• Ел мұраты
  • 30 Сәуір, 2022

ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН – ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІ

Абат Қыдыршаев,
 Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің «Рухани жаңғыру» институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
 

Іргесі сөгілмес бірліктің, ырысы төгілмес тірліктің думаны Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мейрамы қарсаңындағы биылғы Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауының арқалайтын жүгінің бір жылмен шектелмейтіні, ауқымының кеңдігі, мазмұнының бөлектігі жағынан мән-маңызы  айрықша. Түсіне білсек, ең бастысы, алға биік мақсаттар қойылды. Ел Президенті айтқандай, ендігі кезекте бүгінгі ұшқаны білінбейтін ұшқыр заманның мезетінде береке-бірлігімізді сақтамасақ, әр іске ақыл сыншы екенін ескеріп, ақылға сабырды серік етпесек, қол жеткен  жетістіктеріміздің бәрінен айырылып қалуымыз әбден мүмкін. Қаңтардағы қасіретті дүрбелең кезінде бұған көзіміз анық жеткендей. Бұл шым-шытырық оқиғалар күллі қоғамды дүр сілкіндіргені даусыз. Қазақ халқы бұрын-соңды болмаған алмағайып қауіп-қатермен бетпе-бет келді.

Мемлекетіміздің тұтастығына, ел егемендігіне орасан зор қауіп төнді. Елдігімізді ойсырата жаздаған осы күндерде жұртымыз Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінгендей. Татулық пен тұрақтылықтың, тыныштық пен бейбіт өмірдің  қаншалықты маңызды екенін жете түсінгендей. «Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ». Адам – керуен, өмір – жол. Халқымыз қаншама отбасыға қайғы әкелген, қаншама бауырымызды қан жылатқан осы оқиғадан сабақ ала білсе керек-ті. Елдің тыныштығын бұзып, қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін қанды қасіретті әрекетке ешқашан жол бермеудің қамын қылса керек-ті. Ұға білсек, елдің өркениетті негізде гүлдене дамуына, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына аса қажетті тиімді реформаларды жүзеге асыру – Мемлекет басшысының басты міндеті де. Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін бола қояр ма екен. Еңбегің еш, тұзың сор болып жатпай ма. Төккен терің далаға кетпей ме. Демек, ақылға салсақ, саяси трансформация бүкіл салада тамыр-таныстық пен монополияны түбірімен жойып, адал әрі әділ «ойын ережесін» қалыптастыруды көздері анық. Әйтсе де, осы ниет пен жұмыс қарқыны жұрттың бәріне бірдей ұнай қоймайтыны да анық. Әсіресе, бүгінгі геосаяси ахуал ширыға шиеленісіп тұрған кезде елді «горбачевтік қайта құрудағы» сияқты берекесіздік жайлап, көше демократиясы белең алып кете ме деп қауіп ойлау да орынды. Десек те, елімізге түбегейлі тиімді реформалар қажет-ақ. Әйтпесе, алға басқан қадамымыз кері кетіп, басымыз тасқа тиіп, тоқырауға тап боламыз. Ал, оның салдары мемлекетті қалай күйзелте күйрететінін тарих қойнауына кеткен кеңес тарихынан жақсы білетініміз анық.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында қазіргі қоғамның қажеттілігіне және сұранысына негізделген еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынды. Ұсынылған реформалар – қазіргі қоғамдағы алуан түрлі көзқарастардың жиынтық көрінісі, осыған дейін қолға алынған өзгерістердің заңды жалғасы. Анығы, бұл бастамалар қоғамды дәйекті түрде демократияландыруға септігін тигізері, мемлекеттің орнықты әрі басқаруға икемді болуын қамтамасыз етері даусыз. Бұл ел ішіндегі іргелі қоғамдық өзгерістер мен шиеленісе түскен геосаяси тартыс кезінде айрықша маңызды да. Себебі қазіргі халықаралық ахуал қырғи-қабақ соғыстың жантүршігерлік ең қиын да құбылмалы тұсында тұр. Шегіне жете буырқанған, мемлекеттер қатаң санкциялармен тірескен, жер жүзіне қандай кесірі тиетіні беймәлім қазіргі жағдай – адамзат баласы бұрын-соңды көріп-білмеген теңдессіз текетіресті қиындық. Тап осы ретте айқын көздеген анық межелі мақсаттан ауытқымаудың, еліміздің жұдырықтай тұтастығын, жалпыұлттық бірлігі мен ынтымақтастығын сақтаудың өмірлік маңызы бары даусыз. Осы мақсат үдесінде Мемлекет басшысы: «Реформа жасап жатырмыз деген атақ үшін ғана реформа жасаудың ешкімге қажеті жоқ. Біз бұл өзгерістерді жұртқа жақсы көріну үшін жасамаймыз. Құлаққа жағымды, бірақ орындалуы екіталай, күмәнді көрсеткіштерге алданбаймыз. Қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті. Халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек», – деп тұжырады. Айтары жоқ, ел экономикасындағы, саясатындағы жасанды монополияларды түбірімен жоюға тиіспіз. Бізге ашық әрі әділ бәсеке қажет. Себебі қоғамда нағыз бәсеке орнағанда ғана халықтың әл-ауқаты артып, жағдайы жақсарары сөзсіз. Сондай-ақ, бүкіл құзырет бір қолда болуына негізделген басқару жүйесі қазір өзінің тиімділігін жоғалтқаны қашан. Бұл жүйе бүгінде өзіндік көзқарасы мен ұстанымы әрқилы азаматтық қоғамды ұйыстыра алмайтыны мәлім. Жолдауда ел басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға біржола көшу туралы айтылуы әбден орынды. Мұндай жүйе билік институттарының тепе-теңдігі оңтайлы болуын қамтамасыз етіп, елімізді орнықты дамытуға септігін тигізбек.  Егер де жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдырамыз десек, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа алуға тиіспіз. Президент өз Жолдауында осы стратегиялық мақсатымызға жетуге нақтылы алғышарт болатын, мол мүмкіндік беретін бірқатар бастамаларды орынды ұсына алды деп білеміз.
Қоғам да, еліміз де өзгеруде. Бұл – аксиома. Демек, саяси жүйеміз жаңа жағдайларға бейімделуге тиіс. Бұл орайда партиялардың мемлекеттік аппаратқа кірігуіне мүлдем жол бермеген жөн.  Саясаттағы монополия түрлі әлеуметтік кеселді туындататыны және мемлекетті дағдарысқа ұшырататыны анық. Саяси үстемдікке барынша шектеу қою қажет. Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынды. Бұл іспетті норма саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасары анық. Осы норма негізінде еліміздің болашақтағы көшбасшыларын негізгі саяси институттарды өзіне бағындырып алуға құмарлықтан сақтаймыз. Демек, Президентті тым көп өкілеттігінен айыру еліміздегі саяси жаңғыру үдерісінің тек ілгері басуын қамтамасыз етпек. Нәтижеде ұсынылған бастамалар «ойын ережесін» түбегейлі өзгертіп, қоғамды одан әрі демократияландыру үшін берік негіз қалыптастырмақ. Осы ретте Мемлекет басшысы: «Біз Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің рөлін айтарлықтай арттыруымыз керек. Сол арқылы мемлекетіміздің институционалдық тұғырын нығайтамыз», – дейді. Ал Президенттің Сенаттағы квотасын бақылаудың құралы емес, Парламентте өкілдері аз әлеуметтік топтардың үні мен ой-пікірін ескеру тетігі ретінде қарастыруды, Парламенттің төменгі палатасында еліміздегі түрлі саяси көзқарастар көрініс табуын айтуы, қысқасы, ешкімге жасанды артықшылық берілмеуі тиістілігін ұсынуы қол соға қолдарлық бастама. Бұл ретте мемлекет басшысының аймақ басшыларын мәслихаттардың келісімінсіз орнынан босату құқығы сақталады. Біздіңше, өкілді билік тармағын өзгерту жөніндегі бұл жаңашылдықтардың бәрі күшті парламенттік мәдениет пен ықпалды халық қалаулылары бар Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған.
Айналып келгенде, саяси жаңғырудың басты мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін еселей арттыру. Ел еңсесін еселей көтерер бұл іргелі істі сайлау үдерісі арқылы да жүзеге асыруға болары белгілі. Осы елдік мақсатқа орай Президенттің: «Партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да  сайлана алмайтын болды. Мұны ашық мойындауымыз керек. Соның салдарынан халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендеді. Сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейді. Олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтін болды. Ашығын айтсақ, қазір  жұрт депутаттарды аса тани бермейді. Осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, мен аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынамын. Сол кезде  барлық азаматтардың құқығы толық ескеріледі», – деуі аса иланымды әрі қолдарлық тұжырым. Президент Жолдауына сүйенсек, енді пропорционалды-мажоритарлы үлгіде  сайлаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс табады. Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болады. Президент аудандар мен қалалардағы сайлауды толығымен мажоритарлық жүйеге көшіруді ұсынды. Бұл жүйе жергілікті жерде бәсекелі саяси орта қалыптастырмақ, яғни, ел алдында зор абырой-беделге ие жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашпақ. Демек, императивті мандатқа көшу депутаттардың сайлаушылармен өзара байланысын нығайта түспек. Бір сөзбен айтқанда, енді сайлау алдында берген уәдесін орындамаған депутатты кері қайтаруға болады. Бұл – халық қалаулыларына ықпал етудің тиімді тура жолы да. Олай болса, осы іспетті ұстаным демократия дәстүрлерін едәуір нығайтпақ, өзара жауапкершілік пен сенімге негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырмақ. Қысқасы, жаңа Қазақстанды құру ісі адал әрі еркін саяси бәсеке болуын қамтамасыз етуден бастау алады десек, осыған сәйкес біз партияларды институционалдық және ұйымдастырушылық жағынан дамытуға мейлінше қолайлы жағдай жасағанымыз жөн. Асылы, демократия тарихы – ең алдымен, сайлау рәсімдерін жетілдіру тарихы. Егер де халықаралық тәжірибеде сайлауды ұйымдастыру жүйесі ұдайы өзгеріп отыратынын ескерсек, әділ де ашық сайлау өткізу үшін  тиімді шешім іздеудің мән-маңызы ерекше болмақ. Ендеше, өз кезеңінде әлемдегі үздік тәжірибелерді зерттеп, қажет болса, оны біртіндеп енгізген жөн-ау.
Президент Жолдау барысында елімізде Конституциялық сот құруды ұсынды. Бұл ретте Мемлекет басшысының: «Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін берген жөн. Бұл бастамалар әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болады. Сондай-ақ, институционалдық тұрғыдан тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді. Оған қоса азаматтарымыздың конституциялық құқығының қорғалуын жақсарта түседі», – деуі де құптарлық қадам.
Жолдауда көтерілген басты мәселенің бірі – бұқаралық ақпарат құралдарының  бәсекеге қабілеттілігі мен еркін болуы жайы. Бұл қағидат та қазір кез-келген өркениетті ел үшін  айрықша маңызды. Отандық ақпарат құралдарының Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үдерістер хақында өзіндік көзқарасының болуы аса маңызды. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, тіпті, идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты да. Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін де емес. Сол себептен де Президент Жолдауында мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере келе, БАҚ туралы Заңды қайта қарау қажеттілігі орынды қозғалды деп білеміз.
 «Кеңесіп пішкен тон келте болмас». Ел бірлігі – ел теңдігі. Бірлікте болсаң, билікте боласың. Халық – қапысыз сыншы. Көп талқысы – аққан сел. Бабаларымыз  ел тағдырын айқындайтын тарихи шешімдерді күллі халық болып ақылдасып, бірлесе қабылдағаны мәлім. Ұлытауда, Ордабасы мен Күлтөбеде өткен тарихи басқосулар – соның айқын дәлелі. Келелі кеңесте айтылған кесімді сөзді құп көріп, алты Алаштың баласы тік тұра түгел қолдаған. Ендеше, бірліктің бастауы болған осы дала демократиясының дәстүрін жаңғырту бүгінгі ұрпақ парызы десек, Жолдауда Президент өз міндетін табысты атқарған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынды. Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қызметін  жалпыхалықтық деңгейде жалғастыруды көздейді. Құрылтай қоғамдық диалогтың біртұтас институционалдық моделін қалыптастыруға тиіс. 
Даусыз мәселенің бірі – мемлекетіміздің өркендеуі  аймақтардың қуатты болуына  тікелей байланыстылығы. «Қуатты өңірлер – қуатты ел». Бұл ретте Президент Семей аймағында Абай облысын (орталығы Семей қаласы), бұрынғы Жезқазған облысының аумағында  Ұлытау облысын (Жезқазған қаласы) құруды ұсынып, қазіргі Алматы агломерациясына қатысты түйткілдердің көптігіне сәйкес бұл өңірде  Жетісу (Талдықорған қаласы) және Алматы облыстары (Қапшағай қаласы) құрылатынын айтты. Жаңадан құрылатын облыстардың Абай, Ұлытау, Жетісу аталуында да ерекше мән бары сөзсіз. Бұл ретте ұланғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта беру де басты нысана етілген. Бұл ұсыныстарды аталған өңір халқының зор қуанышпен қабылдағанын білеміз. Тек еліміз бойынша бұл үрдіс жалғасын тапса игі. Мәселен, ілгеріде Торғай облысын ашу (орталығы Арқалық қаласы); Батыс Қазақстан облысында Жалпақтал, Тайпақ аудандарын қайта қалпына келтіру езіле бастаған елдің тұла бойын сілкінтіп, тамырына қан жүгіртер еді.
Ел Президентінің өз Жолдауында: «Билікті орталықсыздандыру үдерісін тереңдете түспесек, саяси жаңғыруды табысты жүргізу және  азаматтық қоғамды дамыту мүмкін емес. Біз нақты өкілеттіктерді орталықтан өңірлерге беру ісін жалғастырамыз. Ең алдымен, мемлекет пен жергілікті өзін-өзі басқару институттарының міндеттерін тиімді ажырату қажет... Саяси жаңғыру аясында мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі буынына айналуға тиіс. Бүгінде олар жергілікті мемлекеттік басқару әрі жергілікті өзін-өзі басқару институты ретінде гибридті сипатқа ие болып отыр. Сондықтан мәслихаттардың өкілеттігін нақты белгілеу қажет», – деуі де орынды. Өйткені, бұл шаралардың барлығы өз айналасындағыларды жұртшылықты толғандырған проблемаларды тиімді шешу ісіне жұмылдыра алатын, нағыз беделді, жауапкершілігі мол жергілікті көшбасшылардың шығуына септігін тигізеріне көзіміз жетеді. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің нығая түсуі өңірлерді қарқынды дамыту, батпандап қалған масылдық көңіл-күйді төмендету және еліміздегі демократиялық өзгерістерді келісті орнықтыру үшін кешенді жаңа мүмкіндіктерге жол ашары даусыз.
Бүгінгі таңда геосаяси ахуалдың шектен шыға өрескел ушығып кетуіне байланысты Қазақ елі де тарихымызда бұрын-соңды болмаған қаржылық-экономикалық қиыншылықтарға тап келуде. Қатаң санкциялық текетірес қазірдің өзінде жекелеген елдерді ғана емес, тұтас жаһандық экономиканы орасан зор елеулі шығынға батыруда. Ахуал өзгеруінің жеделдігіне жел жетпейді-ау, сірә! Қайтерсің! Әлемдік нарықта белгісіздік пен тұрақсыздық өршуде. Өндірістік және сауда жүйелері күйреуде. Президентіміз қаншама қиын-қыспақ болса да байбалам салуға негіз жоқтығын ашық айтып, елді сабырға шақырып, елімізде ауқымды дағдарысты еңсеруге қажетті резервтер мен амал-тәсілдердің бәрі барлығын айта келе, қазіргі тұста шешімді жайбасарлықпен қабылдауға, шенеуніктік формализмге жол берілмеуге тиістігін шегелей айтып: «Қазір ортақ іске толықтай жұмылуымыз қажет. Бизнес өкілдерінің және азаматтардың нақты сұранысы негізінде шешімдер әрі кеткенде үш күн ішінде, тіпті, қажет болса бір тәулікте  қабылдануға тиіс. Ендеше, жаңа Қазақстанның іргетасы саяси және экономикалық реформалардың үйлесімді байланысы негізінде қалануға тиіс. Бұл біздің елімізді дәйекті түрде ілгері дамытуды және азаматтардың тұрмыс деңгейін арттыруды қамтамасыз етеді», – деді. 
Даусыз, Президент бастамалары өте ауқымды. Бұл бастамалар еліміздің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын едәуір өзгертері сөзсіз. Демек, ел еңсесін еселей көтерер іргелі іс жолында  жұртымызға ауызбіршілік те, ақыл мен сабыр да, парасат пен ұстамдылық та ауадай қажет-ақ. Шынында да, отаншылдық рухы жоғары ел  көздеген мақсатына жетпей қоймайды. Басты мұрат – Жаңа Қазақстанды құру. Жаңа Қазақстан – тәуелсіз еліміздің гүлденген ертеңі. Ал, өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра ала ма? Президентіміз: «Мемлекет  әр азаматтың үніне құлақ асады. Адал еңбек, озық білім және үздік тәжірибе  әрдайым жоғары бағаланады. Мен жаңа Қазақстанның  осындай ел болғанын қалаймын. Өзгерісті  әрқайсымыз өзімізден бастауымыз керек. Әрбір адам және бүкіл қоғам  жаңғыруы қажет. Құндылықтарымыз  түбегейлі жаңаруға тиіс. Мұның бәрі – оңай жұмыс емес, біртіндеп қалыптасып, жылдар бойы жалғасатын үдеріс. Бұл жұмыс  бізден жоғары жауапкершілікті, елімізге және бір-бірімізге жанашырлықты талап етеді. Бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қолымызда. Сондықтан баршаңызды жаңа Қазақстанды құруға бір кісідей жұмылуға шақырамын», – дейді. Демек, бүгінгі жер жүзінде геосаясаттың дүлей дауылы соғып тұрған тұста мемлекетіміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын және ұлттық мүддемізді қорғауды көздейтін стратегиялық бағдардан айнымауымыз керек. Осы жолда бүгінгі қайсар қазақтың зиялы қауым өкілінің өзін-өзі жұбатар іргелі істерінің бірі Тәуелсіз Қазақ елінің ертеңі болар жас ұрпақты рухты отансүйгіштікке, көшбасшылыққа баулу ісі болмақ. Біле білсек, ел бастар жастар жай жатпас болар. Жас көңілде қашанда жарық бар емес пе. Демек, бүгінгі зиялы қауым өкілдерінің басты парызы – жастардың таласын көрсе, басу айту, кемдігін көрсе, қосып айту, кекеп-мұқап қыздырмау, ел берекесін бұздырмау, ызаның айт дегенін желіктіріп сыздырмау. Бұл тұстағы көзіміз жеткен анық қағидат – қыздырмашыл қызыл тілдің қызған отқа салары. Ендеше, ендігі міндетіміз – Тәуелсіз ел ұрпағының құлағын тазалау, санасын рухани жаңғырту, көзін ашу, оқу оқыту, ғылым жаю болмақ. 
Қысқасы, жаңа Қазақстанды құру елді дамыту парадигмаларын өзгертуге бағытталғаны аян. Ендеше, біз жаңа Қазақстанда «түрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт» қағидатын берік ұстануға тиіспіз. Диалог пен мәміленің жоғары мәдениеті еліміздегі азаматтық ынтымақты арттыратын басты фактордың біріне айналса игі. Бұл жолда әркез надандық пен ескілікке, радикализм мен масылдыққа, тоғышарлыққа және сыбайлас жемқорлыққа табанды түрде қарсы тұруға тиіспіз. Бұл жолда бір-бірімізді жат көрмей, жақын тарта келе, қоғамдағы нақты өзгерістерге сенімді орнықтырғанымыз жөн. Қазақ елінің әр азаматының күш-жігеріне, дарыны мен еңбекқорлығына сүйене білейік. Әр азаматтың өз қабілетін іске асыруына мейлінше қолайлы жағдай жасайық. Осылайша ғана халқымыздың жасампаздық әлеуетін арттыра аламыз, осылайша ғана өмірдің барлық саласын өзгертіп, реформалар дәуірін өз қолымызбен жасай аламыз. Кез-келген сын-қатерді бірлесе еңсеріп, Қазақстанымыздың қуатын бірге арттырарымызға еш күмән жоқ.
Иә, Қазақстанның Тәуелсіздігі  бәрінен де қымбат. Осы тұрақсыз, құбылмалы, алай-дүлей әлемде  Қазақстанымыздың бізден басқа  ешкімге керек еместігін біле жүрелік. Бүгінде ел азаматтарының амандығы мен жеріміздің тұтастығынан асқан  ешбір құндылық жоқ. Айналып келгенде, бабалар аманатына адал болу, оны ұрпаққа табыстау киелі де қасиетті парызымыз емес пе.
Сөзіміздің басында айтқандай, Қазақ елі Президенті өзінің іргелі ой айтқан Жолдауын күн мен түннің теңелетін, күллі тіршілік әлемі таңғажайып күйге енетін, ұлт мерейін асқақтатып, табиғи болмысымызды айшықтайтын Шығыс еліне тән Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мейрамы қарсаңында жолдап отыр. Ежелден жаңару мен жасампаздықтың бастауына, ырыс пен берекенің арқауына негіз болған ұлт дәстүрінің өрісті өнегесі қарқынды да қажырлы еңбегімізге толымды толағай табыстар әкелсін! Тәуелсіз еліміздің ертеңі болар жас ұрпақты отансүйгіштікке, көшбасшылыққа баулу жолында басымыз төрде, тағылымды ісіміз өрде болғай! Ұлт мерейін үстемелетіп, шынайы адами болмысымызды айшықтайтын Ұлыстың ұлы күні Әз-Наурыз мейрамы – іргесі сөгілмес бірліктің, ырысы төгілмес тірліктің думаны, ақтың молаятын, тіршіліктің жаңаратын, жарықтың ұзаратын, көңілдің кеңейетін, пейілдің түзелетін кезеңі десек, Шығыстық жаңа жылдың бастауы, күллі жақсылықтың жаршысы Наурыз мейрамы туған топырағымызға құт-береке, ырыс-несібе әкелгей! Қастерлі Тәуелсіздігімізді сақтау жолында, ата-баба аманатын ақтау жолында тер төге еңбек етелік! Босағамызға береке берген барыс жылы әрдайым игілікті де ізгі істерге бастау бола бергей! 
Қазақ халқының ата-бабадан кейінгі жаңа ұрпаққа аманат болып келе жатқан уыз батасына сүйене айтар болсақ, уа, Көк тәңірі нұрыңды аяма, Жер тәңірі  ырысыңды аяма! Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев сынды әділ жанды тағынан тайдырма, Әз халықты бағынан айырма! Басымызға бас, жасымызға жас, асымызға ас қосылсын делік!

2179 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз