• Ел мұраты
  • 30 Сәуір, 2022

ЦИФРЛАНДЫРУ ҮДЕРІСІ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ МЕН ДЕМОКРАТИЯҒА ДЕЙІН

Нұрболат НЫШАНБАЕВ

Тұран университеті

Цифрландыру процесі бүгінде саясат пен экономикадан бастап ғылым мен мәдениетке дейін қоғамның барлық салаларын қамтуда. Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жаңа саяси институттардың жұмыс жасау принциптерімен қатар, билік пен халық арасындағы дәстүрлі қарым-қатынас формасын өзгеріске ұшыратуда. ХХ ғ. әлем елдері арасында экономикалық тауар айналымы мен азаматтардың бір елден екінші елге өтуімен жаһандану процесінің нәтижесінде болса, ХХІ ғасырда, жаһандану процесі цифрлы тұрғыда мемлекеттер арасында құндылықтар, ақпараттар легімен кең ауқыммен айналым жасауына алып келуде. Цирфлы жаһандану ұғымы тек әлеуметтік, экономикалық бағытты ғана қамтып қоймай, мемлекеттік саяси басқару жүйесіне, демократиялық саяси институттардың қалыптасуына да бастама болуда. 

Цифрландыру – бұл деректерді немесе ақпаратты аналогтан цифрлық немесе электрондық түрге түрлендіру. Цифрлық трансформация процесі деп – цифрлық технологияларды, жасанды интеллект құралдарынан бастап, цифрлы медиа, электронды бағдарламаларды мемлекеттік-әлеуметтік басқару құрылым жүйесінде құрал ретінде қолданылуын айтамыз. Цифрлық трансформация бұл технологиялық процесс қана емес, әлеуметтік тұрғыда статикалық рефлексиялық-қоғамдық жоба. Цифрландыру процесі мүмкіндіктер мен қатар, біршама күрделі кедергілер де алып келуде. Аталмыш кедергілерді зерттеуде ақпараттық технологиялық тұрғыдан ғана емес, қоғамдық-әлеуметтік ұғым ретінде гуманитарлық ғылымдар тұрғысынан зерделенуі тиіс. Адамзаттың даму тарихында цифрлы технологиялардың қалыптасуы ғасырларға созылған әлеуметтік-экономикалық даму жолының жалғасы іспетті. Әлеуметтік-технологиялық революциялардың тарихы қола, тас дәуір кезеңдерінен бастау алып, ХІХ ғ. индустриялық төңкеріспен жалғасып ақпараттық қоғамды қалыптастырды. БҰҰ дерегіне сәйкес, 1980 жылы бүкіл ақпараттың 1% цифрлы тұрғыда сақталса, 2012 жылы цифрлы форматтағы ақпараттар үлесі 99% жетті. Сәйкесінше, қазіргі таңда әрбір жыл сайын цифрлы ақпарат көлемі, тұтас өркениет қалыптасқан кезеңнен асып түсіп, ақпараттық алгоритмге негізделген қоғам құрылысы қалыптасуда. Бұл мақалада жүйелік талдау әдістемесі қолданылады. Цифрландыру процесіне жүйелі түрде ретпроспективалық талдау жасалып, саяси институттарға ықпалы сараланады. Цирфландыру процесінің ғылыми тұжырымдама ретіндегі рөлі анықталып, демократиялық институттарға ықпалына ашық дерек көздеріне сілтеме жасалып жүйелі талдау жасалады.                      

2016 ж. АҚШ-тағы президент сайлауы мен Британиядағы Брекзит референдумында, 2018 жылғы Фэйсбук компаниясының Британника компаниясы арасындағы АҚШ-тағы сайлаудағы жалған ақпарат таратудағы боттарды қолдануы бойынша дау және тағы басқа жергілікті, халықаралық тәжірибеде орын алған жағдайлар цифрлы технологиялардың саяси процестердегі ықпалының артқанының айғағы. Ковид-19 пандемиясы мемлекеттік секторда, әсіресе мемлекеттік басқаруда цифрлық трансформацияны жеделдетіп, цифрлы қызметтердің саясилануына бағытталған маңызды қадам болды. Осылайша, бюрократиялық процедуралар цифрланып, халыққа көрсетілетін бірқатар қызметтердің цирфлануы жаңа қарқын алып, маңыздылығы тұтас қоғамда жаңа серпін ала түсті. Соңғы онжылдықта ғалымдар арасында ақпарат ағымының артуы мен цифрлы ақпараттар легінің қолжетімділігінің артуы азаматтардың саяси процестерге белсенді қатысуына ықпалы туралы ғылыми зерттеулер көптеп зерделеніп келуде. Мысалы,  Том Сибел (2021 ж.), Исаак Саколик (2019 ж.),  Бил Шмарзо (2019 ж.) және тағы да басқа келелі ғылыми жұмыстар ғалымдардың цифрлық технологиялардың қа-лыптасқан қоғамдық-әлеуметтік инс-титуттарға ықпалын негізгі ғылыми обьекті ретінде зерттеуде. Ұжымдық тұрғыдан алғанда, цифрлы ақпараттық құралдары азаматтарды ортақ мәселе бойынша біріктіруде ортақ платформа қалыптастырды. Цирфлы ақпараттық құралдардың саяси мобилизациялық қызметінен бөлек, саяси институттарға ықпалы, саяси идеологиялық сипаты әліге дейін ауқымды түрде зерттелуді талап етуде. Осы орайда, халықаралық тәжірибеде цифрландыру процесінің мемлекеттік басқару жүйесі мен демократиялық саяси институттарға ықпалын Қазақстан Республикасы мысалында зерттеуге назар аударамыз. Біріншіден, цифрландыру процесінің саяси институттар мен мемлекеттік басқару жүйесіне ықпалын анықтайтын ауқымды ғылыми әдебиеттерге шолу жасап, зерттеу жұмыстары арасында негізгі ғылыми пікірталастарды анықтаймыз. Екіншіден, цифрландыру процесінің қоғамдық саяси институттардың қызмет етуіне ықпалын анықтап, цифрландыру процесі демократиялық қалыптастырушы рөліне талдау жасаймыз.Үшіншіден,  Қазақстандағы  цифрландыру процесінің саяси институттарға ықпалына талдау жасап, қорытамыз.

Цифрлық медиа жеке азаматтардың ақпаратты тұтыну құралының негізіне айналып, тұрмысқа құрал ретінде ғана емес, саяси процестерді жүзеге асырушы негізгі құрал болып қалыптасты. Дәстүрлі ақпарат көздеріне азаматтардың сенімі төмендегендігіне қарамастан, саяси процестерге қатысуда дәстүрлі қалыптасқан жүйесі маңыздылығын сақтап қалуда. Цифрлық технологиялар қоғамдық-саяси белсенділікті білдірудің қосымша мүмкіндіктерін көрсетуде: азаматтар цифрлы платформаларда онлайн талқылауларға, дискуссияларға анонимді түрде қатысып, мемлекеттік саяси институттардан талап-тілегін   цифрлық платформалар арқылы бақылауға тырысуда. 1970 ж.  ғаламтор жүйесіне жалпыға ортақ қолданысқа енуі қоғамдық-әлеуметтік құрал ретінде қолданысқа енгенімен, ХХІ ғ. бастап қана «цифрлы үкімет», «цифрлы азаматтық белсенділік» ұғымдары қалыптасып, ғалымдар арасында негізгі ғылыми зерттеу обьекті ретінде қарала бастады. Қазіргі таңда ғылыми қауымдастықта цифрландыру процесінің қоғамдық-саяси процестерге ықпалы туралы зерттеу жұмыстары ауқымы өте кең, цифрландыру процесінің техникалық ерекшеліктері, қауіпсіздік сипаты, экономикалық және қоғамдық-әлеуметтік процестерге ықпалдарына байланысты салалық тұрғыда зерттелінуде. Сол себепті, бұл мақалада цифрландыру процесінің саяси басқару жүйесі мен мемлекеттік басқаруға ықпалы жөніндегі қалыптасқан ғылыми тұжырымдамаларды ғана талқылайтын боламыз. Беннет, Сегерберг (2012 ж.), Болер (2010 ж.), Хоуард (2005 ж.) сынды ғалымдардың зерттеулерін біріктіретін тұсы  цифрландыру процесінің әлеуметтік сипатын зерттеуі.

Алғаш рет ХХ ғ., 70-80 жылдары микрочиптердің қолданысқа енуін «ақпараттық қоғамның» қалыптасу негізі ретінде (Castells, 1996; van Dijk, 2006) зерттелсе,  ХХ ғ., 90-жылдары цифрлық технологиялардың алғы шарттарын «желілік қоғам» ретінде анықтап, бүгінде бірнеше фазалық даму сатысынан өтіп, «сандық әлемдік жүйе» ретінде қарастырылуда. Ғалымдар арасында, цифрлық технологияның саяси институттардың жұмыс жасауы мен демократиялық институттардың ықпалын ғылыми жүйелеуде қарама-қарсы тұжырымдамалар легі қалыптасқан. Біріншіден, цифрландырудың мемлекеттік басқару жүйесіне мобилизациялық қызметі мен транспаренттілігіне орай қалыптасқан инструменталистік бағыт. Бұл бағытқа келесідей ғалымдар жатады:  Амбати, Вамши, Н.Балакришнан (2006 ж.), Аулетта, Кен  (2009 ж.), Бауден, Дэвид және Лин Робинсон (2009 ж.) және т.б. Бұл бағыттағы ғалымдар пікірінше цирфландыру процесін қоғамдық басқару жүйесіне мөлдірлік, ашықтық алып келеді Келесі бір тарап, цирфлық технологиялар саяси жүйені институт ретінде әрекет етуін тоқтатып, циклді әрекет етуші бағдарлама етеді деп басым бөлігін сынайтын, конвенциалистік бағыт. Бұл бағыт бойынша: Бауден, Дэвид және Лин Робинсон (2009 ж.), Борги, Маурицио 2012 және т.б ғалымдар цифрландыру процесінің саяси институттар мен демократиялық басқару жүйесіне дисбаланс алып келіп, «цифрлы авторитаризм» қалыптастыруда деген тұжырымда. Ли Чан (2018 ж.) зерттеуіне сәйкес цифрлық медиа азаматтарды жаңалықтармен қамтамасыз етуде және бірегей ақпаратпен жұмылдырып, қоғамдық пікір қалыптастыруда дәстүрлі институттарды басып озды. Велл мен Томсонның 2017 жылғы зерттеуі бойынша цирфлық құралдардың саяси ақпарат таратуы мен азаматтық белсенділік арасында коррелациялық байланыстың бар екендігі анықталды. Ғылыми әдебиеттерде цифрлы технологиялардың қоғамдық-саяси процестерге ықпалын  анықтауда, «әлектронды үкімет», «электрондық қызмет көрсету», «электронды демократия», «цифрлы трансформация» ұғымдары кеңінен қолданысқа еніп,  ғылыми мазмұнға ие болып келуде. Қалыптасқан, дәстүрлі саяси институт ұғымдарына «цифрлы» жалғауының жалғануы тиімділік, ашықтық ұғымымен тығыз байланысты қаралады. Аталмыш ұғымдар келесідей ғалымдардың еңбектерінде ғылыми айналымға алғаш рет енді: Дайсон Джи (2012 ж.) , Эвены А, Хейлс Н.К. (2005 ж.)  және т.б. Цифрлы технологиялар саяси институттардың қалыптасқан жұмыс жасау жүйесіне тікелей түрде өзгерістер енгізуде. Кейбір жағдайларда, цифрлық технологиялары «автократиялық басшылардың сүйікті құралына» айналса, кейбір жағдаяттарда ақпараттың таралуындағы сандаған манипуляция, үкімет тарапынан азаматтарды қашықтықтан бақылау, азаматтардың жеке ақпараттарының орталық базаға жиналуы және т.б әдістер арқылы мемлекеттік басқару жүйесіне енуде. Цифрлық трансформацияның демократияға әсерін түсіну үшін ең алдымен демократия ұғымының саяси ғылымдағы мәні мен қолдану аясын анықтау қажет. Демократия ұғымының көптеген философиялық және социологиялық анықтамалары болғанымен, халықаралық заңмен келісілген ортақ анықтамасы жоқ. Демократияны әдетте халық тікелей немесе олардың сайлаған өкілдері арқылы басқаруды жүзеге асыратын жүйе ретінде қарастырамыз. Цифрлық трансформация тұтас процес ретінде экономикадан бастап мәдениетке дейін, азаматтардың саяси процестерге қатысуынан бастап, саясаттың обьектісіне айналуына дейінгі саяси өмірдің барлық салаларына тікелей де, жанама да түрде қамтуда. Демократиялық басқару жүйесі антикалық кезеңнен қалыптасқаннан бері тұрақты түрде бірнеше өзгерістер мен сындарды бастан өткеруде. Қазіргі таңда либералдық демократия принциптеріне цифрлы технологиялардың ықпалы, цифрлық платформалардағы жалған ақпараттар легі, манипуляция, жалған интерпретация және т.б себептерге байланысты цифрлы трансформацияның демократияға ықпалы туралы екіұшты пікір қалыптасты. Дегенмен, дағдарыстың себептері мен оған қатысты цифрлық технологиялардың рөлі туралы ортақ пікір жоқ. Chatham House зерттеу орталығының 2018 жылғы «Еуропадағы демократияның болашағы: Технология және өкілдік эволюциясы» тақырыбына жүргізген зерттеуі нәтижесі бойынша «Либералды демократияның дағдарысында цифрлық технологияның рөлі ең басты себеп емес. Керісінше, қазіргі таңдағы демократия дағдарысының бірден бір себептерінің бірі авторитарлы басшылардың популистік саяси бағытты ұстануы. Алайда Фридом Хоус орталығының 2021 жылғы жариялаған «Демократия индексі» бойынша цирфлы технологиялар демократиялық институттарды жандандыруда, бірегей, ашықтықты,  инклюзивтілік пен жауаптылықты арттыруға ықпалы өте зор. Жылдам қарқынмен дамып келе жатқан кейбір технологиялар, мысалы жасанды интеллект билік институттары мен азаматтық қоғам арасында цифрлы сипаттағы «теңдік және тежемелік» принципін орнықтыруда. Саяси әдебиеттерді демократиялық тұрғыда халықтың саяси процестерге қатысуы бірнеше даму жолынан өтті. Халықаралық тәжірибеде, сарапшылар цифрлы технологиялардың саяси құралға айналғанын, демократиялық, авторитарлық басқару формаларына бөліп қарастырды. Біріншіден, батыс елдері бастауымен тұрған бірнеше мемлекеттер  азаматтардың жеке әрекет бостандығын, либералды құндылықтарды және үкіметтің минималды рөлін басты ұстаным ретінде қарастырып, «цифрлы үкімет» негізін қалауда. Бұл топтағы мемлекеттер тәжірибесінде цифрлы технологияларды бейтарап, демократиялық платформа ретінде араласуын бірінші орынға қоятын «ашық, өзара әрекеттесетін, сенімді және қауіпсіз интернет» үлгісін дамытты. Екіншіден, Қытай, Ресей және Иран бастаған авторитарлы елдер тобы цифрлы технологияларды мемлекеттік саясатта қолдануда «ақпараттық қауіпсіздікті қорғау» деген мақсатта цифрлы технологиялар көмегімен тұтас ел азаматтарын «цифрлық жаппай бақылау» арқылы, саяси ғылымда «цифрлы автократия» ұғымы қалыптасты. Сондықтан, цифрлы технологиялардың саяси қызметте қолданылуын жүйеге ашықтық, демократиялық құндылықтар алып келеді деуге негіз жоқ. Цифрлы технологиялар саяси құрал ретінде болғандықтан, басқару жүйеге тікелей байланысты.                                         

Цифрлы технологиялар азаматтар мен саяси билік арасындағы байланысты өкілдік формадан тікелей формаға өтуде қоғамдық-саяси шешімдер қабылдауда ашықтық, инклюзивтілік қалыптастырып, өкілдік формадан тікелей демократиялық қатысуға  себепті болуда. Цифрлық трансформация саяси және азаматтық қоғам ландшафтына да әсер етуде. Кейбір саяси партиялар саяси науқандарда микротаргетингке жүгіне отырып, дәстүрлі акторлар үгіт-насихат жүргізудің және хабар таратудың жаңа тәсілдеріне бейімделген кезде демократияның жаңа субъектілері пайда болды. Жеке субъектілер, атап айтқанда, интернет-делдалдары мен әлеуметтік медиа платформалары инфрақұрылымды жеткізушілер, контент қалыптастырушылар, таратушылар ретінде қоғамдық салада барған сайын орталық рөл атқарады. Ірі технологиялық компаниялар әлеуметтік платформаларда бөлісілетін ақпаратты таңдап, өңдеп, оны белгілі бір аудиторияға бағыттап, қоғамдық пікірге, саяси пікірталасқа және сайып келгенде, сайлау нәтижелеріне әсер етуі мүмкін қақпашылар рөлін атқарады. Тұтастай алғанда, цифрлық технология жауапкершілік пен жауаптылық тұрғысынан демократияның сапасын арттыру жолдарын ұсынады. Тиісті шаралар енгізілмейінше, оның қатысу мен қамтуға әсері екі жақты болуы мүмкін: интернетке қол жеткізу және цифрлық сауаттылық демократиялық үдеріске толыққанды қатысуды қамтамасыз етудің маңызды критерийлеріне айналады. Цифрландыру мемлекеттік басқаруды сапалы қызметтерді ұсыну үшін жаңа арналарды ұсына алады. 1950 жылдардан бастап мемлекеттік басқару цифрлық технологияларды біртіндеп енгізе отырып, модернизациялауға айтарлықтай күш салды. Цифрлық трансформацияны қабылдау мемлекеттік қызметшілердің жұмысындағы мәдени өзгерістерге де ықпал етуді білдіреді. Мемлекеттік секторда автоматтандырылған шешім қабылдауды қолданудың артуы бірнеше мәселелерді тудырады, олардың арасында есеп берушілік, ашықтық және кемсітушілік қауіптері басым. Тиісті қауіпсіздік шаралары болмаса, технология жоғары тиімділікті қамтамасыз етуден бөлек, жүйелі мәселелер қалыптастыру ықтималдылығы жоғары. Цифрлық технологияның оң әсерін барынша арттыру үшін  әрбір мемлекет басқару формасы мен идеологиялық негізіне қарамастан, цифрлы технологияларды тек  құрал ретінде емес, құндылық ретінде қарастыру керек. Жоғарыда көрсетілген ғылыми әдебиеттердегі ғылыми қорытындылардың ортақ тұсы, цифрлы технологиялар саяси басқару жүйесіне негізгі үш аспекті бойынша ықпал етуін көреміз: саяси коммуникациялық, саяси қатысу және саяси шешім қабылдау. Бұл үш бағыт кез-келген мемлекеттік басқару жүйесінде демократиялық институттардың негізін құрайды. 1-суретте көрсетілген моделді ескере отырып цифрлы технологиялардың демократиялық басқару жүйесінің барлық саласына ықпалын көреміз. Саяси коммуникациялық қызметіне цифрлық технологиялардың ықпалын қоғамдық пікір қалыптастыруда, саяси институттар, лидерлер мен азаматтық қоғам институттары арасындағы байланыстың рөлінің артуынан көреміз.  Саяси қатысуға цифрлық технологиялардың ықпалы, саяси жүйеде «тікелей демократия» қалыптастырып,  саяси шешім қабылдау институттары мен азаматтар арасында тікелей байланыс орнатады. Демократиялық саяси жүйеде әрбір мемлекеттік маңызға ие саяси шешім тікелей электораттың келісімімен жүзеге асады. Бұл тұрғыда цифрлы технологиялар арқылы азаматтар қоғамдық пікірдің қалыптасуына тікелей негіз болып, саяси белсенді азаматтар негізгі обьектіге айналады. Ковид-19 пандемиясы жағдайында мемлекеттік секторды цифрландыру жылдам қарқын алуда. Ковид 19 пандемиясы тұтас әлем елдері үшін мемлекеттік басқару жүйесінің цифрлық технологияларды қаншалықты тиімді қолданысқа енгізгендігі бойынша тест тапсыру кезеңі болды. Шынында да, әкімшілік процестер мен қызметтерді жылдам цифрландыру мүмкіндігі демократиялық институттардың жұмысын жалғастырып, мемлекеттік қызметтерді көрсетуді қамтамасыз ете отырып, қоғамдық әрекеттің тұрақтылығына үлкен ықпал етті. Сонымен қатар, цифрландыру демократияны жаңа тәуекелдер мен өзгерістерге, ал мемлекеттік басқаруды жүйелік өзгерістер жасауға итермелеуде. Қазақстанда да коронавирустық пандемия жаппай, аз уақыт ішінде азаматтардың мемлекеттік қызмет те цифрлық формаға өтуіне ықпал етті. Қазақстан үкіметі, басқа да көптеген елдер сияқты, бұл саланы дамытуға алғашқы құрылымдық қадамын 2017 жылы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын қабылдау арқылы қадам басты. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы ­­­­­­­­– экономикалық дамуды жеделдетуге, цифрлық экономикаға көшуге және сапаны жақсартуға бағытталған стратегиялық мемлекеттік бағдарлама. Бағдарлама мақсаты орта мерзімді перспективада республика экономикасының даму қарқынын жеделдету және цифрлық технологияларды пайдалану есебінен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, сондай-ақ ұзақ мерзімді перспективада Қазақстанның экономикасын болашақтың цифрлық экономикасын құруды қамтамасыз ететін түбегейлі жаңа даму траекториясына көшіруге жағдай жасау. Қазақстан 2005 жылы БҰҰ электронды үкіметтің даму индексі бойынша  (193 елдің арасында) 65-ші орында болса, 2020 жылы Қазақстан 29-ші орынға. БҰҰ баяндамасы бойынша Қазақстан Азия елдері арасында  7-орында, ал Орталық Азияда 1-ші орынға жайғасты.

Алғаш рет, 2004 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев электронды үкімет құру идеясын ұсынып, цифрлық технологияларды мемлекеттік қызметте қолдану  Орталық Азия елдері арасында ең алғаш болып 2006 жылы «Электронды қызмет» порталын іске қосу арқылы қалыптасты. Алайда, 2006 жылға дейін Қазақстан мемлекеттік-қоғамдық саланы цифрландыру бойынша ешбір жобаны жүзеге асырмаған, тәжірибесіз болмады. 2006 жылғы Қазақстан халқына арнаған Президент Н.Ә.Назарбаев 1997-2006 жыл аралығында цифрландарудың  негізгі 4 даму кезеңін атап өтті:

­­­­­­­­– І кезең (1997-2000 жж.) мемлекеттік ақпараттандырудың стратегиялық жоспарлау кезеңі.

­­­­­­­­– ІІ кезең (2001–2003 жж.) – мемлекеттік басқару саласындағы негізгі ақпараттық инфрақұрылымның даму кезеңі. Қазақстандағы ұлттық ақпараттық инфрақұрылымды қалыптастыру мен дамытудың 2001 жылғы ұлттық бағдарламасы іс жүзінде мемлекеттік басқаруды ақпараттандырудың алғашқы құралы.

­­­­­­­­– ІІІ кезең (2004–2005 жж.) ­­­­­­­­– мемлекеттік басқару саласында жаңа технологияларды тәжірибеге енгізу кезеңі. Электрондық үкіметтің ұлттық бағдарламасын қабылдау осы кезеңдегі ең маңызды қадам.

­­­­­­­­– IV кезең (2006 ж.-қазіргі уақытқа дейін) электрондық үкіметті енгізудің алғашқы практикалық нәтижелері үшін ерекше. 2006 жылдың 12 сәуірінде www.e.gov.kz веб-сайты жұмыс істей бастады. 2017 ж. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының қабылданып, әрекет етуі аталмыш кезеңнің басты жетістігі болды.

Қазақстанда мемлекеттік-саяси қыз-мет саласын цифровизациялау процесі мемлекеттік-әкімшілік басқару жүйесімен қатар, саяси институттардың қызмет ету тиімділігі мен демократиялық құнды-лықтарды енгізу жүйесіне тікелей ықпал етті. 2005 жылы Қазақстанда мемлекеттік қызмет көрсету саласына цифрлық технологиялық қызметтерді алғаш енгізген кезде, Қазақстан Фридом Хоус зерттеу орталығының дерегінде демократия индексі бойынша  «жабық, авторитарлы ел» деп көрсетілген. 2020 жылғы электронды қызмет көрсету индексі бойынша  193 ел ішінде 29 орынға көтерілгенімен, Фридом хаус ұйымының 2021 жылғы шығарылымы бойынша «жабық, авторитарлы» деп көрсетілген.Транспаренс интернэйшнал орталығының дерегінше Қазақстан әлемде 2004 жылы жемқорлық индексі бойынша 159 мемлекет ішінде 122 орында болса, 2020 жылы 180 мемлекет ішінде 94 орынға көтерілді.  «Цифрлық Қазақстан 2018-2022 жж.» мемлекеттік бағдарламасының маңызды бөлігі азаматтардың цифрлы сауаттылығын көтеру арқылы адам капиталын көтеру болып табылады. Халықтың негізгі цифрлық дағдыларын жетілдіру ­­­­­­­­– бұл бизнес пен мемлекет үшін цифрлық экожүйені құрумен қатар, кәсіпкерлерді еңбек өнімділігін арттыру үшін жаңа технологияларды бейімдеуге ынталандыратын бастамалардың бірі. Біліктілік саясаты сонымен қатар индустриялық-инновациялық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына  да енгізілген. Аталмыш бағдарлама мақсаты ­­­­­­­­– өңдеу өнімдерінің экспортын ұлғайтуға бағытталған. Реформалар стратегиялық, мемлекеттік бағдарламаларда белгіленген мақсаттарға салыстырмалы түрде қол жеткізуде. Қазақстан Республикасы мысалында цифрландыру процесі ақпараттық-коммуникациялық қызметтен бөлек, саяси-институционалдық қызмет атқаруда. Мемлекеттік билік институттары үшін, цифрлы технологиялар саяси ықпал ету құралы ретінде рөлі артқан сайын, азаматтық қоғам тарапынан саяси жүйенің транспаренттілігі жөніндегі талаптар арта бермек. Халықаралық ұйымдар дерегінше, жоғарыда анықталғандай мемлекеттік қызмет саласын цифрландыру демократиялық құндылықтар қалып-тастыруға мүлдем ықпал етпейді дей алмаймыз.

Қазақстан Республикасы жағдайында адам құқықтары, сайланбалы органдардың сайлаушылар алдында әлеуметтік желілер арқылы есеп беруі, бірегей онлайн петициялар ұйымдастыру мәдениетінің қалыптасуы, мемлекеттік қаржы саясатының тоқсандық, жылдық есептерінің электронды түрде бірегей ашық жүйеде болуы және т.б либералды демократиялық құндылықтар мемлекеттік саясаттың цифрлы технологияларды қолданысқа енгізуіне байланысты орнықты. Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстан жағдайында мемлекеттік қызмет көрсету саласына цифрлық технологиялардың енуі саяси институттарды демокртияландыруда жанама түрде, жемқорлық индексіне тікелей ықпал етті.

1537 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз