• Ел мұраты
  • 31 Наурыз, 2022

ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ҚОЖАМКӨРДІ ЭКОНОМИКА немесе қазақтың көсегесі қашан көгереді?

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ,
«AQIQAT» журналының 
бөлім редакторы


Қазақ елі ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған азаттыққа қол жеткізіп, тәуелсіз мемлекет құрғанымен, сол дербес мемлекеттің діңгегін нығайтып, болашаққа адастырмас айқын бағыт көрсетіп тұратын бір нәрсе кемістей көрінеді де тұрады маған. Соның салдарынан мемлекет құрушы халықтың тілі мен ділі, әдебі мен әдеті, қабілеті мен қасиеті, жалпы барлық ұлттық ерекшеліктері өз болмысын өзгертіп, мына «жаһандану» дейтін заманда өзгелердің жат болмыс-бітімдерімен мидай араласып, бояуы оңып бара жатқаны ащы да болса ақиқат. 
Мұның бәрін реттейтін, азаматтардың өз елі мен жеріне деген сүйіспеншілігін арттыра отырып, Отаны үшін отқа да, суға да түсуге даяр отаншыл азаматтарды дайындайтын мемлекеттік саясаттың басты құрамдасы саналатын ұлттық идеологиямыздың ұлт пен мемлекет мүддесіне сай келетіндей деңгейде толық қалыптаспай тұрғаны жайында қаншама рет айтылды, жазылды. Тіпті, тек рухани-адамгершілік бағытта ғана емес, экономикалық өрлеу, өнеркәсіптік өндіріс пен ауыл шаруашылығын дамыту тұрғысында да сөз жоқ идеологияның көтерер жүгі мен атқарар ісі ұшан-теңіз. Қазір қазақ қоғамында  үлкенді сыйлау, кішіні тыңдау, жалпыға ортақ қағидаттарды бұлжытпай орындау сияқты ғасырлар бойы қалыптасқан әдемі әдебіміз, саф алтындай салиқалы салт-дәстүрлерімізден қол үзу, тіпті кей жағдайда мүлдем ұмыту деректері көбейіп барады.

Ал еңбек ету, кәсіп үйрену, сол кәсіпті бүге-шігесі, қатпар-қалтарыстарына дейін әбден меңгерген шебер атану да қазір көптеген жандарға мұрат болудан қалды. Өз бетінше ізденіп, өздігінше үйреніп жүргендер аз-ақ. Себебі, бұрын социалистік жоспарлы экономика жағдайында  өмір сүріп, ел тәуелсіздігін алудан  нарықтық экономикаға «күмп берген» біздің қоғам бірден, ешқандай дайындықсыз, капиталистік қоғамға, капиталистік болғанда да бұрынғы қолда бардың бәрін күйреткен, ұлттық байлыққа түгелдей дерлік олигополия иелік еткен «жабайы капитализмге» өтіп кете берді. Осылай, көптеген кемшіліктерге жол бердік. 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Qazaqstan ұлттық телеарнасына берген сұхбатында айтқан: «Жалпы, бәріміз еңбекқорлықтың, біліктіліктің идеологиясын көтеруіміз керек. Ұлтымыз дүние жүзінде, ең алдымен, еңбекқор, жұмысқа адал ұлт ретінде мойындалатын болса, бұл экономикамызға оң әсер етеді. Масылдықтан, жалқаулықтан алшақ болуымыз қажет. Сонда ғана Жаңа Қазақстан тұжырымдамасы іске асады. Меніңше, біз бұрын үлкен идеологиялық қателік жібердік», – деген сөзі біздің бұл ойымызды толық дәлелдейді.Өйткені, ә дегенде өндіріс ошақтары тұралап, негізінен саудаға ден қойған әлеумет 20-30 пайыз үстеме дегенді қанағат тұтпай, саудалайтын тауарларына екі-үш есе баға қойып, бірден байып кетуді армандады. Тіпті, экономикалық жүйе орнығып, мемлекетіміз қалыптасқан,  қарқынды даму алған қазіргі күнде де біздегі қызмет құны мен азық-түліктің бағалары шектен тыс тым жоғары. Елорда мен Алматы қалаларының әуежайлары, темір жол және автокөлік бекеттеріндегі шай-судың бағасы жай дүкендерге салыстырғанда 5-10 есе қымбат. Бұл бір жағынан данышпан Абай айтқан қанағаттың кемдігін көрсетсе, екінші жағынан азаматтарымыздың нарықтық қатынас заңдылықтарын біле бермейтіндігін көрсетеді. Егер бүгінгі күнге дейін экономиканың қозғаушы күшіне телініп, халықты барынша жұмыспен қамту арқылы ел қазынасын молайту, сол арқылы тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыс жағдайын жақсартуы тиіс ­– кәсіпкерлік кең қанат жая алмай отыр десек, бұл да осы бағыттағы үгіт-насихат, үйрету-түсіндіру, ұйымдастыру,  бір сөзбен айтсақ – идеологиялық жұмыстар ақсап жатыр деген сөз! 
Президент отандық ірі кәсіпкерлермен кездесу кезінде: «Қағаз жүзіндегі әлеуметтік-экономикалық мәселе мен оның қазіргі шынайы жағдайының арасындағы алшақтық сын көтермейді. Сондықтан шұғыл түрде экономикалық саясатты қайта қарау жұмысына бірлесе кірісу керек. Таза, ашық және әділ іс-әрекеттердің жаңа тәртібін анықтаған жөн», – деді. Сондай-ақ ол  шағын ғана элиталық топтардың ықпалының артуы, керісінше халықтың басым бөлігінің табысының азаюы қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндіргенін, бұл қоғамның экономикалық, әлеуметтік, содан кейін саяси бөлінуіне әкеп соқтыруы мүмкін екенін айтты. «Ұлттық табыстың әділ бөлінуі бойынша  теңгерімсіздік пен проблеманың бар екені айдан анық. Халықаралық сарапшылар (KPMG, 2019 жыл) Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында екенін растап отыр. Осы ретте халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды. Бұл – жылына 1300 доллардан сәл ғана асады деген сөз. Мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін емес. Бұлай жіктелу мен теңсіздіктің қауіпті екенін айтқан болатынмын. Жағдайды дереу өзгерту керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бүгінгі күні кәсіпкерліктің  еліміздің Жалпы ішкі өніміндегі үлесі 20 пайыздан сәл ғана ғана асады. Онда да бұл үлесті негізінен тек сауда мен қызмет көрсету саласы қамтамасыз етіп отыр, тікелей өнім өндірумен айналысатын кәсіпкерлер жоқтың қасында. Мемлекет кәсіпкерлікті дамытудың барлық құқықтық негіздерін жаратып қойғанмен, бізде әлі қарапайым жандар мал бағып, егін салып, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеп, басқа да тауарлы өндіріспен емін-еркін айналысып кете алмайды. Өйткені, жалпақ жұрт әлі өз құқықтарын білмейді, білгендері де көп жағдайда билік ұйымдарындағы жауапсыздық, бюрократтық, Мемлекет басшысы айтқандай, «достарға бәрі, қалғандарына заң бойынша» деген тамыр-таныстық, тәртіп пен әділдіктің жоқтығы, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың салдарынан сол құқығын толыққанды пайдалана алмайды. 
Қарап отырсаңыз ­– бұл да тұнып тұрған идеология. Өйткені, идеология – тек саяси-әлеуметік саланы ғана емес, қоғам өмірінің барлық бағыттарын қамтитын әмбебап сала, тиімді үгіт-насихат және ұйымдастыру құралы. Осы құрал осал болған жерде кез келген жақсы деген бағдарламаның өзі орындалмай қалуы әбден мүмкін. Ал біздің елімізде ондай мысалдар аз емес: «100 мектеп, 100 аурухана», «Ақбұлақ», «Нұрлы көш», «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы», «Үдемелі индустриялық инновациялық даму»  сияқты және басқа  да ондаған бағдарламалар соның нағыз айғағы. Осыдан туған ой болуы керек, ертеректе өткен бір дөңгелек үстел кезінде экономикалық шолушы, әріптесіміз Денис Кривошеев «Презентационная экономика» деген терминді қолданды. Мұның қазақшасын мен «Қожамкөрді экономика» деп алған болар едім. Сарапшының айтуынша, біздегі көптеген жобалар асығыс дайындалып, тек Елбасыға көрсету үшін, оның алдында абыройлы көріну үшін ғана жасалып келді.   
Иә, ондай мысалдарды, тіпті оны Мемлекет басшысы өз аузымен айтқан жағдайларды да телеарналардан талай рет көрдік. Дәлелді болу үшін кезінде Qamshy.kz ақпарат агенттігі жариялаған бірнеше нақты деректі келтіре кетейік. Аталмыш агенттіктің хабарлауынша, мемлекеттен 800 миллион теңге бөлініп, 2011 жылы Ақтау қаласында ашылған, жылына 67 мың планшетті копьютер, 40 мың плазмалық телевизор, 43 мың монитор шығаруы тиіс «Caspiy Еlectronics» зауыты 2013 жылы-ақ жабылып қалған. Кейін тергеу кезінде барлығы 600 млн. теңге бөлінгені, ал нақты бағасы бар болғаны 20 млн. теңге болғаны анықталды. Ал, 1996 жылы ашылып, жылына 40 мыңға жуық көлік құрастыруы тиіс болған  «Тұлпар» автокөлік зауыты, осы атаумен шығарылған алғашқы көлікті Қазақстан Президентіне сыйға тартқан да, 1998 жылы жұмысын тоқтатқан. Сондай-ақ бұл тізімді Балқаш мырыш зауыты, Оңтүстік Қазақстандағы «Ютекс» кешені, «КазСат-1»  жер серігі, Солтүстік Қазақстандағы «Биохим» зауыты, «ҚАЗТЕХМАШ» ЖШС, «Ақтау Сити» қаласы, Шымкент қаласындағы p«Азия Керамик» зауыты, Қарағанды облысындағы «КазАвиаСпектр» зауыты және басқаларымен жалғастыруға болады. Олардың әрбіріне бірнеше жүздеген миллион теңгеден бастап, 1,6 миллиард теңге дейін қаржы жұмсалған. Барлығын Елбасының өзі барып ашқан. Бірақ ешқайсысы қазір жұмыс істемейді. Демек, қаншама қаржы желге ұшты, биліктің беделіне, үкіметтің біліктілігіне қаншама нұқсан келді?! Қаншама еңбекке жарамды тұрғын, әсіресе тепсе темір үзетін жастар жұмыссыз жүр. Үлкен өкінішке қарай, бұған ешкім бас қатыра қойған жоқ!з 
 Бізде ұлттық экономикамызға мұнай бағасының мың құбылуы айтарлықтай әсер етпейтіндей жағдай жасалуы керек. Себебі, еншімізге бүкіл мұнай өндірісінің тек төрттен бір бөлігінен сәл ғана көбірегі тиеді. Сондықтан бар бәлені мұнайдың бағасынан іздеу дұрыс емес. Оның есесіне мыңғырған мал, миллиондаған гектар ауылшаруашылық дақылдарын өсіріп, оларды жоғары технологиялық деңгейде сапалы өңдеу  тәсілдерін меңгерген дұрыс. Одан басқа бізде өзімізге қажетті барлық тұтыну тауарларын өзіміз молынан өндіруге толық мүмкіндік бар. Оған да екпін беретін күш – идеология! 
Ол тиімді жұмыс істеуі үшін ең алдымен бүгінгі биліктің болмысы өзгеруі керек. Қазірше бізде кәсіпкерлікпен шұғылданып жатқандар – негізінен қолында билігі бар шенділер мен шекпенділер. Тіпті мемлекеттік қызмет орынтағын да көп басшылар тек қара басы мен ағайын-туысының мәселелерін шешу үшін пайдаланып  келгені сыр емес.  Олар өз қамын ғана ойлап, кәсіпкерліктің бүкілхалықтық әрекетке айналуына жол бермей келді. Сөйтіп, қалың бұқара кәсіпкерліктен мейлінше шеттетіліп, ұлттық экономика, қарапайым халық ораcан зардап шекті. Ақыр соңы «қаңтар қасіретіне» ұласты.   
Жақында жеке көлігімен жолаушы тасымалдап, 8 балалы отбасын жалғыз өзі асырап жүрген Қуанышбай Қонаров деген жігіт: «Теледидардан бірнеше он мыңдаған, тіпті жүз мыңдаған жұмыс орны ашылып жатыр дегенді естігенімізге бірнеше жылдың жүзі болды. Бірақ әлі күнге менің бір танысым не туысым тұрақты жұмысқа орналасқанын көрмедім. Сірә, бұл да бір әйтеуір есеп беру үшін жарияланатын мәлімет болса керек. Болмаса мүмкін емес қой!» – деп қалды. Бұл да идеологиялық жұмыс ретінде үгіт-насихаттың нақты, сенімді, нәтижелі жүргізілмей жатқандығының бір көрінісі. 
 Әлемдік Давос форумының мәліметтеріне сәйкес, біздің еліміз қазақ бірінші байлық санайтын денсаулық саласы бойынша 93 орында болса, кез келген елді өрге сүйрейтін инновация, жаңа теxнология, бизнес, ғылым салаларының дамуы бойынша 80-100 орындарда екен. Ал, қаржы саласы бойынша – 114, балалар өлімі, анемия, суицид бойынша ең соңғы орындарда болсақ, жемқорлықта алдымызға жан салмай, бүкіл әлемнің алдында екенбіз. Сонда қазақтың көсегесі қашан көгереді, халықтың тұрмысы қалай жақсарады?!  
11 қаңтар күні Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен, еліміздің жаңа экономикалық тұғырын қалыптастыруды мықтап қолға алу қажеттігін, бұл – заман талабына сай әлеуметтік бағдары бар нарықтық экономика құру және дамыту екенін айтты. «Экономиканы әртараптандыру – күрделі міндет. Әртараптандыру болмаса, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттырып, тұрақты жұмыс орындарын ашу мүмкін емес. Бұл жұмыстың басты бағыты – өңдеу өнеркәсібін дамыту. Дегенмен, ел экономикасындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі айтарлықтай өсті деп айтуға келмейді. Біз әлі күнге дейін бірқатар өнім түрінен импортқа тәуелдіміз. Жыл өткен сайын еліміздің төлем балансында өткір тапшылық байқалуда», – деп тұжырымдаған Мемлекет басшысы   ауыл шаруашылығына ерекше назар аударып, алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу қажеттігін, бұл Үкімет пен әкімдердің алдында тұрған негізгі басымдық екеніне айрықша назар аударды. Егер нарықта азық-түлік тауарлары мол болмаса, инфляцияны ұстап тұруға ешқандай шара көмектеспейтінін кесіп айтты. Сондай-ақ жаппай бюрократия мемлекеттік аппаратқа реформаларды сапалы жүзеге асыруға кесірін тигізіп отырғанын, ақырғы нәтиже үдерістен маңызды екенін, нақты шешімдердің орындалуын қиындататын барлық үдерістер жойылуы тиіс екенін баса ескертті. 
Бұдан шығатын қорытынды, енді Үкімет биліктегілердің болмысын өзгертетіндей бағытқа түсуі тиіс. Президенттің сөзімен айтсақ, біз қоғамда еңбекқорлық идеясын орнықтыруымыз керек.   Азаматтарымыз адал еңбекпен табыс табуды ең басты орынға қоюы қажет. Бақуатты ел болу биліктің жұмысына ғана емес, ол, ең алдымен, әрбір азаматтың еңбегіне байланысты.  
Оның ең тура жолы – әсіресе ауылдық жерлерде, шағын қалаларда, аудан орталықтарында жаңа кәсіпорындар, нақты жұмыс орындарын құру! Сөйтіп, экономикалық белсенді азаматтарды, әсіресе тепсе темір үзетін жастарды түгел жалақысы үйлі-күйлі болуға жеткілікті жұмыспен, арзан баспанамен қамтамасыз ету!  
Бұған ауыл, аудан, облыс басшы-ларының жұмысын ашылған жұмыс орны мен өндірілетін өнім көлеміне, тұрғындардың тұрмыс жағдайына қарай бағалау үлкен ықпал етер еді. 
Заң үстемдігін, әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етсек, халықтың да белсенділігі артып, биліктің қайнар көзі ретінде өздеріне дұрыс басшы таңдауға жол ашатыны да сөзсіз.  Бұл – өз кезегінде азаматтық, демократиялық қоғам – Жаңа Қазақстанды құрудың да  басты  алғы шарты! Меніңше, сонда ғана қазақтың көсегесі көгереді, халықтың тұрмыс жағдайы жақсарады!
 

1087 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз