• Ел мұраты
  • 30 Сәуір, 2022

ЖЕР ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАЙТА ҚАРАЛУЫ ТИІС немесе ауылдың шеті кілең бай, жайылым жер жоқ шаруаға...

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ,
«AQIQAT» журналының 
бөлім редакторы

 

ЖЕР КІМДЕРДІҢ ИЕЛІГІНДЕ?

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі»  атты өткен жылғы Жолдауында: «Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені, мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті, оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған. Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр», – деді. Бұл жағдай былтыр немесе бірнеше жыл бұрын пайда болған жоқ, ширек ғасырдан аса осылай жалғасып келеді. Ел көлемінде мұның нақты мысалдары жетіп артылады.

Мәселен, Парламент Мәжілісінің бұрынғы депутаты, кезінде Президент сайлауына да түскен Ерасыл Әбілқасымов 19 жыл бұрын, 2003 жылы 20 ақпанда ҚР Әділет министріне, 19 наурызда Үкімет басшысы мен Бас прокурорға депутаттық сауал жолдап, еліміздегі ауылшаруашылық мақсаттағы 21,12 миллион гектар жерді 660 ірі шаруашылық иемденіп отырғанын, олардың артында кімдер тұрғаны белгісіз екенін айтады.  Сөйтіп:

1.Алматы қаласында орналасқан «Протон-Инвест»  және  «Арман-N» ЖШС-лері Петропавл қаласында «Golden Grain» агроөндірістік корпорациясы» ЖШС-ін құрып, Солтүстік Қазақстан облысында 144 мың гектар ауылшаруашылық мақсатындағы жерді;

2.Еліміздің әр өңірінен үш жеке тұлға бірлесіп құрған «Жулдыз- N» ЖШС дәл осылай «Golden Grain Group» ЖАҚ ЖШС-ін құрып (бұл екі ЖШС-нің де заңды мекен-жайы бірдей – Петропавл қаласы, Театральная көшесі, 47 екеніне назар аудару қажеттігін өтініп), Солтүстік Қазақстан облысында 135 мың;

3.Дәл осылай «Petroleum Комплект» (Алматы қ-сы) және «Акмола-Би М» (Астана қ-сы) ЖШС-лері «Новомарковка-Агро» ЖШС-ін құрып, олардың қызметі коммерциялық-делдалдық болса да Ақмола облысының Ерейментау ауданында 50 мың;

4.И.А.Сауэр Астана қаласында «Агроцентр-Астана» ЖШС-ін құрып, ол «Бектау» ЖШС-іне құрылтайшы болып, Ақмола облысының Шортанды ауданында 45,2 мың, сондай-ақ «Ялтинский-2» ЖШС-ін құрып, Солтүстік Қазақстан облысының Целинный ауданында 30,3 мың;

5.Т.Е.Жолдыбаев «Таушық» ауыл шаруашылығы» ЖШС-ін құрып, Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында 463,4 мың;

6. Астана қаласында тұратын Е.К.Искаков «Агрофирма Аймақ» ЖШС-ін құрып, Ақмола облысының Егіндікөл ауданында 57,5 мың;

7.Қостанайлық А.В.Емельянов «Гранд»ЖШС-ін құрып, оның қызметі тек коммерциялық деп көрсетілсе де Қостанай облысының Феодоров ауданында 35 мың;

8.Алматы қаласынан С.А.Ахметов азамат Г.Т.Фастпен бірігіп «Золотой колос» ЖШС-ін құрып, Ақмола облысының Щучье ауданында 210 мың;

9.Алматы қаласынан С.А.Терещенко  Г.Д.Кулагинамен (Қостанай облысы әкімінің жұбайы) бірігіп, «Целина-Агро» және «Целина-Агро-2» деген екі ЖШС құрып, Ақмола облысының Егіндікөл және Еңбекшілдер ауданында жалпы көлемі 50,4 мың жерді пайдаланып отырғанын көрсетеді.

Бұл ЖШС-лердің жарғылық қоры әртүрлі болып келетіндігін, олар жергілікті шаруалардың пайларын иемденіп алғанын, облыс әкімінің жұбайы күйеуі басқаратын аймақта екі ЖШС-ге құрылтайшы болып отырғанының заңдылығын, бұл сұрақ еліміздің оңтүстік өңірлерінде де көп жерді иемденіп отыр деп саналатын С.А.Терещенко мырзаға да қатысты екенін ескертіп, шетелдік атаулармен құрылған ЖШС, ЖАҚ-тардың артында кімдер тұр, жерлер мақсатқа сай пайдаланылып, салық төленіп жатыр ма, ақырғы есепте бұған іс жүзінде аядай жерсіз қалған қарапайым халық қалай қарайды, неге бұрынғы кеңшар мен ұжымшарларға сырттағы қалталылар үкімін жүргізеді, деген сұрақтарға жауап берулерін өтінеді.

2016 жылы жер мәселесіне байланысты өткен жиындардың бірінде сол кездегі Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин жеке меншігінде 80 мың гектар жері бар екенін өз аузымен айтты. Кейбіреулер тіпті Қазақстанда Мәскеу қаласының бұрынғы мэрі Юрий Лужковтың жұбайы Елена Батуринаның атына рәсімделген 2000 гектар жер бар екенін айтады.

Бұл деректерден көп нәрсені аңғаруға, әсіресе, ауылдағы қарапайым халықтың жерсіз қалып, бай-манаптарға, соның ішінде өз аулынан емес, өзге өңірлерден, тіпті көзге көрінбейтін өзге елдерден шыққан алпауыттарға тәуелді болып қалғанын байқау қиын емес. Ал ол жерлер тиімді пайдаланылып жатыр ма, тиісті салық төленіп жатыр ма – бұл да өте маңызды. Ең ауыры – жерді тек алпауыттар иемденіп, ауылдағы қарапайым халықтың көпшілігі агрокәсіпкерлікпен айналысудан мақрұм қалғаны дер едім. Мүмкін, ауылда кәсіпкерлік дамымай, ауыл шаруашылығы әбден тұралап қалуының басты себебі де осында шығар. 

Бүгінгі жағдай осы, оны Президент те айтып отыр. Егер, келешекте де Сауэр, Жолдыбаев, Искаков, Емельянов, Ахметов, Фаст, Терещенко, Кулагин сияқты бірнеше жүз адам әрқайсысы бірнеше ондаған мың егістік жерді, 100-500 мың гектарлап жайылым жерді жеке меншігіне сатып ала берсе және олар бір-бірімен тұтасып жатса, одан миллиардтаған теңге пайда тауып, қазынаға болмашы ғана салық төлейтін, тіпті төлемейтін болса – жағдай қандай болмақ?! Елдің бірлігіне, Жердің бүтіндігіне, Ұлттық қауіпсіздігімізге сызат түспей ме?!

АТА ЗАҢ ЖЕР ЖӨНІНДЕ НЕ ДЕЙДІ?

Қазір отандық қай телеарнаны, мерзімді басылымдар мен әлеуметтік желіні қарасаңыз да төрт түлігін қалай түлетіп, қалай күнелтуді білмей отырған ауыл тұрғындарының жанайқайын естисіз. Жұмыстың жоқтығы тағы бар. Негізінде ауыл – қазақтың алтын бесігі, еліміздің асыраушысы емес пе?! 

Мемлекет басшысы өткен жылы ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және олардың қатысы бар компанияларға сатуға және жалға беруге біржола тыйым салған заңға қол қойды. Ал биыл 8 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында  жердің белгілі бір тұлғалардың меншігіне өтіп кетуіне жол бермеу мәселесіне орай: «Ауыл шаруашылығы министрлігі бір тұлғаға 98 мың гектарға дейін ауыл шаруашылығы жерлерін иемденуге рұқсат беретін қаулы жобасын әзірледі. Бұл өлшеусіз жер иелену құқығын заңдастыру әрекеті сияқты көрінеді», – деп тұжырымдаған  Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жер учаскелерінің шекті көлемін анықтау үшін сарапшылар мен ғылыми институттардың қатысуымен жұмыс тобын құруы тапсырды. 

Мұның бәрі жақсы, әрине, бірақ жер тек шетелдіктер емес, өз отандастарымызға да сатылмаса – тіпті дұрыс болар еді! Өйткені қазақ тарихында әлімсақтан бері жер жеке бір байдың емес, бүкіл рудың немесе тайпаның меншігінде болды десек, аса қателесе қоймаспыз. Осылай Жер – жеке адамның емес, олардың үлкен бір қауымының, сол қауымда қанша адам болса, солардың барлығының ортақ меншігі болып келді. Бізде жерді сатуға мүмкіндік беретін заң «Батыс елдерінің Қазақстанды нарықтық экономикалы ел деп тануының, шетелден инвестиция тартудың басты шарты» деген сылтаумен күштеп қабылданғанын бүкіл ел біледі. Ал көпшілік Батыс елдері, соның ішінде «ең демократиялы ел» деп саналатын АҚШ-та бұл заң не үшін қабылданғанының төркініне тереңдей бермейді. Менің ойымша, Еуропадан ағылған отарлаушылар қай елді жаулап алса да, олардың жерін өз меншігі ретінде рәсімдеп, тартып алу үшін осындай заңдар қабылдаған. Ал біз ата-бабаларымыз ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен қорғап, бүгінгі және болашақ ұрпаққа аманаттаған байырғы қазақ жерінде отырған жоқпыз ба?!  

Қазақстан Республикасы Ата Заңының 6 бап, 3 тармағында  «Жер және оның қойнауы, су көздерi, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесi, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншiгiнде болады. Жер, сондай-ақ заңда белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жеке меншiкте де болуы мүмкiн» деп тайға таңба басқандай жазылған. Бұдан Жердің мемлекет меншігінде болатынын және ол шекті деңгейде ғана жеке меншікке берілуі мүмкін екенін ұғамыз. Ал «мүмкін» деген тұжырым жерді сатуға міндеттемейді. Жер сатылған жағдайда да шекті мөлшерде ғана және тек зауыт, фабрика, өңдеу кәсіпорындарын, қызмет көрсету, әлеуметтік нысандар саламын дейтін Қазақстан Республикасының азаматтарына ғана шекті  мөлшерде сатуға болады деп ойлаймын. Ал, жайылым, шабындық жерлерді, су қоймалары орналасқан аумақтарды, қазба байлық кеніштерін сатуға мүлде тыйым салу керек! Инвестиция саламын деушілер болса, онда да тек Қазақстан Республикасының азаматтарына, жерді емес, тек белгілі бір мерзімге оның белгілі бір шекті көлемін пайдалану құқығын ғана сатуға болады деп есептеймін. Ең бастысы, жерді жеке меншікке сату Ел бірлігіне, Жер бүтіндігіне, қастерлі құндылығымыз саналатын Тәуелсіздігімізге титтей де зиянын тигізбеуі керек!

Сондай-ақ жерді сатып алған жеке адамдар немесе жалға алған ұжымдар  Ата Заңның 6 бап, 2 тармағында айтылған: «Меншiк мiндет жүктейдi, оны пайдалану сонымен қатар қоғам игiлiгіне де қызмет етуге тиiс» деген конституциялық талап негізінде белгілі мөлшердегі адамды жұмыспен, сол  арқылы табыспен қамтамасыз етуі тиіс. Ал бізде жердің үлкен көлемде жеке меншікке және жалға берілуі, керісінше ел бірлігін кемітіп, бай мен кедейдің арасындағы алшақтықты ұлғайған үстіне ұлғайтып, қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік пен наразылықты туғызып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін бұл жөнінде ашық айтты.

Жалпы, біздегі қай деңгейдегі басшы, қоғам немесе мемлекет қайраткері, зиялы қауым өкілі болсын, бірлік жайында көп айтады. Бірақ, жеке меншікке негізделген нарықтық экономика азаматтарымыздың санасын материалдық байлыққа бағындырып, жердің жеке және заңды тұлғаларға жүз мың гектарлап меншікке берілуі сол бірлікті нығайтуға кері әсер етіп отырғаны жайында жарытып ештеңе айтпайды.

ЖЕР ОРТАҚ – ОТАН ОРТАҚ!

Бірде 20-лар шамасындағы жас жігіттен: «Әскерде болдың ба?» – деп сұрадым. Ол жұлып алғандай: «Жоқ, мен не үшін әскерде болуым керек? Барғанда нені қорғаймын?!» – деп жауап берді. «Еліңді, жеріңді қорғамайсың ба?» – деген сұрағыма: «Елім болғанымен, менің жерім жоқ. Ана бөліп алғандар қорғай берсін!» – деді ойланбастан. Мен аң-таң қалдым, әп-сәтте  «жастардың бәрі осындай пікірде болса, бұл – мемлекет қауіпсіздігі үшін қандай қауіпті?!» деген қорқынышты ой санамды билеп алды. Сонда отаншыл, мемлекетшіл жастарды қалай тәрбиелейміз, ынтымақ-бірлігі жарасқан, ырыс-несібесі артқан қоғамды қалай қалыптастырамыз, Ұлан-ғайыр жерге иелік ететін халықтың санын қалай көбейтеміз, Мемлекет басшысы күн тәртібіне шығарған Жаңа Қазақстанды қалай құрамыз?!

Қазір көптеген сарапшылар,  Өзбекстандағы халықтың 35 миллионға жуықтағанын айтады. Оның басты себебі, өзбек ағайындар әлі үйленбеген ұлдарына жеке үй салып, дайындап қояды. Бізде бойдақ басыңмен үйлі болу былай тұрсын, 5-6 балалы болғанша жер алып, үй салуың немесе пәтерге қол жеткізуің екіталай...

Сондықтан, әрбір Қазақстан азаматына жеке үй салу үшін 0,01 гектар (10 сотық) жер телімі бір рет тегін және жедел берілетіндігі заңмен бекітілуі тиіс. Ал егер ауылда тұратын ағайынға қосалқы шаруашылық жүргізу үшін тағы 0,15 гектар және ол жаңағы жеке үй салатын жерімен бірге берілетін болса, бұл – ауыл азаматтарының жыл бойы тұтынатын азық-түлігін, ет-майын, өздері өндіріп, бағаның тұрақтануына, әлеуметтік жағдайдың жақсаруына, ауылдың азып-тозбауына да оң ықпал етер еді. Ол үшін елді мекендердің даму келешегі алдын-ала жоспарланып, жер телімдері айқындалып, жол, жарық, су жеткізу сияқты инфрақұрылымдар  күні бұрын дайын болуы тиіс. Ал бізде жер сұрап барған ағайынға көбіне-көп әкімдер: «Жер жоқ, егер бос жатқан жер болса – айтыңызшы, мен сізге қазір-ақ рәсімдеп берейін» деген сияқты, өздерін  мазақ ететін жауап береді. Ұлан-ғайыр жерге ие Қазақстандағы бірде-бір қазақ бұл сөзге сенбейді, ал «жер жоқ» деп отырған әкім, осы сөзімен күлкіге қалып, халыққа қызмет ете алмай отырғанын түсінбейді. Жер алу үшін азаматтардың жарты ғұмыры, оны рәсімдеу үшін қалған жартысы кетеді. Онда да тамыр-таныс, пара беру арқылы әрең шешеді.

Ақиқатында бүкіл қазақ халқына ортақ ұлттық байлық саналатын, әлемде тоғызыншы орында тұратын ұлан-ғайыр жерге, оның қойнауы толы кенге, өте бай мәдениет пен салт-дәстүрге ие бола тұра,  біздің жастарымыз түгіл, жасамыстарымыздың өзі сол байлықтан тиісті үлесін ала алмай, қаншама жылдардан бері не үй тұрғызатын, не егін салатын, не мал жаятын жерге қол жеткізе алмай жүрген жоқ па?!. Біреудің алып шаһарда жүз пәтері бар, ал біреудің жертөлесі де жоқ, онсыз да мардымсыз табысына пәтер жалдап, несие үстіне несие алып, өлместің күнін кешіп жүр... Абай атамыздың әніне салып айтар болсақ, ауылдың шеті кілең бай, жайылым жер жоқ шаруаға! Сонда Қазақтың көсегесі қашан көгереді?!.

Ұлтты  ұйыстыратын, елді біріктіретін құндылықтар – ортақ тіл, ортақ діл, ортақ дін десек, жердің ортақтылығының маңызы да бұлардан асып кетпесе кем түспейді. Өйткені, жері жоқ ұлттың елі, мемлекеті болуы да мүмкін емес! Бұл мәселеде аты аңызға айналған Алаша ханның шөбересі Оғыз ханның: «Жер – жалғыз біздің мүлкіміз емес, мазарларда жатқан аталарымыздың да, қиямет-қайымға дейін туылатын әулеттеріміздің де бұл мүбәрәк топырақ үстінде хақылары бар» деген өсиетін ешқашан естен шығармауымыз керек!

«Қаңтар қасіреті» көп нәрсеге көзімізді жеткізді. Мүмкін, о баста жердің сатылатындығы жөнінде заң қабылданғанда, баяғы кеңес кезіндегі сияқты  «бөліп ал да билей бер» деген ұстаныммен бұл мәселені күн тәртібіне шығарған да жоғарыда аттары аталған алпауыттар мен түбінде «елімізді сатып кетуді» ойлаған опасыздар шығар, кім білсін! Ал олардың арасында қандастарға қарағанда қаны басқалар, халықтың қамын ойлайтындардан гөрі қара басының қамын күйттейтіндер көп екені бүгін күмән туғызбайды. Солай екен, Жер туралы заң қайта қаралуы тиіс! Ондағы жердің сатылатындығы туралы баптарға өзгерістер енгізілгені жөн.

«Жер – адамның бесігі, Ел – бақыттың есігі» дейді дана халқымыз. Бесігімізді бөлшектеп, бақытымыздың есігін өз қолымызбен жауып алмайық, ағайын!

ТОҚСАН СӨЗДІҢ ТҮЙІНІ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурыз күнгі  Жолдауында қоғам Жаңа Қазақстанды құруға кіріскенін жариялады және халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру – Мемлекет басшысы ретіндегі басты міндеті екенін айтты. Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін еместігін де ескертті. «Біз кез келген мәселені ашық айтып, оны шешудің оңтайлы жолдарын бірге іздеуіміз қажет. Экономикадағы, саясаттағы жасанды монополияларды түбірімен жоюға тиіспіз. Оның орнына ашық әрі әділ бәсеке орнату өте маңызды. Себебі нағыз бәсеке болғанда ғана халықтың әл-ауқаты артып, жағдайы жақсарады», – деп нақтылады Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Демек, ұлттық экономикадағы, әсіресе, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін агроөнеркәсіп саласындағы, еліміздің басты байлығы саналатын Жер және оны тиімді пайдалану тұрғысындағы ұстанымдарымыз бен іс-әрекеттеріміз де жаңаруы, өзгеруі керек. Ол үшін бірінші кезекте Жер туралы заң қайта қаралуы тиіс! Жеке иеліктегі көп көлемдегі шектен тыс егістік және жайылым жерлер мемлекет меншігіне қайтарылғаны жөн! 

2272 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз