• Тарих толқынында
  • 30 Сәуір, 2022

АҢСАУ

Ислам ЖЕМЕНЕЙ,

Әл-фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор

1929-1933 жылдары Кеңес Одағының Сталиндік саясаты елдің шаруашылық саласын ұжымдастыру керек деген сылтауымен қазақтардың қолдарында бар төрт түлік малын күштеп тартып алды. Жалғыз мал шаруашылығына арқа сүйеп, тіршілік етіп жүрген қазақтарды осы әдейі жасалған дүрегі әдіспен аштыққа ұшыратты. Соның кесірінен қазақ даласында үш миллион халық аштықтан қаза тапты, миллионға жуығы шет елдерге қоныс аударуға мәжбүр болды. Сол зұлмат саясаттың  болымсыз нәтижелері алуан түрде бүгінгі күнде жалғасып келеді. Қазіргі тәуелсіз Қазақстан Республикасында 46 миллион шамасында қазақтың орнына бар-жоғы он миллионнан аса қазақтар елдің жалпы санын құрайды. Сол жылдары бір топ  қазақтар Түрікменстан арқылы Каспий жағалауларынан өтіп, иран жеріне қадам басқан аймағы «мазандаран» провинциясы деп аталатын. Жылдар өткен соң қазақтар негізінен аталған провинциясының Горган, Бәндәр Түрікмен және Гүмбез Кавыс  атты үш қаласының шеткері жағынан жергілікті тұрғындардан оқшау өздері тұратын «қазақ маһалле» ауылдарында тұра бастады. Ол ауылдар да уақыт өте аталған қалалармен біте қайнасып, шаһар аумағына қосылып кетті. Үш қаланың өзіндік сыр-сипаты бар.
 

РАҚБАЙ АТАДАН БАСТАУ АЛҒАН АРМАН

Мен алты жасқа келіп, мектепке барған алғашқы айларында атам Рақбайдың: «Сен шаңыраққа қарап, ана тіліңде сөйле, қазақ екеніңді ұмытпа» деген ескертуі мені адамдардың мінез-құлқын, ой-арманын, ішкі жан дүниесін  білуге жетелеп келгенін, көп жылдардан кейін ұға бастадым. Қарап тұрсам, Рақбай атам сол кезде менің бойыма келешек арманымды қалыптастырып қойған екен. Содан атамның бойында бір құпияның барын сезіп, оны іздеп жүргенімді өзім де сезетінмін. Себебі мен өмірде болып жатқан бар нәрсені қиялымда нақышталған қазақпен өлшеп жүретін адамға айналып кеткенім бүгінгі күнге дейін бойымнан ажырамай келе жатыр. Атамның әкесі Екібай екенін білген жылдарымда оның тағдыры туралы атам да, кейін әкем де бір ауыз сөз айтпай құпия күйде қалдырып кетті. Тек білгенім атам Иран жеріне аяқ басқанда отыз алты жаста болған. Ал әкем Ақмұраттың алты жастағы кезі екен. Жоғарыда айтқанымдай, олар Иранға келген жылдары Иранның солтүстігі, Касий теңізінің батысынан шығысына қарай созылған  Мазандаран провинциясы деп аталған өлкеге келген. Бірақ кейін 1997 жылы екіге бөлініп, біздің қоныстанған бөлігі Гүлістан провинция аталып, орталық қаласы Горган болып бекітілді. Сондықтан қазіргі кезде қазақтар Гүлістанның үш қаласында тұрып жатыр. Провинциясының жер көлемі 20 367 км², ал  2016 жылғы ресми санақ бойынша халық саны 1,869 миллион адамды құрайды.     

Мен Иранның солтүстігі қазіргі Гүлістан провинциясының орталық қаласы Горган шаһарының Сұлтанабад ауылында дүниеге келдім. Сұлтанабад тұрғындары жүз пайыз жергілікті парсы жұртынан құралған ауыл. Ол ауыл парсылар мен түрікмен сахараның шекара сызығында тұрғанымен ерекшеленеді. Біздің отбасы сол ауылдың жалғыз қазақ шаңырағы болып, әкем қайтыс болған 2003 жылынан бүгінге шейін де ауылдастармызбен қарым-қатынасымыз үзілмей келеді. Бұның да қызық тарихы бар.

Иран  ежелден патшалардың мұрагерлік саяси жүйесінде мемлекетін сақтап келе жатқан ел болғандығы белгілі. Иранда патшалық тақта отырған соңғы әулет Пәһлеви  атауымен Реза шаһ(1926-1941) мен оның ұлы Мұхаммед Реза шаһ(1919-1980) болған. Пәһлеви патшалығы Батыс саясаты мен мәдениетінің қолдаушысы, елдің табиғи байлықтарын ішкі жемқорлар мен сыртқы отаршыл алпауыттармен ортақтаса тонап жатқан желеумен айыптаған имам Хомейнидің басқарған саяси оппозициялары оған қарсы төңкеріс жасап жеңіске жетті. Содан 1979 жылы Иранның саяси патшалық жүйесі  біржолата тарих сахнасынан жойылды. Осылайша Иран мемлекеттік тарихында патшалық саяси жүйеден исламдық республикалық саяси жүйеге ауысты.  Бүгінгі Иран Ислам Республикасы ол елдің тарихындағы жаңа саяси беттері болып табылады. Өйткені тұңғыш рет 2500 жылдық патшалық режимінің орнына республикалық жаңа басқару саяси жүйе орнықты.

Қазақтар Сталиндық зұлматтың салдарынан туған жұртынан Иран елін паналауға мәжбүр болған 1929-1932 жылдары Реза шаһтың тақта отырған заманмен тұспа-тұс келген кезең еді. Ол кезде Иран феодалдық қоғам болғаны үшін жалпы саяси ахуалды қиындатып, елдің шартарабында Түрікмен, Бақтияр, Күрд, Бәлуч, Араб, Әзірбайжан түріктерінің этностық мүддесі саяси сарапқа түскен кез еді.  Сондықтан мемлекеттің орталық басқаруына көнбей ішкі тартыстарға себеп болған. Аталған ұлт- ұлыстардың басшылары орталыққа бағынбай өздерінің тайпалық һәм ұлттық мүдде талап- қалауларын ортаға қойып жатты. Екінші жағынан саяси тұрақсыздықты пайдаланып, ел аумағында тонаушылық, қарақшылық пен бүлік шығару істері шарықтап кеткен заман болды. Сөйтіп, саяси-экономикалық күйзеліске ұшырап тұрған елге  Реза шаһ  тыныштық орнату үшін қатал басқару жүйесін енгізді. Соның арқасында  халықты орталық мемлекеттік басқару жүйесіне бағындырды. Сол үшін де елінің саяси тарихында диктатор патша лақабымен тарихта жазылып қалды. Ол мемлекетте «парсыландыру» саясатын өте жүйелі әрі тұрақты түрде жүзеге асыруды қолға алды. Сондай-ақ қатаң темір тәртіп пен мемлекеттің абаттандыру жобаларын іске асыруға кірісті. Соның  бірі – мемлекетте қалалар арасында қара жол мен темір жол салу еді. Ол жол салуға жұмыс істеу қабілеті бар жалпы халықты «Бигари» (азаматтар  ақысыз тек қана мемлекеттің есебінен тамақтандырып, құрылыс жұмысына күнделікті қатысуға міндеттеу еді. Оны барлық аймақта үкімет тағайындаған өкілдері ұйымдастырып, қадағалауға тиіс болды) ережесі бойынша жұмысқа міндеттеді.

Иран  қазақтары  сондай кезеңге тап болған. Олар: «кәпірлердің қорлығынан елден қуылып, осында пана іздеп келсек, енді құл бол дегендері несі?» деп ренжігендері бар. Солардың ішінде менің атам Рақбай Екібайұлы көп сөзден гөре іске көшкенді жақсы көретін адам болды. Ол өте батыр, өжет һәм діндар-мүмін адам болған. Кезінде коммунистер халықты қырғынға ұшыратып, дінін жоққа шығарып жатқанда амалсыздан туған жерін қимай, Иранға кеткен. Бұнда жетіп, аптығы басылмай жатып, үкіметтің Бигариға шақырғаны әбден қырсығын қоздырған сияқты, себебі – тұратын ауылы Нaзабадтың Бәндәр Түрікмен қаласының оңтүстігінде бес шақырым қашықтықта орналасқан түрікмендер тұратын бүгінгі уақытта қала аумағына еніп кеткен. Ауыл. Ауылнайы оны жол құрылысына Бигариға шақырғанда оған қарсы шығып, ауылдан көшіп кеткен. Рақбай ата қазақтарды да ауыл адамдарын да озбырлардан қорғау істері аймақтағы қариялар мен оның жанында оң қолы болып жүрген Қайырбай Жеменей (өткен жылы дүние салды) аңыз етіп, айтып жүретін.

Қайырбай аға жастық шағында ауыр атлетикада Мазандаран провинциясы бойынша бірінші орында болса, жалпы Иран бойынша өткізілген жарыстарда да жүлделі орын алып жүрді. Бойы ұзын, түсі қараторы, қара көздері мен ұзынша келген мойыны көз тартады, денесі бұлшық етке бай нағыз палуан денелі болған. Өмірі жүзінен күлкі кетпейтін, әр нәрсені Алладан тілеп отыратын, «Әй Алла! балдарым аман болса болғаны, қалғанын Алла өзің бере жатарсың» деген тілегі өмір серігіне айналғандай еді. Сөйтіп, ағамыз жеті қыз, алты ұлын абыроймен бағып-қағып жетілдірді, оқытты, ел қатарына қосты, бүгін олардың әр қайсысы қоғамдағы өз орнын тапты. Қайрекең кеше қазағына тіреу, мақтаныш болса, бүгін оның ұрпақтары елдің елеулі азаматтары болып, Қайрекеңнің игі тілектерін орындап келеді. Алла Тағала ұзағынан сүйідірсін. Сонымен қатар Қайрекең қарапайым, қанағатшыл, шыншыл және асқан еңбекқор адам болды. Мен Ираннан көшкенше біз өмір бойы көрші болып келдік. Үйінде көп болып, көп әңгімелерін тыңдадым. Тіпті атамның көптеген қыры мен сырын Қайрекеңнен естіп, жадымда сақтадым.

Қайырбайдың Ыдырыс деген жақын ағасы болды. Ат-арба жасайтын шеберханасы бар еді. Қайыреке де сол шеберхананың бір ұстасы болып істеп жүретін. Кейін 1960 жылдардың екінші жартысынан кейінгі жылдары машина көліктер пайда болған соң олардың жұмысының берекеті қашты. Сондықтан Қайырбай ағаның тіршілігі біршама тарылды, ол көбінесе атам Рақбаймен бірге жүріпті. Кейін әкемнің егін шаруашылығында орақ науқанында маусымдық жұмыстарына қатысып жүретін еді. Соның салдарынан біз көрші һәм сыйлас жақын ағайын ретінде өте жақын қарым-қатынаста болдық. Мен оқып жүрген жылдары Қайырбай ағаның палуандығы, ата-әкеммен жақын туыстық-достық қатынаста болғандығы оған едәуір жақын достасып, сырлас болып жүруіме негіз қалады. Сондай-ақ домбыра шертіп, ән салуда, жырлауда өз заманының майталмандар қатарында болды. Оның бірнеше орындаған жырлары Горган қаласының Түрікмен радиосының мұрағатында сақталып тұрғанын білеміз. Бірде өнертанушы, композитор Ілия Жақанов ағамыз менен: «Сүгірдің тағы басқалардың жырларын Иранда орындаған адамдар бар ма? Жырлары жазылып сақтаған ба?» деп сұраған. Мен тез арада тауып беруге кірістім. Сөйтіп иран радиосында жазылған жырлардың бір бөлігін Ирандағы қазақ қыздар арасында оқыған тұңғыш қазақ қызы Зиба Адай сол кезде Теһранда «Қазақ радиосы» бөлімшесінде жұмыс істеп жүргенде Горган радиосындағы әріптестеріне қолқа салып, үн таспаға жаздырып алып маған тапсырды. Менде ол таспаларды Ілия ағамызға табыс еттім.

Ең ғажабы Қайырбай аға өмірдің қиын-қыстау кезеңінде соншама тауқыметіне бой бермей, ойын кештерінде тыңдаушысының мейірін қандырып, жастарды қазақы өнерімен сусындап жүріп, спорт саласында талай жарыстарда қазақтың атын шығарып, абыройын асқақтатып жүрген жан болатын.  

Мен балақай балғын жылдарымды атамның тәрбиесінде өткізсем де, атам туралы Қайырбай ағадан көптеген аңыз әңгімелерді естідім. Мен оның риясыз әңгімелері арқылы Рақбай атам жайлы көп қызықты оқиғалар естіп, қанығып өстім.

Атамның дене бітімі: бойшаң, қыр мұрын, жазық маңдай, қалың қас, көздері тұңғыйық тереңдікте жасыл әрі ашық қоңыр-жасыл түсті көздері адамға түскенде жаныңды тесіп өткендей сезесің.  Егін шаруасына бейім болғандықтан үйдің ауласы бау-бақшаға көмкеріліп тұратын, бақшаның өнімдері бәрімізді шөп-шалам яғни көкөніс өнімдерін жеуге бейімдеді. Сөзі де, іс-әрекеті де көргенге сенім ұялатады. Байыпты да, парасатты тұлға еді.

Атам әу баста Бәндәр Түрікмен қаласына қарасты Ниязабат ауылында тұрған. Ол ауылдың тұрғындары түрікмендер еді. Шаңырағы ауылдан жырақта жалғыз үй болып бірнеше жыл тұрған соң, үкіметтен сол өңірдегі  егістік жерлерге қатысты қаулы шыққанда өмірінің шуақты жаңа кезеңін бастады.

Атам тұрған Сұлтанабат ауылы мен Горган қаласының тұрғындары жергілікті парсылар болды. Олардың бет-келбеті, тілі, той-думаны, салт-дәстүрі біздерден мүлдем өзгеше еді. Менің қоғамдық қарым-қатынастарда ауылдас қазақтардан бір артықшылығым болды. Ол жергілікті парсылармен көз ашқалы бірге тұрғанымыз еді. Отбасылық байланыста етене-жақын барыс-келісіміз бар еді. Өйткені атам Рақбай 1950 жылдары үкіметтің жарлығы бойынша сол кездегі Мазандаран облысы, Горган қаласы төңірегіндегі ауылда  иесіз жатқан шұрайлы егістік жерлерді абаттандырды. Онда қаптаған тікенегі бар бұталардан тазарта алса, сол тазартылған жерлерді заңды иегесі бола алады деген мемлекеттің қаулысы болған.  Аталған қаулыға орай атам Рақбай Горган шаһарының солтүстік шығысында, он төрт шақырым қашықтықта орналасқан Сұлтанабат және көрші Әтрәкшал мен Жилин ауылдарының төңірегінен он шақты гектар егістік жерлерді тікенекті бұталардан тазартып, өз меншігіне айналдырып алды. Атаның ерен еңбегі оның ұрпақтарына, яғни  біздерге ата жұртымызға көшіп келгенше миуасын беріп тұрды. Оған айқын дәлел мен Алматыдағы меншік үйімді сала бастағанда атадан әкеге жеткен мұрасын маған тиесілі болған бөлігін жұмсап, үйімді тұрғыза бастадым.

Әтрәкшал ауылынан бүгінге дейін менің көз алдымда тұрғандай жалғыз елес бейнесін жоғалтпай  келеді. Онда: «Мен қара торы, арық, күлімсіреген, мейірлі үлкен кісінің құшағында домбыра ма, әлде домбыраға ұқсатып қолыма ұстап алған ұзынша келген таяқ па? Білмеймін, сонымен ән салып отырмын. Алдыңғы жағымызда жұмыс істеп жатқан адамдар, үлкен шұңқырдың табанына сабан төсеп, үстін астықпен толтырып, соңында үстін тағы да сабанбен жауып болған соң топырақпен көміп тастап жатқан көріністер елесі жадымда тұр». Есейген жылдары анам Әтрәкшал ауылының естеліктерін көп айтатын, сондағы кісі Батыр аға екен, ол мені жақсы көріп, біздің үйге келген сайын мені алдына отырғызып, домбыра ұстатып, ән айтқызатынын жиі естідім. Менің сондағы айтатын өлеңім «менде кеттім шөпшекке, қыздарда кетті шөпшекке» деген қызық айтылатын жеңіл-желпі ән болған.

Атамыздың жанында жүріп, көзін көрген, кейін қалаға көшіп келгенімізде бізбен көрші тұрған бұрынырақ таныстырған Қайырбай ағамыз маған атам туралы көп қызық жайттарды айтып жүргені өмірлік олжаға айналды. Қайрекеңнің сондай әңгімелерінің бірі – «Сұлтанабат ауылында тікенекті бұталардың тамыры тереңге тартқан, бойлары кейде бір метрден асатын еді,  атамыз әуелі бұтаның түбін айнала арқанмен мықтап байлап, сосын арқанды екі жақтан иығына оратып тартқанда бұтаның тамыры қап-қара топырақпен араласа қопарылып шығатын. Мен ол кезде жаспын, атадай палуан болу арманыма жетем деген дәмем зор болса да, өзімді сынайын деп атаның ісін ақырын қайталағым келіп, қолға арқанды алғанымда, қанша күш салсам да әлім келер емес-ті. Сосын мен неге басқа ағайындар бұл іске жоламайды?» деген сұрағыма жауап тапқандай болатынмын» дейді де, өте әдемі жымиып күледі. Артық мақтанбай, шындықты айту қасиеті Қайрекеңе тән артықшылық еді. Себебі Қайрекең иманды, ұяты бар жан болатын. Ол мақтанға да мақтауға да лайық адам болды. Өмірден қанша тауқымет көрсе де кез келген жерде ашылып сөйлей бермейтін. Менің бағым – онымен аға деп те, көршім деп те жақын, сұхбаттас, тіпті сырлас болғаным. 1970 жылдары біз үшін үлкен ағалардың әңгімесін тыңдау өте қызық болатын. Содан болар кешкісін шай-тамақтан кейін үйіне барып, әңгімесін тыңдап, бір рақаттанып қалатынмын. Ал біздің үйге шалдар жиналып қалса, Қайрекең бөлменің бір бұрышына жайғасып өзінен үлкен кісілердің әңгімелерін үнсіз отырып тыңдайтынына талай куә болдым. Сол жылдардағы адамдар не деген жылы жүзді, не деген мейрімді сияқтанып көз алдымнан күні бүгінге дейін кетер емес. Кейде сол сәттерді еске алып, соны аңсап, жасырын жылап қоятын сәттерім де болып тұрады.  

Қайырбай аға армандағандай иран қазақтарының арасынан ресми түрде ауыр атлетика саласында облыстық, республикалық жарыстарға қатысып бірнеше  дүркін  жүлделі орын иеленді. Қала үшін, қазақ үшін мақтанышымыз болды. Оның бапкері жергілікті баршаға танымал Мәлік деген үлкен жүректі жан. Ол да бұл пани дүниеден өтіпті. Алла жанын жаннатта қылғай. Ол ұдайы Қайрекеңе қолдау көрсетіп жүрді. Қайрекең де өле-өлгенше Мәлікті қатты сыйлап, жақсы көріп кетті. Мәлікті барлық қазақ жастары сүйіп өсті. Өйткені қаланың спортына жан салып қызмет жасап жүрген бапкерлер қазақ балаларының дарыны мен таза жанын сүйетін. Қазақтарға нағыз қол ұшын беріп, жетелеп жүріп ел қатарына қосылуларына Мәлікпен қатар  Сейдейін аға, Азәри ағаларды   айрықша атау керек. Олар спорт саласында қаланың танымал ірі тұлғалары ретінде қазақ балаларының тұлғалануына көп еңбек сіңірді. Қайрекең олардың алдында зор беделге ие болды. 

Қайрекең дүние-мүліктен байлығы ауыз толтырып айтарлықтай болған жоқ, кедей болды деуге болады. Бірақ оның тіс жарып біреуден бір нәрсе сұраған кезін көрмедім. Өзінің ағасы Ыдырейіспен ат арба жөндейтін ұстаханасында жұмыс істеп жүрді. Кейінгі жылдары машина ат арбаның орнын көбірек басқан сайын олардың ұстаханасы тапсырушыдан сирей бастады. Сөйтіп Қайрекеңнің шебер қолдары қара жұмысшы адамның қара күші болып жұмсала басталды. Ол кішкентайынан Рақбай атаға қызығып өскен жан. Бұл жайытты өз аузынан  талай рет естідім. Ол атаның өмірін  дастан қылып маған айтып бергені де оның ерекше атаға деген құрмет пен сыйластығының белгісі болатын. Мен атам туралы басқалардан естісемде Қайрекеңнен  көбірек әңгіме тыңдадым. Ол маған атамның өмірін ертегідей етіп айтып отыратын еді. Атаны ерекше сыйлап, оған сенген. Сол үшін де көрші болдық дейтін. Осындай мейірге, шынайылық пен адалдыққа толы риясыз сөздерінің дәлелі шығар атам өлген соң ешқашан біздің үйге келіп тұруды тоқтатқан жоқ. Мен Иранда тұрғанға дейін екеуіміздің сырласу түндеріміз көп болып тұрды. Біздің түнгі сырласуларымызға көршіміз Тойжан Ордабай баласы да серік болып жүретін. Үшеуіз қабырғалас көршілер едік. Тойжан Ескелді менен  екі-үш жас үлкен, кішкентайынан заманға лайық техника, темір-терсекпен айлалысып нағыз техниканың маманы, шопырлықты үйреніп, оны кәсіп етті. Ауылара қазақ күресінде жеңіл салмақта оның жауырынын ешкім жер иіскете алмады. Достыққа адал, мәрт жігіт. Тойжан туралы талай сыр шертеуге болады. Ондай жаны таза адамдар қазақтың кім екенін танытады. Тойжанның әкесі Ордабай Ескелді болды. Тойжан күйгелек, ашушаң әкесін қатты сыйлайтын. Оның сөзін екі етпей орындайтын. Тек өзара сырласқанымызда: «Ислам сен бақыттысың ғой. Ақылды, сабырлы нар әкең бар. Қадірін біл. Сен жақсы оқышы. Адам болшы, бізді қойшы. Тағдырымыздың жазмышы осы. Енді қайтеміз. Өмір сүру керек. Бала-шаға, отбасы дегендей» деп терең тыныстап, түңілгендей кейіп танытатын сәттері аз болған жоқ. 

Заман өзгерді. Адамдардың табиғи келбетін ол замандарда ақша да бүркей алмады. Қазір бәрі машина жылдамдығына ілесеміз деп өз болмысына қарауға мұршасы жетпей бара жатыр. Сол кездегі адамдық қасиет адамдардың оң бойынан көрініп тұратын. Соның ең мысалы Қайрекеңнің өмір жолы. Ол отбасы мүшелерімен бір бөлмеде тұратын. Қыс мауысымының талай түндерінде кешкі астан кейін көбінесе мені мен Тойжан екеуміз,   кейде төрт-бес көршілер болып оның бір бөлмелі үйіне барып, бір бұрышында жиналып, сіресіп   отырып әңгімесін тыңдайтын едік. Сонда оның жұбайы Тағанбибі жеңгеміз күндізгі күйбең тіршіліктен әбден қажыған күйінде, бөлменің бір бұршында тізіліп жатқан кішкентай балаларын әлдилеп, бір қолымен арқаларын қағып ұйқтап жататып, өзі  тәтті ұйқының бұғауында ұйқыға берілмей біздерге мейірін шашып отыратын. Ол  біздерге бірде бір ретке болсын қабағын шытып ренжігенін еске түсіре алмаймын.  Қабағында шытпағаны былай тұрсын, кей-кейде басын көтеріп, «шай ішкіңіз келе ме? Шай қоя салайын ба?» деп бір аунайды. Қайрекеңде күлімдеп «қазақ шайды сұрап бермейді, сұрап бергенше, ұрып бер» дейді де, артынша қарқ-қарқ күледі келіп. Ол маған «Сен оқы, жағдайың бар. Сосын саған қарап, қызығып, біздің балаларда оқитын болады. Біз оқымай қор болдық» дейтіні бартұғын. Көпшілік арасында өзі сөз бастап сөйлемейді.  Бірақ тыңдаушысы болса сөзден аянып қалмайды. Басты ерекшелігі – көңілді болып, күлімсіреп отыратыны. Ел-жұрттың той-садақасына қалмай барып, қатысып тұрады. Үндемей барып, үндемей үйге оралады. Тек қазақ болғасын біріміз бірімізге нағашы, жиеншар, бөле-жезде, құрбы-құрдас, дос-жаран тағысы тағы жақындасу амалдарымен бір-бірімізбен қалжыңдасу, бір-бірімізге ішкі мейірімізді шашып, ішкі шерді төгіп тұру дәстүрімен Қайрекеңді сөйлететін адамдар да табылып тұратын. Сонда ол рақаттана күліп, сөз сөйлеп, жүзі жадырап қалатын еді. Жай күндері жабыраңқы, ойға беріліп, бір нүктеге қадала қарап отыратын. Сондай сәттерде жанына бара қалсам, есін жиып, қалыпты жағдайына келіп, әңгімесін бастауға біраз уақыт кететін, қайғырып отырғандай күйде болғанында мен оған «Аға! Сіз де Асан қайғы болдыңыз ғой» деймін. Сонда бұл Асан қайғы кім? Кімнен естідім? Қашан естідім? білмеймін. Тек сөздің қисыны келіп тұрғасын айтатын едім.  Асан қайғы нені қайғырды? «Алла білсін» деп жүретінмін.  Қайрекең  қатты ойға шомылып, іштей қайғыратын жайы бар еді. Тұрақты жұмыстың жоқтығы, әлеуметтік жағдайының онша мәз болмауы әйел, бала-шағаның ертеңін ойлатпай қоймайды. Ол балаларының мінез-құлқынан, келешегінен маған көп айтып отырғанды ұнататынын сезетінмін. Балалары туралы менің пікірімді сұрап тұратын. Сол жылдары қазақтардың басты арманы балаларының оқып, адам болу керектігі көбірек тілге тиек болатын. Мені оныншы сыныптан кейін кәдімгі ақылман көріп, үлкендердің біздің оймен санасып тұратыны, біздерді де ертерек ер жеткізді. Ұрпақты көбейту керек деген арман да сол  жылдары жиырмаға жасы толмаған жігітің бір-екі балаға әке болып жүретін заманын тудырған еді.

Бір күні біздерге Назабат ауылынан бір түрікмен шал қонақ болды. Қазақтар туралы, менің атам Рақбай жайлы әңгімелеп отырды. Онда: «Назабат ауылына жақын маңдағы парсылар ауылынан мал ұрлаушылар келіп малымызды алып кетіп тұратын. Біздер кей түндері ұрылардың келгенін сезіп қалсақ қорыққаннан бәлесінен аулақ деп оларға қарсы іс-қимылда жасай қоймайтын едік. Әсіресе сол маңның аты шыққан екі дөрекі,  бірбеткей ұрыларынан қорықпайтын адам болмаған. Әлгі аты шулы екі ұрыны бір күні қырсық шалып, Рақбай атаның көршісінің қорасына түседі. Оны байқап қалған ата ақырын сырт айналып ол екеуінің желкелерін екі қолының бас саусақтарымен қысып, тырп еткезбей ауылнайды ұйқыдан оятып, заң орындарына табыстайды. Сол оқиғадан кейін Рақбай атаның аты аймақта елдің ауызынан түспейтін аңыз адамға айналды. Өйткені әлгі екі мал ұрлаушыны қолға түсіру ауыл-аймақ пен үкіметтің де арманы болған еді» деп әңгімелеп берді.

 1950 жылдары  Горган қаласына тұратын қазақ балалары түрікменше біле бермейді. Себебі Горган тұрғындары жүз пайыз парсы ұлысы болды. Біздің парсышамыз түрікменшемізден көре әлдеқайда тәуір. Ал, Гүмбез- Кавуыс пен Бәндер-Түрікмен қалаларында қоныстанған қазақтар түрікменше сайрап тұратын, өйткені аталған екі шаһарда халық санының басым көпшілігі түрікмен қауымы тұрды. Сол үшін аталған түрікмен қалалары мен ауылдағылары қазақтармен достасып алып, Горган қаласына жолы түскенде қазақ шаңырақтарында қонып, қаладағы сауда-саттық шаруаларын парсышасы тәуір горган қазақтарының көмегімен тындырып алатын. Бұл үрдіс түрікмен жастары оқып, парсыша сөйлеп алатын күйге келген кейінгі жылдарға дейін  өз жалғасын тауып жатты.

Ниязабат ауылынан бізде қонақта болған түрікмен қариялар Рақбай атамның өмірінен естеліктер айтып отыратын.  Түрікмен мен қазақ ағалардың сұхбаттарымен бірге Қайрекең қазақтардың Иран жеріне үдере көшкендері, бұл жерге келген кезде тап болған қиындықтар мен жаңа қоныстары, танысып жатқан жаңа қоғамға қалай бейімделгендері жайлы әңгіменің басын ашып, талай рет әңгімеге өзек еткендіктен иран қазақтарының жақын тарихына қанық болғам. Қайрекең қазақтардың өткен тарихын, тағдырын маған жалықпай, қызықтыра айтқанын мен де ұнататынмын. Ол да айтқаннан айызы қанып, жаны рақат тапқандай болады. Күрсінісін де сезетінмін. Онда беймәлім бір түйсік сағыныш па? Әлде өкініш пе? Әйтеуір, осындай бір сезім оны өз тұңғиығына тартып тұратын.

XX ғасырдың бірінші жартысы екінші  дүниежүзі соғыстарының (1914-1918,1939-1945 жылдар аралығында)  орын алған кездері әлем елдері саяси сахнада жаңа ұлы державалардың пайда болуына, олардың өзара бәсекелестік тартыстарының қыспағында өмір кешіп жатты. Иран елі де оның әсерінен тыс қалмады, әсіресе бұл елдің феодалдық бұрынғы саяси-қоғамдық құрылымын замананың жаңа өзгерістеріне икемдеу оңайға соқпады. Онда түрлі жаңа көзқарастардағы саяси партиялар, саяси ағымдар мен иранның ру-тайпаларының басшылары мемлекеттің әр тұсынан бас көтеріп мемлекеттің билік жүйесіне ықпалын жүргізгесі келіп жатты. Оларға шетел күштері де өз мүддесіне сай дем беріп тұрды.  Иран екінші дүниежүзілік соғыста майданға қатысқан екі тарапқа да бірдей стратегиялық маңызға ие ел ретінде назарда болды. Оған әлемді боданында ұстап тұруға талпынған АҚШ мемлекетінің президенті Франклин Рузвелт(1882-1945 жж.), Кеңес одағының саяси көсемі Сталин (1879-1953 жж.), әлемнің жалғыз ұлы державасы болып келген Ұлы Британия патшалығының премьер-министрі Винстон Черчилдің (1874-1965 жж.) қатысуымен Иран астанасы Теһран қаласында  1943 жылы өткен төрт күндік бас қосу конференциясында әлем елдерінің тағдырын жаңаша сарапқа салуға арналған қоналқы болды.  Иран сондай саяси қарбаласқа толы тағдырды басынан өткізіп жатқанда елдің билік тізгіне Реза шаһ (1925-1941 жж.) мен оның ұлы Мұхаммед Реза шаһтың (1941-1979 жж.) қолында болды. Сол кездегі қариялардың әңгімесіне қарағанда Иранның шартарабы бүліктен тыным таппай жатқан болатын. Реза шаһ соның бәрін қатал режимге салып, қалпына келтірді. Сол үшін тарихта диктатор басшы ретінде ел жадында қалды. Ол иранның темір жолын, қара жолын шындап қолға алды. Ешкімнің артық ойы мен өкпе-назына қарамастан қатаң жұмыс тәртібін орнатты. Соның бірі жоғарыда айтқанымдай «Бигари» режимін енгізгендігі еді. Ол кезде Иранның мемлекеттік қазынасы жұпыны болғандықтан Бигари бағдарлама бойынша ұйымдастырылған шара еді. Реза шаһтың саяси қателігі ирандағы шийттік мәзһабының саяси қуатын бағамдай алмағаны болды. Реза шаһ ағылшындар боданында бола тұра, мемлекетте ұлттық иделогиясын қалыпптастырып нығайтты. Бұл арқылы парсы тілін мемлекеттік тіл ретінде күшейтті. Сонымен қатар парсы тілін тазарту үшін араб және түркі сөздерін тілдік қорынан алып тастап отырды. Бұндай тіл саясатын өзінен кейін баласы, тақ мұрагері Мұхаммед Реза шаһ жалғастырды. Реза шаһ ирандағы өзге ұлт-ұлыс өкілдерін парсы тіліне тәуелді ету үшін парсы тілінің мемлекеттік мәртебесі мен бірге парсылар тұратын аймақтарға өндіріс пен ірі сауда орындарын ашып, қуаттады. Сол арқылы парсыларға сенім ұялатып, олардың кеудесін көтерді. Есесіне парсы емес халықтар экономикалық тұрғыдан да парсы қауымының алдында тәуелді күй кеше бастады.

Алайда Реза шаһ зайырлы мемлекет жасаймын деп  азаматтарды Батыс үлгідегі өмір сүру салтына бейімдеді. Сөйтіп, әйелдер мен ерлердің Европаша киіну керектігін алға тартты. Әрине иран жұрты оған қарсылық білдірді. Реза шаһтың дәл осы ұстанымы кейінгі жылдары Иран елінің саяси толқуларының өзекті тақырыбына айналып, 1979 жылдың Ислам төңкерісінің негізін қалады. 

Иран қазақтары бастапқы жылдарын Иранның шекара аймағында орналасқан Түрікмен сахарада  өткізді. Олардың тілі, діні бір қауым деген оймен Түрікмен сахарадағы түрікмендерді пана тұтты. Иранның солтүстігі мен солтүстік шығысында Каспий теңізінің шығыс жағалауынан иранның шығысына қарай созылған кең дала. Түрікмен сахараның негізгі халқын түрікмендер құрайды, ең үлкен қаласы Гүмбез Кавуыс одан кейінгілері Бәндәр Түрікмен, Аққала, Күмістөбе (Гомишан) деп аталады. Қазақтар иран жеріне қадам басқанда шекараға ең жақын шағын қала Гомишан болды. Қазақтардың алғашқы тұрағы да Гомишан мен оның төңірегі болды. Түрікмендермен тату өмір кешті деу қиын. Олардың қазақтарға қарсы кемсітіп қараулары басымдау болды. Бірақ оған көнетін қазақ болмады. Өйткені рулы қазақтарды басқаратын басшы батырлары анау-мынауға көндігетін жандар емес-ті. Түрікмендердің бір жақсы артықшылығы бір істің нәтижесіне сенеді. Сол үшін қазақтардың  өжет мінезіне, берік ұстанымына  көзі жеткен олар қазақтарды сыйлай бастады. Қарттардың айтуы бойынша оған бірнеше оқиға себеп болды. Бірі – түрікменнің бір серісі қазақтың қас сұлу қызына ғашық болып, оны айттырмай, ешкімнің келісімін алмай-ақ оны алып қашады. Мұсылмандық ұлттық дәстүр бойынша ол қыз – жасы келген, ақылы түзу болып, өзі тұрмысқа шығуға келісім берсе, алып қашқан кісі, екі куәгердің қатысуымен неке қиюға құқықы бар болады. Түркімендер  шариғатты  қатты құрмет  тұтады.  Бір ережесі- алып қашқан қызды келісім бергенше қамауда ұстап отырады, сол арада сөзшең әйелдерді жеңгетай етіп,  дәнекер-жаушы етіп жіберетіндері тағы бар. Түрікмендерде қыз алып қашу дәстүрі де жоқ. Олардың қазақ қызын алып қашуын қазақты менсінбеуі әрі саған түкіргенім бар деп айтқандай қабылдаған қазақтар ол кездері ауыл болып бір жерге шоғырлана алмай шашыраңқы жүрген болса бұндай келеңсіз хабарды естіп, суыт әрекетке көшіпті. Нар жігіттерін атқа қондырды. Қазақ аруы да түрікмен салты қаншама сән-салтанатты өмірге уәде беріп жатса да намысын қорғап, жоқтаушысы бар екендігіне сеніп, ауыз ашпай, дәм де татпай уақытын күтумен болыпты. Қазақтар  ойда жоқ жерден пайда болғанда түрікмен серісі ызалы болса да елдік дәстүрге көнуге мәжбүр екенін білген соң қазақтардың жұпыны халіне қарап, «екі жақтан палуандар жекпе-жекке шықсын, сол үшін күрессін» деген ұсыныс айтқан. Іле-шала жұртшылық екі жақтан майданға  жиналып, күрес алаңын құрған ортаға белдесуге шыққан. Аңызға айналған күрес әп-сәтте ешкімге ойлануға мұрша бермей қазақтың палуанының таза жеңісімен аяқталады. Сондағы күрестің басталар кезінде бойы екі метрден кем түспейтін түрікмен палуаны ірі денесіне, айбарлы қабақтары мен күректей қолдарына сеніп, ортаға шыққанда азғантай қазақтың құтын қашырған еді. Өйткені ортаға шыққан қазақ жігіті оның алдында шақалақтай  болып көрінді. Түрікмен серісінің көңілі көтеріңкі, төрелікке сайланған ақсақал күресті бастатты. Қазақ жігіті  қарсыластың іргесінде көйлеңкелеп тұрған күйінде оң қолымен түрікмен палуанының сол қолын алақанның жоғарғы бунына шеңгелдеп, денесін сол жағына біраз ойыстырып, лезде оның дене-бітімін төмен қарай тартып қалды да, сол аяғымен оның оң аяғының өкшесіне тірек болып тұрған соңғы сызығын жерден ажыратып, жоғары көтерген кезде түрікмен палуаны өз салмағымен қара тау жерге құлағандай, анау көктен жерге қарай күмп етіп құлады. Түрікмен палуаны ес жия алмай жерге қадалды. Қазақтың іштен орап қарсыласты өз күшімен жеңу әдісі екен. Көргендер сенерін де, сенбесін де білмей аң-таң. Қазақ жігітінің таза жеңісіне ешкімнің де шүбәсі жоқ. Қазақ жігітінің таза жеңісін бүкіл жұрт мойындады. Сонымен бұл күрес аңызға айналды, өйткені бәрі қас-қағым сәтте болды. Аталған оқиғадан кейін қазақтар арасында түрікмендер мәрт мінезді, сөзіне тұратын халық деген пікір де қалыптасты.

Алла жар болып, түрікмен ақсақалдарының да оң  батасымен қазақтар қызын қайтарып алып келіпті. Қазақтар үшін иранға барған бастапқы жылдар шекарадан кейінгі түрікмендер тұратын шағын Гомишан деген қаласының төңірегінде жүріп, бар өнері даладан тезек теріп түрікмендерге сатып күн көрген. Бұндай тіршілігі қиын болған соң иранның оңтүстіктегі парсы шығанақ жағына қарай жылжи берді. Ау-бастан армандағандай мүмкін болса бір жолата Мекке мен Мәдина қалаларын бетке алып Араб Саудия еліне жол тартқылары келді. Сонда жетіп өлсек те арманымыз жоқ деген ниетте болғандар да болып, сол арманға жетуді көздеді. Мыңдаған босқын қазақтың күнкөріс жағдайлары әбден нашарлаған соң «ауыл қайда, су қайда» деп тарам-тарам бағытқа бет алып кете берді. Сонда олар «Елім-ай» әнін «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деген Ақтабан шұбырындының (1723-1725 жж.)  қасіретті оқиғасын еске алып, соны да көрген қазақ бүгінде тіріміз дегендей көңілдеріне демеу етіп әндетіп жүріпті. Біздің буын оқып,  «қарны тоқ, көйлегі көк» болған 1970 жылдары бұл жыр анда-санда шырғалып қалған кезде қариялар: «Айналайындар! Осы қасіретті өлеңді енді айтпай-ақ қойыңызшы, Тәңірі бәлесінен аулақ қылсын, енді ол күндер қайталабасын» деп күрсіне отырып жыршыларға айттырмай қоятын. Құдай-ау қарияларымыз сол ескертуді айтқан мезетті еске түсірудің өзі ауыр. Олар демдерін іштеріне тартып, өкініш пен ызасын уһлеп күрсінгенде әлемді түнек басқандай сезілетінін мен де сезетінмін. Сол үшін бе, білмеймін аспанға қара бұлт үйіріп, күн күркірегенде көңілді бір терең қайғы басып тұратын сол жылдары. Елге оралған жылдары Ақтабан Шұбырынды оқиғасын зерттеулерден оқып білген соң аталарымыздың тұңғиық қайғысын кеш те болса еске алып, біз де жыладық.  Иран жеріне жеткен қазақтар беймәлім жолдарға түсіп, топ-топқа бөлініп, күнкөріс қамымен жан-жаққа бытырай бастады. Бір тобы Бәндер Түрікмен қаласы мен Күрдкуй қаласының  тоғысқан даңғылынан батысқа қарай бет алса, енді бір тобы шығыс бағытына қарай жүріп кетті.  Бала-шағаның қарнын тойдыру бас қайғысы болған оларға бір-бірімен бас қосып, кеңесуге заман да мұрша бермеді. Шығысқа қарай жүріп Горган қаласының маңына топтасқан қазақтар арықтардан мөп-мөлдір болып ағып жатқан судан шөлін қандырам деп ішкен жүздеген адам уланып лек-легімен өле берген. Оларды жерлеуге тірілердің көрген азабы сөзбен айтып түсіндіру қиын болғанын қариялар айтқан. Сол арықтардың суы неге оларды уландырғанын Иранның өзі тарихының қарбалас кезеңіне тап болған заманда ешкім де көңіл бөліп, зерттей қойған жоқ. Орталық билік әлсіз, әркім білгенін істеп жүрген кез. Кейінгі жылдары үлкендеріміздің қисынға келер болжамы айтылып жүрді. Айтқандары сол жақында әскери гарнизон болған, қазірде өз орнында тұр.  Сол гарнизонның химиялық қалдықтары жанындағы кішкене Горган өзеніне төгіліп, одан тараған арықтардың суын улап отырған дейді. Алла біледі. Қалай болғанның өзінде қазақтар жүздеген жаннан айырылды. Бұл аздай көпке созбай жұқпалы оба ауруына да шалдығып, қазақтардың өлімін мыңдаған адамға ұластырды. Қалғандары қалай болған күннің өзінде Меккеге баруды мұрат етті. Екі бағыттан Иранның оңтүстігіне барып, парсы шығанағы арқылы араб сахарасына баруды ойлаған бір тобы – Нишабур, Сәбзевар қалаларының төңірегінен әрі қарай жол таба алмай, бір-екі жыл сандалып, бұрынғы орындарына қайта оралды. Батыс жаққа бет алғандар Теһран, Рей, Исфаһан арқылы шығанаққа жетіп, бір тобы жалдамал кемелер арқылы әрі қарай өткен, одан кейінгі бөлігі шығанаққа жеткенде ауа райы бұзылып, боранды күндер, айларға ұласқан соң амалсыздан кері қайтуға мәжбүр болған. Қазіргі кезде сол көште Арабияға барған Байпақ ақсақалдың үрім-бұтағы сол елдің азаматтары болып өмір кешуде.  Екінші легінен Ораз ақсақалдың ұрпақтары Сирия елінен Түркияға қоныс аударды. Мәммет деген бір немересі еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген соң Түркістан қаласында  Қожа Ахмет Иассауи атындағы Қазақ-Түрік университетінде жоғары білім алып, заңгер мамандығына ие болды. Дәрігерлікті оқыған қазақ қызына үйленді. Қазіргі кезде Түркияда тұрады, бала-шағалары бар, бақытты отбасы дей аламын. Арабияның дәм-тұзы бұйырмағандар Мазандаран провинциясына оралып, шығыстан қайта оралғандармен Бәндертүрікмен қаласының маңындағы Назабат ауылында табысты.  Қазақтар екінші басқосуларында Алланың жазған тағдырына көнді. Иранда тұрақтайық, азаматтығын алайық деген тоқтамға келді. Күнделетіп уақыт өткен сайын сол аймақта батылдықтарымен де атаққа ие бола бастады.  Бұл Рақбай атамның қораға түскен ұрыларды ұстап заң орынына тапсырған оқиғасы еді.  Ол жайт қазақтың да абыройын асқақтатыпты. Атаның ел ішіндегі абыройы одан әрі асқақтап кеткен. Сол себепті де басқалар да үкімет адамдары да  атамен қатты сөзге келіп, қақтығысып тұрғысы да келмейтін болыпты.

Қазақтардың Мазандаранға келіп қайта табысқан жылы иранның оңтүстігімен солтүстігіне дейін 1395 шаршы шақрымды бір-бірімен жалғастыратын темір жол құрылысы да  сол аймаққа өкше тіреп қалған кезі болатын. Реза шаһ 1925 билікке келе сала Иранның төрт тарапын темір жол, тас жол және мемлекеттік мекемелер мен жоғары оқу орындарымен қамтамасыз етуді жоспарлап, 1926 жылы темір жол құрылысын бастап, 1936 жылы жобаны іске асырды. Әйгілі Теһран университетінің іргесі де Реза шаһ заманында қаланды.  Содан иранның солтүтігіндегі Бәндертүрікмен қаласы мен оңтүстіктегі Парсы шығанаы жағалауындағы Бәндершапур қаласы аралығын бір-бірімен байланыстырды. Реза шаһ сондай ірі жобаларды жүзеге асыру үшін «Бигари» режимін енгізгенін айттық. Сол жобаға қазақтар да қатысты. Ауылнай басқа да мемлекет тарапынан тағайындалған адамдар ұйымдастыру, бақылау жұмыстарын қолға алған-ды.

Қазақтар ол кезде азаматтық ала қойған жоқ еді, тек қана бір оқиғаның салдарынан үкіметтің көзіне іліккендігі бар екен. Ол жайт былай болған: бір күні қазақтың бір неше мықтылары жұмыс жүріп жатқан темір жол бойынан өтіп бара жатқанда бір рельсті бір неше жұмысшы бірге көтеріп бара жатқанда қазақтар «бұл не шаруа бір адам көтеретін рельсті бірнеше адам болып көтеріп бара жатқаныңыз» депті біреуі. Содан екі жақ бәсекеге түсіп, сөзден сөз қуып, бәстесуге дейін барған. Қазақтар әңгімені созбай-ақ әрқайсысы бір рельстің алдына тізе бүгіп, рельсті әуелі кеудеге тартып кейін иыққа  қарай көтерген екен.  Бұны көрген жергілікті жамағат аң-таң күйінде тамашалаған сахнаны аңыз қылып айта бастаған. Осылайша үкімет мүшелері қазақтарға көңіл бөле бастап, оларды темір жол мен құрылыс жұмыстарына ақылы түрде де, Бигари түрінде де ала бастаған. Назабат ауылының ауылнайы қазақтарды темір жолдың Бигари жұмыс түріне нұсқау берген. Жалпы қазақтар оның нұсқауына көнген болса да Рақбай ата қатыспайтынын айтқан.  Атаның уәжі «бізде азаматтық жоқ. Сол үшін бигариға, тіпті үкімет жұмысына бармаймын» деген. Ауылнай болса «олай болса, сізде ауылдың мүмкіндіктері пайдаланып, ауылда тұруға құқықыңыз жоқ»,-деп жауап қайырған. Атада да «көшіп үйренгенбіз» деп сөзді қысқа қайырып, сол күні ауылдан ұзақтау жерге көше салған. Жалғыз қазақ шаңырағы Назабат ауылынан  ұзақтау жерде күркесін салып,түтінін түтетіп, күн көре бастады. Күндер өткен соң ел хабардар болып, сыйлас дос-жарандар, ағайын-туыстар тұрағына барып, не істесекте бірге болайық деген ойларын айтқандар болған. Бірақ саспайтын, асықпайтын, әріден ойлап сөйлейтін ол айтқандарын тыңдап, ұсынысына иә немесе жоқ демепті. Бұндай қысылтаяң заманда кімге не айтуға болады деген оймен үнсіз қалған шығар. Кім білсін? Күндер алға жылжи берді. Алайда сол жылдары Иран жеріне орналасып, топтаса бастаған уақыттарда елге қорған болып жүрген  қазақтың әйгілі бес палуаны болды, бесуі де тақуа, кіші пейіл, сөзге сараң, қауымын қорғауға өздерін міндетті санайды, онысын да айтып, жар салмайды. Сол үшін бұндай оқиғалар олар үшін тіршіліктің жай механизмі іспеттес болған..

(Жалғасы бар)

 

2107 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз