсуіне және бұқараның табысы төмендеуіне әкеп соққанын айтты. Сол  себепті Қазақстандағы байлар мен кедейлердің табыс деңгейі арасындағы айырмашылық шектен тыс үлкен.  Халықтың табыс көрсеткіштері жылдан-жылға тек қағаз жүзінде өскендіктен, әлеуметтік теңсіздік проблемасы шиеленіседі. 
Еліміздің бүкіл экономикасы монополистік және олигополистік құры-лымдардың қолына шоғырланған. Бұл жолаушылар және жүк тасымалы, әуе тасымалы, электр энергетикасы, көмір өнеркәсібі, мұнай өнімдерін қайта өңдеу және жабдықтау, байланыс саласы, қант өндірісі және басқа құрылымдар. Қалыптасқан жағдайға байланысты 3-4 ірі компания олгигополиялық жүйе құрған және өзіне тиімді баға саясатын жүргізеді. Монополияландырылған экономикада қандай да бір адал бәсеке де, оңтайлы нарықтық орта да болмайды. Америкалық экономист, монополистік бәсеке теориясының негізін қалаушы Эдвард Чемберлин таза монополия жайында былай тұжырымдайды: «Егер монополияны бәсекелестіктің антиподы деп қарастыратын болсақ, ол бір тұлғаның бүкіл тауар өндірісін бақылауға алуы жағдайында ең соңғы шегіне жетеді. Бұл құбылыс таза монополия деп аталады».  
Олигополияның экономикалық салдары екі тұрғыдан қарастырылады. Біріншіден, ірі олигополистік компаниялар ғылыми-техникалық прогресті жеделдету үшін қажет, яғни бұл сала тауардың, қызметтің сапасын жақсартуға ықпал етеді, өндіріс көлемін ұлғайтып отырады. Бұл экономикалық өсімге алып келеді. Дүние жүзінде олигополиялық құрылымдар көптеген салада ғылым мен техника жетістіктерін дамытуда үлкен табыстарға жеткен. Олигополистік компаниялар  орасан зор қаржылық ресурстарға ие болғандықтан, олар аса ауқымды жобаларды жүзеге асырады, қоғамдық қорларды қаржыландырады.  Сонымен бірге қоғамның саяси және экономикалық тіршілігіне қатты ықпал етеді. 
Екіншіден,   олигополия құрылымы жағынан монополияға жақын болғандықтан, дәл солай әрекет етеді. Олигополистер түрлі келісімдер жасау арқылы мемлекеттің бақылауынан шығып кетуі, тұтынушылар есебінен пайда табуға ғана ұмтылып, жалған бәсекелестік жасауы  мүмкін. 
Бұл ақыр  соңында қолда бар ресурстарды пайдалану тиімділігін төмендетеді. Олигополистік құрылымдар өздерінде орасан зор қаражаттың шоғырлануына қарамастан, қоғам мұқтаждықтарын назардан тыс қалдырады. Олигополия нарықтағы бәсекелестікті тежейді. Қазақстанда бәсекелестік деңгейі өте төмен. Өйткені монополия нарықтағы бәсекені болдырмайды, бұл, өз кезегінде, тауарлардың сапасын түсіреді.  
Олигополияның теріс жақтары:  өнім-дерге нарықтық бақылаудың болмауы, нарыққа жаңа қатысу-шылардың кіруін шектеу,  ұсыныс пен баға саясатын жасанды бекіту. Олигополистер шағын бизнеске кедергі жасайды. Мемлекет тарапынан олигополия орнаған нарық сегментін қадағалау өте күрделі. 
ҚР Президенті Қ.Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғары экономикалық кеңестің отырысында сөйлеген сөзінде: «Бизнестің бір қолда болуы және  кәсіпкерлікке қабілетті басқа адамдардың бизнеспен айналысу мүмкіндігінің болмауы барлық мемлекеттер үшін аса қауіпті үрдіс. Олигополия – ел экономикасын әртараптандыруға емес, бір қолдағы бизнесті әртараптандыруға деген тұрақты ұмтылыс. Яғни сол адам немесе бір компания кен қазып, өңдейді, банктерді басқарады және одан басқа да көптеген бизнесі бар, ал қалғандарында ештеңе жоқ»  – деді.    
Сондықтан да Президент эконо-миканы монополиясыздандыру және делдалдық тізбекті жою жүргізілмейінше, елде реформа жүргізу мүмкін еместігін білдірді. Мемлекет басшысы жасанды құрылған жеке операторлар жойылуға тиіс екенін айтты. Олардың қызметіне заң жүзінде тыйым салу қажет. Монополия нарықтық бәсекені, шағын және орта бизнесті дамытуға, инвестиция тартуға және инновацияларды енгізуге кедергі. Ал әлеуметтік  теңсіздік жылдан-жылға өршіп барады. Президент өз сөзінде елімізде 1 миллион адам кедейшілік шегінде өмір сүріп жатқанын мәлім етті. Олигополияның теріс салдары жөнінде көптен бері айта жүрген экономист Мақсат Халық санаулы компанияның белгілі бір нарықта үстемдік жүргізуі тұтынушылар үшін қолайсыз, олардың төлем қабілеттілігіне кері әсер етіп, өмір сүру сапасын нашарлатады, оның салдары кедейшілікке алып келеді деп санайды. «Біздегі қымбатшылық пен еліміздің кедейшілік шегіне түсуіне әсер еткен бір фактор осы» дейді. Сондықтан да олигополияның арынын азайту ел экономикасына оң ықпал етеді деп санайды сарапшылар. 
Олигархтардың бизнестерін біртіндеп әртараптандыру, оларды олигополиялық ауаннан бәсекелестік жағдайына жеткізу бағытындағы іс-шаралар жүргізу кезек күттірмейді. 
Жаңа Қазақстанның бәсекелестікке негізделген және олигополиясыз экономикалық саясатын құру үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы іс жүзінде орындалуы тиіс. 

Тақырыпқа орай

2004 рет

көрсетілді

248

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз