• Ел мұраты
  • 30 Сәуір, 2022

Мұраларымызды сақтаймыз десек, заңсыз көмбе іздеушілерді құрықтау қажет

Фархат ДОСМҰРАТОВ, Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры: 

Ғасырлар бойы сайын дала төсінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жеткен рухани-мәдени және тарихи мұралардың бүгінгі жағдайы қандай деген мәселеге назар аударып отыру - өте маңызды әрі келешек үшін қажет болатын іс. Еліміздің әрбір өңірінде бағзыдан жеткен мәдени мұралар аз емес. Солардың бірі Ақтөбе өңірінде молынан кездеседі. Осы орайда біз «Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау» орталығының» директоры Фархат Досмұратов мырзамен орталықтың бүгінгі атқарып отырған қызметі және осы саладағы толғаулы мәселелер жөнінде әңгімелескен едік. 

Фархат Сабыртайұлы, бүгінгі сіздің жетекшілік етуіңіздегі ескерткіштерді қорғау бөлімі облыста қай уақыттан бері жұмысын атқарып келеді?

Мекеменің жұмысы сонау тәуелсіздікті алған кезеңдерде ашылып, өз жұмысын атқарып келеді. Нақтылап айтсақ, «Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығы» болып 1992 жылы 28 желтоқсанда құрылған. Қызмет етіп тұрғанына биыл отыз жыл.Кейіннен  1999 жылдың 16-наурызынан мемлекеттік қазыналық кәсіпорын, 2004 жылдың 10 қазанынан мемлекеттік мекеме, облыс әкімінің 2013 жылғы 28 желтоқсандағы № 423 Қаулысы негізінде коммуналдық мемлекеттік мекеме болып қайта құрылған.

Ақтөбе өңірінде жалпы саны қанша тарихи мәдени құндылығы жоғары ескерткіш бар және оның қаншасы ерекше қорғауға алынған?

2022 жылдың 1-қаңтарында облыс аумағында республикалық дәрежедегі маңызы бар ескерткішдің саны-9. Жергілікті дәрежедегі маңызы бар ескерткіштер-850, оның ішінде: археологиялық ескерткіштер-656, монументтік өнер құрылысы-57, қала құрылысы және сәулет ескерткіштері - 111, ансамбльдер -6, киелі объекті - 20.

Жыл сайын қорғауға алынған ескерткіштер тізімі жаңарып, жаңғырып отыруы қаншалықты жүйеленген?

Бұл сала  – тарихтың әр парағын зерделеген сайын шежірелік мұрамен толығып отыратын ғылым. Жыл сайын үздіксіз, үнемі тарихи, археологиялық, этнографиялық ізденіс, зерттеулердің нәтижесінде толықтырылып отырады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыс аумағындағы ескерткіштерге кешенді зерттеу жұмыстары жүргізіліп, ғылыми айналымға енгізілуде. Анықталған ескерткіштерді есепке алу, қорғау мақсатында 82 ескерткішті мемлекеттік тізімге алу жоспарланып отыр. Аталған ескерткіштердің қатарында, порталды күмбезді мавзолей, мешіт, қорымдар мен қорғандар, тасқоршаулар, діни әулиелік орындар бар. Мәселен, өзіндік ерекшеліктерін көрсететін Нұрсейіт, Сұлтан аһун, Есет-Дәрібай, Аққолқа тамы сияқты мазарлар бар.

Жалпы археологиялық ескерткіштерді қорғау қалай жүзеге асырылады, оған қандай кедергілер бар?

Мәдени мұра заттық және бейзаттық деп екіге бөлінеді. Заттық мәдени мұраға ескерткіштер мен жәдігерлер жатса, бейзаттық мұраға эпикалық мұра, ұлттық музыка, айтыс, күйшілік, шешендік өнер, фольклор, салт-дәстүр, қолөнер, ұлттық ойындар, мифология және т.б. жатады. Қазақстан егемендік алғаннан бергі отыз жылда технологиялық және әлеуметтік жаңғыру процестерінің тез жүруі мен жерді өндірістік, шаруашылық мақсатта қарқынды игеруі кеңінен етек алды. Бұл өз кезегінде әртүрлі маңыздағы тарихи-мәдени ескерткіштердің жойылуы мен олар орналасқан мәдени ландшафтының бұзылуына алып келді. Тарихқа көз жүгіртсек, еліміздегі археологиялық ескерткіштер адами әсерден жаппай бұзылудың мынадай бірнеше ірі сатысын бастан өткерген: Бірінші – патшалық Ресейдің Қазақ даласын отарлаудағы басты құралы – казак отрядтары мен жаппай қоныстанған келімсектердің Қазақ даласында алтын іздеп, арнайы түрде обаларды шахталық әдіспен жаппай тонаулары. Кейбір казак жасақтарының құрамында мыңға дейін адам болған делінген дерек бар. Осы XVIII ғасырдың ортасы мен XIX ғасырдың аяғында казак жасақтарынан тыс Қазақ жеріне әртүрлі мақсатпен келген экспедициялар, саяхатшылар ел мұрасын өзге елге сұраусыз әкетіп отырған. Екінші – кеңестік кезеңдегі тың игеру уақыты. Жоспарды асыра орындау үшін қажетті, қажетсіз мақсатта жерлер жыртылып, бар-жоғы үш жылда елімізде мыңдаған ескерткіштер мәдени ландшафтысымен бірге бұзылды. Бірақ бұл кезеңде Қазақстан бойынша археологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде, 1960 жылы алғаш рет Қазақстанның археологиялық картасы жасалған еді. Егемендік алып, етек-жеңімізді жия бастаған жылдарда археологиялық ескерткіштер жаппай бұзылу мен тоналудың үшінші ірі сатысынан өтуде. Бұл кері процесті дер кезінде тоқтатпасақ, келер ұрпақ алдында кешірілмес үлкен күнәға батуымыз бек мүмкін.

Ескерткіштер арқылы, тарихи сананы жаңғырту арқылы бүгінгі ұрпақ пен қоғамға қандай тәрбие ұсынуға болады деп санайсыз?

 Ескерткіштер – ел тарихы. Тарихпен бүгінгі күннің сабақтастығы аса маңызды мәселе. Тарихын танымаған ұрпақтан мемлекеттік сана мен елдік мұрат шықпайды. Сондықтан, өз тарихына жақсы таныс қоғам болашақты да жасай алады. Тарихи сананың қоғам жадына қалыптасуы үлкен рухани құндылықтар сыйлайтын процесс. Облыс аумағындағы тарихи ескерткіштер өз өлкеміздің өткенінен бірден бір хабар беретін шежірелік құжаттар. Оны насихаттау, сақтау –  мемлекеттік маңызға ие амалдар.

Ақтөбе облысында көне мұраларды сақтап, жаңғыртуға, қаншалықты көңіл бөлінген?

Есепті кезең ішінде, Ақтөбе қаласы аумағындағы жойылып кету алдында тұрған 48 археологиялық ескерткіштердің қорғау аймағын, құрылыс салуды реттеу аймағын және табиғи ландшафт аймағының жобасы әзірленді және оларға қорғау тақтайшасы орнатылды. Сонымен қатар, қала аумағындағы 166 археологиялық ескерткіштің географиялық (GPS) координаттары, Ақтөбе қалалық жер қатынастары бөлімі тарапынан Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық базасына енгізіліп, топографиялық картасы әзірленді. Орталық мамандары жыл ішінде, тарих және мәдениет ескерткіштерінің ескі паспорттарын қазіргі стандартқа сәйкестендіріп рәсімдеу жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, Ақтөбе қаласы, Алға, Әйтеке би, Қарғалы, Қобда, Мәртөк, Мұғалжар, Хромтау аудандары бойынша мемлекеттік тізімге енгізілген 272 ескерткішттің паспорттары (сызбалары, есепке алу карточкасы, суреті) жаңартылды.

Қандай да бір археологиялық жәдігерді кездейсоқ тапқан адам оны өз қажетіне жаратуы қаншалықты заңды?

– Қазақстан Республикасының заңы бойынша, жер, не су астында көмулі қалған археологиялық мұра нысандары (тас дәуірінен кейінгі ортағасырларға дейінгі қала жұрттары, обалар, жартастағы суреттер, қоныстар мен тұрақтар және т.б.) мемлекеттің меншігі мен қорғалуында болуы тиіс. Мемлекеттік есептегі ескерткіштерден тыс жыл сайын археологиялық барлау жұмыстары барысында жаңа ескерткіштер табылып жатады. Археологиялық ескерткіштерде жүргізілетін жұмыстардың барлық түрі арнайы рұқсат – лицензия негізінде жүзеге асады. Қазба жүргізген әр жеке және заңдық тұлға табылған жәдігерлерді зерттеу жұмыстарын жасап болғаннан кейін мемлекеттік Музей қорларына тапсыруы тиіс. Өз қолдарында көп уақыт ұстау, не жеке мүддесі үшін пайдалану заңсыз болып табылады.

Ашық нарықта саудаланып жүрген көне жәдігерлер тағдыры жайында ойыңыз?

Шын мәнінде, біздің елде археологиялық мұра нысандарындағы жұмыстар мерзімсіз берілген лицензия түрінде жүргізіледі. Соның салдарынан қай тұлғаның (заңды және жеке) Қазақстанның қай жерінде, қандай нысанды, қай әдістемеге сүйеніп қазғанын, нендей жәдігерлер тапқанын және қазылған ескерткіштер қалай жабылғанын, не жаңғыртылғанын еш құзырлы мекеме толық білмейді. Шетелдік тәжірибелерге сүйенсек, археологиялық ескерткіштерде атқарылған жұмыстардың міндетті түрде ғылыми есебі, оның ғылыми сараптамасы және нендей жәдігерлер табылғандығының толық тізімі болуы шарт. Ең бері айтқанда, көрші Ресейде археологиялық зерттеу жұмысын жасау рұқсатнамасы тек бір нысанға ғана беріліп, ондағы жасалып атқарылған жұмыстардың толық есебі беріліп, сараптамадан өткен соң ғана келесі зерттеуге рұқсат беріледі. Бізде лицензия жеңілдетілген түрде бәріне, Қазақстан бойынша, ескерткіштердің барлық түріне жұмыс жасауға беріледі. Жер астынан қазып алынған есепсіз, тіркеусіз мұраларымыздың қайда, кімнің қолында, қанша мөлшерде жүргендігін біле алмай отырған жайымыз бар. Зерттелген ескерткіштерді сақтау мен музейлендіру шаралары міндетті түрде жүргізілуі тиіс. Бүгінгі таңда археологиялық мұралардың жойылуының қауіпті жаңа факторы пайда болды. Ол - еш рұқсатсыз жүргізілетін тонаушылық қазбалар. Бұл қазбалардың жаппай етек алуына ескерткіштерді қорғаудың мемлекеттік жүйесінің әлсіздігі ықпал етуде. Жекелеген адамдардың (көбіне ауқатты) сату үшін ежелгі бұйымдарды табу мақсатындағы тонаушылық қазбалар жасауы соңғы жылдары өте жиіледі. Заңсыз жолмен тапқан негізі мемлекеттің меншігі болып саналатын жәдігерлерді интернет-сайттар арқылы жекелей сату қалыпты үрдіске айналып отыр. Қазақстан бойынша осылай сауда жасайтын көмбе іздеушілердің интернет-сайттары, жеке парақшалары, форумдары, бейне түсірілімдері бар.

Оларға тосқауыл қойып, мемлекет меншігіне қайтарудың жолдары бар ма немесе маман ретіндегі ұсыныстарыңыз?

Археологиялық жәдігерлердің еркін сауда айналымында жүруіне шектеу қоятын кез келді. Тарихи ескерткіштердің тоналғандығын тіпті, жергілікті әкімдік пен полиция бөлімшесінің өзі білмей қалып жатады. Себебі, қарамағындағы ескерткіштердің санын, қайда орналасқандығын және тарихи құндылығын білмейтін ауыл басшылары көп. Осыдан бірнеше жыл бұрын Ресейде металл детектормен қаруланған көмбе іздеушілер мен тонауашылық қазбалар жасау мемлекеттік деңгейдегі мәселеге айналып, әр деңгейде қоғам болып талқылап, соңында рұқсат етілмеген металл құралмен іздеу жүргізгені үшін 500 000 рубльге дейін айыппұл салу мен 6 жылға дейін бас бостандығынан айыратын заң қабылданды. Бүгінде археологиялық мұраларды жинаумен айналысатын сол жеке коллекционерлер мен әуесқойлар біздің заңдағы олқылықты, шекараның ашықтығы және жұрттың ақпаратпен толық қамтылмағандығын пайдаланып, Қазақстан жерінде өз әрекеттерін емін-еркін жалғастыруда. Яғни, археологиялық жәдігерлер түріндегі ұлттық құндылықтарымызды турист ретінде келіп, ел аралап, тиынға сатып алып, шетке әкетуде. Тіпті, жергілікті әуесқой көмбе іздеушілердің топтары құрылып, кейбірі ауқымды түрде тонаушылық қазбалар жасап жүр. Мұраларымызды сақтаймыз десек, жаппай дертке айналмай тұрғанда, тонаушылық қазбалар мен металл детектормен қаруланған көмбе іздеушілерді құрықтау қажет. Бұл жерде елден өз заманында шетке әкетілген мәдени құндылықтарды қайтару – реституция мәселесі қайта туындайды. Осы мәселемен шағын жұмыс тобы айналысып, әкетілген құндылықтардың (тек археологиялық жәдігерлер ғана емес, оған қоса антропологиялық және палеоостеологиялық топтамалар да) толық тізімін жасау және халықаралық құжаттар мен құндылықтар сақталған елдің заңдарына сүйене отырып, олардың түпнұсқаларын, не көшірмелерін жасату арқылы қайтарудың жолдарын іздеуі тиіс деп санаймын. (Кейкі батырдың бас сүйегінің қайтарылуы осы бағыттағы жұмыстардың басы). Ескерткіштердің құндылығы мен оны бұзған жағдайда қандай жауапқа тартылатынын білмейтін ел азаматтарының кейбірі тонаушыларға көмектесіп, кездейсоқ тапқанын оларға сатып, бизнеске айналдырып та жүр. Ескерткіштердің қорғалуы мен сақталуына жер-жердегі өкілдіктерді тарта отырып, партиялық бақылау жасау да қажет сияқты.

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы отыз жыл аясында ескерткіштерді қорғау қаншалықты жүйелі жүзеге асырылды?

– Тәуелсіздікпен бірге, елімізге төл тарихымыздың да келгені белгілі. Осы жылдар аясында біршама көне ескерткіштер жаңартылып, елдің рухани игілігіне ұсынылды. Әр жылдары мемлекет қорғауына алынған ескерткіштер саны артып, оларға мемлекет тарапынан қолдау, қамқорлықтар жүйелі жүзеге асырылды. Олардың қатарына 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығының аясында бой көтерген  Әбілқайыр ханның бейіті орналасқан «Хан моласы», Досжан хазірет мешіті, Қобыланды батыр мемориалдық кешені, Абат - Байтақ мемориалдық кешендерін айтуға болады.

Алдағы уақытқа сіздің бөлімнің күн тәртібіндегі жоспарлары қандай?

Биылғы жыл аясында кезек күттірмейтін күн тәртібіндегі жоспарлар біршама. Тарихи ескерткіштер әрдайым жедел жұмыстарды талап етеді. Себебі, жылдар өткен сайын бастапқы қалпын жоғалта бастайтын орындарға неғұрлым тез көңіл бөлген сайын, қоғамға ұсынар қалпы да өз шынайы сипатында болады. Осы жылдың аясында Ақтөбе қаласы аумағындағы жойылып кету қаупі төніп тұрған «Сазды-ХІ» қорғанына авариялық қазба жұмыстарын жүргізу жоспары тұр. Бұдан бөлек, Алға ауданында орналасқан Шәкен ишан мешітіне ғылыми реставрация жұмыстарын жүргізу, Ырғыз ауданында орналасқан Алмат тамы кесенесіне және Темір ауданындағы Досжан хазірет кешеніне ғылыми консервация жұмыстарын ұйымдастыру істері тұр. Сонымен қатар,  Қобда ауданы, Абат-Байтақ қорымындағы қирап бүлініп жатқан құлпытастарға ғылыми реставрация жұмыстарын аяқтау жұмыстары осы жылдың аясында жүзеге асырылуы қажет.

Ақтөбеде осы істердің маңыздылығын, ең бастысы, ұлт үшін керек шаруа екенін түсініп, тарихшылар мен этноархеологтар қолға алған бастамаларға аймақ басшысы Оңдасын Оразалин үлкен қолдау көрсетіп отыр. Ондай қолдау мамандарға барлық өңірлерде бірдей көрсетілген жоқ. Мұны айту керек. Соңғы жылдары кешенді түрде жүргізіліп жатырған ғылыми зерттеулер – сол қолдаудың нәтижесінде жүзеге асқан жұмыстар.

Реставрация қазір әлемдік деңгейде дамып кеткен ғылым, біздегі ескерткіштерге бұл саланың қандай игіліктері тиіп жатыр?

– Реставрация – ерекше сала. Міндеті – тарихи-мәдени ескерткіштерді бастапқы кейпін сақтау арқылы қайта қалпына келтіру. Қазір осы ұғымды әркім әртүрлі түсінеді, тіпті, бес маманнан сұрасаңыз бес түрлі жауап аласыз. Оның үстіне екінің бірі «реставратор» болып кетті. Бұрын Кеңес дәуірі кезінде бұл саланың бөлек бағыты, өз алдына заңдары, тәртіптері бар еді. Қазір реставрацияны Қазақстан Республикасының «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс туралы» заңында күрделі жөндеу жұмыстарымен теңестіріп қойған. Соңғы кезде саланың ерекшеліктері ескерілмей, құрылыс саласына қатысты нормативтер, тәртіптер қолданылады, тіпті терминдерге дейін құрылыс саласынан алынған. Мамандар арасында «реставрация деген не, реконструкция қай жерден басталады, ағымдағы жөндеу не?» деген мәселеде пікір таластар баршылық. Бүгінгі таңда қайта қалпына келтіру саласының бекітілген нормативтік базасы, арнайы бекітілген тәртібі жоқ, расценкасыз (бағалаусыз) жұмыстар атқарылуда. Кез келген құрылысшы  реставратор бола алады, ал реставратор құрылысшы бола алмайтынның кебін киген заман болды. Бұл жөнінде осы салаға қатысты кешенді өзгерістер қажет, жаңа тәсіл ойлап таппай ақ, бұрынғы қарым қатынастарды, тәртіптерді жаңа көзқараспен заман талабына сай келтіріп, енгізу қажет деп ойлаймын. Бұл айтылып отырғандар уақыт күттірмейтін мәселелер мен шаруалар.
Реставрация саласы республика бойынша заң құзіретімен қаншалықты жолға қойылған?

– 2019 жылдың 26 желтоқсанында «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заң қабылданды. Бұл жерде реставрациялық жұмыстарға «ғылыми» атауын беріпті, құптарлық шаруа. Ғылыми арнайы зерттеу аталғандықтан оны түбегейлі зерттеу қажет, объект ғылыми бағасын алуы керек. Кез келген тарихи объектіге алғашқы зерттеуден бастап дұрыс «диагноз» қойылса, жұмыстары да дұрыс бағыт алады. Реставрациялық жұмысқа ғылыми жетекші тағайындалып, реставрациялық жұмысты басынан аяғына дейін жетекшілік етіп, қадағалап отырса нұр үстіне нұр болар еді. Сонымен қатар, дайындалған ғылыми-жоба республикадағы бірегей мекеме «Қазареставрация» РМК жанындағы мамандардан құралған ғылыми методикалық кеңестерде талқыланса игі болар еді.

Бұл салада маман тапшылығы қаншалықты маңызды мәселе?

Бұл салада «маман жоқ. Облыстың әр түкпірінде ескерткіштер құрылымы мен стилистикасы әртүрлі болып келеді. Айта кетсек, халықтың тұрмысы мен табиғи ортасына байланысты бір жерде тас өнері қатты дамыса, енді бір жерде ағаш, кейбір аймақта кесектен құру тәсілі болған. Қазіргі кезде ондай материалды еш жерде дайындамайды. Реставрация саласына жұмыс істейтін мамандардың тапшылығы республикада айқын байқалып тұрады. Мәскеуде тастан, кесектен өндіру мамандары болмаса да, архитектор-реставраторларды, икона жазатындарды арнайы реставраторларды дайындайтын академиясы бар. Қазақстанда, өкінішке орай, әзірге жоқ. 

«Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының» дәл қазіргі және болашақтағы басты принциптері қандай?

Мекеменің басты принципі атадан балаға мирас болып келе жатқан тарихи ескерткіштерімізді сақтау, келесі ұрпаққа бастапқы күйінде жеткізу болып табылады. Бүгінде еліміз бойынша мекемелерге реставрациялық жұмыстар жүргізуге мүмкіндік беретін 300-ден астам лицензия беріліп отыр. Бұл сала – нағыз бәсеке алаңы. Мекемелердің басым бөлігі қала ішіндегі мүсіндерді, ескерткіштерді ағымдағы жөндеу жұмысы деңгейінде ғана сылап-сипап, бетін бүтіндеп жүреді. Саланы ішінара бөлу қажет, өйткені Қазақстанда ағаш ескерткіштер, тас ескерткіштер, мавзолейлер және молалар, кесенелер баршылық. Мамандандырылған мекемелер жұмыстарының негізгі бағытын анықтап, сол бағытта жұмыс сапасын арттыруы тиіс. Ең қауіптісі – тарихи маңызы бар ескерткіштер реставрациялық білімі мен тәжірибесі жоқ мекемелердің қолына түсіп, қор болып кету мүмкіндігі. Ақтөбе облысында 500-ге жуық архитектуралық ескерткіш бар, осының барлығы дерлік реставрациялық жұмыстарға мұқтаж. Тіпті, кейбіреуі апатты жағдайда тұр. Біз асықпасақ тарихи-мәдени жәдігерлеріміздің көбінен көз жазып қаламыз. Ал мұнымызды келешек ұрпақ кешіре ме?! Тағы айта кететін дүние – реставрациялық жұмыстардың маусымдық жұмыс екендігі. Қаражат толық бөлініп, жұмыс дер кезінде басталмаса нысан аяқталмай қалуы ықтимал. Келесі жылы былтыр істеген жұмысыңды жалғастыру қиын, өйткені жел, жаңбыр секілді табиғи факторлар бар, біраз шығын келтіреді.

Облыс аумағындағы тарихтың төлқұжаттары боларлық мәдени нысандардың келешек маңызы мен сақтау шаралары жайында қандай ұсыныстарыңыз бар?

Айта берсек облыста тарихи-мәдени мұраларымыз бен ескерткіштерімізге қатысты мәселелер толып жатыр. Сондықтан да бағзыдан баян беретін ескерткіштерді ескерусіз қалдырмауымыз қажет. Табиғи апат немесе адам қолынан жойылып бара жатқан жәдігерлеріміздің жайсыз күйі мамандарды қатты алаңдатуда. Еліміздің мәдени мұрасын ашу, есепке алу, қорғау және сақтау ісіне терең мән беріп, тарихи жәдігерлерімізді жойып жібермей, сақтап қалуымыз керек. Өйткені келешек ұрпаққа өткен дәуірден жеткен көне тарихи жәдігерлерді сақтап жеткізу ұлт мүддесі үшін, тарих үшін керек. «Тарихи-мәдени белгілер - Ұлы Отанның бір қырын танытар айнасы» - деп академик Әлкей Марғұлан айтқандай өшкенімізді жаңғыртып, өткенімізді түгендей алсақ, Ақтөбе облысы-еліміздің батыс бөлігіндегі геосаяси, экономикалық, стратегиялық маңызы зор, жер қойнауы өте бай, тоғыз жолдың торабын тоғыстырған ұлы Өткел іспеттес өңір ретінде тек кәсіпкерлерді ғана қызықтырып қоймай, сахара тарихымен танысқысы келетін туристерді қабылдай алатын аймаққа айналса деген үлкен мақсатымыз бар.

Әңгімелескен

Берік НҰРМҰХАМЕДОВ

315 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз