• Ұлттану
  • 30 Сәуір, 2022

ОТЫРАРДАН БАСТАЛҒАН ЖОЛ

Жарты ғұмырын әл-Фарабидің ғылыми мұрасын зерттеуге арнаған әмбебап ғалым Ақжан әл-Машани осы жолда аянбай тер төкті. Өмірінің соңына дейін  отандық және шет елдер фарабитанушы ғалымдарының ғылыми кеңесшісі болды. Әлем құрмет тұтқан отырарлық  Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбегін тану, қазақ тіліне аудару, зерттеу, насихаттауда, Абай атамыз айтқандай: ыстық қайрат, жылы жүрек, нұрлы ақыл иесі бола білді. 

Осы ұлы мақсатты орындау үшін ол ең алдымен Отырар-Оқсыз өңірінен бастады.  Қасына Хамит ақсақалды ертіп, Отырар төбенің басына шығып, толқыған Ақжан әл-Машанидің өз сөзімен айтсақ: ...көз жетер жерде ешбір ел көрінбейді, қала да жоқ. Жып-жылмағай құлазыған қиян дала... Бір кезде дүниежүзіне аты шыққан әйгілі қала қайда? Әл-Фараби оқыған медресе қайда? Қайнаған өмір қайда? Дуылдаған базар қайда? Қайнаған өмір қайда? Отырардың Шыңғыс шабуылына ұшырағаны рас. Бірақ сонан кейін жоғалып кеткен жоқ, көп замандардан соң атақты Әмір Темір Қытайға жорыққа аттанғанда осы Отырарда болды емес пе? Және сол сапарда 1405 жылы осы Отырарда қайтыс болған-ды... деп толғана, Отырар төбеде, Оқсыз да өткен бабаларға дұға бағыштап, Әл-Фарабидің кіндік қаны тамған өңірдің бір уыс топырағын қол орамалына орап алған болатын.   

Бұл 1958 жылдар еді. 1960 жылдарға дейін көптеген қиындық кедергілерге кезігіп, әл-Фарабидің еңбектерін оқи алу мақсатында араб тілін  меңгеруге ден қойды. Осы жылдары Алматы, Мосвка, Ленинград, Ташкент, Уфа  қалаларынан әл-Фарабидің трактаттарын іздестірді. Осындай сапарларында Ақжан әл-Машани Уфа мешітінің қарамағындағы Ғалия медресесінің кітапханасынан әл-Фарабидің үш кітабын тапқан. Мешіттің имамы Камал Башари қази əл-Фарабидің қазақ-қыпшақ тумасы екендігін естіп, сол кітаптың бірін оған сыйға тартыпты. «Руханият Әбу Насыр әл-Фараби музейінің» қорында осы кітаптар сақталуда.  Жоғарыдағы кітап бізге жеткен сол құнды жәдігер.

Музейіміздің  аса құнды жәдігерлері болып саналатын, әл-Машани аманат етіп тапсырған әл-Фарабидің трактаттары:

1.Ізгі немесе қайрымды қала тұрғындарының көзқарасы. Қолжазбаны көшірген дамаскалық Шейх Фарух Аллаһу Заки ал-Курди және Шейх Мұстафа Кабани. Мысыр, «Ніл» баспасы. 1907 жыл.

2.«Музыканың ұлы кітабы» трактатының фотокөшірмесі. Лейден кітапханасы. 123 бет. Халил Ахмад ибн Халилдың түсіндірмесімен 943 хижра жылының мухаррам айындағы бейсенбі күні аяқталды. Хижраның 482 жылындағы құрметті Рамазан айының ортасында жазылған нұсқадан көшірілді.

3.Аль-Фараби. «Большая книга музыки» (Китаб ал-музики ал-кабир) І-II том. г. Кайр, 1967. Көшірме. Араб тілінде жазылған. А.Ж.Машанов арнайы көшірмесін жасатқан. Алматы қаласы 1987 ж. 577 беттен тұрады.

Ақжан әл-Машани аталып өткен «Музыканың ұлы кітабы» трактатының фотокөшірмесін Лейден кітапханасынан алдырады. 11 қазан 1962 жылы Голландия (Лейден қ.) Лейден университеті кітапханасындағы  осы трактаттың фотокөшірмесі осылай Қазақстанға оралады. Тағы 4 жыл әл-Фараби мирастарын аударуға, зерттеуге кетті. Ақжан әл-Машани халықаралық конференцияларда әл-Фарабидің ғылыми еңбектерінің Батыс өркениетіне ықпалы туралы көптеген баяндамалар дәйекті дәлелдермен, ғылыми тұжырымдамамен баяндалып отырды.

1968 жылы өз қаражатымен Ақжан әл-Машани Сирия, Ливан сапарларында болып, Дамаск қаласындағы әл-Фараби бабамыздың зиратын тауып, суретке түсіріп, басында дұға оқып, елден апарған бір уыс топырағын салып және сол қабірдің басынан бір уыс топырақты тәбәрік етіп алған. Осы сапардан кейін тағы да Отырарға келіп, елдің ақсақалдары һәм зиялыларымен кездесіп, әл-Фараби бабаның зиратын тауып келгенін, осы күнге дейін атқарған шаруаларын айтып, бөлісті. Музейіміздің қорында осы күндердің куәгері Ақжан әл-Машанидің және Әселхан Қалыбекованың өлеңдері бар.

Музей қорында әл-Машанидің көптеген мақалалары, кітаптары, хаттары сақтаулы, болашақта зерттеп, таныстыруды жалғастыру жоспарымызда.

2020 жылы музейіміздің шаңырағының астында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірігіп «Отырардан басталған әл-Машани ізімен» тақырыбында дөңгелек үстел өтті және салтанатты түрде әл-Машанидің көрме залы ашылған болатын. Осы көрмеден әл-Машанидің ғылым мен парасат жолында жасаған еңбектері қойылған. Биылға жылы әл-Машанидің 115 жылдығы құрметіне халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Тұран тарихын, мәдениеті мен ғылымын, тілі мен дінін зерттеп, артына мол мұра қалдырған әл-Машанидің өзін ХХ ғасырдың әл-Фарабиі деген құрметті атақ алған ғұлама «Әл-Фараби және Абай» еңбегін 90 жасқа қараған шағында жазған еді. Осы кітапта Отырар өңірінен басталған ғылым жолы   жан-жақты  айтылған.

Сонау 1958 жылы Отырарға келген сапарында Хамит ақсақал екеуі Арыстан баб әулиенің басына барып, дұға оқыған әл-Машани  Арыстан баб кесенесінің қабырғасы дымқылданып, үгіліп, құлауға шақ қалғанын көріп қамығады және қасынан арық қаздырып, судың арыққа қарай ығысуынан ғимаратты аман сақтап қалу жолдарын айтып, кеңес береді. Түркістан қаласындағы «Қожа Ахмет Иассауи мавзолейі жан ашырлық қалыпта екен: іші де, сырты да бұрқырап жатқан топырақ, ішіндегі заттардың көбісі бұрыш-бұрышқа үйіліп қойылған. Тайқазанды Ленинград эрмитажына алып кеткен. Монша, хилуатхана сияқты қосымша құрылыстар  құлаған, жабылған...» деген әл-Машанидің естелігін оқып отырып, кешегі күннен хабар аламыз. Сол күндерден 20 жылдан кейін осы мәселелерге ел тізгінін ұстаған азаматтарға  құлағдар еткізіп, жасы сексенге келіп, денсаулығының сыр бергеніне қарамай, Қазақ КСРО министрлігінің шақыруымен Отырар археологиялық музейінің ғылыми кеңесші қызметін 1985 жылдың ақпанынан тамызға дейін атқарады. Бұл ақпараттың дәлелі ретінде музей қорында құжаттар сақтаулы және көрмеден тамашалай аласыздар. Осы аз ғана уақытта әл-Машани қыруар жұмыс атқарады, мәселен: Ленинградтағы Тайқазанды оралтудың, Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи кесенелеріне ғылыми тұрғыдан, мәдени ескерткіш деген көзқараспен қарап, сақтап, қорғау туралы барынша мәселе көтеріп жүреді.

Әл-Машанидің Қазақстан еліне, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне атақты Тайқазанды оралту мақсатында 1986 жылы Кеңес Одағының мәдениет министрі П.Демичевке жазған хатында былай дейді: «...Осы өңірдің халқы,  осы уақытқа дейін Ленинградтағы Эрмитажда тұрған Ахмет Яссауи кесенесінің тайқазанын орнына қайтарудың дұрыстығы жөнінде сұрақ көтеріп жатыр.  ...Эрмитаж әкімшілігімен хат алмасып, пікір білдіргенімізде, олар тайқазанды қайтаруға қарсы еместіктерін көрсетті. Бұл мәселе оң шешімін табады деген сенімдеміз...» Сол хат жазылғаннан үш жыл өткесін – 1989 жылы Ақжан әл-Машани сияқты ұлтын сүйген азаматтардың арқасында тайқазан тарихи Отанына, орнына қайтарылды. Әл-Машани Отырар археологиялық музейінде «Әл-Фараби» залының тақырыптық-экспозициялық жоспарын жасады. Оған қосымша, таныстырушы-гидтің айтатын мәтіндерін толық қанды қылып құрастырды.

Ақжан әл-Машани – әл-Фараби трактаттарын Берлин, Лиссабон, Париж, Каир, Мадрид қалаларының кітапханаларынан іздестіріп, сұрау салуды еш тоқтатқан емес. Ыстамбұлдан біраз дүние табады. Шетелге кетіп бара жатқанның бәріне «қарай кел» деп, әл-Фараби мұрасын іздестіруді тапсырады. Нәтижесінде, академик дәрігер Сайын Балмұханов Ыстамбұлдан әл-Фараби кітаптарының тізімін әкеп берсе, академик Шаһмардан Есенов Канадаға барған сапарында екінші ұстаздың Бейрутта араб тілінде шыққан еңбегін әкеліп, сыйға тартады.

Отырар археологиялық музейі-нің негізін қалаушы Асантай Әлімовпен, «Руханият Әбу Насыр әл-Фараби» музейінің негізін қалаушы Абдулла Жұмашевпен, қазақтың мақтанышы айтыскер ақын қызы Әселхан Қалыбекова сынды Отырар өңірінің құрметті зиялыларымен тығыз шығармашылық байланыста болды. Осы ұлы достықтың куәгері болған фотосурет жәдігерлер де музей қорында, көрме залынан көре аласыздар.

Сөз соңында, әл-Машанидің ізбасар шәкірті, ғұмырнамасын жазып қалдырған, тау-кен инженері Шәмшидин Әбдіраман: «Әл-Машани-дің әл-Фараби әлеміне келуі де ерекше, Абайды тануы да ерекше. Ақжан әл-Машани халық үшін қандай соны істі қолға алмасын, тыңнан соқпақ салып, ғылымның жаңа бетін ашты. Ғалымның сүйенер құдіреті қазақтың қасиетті тілі, ғылыми, ислами жолы және бүгінгі табиғат ғылымының жетістіктері». Міне, осы жолдан таймаған жас ғалымдар ертеңгі күні Отырар-Қазақстаннан шыққан тағы бір әл-Фарабиі боларына үміттіміз.

Жанболат ӘБЖАППАР,

«Руханият - Әбу Насыр әл-Фараби» музейінің бөлім меңгерушісі

4247 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз