• Ел мұраты
  • 30 Сәуір, 2022

ТҰЛПАР ТАҚЫРЫБЫН ТҮЛЕТКЕН...

Суретші, мүсінші, график Сембеғали СМАҒҰЛОВ қазақ бейнелеу əлеміндегі жарқын тұлға. Ол жас кезінен-ақ көзі қарақты, майталман бейнелеу шеберлерінің, ақсақалдарының көзіне ілігіп, өзінің алдына қойған мақсат, кредоларын, миссиясын орындай бастады. Қазақ бейнелеу өнері шеберлері марқұмдар – Əбдірəшит Сыдыханов, Сабыр Мəмбеевтермен тығыз достық қарым-қатынаста болды. Сабыр аға Мәмбеевпен бірге табиғат аясына плэнерлерге шығып, сурет салатын. Сембеғали Алматыдағы Суретшілер Одағы жанындағы Жастар бірлестігін басқарды. Авангардтық, лидерлік, ұйымдастырушылық қабілеті арқасында жастардың талай көрмелерін ашуға септесті. Сол 90-шы жылдары өзінің əріптес досы Қанат Ибрагимов екеуі   «Көксерек» атты андеграундық бірлестік ашты. Əн əлеміндегі топ жарған арт-рок тобы – «Үркер» алғашқы клиптерін осы «Көксерекпен» бірлесіп жасады. Мен ол кезде «Үркер» тобына «Наурыз», «Əнмекен», «Тұран Елі» атты өлеңдерімді жазып жатқан шағым. Ол кез жас суретшілердің буырқанып, өз өнерлерін жұртшылыққа дəлелдеп, ізденістерін паш етіп жатқан шағы болатын.

Суретшілердің альтернативтік-авангардтық – «Жасыл үшбұрыш» тобы да көрмелерін ашып, өздерінің ерекшеліктерімен көрініп жатқан тұсы еді. Сол кездегі «Жасыл үшбұрыш» тобындағы жас суретшілердің қазір атақтары дардай.  Мысалы, қазір Голландияда тұратын Алмагүл Меңлібаева, марқұм  Шайзия, Сəуле Сүлейменова, Ержан Əшім, Зитта Сұлтанбаева, Əблеким Ақмолдаев, т.б.

Сембеғали мен Қанат екеуі құрған – «Көксерек» сол кезде бір құбылыс болды. Тақырыптары  – Тəңіршілдік, Бағзы қазақ этнографиясы – өзіндік декоративті, абстрактілі стильмен, жарқын, ашық бояуларымен ел-жұртты елең еткізді. Сембеғалидың досы – Қанат Ибрагимов қазір алыста, Америкада. Хабарласып тұрады.

Сембеғали Смағұлов 1963 жылы Қарағанды облысында қарапайым отбасында дүниеге келген. Жас кезінен өнердің сан түрімен айналысқан ол өлеңнен де, əдебиет əлемінен де хабардар. Өнері синтизделіп келіп, оны «Қазақ Елі» атты кең жобаға, патриоттық бастамаларға жетектегені сөзсіз. Арман арқалаған ол Алматыдағы Н.В.Гоголь (қазір О.Таңсықбаев) атындағы көркем-сурет училищесіне оқуға түсіп, 1984 жылы аяқтаған соң, Т. Жүргенов атындағы өнер Академиясының қолданбалы, монументальді-декоративтік факультетін тәмамдайды. Ұстаздарының бірі – атақты суретші, Мəскеуден оқу тауысқан Əлібай Бапанов. Сембеғали 2000 жылы «Ою» галереясымен бірлесіп, Жаңа ғасыр- Меллиниумға негізделген каталог-альбом шығарды. Сол альбомға менің  «Қорқыт. Қобыз. Құс» атты бір жұмысым енді. Сембеғали екеуміз жұмыс айырбастадық. Ол маған өзінің «Өгіз» атты керемет алғашқы кезеңде салған туындысын сыйласа, мен оған өзімнің «Ауыл сағаты» картинамды сыйға тарттым. Менің сол туындыма америкалық коллекционер Ричард Спунер қызыққанын Сембеғали ылғи еске салатын. 2020 жылы Сембеғали өзі негізін салған, əрі куратор болған Кипр жобасына қатысу маған да бұйырды. Сембеғалиға мені ұсынған атақты суретші Мəжит Бəйтенов пен Нұр-Сұлтан қаласы Суретшілер одағының басшысы Өмірəлі Исмайылов болатын. Мені бұрыннан жақсы танитын Сембеғали мені жобаға шақырды. Сол Солтүстік Кипр Республикасына барған кезімде Сембеғали Нұр-Сұлтан қаласында Алаш Арыстарына өзінің мүсіндерін орнату үшін сапарлай кетіп, өз орнына суретші  Оразбек Есенбаевқа кураторлықты беріпті. Бізге куратор Оразбек болды. Сол сурет салып жатқан шағымда, Сембеғали маған Нұр-Сұлтаннан телефон шалып, баяғыда өзім сыйлаған «Ауыл сағаты» атты туындымды қайталап салуымды сұрады. Менің қайталап салған, үлкен форматтағы картинам қазір сол Кипр мұражайында.

Бұл жерде менің айтайын дегенім, Сембеғали сондай тынымсыз, беймаза жан. Сол Үлкен Кипр жобасында ол қаншама талантты жастардың көрінуіне, шабыттарын шалқытуына, Халықаралық бəсекеде жақсы жағынан көрінулеріне түрткі болды. Сембеғали 1995 жылдан бері Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі. Көптеген атақ-дəрежелері бар: Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері; Ол – «Өнер кавалері» алтын орденнің иесі (Брюссель); Ол – «Бүкіл əлемдік суретші» (Бейжің); Ол – Нанкин Көркемсурет универсиетінің құрметті профессоры (ҚХР); Ол – Солтүстік Кипр Республикасы, Никосия қаласындағы Жаңазаман мұражайының құрметті кураторы; Ол – меценат, миллиардер, коллекционер, мұражай құрушы – СУАТ БЕЙ ГЮНЦЕЛЬ мырзаның досы. Сол кісі ұсынған «Күміс кілт», «Ұлықбек» медальдарының иегері!

Сембеғали Смағұлов – Тəуел-сіздігіміздің символы – «ҚАЗАҚ ЕЛІ» монументінің авторы. Сембеғали осы еңбегі үшін Қазақстан Мемлекеттік сыйлығына лайықты тұлға! Нұр-Сұлтан қаласына барғанда осы бір еңселі ескерткішке тəу етіп, соқпай кетпейтін жан болмас!

Сембеғали творчествосы адам қызығарлық, ғаламат құбылыс! Өнердің сан-саласымен айналысатын ол үлкен жобалардың иесі, ол – арт-продюссер! Оның туындыларын əлем коллекционерлері аттай қалап, сатып алып жатады.

АҚШ, Германия, Түркия, Жапония, Ресей, Англия, Дания т.б. отандық жəдігершілер қызығып алған. Ол жас кездің өзінде Москва қаласындағы Шығыс Халықтары мұражайына сериялы жұмыстарын, сондай-ақ Австрияның Вена қаласындағы «Коренина» галереясына бірнеше жұмыстарын сатқаны бар. Сембеғалидың ойында жүрген, əлі де жүзеге аспай жатқан жобалары жетерлік. Егер Мəдениет Министрлігі қолдаса, сол Кипр еліндегідей мұражай, симпозиумдар құру Сембеғалидың қолынан келеді.

Сембеғали творчествосы синтез-делген, авангардтық тұрғыда салынған Даламыздың Мəңгілік Ел Тарихы! Оның бір жұмысы – қолға тұлпардың басын ұстаған атбегі ақсақалдың бейнесі! Сайын Даламыздың киесі – Тұлпарлармен дос болғанымызға 4000 жыл болыпты. Ғалымдар дəлелдеуде, Жылқы баласы – Қамбар Атаны алғаш қолға үйретіп, Ерлердің қолқанатына айналдырған да біздің бабаларымыз! Жалпы Сембеғали творчествосында Тұлпарлар тақырыбы кең орын алады. Кипрде 5 метрлік үлкен панорамалы туындыларында Батырлар тақырыбы кең өріс тапқан. Оның «Көшпенділер түсі», «Тарлан», «Менің үш кием», «Ай ұстаған арлан», «Дүние жалған» атты туындылары мағыналық, түстік, композициялық шеберлігі тұрғысынан да үлкен жүк көтеріп тұр.

Жалпы Сембеғали творчествосын әрі қарай да талдай беруге болады. Оның жанкешті, толағай еңбегі бірнеше монографияға жүк болатындай негізі бар. Сембеғали ақкөңіл, достарға құшағы ашық, адамдарға болса деген көшелі, ақ ниетті жан! Мен оған творчествосында табыстар тілеймін! Дені сау, отбасы аман болып, немерелерінің қызықтарын көрсін! Жан жары – қазаққа белгілі суретші – Ақтоты Смағұлова екеуі өнердің көрігін қыздыра берсін! Ізгі тілектерімді қабыл ал, досым!

Ерсайын ЖАПАҚ,

суретші, сазгер, ақын

299 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз