- Ел мұраты
- 30 Сәуір, 2022
ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМДАР МӘСЕЛЕСІ
Сан түрлі сауалдың жауабы қандай?
Дина ИМАМБАЙ,
«Ақиқат» журналы Бас редакторының орынбасары
Қоғамдық ұйымдардың тарихына үңілсек, ең алдымен, кеңестік кезеңдегі кәсіподақтарды айтуға болады. Алайда КСРО тарағанда бұрынғы өнеркәсіп орындары мен зауыт-фабрика, түрлі мекемелер жабылды немесе жекешелендірілді. Сол себепті кәсіподақтар да өзінің мән-мағынасы мен ықпалынан, мүлік-қаражатынан айырылды. Саяси жүйе өзгергенде тек Ұлы Отан соғысы мен ауған соғысы ардагерлерінің бірлестіктері, Чернобыль апатын жоюшылардың одағы мен мүгедектер қоғамы сақталып қалды. 1990 жылдары елімізге Батыстан құқық қорғау ұйымдары, түрлі қоғамдық қорлар келе бастады. Осы кезеңнен бастап үкіметтік емес ұйымдар біртіндеп қоғам өмірінен өз орнын алды.
Алғашқы қоғамдық ұйымдар қата-рында елге кең танымал болған «Невада – Семей» қоғамдық қозғалысы азаматтық сана-сезiмнiң жарқын көрiнiсi болды, ол ядролық полигондарды жабу мақсатында құрылды. 1991 жылғы 27 маусымда «Қазақ КСР-iндегi қоғамдық бiрлестiктер туралы» Қазақ КСР-iнiң Заңы қабылданды, соның нәтижесінде «Қазақстанның халық конгресi», «Алаш» партиялары, Қазақстанның социал-демократиялық партиясы (ҚСДП), Қазақстанның социалистiк партиясы, Қазақстанның Республикалық партиясы, «Лад» республикалық славян қозғалысы, «Азат» Қазақстанның азаматтық қозғалысы, «Мемориал» қоғамдық-ағарту қоғамының филиалы, Алматы- Хельсинки тобы, «Бiрлiк» қозғалысы, «Əдiлет» тарихи-ағарту қоғамы, «Поколение» зейнеткерлер қозғалысы жəне басқалары пайда болды. Біртіндеп қоғамдағы түрлі топтардың мүддесін іске асыру мақсатында құрылған үкіметтік емес ұйымдардың саны артты және азаматтық қоғам құрудың бір тетігіне айналды.
ЗАҢНАМА НЕ ДЕЙДІ?
Қазақстандағы Азаматтық қоғамның басты институттарының бірі болып табылатын қоғамдык-саяси партиялар мен бірлестіктердің, мемлекеттік емес ұйымдардың қызметі мемлекет тарапынан құқықтық нормалардың жүйесін құрайтын нормативтік-құқықтық актілермен қамтамасыз етілген. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан Республикасында дербес мемлекеттілікті қалыптастыру барысында азаматтық қоғам институттарының қызметтерін құқықтық негізде реттейтін бірнеше заң қабылданды. Атап айтқанда, 1996 жылғы 31 мамырда қабылданған «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының заңы, 2001 жылғы 16 қаңтарда қабылданған «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Қазақстан Республикасының заңы, 2002 жылғы 15 шілдеде қабылданған «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының заңы және т.б.
1999 жылы еліміздің барлық өңiрлерінде үкіметтік емес ұйымдарға арналған «Ақпарат орталықтары» ашылды, олардың басты мiндетi өңiрлiк үкiметтiк емес ұйымдармен өзара iс-қимыл жасау, оларға консультативтiк көмек, ақпараттық жəне əдiстемелiк қолдау көрсету болды. 2000 жылғы қазанда Қазақстан Республикасы Президентiнiң («Epкін де еңселi əрi қауiпсiз қоғамға» атты Қазақстан халқына Жолдауында үкiметтiк емес ұйымдарды дамытуға жағдай жасау жөнiнде Үкiметке алғашқы тапсырма берiлдi.
2000 жылы мемлекеттiк билiк органдарымен өзара iс-қимыл тетiк-терiн жасау үшiн күш-жiгерiн шоғырландыратын Қазақстанның Үкiметтiк емес ұйымдарының (YEҰ) конфедерациясы құрылды. 2001 жылы «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Қазақстан Республикасының заңы, 2002 жылы Үкiметтiк емес ұйымдарды мемлекеттiк қолдау тұжырымдамасы қабылданды. 2003 жылы Үкiметтiк емес ұйымдарды мемлекеттiк қолдаудың 2003-2005 жылдарға арналған бағдар-ламасы бекiтілдi, соған сəйкес облыстық (қалалық) бағдарламалар əзiрлендi. «Қоғамдық кеңестер туралы заң» қабылданды. 2003 жылы Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ə.Назарбаевтың қатысуымен бiрiншi Азаматтық форум өткiзiлдi.
Қазақстан Республикасында аза-маттық қоғамды дамытудың 2020 жылғы тұжырымдасында: «Қазақстан саясатының негізгі қағидаттары – бұл қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігі үшін экономикалық даму, саяси және идеологиялық әралуандық, патриотизм және азаматтық белсенділік, қоғам мен мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен және Қазақстан Республикасының заңна-масына сәйкес шешу» деп атап көрсетілген. Құжаттың 1-тарауында: «Әртүрлі әлеуметтік топтар мен индивидтердің қажеттіліктері мен мүдделері азаматтық қоғамның саяси партиялар мен қозғалыстар, жергілікті қоғамдастықтар, кәсіптік одақтар, діни бірлестіктер, шығармашылық, қоғамдық және ғылыми одақтар мен бірлестіктер, бизнес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары, сондай-ақ қоғам үшін көрсетілетін қызметтердің кең ауқымын іске асыратын қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар сияқты институттары арқылы көрінеді» делінген.
Мемлекеттік органдар өз қызметі туралы халықты тұрақты хабардар ету үшін азаматтар мен түрлі қоғамдық бірлестіктерді әріптестікке тартады. Елде қолайлы құқықтық орта құру, билік органдары қабылдаған шешім-дерді жоспарлау және орындау үшін азаматтардың қоғамдық белсенділі-гін қолдайды. Азаматтардың ерікті бірлестіктері қоғамда әртүрлі пікірлер мен мүдделерді білдірудің арнасы болып табылады, осы ұйымдар арқылы азаматтар ақпарат алады және қабылданған шешімдер жөнінде өз пікірін білдіреді.
«Қазақстан Республикасында аза-маттық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейін тұжырымдамасы» мемлекеттік бағдарламалар мен бастамаларды әзірлеу және іске асыруға қоғамдық қатысу жүйесін дамыту, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатын жетілдіруге атсалысу, мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам әріптестігі жүйесін нығайту, азаматтық қоғамның тұрақтылығын арттыру, сондай-ақ одан әрі жетілдіру мақсатын көздейді. Қоғамдағы ҮЕҰ рөлін нығайту мақсатында азаматтық форум өткізу дәстүрге айналды.
ҮЕҰ НЕМЕН АЙНАЛЫСАДЫ?
2011 жылдан бергі азаматтық қоғамды қолдау бағытында атқарылған іс-шаралар нәтижесінде ҮЕҰ-ның саны еселеп өсті, олардың әлеуметтік саясатты іске асырудағы қызметінің ауқымы кеңейді. Мәселен, қазіргі таңда қазақстандық қоғамдық ұйымдардың арасында экологиялық белсенділер алдыңғы орынды алады. Бүкіл ҮЕҰ-ның 15%-ы осы бағытта қызмет атқарады. Белсенді әлеуметтік-саяси ұйымдар еліміздегі қоршаған ортаны қорғау проблемаларын өткір көтеріп келеді. Саны жағынан басым тағы бір ҮЕҰ денсаулық сақтау, балалар мен жастар мәселелерімен айналысады. Салалық билік органдарының назарынан тыс қалған тақырыптарды көтеруде және іске асыруда осы бағыттағы қоғамдық ұйымдардың рөлі ерекше. Экология, жастар мен балалар мәселесімен айналысатын ҮЕҰ-лар жастар, студенттер, мемлекеттік қызметкерлер арасында танымал. Сондай-ақ мәдениет, білім, ғылым, спорт бағытындағы қоғамдық ұйымдар осы саладағы мекемелерге жақсы таныс. Әлеуметтік салада мүгедектердің құқықтарын қорғайтын үкіметтік емес ұйымдардың саны көп және олардың қызметі көпшіліктің қолдауына ие.
Үкіметтік емес ұйымдардың өзіне тән жұмыс тәртібі бар. Мамандардың айтуынша, ҮЕҰ қызметінің негізгі әдіс-тәсілі мен формасы – ақпараттық орталық құру арқылы тұрғындарды ақпараттандыру, тегін консультациялар беру, азаматтардың құқықтарын қорғау, демеушілік қызметтер көрсету, тренинг-орталықтар құру, т.б.
Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметі бойынша, 2020 жылғы сәуірдегі жағдайға сәйкес, тіркелген ҮЕҰ саны – 22 344. Оның ішінде қызметін тұрақты атқаратын 16 426 қоғамдық ұйым бар, ал 800-ге жуығы әрекетсіз деп танылған. Бүгінгі таңда үкіметтік емес ұйымдарда мыңдаған адам жұмыс істейді. Министрлікте тіркелген қоғамдық ұйымдар мына бағыттарда қызмет етеді: халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау; дене шынықтыру және спорт; азаматтардың, ұйымдардың заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау; жастар саясатын қолдау және балаларды қорғау; білім және ғылым; қоғамдық келісімді және жалпыұлттық бірлікті нығайту; саламатты өмір салтын насихаттау, денсаулық сақтау; мәдениетті және өнерді дамыту; қоршаған ортаны қорғау; өмірлік қиын жағдайда жүрген адамға (отбасына) көмек көрсету; тарихи-мәдени мұраны қорғау; отбасылық-демографиялық және гендерлік мәселелерді шешуге жәрдемдесу; көпбалалы, толық емес отбасыларға және жетім балаларға көмек; ақпарат саласы және т.б.
Үкіметтік емес ұйымдар тұрғын-дардың әртүрлі топтарының мүддесін білдіреді. Бұл коммерциялық емес ұйымдардың жалпы белгілері мынадай: 1)үкіметтік емес ұйымдардың өз құрылымы бар және мемлекеттен бөлек; 2)өзін-өзі басқарады; 3)бұл ұйымдар ерікті негізде құрылады. Елімізде қоғамдық ұйымдарды гранттық негізде, сондай-ақ субсидиялар мен сыйлықақылар арқылы қаржыландыру азаматтық қоғам институттарын мемлекеттік қолдаудың кең таралған тетігі болып табылады. Бұл үрдіс көптеген еуропалық және ТМД мемлекеттерінде де бар. Қазақстандағы ҮЕҰ-лардың көпшілігі билік органдарымен тиімді ынтымақтастықта жұмыс істейді. Бұл ынтымақтастық екіжақты екенін айта кету орынды, яғни қоғамдық ұйымдар билікке халықтың тілегін ғана жеткізуші емес, сонымен бірге құзыретті органдар қабылдаған шешімдердің тиімділігі және оған халықтың көзқарасы туралы шынайы мәліметтерді де ұсынып отырады.
Қазақстандағы ҮЕҰ құрамында этномәдени бірлестіктер бір төбе. Бұл ұйымдардың мақсаты – еліміздегі этникалық аз топтардың мәдениетін насихаттау. Этномәдени бірлестіктер Қазақстан халқы Ассамблеясымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Бұл ұйымдар этникалық топтардың мүддесін қорғай отырып, бірінші кезекте мемлекетіміздің саясатына сәйкес қызмет етуі тиіс.
Қоғамда өте танымал ҮЕҰ-лар-дың бір тобы – қайырымдылық қорлары. Мәселен, Аружан Саинның қайырымдылық қоры, Әсел Тасмағамбетова басқаратын «Сәби» қоры, Айдан Сүлейменованың «Аяла» қоры еліміздегі мұқтаж азаматтар мен жетім балаларға, мүгедектерге материалдық көмек көрсету, науқас балаларды емдету және басқа қайырымдылық іс-шараларымен белгілі.
Әр кезеңде қоғамда туындаған проблемаларға орай үкіметтік емес ұйымдардың қызмет бағыты да өзгеріп отырады. Мәселен, 2010 жылдары экстремизм мен лаңкестік, жастар арасындағы суицид мәселелері өршіп кеткені белгілі. Соған сәйкес, осы бағытта қоғам мүшелері арасында жұмыс істейтін ұйымдар құрылып, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша қызмет көрсетуге назар аударылды.
ҚАРЖЫ КӨЗДЕРІ ҚАНДАЙ?
Жалпы ҮЕҰ дегеніміз жекеменшік ұйымдар және ең бастысы, олардың негізгі мақсаты пайда табу және оны өзара бөлісу емес. Қоғамдық ұйымдардың міндеті – қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық немесе саяси жағдаятты жақсарту мақсатымен белгілі бір қызметтер көрсету және мемлекет пен қоғамда қалыптасқан ахуалды өзгертуге талпыну. ҮЕҰ бүкіл халық (немесе оның бір бөлігі) үшін маңызды міндеттің төңірегіне бірігеді, тұрғындардың мүддесін қорғайды және мемлекеттік құрылымдарды сол топтың талабын іске асыруға үгіттейді.
Үкіметтік емес ұйымдарды мемлекет саясатын жүргізуге тарту жұмысы мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлу жолымен іске асырылады. Қазірге дейін Қазақстанда ҮЕҰ-ны қаржыландырудың негізгі екі көзі бар: мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және шетелдік қаржыландыру аясындағы гранттар. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс республикалық, салалық және өңірлік деңгейлердегі әлеуметтік міндеттерді шешуге бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды, жобаларды жүзеге асырудың формасы болып саналады.
Қоғамдық ұйымдарды қаржылан-дырудың қомақты бір көзі – отандық бизнес. Оның ішінде «Самұрық Қазына» АҚ ерекше орын алады. Компанияның «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры әлеуметтік мұқтаждықтарға едәуір қаржы бөліп отырады. Бұл қор компания атынан қайырымдылық қызметін жүргізеді.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орындаумен қатар қазақстандық ҮЕҰ өкілдері халықаралық ұйымдармен де тығыз қарым-қатынаста. Халықаралық ұйымдар мен ҮЕҰ ынтымақтастығының негізгі формасы – гранттық байқаулар. Яғни қандай да бір қоғамдық ұйым өз бағдарламасын халықаралық ұйымның тарапынан қаржыландыруға ұсына алады.
Халықаралық ұйымдар негізінен мынадай салаларда белсенді: тәуелсіз БАҚ-ты қолдау, экология, азаматтарға білім беру, мақсатты топтардың құқықтарын қорғау және мүддесін көтеру, тиімді басқару саласындағы бастамалар, тұрғындардың әлеуметтік аз қамтылған топтарын қорғау. Сондай-ақ мәдени және гендерлік жобалар да танымал. Сарапшылардың деректері бойынша, бүгінгі таңда 20 мыңнан астам адам осы салада жұмыс істеп, халыққа қызмет көрсетіп жүр.Үкіметтік емес ұйымдарды қаржы-ландыруда бизнес, фандрайзинг жүйесі, әлеуметтік желілер мен бұқаралық медиа да маңызды орын алады. Сарапшылардың айтуынша, алдағы уақытта бизнес-қауымдастық әлеуметтік жобаларды іске асыруға белсене кіріседі. Қазақстанда да ірі компаниялар қайырымдылыққа қаржы бөлумен қатар, тұрақты жұмыс істейтін ҮЕҰ түріндегі қорлар құрып келеді.
Мемлекеттің қоғамдық ұйымдарды қолдауын әлеуметтік тапсырысқа бөлінген қаражаттың жылма-жыл өсуіне қарап та байқауға болады: 2003 жылы – 10,7 миллион теңге, 2004 жылы – 9,7 миллион теңге, 2005 жылы – 59,7 миллион теңге, 2006 жылы – 200 миллион теңге, 2007 жылы – 299,028 миллион теңге бөлінген (ашық деректер). 2020 жылы мемлекетіміз ҮЕҰ-ға 1,8 миллиард теңге бөлген.
ҮЕҰ-ларды қаржыландыратын гранттар мен сыйлықақылар түрлі саланы қамтиды. Мәселен, 2020 жылы бөлінген қаражаттың басым бөлігі жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдауға бағытталған (554,1 млн теңге). Білім, ғылым, ақпарат және дене шынықтыру мен спорт саласындағы қызметті қолдауға 231,5 млн теңге, ал әлеуметтік осал топтарды қолдауға 114,6 млн теңге жұмсалған.
Еліміздегі ҮЕҰ-лар шетелдік қаржыландыру арқылы да қызметін жүргізеді. Бұл қаражат 2018 жылы 5 миллиард теңге болған (ашық деректер).
Шетелдік қаржыландырудың негізгі үлесі (70%-ы) АҚШ-қа тиесілі. Қазақстанда 53 халықаралық ұйым, 30 шетелдік мемлекеттік ұйым, 77 шетелдік үкіметтік емес ұйым қызметін жүргізеді. Олардың барлығы заңды тіркелген және қызметіне рұқсат етілген. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі үкіметтік емес ұйымдарды шетелдік қаржыландыруға мониторинг жүргізіп отырады.
«Үшінші секторға» көлемді қаражат бөлетін ұйымдар негізінен БҰҰ агенттіктері, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым (ЕҚЫҰ), Бүкіләлемдік банк, АҚШ-тың Халықаралық даму жөніндегі агенттігі (ЮСАИД), Фридрих Эберт қоры, «Сорос Қазақстан» қоры. Сондай-ақ АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Жапония, т.б. мемлекеттердің елшіліктері де түрлі гранттар бөліп отырады. Әлбетте, бұл ұйымдар мен қорлардың өзіндік мақсат-мүддесі болуы заңдылық. Мәселен, «Сорос Қазақстан» қоры батыс құндылықтарын насихаттауымен танымал. Қордың өз мәліметтері бойынша, 1995-2013 жылдар арасында Қазақстанның 2000 студенті шетелде тағылымдамадан өтіп келген. «Сорос Қазақстан» қорының грантын алушылар қатарында «Қазақстандағы Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюро», «Халықаралық құқықтық бастама», «Адам құқықтары жөніндегі хартия», «Құқықтық саясатты зерттеу орталығы», «Әділ сөз» ұйымдары бар.
ҚОҒАМ ЖӘНЕ «ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСАТЫН МЕМЛЕКЕТ»
Мемлекет басшысы Қ.-Ж.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жарияланған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бірінші кезекте қоғамның, азаматтық сектордың пікірін ескеруді көздейді. Қазіргі таңда жұртшылықтың шешім қабылдауға қатысуының жаңа тәсілдері енгізілуде. Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасының бір нәтижесі: «Ашық үкімет» және барлық деңгейдегі билік органдарының жұмысына «халық үніне құлақ асатын мемлекет» моделінің қағидаттарын енгізу, азаматтар мен азаматтық қоғам институттары үшін мемлекеттік билік органдарының қолжетімділігі» деп атап көрсетілген (4-тарау).
Халықтың өзекті проблемаларын шешуге үкіметтік емес ұйымдарды тартудың тиімді шараларының бірі – мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша қаражат бөлу. ҮЕҰ-ға бөлінетін қаражат «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» ҚР Заңы арқылы реттеледі. Үкіметтің жарлығына сәйкес, ҮЕҰ-ны гранттық қаржыландыру саласындағы оператор – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы». Бұл ұйымның міндеттері заңмен белгіленген.
Қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдарға арналған мемлекеттік гранттар Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы арқылы бөлінеді. АБҚО үкіметтік емес ұйымдарға әдістемелік, аналитикалық, ұйымдастырушылық және консультациялық қолдау көрсетеді. «Ұйым ҮЕҰ мен бастамашыл топтарға мемлекеттік және мемлекеттік емес гранттар ұсыну арқылы олардың ең үздік идеяларын іске асыруға көмектеседі» делінген.
Үкіметтік емес ұйымдарға арналған грант – Оператордың азаматтық бастамаларды қолдау, әлеуметтік саланың өзекті мәселелерін шешу үшін азаматтық қоғам институттарының әлеуетін тарту мақсатында үкіметтік емес ұйымдарға беретін қаражаты. Гранттық қаржыландырудың бағыт-тары ҚР мемлекеттік саясатының басымдықтары, ҚР стратегиялық және бағдарламалық құжаттары, ҚР Президентінің Жолдаулары, Мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ ұсыныстары негізінде қалыптасады. Гранттарды бөлу үшін алдын ала конкурстар ұйымдастырылады. ҮЕҰ өкілдері ұсынған жобалар бойынша өтінімдерді сыртқы конкурстық комиссия қарап, таңдайды. Конкурстық комиссияның сарапшылар тізілімі ҮЕҰ мен мемлекеттік органдардың ұсыныстары негізінде жасалады (2022 жылы 62 адам). Сарапшылар тізілімі Мәжіліс депутаттарынан, қоғам қайраткерлерінен, академиялық құрамнан және басқа белсенді тұлға-лардан тұрады.
ҚАЗАҚ ТІЛІ ҚАҒАЖУ КӨРІП ОТЫР
Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының 2021 жылға арналған есебінде: «Мемлекеттік және орыс тілдерін меңгерген сарапшылардың үлесі 50%-ды (22% болған) құрайды. Орталықтың ақпараттық саясатында толық қостілділік қамтамасыз етілді. Енді мемлекеттік грантты басынан аяғына дейін еліміздің ең шалғай ауылдарының ҮЕҰ online режимінде жүзеге асыра алады» деп жазылған.
Осы тұрғыда «Халық салығынан жиналып, қазынадан бөлінетін қыруар қаржы қалай бөлініп, қалай іске асуда?» деген сұрақ туындауы заңды. Үкіметтік емес ұйымдар арасында жүргізілетін гранттар конкурсына тек Қазақстан азаматтары қатысады, конкурстан өткен жағдайда тиісті қаржыны мақсатты бағыт бойынша жұмсау құқына ие болады. Бірақ соңғы кезде көптеген ҮЕҰ өкілдері грант бөлу ісінде әділетсіздік жайлағанын айтуда. Мәселен, «BasQaru» Қоғамдық қорының жетекшісі Марғұлан Ермағанбетұлы «Көптеген жобаларды іске асыруда тек орыс тіліне басымдық беріледі. Сәйкесінше қазақтілді өңірлер аз қамтылады және қазақтілді қоғаммен жеткілікті байланыс жоқ» деп санайды.
Мысалы, 2021 жылы мынадай жобалар іске асырылған:
– Қазақстанның мүдделерін әлемдік деңгейде ілгерілету мақсатында волон-терлік ұйымдардың халықаралық диалог алаңдарына қатысуы – 25 млн теңге;
– Жастардың психикалық денсау-лығына ықпал ететін жобаларды іске асыру – 17 млн теңге;
– Жоғалған адамдарды іздеу, зілзала қаупін азайту және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою жөніндегі жобаларға волонтерлерді тарту бойынша «Birgemiz: Úmit» жалпыұлттық жобасын іске асыру – 22 млн теңге;
– Жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған іс-шаралар өткізу – 19 млн теңге;
– Тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау жөніндегі «Birgemiz: Asyl Mura» жалпыұлттық жобасын іске асыру – 22 млн теңге;
– Қайырымды істер марафоны жобасы – 59 млн теңге;
– «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасын іске асыру – 24 млн теңге;
– ҮЕҰ академиясы – 55 млн теңге;
– Қоғамдық кеңестер институтын дамыту – 24 млн теңге;
–Қазақстанның ҮЕҰ арасында әлеуметтік кәсіпкерлікті ынталандыру және танымал ету – 16 млн теңге;
–Ауылдық елді мекендер тұрғын-дарының құқықтық сауаттылығын арттыру – 15 млн және т.б.
Марғұлан Ермағанбетұлының айтуынша, бұл жобалардың барлығы ресми тілде орындалған. Яғни қазақтілді қауым, оның ішінде қазақтілді жастар аталған іс-шаралардан тыс қалған. «Жобалардың қазақ тілінде орындалмау себебі мынадай:
– Біріншіден, конкурстық тапсы-рыстарға баға беруші сарапшылардың басым бөлігі мемлекеттік тілді қажетті деңгейде білмейді. Олар мемлекеттік тілде жазылған гранттық ұсынымдардың мәні мен мағынасын дұрыс түсінбейді, үстірт қарайды.
– Екіншіден, грант алушы ұйымдардың басшылығы қазақ тілін түсінбейді. Жобаны іске асыруда қазақ тілін қолдану және сол аудиторияны қамту назардан тыс қалады.
– Үшіншіден, «Азаматтық баста-маларды қолдау орталығы» басшылығы қазақ тілін қажетті коммуникация жүргізу деңгейінде білмейді. Тілді білмеу – сол тілдің өркендеуіне кері әсер етеді. Бұл аксиома» дейді сарапшы.
Мәселен, «Ауылдық елді мекен-дер тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру» атты өте өзекті жобаны «ҮЕҰ академиясы» іске асырған. Қазақстанда ауыл тұрғындары негізінен жергілікті ұлт өкілдері екені белгілі. Алайда жобаны іске асыруда орыс тіліне басымдық берілген және орыстілді аудиторияға бағытталған. Бюджет қаражаты бүкіл халыққа бірдей ортақ екені ескерілмеген.
Марғұлан Ермағанбетұлы «Был-тыр миллиондаған теңге бөлініп іске асырылған Қайырымдылық марафонының қайтарымынан гөрі бір ғана Құрмет Талапқазы деген қарапайым азаматтың Маңғыстау облысына жасаған қайырымдылық көмегінің әсері зор болды» дейді. Сондықтан да сарапшы қоғаммен жұмыстың форматы мен мазмұнын өзгерту керек деп есептейді. Қоғамдық-саяси ахуалды шынайы қалыптастырушы қазақтілді ортамен тығыз жұмыс істеу – мемлекеттік билік үшін өзекті міндет.
Азаматтық қоғаммен жұмыс сала-сындағы орны толмас олқылықты биылғы Қаңтар оқиғасы көрсетіп берді. Наразылықтың бір себебі «Еститін мемлекет» қағидасының өз деңгейінде жұмыс істемеуі екені шындық. Алаңға шыққан қазақтілді жастардың басым көпшілігі әлеуметтік теңсіздіктен зардап шеккендер. Сондай-ақ бұл дүрбелең қазақстандық қоғамда рухани-мәдени құндылықтарды насихаттаудың кемшін қалғанының да айқын көрінісі болды.
Азаматтық қоғамды дамыту тұжы-рымдасында: «Елде де, одан тыс жерлерде де ұлттық мәдениеттің рөлін тану және ілгерілету» міндеті атап көрсетілген. Ұлттық мәдениет дегеніміз – ұлттық құндылықтар, салт-дәстүр, тіл мен дін, әдет-ғұрып. Тарихшы, қоғам белсендісі, «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру және «Ана алақаны» жобаларының авторы Тұрар Сәттарқызы көп жылдан бері осы бағытта жұмыс істеп келеді. «ҮЕҰ-ға арналған гранттар туралы ақпарат қазақтілді ортаға жетпейді. Өйткені «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» басшылары жергілікті ұлт өкілдерімен жұмыс істеуге мүдделі емес. Тіпті олар «ұлт» деген сөзден үрейленеді. Сол себепті мен ұсынған этнопедагогика бағытындағы жобалар АБҚО тарапынан қолдау тапқан емес. Мәселен, «Қара шаңырақ» жобасының мәні мен мағынасын түсінетін сарапшы жоқ, өйткені олар қазақ тілін білмейді. Өкінішке қарай, қазіргі кезде қоғамға өте қажетті бағыт – өскелең ұрпаққа рухани құндылықтарды насихаттау жөніндегі жобаларға мүлде назар аударылмай отыр. Мұндай жобаны ұсынатын қоғамдық ұйым да бірен-саран. ҮЕҰ-ның көпшілігі экология, инклюзивтік қоғам, т.б. бағытында екені белгілі. Мысалы, біз ұсынған «Ертегілер ертеңі» атты жоба, «Айтшы, әжетай» атты балалар журналы қаржылық қиындықтарға байланысты тоқтап қалды» деген Т.Сәттарқызы «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді.
2021 жылғы халық санағы мем-лекет құраушы ұлттың қоғамдағы үлес салмағы 70 пайыздан асқанын көрсетті. Бұл қазақтілді қауымның әлеуеті өскенін білдіретін айқын көрсеткіш. Cондықтан да сарапшылар «Азаматтық қоғаммен дұрыс жұмыс істеудің бірден-бір және негізгі жолы – әлеуметтік жобаларды іске асыруда қазақ тілінің қолданысын міндеттеу шараларын жүзеге асыру» деп санайды. Ол үшін «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 12 сәуірдегі N36 Заңына және оны іске асырушы заңнамалық актілерге мемлекеттік тілді қолдануды міндеттейтін құқықтық норма енгізу қажет. Осы бағытта әрекет етуші мемлекеттік орган мен оған қарасты ведомстволарда мемлекеттік тілді және ресми тілді еркін білетін мамандарды тағайындау маңызды. АҚДМ «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» басшылығына ұлттың тілін білетін тұлғаны тағайындауға ықпал жасауы қажет». Сонда ғана Тұжырымдамада көрсетілгендей, азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын оң бағалайтын азаматтардың үлесі артады.
1463 рет
көрсетілді0
пікір