• Ел мұраты
  • 30 Сәуір, 2022

«ӘЛ-ФАРАБИ ЕҢБЕКТЕРІ ТУРАЛЫ» МАҚАЛАНЫҢ ҒЫЛЫМ ТАРИХЫНДАҒЫ ІЗІ

1971 жылы Мәскеуде өткен халықаралық конгрестің мәжілісінде Батыс пен Шығыс ғалымдарының бәрі араб ғалымы деп білетін әйгілі Әбу Насыр әл-Фараби арабтың да, түріктің де ғалымы емес, қазақтың тікелей бабасы болғаны бұлтартпастай дәлелденген еді. Сонда әл-Фарабидің қазақ  екенін әлем ғалымдарына мойындатқан геолог ғалым Ақжан Машанов болатын. Ғұлама ғалым әл-Фарабиді зерттеуге бүкіл ғұмырын арнады. Әл-Фарабидің қыпшақ перзенті екендігін ғылыми ортада әйгілеген еңбек – А.Машанидың 1961 жылы «Қазақ КСР Ғылым академиясының хабаршысы» журналында жарияланған «Әл-Фараби еңбектері туралы» мақаласы болатын.  

Екі тарауды – «Жаратылыстану ғылымының  тарихы» және «Физика-математика ғылымы тарихы» тақырыбын қамтыған осы «Библиографиялық көрсеткішке» әл-Фараби туралы мәліметтер кірген. 1-тарауға  М.Хайруллаевтың  өзбек тіліндегі, ал 2-тарауға Б.А.Розенфельдтің орыс тіліндегі, А.Ирисовтың өзбек тіліндегі және  А.Ж.Машановтың қазақ тіліндегі мақаласы кірген.

Дегенмен, осы көрсеткішке кірген, сонымен қатар Ақжан әл-Машани мақаласында атап өтілген Э.Кольманның, С.Н.Григорян, Ысқақовтың мақалаларында әл-Фараби туралы айтылса да, тұлғалардың (персоналий) алфавиттік көрсеткішінде аталып өтпегендігін айқын көруге болады. Осы библиографиялық көрсеткішке енген, Қазақ КСР ҒА «Хабаршысында» басылым көрген мақаласынан Ақжан әл-Машанидің айтып өткен олқылықтың орнын толтырған көрегендігіне қайран қаласың. Атап айтсақ, автор мақаласында: «Кейінгі кезді алатын болсақ, Фараби туралы біраз сөз Э.Кольманның еңбегінде (Алматы, 1942), С.Н.Григорянның еңбектерінде (Москва, 1958, 1960), М.Ысқақовтың 1960 жылы Алматыда шыққан «Қазақтың байырғы календары» атты еңбегінде едәуір мәліметтер келтірілген. Осы ақпараттың ізін суытпай, «Библиографиялық көрсеткішті» парақтасақ: Э.Кольманның көптеген еңбектерімен қатар, №653 тізімінде «Григорян С.Н. С прил. избранных философских произведении Фараби» деп әл-Фарабидің үш трактатының атауы, аудармашылардың аты-жөні көрсетілген. Ал №1597 тізімде М.У.Искаков ақпаратын оқып, таң-тамаша боламыз.

Енді Ақжан әл-Машани мақаласының мазмұнына тоқталып өтейік. Біріншіден, автор ерте замандағы Орта Азия ғалымдарының ең көрнектілерінің бірі – Әбу Насыр әл-Фараби 870 жылы Сыр-Дария бойындағы Отырар қаласында туғанын, ол қаланың өз заманында ірі мәдениет орталығы болғанын атап өтеді. Әбу Насыр бастауыш мектепті өзі туған қалада оқып бітіріп, сонан кейін Иранда, Хорасанда болып, өзінің ана тілі – түркі тілімен қатар парсы, хорасан тілдерін үйренген соң, сол кездегі дүниежүзілік ғылым орталығы болған Бағдатқа келіп, арабша, латынша, грекше меңгереді деген мәлімет келтіреді. Әл-Фарабидің 80 жасында қайтыс болып, Дамаскіде жерленгенін атап өтеді. Араб тілді ғалымдар Әл-Фараби тірі кезінде де, өлгеннен кейін де оны өздерінің ұстазы деп білген, оның еңбектерін Орта Азия ғалымдарының жоғары бағалағанына тоқталған. Әл-Фарабидің қандай ғылымдар саласын зерттегені, кейінгі ғасырлардағы Әл-Фараби еңбектерінің неміс, ағылшын, француз тілдеріне аударылып, зерттелгені туралы атап өткен. Осы күні бәрімізге таныс бұл ақпараттың ең тұңғыш жаршысы, әл-Фараби мұрасын зерттеушісі Ақжан Әл-Машанидің ХХ ғасырдың 60-жылдары айтқан мәліметі сол кезеңде еліміздің, ұлтымыздың ұл-қыздарына  үлкен серпін, қуаныш, руһ берген болатын! Ақжан әл-Машанидің осы мақаласынан: «Фараби ғылымның бірнеше саласымен, атап айтқанда, астрономия, математика, медицина, ботаника, химия-минералогия, география, философия, лингвистика, логика, тарих, музыкамен шұғылданған. Ол ежелгі грек ғалымдарының, әсіресе Аристотельдің  Категория, Герменевтика, Аналитика,  Софистика, Риторика, Поэтика, Логика, Метафизика, Этика туралы еңбектеріне талдау жасап, оларға түсіндірме (комментарий) жазған. Фараби өзінің көзі тірісінде-ақ «Бірінші ұстаз» Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» деген құрметті атқа ие болады».

Ақжан әл-Машанидің мақаласынан шет тілдерге аударылған әл-Фараби еңбектері туралы маңызды мәлімет аламыз. Атап айтқанда, Б. Дерлангер  өзінің «Араб музыкасы» атты француз тілінде шыққан еңбегінде Фарабидің «Китаби музыка ал-кабир» деген еңбегін толық келтірген. Фарабидің бұл еңбегі дүние жүзінде музыка жөнінде жазылған еңбектердің ең ірісі болып табылады. Немістің белгілі ориенталисі Диатереци 1890-1895 жылдары Лейденде Фараби жөнінде еңбектер шығарған және Фараби кітаптарының бірнешеуін арабша бастырған. Еуропа тілдерінде шыққан «Ислам энциклопедиясы» атты жинақтарда да Фараби туралы үлкен мақалалар басылған. Мақалада айтылып өткен аса маңызды бір-екі мәліметке тоқталып өтсек: 
- Фараби еңбектерінің кейбірі кейінгі кездерде неміс, ағылшын, француз тілдеріне аударылған;
- Шығыс елдерінде Фараби туралы жазылған еңбектер көп. Солардың ішінде араб тілінде шыққан «Салсалати Таржим алғалам» жинағында, Шамсутдин Сахидың «Хамус ал ғалам» атты түрік тіліндегі еңбегінде, тағы басқаларында Фараби туралы бірсыпыра мәліметтер келтірілген. Бұл еңбектерде Фарабидің суреттері де бар. «Айқап», «Шора» журналдарында да Фараби жөнінде аздаған тиіп-қашты мәліметтер айтылады» дегенінен Ақжан әл-Машанидің сөзінің астарында не жатқанын бүгінгі күні аңғару қиын емес. Ал сол  жылдары бұл ақпарат ұлтымыздың көнекөздері ғана білетін мәлімет еді.

Қолданылып жүрген жазбамыз кирилл таңбасына ауысқанына небары жиырма жылдай болған кезеңге дейін екі рет ауысқан (араб графикасы, одан  кейін латын графикасы) жазбамыз, араб графикасы, төте жазумен жазылған тарихи мәліметтерді мүлдем құрдымға кетіріп, жойып-жоғалтып жіберген еді. Кеңес Одағы кезінде жазылған бұл мақала, Кеңес Үкіметіне ешқандай қауіп төндірмей ме екен деп тексеруден өткенде,  мақала жолдары сақталып қалды. Ал, шын мәнінде кеңестік цензура «күлге айналдырып жоқ қылдық» деген  «Айқап», «Шора» жорналдары туралы мәлімет мүлдем өшіп қалмауына  Ақжан әл-Машанидің зор үлесі бар.

Ескерте кететін болсақ, №1-88 санымен басылымы аяқталған «Айқап» журналы араға  97 жыл салып 2014 жылдан бастап №89 санымен жалғасып, қайта жарық көре бастады.  Қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығашы болған «Айқап» журналының жарық көргеніне 2021жылы 110 жыл толды. «Айқап» журналының алғашқы саны Троицк қаласында 1911 жылдың қаңтар айынан бастап жарыққа шықты. Журналды елі десе емешегі езіліп, жұрты десе жүрегін жұлып беруден таймайтын ұлтжанды азамат, қоғам қайраткері, ақын, аудармашы Мұхамеджан Сералин басқарды. Сондай қиын-қыстау заманда қазақ тілінде журнал шығару оңайға соқпағаны хақ. М.Сералин журналды алғаш жұрттан қарызға ақша алып, пай жинап жүріп шығарған. «Айқап» журналының беттерінде Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Сәбит Дөнентаев, Спандияр Көбеев және Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов сынды халқымыздың біртуар қаламгерлерінің еңбектері тұрақты жарияланып отырған. «Әй, қап»  деген  сөзден басталған бұл журнал бар-жоғы төрт жылға созылған қысқа ғұмырында қазақ халқының ең өзекті деген мәселелерін  көтерген.1915 жылдың қыркүйек айына дейін Троицк қаласындағы «Энергия» баспаханасында қазақ тілінде үзбей шығып тұрған «Айқап» журналы халқымыздың әлеуметтік, саяси өмірінде, әдебиет пен мәдениетімізді насихаттап, таратуда елеулі роль атқарды. Араб әрпімен теріліп, басында айына бір рет, кейін екі рет шығып тұрған. «Айқаптың» тілі ХХ ғасырдың басындағы ұлттық публицистикамыздың үлгісі болды. Журнал бетінде жазушы, журналистер қазақтың жазба тілін қалыптастырып, көне, діни кірме сөздерден тазарту үшін Абай, Ыбырай, Ахмет бастаған жаңа әдеби тілді қолдады.    

Әл-Машанидің мақаласынан: «Фараби жөнінде 1958 жылы ағылшын тілінде шығатын «Мұсылман дүниесі» («MuslimWorld») атты журналда материал жарияланған. Онда Каирдағы Американ университетінің жанындағы Шығыстану мектебінде оқылған лекция талданады. Ал ол лекцияда Аристотель, әл-Фараби және Ибн-Сина – үшеуінің дүниенің жаралуы жөніндегі көзқарастары және Аль-Газалидің оларға қарсы пікірлері айтылады»

Фараби жөніндегі қазіргі бізге белгілі болып отырған мәліметтер осындай.  Жоғарыда айтылған Фараби туралы шет тілде шыққан материалдардың бірсыпырасын Қазақ ССР Ғылым Академиясының кітапханасы кейінгі екі жыл ішінде жинастырып отыр. Олардың ішінде шет мемлекеттерден алдырылған Фарабидің аса құнды еңбектерінен жасалған кітаптары мен микрофильмдер фотокөшірмелері, «Ғылым меруерті», «Ғылымдардың шығуы», «Қайырлы қаланың адамдары» деген сияқты еңбектер бар.

Жалпы алғанда қазір біздің қолымызда Фараби еңбектері мен ол туралы жазылған еңбектердің екі томдық материалы бар.  Көп еңбекпен жиналған осындай құнды материалдарды тездетіп жариялау қажет.  Біз қазір олардың кейбіреулерін шама келгенше қазақ және орыс тілдеріне аудара бастадық. Бірақ бұл іс жеке-жарым адамның қолынан келе бермейді. Кітапхана мұнан былай да Фараби еңбектерін жинай беруі керек. Ал біздің ғалымдарымыз бұл іске белсенді атсалысуы қажет. 

Небары бір-бір жарымдай ғана бетке сыйғызған осы мақаланың бүгінгі күні түйіні шешіліп, ғылым тарихы дариясының айдынына айналып отырғанын көріп отырмыз. Қолда бардың қадірін біліп, қажетімізге жарата алсақ, ұрпағымыз  көгімізде – Күн, даналық теңізі үстінде – Ай мен Жұлдыз боларына Ақжан әл-Машанидің сенімі мол еді.

Азабын алыс жолдың жүрген білер,

Мен емес оны айтып міндетсінер,

Ар үшін, Елім үшін еткен еңбек,

Келешек жас ұрпағым солар білер! деп кеткен Ақжан Әл-Машанидің аманат-үмітін ақтай алсақ, нұр үстіне нұр болар еді.

 Гүлсім САДАҚБАЕВА,

Фарабитанушы

1821 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз