• Ел мұраты
  • 30 Сәуір, 2022

ӘДІЛДІКТІ ЖАҚТАЙТЫН ҚОҒАМ ҚҰРУЫМЫЗ КЕРЕК

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ, 
«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының  
Бас редакторы 

Алдыңғы жылы әлеуметтік желілерде бәзбір адамдар Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың кезінде қорғаған диссертациясына күмәнмен қарап, оны плагиат дегенге дейін барды. Өкінішке орай, біздің қоғамда өз жұмысын жақсы істеп, қызметін сапалы атқарып жүрген лауазым иелеріне бір шүйлігу, оның өмірбаянынан, өткен шақтарынан бір түрлі бір мін іздеу, ілік табу сияқты адам жиіркенішін тудыратын амал-айлалар баршылық. Осының өзі неге керек, кім үшін қажет? Әйтеуір, жоқ жерден ши тауып, елді дүрліктіріп, қызметі оң, ісі дұрыс болып келе жатқан адамға моральдық соққы беріп, оның азаматтық ажарына қара күйені қалыңдатып жаға беруді ғана көздейтін пасық әрекеттер жатқан секілді болады да тұрады. Біз бұл жерде министрді ақтап, оның қорғаған диссертациясын жақтайық деп отырған жоқпыз. Бар болғаны біз өмір сүріп отырған қоғамның адамның бойындағы жақсылықтарын көрмей, көлеңкелі тұстарын қазбалауға үйірсек болып бара жатқаны ойландырады. Мысалы, Асхат Аймағамбетов білім беру жүйесін қолға алғалы отандық білім саласы басынан дау арылмайтын кикілжіңдерден айыға бастады. Білім министрінің ақыл-парасаты, сыни ойлау жүйесі, әділеттілігі, күрделі мәселелерді шешудегі табандылығы, қайсарлығы сынды қадамдары, жалпы білім мен ғылым саласын реформалаудағы қолға алған жұмыстары ел аузында жүргенін және көп жағдайда оң бағасын алып келе жатқанын байқаймыз. Әрине, талай жылдан бері қордаланып қалған мәселелер екі-үш жылдың айналасында түбегейлі шешімін тауып кетпесі анық. Бірақ, білікті басшы болған жерде бұл жағына көп алаңдамауға да болады. Жұртшылықтың талабына құлақ асып, халықпен санасып жұмыс істей алатын басшылардың некенсаяқ екенін көріп отырмыз. Осы орайда біз адамның өткен шағына емес, қазіргі атқарып отырған жұмысына, оның деңгейіне, көрсетіп жатқан нәтижелеріне көбірек көңіл аударсақ қана ел ретінде, қоғам ретінде алға жылжимыз. Өткен шақты қазбалай бергеннен кім, не ұтады? Одан да өз ісін жақсы атқарып жүрген лауазым иелерін сақтап, ұлт жолында көбірек пайдасын келтіруіне мүмкіндік беруіміз керек емес пе.

                                                                    ***

Қаңтар оқиғаларынан кейін елдің көбі саясатпен шұғылданып, осы бір дүниеге қатты әуестеніп кеткенін байқаймыз. Бұдан бөлек айналадағы болып жатқан геосаяси жағдайлар да саяси көңіл-күйді одан сайын өршітіп, дамытып барады. Жалпы, ел-халықтың саясатшыл болғаны жақсы ма? Оның зияны, кері тұстары бар ма? Меніңше, жоқ. Саясатшыл болғаны жақсы. Қоғамдағы әлеуметтік белсенділіктің де артқаны жақсы. Халықтың санасы оянады. Демократиялық құндылықтар орныға бастайды. Бірақ, елдің бәрі жаппай саясатшыл болып, таң ертеңнен кешке дейін осы тақырыпты қаузай бергеннен ештеңе ұтпайтын сияқтымыз. Саясаттан жан-жақты хабардар бола отырып, әрқайсымыз өзіміздің атқарып жүрген жұмысымызды жақсы істесек, қолға алған ісімізден нәтиже шығарсақ, сонымыз қоғам үшін әлдеқайда тиімді болар ма еді деген ой келеді. Мысалы, жастардың саясатшыл болғанынан гөрі ғылымшыл, білімшіл болғанын қалар едім. Ғылымы өркендеген елдің саяси жүйесі де мығым болады. Қоғамдағы, елдегі, мемлекеттегі көптеген мәселелерді саясаткерлер шешпейді, ең алдымен ғылым шешеді. Өйткені, ғылым туындаған мәселенің байыбына барып, ақ-қарасын ажыратып, мықты негізін қалап береді. Мәселен, біздегі экономиканың дұрыс дами алмай келе жатқаны, әлеуметтік саладағы түйткілдердің оң шешілмей келе жатқаны – қабылданып жатқан шешімдердің ғылымсыздығынан болып келеді. Яғни, сарапталған, ғылыми-теориялық базасы әлсіз, дәйексіз, анық-қанығы тексерілмеген, дұрыс тұжырымдалмаған шешімдердің салдарынан көп жобалар су аяғы құрдымға кетіп жататыны бар. Сондықтан біз ғылымға көбірек жақындауымыз керек. Ғылым – ақыл мен ойдың жемісінен келеді. Ақыл мен ой болмаған жерде ғылым болмайды. Өкінішке орай, сырттан келетін дайын өнімдерді, тауарларды тұтына берсек, өзіміз қиналып, жанымызды қинап, басымызды қатырып бір нәрсе ойлап шығармасақ, осы күйімізде қала беретін түріміз бар. Осыдан отыз жыл бұрын қандай болсақ, кейінгі отыз жылда да өзі ештеңе өндірмейтін тұтынушы қоғам деңгейінде қалып қою қаупіміз бар. Сол себептен, ең алдымен ғылымға қамқорлық керек және ғылымнан тез нәтиже күтудің өзі дұрыс емес. Ол жемісін біраз жылдан кейін береді. Бірақ, соның негізі, дәні құнарлы топыраққа бүгіннен бастап егілуі керек.

***

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың наурыз айындағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауын ықылас қойып тыңдадық. Жолдау көңілден шықты. Көп нәрсенің басын ашып айтты. Ақиқатын айтты. Осындай өрелі сөзді, жанды сөзді қоғам көп жыл бойы күткені сөзсіз. Көп шындықтар, әсіресе, Президенттің аузынан айтылса, оның қабылдануы да, пәрмені де басқаша болып шығады. Елге жігер береді. Қоғамның «алпыс екі тамырына» қан жүгіреді. Мемлекет басшысы халыққа қажетті дүниенің барлығын жасауға күш салып жатыр. Қамтылмаған сала қалмады. Саяси әрі стратегиялық реформалар қолға алынды. Мұның өзі аз жақсылық емес. Заманға лайық шешімдер қабылданып жатыр. Қоғам болып өтпелі кезеңдерден өттік. Жол іздедік, жоба іздедік. Кемшіліктер де болды, қателіктер де жіберілді. Бірақ, олардың бәрін жіпке тізіп отыруға тағы да уақыт жоқ. Заманның ыңғайын, бетін көріп отырмыз. Бір сәт тоқтауға болмайды. Тоқтасақ, уақытқа жұтылып кетеміз. Қолтығымыздан ешкім демемейді. Сондықтан ұлт болып ұйысуымыз керек. Ұлттық сана керек. Ұлттық жігер керек. Ұлттық бастамалар керек. Сайып келгенде, барлық нәрсенің түбірінде, негізінде ұлттық сипат жатуы керек. Осы уақытқа дейін әлемге еліктеп келдік. Онымыздан түк шықпады. Бар болғаны сыртқы формаларды ғана алдық, ішкі мазмұн бос қалды. Ішкі мазмұн ұлттық дүниелермен толыспады. Содан келіп біздің қоғамда космополиттер пайда болды. Ұлттық сипатты, белгілерді жоққа шығаратындар қалыптасты. Шетелде оқып келсе де, бойында ұлттық ар-намыс, ұлттық жігері жоқтар алшаң басты. Осыдан келіп шығатын тұжырым мынау: жер бетіндегі кез келген мемлекеттің ұлттық негізі болмаса, ол мемлекет иесіз мемлекеттей күй кешеді. Ол мемлекетке әркім-ақ жөн айтып, жоба көрсетіп, «сен мына білімді ал, сен мына тілді үйрен, мына мәдениетті бойыңа сіңір, мына бір жолмен жүр» деп уағыз айтып, өздерінің жоспарларын тықпалайды. Кешіріңіздер, бірақ біздің мемлекетіміздің иесі бар. Ол – қазақ дейтін халық. Демек, сана-сезіміміз, ақыл-ойымыз, білім-парасатымыз ешбір елден кем емес халық бола отыра, өзіміздің тілімізді, терең тарихымызды, ділімізді, дінімізді, ұлттық құндылықтарымызды өз мемлекетімізде әрі қарай дамытып, қорғауға, өрістетуге, жас ұрпақтың санасына сіңіруге әбден хақылымыз. Осы тұрғыдан алғанда біздің атқарар жұмыстарымыз өте көп. Ең көп мазалайтын сұрақтың бірі – жас ұрпақтың тәрбиесі. Жас ұрпақ ұлттық негіздегі тәрбиені алмаса, ертеңгі күні олар қандай қазақ, қандай азамат болып шығатыны белгісіз. Иә, жақсы адам болар, жақсы маман болар, бірақ өз ұлтының шынайы перзентіне айнала ала ма? Міне, бүгінгі күннің сауалы осы. Өкінішке қарай, біз жылдар бойы «отбасылық институт» дейтін құндылықтар жүйесінде «ұлттық тәрбие» деген аса жоғары құндылықты ұмыт қалдырдық. Ұлттық тәрбиеге баса мән беретін жекелеген отбасылар аз емес. Бірақ, бұл мәселе жаппай үрдіс алып, кең етек жайып кете алған жоқ. Осыдан келіп, елді ғасырлар бойы ұстап келген рухани діңгектеріміз бірте-бірте шайқалып, алды құлауға да айналды. Сақтап қалуға мүмкіндік бар. Оның бірден бір шешімі – отбасындағы ұлттық тәрбиеге баса мән беру. Әрбір ата-ана кім болса да, қандай лауазымда болса да, ұлттық тәрбиеге көңіл бөліп, осы мәселеге ерекше ықылас танытса ғана мықты елге айналамыз. Қазір, байқаймын, көп қазақ отбасылары әртүрлі Батыстық құндылықтардың «шырмауында» қалып қойған. Балалардың көретін интернеті, әлеуметтік желілері – бәрі де батыстың өнімдері. Осы бағытпен кете беретін болсақ, ұлттық тәрбиені қалай қалыптастырамыз? Қазақтың төл тәрбиесі – имандылыққа негізделген. Ата-бабаларымыз жасап берген ұлттық тәрбие жүйесі жас ұрпақтың отаншыл, мемлекетшіл азамат болып өсуіне кең жол ашатынын түсінетін уақыт келді. Президент Жолдауының өн бойында мемлекетшілдік, отаншылдық мәселелер менмұндалап тұр. Ал осы құндылықтарға біз қалай жетеміз, тек қана ұлттық тәрбие арқылы ғана жетеміз. Балаңыз мың жерден Еуропаның ең үздік оқу орындарында оқыса да, жүз жерден білікті маман болса да, оның бойында қазақтың ғасырлар бойғы қалыптасқан ұлттық тәрбиесі болмаса ондай азаматтан ұлтына, қазаққа деген жанашырлықты күтудің өзі қиын. Нигилизм деген мәселелер осындайдан келіп туындайды. Мысалы, бізде ағылшын тілі көп насихатталады. Ал өзіміз жиі сынға алатын жаһандану үрдістері осы тіл арқылы қалыптасып жатқан жоқ па. Ағылшын тілі жақсы шығар, оған ешқандай қарсылығымыз жоқ. Біз қарсы болсақ, осы тіл арқылы өздерінің мәдени экспансиясын жүргізіп, біздің ұлттық құндылықтарымызға күйрете соққы жасап жатқандар нигилистерге, космополиттерге қарсымыз. Сондықтан, Президент Жолдауындағы айтылған мәселелерді жүзеге асыра отырып, біз ең алдымен Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Көпшілігіміздің саясатқа, саяси реформаларға, тағы да басқа мәселелерге қатысты көзқарастарымыз әртүрлі, әрқилы бола беруі де мүмкін, бірақ Отан дегенде жүрегіміз бірдей соғуы керек. Өйткені қазақтың Отаны жалғыз. Ол – Қазақстан. Қазақстанымызы гүлдендіру, көркейту, дамыту, мықты мемлекетке айналдыру оның отаншыл азаматтарына тікелей байланысты.

***

Біздің қоғамдағы ең бір қызу талқыланатын тақырыптың бірі бұл – саяси партиялар. Саяси партиялар мектебі қаншалықты дәрежеде қалыптасты деген мәселе өз алдына бір әңгіме. Тәуелсіздігіміздің отыз жылы ішінде елдегі саяси партиялар ықпалды күшке айнала алды ма. Шынтуайтына келгенде, саяси партиялардың кең тыныс алып, шын мәнінде елдік шаруаларға өз бастамаларымен, бағдарламаларымен араласуға көп мүмкіндік беріле қойған жоқ. Президенттің наурыздағы Жолдауынан кейін саяси партиялардың өзектілігі арта түсе ме деген үміт бар. Саяси партиялардың «саяси сахнаға» шығуына жол ашылса, қоғамдағы көп мәселелер шешімін тауып, ілгерлейді деген де үміт жоқ емес. Өкінішке орай, біздегі саяси партиялардың беделі, олардың көшбасшыларының ықпалы соншалықты күшті емес. Әрине, өз сайлаушыларының қолдауымен жүріп келеді. Ал шын мәнінде атқарушы биліктің алдына толғаулы мәселені төтесінен қоятын, шынайы әрі ақылға қонымды пікір-тұжырымдарын ортаға тастайтын, соған көпшілік халықты иландыра алатын көшбасшылар керек-ақ. Сол кезде ғана нағыз саяси бәсекелестік орын алып, қоғамның алдына шын мәніндегі лайықты серкелер шығар еді. Жалпы, партия құру, оның айналасына белсенді азаматтарды топтастыру, сол арқылы құрылған партияның мүддесін ілгерлету – оңай шаруа емес. Бірақ, саяси ерік-жігері бар партиялар көпшілік дауыспен Парламенттің биік мінберінен орын алатыны сөзсіз. Сайлау науқаны кезінде ғана емес, күнделікті өмірде де белсенді болып, халықпен етене жұмыс істейтін партиялар жүйесі қалыптаспай келе жатқаны шындық. Бірде бар, бірде жоқ, принциптері де соншалықты айқын емес, ұлттық мүддеге қалай қызмет ететіні түсініксіз партиялардан келіп кетер қандай пайда бар деп ойланасың. Біздің қоғамға керегі – позициясы жоқ, саясат қалай өзгерсе солай қарай жүріп кететін партиялар емес, айтары бар, іргетасы мықты партиялардың қалыптасқаны. Бұл орайда әрбір саяси партияның өз мектебі, өз жақтастары, өзіндік кескін-келбеті, тіпті мінезі, рухы болуы да шарт. Халық өзіне керегін солардың ішінен таңдап алар еді. Өйткені саяси партиялардың жұмысына баға беруші де халықтың өзі. Елімізде саяси партиялар дербес институт ретінде қанатын кеңге жая алмай келе жатқаны жасырын емес. Бәлкім, уақыт өте келе бұл олқылықтың да орны толар. Қарапайым сайлаушының үмітін алдамау керек. Уәдені үйіп-төгіп, жарылқаймын, жақтаймын деген ұрандардан гөрі нақты істерді ту еткен партиялардың алдағы уақыттағы бәсі жоғары болатыны айдан анық. Саяси партиялардың мықтылығы сайлауалды бағдарламасымен немесе электоратының көптігімен ғана өлшенбейді, жұртшылықтың сенімін толыққанды ақтап, олардың мүдделерін Үкіметтің, Парламенттің биік мінберлерінен қорғауымен де өлшенеді. Әйтпесе «өткелден өтіп алғаннан кейін» сайлаушыларының мүддесімен санаспай, өз жөндерімен кеткен партиялар да аз емес. Қайсыбірін айта берейік. Шынтуайтына келгенде, саяси партиялардың арасындағы бәсекелестік күшеймей, шын мәніндегі саяси партиялардың дербес институты қалыптаса қоюы екіталай.

***

Қазір халықтың басым бөлігі әлеуметтік желілерді қарайды, ондағы жазылған ой-пікірлерді сарапқа салады, өздері де соған үн қосып отырады. Неліктен баспасөзді, теле-радионы емес, әлеуметтік желілерге көбірек жүгінеді? Мұның бірден-бір себебі әлеуметтік желіде ой мен сөз еркіндігі жақсы дамыған. Әрине, этикалық талаптарды сақтай отырып, қоғамда болып жатқан саяси үдерістер жөнінде пікір алмасқанға не жетсін. Әлеуметтік желілердің ұтымды болып тұрған тағы бір тұсы – ондағы жазбалар тез тарайды, қоғамға сыйлайтын реакциясы, яғни әсері де жылдам. Бүгінгі таңда ұлттық баспасөзіміз дәл әлеуметтік желідей тартымды әрі қызықты болуы үшін әлеуметтік желілердегі ой мен сөз еркіндігі де баспасөзде де көрініс табуы керек. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында баспасөздің еркіндігі туралы жайдан жай айтқан жоқ. Себебі, Президент әлеуметтік желіні де, баспасөзді де оқитын адам. Қос алаңдағы еркіндіктің бір-бірінен алшақ дамып келе жатқанын көріп отыр. Журналистика еркіндік бар жерде ғана өріс алады. Жалпы, журналистиканың табиғаты да – еркіндік. Егер де ол еркіндікті шектейтін болсақ, бұдан журналистика да ұтпайды, қоғам да, елде ұтпайды. Әйтпесе, бүгінгі таңда мақтаулы блогерлер айтып жүрген пікірлерді дәстүрлі журналистер неге айта алмасын. Айтқанда қандай, әрбір ойды, пікірді тиянақты етіп жеткізер еді. Бірақ, баспасөздегі сөз еркіндігі, сын айту еркіндігі белгілі бір шеңбердің шегінде қалып кеткендіктен, әлеуметтік жілелердегідей еркін көсілу, ашық сын айту үрдістері дамымай қалғаны рас. Әсіресе, мемлекеттік басылымдарда. Осы олқылықты түзейтін кез келді. Әрине, еркін болу деген сөз – аузыңа не келсе соны айта беру дегенді білдірмейді. Бірақ, әділ сын, ақылға қонымды көкейкесті пікірлерді арқау еткен мақалалар көбірек жарық көруі керек. Тоқсаныншы жылдары, тіпті екі мыңыншы жылдары неліктен баспасөздің сүйкімі көбірек болды. Өйткені, бүгінгімен салыстырғанда еркіндік бар еді.  Содан кейінгі бір үрдіс мемлекеттік басылымдарды ақпараттық тапсырыс аясында ғана ұстау үрдісінен бірте-бірте арылуымыз керек. Ақпараттық тапсырыс белгілі бір тақырыптар шеңберінде болғандықтан, бұл да ұлттық баспасөзіміздің еркіндігін шектейтін дүние. Бәлкім, алдағы уақытта ақпараттық тапсырыстың ара-салмағын елу де елу қылса, қайтер екен. Елу пайызы ақпараттық тапсырыс, елу пайызы баспасөздің өз таңдауындағы тақырыптарға тиесілі болса, бұл да өз кезегінде мемлекеттік басылымдардың кең қанат жаюына, әлеуметтік желілермен шынайы бәсекелестікке түсуге жол ашар еді. Мысалы, телеарна саласында жұмыс істейтін бегілі журналистер неліктен «Youtube» әлеуметтік желісінен дербес парақшаларын ашып, айтарын айтып, жоғары контентті сұхбаттар жасап-ақ жүр. Өйткені, өздері жұмыс істейтін телеарналарда дәл «Youtube» әлеуметтік желісіндегідей еркіндік бола бермейді. Әйтпесе, дәл сондай бағдарламаларды телеарналарда да жасауға толыққанды мүмкіндіктері жетіп тұр ғой. Осындайдан кейін «Youtube»-тың аудиториясы кеңеймегенде, таралымы артпағанда қайтеді. Ол еркін пікір алмасудың жақсы платформасы болып тұр. Жалпы, интернет жүйесі, оның ішіндегі «Youtube», «Facebook» әлеуметтік желілері  ұлттық баспасөзге, теле-радио салаға деген үйреншікті көзқарастарды өзгертуде. Өйткені миллиондаған оқырмандар мен көрермендер сол алаңдарға ойысты. Оның негізгі себебі де сол – ой мен сөз еркіндігінің көбірек болуында жатыр.

***

Кеше тарихымызға зер салсақ, біз отаршылдықтың қамытын әжептәуір киген елміз. Отаршылдықтың салдары мен зардаптарынан әлі күнге дейін арыла алмай келеміз. Тіл мен мәдениетіміз, ғылым мен біліміміз, діліміз бен дініміз, ұлттық құндылықтарымыз отаршылдықтың себебінен өзінің тек-тамырынан кәдімгідей ажырап қалды. Отаршылдықтың тағы бір белгісі – ұлттық санамыздың тәркіленуі. Ұлттық көзқарастан, дүниетанымымыздан ажырап қалуымыз. Осының барлығын қалпына келтіруге қанша уақыт керек? Қалпына оңайлықпен келе қоярма екен? Осыған байланысты қандай шараларды қолға алуымыз керек? Жалпы, біз Тәуелсіздік алған кезеңдерден бері тарихи ақтаңдақтарды қалпына келтіруге, мәдени мұраларды жинақтауға белгілі бір дәрежеде мән берілді. Оның өзінде көрші ел қалай қарайды екен деген сыңайда көп дүниелерге әлі де батыл бара алмай отырған жайымыз бар. Солардың бірі қалалардың, облыс орталықтарының атауын өзгерту. Жабық архивтердегі көп дүниелерді жарыққа шығару ісі де баяулап келеді. Отаршылдықтың зардаптарын тілге тиек етіп отырғанымыздың өзі жайдан жай емес. Өкінішке орай, отарсыздандыру процестері әлі де дұрыстап қолға алынбай келеді. Соның бірі – ұлттық тарихымызды тануға кеңінен жол ашу болса керек. Шынайы тарихымызды жазбай, отарсыздандыру процесінен басымыздан кешіре алмасымыз тағы да анық. Көп дүние тарихымыз арқылы оралады: жоғалған ұлттық санамыз, тіліміз бен діліміз, ұлттық дүниетанымымыз. Осы айтылған мәселелердің аясында латын әліпбиіне көшу үдерісін де баялатуға әсте болмайды. Төл әліпбиіміз өзгермей, сол күйінше қала беретін болса, отарсыздандыру процесін жүргізудің өзі қиындай береді. Отарсыздандыру дегеніміздің өзі Кеңес үкіметі санамызға сіңіріп тастаған жасанды «құндылықтардан» арылу. Өзіміздің төл жаратылысымызға қайтып келу. Нағыз қазақ екенімізді сезіну, соған мақтану. Ұлттық дәрежемізді көтеру. Ел болудың шынайы жолына түсу. Отаршылдықтың зардаптарынан толыққанды арылмай, осылардың бірде-біріне қол жеткізе алмаспыз. Әрине, тәуелсіздік алған кезеңнен бері қарайтын болсақ, бірнеше буын алмасты. Бірақ, отаршылдық салқыны әлі де сезіліп тұрады. Орысша сөйлеп, орысша ойлайтын ұлты қазақ жас ұрпақты көргенде осы мәселе алдыңнан шығады да тұрады. Аралас мектептерді азайту мәселесі де шешімін таппай келеді. Айта берсек, мәселе көп. Сондықтан біз алдағы уақытта тәркіленген санамызды отарсыздандыруға көп көңіл бөліп, келешек жас ұрпақтың санасын отаршылдықтың зардаптарынан мүлде азат, таза етіп қалыптастыруды бүгіннен бастап ойлауымыз керек.

***

Қазақ жерін Құдай тағала табиғаттан кенде қылып жаратпаған. Көрсең көз тоймайтын көрікті жерлеріміз қаншама. Бірақ, солардың қадірін біліп жатқанымыз шамалы. Мәселе – экология жайында. Яғни, қоршаған ортаны таза ұстау, келешек ұрпақтарға аман-есен тапсыру. Ата-бабаларымыздың өмір салтына назар аударсақ, олардың экологиялық білімі, пайымы мен түсінігі мына біздерден әлдеқайда терең болған сияқты. Өйткені олар ешуақытта табиғатқа нұқсан келтіретін зиянды нәрселерді жасамаған. Әйтпесе, бүгінгі ұрпаққа жасыл-желекті әсем де көрікті жерлеріміз саф күйінде жетер ме еді. Әрине, ол заманда бүгінгідей қаптаған көліктер, түтіні будақтаған зауыттар болмаса да, ата-бабаларымыздың табиғат атаулыға деген көзқарасы дұрыс болғаны аңғарылады. Мысалы, Алатау баурайындағы Алматы шаһарын алайық. Бүкіл әлемде Алматыға тең келер қала жоқ деп есептеймін. Бірақ, Алматының бүгінгі келбетіне қарасаң, жүрегің ауырады. Қала жаппай құрылыс алаңына айналып кеткендей. Көшелердегі ұзын-сонар көлік кептелістері қаланың саф ауасын да әбден ластап барады. Соған қарағанда Алматының экологиялық тазалығы жайында ойланатындар шамалы болып тұр-ау. Миллиондаған көліктердің құрсауында қалған ғажайып қаланың тағдырына алаңдайсың. Құдайшылығын айтсақ, Алматы көлікпен емес, жаяу ғана жүріп, көркіне көз тоймай, тамашалайтын-ақ қала ғой. Бірақ, «жаппай көлікпен жүру психологиясы» белең алып кеткен бүгінгідей заманда, жаяу жүру, велисопедпен қозғалу немесе қоғамдық көлікпен қатынау сынды үрдістер кенже қалып келеді. Шын мәнінде, әсем шаһардың болмысы мұндай қаптаған көлік нөпірін көтере ала ма. Расын айту керек, қалада бос кеңістік қалмай барады. Қай бұрышына қарасаң да, ретсіз тұрғызылып жатқан көп қабатты үйлер, үйлер... Бұл көпқабатты тұрғын үйлер әлдебіреулердің қалтасын қампайтып жатқан жеке бизнестері, ал одан қала экологиясына келіп-кетер пайда шамалы. Таудан соғатын самал желдің бағытын тежеп, қаланың іші жаз айларында қайнап кетеді. Үйлердің тұрғызылуына қарсылығымыз жоқ, салынсын, халық игілігіне берілсін. Бірақ, Алматының қайталанбас көркін, тарихи келбетін сақтап қалуды да ойлауымыз керек қой. Бұған дейін қаншама тарихи ғимараттардың сүріліп тасталғаны бір Аллаға ғана аян. Экология жайында әңгіме қозғап отырғаннан кейін көрген-білгенімізді тілге тиек етіп жатқан жайымыз бар. Өкінішке орай, халқымыздың экологиялық мәдениеті әлі де дұрыс қалыптаспай келеді. Бұл орайда экологиялық мәдениетті қалыптастырудың бірден бір жолы – заң талаптарын күшейту ғана сияқты. Қоқысты орынсыз жерге қалдырдыңыз ба, айналаны ластадыңыз ба, табиғатқа нұқсан келтірдіңіз бе, мінекиіңіз, осынша айыппұл төлейсіз, әкімшілік жауапкершілікке тартыласыз дегендей баптар жұмыс істемесе болмайтындай. Экологиялық мәдениет деп айта бергеннен адамдардың бойында ол өздігінен жақсарып кетпейді. Ал заң іске қосылса, қайткенмен қоғамдық қатынастарды реттейтін пәрмені бар ғой. Тығырықтан шығудың жалғыз жолы осы. Сөз реті келіп тұрғанда айта кетейік, жуырда Қосшы қаласындағы моншаның ішінде тепсе темір үзетін бір азамат моншаның иесі – әйел адамды аяусыз соққыға жықты. Бейнеге жазылып қалынған көріністі көріп жағамызды ұстадық. Міне, заң үстемдік орнамаған жерде осындай келеңсіздіктер жиі орын ала береді. Сондықтан да, әділетті қоғам құруымыз үшін заңдардың орындалуына басымдық беруіміз керек. Оның ішінде адами-азаматтық құндылықтардан бастап, қоғамның дұрыс сипатта қалыптасуына дейінгі мәселелер қамтылатыны ақиқат.

2111 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз