• Ел мұраты
  • 30 Сәуір, 2022

ГЕОГРАФИЯ ПӘНІ ҚАҒАЖУ КӨРМЕСІН ДЕСЕК...

Ұлжалғас ЕСНАЗАРОВА,

Географиядан республикалық атаулы мектеп жетекшісі, п.ғ.д., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері», Ресейдің Жаратылыстану академиясының академигі

Құрметті ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы!

Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым және практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға жеке кәсіптік шыңдауға бағытталған сапалы білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау»,–  делінген. Қазақстан Республикасындағы қазіргі білім беру жүйесіндегі ұлттық тәрбие және білім беруді жалпыадамзаттық құндылықтарды дамытуға бағытталған үлгісін қайта талдаудың қажеттілігі  туындап  отыр. Қай ғасырда болсын тәрбие негізгі мәселе болып саналады. Уағында «Бала тәрбиесі – мемлекеттің маңызды міндеті» деп грек философы Платон өзіндік тәрбие жүйесін құрған болатын.Бар саналы өмірімді білім беру саласына арнаған маған «Қаңтар  қасіреті» деген атпен белгілі  болған бейбастыққа қатысқан жастарды оқытып, білім мен тәрбие беруде қандай кемшіліктер жібердік деген ой күнделікті өмірде қай-қайсымызды да толғандырып жүр. 

Бірінші болып ойыма келетіні – әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы» деген даналық сөзі. Тәрбие мен білім беру – үнемі қатар жүргізіліп, оларды бір-бірінен бөліп-жаруға болмайтын бірізді жүйе. Осыған терең мән бермеген жағдайда қандай да бір олқылықтардың орын алатыны сөзсіз.

Жалпы білім беретін оқу орын-дарында: орта мектеп, гимназия, колледжде, жоғары оқу орындарында оқытылатын «География» оқу пәні – жастарға ұлтжандылық, патриоттық және интернационалдық тәрбие беруді жүзеге асыруда үлкен мүмкіндіктері бар маңызды оқу пәндерінің бірі.

Соңғы жылдары патриоттық және интернационалдық тәрбие мәселесіне аз көңіл бөлінгені бәрімізге  белгілі.

Соңғы уақытта білім саласына қазақ халқының ұлттық  даму тарихына жат, сырттан, шетелдерден  келген жаңалықтың бәрі бірдей жақсы бола  бермейтініне  тағы да  көзіміз жетті.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан  халқына арнаған Жолдауында  елдің көкейінде жүрген өзекті сауалға арналған мәселелер қамтылды. Жолдауда Президент «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет» деді. Сонымен қатар  жақын арада елімізде үлкен саяси реформалар болатынын мәлімдеді. Жалпы орта білім беретін мектептердегі оқу-тәрбие жұмыстарында белсенді, халықтың талап-тілегі ескерілген жаңа реформалар болатынын да айтты. Осыған  байланысты алыс елді мекендерде  тұратын  халыққа  өздерінің  жеке бастарына байланысты   шаруаларды  шешу  үшін, жаңадан 3 облыстың құрылуы негізінде географиялық фактор  дегеніміздің  не екенін  анық түсіндіріп  берді. Осыған байланысты білім саласында «География» оқу пәнінен сабақ беріп жүрген барлық педагогтер мен Географиядан Республикалық Атаулы мектеп мүшелері бірлесіп өткізген Республикалық ғылыми-әдістемелік семинарларда жүйелі тұрғыдан пәннің жаңартылған бағдарламасы мен оны оқытуда жібергілген көптеген кемшіліктерді қайта қарап, талқылап, алдағы уақыттағы дұрыс бағыттарын анықтауды қарастыруда.

2020-2022 жж. «Географиядан Ұ.Ә.Есназарованың Республикалық атаулы мектебі» және Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің география,туризм және су ресурстары кафедрасы мен Қазақстанның ЖОО географ-ғалымдары мен педагогтері бірлесіп республикалық ғылыми-әдістемелік семинарда талқылағанда: «Жалпы бі-лім беретін мектептерде география пәнін оқытудағы өзекті мәселелері» аясында «Географияны» оқыту барысында қордаланып қалған мәселелер көп екеніне көзімізді әбден жеткіздік. Екінші  рет «Жаңартылған білім бағдарламасы жағдайында «Қазақстан географиясы» пәнін оқыту мәселесі» тақырыбы ашық пікіралысу болды. Осы семинарда көтерілген мәселелер бойынша «Егемен Қазақстан» газетінің 2020 жылғы 21 желтоқсан күнгі №242 санында «Байтақ елдің географиясы неге толық оқытылмайды?» деген мақала жарық көрді.

Үшінші рет 2021 жылы 27 наурыз күні онлайн режимінде «Қазақстан Республикасы Жалпы орта білім беретін мектептерде географиялық білім берудің ұлттық моделінің Тұжырымдамасы» жобасын дайындап, талқылап, өз ойларымызды  ортаға салдық.

Бұрын Алматы  қаласында өткен эксперттік талқылауда біздің айтқан сын пікірімізді, соның ішінде «География» пәні  дүниежүзінің барлық мемлекеттерінде міндетті түрде оқытылып келе жатқан оқу пәні екені және ғасырлар бойы географияны оқытудың қалыптасқан жүйесі бар екені айтылған болатын.

Соңғы жылдары «Жаңартылған» деген атпен белгілі болып ұсынылған бағдарламада География ғылымдарында қалыптасқан география пәнін оқытудың ғылыми жүйесі біржолата бұзылғаны туралы эксперттік комиссия мүшелері тәжірибелі ұстаздар мен ғалымдар  жіберген қателіктерді көрсетіп, келешекте түзетіледі деген үмітпен өз ұсыныстарын білдірген еді.  Жаңа мазмұнды бағдарламада жіберілген үлкен кемшіліктер көрсетіліп және ол саяси қателік екені де айтылды.   Жалпы «жаңарту» деген бұрынан қалыптасқан дәстүрлі білім беру жүйесінің тамырына балта шабу емес, қайта жақсы жағын алып оны ары қарай дамыту деп түсінілуі керек .

Дүниежүзіндегі барлық егемен мем-лекеттер өздерінің тәуелсіз мемлекет екенін білдіру үшін өз елдерінің географиясын жеке пән ретінде оқытады. Бұрынғы КСРО-ның құрамында болған республикалар: Ресей, Белорусь, Украина, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан өз елдерінің географиясын жеке пән ретінде екі оқу жылында оқытуда. Алыстағы шет елдерден мысал келтірсек, Қазақстан Республикасының бір ғана  әкімшілік ауданының жер аумағындай ғана  болатын Израиль мемлекеті өз елінің географиясын екі бөліп, бір жыл бойы «Израильдің физикалық географиясы» (табиғатын), сонан соң екінші жылы «Израильдің экономикалық және әлеуметтік географиясын» оқытады.

Екінші жағынан, біздің егемен еліміздегі әлеуметтік-экономикалық дамудың орасан зор қарқынмен жүруіне толық мүмкіндік бар. Ал географиялық білім еліміздің тұрақты дамуына өзіндік үлесін қоса алады. Сондықтан оқулықтар қаншалықты жақсы, түрлі-түсті, егжей-тегжейлі болса да, барлығын қамти алмайды, өмір өзгерісте болады. Мұғалімнің міндеті – оқулықтардың мазмұнын жарқын, түрлі-түсті мысалдармен «жаңғыртып», ел экономикасындағы жетістіктерімізді көрсету, оқушылардың санасына ғана емес, сезіміне де әсер ету. Патриоттық және интернационалдық тәрбиені жүзеге асыру үшін әрбір мұғалім жас ұрпаққа жан-жақты ұлттық тәрбие берудің жалпы мақсаттарын және мектеп географиясы курсының тәрбиелік мүмкіндіктерін талдау негізінде мынадай міндеттерді шешуі керек:

I. Біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасының табиғатының өте әсем, әрі алуан түрлілігін және Менделеев кестесіндегі барлық қазба байлықтарға аса бай мекен екенін оқытып-үйрету;

2. Осындай табиғи қазба бай-лықтардың еліміздің экономикалық әлеуетінің артуына тікелей әсері бар екенін түсіндіре отырып, қоршаған орта мен табиғатты қорғау жолындағы экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Қазақстанның  географиясын оқыту барысында еліміздің табиғат жағдайлары мен ресурстарының экономикалық құрылымы мен мамандануына, оның орны мен рөлін талдау маңызды. Ел экономикасының жалпы жүйесі мен даму болашаға оқушылардың санасында қалыптасуы керек.

Қазақстанның ауыл шаруашылығын, өнеркәсіп салаларын, көлігін оқып білу, талдау болашақ мамандыққа бағыттау техникалық-материалдық базаның факторларын ескеру республиканың экономикалық аудандарының, аумақтық өндірістік кешендердің, өнеркәсіп орындары мен орталықтарының экономикалық-географиялық сипаттамаларында та-биғи жағдайлар мен ресурстар олар-дың шаруашылықты дамытудың факторларымен тек осы пән арқылы таныстыра аламыз.

Қазіргі кезде мектепте жұмыс істейтін әрбір мұғалімнің алдында білім  берумен қатар ұлттық идеялық-саяси тәрбиенің үш негізгі міндеті тұр:

1.Оқушыларды туған Отанымыз туралы қажетті көлемдегі геоэкономикалық, геоэкологиялық, саяси-әлеуметтік біліммен, дүниетанымдық идеялармен, түсінік және ұғымдармен қаруландыру.

2.Оқушылар бойында азаматтық сезімдерді, өз елінің, Қазақстан хал-қының өмірі мен атқарылып жатқан игілікті істеріне қатысуға, қазақстандық патриотизм мен ұлтаралық интернационализм сезімін тәрбиелеу.

3.Оқушыларды «Жаңа Қазақстан» қоғамының белсенді пайдалы еңбек әрекетіне баулу.

Біз білім беру саласының қыз-меткерлері де Жаңа Қазақстан қоғамына өз үлестерін қосатын жас ұрпақты оқытып-тәрбиелеуге атсалысуымыз қажет. Жаңа Қазақстанды құруға бағыт алған осындай реформалар аясында, білім саласында болатын өзгерістерге қарай, мектептердегі география пәнінде жүйелі түрде оқытылса деген пікіріміз ескерілсе екен дейміз.

Тұжырымдамасы жобасыНДА «География» курсының құрылымы:

Оқытудың I сатысында (1-4 сыныптар) географиялық мазмұндағы  қарапайым танымдық білімдерді «Табиғаттану», «Жаратылыстану» біріктіру барысында бір оқу пәні ретінде оқыту.

Дүниежүзі елдерінде «География» оқу пәндерінен білім берудің қалыптасқан дәстүрлі  жүйесіне  сүйене отырып, Қазақстан Республикасының  мектептерінің II және III сатысында оқытылуға ұсынылатын география оқу пәндерінің тізімі  жоба  түрінде  төмендегілер  ұсынылады:

Оқытудың II сатысында 5-9 сыныптарда оқытылатын оқу пәндерінде географиялық білім жүйелі түрде теориялық тұрғыдан негізделуі қажет. Олар төмендегідей оқу курстарында ұсынылады:

«Жаратылыстану»( 5-сынып, 68 сағат)

Бастапқы география курсы (6-сынып, 68 сағат);

Мұхиттар мен материктер географиясы (7-сынып, 68 сағат).

Қазақстан географиясы (8-9 сынып, 136 сағат). Қазақстанның физикалық географиясы (8-сынып); Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы (9-сынып).

Ол – 6-сыныптағы «Физикалық география» немесе  «Географияның бастапқы курсы» деп аталады. Бұл курста оқушылар адамзат өмір сүріп жатқан Жер ғаламшары және оның географиялық қабықтары (литосфера,атмосфера, гидросфера, биосфера және әлеуметтік сфера) туралы білім алулары керек.

Ал 7-сыныпта «Мұхиттар мен материктер географиясы» оқытылып келді. «Материктер мен мұхиттар географиясы» курсынан оқушылар Дүниежүзілік мұхит оның бөліктері мен жеке материктердің әрқайсысына өзіне тән табиғат ерекшеліктері, халқы мен елдері, оларды зерттеген саяхатшылар мен зерттеушілері туралы толық мәлімет берілетін. Педагогикадағы «жеңілден қиынға» дидактикалық ұстанымына сәйкес, материктерді оқыту Жер ғаламшарының моделі ретінде қарастырылатын Африкадан басталып, одан кейін мұхиттар мен материктер туралы оқып білім алып, картамен ойша шет елдерге саяхат жасап, оқитын өте қызық, ғылыми негізде жүйеленген курс болатын.

Кеңес дәуірінің белгілі географ-ғаламы, кезінде Қазақстанда еңбек еткен Н.Н.Баранский: «Өзіңнің  Отаныңды сүю үшін оны жақсы білу керек» деп атап көрсеткен болатын.Мектептерде 8-9 сыныптарда «Қазақстан географиясы» (физикалық және экономикалық-әлеуметтік география) курстарын оқыту мәселесі осы съезден соң оң шешімін табатынына сенімдіміз. Сондықтан бүгінгі таңда сабақтың тәрбиелік бағытын арттыру, оқу үрдісінде ұлттық тәрбие жұмысын жандандыру, яғни оқушылардың елдің  жарқын болашағына деген сенімін қалыптастыру үшін «Қазақстан географиясы» пәні қарастыратын барлық мүмкіндіктерді толық және тиімді пайдаланудың маңызы ерекше.

Қазақстан географиясын оқыту барысында оқушыларға туған елі жер аумағы жағынан дүниежүзінде тоғызыншы орынды ала отырып, қазба байлыққа  бай, дүниежүзілік аренада ең қуатты техникасы мен өнеркәсібі дамыған мемлекеттердің бірі ретінде қалыптасуға реформалар жасайды деген сенімін қалыптастыруымыз керек. Қазақстанның табиғи байлықтары мен ресурстық әлеуеті туралы нақты материалдар  оқулық мәтінінде болуы керек. Еліміздің  жер аумағының үлкендігі, мемлекеттік шекаралардың  ұзындығы, үлкен жазықтар мен ең биік тау жүйелері, ірі өзен-көлдері жаңа реформаларды  іске асыру үшін материалдық-техникалық базасын құруға қажетті барлық табиғи қорлардың (ресурстардың) айтарлықтай көлемде болуы, халықтың экономикалық қуаты, оның қолындағы әлеует – мұның барлығы оқушыларды Отанымыздың қуаттылығы мен беріктігіне, оның саяси және экономикалық тәуелсіздігіне сендіруі керек.

Негізінен, Қазақстанның физикалық географиясы курсын еліміздің кез келген аудандарының мысалында өлкетанушылық тұрғыда оқытуға болады. Өйткені әр аймақ өзінің табиғи қазба байлығымен, сұлулығымен ерекшеленеді және шаруа-шылыққа қажетті маңызды табиғи ресурстарға ие.

– Пән мазмұнында біртұтастыққа, географиялық қабықтың даму кезеңдеріне геожүйенің өзара байланысы мен өзара әрекетіне және осы жүйенің әртүрлі даму кезеңдеріндегі Қазақстан халқының  динамикасы, шаруашылығының  дамуы, саяси және  экономикалық  жағдайларға  байланысты  өзгерістерге  ұшырауы, егемен мемлекет болып қалыптасуына  байланысты меншік, нарықтық, әкімшілік-аумақтық  өзгерістерге сай  геосаясаттық  геоэкономикалық, геодемографиялық  өзгерістерге  назар аударылады.

Қазақстан Республикасы географиялық кеңістіктің жаңа субъектісі ретінде қарастырылатын болады.

Оқытудың III сатысында (10-11 сыныптар) оқытудың кең көлемді нұсқасы оқыту бейініне қарай міндетті және таңдау бойынша бөлінсе өте орынды болар еді.

Міндетті курстар:Типтік оқу бағдарламасына сай бейіндік бағытта ҰБА жаратылыстану бағытты пәндер; Дүниежүзінің экономикалық-әлеуметтік және саяси географиясы (11-сынып, қоғамдық-гуманитарлық бағыт, 102 сағат; жаратылыстану-математика бағыты, 136 сағат);

Дүниежүзінің саяси географиясы немесе Елтану курсы (12-сынып, қоғамдық-гуманитарлық бағыт, 102 сағат, жаратылыстану-математика бағыты, 136 сағат) деген сенімдеміз.

Таңдау курстары:

Геоэкология;

Саяси география және геосаясат негіздері;

Өлкетану және туризм;

Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы;

Түркі тілдес елдер (мемлекеттер) географиясы оқу пәндерін ұсынады.

Оқушылардың білімге деген жаңа көзқарасын және Отанының даңқы мен құдіреті үшін еңбек ететін сананы қалыптастыратын пәннің бірі – «Қазақстан географиясы».

Бұл пән жас ұрпақ санасында терең патриоттық сезімді қалыптастыруға ықпал етеді, соның нәтижесінде халық арасынан ел мақтанышы болатын азаматтар өсіп-жетіледі.

1153 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз