• Ел мұраты
  • 30 Наурыз, 2022

Қ а з і р г і ж а с т а р д ы ң моральдік-адамгершілік құндылықтары қандай?

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ, 
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия кафедрасының аға оқытушысы


(бабалар мен жас ұрпақ диалогиясы)

Қаңтар қасіреті еліміздегі көп нәрсенің бетін ашып берді. ҚР Президенті Қ.Тоқаев оқиға барысында және оқиғадан кейін жариялаған бірнеше мәлімдемелер мен үндеулерінде басты проблема ретінде халықтың тұрмыс деңгейінің және байлық пен кедейшіліктің арасы мемлекет тәуелсіздігіне қауіп төндіретіндей деңгейге жеткені нақты айтылды. Сөйтіп, ұзақ жылдар бойы жүргізілген  экономикалық, әлеуметтік саясаттағы барлық қателіктер осы оқиға кезінде бар қырынан анық көрініс тапқаны алғаш рет ашық мойындалды. Әсіресе, Қазақстан секілді табиғи байлығы мол елдің бар байлығының, басқаша айтқанда, экономикалық қуатының 55-60 пайызы президент «олигаполия» деп атаған ат төбеліндей 162 адамның қолына өткені, сөйтіп, мемлекеттік қауіпсіздік пен халықтың өмірі осы шағын топтың кепілдігінде қалғаны әрбір ел азаматының жанын түршіктірді десе болады. 
Осы аталған мәлімдемелерден кейін қоғам алдында көптеген сұрақтар атойлап шықты, ол ең алдымен, олигаполия өкілдерінің «отаншылдық» және «мемлекетшілдік» атты тәуелсіздік принциптерін ысырып тастап, ұзақ уақыттар бойы Қазақстан халқына заңды тиесілі байлығын шет елдердегі офшорларға тасығаны, сөйтіп, өздері қалап-қаламаса да, бұл әрекеттерімен  адами қалыпқа симайтын өмір салттары − ашкөздік пен ынсапсыздықты, корқаулық пен қомағайлықты,  жағымпаздық пен жарамсақтықты, өтірік пен көзбояушылықты қоғам санасына тамшылап құйғаны, қоғамды моралдік-адамгершілік тұрғыда азғындауға итермелегендері анықталды. Оның белгілері қаңтар трагедиясы кезінде және одан кейінгі орын алған қатыгездіктерден көрініс тапты десе болады. Мысалы, дәстүрлі қазақ болмысына, не болмаса, діліне (менталитетіне) жат жауыздық түрлері табиғатымызға қайдан енді деген сұрақ туындайды. Ақпарат көздері мен азаматтық қоғам дабыл қағып жатқандай, «Өткен ғасырдағы дүниежүзілік соғыста фашистік концлагерлерде орын алған қинау-қорлау тәсілдері XXI ғасырдағы Қазақстанға қайдан келген?», «Оны кім әкелген?» деген сұрақтар жан шошытады. 

Иә, біздің халық табиғатынан жауынгер халық екені сөзсіз. Оны қазақ халқы тарихта талай рет дәлелдеген. Бірақ, біздің халықтың бойында ешқашан да жауыздық атаулы болмаған еді. Қазақтың жүрегі мейірімді,жаны қайырымды болған әркез. Себебі, қазақ халқына табиғатынан тән өр қасиеттер шибөрі сияқты қорқауларға емес, түз тағысы саналатын нағыз көкжал жауынгерлерге, батыр тектес халыққа тән болатыны анық. Қазақ халқы, сол жоғарыда аталған дүниежүзілік соғыс кезінде асқан ерлік үлгісін көрсетумен бірге, соғыстан ауа көшкен көптеген халықтарды бауырына басып, мейірім шуағын да төгіп еді ғой. Ендеше, біз ондай асыл қасиеттен ажырап қалғанымыз ба бүгінде? «Жоқ» дейін десек – өзін-өзі қинап жатқан да, қорлап жатқан да өз қазағың. «Иә» дейін десең – қорлыққа жаны төзбей, шымшықтай шырылдап жүргендердің өздері де қазақтың өзі... 
Не боп кетті мына дүние?
Атақты Шоқан Уәлиханов былай деген екен: «Адам – таңғажайып құбылыс! Оның жан дүниесі, ақыл-ойы, жан-жақты талант-қабілеті,  құдіреттілік табиғаты мүлдем беймәлім, әрі, ешқашан да оны танып-білу мүмкін емес, ол мәңгілік құпияның нақты көрінісі». Ендеше, бүгіндегі біздердің «мәңгілік құпиямыздың» жұмбағы неде − байларымыз ел байлығын сыртқа тасып, өз халқынан аяғанын айдаладағы «көлденең көк аттының» аузына тосуға, кім болсын соған жем болуға әзір болса да, өз халқының қолына  көк тиынын ұстатпауға бейімділігінде ме?.. Неге солай! Бұл да бір жұмбақ...
Ал, даңқты Бауыржан Момышұлы былай депті: «Адамның әр қаракетінен оның жан дүниесінің сыры аңғарылады». Мұнда Бауыржан атамыз Аристотельдің «адам қоғамдық жануар» дегенін ескере отырып, оның жеке-даралық жан дүниесіне үңіледі. Ол «әр адамда өзіне ғана тән мінез, өзіне ғана тән көрік, өзіне ғана тән ақыл бар» дейді. Бірақ, Бауыржан батыр оның қаракетінің қоғаммен байланысты екенін терістемейді. Керісінше, қаракетті айта отырып, ол адамның адами қасиетінің адамгершілікті болуына меңзейді. Ол, әрине, алдымен батырға тән қасиет болса керек...
Оған ілесе, әйгілі Шерхан Мұртаза ағамыз былай дейді: «Өзің өлме, өзгені де өлтірме. Міне, шын демократия. Міне, шын адамгершілік, имандылық! Ал бұл қасиет, Құдайға шүкір, қазақта бар». Мұндағы «өзің өлме» дегенімізді тек «өмір сүр» деп түсінсек – қатты қателесеміз. Шерағаңның «өлме» деп отырғаны «ар мен намысыңды таптама, таптатпа» дегені болса керек. Ал, «өзгені өлтірме» дегені «өзіңді қалай құрметтесең, өзің сияқты адам баласын да солай құрметте – оның ары мен намысын таптама» дегені болса керек... Шерағаң ол қасиет, құдайға шүкір, қазақта бар депті... Әлде, біз оны жоғалтып алдық па екен?.. Бірақ, оның сөзі қазақтың мына бір − «Өмірде тек өзін жеңе білген адам ғана жеңіске жете алады». деген даналығымен сай кеп тұрған жоқ па?
Одан әрі, данышпан Абай былай дейді: «Пайда, залалды айыратұғын қуаттың аты – ақыл...». Оған қосарлана ғұлама Шәкірім былай дейді: «Адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл көзімен көреді...». Осыменен не айтқысы келді екен қос абыздың? Ақыл – адамға тән қасиет. Адамның адам болатұғынының өзі де ақылдан. Бірақ, ақыл қуыс кеудеге тұрақтамайды. Адамның ындыны байлыққа ауып, көзі байлық пен атақтан тұманданып тұрса – онда ол адамда көз де жоқ, сөз де жоқ (ақыл). Ендеше, қазақтың ұлттық тәрбиесі жұмсақ түрде «Байлық қолдың кірі» деп, ұрпақ көзін бекерден бекер тазалап отырмағаны ғой...  «Жаңа заман» бізге осыны ұмыттыра жаздапты...
Ендігі кезекте атақты Төле би былай дейді: «Бес күн дәурен өтеді – ажал қуып жеткен соң». Оны Қазбек би былай толықтырады: «Арға – мінажат, барға – қанағат, жоққа – салауат» деп. Ал нұсқа ой шебері Әйтеке би былай жалғастырады: «Батыр боп жауға найзаң тимесе, Батырлықтан не пайда. Бай болып халқыңа пайдаң тимесе, Байлығыңнан не пайда!». Қандай керемет үйлесімді ойлар десеңші! Бірі – «өмірді бағала, лайықты сүр» десе, екіншісі оны іліп алып, «Армен сүр оны, «бар» мен «жоқты» жалаулатпа» дейді... Екі ағасын тыңдап болған Әйтеке: «Ешкімге пайдаң тимей бос сүрген өмірде еш пәтуә жоқ!» деп түйіндейді. 
Міне, қазақтың жаны осындай еді...
Біз жоғарыда қазақтың  тарихында  іздері қалған ұлы тұлғаларының адам туралы айтқан сөздерін атап өтіп, мән-мағынасын шама жеткенше талқылап өттік. Одан біз қандайда бір зұлымдық бастауды, орта жолдан қайтатын шолақ ойды таба алмадық. Қайта керісінше, біз одан қазақ халқының ұлттық ділінің асыл-маржанын ғана көре алдық. Ендеше, қазіргі заманда кездесіп отырған (алдымыздан шыққан деңіз) сатқындық пен жауыздық, қорқақтық пен жарамсақтық бізге қайдан келген? Ол, айналдырған отыз жыл көлемінде белең алған өтіріктің, өзін-өзі алдаудың жемісі ме сонда? Олай болса, «қаңтар оқиғасын» нағыз трагедия деп қабылауға әбден болады. Осы айтқаннан санада басқа бір қорқыныш пайда болады, ол – қазіргі жастарымыз осыны бойына сіңіріп үлгерген жоқ па екен деген... Сіңіріп үлгерсе – ол біз үшін әлемдік катастрофа, апат болмақ... Осыны анықтау керек. Әрине, оны жастардың өзінен басқа кім айта алады? Сондықтан, бұл жерде жастардың өзін сөйлеткен дұрыс болар деп шештік. Ол үшін әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің Философия және саясаттану факультетінің «философия» мамандығы, 3-курс студенттеріне сұрау салдық. Төменде сол жастардың ой-пікірлерімен сіздерді таныстырамыз, құрметті оқырман қауым...
Бәтима Мұрат, 3-курс студенті, Философия мамандығы:
– Адам өмір есігін ашқан күннен бастап сана-сезім, түйсік арқасында қандай да бір құбылысты ерекше бағалап, құндылыққа балай бастайды. Егер ғылымға жүгінсек, құндылықтар жалпыадамзаттық, ұлттық және жеке деп бөлінеді. Жалпыадамзаттық құндылықтарға бостандықты, денсаулықты, махаббатты, отбасыны жатқызамыз. Ал, Ұлттық құндылықтарға сол ұлттың салт-дәстүрінен және ұлт табиғатынан туындайтын қасиеттерді жатқызамыз. Сондықтан, көп жағдайда жеке адамға тән құндылықтарды тізіп шығу өте қиын. Әр адам – индивид. Оның жұдырықтай жүрегі Абай айтқандай толық адам концептісіне сай келуге құмар-ақ. Бірақ, бір-біріне ұқсамайтын қар түйіршігі секілді, адамдарда да бір-біріне ұқсайтын болмыс болмайды. Себебі, өмір – әрқайсымыз үшін дара құбылыс.. Уақытпен бірге қоғамның құндылығы да, салты да, тыныс-тіршілігі де өзгере бермек. Оған ақпараттық төңкерістер, өркениет, ұлтаралық, мемлекетаралық қатынастар әсер етеді. Қоғамның өзгеруімен адам да өзгереді. Біздің қазіргі қоғамға сай жастардың құндылығы өзгерді ме? Бүгінгі жас ұрпақ, өскелең қауым нені қадір тұтып, нені құнды санайды? Әрине, бұл жерде көпшілік қауым жастардың интернетке деген тәуелділігін, ойынқұмарлықты, ақша мен мансапқұмарлықты алға тартуы мүмкін. Бірақ, мен ол пікірмен толық келісе алмаймын... Негізі, бүгінгі жастар білімді, ғылымды, адал табысты, қайырымдылықты, табиғатты кешегі ұрпақтан да артық бағалайды десем – шындық сияқты. Бүгінгі жастар үлкен-кішіге, артық-кемге түзу қарайды. Қулық-құйтырқылықты жақтырмайды. Мысалы, өзім де бүгіннің таңының баласымын. Сондықтан, ортама, құрбы-құрдасқа, дос-бауырларға қарап, осы сөздеріме кепіл бола аламын. Бүгінде, табиғатты қорғауда, не болмаса, жандары шырылдап жетім-жесірдің, шектеулі жандар мен қарттардың  қарны ашып қалмауына ерікті түрде ат салысып жүргендер де жастар. Олар өз еріктерімен волонтерлік істе. Сонымен қатар, бүгінгі жастар махаббат мен қамқорлықты, сүйіспеншілік пен еңбекті құнды санап, жақсылықтың жалауын желбірете жарысып жүр. Бүгінгі жас – бәсекеге қабілетті, білімді жас. Қазіргі заман жастары, Тәуелсіз мемлекетте, өркениет кезеңінде өмір сүріп жатқандығы аян. Соған сай, жастардың этикалық, эстетикалық санасы жоғары. Әрине, мұнда саналы немесе санасыз деп көпке топырақ шаша алмаймын. Бірақ, білім жағынан қазіргі жастардың мүдделілігі аса жоғары, ұмтылысы зор. Талабы мен шығармашылық қабілеті, технологияны игеруі жақсы дамыған. Жастар тарихтың мирасқоры, ертеңгі ел болашағының тізгін иесі. Ендеше, жастардың бойындағы асыл қасиеттердің болуы басты қаруымыз.    
Адамның адамгершілігі – оның жоғары қасиеті. Оның негізгі белгілерінің   бірі – өзі үшін ғана емес, ел, қоғам үшін өмір сүру, адамдық ар-намысты ардақтау, әр уақытта жақсылық жасауға дайын болу. Арлы адам – ардақты адам.  Сондықтан да, еліміздің болашағы үшін жастарды тәрбиелеуде рухани, дәстүрлі құндылықтардың маңызы зор және біз күнделікті өмірде оларды қолданудың аясын кеңейтіп, үнемі назарда ұстап отыруымыз қажет.
Ақбота Болатова, 3-курс студенті, Философия мамандығы:
– Қазіргі заман жастары Тәуелсіз мемлекетте, өркениет кезеңінде өмір сүріп жатыр. Соған сай, жастардың этикалық, эстетикалық санасы қалыптасқан. Әрине, бәрі бірдей дей алмаймын. Бірақ, қазіргі жастардың білімге деген құштарлығы аса жоғары екендігі анық. Жастарда қазіргі технологияны игеру қабілеті жақсы дамыған. Олардың басым көпшілігінің рухани тұрғыда көрсем, білсем деген ұмтылысы зор. Қазіргі жастарды тарихи жетістіктердің мирасқоры және халық бірлігін құраушы ретінде сендіру маңызды рөл атқарады. Осы тұрғыдан қарастырғанда рухани бай, кеудесі алтын сандық жастардың дүниеге деген көзқарасы кең әрі қырағы келеді. Қазіргі жастардың ертеңгі ел болашағының тізгін иесі, ел ертеңі екендігін ескеретін болсақ, олардың этикалық құндылықтарды бойына сіңіруіне баса ден қою қажет. Дүние танымы зор жастардың кемел келешекке ұмтылысы, білім, ғылымға деген құштарлығы биік болуы керек. Ұлы белестер мен мақсаттарды бағындыруда жастардың бойындағы асыл қасиеттердің болуы басты қаруымыз. Еліміздің маңызды адами ресурсы, негізінен жастар. Жалпы алғанда туған жер, отан, отбасы сынды баға жетпес рухани құндылықты сүюге жетелейтін төте жол деуге болады. Адамның адамгершілігі – оның жоғары қасиеті. Оның негізгі белгілерінің   бірі – өзі үшін ғана емес, ел, қоғам үшін өмір сүру, адамдық ар-намысты ардақтау, әр уақытта жақсылық жасауға дайын болу. Арлы адам – ардақты адам. Адамгершіліктің асыл қасиеттері: Отансүйгіштік, мейірімді, адал, еңбекқор, ақылды, әділ, парасатты жас ұрпақтарымыздың бойынан табылуы тиіс. Басқаша айтқанда, бүгін біз тек өзара түсіністік пен сыйластықтың, бір-бірімізге деген құрметтің арқасында ғана тіршілігімізді жалғастыра алмақпыз. Қорыта айтқанда, ел болашағы − елдің ұлттық менталитетін сақтап, оны бойына сіңіріп өскен білімді жастардың қолында болады дер едім.
Дәуір Тасболат, 3-курс студенті, Философия мамандығы: 
–Қазіргі жастардың көбісі босатандықты, еркіндікті, өз жеке басы тәуелсіздігін қалайды. Бұл нормаларға мемлекет бірте-бірте жағдай жасауда деп ойлаймын. Көптеген жастар шетелде немесе өз еліміздің жоғары оқу орындарында білімдерін шыңдап, жан-жақты көзі ашылып, терең ойлай алатын тұлға ретінде қалыптасып жатыр. Қазіргі таңда жастардың көп бөлігі жеке бизнестерін ашып, экономика саласында өздерін сынап көруде. Бұл жағдайда мемлекет өз жолдауларымен,  және де дұрыс бағыт бағдар беруімен қоғам өкілдерін, оның ішінде жастарға үлкен мүмкіндіктер беріп отыр. Жастар дұрыс өмір сүруге, білім алуға, спортпен шұғылдануға,  еңбек етуге көптеп тер төгуде. Егер де мемлекет осылай жастарға жағдай жасай беретін болса, алдағы уақытта бұл біздің мемлекетіміздің дамуына үлкен үлесін тигізеді.
Ақнар Тасқынұлы, 3-курс студенті, Философия мамандығы:
–Жастар – мемлекеттің тірегі, болашақ бейнесінің айқын көрінісі. Мемлекет те жастардың келешегі үшін бар жағдайды жасауға әзір. Дегенмен,  әсіресе жастар қауымы шет елдерге көшуге бейім? Біздің еліміз бен шет елдердің айырмашылығы қандай? Статистика бойынша, жарты жыл сайын шет елге көшушілер саны он мыңға жуық екен. Бұл әрине қуантарлық жағдай емес. Өз туған жерін тастап, өзге мемлекеттің асын ішіп, өмірін сүруге кететін қазақстандықтардың жағдайына назар салып, зерттеу керек. 
Жастарға неліктен шет елге көшуге ынталы екендігін сұрағанда бірнеше факторды айтады. Біріншісі, білім жүйесі бойынша. Яғни, шетелде елімізге қарағанда білім сапасы жоғары әрі тиімді. Жоғары оқу орнын ақылы оқитын болса, оның бағасы біздің елімізбен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Әрі қаншама жылдар білім жолында қызмет етіп келе жатқан тау тұлғалы профессорлардың қатары мол. Сонымен қатар, шетелден алынған дипломның да еліміздегі дипломнан дәрежесі жоғарырақ екендігі айтпаса да мәлім. Әрі оқу жүйесінде де студентке еркіндік берілетінімен ерекшеленеді. Стипендия қаражатымен-ақ күн көруге де болатындығы көп жастарды қызықтырады. Ал біздің елімізде көпшілігі сабақ пен қатар жұмысты алып жүретіндігі жасырын дүние емес. 
Келесі, екінші фактор – жұмыс жүйесі. Шет елдерде кез келген жұмыспен айналыса беруге болады. Сонымен қатар, бағыңыз жанса, басшылықтың қызметімен айналысуға мүмкіндік көп. Шет елде сізбен ешкімнің шаруасы жоқ. Өз таңдаған қызметіңізді атқарып жүре бересіз. Ал біздің елімізде бұл жағынан да кемшіліктер жоқ емес. Жоғары қызметке көп жағдайда тамыр-таныспен ғана оңай қол жеткізесіз. Ал еңбекпен көтерілген деңгейіңізді көреалмаушылықтың арқасында түсіріп алуыңыз ғажап емес. Кім биікке шығады, соны аяқтан шалу біздің қанға сіңген қасиетіміз екендігі баршамызға мәлім. 
Ал үшіншісі – өмір сүру жағдайы. Шет елде еркіндік мол. Әркім өз өмірін  қалауынша сүре береді. Жағдай толық жасалған. Қарапайым стипендиямен-ақ толыққанды күн көре беруге мүмкіндік бар. Біздің елде бір емес, бірнеше жұмыс жасау керек. Сонда ғана ел қатарлы күн кеше аламыз. Мінеки, қарап отырсақ, екі елдің арасындағы айырмашылық жер мен көктей сияқты. Бірақ, сол мемлекетті түзеп, келешекте өзге мемлекеттерден жағдайы да, деңгейі де асып түсетіндей әрекет ету біздің – Қазақстанның жалынды жастарының қолында! 
Жастар нені қалайды? Бар жағдай жасалған толыққанды білім сапасы мен бір жалақымен күн көруге болатын, еркіндік пен бостандығы шектеусіз, бейбіт елде өмір сүргісі келеді. Дамуға мүмкіндігі бар, биікке шыққан перзентін жерге құлатпайтын, ақша дейтін арсыздың соңына түспеген, адамгершілік пен ізгілікке толы жандар біріккен, тәуелсіз елде ғұмыр кешуді қалайды. Әрине еліміз күн өткен сайын, дамудың жаңа биігіне шығып келеді. Осындай үлкен қадамдар мен әрекеттерден кейін жастардың елімізде тұрақтап қалатындығына сенемін! Жастар елім деп, елі жастар үшін әрекет етсе, талай елді басып озарымыз хақ!
Міне, осыған қарай отырып, біз студент жастардың санасында пессимизмнен гөрі оптимизмнің, негативтен гөрі позитивтің молырақ екенін байқаймыз. Әрине, бүгін тек студенттер дискуссияда. Бірақ, әлі де өмірден өз орнын таба алмай жүрген жастар легі бар. Олардың жан дүниесі не дейді? Оны да зерттеу керек. Сондықтан, елімізде «Жастар жылы» тек бір жылдың аясымен шектелмей, оның проблемасы жыл сайын қаралып, жаңарып отыруы тиіс. Бұрынғыдан қалған «лозунгтік», ұрандатқыш «патриотизмді» нақты істермен алмастырып, жастардың дамуына, тәлім-тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп отыру керек. 
Мысалы, Президент осы бағытта бірнеше жобаларды атап өтті. Соның маңыздысы, жағдайы төмен отбасы балаларына гранттық квотаны көбейту, жалпы грант санын тағы он мыңға көтеру, жұмысшы жастарды да шет елдерге жіберіп, кәсіби шеберлігін арттыру, колледждерде оқуды жаппай тегін ету, жастарға кедергі болатын барлық коррупциялық кедергілерді қоғам назарында ұстау және т.т. 
Жуырда куә болғанымыздай, егер жастар жұмыссыз, қараусыз қалса, онда олардың әлі де орнықпаған санасын жат діни идеология адастырып, оларды өз құралдарына айналдыра алулары мүмкін екендігін қаңтар оқиғасы көрсетті. Ендеше, оған қарсы тұра алатын рухани бастау қайда? Ол бастау – Ұлттық тәрбие мен рухани байлықта, атадан келе жатқан халық даналығында болса керек. Осы жағынан біз өте мұқият болуымыз қажет. Келесі бастау – технологиялық және кәсіби дамуда. Ол үшін елімізде халықтың тұрмыс жағдайын көтеретін барлық тетіктер іске қосылуы керек. Жұмыс орын ашу – әр өңірде басты мақсат болуы тиіс. Себебі, әрбір отбасыға құйылатын инвестиция, елдің болашағына құйылған инвестиция болып саналады. Ал тұрақтылық бар жерде, жастардың да моральдік бейнесі, адамгершілік құндылықтары жақсара түседі. Өйткені, ұлттық тәрбие солай! 
Сөз соңын, Ұлы бабамыз Бәйдібек бидің: «Тірлік басқа болса да – тілек бір, саусақ басқа болса да – білек бір, білек басқа болса да – жүрек бір» деген және Білге қағанның: «Ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ» дейтін даналықтарымен аяқтауды жөн көрдік.

2662 рет

көрсетілді

246

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз