• Ұлттану
  • 30 Сәуір, 2022

«...Елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек»

 Қай заман болсын оқудың маңызы зор. Себебі адам білім мен ғылымның арқасында жетістікке жетеді. XX ғасырда Ахмет Байтұрсынұлының бірнеше публицистік еңбектері жарыққа шықты. Көтерген тақырыптарының ішінде оқу, білім жайлы ойлары өте кұнды. Солардың бірі «Қазақша оқу жайлы» мақаласы. Ұлт ұстазының аталмыш еңбегіндегі мәселелер бүгінгі күнмен сабақтасып жатыр. 

Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ» газетінде редактор болғаны мәлім. Газеттің басты бағыты ағартушылық мәселесін қамтыды. Мәселен, «Қазақша оқу жайлы» мақаласында оқудың мән-жайы мен маңызы жайлы жазылған. Сонымен қатар XX ғасырдың бастауыш білім беру саласындағы бала оқытуға арналған жосықтың әлі жасауға келмейтіндігі баяндалады. Өйткені сол кезде халық арасында әліппе енді жасалып, дін жайында, есеп оқытатын, жағрафия мен тарихтан хабар беретін кітаптар әлі шыққан жоқ еді. Ахметтің өзі «Сондықтан программа деген сөз әзір ертерек. Әуелі біз бала оқытатын кітаптарымызды түзеп, сайлап алып, сонан соң неден бастап, неге шейін оқытатынымызға жосық белгілеуге дұрыс» деп бағыт-бағдар береді. Ең алдымен, ұлт ұстазы баланы оқытпастан бұрын бірнеше жұмыстардың шешімін табу керектігін баяндайды. Бала оқытатын мұғалім әуелі балаларға үйрететін нәрселерін өзі жақсы білуі керек. Одан кейін баланың табиғатына көңіл бөліп, ішкі сезіміне үңілуі қажет. Бұл тұрғыда Ахметтің көтерген мәселесі қазіргі заманмен ұштасып отыр. «Мектептің жаны –  мұғалім» демекші, ұстаз шәкірттен білімді, әрі жан дүниесін түсіне алуы маңызды. Себебі баланың ішкі сезімін түсіне алмайтын жас мамандардың педагогика саласына келуі қоғамда кездеседі. Педагогтерді даярлау кезінде де психология пәнін болашақ мұғалімдерге оқыту бекер емес. 
Ахаң бастауыш білім саласына көңіл бөлу керектігін алға тартты. Қазіргі кезде бастауыш білім беру саласында олқылықтардың әлі де бар екені жасырын емес. Бастауыштан дұрыс білім алмаған бала жоғары сыныпқа келгенде білімді дұрыс меңгере алмайтыны анық. Себебі білімнің бәрі баланың жастайынан қалыптасады. Оқу құралдарының жағдайы бүгінде мәз емес. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Тіпті 3-4 сыныпардың тақырыптары күрделі. Сабақты бекіту, қайталау уақыты болуы керек. Егер бала бағдарламаны меңгере алмай қиналса, оның оқуға деген қызығушылығы мен ынтасы жоғалады» деп бастауыш білім саласындағы оқулық пен оқу бағдарламасын қайта қарау керектігін айтты. 
Ахаң «Мұғалім мұғалімдік ғылымын оқып шыққан адамдардан болу тиісті» дейді. Мұғалімді даярлау тақырыбы да мақалада қозғалады. Себебі балаға керек тәлім-тәрбиені мұғалім береді. Кезінде қазақтың көзін ашып, тәуелсіздік рухын көтерген «Қазақ» газетімен үндес «Садақ» журналының «Мұғалімдік туралы» мақаласында Ж.Тілепбергенов мұғалімдерді дайындайтын курстар ашу керектігін жазады. Бұдан Ахметтің көтерген мәселесі өзге де азаматтардың қолдағанын және сол заманда мұғалімдерді даярлау мәселесі өзекті болғанын аңғарамыз. Бүгінде министрліктің қолдауымен мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарын жүргізу қолға алынды. 
Ахаң мақалада сол кездегі мұғалімдердің кемшілігін де жазған. Олардың қателігі – баланы әріпті танымастан бұрын дыбыспен оқытпауы. Білім саласында 2016 жылға дейін болған әліппенің алғашқы беттерінде әріптерден емес, түрлі суреттерден басталуы бекер емес. Себебі бала ең алдымен сөйлеу арқылы, дыбыстау арқылы әріптерді таниды. Кейін жаңартылған білім беруге көшкен кезде әліппенің орнына жаңа «Сауат ашу» кітабы қолданылды. Бұл оқулық 1-сынып оқушыларының меңгеруіне ауыр болды. Себебі оқулықтағы нұсқаулықтар тым көп. Оны әріп білмейтін бала қайтіп оқысын? Қуанышымызға орай, 2021-2022 оқу жылында 1-сынып оқушылары қайта ескі Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесімен дайындалған әліппемен мектеп табалдырығын аттады. 

Олжас ПАВЛИК,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ журналистика факультетінің 
1-курс студенті 

3880 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз