• Ел мұраты
  • 25 Сәуір, 2022

Павлодар облысы Май ауданының әкімі Ағыбай ӘМІРИН: «АДАМДАРДЫ АЛАЛАП, ТҰЛҒАЛАРДЫ ТАЛҒАП КӨРМЕППІН»

Павлодар облысы Май ауданының әкімі Ағыбай ӘМІРИН:  

«АДАМДАРДЫ АЛАЛАП,  ТҰЛҒАЛАРДЫ ТАЛҒАП КӨРМЕППІН»

Павлодар облысы Май ауданының әкімі Ағыбай Қойшыбайұлы Әміринмен өткізген сұхбатымыз көпшілік әкімдерге тән болып келетін ресмилік стильден бөлектеу болды. Бұған себеп Ағыбай Қойшыбайұлының бүкпесіз, ашық әңгімеге дайындығы әрі кез келген сауалға емін-еркін жауап беруі дер едім. Кейіпкерімнің сөйлеген сөзінен, «нақтылық», «шынайылық», «уәдесіне беріктік» сынды принциптеріне басымдылық беретін көзқарастарынан еліміздегі жаңа форматтағы әкімдер буынының қалыптасып келе жатқанына көзім жетті. Бұған дейін Шарбақты ауданы әкімінің орынбасары, Ақтоғай ауданының әкімі, облыс әкімінің аппарат басшысы тәрізді қызметтік баспалдақтарынан өтіп, шыңдалған қайраткер азамат бүгінгі таңда қарым-қабілетін, тәжірибесін Май ауданын өркендету жолына салып, қажырлы еңбек етіп келеді.  

 

«АЙТАРЫҢДЫ АШЫҚ ЖЕТКІЗБЕСЕҢ,

СӨЗІҢНІҢ ЖАНЫ БОЛМАЙДЫ»

Ағыбай Қойшыбайұлы, сізді көріп қобалжып кеткенім былай тұрсын, сізге қорқып жеткенімді қайтерсіз?! Өзіңізбен қызметтес болған жандар бір ауыздан «ол кісі бәріне ашыла бермейді» деген бір ғана ой айтты. Көпшіліктің көкейінде қатып қалған пікір мені де алаңдатайын деген сияқты. Жалпы, «ашық диалог» үшін алқынып келгенім бекер емес пе?

–  Адамдарды алалап, тұлғаларды талғап көрмеппін. Барлығына бірдеймін. Бәріне «ашықпын» деп анық айта аламын. Жалпы, біздің жасап жатқан жұмысымыз жұртшылыққа қызық дер едім, сондықтан келгеніңіз жақсы ғой, ал айтқанымды халыққа бұлтартпай, бұлжытпай жеткізгеніңіз одан да жақсы болатын еді. Сіз бен біздің арамыздағы диалог «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясын орындаудың бір амалы да шығар... (аз да болса)  

 

–  Журналистердің барлығына бірдейсіз бе? Әлде...

– Бөліп жармаймын. Таңдағаннан не шығады? Әркімге әртүрлі айтқан әңгіменің, ақпараттың мазмұны мен мәнісі өзгермейді. Айтарыңды ашық жеткізбесең, анығын айтпасаң, сөзіңнің жаны болмайды ғой.

–  Көңіл-күйіңіз қалай?

– Таңертең жұмысқа шықпастан бұрын көңілімізді көтеріп шығамыз да, жұмыстың соңына дейін солай жүреміз ғой.  

Мәжбүрлі түрде ме?

– Жоқ, үйреншікті түрде дер едім. Мен бұл тұрғыда тұрақтылық пен тепе-теңдікті ұстауға тырысамын. Үйдегіні жұмысқа, жұмыстағыны үйге апармаймын. Солай...

Өткенге кері шегініс жасайықшы... Сіз Кеңес дәуірін көрдіңіз. Лаврентий Берияның тұлғасына деген көзқарасыңыз қандай еді? (Бірден жауап бермеді. Жауап бергісі де келмеді)

Қиын сұрақ па?

– Қиындау... Саяси бейнедегі тарих кейіпкерінің тұлғасын тарқату һәм баға беру менің жұмысым емес. Жалпы, бұл сауалдың астарын түсінбей тұрмын.

Бұл тегін сауал емес еді. Сізге сыртыңыздан «Берияның нақ өзі» деген нық баға берілді. Соншалықты қатал ма едіңіз?

– Мен өзімнен де, өзгеден де тәртіпті талап ететін адаммын. Жұмыс бойынша есеп пен нәтиже сұрайтыным рас. Қызметте нақтылық болмаса, оның несі жұмыс! Бірақ сіз ойлағандай қатал емеспін.   

Соған сенейік!

«РЕЙТИНГ ҚУАЛАП ЖҮРГЕН ЖОҚПЫН»

Биылғы жылы облыс шеңберінде «рейтингі жоғары» деген әкімдердің үштігіне ендіңіз. Ол кезде әлеуметтік желілерде аса бір белсенді емес едіңіз, қазір тым белсендісіз (деуге әбден болады). Демек, сіздің қоғаммен ашық байланысыңызға сол бір рейтингтің көрсеткіші түрткі болды! - деген пікірім орынды ма?

– Жоқ, олай емес! Рейтинг қуалап жүрген жоқпын. Ақпараттың дамыған  заманында өмір сүріп жатқан соң, әлбетте заманның ыңғайына жығыламыз, қызметтегі талап та сол – жеделік. Мен бірақ бір сырымды ашайын. Әлеуметтік желілердің тілін бірден түсіне қойған жоқпын, білместігімнен инстаграм желісі арқылы түскен хаттарды да оқымай жүріппін. Қазір де әккіленіп алдым деу қиын, қолданушының деңгейінде азды-кемді дүниелер жасап жүрген жайым бар.

 

 

Әлеуметтік желілерге жүктейтін мәтіндерді өзіңіз жазатын сияқты боп көрінесіз. Әлде мамандардың көмегіне жүгінесіз бе?

– Мәтіндерімді өзім жазамын.

Соңғы кезде жергілікті тұрғындармен жүргізетін тікелей эфирлеріңіз сиреп кетті ғой...

– Себепсізден себепсіз, тақырыпсыз, негізсіз эфир жүргізе беруге болмайтын шығар. Сондай-ақ, мен журналист емеспін, блогер де бола алмаймын. Эфирге шығудағы жалғыз мақсат - халықты нақты бір бағыт пен тақырып төңірегінде ашық ақпараттандыру. Кейбір мәселелер төңірегінде түсініксіз сұрақтардың туындауы халықпен түсіндіру жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуі деп білемін.

– Оған кім кінәлі?

– Ешкімге кінә артпаймын. Егер менің тарапымнан ақпарат дұрыс жетпей жатса, оған тек өзім кінәлімін деп білемін. Қайткен күнде де ыңғайлы уақыт тауып, халыққа ақпаратты дұрыс жеткізуіміз керек. Жоқ дегеннің өзі жауап. Бірақ оны да жұмсақ жеткізудің жолдарын білу қажет. Жоқ деп зекіп айтсаң, оны кім қабылдайды? Ал «заң жүзінде мына мәселе шешілмей жатыр» деп жұмсартып, дәлелдеп айтсаң, кез-келген жан түсінеді. Бір мысал келтірейінші. Маған аудандағы «Жаңасарай ауылында су жоқ» деген халықтың назы айтылды. Біз бұл мәселе бойынша жиын өткіздік. Өз кезегімде су құбырының тартылуына бюджеттен қаржы бөлінбейтінін бірден ашып айттым. «Біз неге сусыз отыруымыз керек?» деген реакция болды. Онысы орынды да. Мен қосылып қаржы жинап, бұл мәселенің шешімін табуды ұсындым. Келісілді. Бұл жобаға жұмсалатын қаржының жалпы сомасы 4,5 миллион теңгені құрайды. Ауыл тұрғындары 1,5 миллион теңгені жинап береді, бірақ олар суды үйге дейін тартып беруді талап етіп отыр. Қалған қаржыны біз демеушілердің қолдауымен жинаймыз. Бұл ретте айтқым келгені, шешілмейтін түйін, түсінбейтін адам болмайды. Тек әр мәселені нақтылап алсақ болғаны...

 

«КӨППЕН БІРГЕ КҮРЕК ҰСТАСАМ, ДЕМЕК, ҚАЖЕТТІЛІКТІҢ БОЛҒАНЫ ДА...»

Көктем келіп, кейбір ауылдарымызға су басу қаупі төнді. Сондай бір кездерде жұртшылық сіздің де қолыңызға күрек алып, судың мысын басқан сәттеріңізді көріп қалыпты...

– Аудан әкімінің су қаупіне бейқамдықпен сырттан қарап тұрғаны қалай? Иә, қолыма күрек алып, үйлеріне су кірейін деп тұрған тұрғындарға көмектескенім рас. Бірақ мен бұл жерде ешқандай батырлықты көріп тұрғам жоқ. Ауылда өскен азаматпын, ер деген атым бар, көппен бірге күрек ұстасам, демек, қажеттілік болғаны да... Ол кезде техникамыз тұрып қалды, ауылды су қаупінен құтқаратын қолдар тапшы еді, мен бармағанда кім барады енді?!

Бәрекелді, ерлік болмаса да, ерге тән қылық дер едім! Мадақты мойындамайтын адам екеніңіз білініп-ақ тұр, десек те, ақиқаты сол! Ал енді математиканы мықты меңгеріп, шәкірттердің шамшырағын жаға жүріп, мемлекеттік қызметке кетіп қалғаныңыз қалай?

– 1995 жылы Павлодар мемлекеттік университетін тәмәмдап, Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп интернатының математика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналастым. Қадір тұтқан ұстазым, талай жылдар осы білім ордасында басшылық қызмет атқарған Мақаш Жылқыбайұлы маған бірден 8 сыныпқа сабақ жүргізу мүмкіндігін берді. Жаңа келген жас маманға беріле бермейтін мүмкіндік екенін білесіздер. Бірақ жас болсақ та, бас болып, жоғары сынып оқушыларына абыроймен білім беруге тырыстым деп айта аламын. Одан кейін Ақжол ауылындағы мектепке ауыстым. Ол кезде ауылдардың мәдени-рухани дамуы төмен деңгейде еді. Ауылдың бейнесін өзгерткім келетін, өмірімдегі өзгерістерге де ашық едім.

Сөйтіп, 2003 жылы Ақжол ауылының әкімі болдыңыз. Мұндағы мақсат ауылдың дамуына үлес қосу ғана ма еді?

– Бастық болам деген ой болған жоқ, шынын айту керек. Талпынысым болды, өскім де келді, өз мүмкіндігімді сынауды да жөн көрдім. Меніңше, мұнда тұрған ештеңе жоқ.   

«ЖАНЫҢДЫ САЛЫП, ҚОЛЫҢДЫ ТИГІЗГЕН ЖҰМЫСЫҢНЫҢ НӘТИЖЕЛІ

АЯҚТАЛҒАНЫ ҚУАНТАДЫ»

Ақтоғай ауданын 1.5 жыл  басқардыңыз. Қандай қолтаңбаңыз қалды?

– Қандай да бір қарымды іс жасап, қолтаңбаңды қалдыру үшін шамалы уақыт қажет. Бірақ осы уақытта да қол қусырып отырмағанымыз анық. Қолтаңбам демесем де, өзім бастаған жұмысым деп  Ақтоғайдағы көше жолдарының жөнделуін айтар едім. Бірақ біз жөндеу жұмыстарына қаржы жұмсаған жоқпыз. «Туған жерге туыңды тік» деген желеумен жергілікті азаматтардың басын қосып, туған елге тағзым ретінде көмек сұрадым. Олар сөзге келместен келісті. Сол жылдары біз су құбырларын салу бойынша жобалық сметалық құжаттаманы да әзірледік. Нәтижесінде бүгінгі күні ол ауылдар ауыз сумен қамтылып, тегіс жолмен жүріп жүр.

– Демек, сырттан бақылап жүрсіз?

– Әрине. Жаныңды салып, қолыңды тигізген жұмысыңның нәтижелі аяқталғаны қуантады ғой. Қайда жүрсем де, өзім қызмет еткен елді ұмытқан емеспін. Ақтоғай ауданы да өзіме ыстық. Әлі күнге дейін ол жердің халқымен араласып тұрамын.

Аудан орталығында жаяу жүреді екенсіз. Көлігіңіз бар ма негізі?

– Көлігіме аса бір қажет болғанда, асыққанда, уақытты үнемдеу мақсатында ғана отырамын, ал басқа уақытта жаяу жүремін.

Жолда тұрғындар келіп мұң-мұқтаждарын айтатын шығар?

– Иә, жергілікті тұрғындармен амандасып, әңгімелесемін. Кей кезде ұсыныс, енді бірде тілектерін жолдайды, кей уақытта шағым да айтылады. Әр кезде әр қалай.

Екінші мамандығыңыз құқықтанушы екен. Қызметіңізді асыра пайдаланып, қарамағыңыздағы қызметкерлердің құқығын бұзған кездеріңіз болған жоқ шығар... (соған сенгім келеді)

– Мен бұл сұрақ төңірегінде ойланып көрмеген екенмін. Жұмыс процесінде эмоцияға беріліп, дауыс көтеруім мүмкін, бірақ адамның жеке басына тіл тигізіп, балағат сөз айтқан емеспін. Ал өзімнің басымнан ондай жағдай өткен...

«БҮГІНГІ ЗАМАННЫҢ ӘКІМІ ЖАЛҒАН СӨЙЛЕМЕУІ КЕРЕК»

Сіз басқарып отырған Май ауданы мәуелі жер болғанымен, облыстағы аудандар арасында «перспективті емес» деген стереотипті жамылып жүрген мекен... Жарты жылда жеткен жетістіктеріңіз жеткіліксіз болса да, бастаған ісіңіз бар болар...

– Шынымды айтайын, мен де бұл жерге бір стереотиппен келген болатынмын. Жергілікті халық «арызшыл» дегенді естіп алып, қатты қобалжып едім. Бірақ олай емес екеніне көзім анық жетті. Бүгінгі күні Май ауданында жүзеге асырылуға тиіс жобалар  баршылық. Жергілікті тұрғындарға біздегі судың сапасы ұнамайтынын аңғардым. Су құрамын зерттей келе, қаттылығы бар екенін анықтадым. Одан бөлек, су тарифының бағасы да жоғары. Бірақ алдағы күнде облыс басшылығының қолдауымен бізге субсиия беріледі. Біздегі 15 елдімекеннің тұрғындарын сапалы сумен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 155 миллион теңге, ассенизаторлық машина сатып алу үшін 73 миллион теңге қаржы бөлінеді. Сондай-ақ, бізге септик пен қоқысқа арналған контейнерлер қажет.  Жалпы, жергілікті халықпен кеңесе келе, су, жер, жол, білім беру, тұрғын үй мәселелерін алдыңғы сапқа қою жоспарланды. Осы аталған бағыттарға басымдық беріп, басқа да жұмыстарды жандандырып жатырмыз.

Иесіз жүрген мал проблемасы бар ма?

– Өте көп. Өкінішке орай, әкімшілік кодекстің 408 және 505 баптарын ауыл әкімдері мүлдем қолданбайды.  

– Заңды білмейді ме?

– Біледі. Ауыл ішінде барлығы бір-біріне таныс әрі туыс. Ешкім ешкіммен қарым-қатынасын бұзғысы, байланысын үзгісі келмейді. Әкімшілік кодекстің талабын бұзғаны үшін айыппұл салынған адам өзінің жауапсыздығы мен қателігін ұғынбастан, ауыл әкіміне ренжиді. Ал сол жауапсыздықтың салдарынан көлік апаты жиі болып тұрады, бір адамның салғырттығынан басқа адамның денсаулығына зақым келеді немесе өмірі қиылады. Бұл тұрғыда түсіндіру жұмыстары еш нәтиже бермейтінін түсіндік, сондықтан біз әрбір елдімекеннің жанында айыппұл тұрағын қоямыз. Бұл проблеманы шешудің жалғыз жолы.

– Бүгінгі заманның әкімі қандай болуы керек?

– Жалған сөйлемеуі керек!

– Өзіңіз қаншалықты шынайысыз?

 – Барды бар, жоқты жоқ деймін.

Халық арасына шығып уәде бермейді екенсіз. Демек, қазақилыққа салынып, «көреміз» деп қана қоясыз ба?

– Жоқ, олай емес. Мен бір мысал келтіре кетейін. Ақшиман ауылына бардым.  Қандай сұрақтарыңыз бар деп сұрадым да, мұғалімдік мінезіме салынып кітапшама жазып алуға қол соза беріп едім, ауыл имамы тұрып: «Сізге дейінгі екі әкім де осылай жазып әкеткен, бірақ орындамаған» деп кесіп айтып тастады. «Тақ біреу, лауазым біреу, аудан әкімі біреу, сондықтан мен бүгінгі мәселені жазбаймын, орындаймын» деп нақты айттым. Сөз берілсе, орындалуы керек. Халықтың сеніміне ену үшін берілген сөзге берік болу шарт!

Әкім келе жатыр дегенді естісе, елдің есі кетіп дайындалады. Жыртығын жамап, кемшіліктерін көрсетпеуге тырысады. Осы бір көзбояушылықтан қашан арыламыз, айтыңызшы?

– Бүгінгі таңда еш проблеманы жасыра алмайсың. Мәселен, есеп беру кездесулеріне келсек, бұрын өзімізге ыңғайлы деген адамдарды жиналып алып өткізіп жүрдік, бастан өткен жағдайдың несін жасырамыз. Ал бүгінгі күні ондай формат тиімсіз. Кездесуге келмеген, көкейіндегісін айта алмаған адам, өз талабын айтудың жолын табады, бүгін болмаса да ертең жеткізеді. Жай жеткізбейді, жанды жеріңнен алады, осыны ұмытпауымыз керек. Қасымда қызмет етіп жүрген азаматтарға да осыны айтамын. Мен сырттан келген комиссия немесе тергеуші емеспін, маған аспаннан алынған көрсеткіштер қажет емес, барын айтсын, жоғын білдірсін, шешілмей жатқан тұстарды да жасырмасын, сосын бәріміз бірігіп бір шешімге келеміз. Дәл қазір біздің ауданда көзбояушылық көрген жоқпын.

Демек, сіздің ауданыңызда көзбояушылық жоқ деп айта аласыз…

– Біздің ауданда көзбояушылық жоқ. Зор жауапкершілікпен айта аламын.

– Батыл шешімдер қабылдай аласыз ба?

– Өз құзіретімнің аясында нақты шешімдер қабылдай беремін және ол шешімдерім үшін жауап беру білемін. Ал батыл шешім дегеніңізді түсінбедім, мен рингқа шығып жатқан боксшы немесе найзасын қолға алған жауынгер емеспін. Мен әкіммін. Халыққа қызмет етемін. Халық алдында хақ болып, елге қызмет қылу да ерлік, түсінген адамға. Сондықтан ашық әңгімеңіз бен аянбай айтқан ақиқатыңызға алғыстан басқа айтарым жоқ!

– Қызметіңізге табыс тілеймін! Бүкпесіз әрі ашық әңгімеңіз үшін зор алғысымды білдіремін!

***

P.S. Иә, бұл сұхбатымызда әлі де көп мәселе қамтылмай қалғаны сөзсіз. Мұның болашақта өрбитін келелі әңгімелердің бастамасы деп білейік. Бұйырса, Май ауданының әкімі лауазымына аса жауапкершілікпен қарап, бар ынты-шынтысымен жұмыс істеп келе жатқан Ағыбай Қойшыбайұлымен алдағы уақытта да талай сұхбат өткіземіз деген ойдамын. Ең бастысы ол қалыптасқан таптаурындарды өзгерте алатын адам, әрбір мәселеге жаңаша көзқараспен зер салып, содан жұртшылыққа пайдалы боларлықтай нұсқасын таңдай алатын тұлға! Біз осыған қуандық. 

 

Эльмира АБЕТЖАНОВА

Павлодар облысы

 

 

 

 

1502 рет

көрсетілді

247

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз